Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Өмірден өз орныңды таба алдың ба?...

21.10.2022 6429

Өмірден өз орныңды таба алдың ба? 14+

Өмірден өз орныңды таба алдың ба? - adebiportal.kz

Мен сабақты кілең беске оқыдым... Өтіп жатқан пәннің бәрін жақсы көргенімнен емес. Мүмкін, өзімнің кемшілігімді «үздік оқушы» деген атпен жапқым келген шығар. Мектепте беске оқығанымның өмірімде қандай пайдасы болғанын білмеймін... Сол кезде уақытымды басқа пәндерге кетірмей, көбірек кітап оқысам, ақылдырақ болар ма едім, кім білсін?! Жә, әңгіме мен туралы емес екен ғой...

Сонымен, біз сәл ескілеу болса да, өзімізге үлке-е-ен болып көрінетін, екі қабатты, сырты ашық жасыл түспен боялған мектепте оқыдық. Біздің сыныптың оқушылары мінез-құлқы, түр-сипаты жағынан сан алуан еді. Әдеттегідей жақсы оқитындар алдыңғы қатарда, нашар оқитындар арт жаққа жайғасатын. Соңғы партада екі ұл отыратын, екеуі де көп сөйлемейтін, тұйық мінезді оқушы еді. Мұғалім сабақ сұрағанда әрдайым айтатындары: «Ұмытып кетіппін» немесе «Оқымадым» деген екі-ақ ауыз сөз. Бірақ, соған қарамастан екеуі де өнерлі болатын. Бірі дәптерін ашып қойып, конспект жазудың орнына сол дәптерге көздің жауын алатын суреттер салып отыратын. Ал екіншісі түрлі шаралар өткізген кезде қимылы мәнерлі биімен бүкіл жұртты таңғалдыратын. Кезінде дұрыс бағыт-бағдар беріп, таланттарын шыңдауға көмектесетін жан табылғанда қазір сол балалар бір-бір саланың бетке ұстар мамандарына айналуы мүмкін еді ғой. Қазір олар қайда жүр, қандай қызмет атқарып жүр? Белгісіз. Дәл осындай мысал әрбір жанда бар, оған тіпті кепілдік бере аламын. 

Жақында Кен Робинсонның «Өзіндік бейім» атты кітабы қолыма түсті. Бұл кітап біраз адамның өмірлік мақсатын анықтап, тірлігін жаңа арнаға бұруға сеп болғаны анық. Кітаптан өзіңнің сүйікті ісіңді, яғни өзіндік бейіміңді қалай табуға болады және өзіңнің әлеміңде өмір сүру сенің өміріңді шынымен өзгерте ала ма деген сұрақтарға жауап табуға тырысып көруге болады. Осы кітапты оқыған соң өзіңнің күшті жақтарыңды қайта бағалау мүмкіндігі туып, «қорқынышымды жеңе аламын» деген сенім ұялайды. Кен Робинсонның «Өзіндік бейім» атты кітабында кез-келген жаста және өмірдің кез-келген кезеңінде көмек пен шабыт іздеу, өзіңді табуға тырысу мүмкіндігі сияқты қызықты тақырыптар сөз болады. Әр бөлімді оқыған сайын бейне баспалдақпен биіктей көтеріліп бара жатқандай сезімде боласың және бұл кітап өз қалағаныңды, өзіңнің сүйікті ісіңді табуға сеп болуы әбден мүмкін. 

Әрбір адам өмірде өз орнын тапқысы келеді. Өзіңнің сүйікті ісің сенің қаржы көзіңе айналса тіптен тамаша. Көптеген адамға өзінің өмірдегі орнын табуға көмектескен Кен Робинсонның кітабы маған да қызық болып көрінді. Ең алғашқы оқиғаның өзінен-ақ кішкентай балаларда өз ісіне, шығармашылығына деген сенімділік молырақ екенін аңғаруға болады. Ал үлкендер ше? 

«Бір бастауыш сынып мұғалімі алты жасар балалар тобында сурет сабағын өткізеді. Соңғы парталардың бірінде кішкентай қыз отырды, ол әдетте ұқыптылығымен, еңбекқорлығымен ерекшеленбеген еді. Бірақ сурет сабақтарын жақсы көретін. Қыз жиырма минут бойы өзінің қағаз парағын бәрінен жасыра жауып, аса бір құштарлықпен сурет салды. Қызығушылық танытқан мұғалім шыдай алмай одан не салып жатқанын сұрады. Қыз тіпті басын көтермей: 

«Мен Құдайды салып жатырмын», - деп жауап берді. 

Таңданған мұғалім: «Бірақ Құдайдың қандай екенін ешкім білмейді ғой?» - деді.

Қыз: «Бір минуттан кейін білетін болады», - деп жауап берді». 

Автор өз кітабының «Шығармашылық динамикасы» атты тарауында: «Шығармашылық – бұл ақыл-ойдың динамикалық сипатының ең жарқын мысалы», - деген анықтама береді. Оған қоса барлық шығармашылық процесстің ортақ ерекшелігі бар деп есептейді. «Біріншіден, бұл – процесс. Шынында да, кейде жаңа идеялар толығымен қалыптасқан күйде адамдарға келеді, содан кейін айтарлықтай қосымша жұмыс жасаудың қажеттілігі жоғалады. Бірақ әдетте, шығармашылық процесс идеяның бөлшектерінен басталады – Фейнман үшін пластинаның айналуын байқау осындай бастама болған еді. 

Музыкант дыбыстан, жазушы әр жазған сөзінен, биші қимылынан, математик санның сиқырынан, тәрбиешіні оқыту процесінен рақат алады. Шынында да, өз жұмысын шынымен жақсы көретін адамдар оны жұмыс деп санамайды. Сүйікті ісімен айналыса отырып, мұндай адамдар өзін бақытты сезінеді.

Сіздің өз бейіміңізді ашуыңыз бай болуыңызға кепілдік бермейді. Шын мәнінде, керісінше болуы да мүмкін, өйткені сүйікті іспен айналысу сізді инвестициялық банкирдің мансабынан бас тартуға мәжбүр етуі мүмкін, «Алайда, өз қалаған ісіңді істеу, тіпті аз уақыт болса да, әр адамның өмірін толық және үйлесімді ете алады».

Кәсіпті жүзеге асыру – бұл адам өмірінің ең динамикалық және үйлесімді формасы, онда біздің өміріміздің әртүрлі жақтары бос қабырғамен бөлінбейді, керісінше өзара әрекеттеседі және бір-біріне әсер етеді. Мұны орыс жазушысы Александр Солженицын анық түсінді. 

«Егер әлемді өзгерткіңіз келсе, - дейді ол, - сіз кімнен бастайсыз: өзіңізден бе немесе өзгелерден бе? Егер біз өзімізден бастасақ, не істеуіміз керек екенін білсек, ең жақсы адам болуға тырыссақ, әлемді жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндігіміз көп болады деп сенемін».

Бұл кітаптың кейіпкеріне айналған адамдардың көпшілігі мектепте жақсы бағаға оқымаған, ал кейбіреулері тіпті мектепке баруды ұнатпағандар. Әрине, жақсы оқитын адамдар көп. Бірақ мектепті мерзімінен бұрын бітіріп немесе тастап кететіндер де көп, оларды мектепте өз бойындағы шынайы талант-қабілеттерін ашып анықтай алмаған жандар десек те болады. Енді өмірін қай арнаға бұру керектігін түсінбейді. Көбі өзінде ешқандай қабілет жоқ деп санайды. Бұл кітапты оқыған адам өмірдегі өзіндік бейімін тауып, өмір жолының жаңа мүмкіндіктерін пайдаланып, жүзеге асыра алады деп ойлаймын. Бұл кітаптың басты идеясы – біз табиғи әлеуетімізді неғұрлым толық пайдалануды үйренуіміз керек дегенге саяды. Бұл – адамның ішкі үйлесімділігі мен рухани жайлылығы үшін, сондай-ақ бүкіл қоғамның денсаулығы үшін өте маңызды. Білім – адамның барлық қабілеттерін дамытатын процесс болуы керек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар