Латын графикалы әліпби салтанат құрған 1928-1941 жылдары қазақ ғылымы мен әдебиеті шарықтап, дами түскен еді. Ел ішінен ауыз әдебиеті үлгілерінің нелер бір жауһарлары жиналып, кітап болып оқырманға жол тартып жатты. Сондай кітаптың бірі СССР Ғылым академиясының қазақстандық филиалы, Жамбыл атындағы әдебиет жәна халық творчествосы секторы шығарған «Батырлар жырының» І томы. Қазақстан көркем әдебиет баспасы, Алматы, 1939 жыл. Жауапты редакторы С. Мұқанов, техникалық редакторы Р. Шабайыв, жауапты корректорлары Қ. Жазитыв, Н. Құлажанывтар.
Кітапта «Батырлар жырының әдебиеттегі орнына» деген тақырыпша негізінде мынадай азды-көпті ақпарат берілген. Міне, сол алғысөзді өздеріңізге қаз қалпында ұсынсақ:
"Қазақтың халық әдебиеті ұлттық мәдениет қазынасының ең қымбат мүліктерінің біреуі. Ол қымбаттығымен қатар ұшан теңіз мол. Бұл теңіздің түпкі қайнар бұлағы қоғамның көп заманғы тарихы мен ұштасып жатады. Мәселен ертегіні алсақ, одан біз адам қоғамының мәдениет сатысындағы балалық дәуірінің талай тәтті қиялдарын көреміз. «Ертегі» деген сөздің өзі өз мағынасын шешетін сөз. Ертегіде өте ерте заманның ой, қиял мөлшерін көреміз. Мәселен, ертегіде: құсқа қарап адам ұшуды қиял етеді, алысқа қарап сөйлесуді қиял етеді, осы сықылды қиялдардан «кілем мен ұшу», «су астында отау тігу», «сиқырлы тіл – сым мен алыстан сөйлесу» тәрізді ертегілер туады.
Ертегінің шыққан дәуірін, шығарған адамын дәлдеп белгілеу қиын. Өйткені адам қоғамның қоғамдық дәуірі біреуінен бұрын өткенде өмірі бар. Оны тарихтан бұрын дәуір деп атайды. Ертегілердің кей біреуі тарихтан бұрынғы дәуір мен ұштасып, адам баласы аңмен, құспен, құрт-құмырсқамен араласып тілдесіп жүреді.
Кәрі әдебиеттің бірі мақал, тақпақ. Бұларда әсіресе мақалға қоғамның тұрмыс тәжірбиесінен тапқан шындығы айтылады. Бұған жұмбақты, жаңылтпашты, өтірікті қосқанда әдебиеттің кең саласы үлкен бір арнасы.
Бұл арада қазақтың халық поэзиясы туралы Абайдың мынау өлеңін мысалға алуға болады:
«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлең мен жер қойнына кірер денең».
Бұл өлең қазақ тұрмысының шындығына сүйеніп айтылған. Қазақтың ескі әдетінде бала туған соң үш күн ұдайы жастар түнде жиналып жылағанда күзетеді. Бұл жылағанда ән күймен басталып, ән күймен тарайды. Олай болса, баланың құлағына бірінші естілетін дыбыс – өлең, ән; ескі ауылдың әдетінде өлген кісіні: әйелі, қарындасы, шешесі, келіні жоқтайды. Бұл жоқтаудың басы өлер адам соңғы демін алмай тұрып, көзін ақтық жұмбай тұрып басталады. Олай болса, өліктің ең соңғы еститін дыбысы – өлең, ән.
ҰҚСАС МАҚАЛА: Сәлкен Балаубаевтан қалған жалғыз аударма
Осы туу мен өлудің екі арасы қазақтың ескі әдетінде өлең мен әннен үзілмейді. Қыз ұзатарда «аужар» яки «жар-жар» айтылады; келіншек түскенде «бет ашар», «айт келін» айтылады; мал, адам ауырса бақсылар өлеңмен, әнмен сарнап емдейді; өлікті өлеңмен, әнмен жоқтайды; өлікке көңіл әнмен, өлеңмен айтылады; жастардың, балалардың, ойын сауығы өлеңмен, әнмен өтеді. Осылардың бәріне арнаулы талай бұтақты, талай тамырлы, талай тараулы өлеңдер бар.
Қазақтың халық әдебиетін көп зерттеген Сібірдің атақты халықшыл ғалым адамы Потанин «Маған қазақтың даласы үлкен теңіздің арнасы сықылданады, сол арнаға қазақ поэзиясы сыймай, кемерінен тасып төгіліп жатқан сықылданады» деген.
Қазақ әдебиетінің бұл ұсақ жанрлары өте көп. Оны: Радлов, Шоқан Уалиханов, Диваев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жүсіп-бек Шайқол-Есламов сықылды адамдар біраз жинаған. Академик Радлов өзінің «Түрік тұқымдас елдердің әдебиет нұсқалары» деген көп томды кітаптарының ІІІ томын қазақ халық әдебиетіне арнап ХІХ ғасырдың 70-жылдары қазақтың поэзиясын орыс әрпімен қазақ тілінде басып шығарған. Бертін, ХХ ғасырдың ішінде «Әдебиет қазақия», «Шопан ата» деген жинақтарда халық әдебиетінің нұсқалары басылған.
Бірақ, бұлардың бәрі үлкен теңіздің бір қиылысындай ғана. Жиналып басылған халық әдебиетінен халықтың аузында жиналмай жүргені ана ғұрлым көп.
Қазақтың халық әдебиетінде «Қыран қарақшы», «Қара батыр» сықылды ертегі батырлар да көп кездеседі. Олардың қай дәуірде жасағанын, болған я болмаған адам екенін білу қиын. Тарихта белгілі, шындықта болған қазақ әдебиетіндегі батырлардың ең кәрісі Едіге сияқты. Одан бұрын болған батырды қазақ әдебиеті әлі білмейді.
Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы халық ақыны Әміре Сұлтан-Мұратып деген кісі: манғұл Шыңғыс ханды батыр деп қысқаша жыр айтады. Осы 1938 жылы Мәскеуде болған Әзербайжан республикасының көркем өнер декаднегінде «Қорқыт ...деген кісі біздікі, ол Х ғасырда болған тарихи адам» деп жазды. Қорқыт әдебиеті мен музыкасын орын алып қазақтың геройы боп, санылып келген кісі. Көр-оғлы деген батырды әзербайжандар «біздікі ХІV ғасырда болған адам» деп жазды. Көр-ұғлына қазақ әдебиеті де ортақтасып, қазақша варианттарын жасаған. Осыларды еске ала отыра, қазақ әдебиетіне алғашқы тәуелді және тарихи белгілі батыры Едіге десе қателескен болмайды.
Ендеше Едіге батыр турасында тағы бір ақпарат ұсыналық.
Едіге батыр
Ерте заманда Баба-Құмар деген әулие бар екен. Он-бесте әулиелік қылып кеткен екен. Сол уақытта бір қызға көзі тиген екен, көзі тиген сол қыз буаз болған екен. Буаз болған соң ол ұл тапты. Ол ұлдың аты Бабайтүкті шашты әзіз қойды. Ағон дариясына барды. Дария жағасында алтын шашын алдына алып тарап отырған қызды көрді. Қыз жақын келгенде суға шомып кетті. Бабайтүкті шашты әзіз де қыздың артынан шомып кетті. Дарияның астында алпыс ақ отау тұр екен. Отауға кіріп барды. Ішінде ай десе аузы жоқ, күн десе көзі жоқ, бұлғарыдай бұлқыған, бүлүсі жұпар аңқыған, ғажайып бір қыз отыр екен. Қызды көрді де қайта шықты. Қыз етегінен ұстап «Ия жігіт, қайда барасың?» деді. «Мен саған сөйлеспеймін, сөйлесем күнәкәр боламын деп барамын – мен сені, іздегенім жоқ, жібер» деді. Қыз айтты: «егер мені алмай кетсең он бестегі күнәм мойныңа» дейді. Жігіт ақыл ойлады: «Мен сені алмай кетсем күнәм жоқ болар деп едім, алмай кетсем күнәм көп болады екен, алайын» деп ой қылды, некелеп алды. Қыз айтты: «Әбден менікі болдың ба?». «Ия, болдым» деді.
ҰҚСАС МАҚАЛА: Ер Едіге және «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосы
«Олай болса мен етігімді шешкенде аяғыма қарама, көйлегімді шешкенде қолтығыма қарама» деді. Күндер де етігін шешеді: аяғы ешкінің аяғындай – оны жігіт көрді. Бір күні көйлегін шешті: қолтығынан өкпесі көрініп тұр, жігіт тағы да көрді. Қыз көргенін білді. Аспанға ұшып кетті. Қайран «кет құдайым» деп қайтып түсті. Тағы күндер де бір күн қыз шашын жуады: бас терісін алдына алып тарап отыр. Жігіт тағы көрді. Қыз аспанға ұшып жөнелді. «Ей жігіт!» деді, «ішімде алты айлық балаң кетіп барады. Ніл дариясының басында, Құм кент шәрінің қасына балаңды тастап кетермін, өзің іздеп тауып ал!» деді. Соны мен қыз кетті. Бабайтүкті шашты әзіз баланы іздеп Ніл дариясын қыдырды. Ніл дариясының басында, Құм кент шәрінің қасында жібек орамалға ораулы жатқан баласын тауып алды. Елсіз, күнсіз жерде туды деп атын «Едіге» деп қойды да жауырына таңды. Тоқтамыс ханның ауыр жұртына алып келді. Ноғайлының жұрты екен. Үш жасқа келгенде қолынан ұстап әзіз ғайып болды: ұшып кетті. Онан соң сегіз жасқаша Едіге оқуда тұрды. Оқуда тоқсан бала бар еді, сол балалар мен күрескенде бәрін де жықты. Бәрінің де киімдерін алып үйіп салды, киімдерінің үстіне шығып отырып айтты: «Міне, Тоқтамыс ханның тағының үстіне отырдым» деді де, киімдерін қайтарып берді.
Кітап бүгінгі таңда Кітап мұражайындағы «академик Зәки Ахметовтың» жеке кітап қорында сақтаулы. Кітап соңында мынадай маңызды мағұлматтар берілген:
Коментария
- Едіге батыр туралы: Едіге тарихта болған адам. Ол 1385-1406 жылдары Алтын ордада хандық құрған Тоқтамыс ханның тұстасы. Тарихи материалдарға қарағанда Едіге Тоқтамыс хан мен араздасып, оны 1406 жылы өлтірген. Және сол тарихи материалдарда Едігені Тоқтамыс ханның баласы Қадірберді, әкесінің кегін алып, 1419 жылы өлтірген.
Қазақ тарихшысы Шоқан Уалиханов (1837-1865) орыс тілінде басылған «Шығармалар жинағында» (С. Петербург, 1904-жыл) Едігенің арғы тегі арап едідегенді айтады (228 - бет). Баспа мәліметтерде Едігенің атасы Бабай-түкті шашты Азиз. Профессор Милиоранский «Едіге және Тоқтамыш» деген кітабында Байбай-түкті шашты Азизді – Қожа Ахмет Иассауи еді деген дәлелдер келтіреді. (С. Петербург, 1905 жыл). Қожа Ахмет Иассауи Түркістан қаласында зияраты, мешіті бар, ХІІІ ғасырда жасаған адам. Абулғазы Баһадүр ханның шежіресінде, Едігенің шыққан тегі Ақманғыт ұруынан Қолтық Қамбар деген кісі.
Міне сондай, Едігенің шыққан тегі туралы сондай қайшы мәліметтер бола тұра барлық тарихи документтерде Едігенің ХІV ғасырдың аяғында, ХV ғасырдың басында жасаған адам екендігі айқын.
Ташкент қаласында қазақ тілінде 1925 жылы басылып шыққан «Терме» атты әдебиет жинағында, Едігеден қалған ұрпақтың тізімі берілген. Ол мәліметке қарағанда ХVІ ғасырда жасаған Тарғын батыр Едігенің 8-ші ұрпағы.
Едіге туралы жырды ең алғаш қанжығалы ұруындағы Жұмағұл ақыннан 1841 жылы жазып алған Шоқан Уалиханов. Бірақ бұл датада Жаңылыс бар. Шоқан 1837 жылы туған. 1841 жылы Шоқан 4 жаста, ол жаста Шоқанның қата жазуы керек не Шоқанның кітабынан баспаға берген редакция қаталесуі керек. Әйткен мен «Едіге батыр» жырын ең алғаш қазақ тілінде қағаз бетіне түсірген кісі Шоқан. Шоқанның айтуынша: «Едіге»нің қысқартылып орысшаға аударылған түрі 1820 жылы шыққан., «Сибирский вестник» атты кітаптың Х бөлімінде басылған. Шоқан жазып алған қолжазба оның архивында сақталып сол архивтен қол жазбаны профессор П.М. Милиоранский алып, 1905 жылы бет ашар жазып, жеке кітап қып бастырған (Тоқтамыс пен Едіге).
Бұл аталған жинақ бүгінгі таңда зерттеуді талап ететін сирек те құнды кітаптар қатарында.
Дайындаған Мөлдір Баймаханбетова
«Кітап мұражайы» жетекшісі
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.