Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Өмірден кім өткенін білесіз бе?...

12.03.2024 11414

Өмірден кім өткенін білесіз бе? 12+

Өмірден кім өткенін білесіз бе? - adebiportal.kz

12 наурызда танымал жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазушының отбасы мен туыс-туғандарына жолдаған көңіл айту хатында: «Жұмабай Шаштайұлы қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, руханиятымыздың дамуына елеулі үлес қосты. Шығармалары кеңінен насихатталып, оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Өнегелі ғұмыр кешкен Жұмабай Шаштайұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», - деген екен.

Көптеген қатарластары сияқты, орта мектептен кейін бірден жоғары оқу орны, одан кейін мамандығы бойынша қызмет сияқты түзу жолмен емес, бұралаң соқпақтардан өткен жазушы әуелі «Коммунизм жолы» газетінде жұмыс істейді. Бұдан соң 1980–87 жылдары республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде, 1987-1990 жылдары «Жалын» журналында жұмыс істеп, журналистика саласының дамуына тер төгеді.

1990-1992 жылдары «Қазақ тілі» қоғамының Алматы облыстық комитеті төрағасының орынбасары, 1992-1996 жылдары «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бөлім меңгерушісі болып қызмет істейді. 1996-2002 жылдары халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінің, 2002-2006 жылдары «Қазақ радиосының бас редакторы болады. 2002 жылдан «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редактор қызметін атқарады. 

Қазақ радиосының бас редакторы қызметтерін атқарған тұсында әлденеше буын журналистер мен жазушылардың қалам қарымының ұшталып, төселуіне игі ықпал еткен ұстаз тұлға болды. 1982 жылы «Таң нұры» атты ұжымдық жинаққа енген «Қияда» хикаятынан бастап, әр жылдары «Қызыл қар», «Жала мен нала», «Жыр жолбарыс», «Біздің заманның Аяз биі», «Жаңғырық», «Аспанқора», «Шал мен жылқы», «Құралайдың салқыны» т.б. соқталы туындыларды қалың оқырманына ұсынды. Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірге қайраткері, ҚР Президентінің стипендиаты Жұмабай Шаштайұлының әдеби туындыларынан өзге, республикалық басылымдарда жарияланып тұрған мақалаларындағы жаһандану дәуіріндегі ұлттық мұрат, елдік сана, ұрпақтар сабақтастығы т.б. жайындағы өзекті ойлары оқырмандар тарапынан әрдайым қызығушылыққа ие болды.

Жұмабай Шаштайұлының қазақ телевизиясында да өзіндік өрнек ізі қалды. Осы ғасыр басындағы қазақ теледидарын тамашалаушылардың есінде ерекше қалған бағдарламаның бірі – «Үзеңгі жолдас» екендігі сөзсіз. Бағдарламаны еске түсірейікші: теміржолмен әдепкідей жол жүретін әркімге-ақ етене таныс дыбыс – шойын доңғалақтың тарсыл-дүрсілімен жүйрік пойыз кең даланы қақ жара екпіндеп барады. Вагонның терезесінен асқақ Алатаудың шыңдары, салқар Сарыарқаның ұшы-қиырсыз даласы, ауылдар мен қалалар көрінеді. Вагон үстелшесінде шағын дастарқан. Байыпты сөйлейтін, қою қара мұртты жігіт ағасы шай ұсына отырып кезекті қонағын сыр-сұхбатқа бастайды...

Алыс-жуыққа әлдебір шаруасымен әлдеқайда өгдеп шыққан жолаушы қазақтың сапарлас серігі – үзеңгі жолдасы. «Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет», - деп Абай жырлағанындай, сапарласпен алдағы ұзақ жолды ағыл-тегіл әңгіменің тиегін ағыта отырып ол қысқарту – Ұлы Дала жолаушысының жансүйер ермегі еді.

2002-2005 жылдары жазушы, журналист Жұмабай Шаштайұлының өзі жүргізген «Үзеңгі жолдас» – халықтың әр шығарылымын асыға күтіп, сүйіп тамашалайтын авторлық бағдарламасы болатын. Кезінде «Үзеңгі жолдаста» Жұмабай Шаштайұлымен сапарлас болып, ұлы жолдың бойында, аққұманнан жазушы құйып берген күрең шайды бабымен сораптай отырып сыр ағытқан Қасым Қайсенов, Хабиба Елебекова, Роза Бағланова, Шерхан Мұртаза, Еркеғали Рахмадиев, Сәкен Жүнісов, Қалихан Ысқақ, Уәли Бекенов қатарлы қазақтың небір марғасқалары мен аяулыларының, әдебиет пен өнер, спорт саңлақтарының біразы бүгінде пәниден бақиға озған екен. Олардың өзі ортамызда жоқ болса да, жазбабейнелі сөзі қалды.

Ақынның қазасы туралы қалың жұртшылыққа қиналыспен естірте отырып, ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов аға: «Жұмабай ағамыз иманды, өте мейірімді азамат болатын. Ағамызбен риясыз сыйластық. Талай сапарлас болдық. Жазушы Жұмабай Шаштай ғазиз атына кір шалдырмай өткен саңлақ. Пендешіліктен аулақ өмір кешті», - деп жазған екен, өзінің фейсбук парағында.

Ал ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын, журналист Жанарбек Әшімжан да: «Қасиетті Оразаның екінші күні қазақтың біртуар қаламгері, асыл Ағамыз Жұмабай Шаштайұлы Жаратқанның құзырына қайтыпты… Өкінішті… Сөз жоқ… Бірнеше буынға ұстаз болған, адал һәм тап-таза қалпынан айнымай, соңынан бір ауыз бөтен сөз ілестірмеген сәби болмысты Жұмағаң туралы айтар жақсы әңгіме көп. Жақсылар шетінен кетіп жатыр… Сізді сағынатын болдық…» - деп жазған екен. Екі қаламгердің де өкінішпен айтқан сөздеріндегі Жұмабай Шаштайұлы тұлғасына қатысты бір ортақ ой-тұжырым – адами тұрғыдағы тазалық екендігі бекер ме?!

Жұмабай Шаштайұлы сонау 1984 жылы жарық көрген, кеңес билігі тарапынан сынға ұшыраған «Қызыл қарынан» бастап, таптаурын үрдістен шығандай шығып, өрелі, соны ой айтуға ұмтылған қаламгерлердің бірі. Бұл үрдіс – оның өмір бойғы шығармашылық ұстанымына айналғандай. Жазушы бірде былай деген екен: «Күні бүгінге дейін мінсіз саналған дүние­лерді ой сарабына салып көрсең – уақыты өтіп кеткен бос кеңістікке айнал­ған бөлек-салақ, артық-ауыс жайларды ұшырататын сияқтысың».

Қаламгер өз дәуірінде асқақталып-әспеттелген идеялар мен идеалдардың тарих толқынында қатал уақыттың сүзгі-тезіне түскендегі жай-күйін айтып отыр. Айта отырып, қалай болғанда да ұрпақтар сабақтастығы үзіліп қалмауын, оның ішінде ел мен жерді, ондағы өткен айтулы оқиғалар мен белгілі тұлғаларды тарихи санада жаңғыртуға үлес қосқан адамдардың еңбегі лайықты ескерілсе игі еді деген ойды айтады: «Бұрынғы мен бүгінгінің арасына дәнекерге жүретін кез келген дүние елеусіз қалса – тірілер өз алар орнын анықтауға тегеуріні жетер-жетпес, әйтеуір бар екенін білдіріп шырылдап бағар. Кейінгілерге ақыл айтып ұйыта алмайсың, өмірлік тәжірибең кәдеге жарайтын шығар деп баяндасаң – томсарған үнсіздікке тап келесің тағы. Бәрін жаратылыстың еркі біледіге ұйғару – ноқта-жүгенін сыпырып тастап, еркіне жібере салған мезетте құйғыта жөнелген жылқының алаңсыз қылығына кейіптес мінездер елесі ғана көз алдыңа келетіні несі екен?» Иә, талантты уақытында, көзі тірісінде ел болып елеп-ескеру, оның ғұмыр бойы жиған ұшан-теңіз білімі мен тәжірибесін, қаламгерлік қарымын, алтын уақытын, көз майын жанкештілікпен сарп етіп жасаған рухани өнімін һәм туындысын лайықты бағалау – қашанда «айтуға ғана оңай» болып келгені де рас.

Хакім Абай қырқыншы қарасөзінде: «...Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» - дейтіні бар. Бұл – кешелі-бүгінгі қазақтың басындағы жағдай. Жаны таза жазушы Жұмабай Шаштайұлы ел алдында жүрген елеулілер арасында жиі ұшырасып жататын осы бір қиюы қашқан ұнамсыз қылық жайлы: «Қазіргі атышулы қайраткеріміздің бірі көзі тірі зиялы қауымды былай қойып, үлкенді-кішілі аруақтарға өші кеткендей ұрынуы ақылға сыйымсыз. Елі үшін, тілі үшін құрбандыққа бару жолында өзгелерді кінәлай берудің жарасымы күн өткен сайын азайып барады», - деп нали жазған екен.

Қаламгердің басылым беттерінде жарық көрген әр жазбасын елдің ертеңіне, ұлттың тілі мен ділінің тазалығы мен өміршеңдігіне алаңдаушылықтан туған азаматтық үн қату деп түсінеміз: «Қазақша дыбыс қату үстінде дауыс созылымының нәзік мезеттері орысшаланып бара жатқанын сездіруінің өзі ұға білген кісіге үлкендік екен ғой. Қазақ тілінің бүкіл шаруасы журналист-жазушы, филологтардың мойнында да, қалғандардың онда мүлде қатысы жоқтай құлық қазақ жанын жайлап алған тәрізді.» Бүгінгі қазақы қалпымыздың, бейғам халіміздің өзі анық осы ғой.

Жұмабай Шаштайұлы қаламынан әр жылдары шыққан үлкенді-кішілі туындылардың ішінде «Аяз би» романының орны ерекше деуге негіз бар. Кезінде қалың оқырман жылы қабылдаған «Аяз би» романы өзінің құрылысы, жазу стилі жағынан соны ерекшелікке ие деуге болады. Аталған романға дәуірлеп тұрған шағында Жер шарының жұрты түгел санасқан Кеңес Одағындай алып мемлекеттің сырты бүтін, іші түтін қалып-күйін жіліктей ашып көрсеткен туынды. Кеңес Одағындағы коммунистік идеяға сүйенген әкімшіл-әміршіл биліктің орашолақ шаруашылық басқару жүйесінің сан түрлі құпияға толы ұңғыл-шұңғыл қатпарларына терең  үңілген жазушы аталған қоғамының бетпердесін ашады. Романда баяндалатын оқиғалар негізінен кеңестік кезеңнің ақырғы тұсын, яғни Л.И.Брежнев тұсындағы жауырды жаба тоқу тән болған тоқырау заманынан бергі уақытты қамтиды. Коммунистік мұраттар жолына бүкіл өмірін, қажет болса жанын да арнап, беріле қызмет еткен бірнеше толқын буынның бастан өткерген сан қилы өткелекті жолдары туралы баяндалған романның басты кейіпкері Миятбек Нұржанов – дәуірдің жиынтық образы. Жазушының нені жазса да, қай тақырыпты жазса да шынайы жазуға тырысқанын көреміз.

«Өзі өлсе де орны үңірейе білініп, өнегесі ұмытылмай – талғам-таны­мына жүгіндірмей қоймайтынның арқасында есімі әрдайым аталып, әруағы санада әрқашан жаңғырып тұратын тұлғалар сирек, сирек те болса барына шүкіршілік етудің өзі біле-білген адамға бір ғанибет екен», - деп жазушының өзі жазғанындай, бүгіннен бастап шығармашылықтағы үлгі-өнегесі ұмытылмайтын, талғам-танымы таңдай қақтырумен болатын, есімі туған халқының ортасында әрдайым аталып, санада жаңғыра беретін тұлға Жұмабай Шаштайұлының естелік ғұмыры басталмақ. Топырағыңыз торқа болсын, қазақтың қабырғалы қаламгері.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар