Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Қаратаудың басынан көш келеді...

31.08.2022 2914

Қаратаудың басынан көш келеді 14+

Қаратаудың басынан көш келеді - adebiportal.kz

Қарға тамырлы қазақтың өткенін зерттеп, ұпайын түгендеп, тарихи  роман төңірегінде қалам тербеген жазушылардың бірі де бірегейі – Қабдеш Жұмаділов. Қабдеш Жұмаділовтың «Соңғы көш», «Дарабоз», «Тағдыр», «Таңғажайып дүние» секілді роман-хамсалары бұл күні қалың оқырманның көңілінен орын алып, ықыласына бөленді. Сонау XVІІІ ғасырдағы қазақ даласының өткенін толғаған жазушының шоқтығы биік шығармаларының бірі – «Дарабоз» романы. Романда жалпы қазақ өмірінің тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, тарихи оқиғалары суреттелген. Қабанбай батыр жайында жазылған бұл шығармада қазақ батырларының образы, ақсақалдар, хандар мен уәзірлер, билер сынды тұлғалар басты кейіпкерлер ретінде алынып, қазақ тарихындағы оқиғаларды өрбітуге үлкен ықпалын тигізген. Бұл турасында филология ғылымдарының кандидаты Дінислам Болатханұлы былай деп баға берген екен: «Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» дилогиясында көтерілген мәселе, қозғалған тақырыптардың барлығы дерлік сол заманның көрінісін сипаттаған көркем шығармалардың бірі. Бұл дилогия қазақ тарихын әдебиетпен ұштастыра білген көркем шығармалардың қатарына жатқызамыз». 

Қабдеш Жұмаділов батыр бабамыз Қаракерей Қабанбайдың тарихи тағдырын сипаттап, образын шебер айшықтап, өзге де кейіпкерлерді суреттеу барысында ерекше әдіс-тәсілдерді қолданған . Расында да қазақ даласында өмір сүрген дара тұлғалардың бейнесін жасау кез-келген жазушының қолынан келе бермесі анық. Ол үшін қаншама тарихи оқиғалардың зерттеулері мен тың ақпараттардың да қажет екендігін білеміз. Шығарма сонау Абылай ханның дәуірі сипатталатын қазақ даласының бір арнаға тоғысқан жылдарын сипаттайтын уақыт кеңістігін қамтыған. Шығарма Бұқар жыраудың Абылайға айтқан сыни өлеңінен бастау алғаны тегін емес. Абылай ханның дәуірі қазақ далсының біріккен дәуірі десек, енді бірінде қазақ даласының күйреуге шақ қалған заманымен тұспа-тұс келген уақыты. Сонау Әбілқайыр кезеңінде қазақ даласын Ресей жеріне қосып, бекіністердің қазақ даласында салынып жатқан тұсын суреттеген кезеңдерден бастау алады. 

Соғыс дәуірінен кейінгі жазылған шығармалардан тарихи оқиғалардың баяндалуы, қазақ тарихының ұлттық санасы сынды ой-пікірлерді қозғап, қазақ әдебиетіне тарихи роман атты атаулармен шығарған жазушылардың туындылары жетерлік. Алайда, Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» шығармасы бұл шығармалардан өзгеше екендігін танытты. Бұлай деуіміздің басты себебі, «Дарабоз» дилогиясы соғыс дәуірінен өткен жаңа заманда жазылған шығармалардың бірі. Шығармалардағы кейіпкерлердің түгендеу мақсатында Әбілмәмбет ханның ордасында жиылып жатқан хан кеңесінің отырысында келген адамдардың, бүгінде халық тұлғаларының басын бір арнаға біріктіреді. Шығармада Абылай, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызабй, Малайсары, Сырымбет, Байғозы, Батыр Баян, Әйтеке би, Қазыбек би, Төле би, Бұқар жырау, Барақ, Әбілқайыр, Жәнібек және тағы да басқа бүгінде қазақ тарихынан да, әдебиетінен де ойып тұрып орын алатын дара тұлғалардың бейнелері суреттелген. Осыншама бейнені ашып, шығармаға арқау етудің өзінде де жазушының ұлт тарихын ерекше білетін, зерттеу жұмысымен қатар алып жазылған шығарма екендігін бірден аңғарамыз. Қазақ даласында осы уақыт аралығында жазылған шығармалардан қарағанда батырлардың, хандардың бейнелері толық ашылған шығармалардың бірі осы «Дарабоз» дилогиясы. 

«Дарабоз» дилогиясында суреттелген хандардың бейнесі шығарманың негізгі объектісі ретінде көрініс табады. Абылай ханның тұсында ел билеу, жалпы халық өмірінің сипаттамасы ерекшеленіп суреттелгені рас. Қазақ қоғамында Абылай ханның үш жүздің басын қосып, қазақ даласын бір арнаға жинап, ел басқаруындағы ерекше әдіс-тәсілдердің қолдануының барлығы да ханның көрегендігінде, оның текті жерден шыққан адам екенін көрсетеді. Бұл турасында филология ғылымдарының докторы Рахманқұл Бердібайұлы Бердібаев: «Абылай хан тұсындағы ел билеу кезеңін «Алтын дәуір» деп атаудың өзі тегін емес. Күллі қазақ даласын бір жерге жинап, біріктіруінде Абылайдың бейнесі азаттықтың, еркіндіктің бейнесі іспеттес», - дейді. Әбілмансұрдың хан тағына отыруына дейінгі кезеңдерде ерекше ықпал жасаған Төле бидің өзі еді. Кезінде түрінің кескініне қарап, «Сабалақ» деген атауды қойып, алайда баланың тегін жерден шықпағанын байқаған адамның бірі де осы Төле би. Оның хан тағына отырғанынан бастап саяси оқиғаларға араласуына да үш бидің септігі көп тиген. Төле бидің шығармада «кәрі тарлан» деп атауының өзі де тегін емес. Қазақ даласында өрбіп отырған әрбір саяси оқиғаға өзіндік баға беріп, ел арасындағы дау-дамайды ушықтырып алмай бір бағытта ұстап отырған Төле бидің төрелігінде де ерекше сарын мен ерекше сипат байқалады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айта білетін Төле бидің портреті шығармада ерекше ашылып, «кәрі тарлан» атты есім беріледі. Шығармада Төле би образының ерекше екендігін Қабанбай батырдың сөздерінен аңғарамыз. Ел арасы жаудың қолында тұрған уақыттарда қайтсек ел боламыз деп қол жинап отырған бидің сөз бастауы және батырлардың ой-пікірлерін біртіндеп тыңдауының өзінде де көреген адам екенін бірден аңғара аламыз. Қабанбай батырдың «Әз-Тәукенің алдын көрген адамның алдында не дей аламыз?!», - деуінің өзінде де Төле бидің сонау Тәуке ханның тұсынан бері төрелік етіп жүрген қызметін анық байқаймыз. 

Қазақ ауызында есімі қалып кеткен қазақ топырағынан шыққан Абылай ханның Әбілмансұр болып жүрген тұсы, Абылайлап жайға шапқандығы шығармада былай суреттелген: «1730 жылы Аңырақай шайқасында он сегіз жасар Әбілмансұр жекпе-жекте қалмақ ханзадасы Шырыштың басын алып, Абылайлап жауға шапқанда, белгісіз балаң жігітке жұрт назары бірден аударылған. Әбілмансұр осыдан-ақ Абылай атанып, оның ерлігі көпке дейін сөз болып жүрді». Әбілмансұр деген азан шақырылып қойған есімін Абылай деп өзгертуі осы оқиғадан бастау алған. Абылайдың тарихи тұлға ретінде қалыптасуы Үмбетей мен Бұқар жыраулардың деректеріне сүйенсек, жиырма жасында атқа мініп, жауға шапқан баланың бейнесін сипаттаған. Осы бір аласапыран уақыттарда қазақ даласына қауіп төндірген жоңғарлардың басын алып, есімі қазақ даласына жайылған Абылайды орта жүздің сұлтаны қылып сайлайды. Осылайша ол саяси қайраткердің нақ өзі болып шыға келеді. Саяси оқиғаларға етене араласқан Абылайдың өмір жолы қиыншылық пен қызықты шақтардан құралған. Хан сайлау, ел басқарудың өзінде де ерекше салт-дәстүрлер сақталған. Ақ киізге көтеріп, елдің алдында хан сайлау, оны барша жұрт құп көрудің өзінде де феодалдық қоғаммен қатар, демократиялық қоғамның басталу нышаны бар. 1771 жылы Әбілмәмбет қайтыс болғаннан кейін хан тағына талассыз отырғандардың бірі Абылай болды. Расында да қазақ тарихында таққа таласу, өз басының мүддесін ойлаған басшылардың да болғаны рас. Десе де, қазақ даласында сұлтандық қызмет жасап жүрген Абылайдың ел үшін жасаған еңбегін ескере отырып, талассыз хан тағына ұсынған тұсы шығармада былай бейнеленген: «Әбілмәмбет Алаштың алтын тағын көзге күйік қылмай, Абылай аман-есен тұтқыннан босап елге оралғанда, соған бергісі келген. Бұл тілегін сонан бері де сан рет қайталады. «Тақ мұрагері – Абылай» деп жария етіп қойғалы қашан». 

Жазушы Абылайдың бейнесін ашуда қазақ даласына кезінде Сабалақ атымен  танылып, кейіннен төре тұқымынан шыққан Абылайдың портреті шығармада былай суреттеледі: «Отыз жеті мүшелін биыл ғана толтырған, тұла бойында артық ет жоқ, бірақ сүйегі тұтас, сіңірлі келген, сұңғақ бойлы Абылай үстіне өңіріне інжу төккен қызыл қамқа шапан, басына сол түстес айыр қалпақ киіп, қос жанарын манағы бір ноқаттан айырмай, қадала қарап отырған-ды».. Осы бір жолдардан жолдардан жазушының көркем тіл шебері екенін бірден аңғара аламыз. Абылайдың бейнесін қыл қаламмен емес сөзбен көркемдеп салудың өзінде де жазушының тұлғалық бейнені ашуда портретті негізге алуында да үлкен себеп жатыр. 

Сонау Алтайдың арғы жағында қазақ даласына оқуға келген жас баланың ел тарихын зерделеп, тарихи романдарды жазу барысында жасалған әрбір істерінің өзінде де қазақ әдебиеті мен тарихында есімі алтын әріппен жазылатын тұлға екендігін білеміз. Қазақ тарихи романдарын жазу кез-келген жазушы бара бермейтін күрделі, соқтықпалы жолдардың бірі. Тарих беттерінде тұмшаланып қалған шындықты бетіне шығарып, ел назарына ұсынудың өзі де қазақ әдеби сыншыларының да назарына ілінері рас. Алайда, соы қиыншылықтарды өткеріп, оқырманның жүрегінен орын алған осы бір шығарма ел тарихын жетік түсініп, меңгеруіне үлкен септігін тигізген. Қабдеш Жұмаділовтың бір сұхбатындағы «Қабанбай батырды өлтіргенде қатты жыладым», - деген тұсының өзінде де жазушының шынайы бейнені жасауда кейіпкерлердің орындарына өзін сөйлетіп, өзі сол заманда өмір сүргендей етіп шынайы жазуы бүгінгі таңдағы «Дарабоз» дилогиясының өміршең екендігін тағы да көрсетеді. 

Қара халықтың қалың көпшілігі сол дәуірде соғыс шеберлігін жеткілікті түрде түсіне бермейтін халықтың бейнесі суреттелді. Шығармада кездесетін мынадай жолдардан қарапайым халықтың бойында біткен өжеттілік қасиетінің басым екендігін тамашалай аламыз: «Сойыл ұстауға жарайтын бырыңғай еркек кіндік түгел аттарына мінген: қолдарында көптен бері сандық түбінде жатқан қылыштары, екі жүзді айбалталары. Кейбіреулері жаяу. Бұл жиналған еркектер жауға шауып жүрген жауынгерлер емес, қаланың тұрғын халқы, көптен бері қару ұстауды ұмытып кеткен ұста, диқан, шәкірт, мүрит, қожа, молдалар»

Осыдан екі ғасыр бұрынғы қазақ даласының жағдайы әлдеқайда тыныш өмірінің бастауы еді. Үміттің жетегінде ерген әрбір қазақ баласының артар үміті мен көтерер жүгінің мол екендігін олар көшіп келген сәтінен бастап білген еді. Жан-жақтан торуылдаған жаудың адамдары қазақ даласына келіп төнген қасіретпен тең еді. Расында да басынан қаншама бұлтты күндерді өткеріп, қайтсек тыныш өмір сүреміз деген арманының бастапқы жолында ел басқарар адамдардың тұратыны белгілі. Шығармада кездесетін осы бір шешімнің жолын іздеп, қалың ойдың шырмауында отырған кейіпкер ретінде Бұқар жырау суреттелген. Абылай ханның ақылшысы, елдің төрелігін айтатын осы бір жыраудың қазақ даласына берген үлкен сый іспеттес. Үш жүздің басын қосып, ел бірлігін тығайту жолында Абылай ханға ақыл айтып, бағыт-бағдардың негізін ұсына білген де осы Бұқар жырау еді. Абылай ханның дәуіріндегі қазақ жұрты әскери әдісс-тәсілдерді жетік меңгеріп, ерлерінің барлығы дерлік атқа қонып, жау келсе сақадай сай тұратын дәрежеге жетті. Бұл, әрине уақыт аралығындағы қажеттілік болып саналды. Өз ұлтын, өз жерін және өзінің отбасын жаудың қолына бергісі келмейтін қазақ даласының еркек кіндіктерінің атқа қонуы қанымызда жатқан ерліктің асып тасығаны деп түсінеміз. Қазақ сонау ел боламын деген уақытынан бастап-ақ өзінің бойына ерлік, өжеттілік, алғырлық сынды қасиеттерден арылмай келеді. Бұл бүгінгі тәуелсіздіктің ақ таңының нәтижесі деп білеміз. Өзге елмен қанды қырғын шайқаста көз алдына ойнақтаған баласы мен нұрына балаған жан серігі, ақ батасын беріп, үйінде күтіп отырған ата-анасы мен туыстарының бейнесі әр батырдың ерлік жолында жеңіске жетуіне үлкен септігін тигізді. Қазақ халқының бұл уақыттағы тұрмыс-тіршілігі сонау «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» дәуірінен тәп-тәуір кезеңдерінің біріне айналды. Ел тыныштықта өмір сүрмесе де, қолбасшылардың бірігіп, елді бір арнаға жинауының өзінде де жауды жеңіп шығуына үлкен ықпалын тигізгенін байқай аламыз. Ерте замандарда қазақ даласында болған жазу мен таңбалар ұмытылғанымен, бабалардың егемендік жолындағы асқақ арманы әлі күнге дейін жалғасын тапқан уақыт кеңістігін қамтыған шығармада алуыздық та, достық та, елдік де, ерлік те бар. Шығармада халық өмірінің жалпы сипаттамасын Бұқар жыраудың айналасында жүрген монологынан анық байқауға болады. Ішкі сезімімен арпалысып жатқан жыраудың түпкі мақсаты ел боламыз деген арманының бір мезетте өшіріп алмау және сыртқы елдермен қақтығыстарда қалай өз елін сақтап қалу жолдарын қарастыру болып саналады 

Осы бір аласарыпан кезде Әбілқайырдың Ресей жеріне қосылып, бағынышты болуға келіскен тұсы шығармада ерекше сипат алған. Шығармадағы Әбілқайырдың мінезінің басым көпшілігі екі жақты сипат алады. Алғашқы сипаты өзінің мүддесін ойлау болса, енді бірі қазақ халқының болашағына алаң болуында шығар, бәлкім.. Көшпелі халықтың өмір салты осы тұстан бастап күрт өзгерген заман болды. Мал шаруашылығынан гөрі отаршылдық саясатты мықтап ұстана білген алып империяның қазақ жеріне үстемдік етті. Тарих деректеріне сүйенсек, Әбілқайырдың ел басқару саясатында өз басының қара қамы үшін жасалды деген тұстары көп болғанымен, бүгінгі тарих ел мүддесі үшін жасалған іс-әрекеті екенін растайды. Ресей жеріне қосылмағанда қазақ халқы бүгінде жойылып кетер ме еді. Даралығын дәлелдеген осы бір ханның шешімі бүгінде тәуелсіздікті сый қылып берген Тәңірінің көмегі ретінде қабылдағанымыз жөн. Қазақ даласына соғыс өнерінің ене бастаған тұсы да осы Әбілқайырыдң кезеңінде бастау алды. Ресей жерінің таңғажайып соғыс өнерінің негізін көрсету барысында Неплюевтің қазақ даласына келуімен тығыз байанысты. Әбілқайырға ас берер шағындағы Неплюевтың астың алдында көрсеткен соғыс өнерінің таңғажайып тұсына халық дән риза болып көргені жайында шығармада әсерлі суреттеген. Ат үстінде беліне бес қару асынған қазақ батырларының жаңадан көрген соғыс өнерін бақылауы өте ерекше еді. 

Заманның қилы кезеңдеріне қарамастан қазақ тарихын қағаз бетіне түсіріп, шындықтың айнасын ел назарына ұсынуға әркімнің жүрегі дауаламасы анық. Расында да тарих қойнауында қалып кеткен жасырын оқиғаладың барлығын тірілту, бұрмалармай шындықтың бейнесін шығару әрбір жазушының қолынан келе бермейтін үлкен ерліктің бірі. Осы тұрғыдан алып қарағанда Қабдеш Жұмаділовтыңатқарған еңбегі ересен. Туған ұлтының өткені мен бүгін терең түйсіне алар ұрпақ қана оның болашағына алаң болары даусыз. Ендеше сонау тарих соқтақтарына қарамастан жазылған бұл шығарманың өміршең әрі мәңгілік екеніне сеніміміз кәміл.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар