Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Олардың айтары бар...

21.02.2024 1667

Олардың айтары бар

Олардың айтары бар - adebiportal.kz

Астанада «Шолпы» деген қазақша кітап клубы бар«Шолпы» қазақша кітап клубы – баяғыда шетелде өзі кітап оқуға ықыласты болып, кейін әдебиеттерді поштамен жеткізу бизнесін ашып бизнесменге айналған Гарри Шерманның «Осы айдың кітабы» деп аталатын клубы сияқты жұмыс істейді,  яғни клуб мүшелері бір кітапты алып, асықпай оқып бітіріп, әуелі инстаграмда  пікір білдіріп, ұзамай бас қосып, оқыған дүниелерін талдайды. Қазақ жазушыларының көркем дүниесін танып, әлем әдебиетінің үздік үлгілерін оқыған кітапқұмар, өздері шетінен сұлу қыздардың пікір-көзқарастары да бөлек. Жетекшілері Арайлым Мұстақова мен Сымбат  Зекенғалиеваның айтуынша, клубтың мақсаты – оқитын, дамитын орта қалыптастыру, қазақша кітап оқуды жастар арасында трендке айналдыру. 

«Кітапты жалғыз өзің оқып, өзің қорытқан бір бөлек, ал соны басқа адамдармен талқылай отырып мазмұнын ашу мүлде бөлек. Олардың ойларын, кейіпкерлерге деген көзқарасын тыңдау арқылы ойламаған жаңа көзқарас, жаңа әсер аласың. Бұл ортаның күші. Өзіңе ұнайтын кітаптарды талдай келе, оқырмандардың ойын тыңдап, тіпті оларға ұнамаған, ашылмаған дүниелерді тауып көрсеткенде таң қаласың», – дейді «Шолпының» жетекшісі Арайлым. Рас, кейде адам оқып отырып, өзі үшін жаңа ой табады не осыған дейінгі белгілі бір авторға деген көзқарасын өзгертетіні бар.

Сократтан «Шолпыға» дейін...

Адамзат өркениетінің тарихы кітап клубының бастауын әдетте Сократтан тартады. Уағында Сократ, Ксенофонт, Платон деген ғұламалар Сократтың мектебіне жиналатын болыпты (бұл енді шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 400 жылдар деп есептеледі), ол кезде тақта да, орындық та болмаған кез деседі, адамдар шам жарығында жиналып алып сұхбат құрып, дүние, жаратылыс, саясат, адам табиғаты жөнінде пікір таластырады екен. Өмірін Афин жастарын оқытуға жұмсаған Сократтың сол жиыны бүгінгі тілмен айтқанда шынымен де интеллектуалдық клубқа келеді. Ол өзінің философияға негіз салып жатқанын сол заманда білмеген де болуы мүмкін, бірақ, әуелі қандай да бір мәтінді оқып, содан сұрақ шығарып, ортаға тастап, оны әрқайсысы мәнін ашып кеңейтіп талдап, пікір таластыру арқылы ой-сананы жетілдіріп отырған. Яғни мұнда ең әуелі мәтінді түсіну маңызды. Немесе Пифагорды алайық. Ырымға сенетін, мистикаға жақын пифагоршылардың ілімінің мәні – өзіне-өзі үңіліп, пәлсапалық тұжырым арқылы дүние жаратылыстың сырына бойлауға бағытталған.  Оның философиясының негізі сан болғандықтан, олар кейбір санды қасиетті санады. Математика мен философияның дамуына соншама үлес қоса отырып, Италиядан қашуға мәжбүр болған бұлар да жиі  бас қосып, оқығандарын талдап, тұжырып отырған. Яғни бұл да бүгінгі клубтар секілді мақсаты бар орта болған.

–  «Шолпы» кітап клубын құру идеясы  кімнің бастамасы? – деп сұрадық клуб жетекшісі Арайлымнан.

Арайлым Мұстақова, клуб жетекшісі:

– Қазақ «ана тілі» деп бекер айтпаса керек. Өйткені бала өзінің анасының тілінде сөйлейді. Келешек ұрпағымыздың өз тілін біліп өсуі үшін бүгінгі аналарымыздың өзге тілде шүлдірлемегені маңызды. Декреттік демалысқа енді шыққан кез келген әйел біраз уақыт үйде отырғаннан кейін күйзеліске түсетіні бар. Оны мен декреттің бірінші деңгейі деп санаймын. Бұл деңгейден өзім де өттім. Бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөліп, көп нәрсе үйреніп жүрсең де, іштей өзің бір жерден қозғалмай, уақыт көшінен қалып қойғандай сезім болады. Екінші балам дүние келген соң мен де сондай сезімді басынан өткеріп, тұлға ретінде дамитын, балаға да жақсы тәрбие беруге септігін тигізетін қазақы орта іздей бастадым. Өкінішке қарай, таппадым. Сол кезде декреттегі аналарға осындай орта керектігі жайлы ойлана бастадым. Бір күні осы ойымды Сымбат есімді құрбыма айттым. Ол филолог, қазақ тілі пәнінен сабақ береді. Қазақ тілінің бүгінгі ахуалы – екеуміздің де жанымызға бататын тақырып. Ол өзі тікелей тіл мәселесінің ішінде жүрген ұстаз болғандықтан, қазақы орта қалыптастыру жайлы ойы бар екен. Сөйтіп екеуміздің ойымыз бір жерден шығып, Астана қаласында түрлі дүниетанымды кеңейту, ұлттық сипаты бар ортаны ұзақ іздей келе, сол ортаны өзіміз жасауымыз керек деп шештік. Басында ютубта қазақша сөйлеуді үйрететін  канал ашу немесе подкаст форматында тіл мәселесін қозғау ойда болды. Бірақ ойлана келе кітап клубын ашайық деген шешімге келдік. 

Кітап клубы бүгінде  «Foliant» кітап баспасымен серіктестік орнатқан. Қазір бұл баспа клуб оқырмандарына кітап алуға жеңілдіктер ұсынып, белсенді оқырмандарына кітаптан сыйлық жасап, іскер қыздардың жобасына қолдау білдіріп жүр. Клуб ашылғаннан бері 12 кездесу өткізген, одан бөлек, жақында Foliant баспасымен бірігіп Ұлттық академиялық кітапханада «Періштелер жоқ жерде» атты кітаптың тұсау кесерін ұйымдастырған. Клуб пен баспа бірігіп, өзгеше форматта  тағы да кездесулер өткізу жоспарларында бар. 

Жыл сайын өтетін «KITAP Fest»  кітап фестивалінде «Кітап оқу мәдениетін қалыптастырудағы кітап клубтарының рөлі» деген тақырыпта сөз қозғаған «Шолпы» клубы оқушылар арасында кітап оқуды насихаттау мақсатында «Өмірімді өзгерткен кітап» жобасында Binom мектебінде кездесуге қатысқан, қыркүйек айында «Халықаралық Қазақ тілі қоғамы» жүргізіп жатқан «Көрнекі жобасына» да өз үлесін қосқан. 

Қыздар неге белсенді?

Айта кетейік, «Шолпы» клубының мүшелері негізінен қыздар екен (жігіттердің қайда жүргені белгісіз, әлде оларға кітап, автор, интеллект деген тақырыптар қызық емес пе, әйтеуір, әдеби кештерге барсаң да көбіне қыздар отырады, театрда да көбі қыздар). Қыздардың жеке адам ретінде жетіліп, қалыптасуға деген құштарлығы риза қылмай қоймайды, оның үстіне олар  болашақ ана болғаннан кейін бұның жас ұрпақ тәрбиесіне де оң әсері болары анық. Осы жерде бір мысал еске түседі. Еуропада 1866 жылы «Достар кеңесі» кітап клубы танымал болыпты. Сара Денман атты оқымысты әйел әйелдердің рухани-интеллектуалдық жағынан дамуы үшін он бір әйелді үйіне шақырып, алдымен ұлы шығармаларды оқи  бастаған. Платонның еңбектерін зерделеудің өзіне екі жыл уақыт  арнаған не деген еңбекқор адамдар деңізші! Денманның клубының мақсаты – сол заманда белең алған партиялық рухтан бас тартып, ақиқатқа деген сүйіспеншілікті жоғары қойып, сол жолда сабыр мен төзімге тәрбиелеу болған. Бұл клубтың жұмысы 1930 жылға дейін жалғасқан екен. Кейін келе оның жаңа мүшелері жаңа заманғы әдебиетті, сын, өнер тақырыбын талқылап отырған. Пікір-көзқарастар әр алуан болған жерде ой қозғалысы болады, санада қозғалыс болғанда ол әрекетке бастайды, яғни бұл клуб та белгілі бір деңгейде қоғам дамуына әсер ете алды деген сөз. 

Арайлымның айтуынша, қыздар клубты құру мақсатында «дәстүр», «дүниетаным», «даму» деген тірек сөздерді алған. «Өйткені, – дейді Арайлым, – менің призмам бойынша: біз жас аналарға кітап оқу, ұлттық тәрбиені айта отырып тікелей ұрпақ тәрбиесіне үлес қоса аламыз. Ал Сымбаттың призмасы: қазақша кітап оқуды трендке айналдыру болды. Осылайша біз 2023 жылдың ақпан айында «Шолпы» атты қыз-келіншектерге арналған қазақ тілді кітап клубын құрдық. Неге «Шолпы»? Шолпы  бұйымының тәрбиелік мәнін білетін боларсыздар, оны таққан кезде қыздар арқаны тік ұстап, бойды да, ойды да түзеген екен. Біздің клубымыздың басты мақсаты да – ұлттық құндылықтарды насихаттай отырып дамитын, оқитын орта құру. Ойды түзеу, біздің менталитетке сай рухани даму».

Қаражатты өздері табады

Осындай игілікті іске қаражатты қыздар өздері табады. Өйткені бізде интеллектуалдық бағыттағы шаруаларға қаражат табу қиынның қиыны. Ол үшін іскер қыздар «Шолпы» қазақша кітап клубының аясында  «Sholpy_store» атты онлайн-дүкен ашқан.  Дүкен ашудағы тағы бір мақсаттары – ұлттық әшекей бұйымдарды таныту, қадір-қасиетін түсіндіру.  Бұған қатысты Арайлымның өзі: «Басты назарда шолпы мен шашбаудың заманауи стилизациясын көрсетіп, осы қазақылыққа деген махаббатты оятуды ұстадық. Барлық жасқа арналған ұлттық әшекейлерді, олардың тарихымен таныстыра отырып саудасын жүргіземіз. Бұл қаражат кездесулер өткізуге, инстаграм парақшамызда клубымызды жарнамалауға,  «Шолпы» клубының керегіне қажет», – дейді. 

Атақты Бенджамин Франклин негізін салған «Джунто» деген клубтың мүшелері  тек оқымыстылар болмаған, олардың арасында саудагерлер, қолөнершілер де болған. Олар қырық жыл бойына әр жұма сайын жиналып, оқыған дүниелерін ортаға салып отырған. Тек оқу-біліммен ғана адамзатты көгертуге болатынын ерте ұққан Франклин өз заманында Пенсильванияда кітапхана ашу, ауруханаларда оқу залын ұйымдастыру бастамасын көтергені туралы деректер бар. Клуб мүшелері бас қосқан кезде  тек оқығандарын емес, жақында қандай жаңа оқиға естігендерін, оның адамдардың өміріне әсер-ықпалы қандай болғанын әңгімелеуі тиіс болған екен. Сол арқылы мәселені байқап, оны іс жүзінде шешіп отыруға да мүдделі болған. 

Болашақта біздегі «Шолпы» сияқты кітап клубтарының мүшелері арасында бизнесмендер, кәсіпкерлер, ғалымдар да болса, қоғам дамуы басқаша сипат алар ма еді деген үмітіміз бар. Өйткені, ойлана алатын адамдар бас қосса, жақсы кітапты оқып, талдап қана қоймай, соның аясынан ұзап шығып, міндетті түрде өмірге қатысты өзекті мәселелер талқыланар еді, және оны шешу жолдарын іздестірген кезде адам игілігі, адам өмірін жақсарту, қоршаған орта, осы өзіміз өмір сүріп отырған қаланы жақсарту дегенге де ден қояр едік. Меценаттар қоғамды оқытуға қаржы салатын болса, одан жаман болмас едік, өйткені, сондай біршама озық ойлайтын бай адамдар әр заманда болған ғой. Мысалы,  1920 жылдары «Шекспир мен оның командасы» атты кітап дүкенінің иесі Сильвия Бич Джойстың романын басып шығарып берген және өзінің дүкенінен кітап клубын ашып, оқырмандар жинап отырған (бірақ, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде дүкеннен ештеңе қалмаған екен).

Меценаттар интеллектуалдық бағытқа ақша салса

Арайлымның өзі әрі оқырман, әрі клуб жетекшісі ретінде жастар жағының кітап оқуға ықыласты болып келе жатқанын байқайды. «Қазіргі таңда еліміздегі көптеген өзгерістердің, кітаппен байланысты жобалардың, мектептерде кітап оқуды насихаттаудың, кітапханалардың жаңа кітаптармен толықтырылуының арқасында еліміз ақырындап кітап оқитын елге айналып келе жатыр. Жастардың, оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылықтары артуда.  Бұл тарапта, біз жастарды қазақша кітап оқуға тарта отырып, қазақ тілі мәртебесінің көтерілуіне титтей болсын үлесімізді қоспақпыз» дей келіп, келешекте жалпы қоғам болып біртіндеп көркем дүние оқуға бұрыла береді дегенге сенетінін жасырмайды. Өйткені, оның айтуынша, клуб алғаш ашылған кезде орталарында мүлде кітап оқымаған, көркем әдебиетке қызықпаған жастар көп болған. Уақыт өте келе солар кітап оқуды қолға алып, белсенді мүшеге айналыпты. Арайлымның: «Тіпті қазақша кітап оқып көрмеген оқырманымыз бізбен бірге қазақ әдебиетіне қадам басып, қызығушылығы оянып, кітап оқу әдетін қалыптастырды. Оларға орта көмектескені анық. Сондықтан әдебиеттегі мықты туындылар, өзекті тақырыптар, қызықтырар көркем дүние барда оқитын оқырман да көбейе береді» дегені шынымен де көңілге үміт ұялатады екен.

Егер кітап клубының жұмысы өріс алса, бұдан тек пайда келеді. Біріншіден, жаңа ойлар айтылып, жаңа идеялар пайда болады. Атақты жазушы Эдгар По мен Чарльз Диккенс Америкада болғанда кездесіп, сүйікті авторларын талқылап, «Авторлық құқыққа» байланысты халықаралық заңға қатысты идеяларын ұсынған.  Екіншіден, кітап нарығына әсері болады. Кезінде Гарри Шерман атты пошта бизнесмені «Осы айдың кітабы» деп аталатын клуб құрған. Ол кезде жас жігіт жай ғана оқығанды жақсы көретін адам болған. Өзі де жазып жүргенімен, баспалардан қолдау көрмеген, бірақ осы жерде оның копирайтерлік қабілеті пайдаға асқан. «30 ұлы кітаптың» жазылушыларын тарту үшін жаңа идея ойлап тапқан жігіт серіктестерімен бірге бес жылда 30 млн кітап сатқан екен. Сөйтіп, 1927 жылы Book of the Month Club бар-жоғы алпыс мың жазылушысы арқылы Хемингуэйдің «Қош бол, қару», Маргарет Митчеллдің «Жел өтіндегі тағдырлар», одан бөлек Стейнбектің, Харпер Лидің шығармаларын насихаттаған. Бүгінде бұл клубтың тұрақты мүшелері миллион адамнан тұрады екен. Бүгінгі көзі ашық жұртшылық Опра Уинфридің телевизиялық кітап клубы жайында біледі. Бұл 1996 жылы құрылған кітап клубы. Осыған дейін танымалдығы көтерілмеген кітаптарды Опра әлемге танытып отырды. Арасында классикалық шығармаларды да қайта таныстыруды ұмытпайды. 2004 жылы Анна Каренинаның 800 мың дана көшірмесі қайта басылып тараған.

Оқырман көбейсе, ойымыз көбейеді

Клуб мүшелерінің тақырыпқа, жанрға қызығушылығы қандай деген сұрақ көпшілігіміз үшін қызық. Себебі, бүгінгі жастардың не оқығысы келетінін бәріміз білгіміз келеді.

– Клубымыздың жұмысын бастарда көп кітап клубтарын қарап, зерттеп шықтық. Клубтарда көбіне танымал, кез келген кітап оқыла береді. Ал бізде құру барысында өзімізге бірнеше критерий жасадық: Кітап міндетті түрде қазақша болу керек, қазақ авторы. Ол кітап мазмұнында міндетті түрде қазақы тәрбие, ұлттық дәстүр көріністері болуы керек. Сосын кітапты талдау барысында сол кездегі дәстүр, тәрбие қалай болды, бүгін оны қалай қолдана аламыз. Сол халқымыздың өткенін бүгінмен байланыстырып, тарих пен дәстүр сабақтастығын ашқымыз келеді. Неге қазақша кітап таңдаймыз? Қазақ тілді кітаптардан алған инсайттарды өз өміріңізге енгізу жеңілірек, себебі психологиямыз, менталитетімізге жат нәрсе жазылмайды. Бестселлерге айналған шетелдік психологияны фильтрсіз қабылдай салып, өз өміріңізге енгізу қиын. Ал қазақы танымға сай жазылған кітаптың адамға әсері бөлек. Б.Момышұлының «Ұшқан ұясын» оқыдық, тұнып тұрған қазақы философия, жаңағы ертегіні балаларға айтудың қаншалықты маңызын айтады. «Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Қазіргі аналар, әжелер ертегі айта бермейді, содан қорқам. Балалық шақтың бақыты сол кереметке сенгенінде шығар» деп айтады ғой. Сол кездесуден кейін аналар шынымен балаларына ертегі айтып бастаған. Клуб мүшелері де осы бағытта өздерінің нұсқаларын ұсынады, біз өзіміз алдын-ала кітап мазмұнымен танысып, біздің шарттарымызға келсе, аламыз. Көп оқыған туындыларымыз 20 ғасырдың классикалық прозасы, тарихи, романтикалық, заманауи детективті де оқимыз. 

«Заманына қарай адамы» дегендей соңғы кезде классикалық шығармалардан бөлек оқырмандардың бүгінгі прозаға деген қызығушылығы артуда. Детектив, бестселлерлік бағыттағы кітаптарды таңдайды. Сонымен қатар бүгінгі таңда әр жас оқырман өзінің рухани әлемін байытудың жолдарын іздеп, психология бағытына бет бұруда. Бұл кезекте біз ұлттық психологияның негізінде жазылған кітаптарды фильтрлеп таңдаймыз. Әрине, ескімен тыныстап, жаңамен де танысып, әр түрлі жанрдағы кітаптарды араластырып отырамыз. Оқырман бүгінгі прозада қазіргі қоғамның көрінісін көбірек көргісі келеді, әрине. Тарихты бұрмаламайтын, шындыққа негізделген туындылар, қазақ отбасы мен әйелдің бақытты  образдарын көргісі келеді. Себебі клубымыздың мүшелері негізінен  қыздар  болғандықтан, өткен  ғасырдың образдарынан бөлек заман ағымына сай әйелдің қоғамдағы ролі мен оның бақытын суреттейтін шығармаларды оқығысы келеді, – деп жауап берді Арайлым Ризақызы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар