Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Қарт қаламгермен сұхбат...

26.02.2024 1724

Қарт қаламгермен сұхбат 14+

Қарт қаламгермен сұхбат - adebiportal.kz

24 ақпан күні Астана қаласының жанындағы Қараөткел ауылында тұратын ақын, жазушы, сыншы, журналист Яки Ілиясұлы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды. Сексен жеті жастағы қарт қаламгерге мүшелік билетті Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлы табыстады. Одаққа мүше болуымен құттықтай отырып, қаламгермен шығармашылық жолы туралы сұхбат құрған едік.

- Яки аға, аманшылықпен абыз ақсақалдық жасқа жетіп отырсыз. Осы орайда өмір жолыңыз, шығармашылық қызметіңіз туралы қысқаша тоқталып өтсеңіз.

- Рақмет, балам. Мен 1937 жылы Монғолияның Қобда аймағы Шұбарайғыр уәлаятының Шұбарайғыр сұмынына қарасты Баянғол өлкесінде (қазіргі Баян-Өлгий аймағының Бұғыты сұмыны (ауданы) дүниеге келіппін. Балалық шағым замана ағымына байланысты ауырлау болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың уақыты ғой. Тоғыз жасымда мектеп табалдырығын аттадым. Біздің ауылда жыр-қисса айтатын адамдар көп еді. Солардың бірі – Монғолия қазағына белгілі айтыскер ақын, жыршы  Оңашыбай Ірбітұлы еді. Оңашекеңнің айтқан қисса, дастандарын көп тыңдадым. «Шәкім-Шәкірат», «Қали арыстан мен Дариға қыздың көрісі», «Сал-сал», «Зарқұм» т.б. дастандар мен батырлық жырларды, қырғыздың «Манасын» т.б. жастай тыңдап, үлкендерге оқып беріп өстік. Осының өзі біздерді әдеби әлемге жетелегіне анық. Мектептен кейін әуелі техникум бітіріп орман технигі мамандығын игердім. Мамандығым бойынша алты жыл жұмыс істедім. Кеңес Одағында орман инженері мамандығы бойынша оқуға баруым керек еді, оған зауқым соқпады. Жасымнан әдебиетке бейім болғандықтан, 1960 жылдан бастап газет-журналдарға өлеңдерім, әдеби-сын-пікір мақала, очерктерім басылып, оқырмандарға таныла бастадым. Осы тұста аймақтық партия комитеті мен әкімшіліктің органы «Жаңа өмір» газетіне әдеби қызметкер қажет болып, таңдау маған түскен екен. Осылайша 1968 жылдан «Жаңа өмір» газетінің әдеби қызметкері болып жұмысқа кірістім. 1972 жылы Партия жоғары мектебінің журналистика факультетіне түсіп, 1976 жылы бітіріп шықтым. «Жаңа өмір» газетіне жауапты хатшы болып орналасып, 1981 жылы редакторы болып тағайындалдым. Газет редакторы Журналистер одағының аймақтық бөлімшесі басшысын қоса атқаратын еді. Осы қызметтерді 1991 жылға дейін атқардым. Бұдан соң аймақтық баспа өндірісінің іс-қызметіне атсалыса жүріп, 1997 жылға дейін жұмыс істедім. Баспасөз саласындағы еңбегім жеміссіз болған жоқ. Біршама атақтар мен марапаттарға ие болдым.

- Журналистік қызметте жүріп әдебиетпен алаңсыз шұғылдануға мүмкіндік бола бермейтіні рас қой. Дегенмен де шығармашылық жолыңызға көз жүгіртсек, бірнеше көркем әдеби кітаптарыңыз жарық көрген екен...

- Мен Моңғолия жазушылар одағының мүшелігіне 1979 жылы қабылданған едім. Себебі 1960 жылдан алғашы өлеңдерім, 1962 сын-рецензияларым газет-журналдарда жарық көре бастады деп басында айттым ғой. Алғашқы өлеңдер мен поэмалар жинағым «Дала перзенті» деген атпен 1969 жылы жарық көрді. Бұдан соң әр жылдары «Көңіл көктемі», «Шұғылалы таң», монғол тілінде «Цоорын эгшиг» («Сыбызғы сазы» көркем әдеби жинақтарым оқырмандарына жол тартты. Атажұртқа оралғаннан кейін де шығармашылық жолымды жалғастырдым. Таңдамалы өлеңдер мен поэмалар, дастандар, аудармалар топтастырылған «Өлеңім – өмірім», мемуарлық туындым «Өмірімнің белестері» және сын-рецензиялар, журналистік сапарлар, библиографиялық анықтамалықтар қамтылған «Журналистік жолым» кітаптарым жарық көрді. Қазіргі күні де қаламды қолыма жиі алуға тырысамын. Бұл маған үлкен күш береді.

- Монғолиядағы қазақ әдебиетінің сын жанрын қалыптастырып дамытушы ретінде әрдайым өзіңіздің есіміңіз аталады. Сын жанрына қалай келдіңіз?

- Сын – күрделі жанр ғой. Оған бару үшін теориялық дайындық қажет болады. Әдебиет сынымен айналысу үшін әдебиеттанудың негізгі үш саласы – әдебиет теориясын, тарихын, сынын барынша оқып үйрену қажет қой. Сыни дүниелерді ертеден жазып жүрсем де осы тұрғыда біршама еңбектенуге тура келді. Әуелі монғол тіліндегі М.Гаадамбаның «Утга зохиолын онолын товч» («Қысқаша әдебиет теориясы») еңбегінен бастап, орыстың әйгілі сыншысы В.Г.Белинский, В.В.Кожиновтардың т.б. туындыларын оқып-үйренумен болдым. В.Г.Белинскийдің «Сын мақалалар» кітабы, М.Горькийдің 1984 жылы басылған «Әдебиет туралы» естеліктер мен мақалалар жинағы әдебиет сынымен шұғылданатын қаламгерлер үшін өткен дәуірдің құнды еңбектері еді.

- Атажұрт Қазақстанда өткен ғасырдың екінші жартысында әдеби үдерістерге үн қосып, сын жанрының дамуына үлес қосқан белгілі сыншылар қосыны қалыптасқаны белгілі. Олардың да сыни еңбегімен таныс болған шығарсыз?

- Әрине. Қазақстанда басылып шығатын «Жұлдыз» журналын, «Қазақ әдебиеті» газетін тапсырып алдырып, ондағы әдеби-сыни мақалаларды үнемі оқып, Атажұрттағы әдеби үдерістен әрдайым хабардар болып отырдық. Қазақша әдебиет сыны бойынша академик Зейнолла Қабдоловтың 1976 жылы басылған «Сөз өнері» кітабы болды. Маған ғана емес, барлық қазақ әдебиетшілері үшін таптырмас құрал болғаны күмәнсіз. 

Әдеби-сыни рецензияларым Баян-Өлгийдегі «Жаңа өмір» газетінде, «Шұғыла» журналында жарық көріп тұрды. Дегенмен менің жазған сын-рецензияларымның тең жарымы сол уақытында жарық көрмеген екен. Осы күндегідей тым болмағанда әлеуметтік желілерге жариялау мүмкіндігі жоқ, әрі мұндай дүниелерді барлық адам бірдей оқи бермейтіндіктен, газет-журналдардың мүмкіндігі шектеулі болуы т.б. себептермен түсіндіруге болады. Жалпы сын жанры – ауыр еңбекті талап етеді. Сын жазу – көп уақытты талап етеді. Әсіресе прозалық роман, повесть қатарлы көлемді шығармаларды оқып талдау – оңайлықпен оң жамбасқа келе бермейді. 

Бірқатар сын-рецензияларым 80-жылдар үлесінде немесе газеттің хатшысы, редакторы қызметтерін атқарып жүрген мерзімге дөп келген екен. Осы кезеңге қатысты белгілі ақынымыз Имашхан Байбатырұлы:

Өлеңменен алдамай,

Күміс соғар балғадай.

Сын жазам деп па-па-па,

Газет шықпай қалғаны-ай! – 

деп эпиграмма да жазған еді. Расымен де сынды газеттің қым-қуыт шаруасымен қатар алып жүру оңай емес.

- «Сын», «сынау», «сыналу» деген атаулық ұғымдардың өзінің психологиялық тұрғыдағы салмағы зор. Осы тұрғыдан алғанда сыналушылар сынды қалай қабылдап алушы еді?

- Баян-Өлгийде шығармашылықпен шұғылданған қаламгерлердің арасында менің сын-рецензиялық мақалаларыма ілікпегені тым аз болды десем болатын шығар. Бірақ солардың бірде-бірі: «Мынауыңыз дұрыс емес», - деп қарсы уәж айтпаған екен. Бұл – шамамызша қапысыз, дәйекті сынауға тырысқандығымыздың, әрі сол қаламгерлердің парасаттылығының, сынды түсініп қабылдай білгендігінің арқасы болар деп ойлаймын. Сынайтын шығармалардың кемшіліктерін, түрлі селкеуліктерді нақты фактілермен айқын дәлелдеп, ақиқатпен айту дұрыс деп білемін. Монғолия қазақ жазушылары арасына тұңғыш роман жазған Елеусіз Мұхамәдиұлының «Қобда қойнында», сондай-ақ Шабдарбай Қатшанұлының Өз қолымен», Сіләм Қабышұлының «Ұрпағың үзілмесін», Мағауия Сұлтанияұлының «Ұрпақ тағдыры» романдарындағы және Даниял Дікейұлының «Жетілген жетім» поэмасындағы кемшіліктерді басымырақ көрсетіп сынауыма олардың ешқайсысы наразылығын тудырмағанына ризалықпен басымды игенмін. Негізі сын –шын болса, ол авторға да пайда әкелмесе, еш зияны болмайды ғой. Осыған орай «Сын түзелмей, мін түзелмес», «Сынға сын айтамыз» деген екі мақаламды «Шұғыла» журналына жариялап, сын-рецензиялар жинағыма енгізіппін. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» мақаламда кейбір ақындардың әдеби жинақтарына пікір білдірген қаламгерлердің кітаптағы кемшіліктерге атүсті қарап, бірыңғай мақтай бергендігін сынасам, екінші аталған мақаламда кейбір ақындардың бірыңғай кемшіліктерін тізбелеп, ондағы жетістіктерге тоқталмағандарын, яғни әдебиет теориясы бойынша дұрыс талдамай, жалаң біржақтылыққа ұрынғандарын дәлелдей сынаған едім. 

- Әдебиетті алға бастырар қозғаушы күш – сын ғой. Баян-Өлгийдегі қазақ әдебиетінде сын жанры қалыптасып дамуы өлке әдебиетінің дамуына серпін бере алды ма? 

- Серпін берді деп сеніммен айтуға болады. Баян-Өлгийдегі әдеби сынның нақты өрістеген кезеңі – белгілі ақын Кәкей Жаңжұңұлының Жазушылар бөлімшесінің басшысы әрі «Шұғыла» журналының редакторы болып келуімен байланысты. Осы тұста әдеби сын жаңа форма, тың серпінге ие болды, прозалық кесек тындылар талданып, оқырмандар конференциясы өткізіліп, жаңадан жарық көрген кітаптар мен газет-журналдарда басылып шыққан прозалық, поэзиялық туындыларға шолу жасату дәстүрге айналған болатын. Басуға жоспарланған жинақтарға алдын ала сын-пікір жаздырып, ондағы кемшіліктер түзетілгеннен кейін ғана өндіріске ұсыну, қаламгерлердің мерейтойына арнайы баяндама жасау ісі де жолға қойылған еді. Бұл әрине, сапа мен талғамның өсуіне зор әсер етті. Осы ретте мен 1976-жылы жарық көрген поэзиялық, 1981, 1982, 1984 жылдардың прозалық шығармаларына шолу жасау арқылы сын-пікір білдірумен қатар, Арғынбай Жұмажанұлы, Даниял Дікейұлы, Елеусіз Мұхамәдиұлы, Қабидаш Қалиасқарұлы, Зуқай Шәріпақынұлы қатарлы қаламгерлердің мерейтойлық баяндамаларын әзірлеген екенмін. Коммунистік дәуір, социалистік реализм әдісі дегенімізбен, ол кезеңде қазақ әдебиеті өрлеу үстінде болды.

Кеңес Ілиясұлы мен Яки Ілиясұлы классик жазушы Сәбит Мұқановпен бірге

 

Сын жанрындағы еңбектерім «Қаламгер парызы», «Шеберлік деңгейі» деген атпен жарық көрген болатын. Сонымен қатар өлең-жырларым мен очерктерім Өлгейде жарық көрген онға жуық біріккен жинақтарға енген болатын. 

- Туындыларыңыздың өзге тілдерге аударылуы, жарық көруі жайынан айтып өтсеңіз. Кешегі коммунистік жүйедегі елдер арасында әдебиет пен мәдениеттің өзара байланысы, ықпалдастығы біршама жоғары деңгейде болды ғой. 

- Солай болды. Менің әдеби туындыларым мен сыни еңбектерім Баян-Өлгийден тыс өңірлерде, шетелдерде жарық көрді. Жиақтарға енді. Атажұрт Алматыда жарық көрген «Бозіңген» жинағына, Ресейдің Горно-Алтайск қаласында алтай тілінде шыққан «Дружеский привет» жинағына енген болатын. Монғолиядағы қазақ ақын-жазушыларының туындылары монғол тілінде жарық көріп тұратын. Осыған орай Ұланбатыр қаласында басылған «Алтайн уянга» («Алтай әуендері»), «Өлгийн зохиолчдын бүтээлийн дээжис» («Баян-Өлгий қаламгерлері туындылары үлгілері») жинақтарына өлеңдерім енген. Өлгей қаласында жарық көрген «Монголын шилдэг яруу найраг» («Монғолия поэзиясының антологиясы») жинағына енген жеті қазақ ақынының бірі болған едім. Осы кітапты өзіме сыйлаған Партия мектебінің журфагін бірге оқыған курстастарым мен курс жетекшісі Даваажав деген оқытушым кітап мұқабасына былай деп лебіз қалдырған екен: «І.Яки сіз Монғолияның таңдаулы ақындарының қатарына еніп, талантыңыздың айғағы – бірқатар өлеңдеріңіз осы кітапқа басылып, оқырман қауымның ықыласына бөленгеніңізді біздер мақтаныш етеміз. Мына кітапты курстас достарыңыздың атынан естелікке ұсынамыз. Қолтаңбамызды өзіңіздің өлеңдеріңіз басылған бетке қалдырдық» 1981 жылғы шілденің 20-сы.» Қолтаңбасын қалдырғандардың арасында курс старостамыз, кейіннен Монғолияның мемлекеттік сыйлығы иегері атанған әйгілі ақыны Дөнгөтийн Цоодол бар еді. Осы ақынның «Нұрлы әлем» өлеңдер жинағын қазақ тіліне қазіргі Монғолияның Халық жазушысы Шынай Рахметұлы екеуіміз аударып жарыққа шығарған едік.

- Көркем поэзия, проза, сыннан өзге әдебиет жанрларына қалам тарттыңыз ба?

- Аудармамен біршама шұғылдандым. Монғолияның классик жазушысы, ақын Сормуниршын Дашдооровтың «Говийн өндөр» роман-дилогиясын қазақ тіліне «Сахара сандалы» деген атпен аудардым. Осы автордың «Монғол» поэмасын да қазақша сөйлеттім. Жаңа заманғы монғол әдебиетінің негізін салған классик ақындар Д.Нацагдорж, Ц.Дамдинсүрэн, Б.Явуухулан, Ч.Чимэдтердің көптеген шығармаларын қазақ тіліне аудардым. Олардың кейбірі жеке кітап ретінде жарық көрді, кейбірі жинақтарға енді. Кеңес Одағының маршалы М.В.Захаровтың «Шығысты азат етудегі зор міндет» кітабын, сонымен қатар генерал-лейтенант А.Н.Грылевтің, Н.В.Ерониндердің тарихи очерк еңбектерін аударып бастырдым. 

- Қазіргі күні әдеби шығармашылықпен шұғылданып жүрсіз бе?

- Шұғылданып жүрмін. Біздің дәуірдің адамдарының көбі кетіп қалды. Олардың мерейтойлары атап өтіліп жатады. Міне осы кезде ұрпақтары әкелерінің, аталарының, жерлестерінің рухани дүниелерін іздеп, жоқтап жинақтап жатады. Бізге қызметтес болған, көзін көрген біздерге естелік, мақала жазып беруді өтінеді. Бұл айтқанға ғана оңай, әрине. Қаншама кітаптарды қайталап қарастырып, кезінде қиып алған  газет қиындыларын оқып шығу қажет болады. Ол үлкен күш-жігер талап етеді. Осы бір жыл шамасының өзінде Құрманхан Мұхамәдиұлы, Кәкей Жаңжұңұлы, Қабдай Мысаханұлы, Берімбай Ысқақұлы қатарлы аға буын мен өзім қатарлы қаламдастар жайындағы естелік талдау мақалаларды жазып ұсындым

- Сізді әндерді көп біледі дейді. Осы туралы айтып берсеңіз?

- Иә, жасымнан солай болды. Жетпіс жылдығымда сол әндерден біршамасын айтып едім. Әндердің өзі халық әндері, халық композиторларының әндері, кейінгі авторлық әндері деп үшке бөлінеді ғой, жас кезімізде жүздеген әнді айтатынбыз. Ол замандағы халықтың әнге, күйге, жалпы әдебиет пен өнерге деген ықыласы ерекше еді ғой. Шамасы жүз сексендей әннің мәтіні мен әуенін білетінмін, айтып жүретін едім. Қазір кәрілік келгенде әннен де қалдық деуге болады. 

- «Ештен кеш» демекші, тоқсанға үш қадам қалған жасыңызда Қазақстан Жазушылар одағының қатарына өтіп жатырсыз. Сынды айтпағанда, жазған, жарық көрген көркем әдеби туындыларыңыз да баршылық екен. Бұған дейін өтініш беріп көрген жоқсыз ба?

- Көкшетауда тұратын Байыт Жанатұлы деген бірге оқыған қаламдас досым болды. Адамгершілігі мықты, досқа адал, ақкөңіл, сөзге шешен, іскер азамат еді. Ол ғасырдың бас-аяғында маған: «Яки, «Қазақстан жазушыларының библиографиялық анықтамалығы» жаңаланып басылғалы жатқандықтан, тезірек Жазушылар одағына мүшелікке қабылдануың керек. Монғолия Жазушылар одағы мүшесін Қазақстан жазушылар одағына кедергісіз ілестіруге тиісті ғой. Осындай ақын-жазушыларды мүшелікке дереу қабылдаған», - деп кеңес берген еді. Осыдан кейін үш рет өтініш берсем де, түрлі кедергілерге жолығып кешеуілдеумен келген едім. Қалам ұстап әдеби туынды жазуымен шұғылданғанның бәрі Жазушылар одағында болуы тиіс деген міндет, мақсат болмаса да, қазақтың қабырғалы классиктерінің ізі қалған, тарихы бай ұйымға мүше болудың өзі қаламгер үшін үлкен жауапкершілік екендігі сөзсіз.

- Сұхбаттасып, ой бөліскеніңіз үшін рақмет, аға. Ұрпақтарыңыздың, халқыңыздың ортасында амандықта жасай беруіңізге тілектеспіз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар