Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Қансоқталы тағдыр сорабы...

09.03.2022 2855

Қансоқталы тағдыр сорабы 12+

Қансоқталы тағдыр сорабы - adebiportal.kz

Көкше өңіріне, жалпы қазақ әдебиетіне есімі кеңінен танымал, талантты прозаик, марқұм Төлеген Қажыбайдың шығармашылық өрісі өзгеше бітімді, айшықты көркем дүниемен толығып отыр. Ол – «Қансоқта» атты романы. Тас қайнардың суындай қаламгердің шығармашылық шабытты көкірегінен бұлқынып шыққан бұл шығарма нәрлі тілімен, айшықты стилімен кітаптың алғашқы беттерінен менмұндалап жүлгелі көркемдік өріс қуатын танытады.

Төлеген прозасы – жалпы қазақ прозасы деңгейіндегі шынайы көркем проза. Айтар ойы мазмұнды, салмақты. Көркемдік үлгісі, тәсілі сан-қилы, шебер. «Құлан қырғыны», «Қан кешу», «Аран», «Махаббат әні еді» повестері өзінің тосындығымен, сонылығымен баурайды. Жалпы қай-қай қаламгер болмасын, жалпы әдеби тіл нормасына бағынғанымен, оның қаламгерлік стилінде өзінің туып-өскен өңірінің, аймағының өзіндік сөйлеу ерекшеліктері, мәнері, ойды берудегі тілдік бедер, сөз тіркестері, қолданысы ала-бөтен байқалып тұрады. Бұл – көркем шығарма тіліне тән заңдылық. Онсыз көркем шығарма болмайды. Көркем шығарма табиғаты осыны талап етеді. Шығарманың тілдік нәрі көркемдік қуаты, кейіпкерлерінің осындай ерекше, өзгеше тілдік айшықтарымен ерекшеленеді. Авторлық баяндау да кейде соған бағынады. Әдеби тіл нормасының ықпал-әсері кейде осындай өңірлік ерекшеліктерді солғындатады, кейде жойып жібереді.

Өз өңірінің тілдік ерекшеліктерімен ауызданған, қуаттанған Төкең, Төлеген прозасы қазіргі таңда ұмытылыңқырап бара жатқан осындай тілдік ерекшеліктерді сақтап қалған. Сондықтан да Төлеген прозасының тілі – Арқа қазақтарының байырғы сөйлеу тіліне, қазақ ақсақалдарының байыпты, қоңырқай, жүйелі сөйлеу тіліне ұқсап тұрады. Мұндай көркемдік дәстүрді қожыратпай, ұстай білу – қаламгер жетістігі, қаламгер бақыты болса керек абзалы. Төкеңнің романы «Қансоқтада» да осындай айшықты тіл өрнегіне қауыштық.

Қаламгердің нәрлі де, оралымды, кестелі тілі оқырманын бірден баурай жөнеледі. Дәстүрлі ұлттық сөйлеу тілінің құнарлы жүлгелері туындының қай бетінен болмасын су төгілмес жорғадай тайпалып тұр. Сөзімізге шығармадан бірер мысал келтіре кетейік: «Қасым салған қасқа жол, Есім салған ескі жол деп санасына сіңіріп өскен қара тобыр қазақ өз бетімен басқа жолды іздеп пе екен. Іздемеген. Бөтен бір жолға табан тигізссе адасып кетердей, болмаса мына маң далада төрт құбыласын түгендеп алуға қуат, қауқары жоқ басқа ұрған баспақтай мәңгіріп қалардай түртінектей қорқып, жасқаншақ хал кешкен жұрттың Абылайдың ақ табан, қара қасқа жолынан табан аударғысы жоқ. Осы жол бар тірлігінің күре тамыры іспеттес болып кеткендігі сондай, ұбақ-шұбақ ілгерлеп кеткен осы жол сорабына үнемі емініп, үңіліп отырысқандары ақиқат. Жақсылықты да, жамандықты да осы жол бойынан күтеді».

Байырғы қазақы сөз саптас автор стилінің де бір компонентіне айналып кеткендей. Авторды сөйлетейік: «Түс әлетінде ауылдан келген Сүйрік өзімен бірге сүйінші хабарды ала келді. Айтуына қарағанда Қасым бай бұл маңда бұрын-соңды болмаған той қамында көрінеді. Бауырына басқан Ботидың баласының сүндет тойы болмақшы. Сонау Жақсылық, Қылды, Жаулыбай қарауыл еліне де сауын айтылса керек. Дуанның теріскей бетіндегі Мөнтік, Сары, Атқы, Жауар жұрағаттарынан да келетіндер аз болмаса керек-ті. Маңдай тұсың Атбасар, сол қапталың Кереку, оң қапталың Тайынша, Қызылжар жаққа сауын-сәлем жетіп қалса керек. Кенжеге де күреске түсуге дайындалсын, қырғыздың ноқталы балуаны Сарумен белдестіремін дегенді қоса айтып қалыпты.

Не десек те, даңқойдың жілігі татырларын тегіс құлақдар еткен. Қасым бай жиған-тергенін бір жарқырата шашпақ дейді. Нар бастаған үш тоғыз, тай тұяқ алтын бастаған бір тоғыз бәйгі берілмек. Сойылар мал, тігілер киіз үйлерде де есеп болмаса керек. Кенже бұл не қылған дарақылық деді. Бірақ нағыз Даңқой осылай көсіліп, осылай шашылса керек».

Бұл үзіндідегі авторлық баяндау дәстүрлі ұлттық сөйлеу нақышы, өрнегі, айшықтарынан хабардар етуі өз алдына мұнда авторлық баяндау, кейіпкерлер ойы, тілімен тұтасып, жымдасып кеткен. Осы той хабарын алып келген Сүйрік пе, не болмаса Кенже ме, әлді автордың өз ойы, баяндауы ма ара жігі білінбей кіріккен күйде көрініс табады. Біздің ойымызша бұл жетілген, кемелденген проза табиғатына тән жағдай. Кейіпкерлердің ой ағыны, автордың ой ағыны, баяндауымен тұтастық тауып ортақ бір сана ағыны ретінде көрініс тауып, төбе көрсетеді.

Шығармадағы адам портреттері де оның характерінен жақсы хабардар етеді. «Кенже жас шамасына қарамай тарамыстай таралып, толысып өскен еңселі жігіт еді. Аясы кең отты көздері, қыран қабақты, дөң мұрынды, ат жақты жүзімен жарасым тапқандай аса бір қияаптты қалпымен бір көрген жанға ұнай қаларлық –ақ екенсің дегендей еді. Тобылғы реңдес күрең жүзі қуанышын да, қайғы ренішін де пернелеп тұрар бір қалпынан айнымайтын. Бар сезім күйі ішінде тереңдей жатқандықтан ба екен, былайғы жұрт, осы Кенженің не шаттанып күлгенін, не ашу шақырып ренжігенін көрмедік-ау» десе дескендей. Тек қыран қабағының астындағы отты жанарлары ғана жан дүниесіндегі алабұртқан сезімінен хабар бергендей кейде жай оғындай жарқ ете қалып, енді бірде терең ой тұңғиығына бойлап кеткендей тұнжырай қалар еді. Осы жолы да жанарлары қос шақпақ тастың шарпылысынан тұтанған оттай ұшқын атып, Сүйріктің төбесінен аса бір қиырға қадала қарап қалып еді». Бұл – басты кейіпкер Кенженің портреті.

Енді Кенженің немере ағасы Жоламанның портретіне үңіліп көрейік: «Үстіндгі жағасы тік бір кездегі ақ бөзден тігілген көйлегінің бет-бедеріне көп уақыт су тимегендіктен қара қошқыл тартып, қырыс-тырыстан мылжа-мылжасы шығып, иесінің алқам-салқам әжімді жүзімен жарасым тапқан ба дерсің. Боз көйлектің сыртынан іле салған бұл күнде түгін танып болмас ши барқытты әлде қамзол, әлде шапанның қос өңірінің түтеленген қалпы Жоламанның да жүдеулі түрін одан әрі сиықсыздандырып, жан біткен мүсрікегендей міскіндікке жеткізіп-ақ тұр. Басындағы жағалай тартылған қызыл елтірісі қырқылған жасыл тысты бөркі ғана осынау пенденің мінезіне айғақ болардай, тәкаппарлана қоқияды».

Жоқ-жітік тұрмыс діңкелетіп, жүдетіп, ажарсыз қалыпқа түсіріп, үстіндегі киімінің де сиқын келтіріп, тоздырып, біртүрлі мікін халге түсірсе де Жоламанның өзіне жетерлік тәкаппарлығы бар. Ол тәкаппарлықты жария ғып тұрған оның басындағы тәкаппарлана қоқиған қызыл елтірісі қырқылған жасыл түсті бөркі. Қаламгер осынау ұрымтал деталды суреткерлік шеберлікпен ұтымды пайдаланып, мүлтіксіз де дәл жеткізеді.

Кейіпкер портреті оның ішкі әлемімен, характерімен орайласып, сәтті берілген романдағы басты тұлғалардың бірі болып табылатын Қасым портреті де оның мінез иірімдерінен хабар бергендей. «Ақ орданың қос есігі сықырлай ашылып, іштен Қасым мырза шықты ыңырана қозғалып. Желбегей жамылған патсайы шапаны молынан пішілген тұлғасына жараса қалыпты. Басындағы жібек жіппен шеки өрнектеген тақиясы бар ажарын арттырмаса, бір мысқал кемітпес қалыппен көрер көзге байсал сабырлылық ұялатқандай. Қасым мырза тап осы қалпында мейірім мархабаты мол, бейкүнә кейіптегі қатардағы парасат пейілді пендедей ме дерсің ». Бұл портретте іші қырық қатпар, айласы, сұмдығы да мол аяр болмысты Қасым мырза парасат, мейірім иесі ретінде көзге түседі . Қырық құбылған кейіпкер характерінің осы бір ұрымтал тұсын автор дөп басады. Мұндай портреттік суреттеулер туындының өң бойында жиі көрініс береді.

Табиғат суреттерін беруде жазушының көркемдік палитрасының бояуы қанық. «Баяу жылжып келген қою түнде қанатын еркін жайып, төңіректі өзінің мақпал бауырына басып, тылсым тыныштыққа мелдектете бөктіргендей еді. Түнгі аспан күмбезінің төрінде салтанат құраған сан мың жұлдыздар бақилық орындарынан қоныс тауып, күміс сәулелерін әр тұстан себезгілете саулата төгіп-ақ тұр. Анда-санда әр тұстан ағып түскен жұлдыздардың жарқ ете қалып, барып-барып сөніп кеткен іздері түн қараңғылығына сіңіп жоғалады».

Жазушы табиғат құбылыстарын жай суреттеп қоймай, оған жан бітіруге, адамдандыруға, теория тілімен айтсақ антропоморфизм тәсіліне жүйрік. «Міне, қанатын кеңге жайған қара түнде бар алапты қымтай басып жатыр. Әлде нені күтінгендей іштен тынған тымырсық түн құшағында қалғыған Үш шоқы баурайы тамыздың тамылжып барып сарқылған соңғы сәттерінің енді бірер жетіде қоңыр күзге ауысарын аңсаған кейіпте ме дерсің. Анда-санда жерден бауырын көтерген ескек жел екпіндей соғып барып тына қалады. Ол да күшіне толық еніп болмаған болбыр, босаң қалыппен қимылына қимыл қоса ширап, шиыршық ата алмаған халде. Ысқаяқтана соғар желтоқсан желіне жетіп, қолтық ашып, қосақталғанша көрер күнім осы дегізгендей ». Бұл жерде табиғаттағы кәдімгі жел адами образ күйін бастан кешіріп тұр. Айта берсе романда мұндай көркемдік компоненттер артылып жығылады.

Байлықты ғана мұрат тұтқан, «Малға достық мұңы жоқ, малдан басқа, Аларында шара жоқ аңдамасқа », - деп Абай жырлайтын әділетсіз, тасыр қоғамның трагедиясы бұл. Тіпті мыңды айдаған Қасым мен Тасымның да өз трагедиясы бар. Қарақшылар атаманы аталған Сәттің басындағы трагедия ше?! Бір қайғыны қозғасаң, мың қайғыны қозғайсың. Шығарма табиғатындағы трагизм осылай жалғаса береді. Қансоқта қоғамның қансоқта іздері кейіпкерлер тағдырына өшпес таңба қалдырады. Романның лейтмотивіне сұранып тұрған: «Сұрасаң менің атым Кенже батыр, Соңымда қансоқталы ізім жатыр» - деп Кенженің өзі жырлағандай, романның «Қансоқта» аталуында осындай сыр бар. Қалай айтсақ та үлкен бір іс бітті! Төлеген Қажыбайдың шығармашылық шабытынан туған бұл туынды оның соңғы жылдарындағы прозадағы зор табысы деп білеміз. Туынды көпшілік оқырман қауым мен әдеби орта тарапынан жылы қабылданып, көп сүйіспеншілігіне бөленеріне үлкен сенімдеміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар