Қазақстандағы әдеби ортада постмодернизм жайлы талқылар, сұхбаттар және зерттеулер ХХІ ғасырға аяқ басқаннан кейін айтыла бастады. Тіпті, пандемиядан кейін әдебиеттегі бұл құбылыс жайлы әдеби порталдар жиі сұхбаттар жариялап келеді (соңғы екі-үш жылда жиі шыға бастады) әрі онда сұхбат берушілер постмодерн, постмодернити және постмодернизм ұғымдарының аражігін ажыратуға тырысады немесе шет тіліндегі еңбектерде түсіндірілген ғылыми пайымдарды қазақ оқырмандарға жеткізуге ұмтылады. Сырттай қарағанда жауаптың бәрі дұрыс сияқты, оқып отырып пікір иелерімен іштей келісеміз. Бірақ осындай жарияланымдардан жеке өзіміз мынадай жайтты байқадық.
Постмодерндік сипаты басым көрініс таппаған қоғамда постмодернизм туралы қаншалықты көп жауап берілсе, мәні де соншалықты түсініксіздікке бой алдырып, көмескілене бастайтындай көрінеді. Постмодернизмнің өзіне тән теориялары мен ғылыми қағидалары, ұғымдарының жалпы түсіндірмесі келтірілгенімен, оған дәлел, мысал ретінде қазақ әдебиетінен ұсынылған шығармаларды оқығанда іштей келісер-келіспесімізді, көп жағдайда берілген уәждің бекімегенін, сұхбат беруші автордың өзі де келтірген мысалына іштей сенімсіз екенін байқап отырамыз. Келтірген туындыларды қай қырынан постмодернизм бағытына жатқызып отырғаны нақты талданбайды, алайда егжей-тегжейлі талдау бірді-екілі материалдарда ғана кездеседі. Тіпті, кейбір сұхбат алушылар да сұрақ қояр алдында «әдеби туынды тілі «күрделі», «түсініксіз» болса, постмодернизм бағытына жатқызатын үрдіс пайда болды» деген мазмұндағы сөз саптаумен сұрақ қояды. Мұнда постмодернизм жайлы терең ізденістердің жоқтығына меңзеген сарказм жатқанын байқауға болады. Әрине, «түсініксіздік» тудыруға бұл бағыт жайлы зерттеулердің аз екені себеп және, бұған қоса, терең ой қорытпаушылық, постмоденизмнің өзіне тән шығарма тудырудың қағидалары мен тәсілдерін, формаларын жете түсінбеуде жатыр деп ойлаймыз.
Ең бастысы және маңыздысы, постмодерн қоғамы көрінісін тереңірек ұғынбау және сезінбеу, бастан өткізбеу. Постмодерн қоғамында өмір сүрмесек және постмодерн қоғамының бет бейнесін кескіндеген санаулы ғана емес, бірнеше әдеби туынды оқымасақ, постмодернизмді түсіндіру жағы да әлсіз болары сөзсіз. Дегенмен, цифрлы өркениеттің арқасында біз қазіргі уақытта постмодерн қоғамының көріністеріне куә болып жатқандай көрінеміз. Тіпті, бұл қоғамды жазушыларға қарағанда блогерлер және әлеуметтік желі қолданушылары тереңірек сезінгендей. Блогерлердің сөзінен сүрінген шенеунікті, кез келген адамның ақылға сыйымсыз әрекетін, саясатты, дәстүрлерді сынаған, т.б. посттары жазылса, желі қолданушылары күлген смайликтермен қолдау білдіріп, коммент қалдырып қолдау білдіретінін байқаймыз.
Ал әдебиетке оралатын болсақ әрі постмодернизмнің бір қағидасы әжуа деп түсінетін болсақ, жазушы Т. Сәукетаевтың «Мен жындымын» романы осы бағыттың нағыз үлгісі болуы мүмкін. Тәуелсіздік кезеңінде әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер кедергі болғандықтан, жазушы, ақын атаулы шығармашылықпен айналысуда тартқан азабын баяндайды. Ақын әрі аудармашы Т. Ырысбек «Нұрсұлтан» деген поэма жазды, бұл да осыған дейін басқарушы, билеуші туралы жазылған туындыларға ирония болатын. Поэмада тек бір сөзді қайталау арқылы елу бес шумақ берілген. Бұл, бір жағынан, қалыптасқан әдеби формаларды бұзуға де ұмтылыс деп те бағалауға болады.
Осы тұстарды жазып отырып, ойымызға постмодернизм теоретигі әрі постмодернист-жазушы Умберто Эконың «Постмодернизм, ирония и занимательность» еңбегі түсті. Аталған шағын жазбасында постмодернизм бағыты жайлы эстетикалық теориясын түсіндірген болатын. У. Эко (1) постмодернизм бүгін ғана пайда болмағанын, әр дәуірге постмоденизм тән екенін және ХХ ғасырда постмодернизм қызметін модернизм және авангард атқарды деген пікір ұсынады. У. Эконың пікірінше, (2) «постмодернизм дәуірі өнер атаулы мәдени формалар мен көркемдік образдардан шаршағанда пайда болады, поэтикалық формаларды бұзып, қайта құрылымдаудың шегіне жетеді. (3) Арықарай бұзатын немесе құрылымдайтын ештеңе қалмағанда «жойылуды» да, «классикалық» мәдениетті де бағалау тәсілі – элитарлық және ақылға қонымсыз (концептуалистер) өнерді жақтаушылар шағымданбаған «ирония» пайда болады; (4) көркем шығарма тудыруда постмодернизмнің басты қағидалары ирония, ойын, ойын-сауық, ал амалы мен формасы дәйексөз бен дәйексөздік (бұрынғы жазушы, суретші, архитекторлар тудырған формалар қолданылады) болып саналады: постмодерн ескі формаларға жаңа мазмұн жүктейтінін айтады.
У. Эконың «әр дәуірге постмодернизм тән» деген тұжырымына қарай ой қорытатын болсақ, жоғарыдағы пікірімізге аздаған түзету енгізіп, постмодернизмді постиндустриалды қоғам сипатымен байланыстыру – оны түсіндірудің бір қыры ғана болса керек. Түйіндеп айтқанда, әдебиеттегі қарабайырлықтан, қайталаушылықтан, жаттанды әдеби формалардан, кейіпкерлерден, бірсарынды баяндаулардан жалыққанда шығармашылық иелері басқа, тың сүрлеу іздеуге бет бұрады.
Көрнекі сурет: Paul Salvator Goldengreen.The Painter Prince.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.