Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Құдіретке тағзым...

05.07.2023 3272

Құдіретке тағзым

Құдіретке тағзым - adebiportal.kz

Маңғыстауға табаны тиген исі қазақ баласының Бекет атаның басына  соғып зиярат етуі қалыпты жағдайға, тіпті, бұл елдің жазылмаған заңына айналғанына қай заман. Пірімізге тағзым етіп қайту менің де біраз жылдан бергі арманым болғанымен, арнайы келудің оңтайлы сәті осы жолы  түсті. 

Жүдә, туған жеріміздің топырағын құдірет көру бәріміздің де бойымызда бұлқынған риясыз сезім ғой. Мүмкін сондықтан ба екен, батыста өскен жігіттер кие қонған аймақтарын ауыздарының суы құрып мақтап, ертегіге бергісіз әңгіме-хикаяларды шерткенде алғашқыда иланып, кейін, күмәнданып, сенерімді, сенбесімді білмей, екіұдай сезімнің құшағында жүретінмін. Бұл жолғы сапарымда расында да Үстірттің асты-үстінің  әулиелер рухымен тыныстап жатқанына көзім жетті. Тарихы таспен қашалып жазылған мекенді көзіммен көргенімде баһадүр бабаларымыздың айбынын сезгендей аруақтанып, арқам қозып кетті. Кешегі қан майданда намысын таптатпай, жер үшін жанын шүберекке түйіп, жауынқұрттай қаптаған жауларымызды семсерімен сескендірген  батырларды туғызған еліміз бар екені есіңе түскенде кеудеңді мақтаныш сезімі кернеп қоя беретінін несіне жасырайын.  Әйткенмен, елдің елдігін сақтап, мынандай кең-байтақ өлкені  ұстап тұру үшін батырлықтан бөлек,  кемеңгерлік пен  даналық та керек халыққа. Ұлт тарихындағы сондай асқан даналықтың дариясы болған ұлы тұлғаларымыздың бірі – Пір Бекет. 

Ел-жұрты үшін ол –мадақ-мақтаныштың ғана емес, керемет құдіреттің символы. Тіпті, батысқа жолы түскен қонақ атаға құрметін өз дәрежесінде көрсете алмаса, жергілікті жұрт өкпелейтіндей көріне ме, қалай?  Себебі Пір Бекетке тағзым ету, бұл жерде кіндік қаны тамған мінезі мәрт, көңілі дархан халықтың елдігіне көрсетілген құрмет. Өйткені, Бекет ата  қиянатқа қарсы тұрған  -Әділдіктің жоқшысы, күпірлікке жол бермеген - Адалдықтың шырақшысы, қатыгездікпен күрескен - Мейірімділіктің  сәулесі, «парасаттың асқан үлгісін танытып, үлкен-кішіні, алыс-жақынды, дос пен дұшпанды түгел мойындатқан тұлға» (Әбіш), қол бастаған батыр, от ауызды, орақ тілді шешен-би. 

Қыранның қанаты талар қиян даладағы өлкенің алқабын жағалай, қаймағы бұзылмай қалың қазақ отырған елде, әулиеге құрмет, зиярат ету,  басына түнеу, медет сұрау секілді діни сенімімізге байланатын салт-дәстүр ғұрпылары ерекше сақталған. Десе де, сырттан ағылып келіп жатқан саяхатшыл зияратшылардың нөпірі, осы дәстүрдің сипатына басқаша мән бергендей. Қазіргіше айтсақ «брендке» айналған  Ата даңқы  әулие-ғұмырдың тереңіне үңілдірмей, оны түптеп тануға кедергісін келтіретіндей. «Ата» - әулие, басына барған жұрттың көбі сәтімен суретке түсіп, сэлфилетіп қайтқанына мәз болып, тақырыпты бетінен ғана қалқып, тамсанып айта жүретін әңгіме осымен тәмәмдалғандай.  

Жұмбағы шешілмей көңіліміздің алыс түкпірінде қалып қойған сауалдардың жауабын іздеуге ықыласымыздың жоқтығы өзекті өртейтін - ең үлкен өкініш. Қандай да болсын әулиенің басына түнеу әдебі нені білдіреді? Жалпы бабаларымыз атын да дауыстап айтпай құрметтеген асылдарымызға қатысты ғұрып-дәстүрдің ізі өшіп кеткен жоқ па? Кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық мұндай әңгімелердің тұңғиығына біз көп жағдайда бойлай бермейміз.

Қызырмен сұхбаттас болған әулиелерден шапағат іздеу дәстүрі эпостардан басталғанын еске алайықшы.

Маңғыстау мен Қараойы,

Әулиенің бір ойы

Үш жүз сексен әулие,

Қойдай болып күңіренген,

Ұлсыздарға ұл берген,

Қызсыздарға қыз берген,

Жансыздарға жан берген,

Әулиеге барайын

Мойныма бұршақ салайын...

Алпамыс батыр жырындағы бір перзентке зар болған Байбөрі мен Аналық Әзіреті Қаратаудан әулие жағалап шығып, етегін шеңгел сыдырып, жолда көп бейнет көріп, Маңғыстауға да жеткен екен. 

Ал әулиелердің    әулиесінен қалған: 

Бабам Хорасан келдім арасан,

Зиярат етейін деп ісімді сұрасаң,

Мүшкіл ісімді қылғайсың ансан,

Рахым ете көр бабам Хорасан...

Әлінің әулеті Шері Құдасан,

Келген бәлені дәпі қыларсың,

Құл Қожа Ахметке жар боларсын,

Рахым ете гөр бабам Хорасан, - 

деген хикмет оның ықылым заманнан келе  жатқанын растағандай.  

“Әулиенің жатқан жерінде Алланың нұры болады, Алланың нұры бар жерде береке болады, әулиенің басындағы нұрды ғайбаттау, зұлымның көңілінде болады» - деп жазып қалдырған екен, ортаазиялық суфизмнің ірі өкілі әл-Хаким ат-Тирмизи. Осымен біз білетін  тақырыптың да құдығы сарқылғандай. 

Атеист әкелерінен туған, ата дінімізден ажырап қалған жасы жер ортадан асқан бүгінгілерді не бетімізбен жазғырамыз. Өзіміздің де оңып тұрғанымыз шамалы. Құдай біледі, бұл жерге әулиенің басына  Аллаға «шірік» қосып жүрген жоқпын ба деп те шерменде күмәнмен келетіндер жоқ емес шығар-ау, сірә. 

Мен болсам «қайдан келдім?», «неге келдім?» «қайда барамын?» деп мына жалғанның мәңгілік жұмбағын  іздегендердің жанын мазалаған ұстара  сауалдарына жауапты әулиелі мекендерден табатынына шүбәсіз сенемін. Өйткені фәни жалған мен бақи дүниенің шекарасы, өлі мен тірінің арасын торғын перде ғана бөліп тұрған да осы мекен емес пе?! Мұны қазақы танымымыздағы әулие-әмбиелерге қатысты маңызды ғұрыптың өз мағынасында елестете алмағандықтан,  оны бәз баяғы қалпында, толық мағынасында түсінгісі келген пенденің шым-шытырық ойы деп қабылдарсыздар. Ойды ой шырмап, Бекет-сопының жанын түсінбеймін-ау деген кеудеге күдік ұялап әрі  кең тыныстап «Иә, Пірім» деп айта алмайтын дәрменсіздігіме налыған көңілмен Оғландыға қарай жол жүріп келемін. Алла Тағала ізгі ниетімді ескерусіз қалдырмай, тілеуімізге Бекет Ата уәли болып осы жолымызды ашқан шығар деген жұбаныш бойымды тіктетті. Алдымнан ескен самал санамды сергіте түскендей.  Жаныма игі сәуленің нұры төгіліп, ғарыштан жеткен сиқырлы әуеннің жұмбақ үні көңілімді тербеп, әдемі сезімнің құшағында балқып келемін. Рухымен жебеп, Оғландының самал желі емес, атаның мейірімді алақаны маңдайымнан сипап, еркелеткендей болады. 

Киелі тұлғаның ғұмыры туралы біршама жақсы дүниелер жазылса да шын бейнесі, дара қасиеті,  асыл  мұрасының басты сипаты діни тарихымыздан қалтарыста қалып, жадымыздан өшкенін осы сапарда аңғардым. Мен бұл жерде Бекет атаның сопылығы жөнінде айтқым келіп отыр. Мұндай маңызды деректі жалпақ ел мүлдем білмейді емес, көптің хабары бар. Бірақ оны дұрыс қабылдау, түйсіну бүгінгі ұрпақтың маңдайына жазбаған дүние сияқты. Оның қасында Атаның, қазіргі түсінігіміздегі әулие-әмбиелігі етене жақын. 

Бекет Атаға қатысты да біршама еңбектердің ақпараттық маңызы болғанымен,  ғылыми мәні бар жан-жақты зерттелген терең дүниелер әлі жазылған  жоқ. Біз көбінесе Піріміздің тарихи тұлғасын ел арасындағы аңыздар арқылы ғана білеміз. Тоқсаныншы жылдары «Қазақстан» теларнасында жұмыс істеп жүрген кезімде өнертанушы Жарқын (Шәкәрім) ағамның атақты Шәміл Әбілтайдың «Бекет Ата» күйінің тарихын айтып берген әңгімесі есіме түсті. Бұл күй қасиетті Атаның бір әулиелігі жайлы аңызға байланысты туған екен. Аңыз бойынша, Оғланды маңынан бір көш өтсе керек. Көштегі бір түйе жазым болып, құздан құлап төменге ұшады. Түйе үстінде қолына нәресте ұстаған әйелдің ері Пір Бекеттің құрдасы екен. Құрдасы замандасының әулиелігіне сенбесе де, осы қас-қағым сәтте аузына Бекет Ата түсіпті. 

- Ия, Бекет! Аруағыңа 100 құнан қой атадым, - депті. 

Құзды құлдилай іздеп барса, түйесінің жайылып жүргенін, әйелінің баласын емізіп отырғанының үстінен түседі.

Бірақ құрдасы әйелі мен  сәбиін өлімнен құтқарған Бекет Атаны да, уәде берген 100 құнан қойды да ұмытып кетеді.  

Арада біраз уақыт өтіпті. Бір жиында Бекет Ата жаңағы құрдасымен кездейсоқта жолығып қалады. Қолынан шап беріп ұстап алып, 100 құнан қой атағанын есіне түсіреді. Қыпылықтаған құрдасы бұл сөзді Бекет Атаның қалайша естігеніне таң қалыпты. 

- Әңгіме қойда емес, сол сәтте мен сені емес, сәбиіңді аядым, - Бекет Ата. Құтқара көр дегеніңді Алла Тағала естіп біліп, маған аруақты күш бітірді. Сол сәтте құздан құлаған түйені жауырыныммен тосып алдым, сенбесең көр, - деп сөзін сабақтай отырып арқасын көрсетеді. Қараса жауырынында түйенің төрт табанының ізі қалған екен дейді. «О, тоба!», десіп таңырқасыпты мұны естіп, көрген жұрт. Құрдасы кешірім сұрап,  Атаның әулиелігін мойындапты да 100 құнан қойын беріпті. Мұны Бекет Ата мешіт салуға жұмсапты. 

Піріміз туралы мұндай аңыздар көп. Өте көп. Әлімсақтан белгілі, елден ерек болып жаратылған тұлғаға байланысты аңызды халықтың махаббаты туғызады. Айтыңызшы, елі мен жерін жан тәнімен беріліп сүйген абзал жанды, асыл азаматты туған халқының сүймеуі мүмкін бе? 

Әйткенмен, Бекет ата сияқты бірегей құбылысты тануға, қабылдауға аңыз аздық етеді. Төл тарихымызды зерттеу саласындағы ойсырап тұрған олқылықтарымыздың бірі осы. Әлде мұндай «бейнет» бүгінгі таңдағы советтің қызыл  шекпенінен шыға алмаған, қаққан  қазығын жұлып тастауға шамасы келмеген  ғалымдардың зердесіне ауыр жүк пе? Әйтеуір бұл ғана емес барша қазақ жерінде тек қана томпайған моласымен бірге мұрасы да  қалған қасиеттілердің дерегі жабулы қазан күйінде жатыр. Кейде өзіміздің болмысымызды тануға ықпалы бар нартұлғалардың мұрасын алтын тұғырына қондырып тереңінен қазып зерттеп қалың жұртының игілігіне жеткізбеуге барын салатын құдіретті күш бардай көремін. 

Сонымен Оғландыда жатқан Бекет атаның басына жетпес бұрын, Шопан Атаға аялдап, құран бағыштап тілек тілеу ырымы бар екен. Бұны Бекеттің 14 жасында әкесінің нұсқауымен Шопан атаның жер асты мешітіне түнеп, аян алуымен байланыстырған сияқты. Айта кетелік, Шопан Ата-түркі сопы-шейхтарының басшысы Қожа Ахмет Ясауи шәкірттерінің бірі деп айтылады. Аңыз бойынша, Шопан ата Қожа Ахметтің Түркістанда лақтырған асасын Маңғыстау түбегінен табады. Ол аса қадалған жерді үңгіп, жер асты мешітін салады. Құдық қазады, өткен-кеткен жесін деп тұт ағашын егеді. Ел балаларын оқытып, өзі де ғұлама ұстаз атанады. Оның жер асты мешіті жартылай құлаған күйінде әлі күнге дейін сақталған, ел-жұрты оның басына тәу етіп, түнейтін қасиетті орын екен. 

Аңыздағы қасиетті Асаның Бекет атаға да қатысы бар. Хиуадағы Шерғазыхан медресесінде Бақыржан қожадан алған дәрісі аяқталып елге оралар сәтінде Оғыландыға түскен асасын алып, осы жерасты мешіттерін қашап салған екен. Мүмкін, біздің ұғымызда аспаннан түскен аса таяқ болса да, мұның сопылық тұрғысында құпиясы бөлек деп ойлаймын. Мүмкін ұстаздан шәкіртке сопылық дәстүрді, ілім мен құпия-сыр берудің бір белгісі, бәлкім біз түсіне алмай жүрген рәсімі де болар. 

Асаның материалдық санамызбен түсіне алмайтын тағы бір кереметі болыпты. Ата дүние салғанда артында қалған ұрпақтарының алауыздығы себеп болды ма, Аса ұшты-күйлі жоғалады. Күндердің күнінде бір ұрпағының алдынан қызыл түлкі қашып, бұралаңдап барып ініне кіріп жоқ болады. Белуардан інді қазғанда алдынан көк аса шығады ғой. Міне, сол аса әлі күнге дейін ұрпақтарының қолында сақтаулы тұр. Бұл да жақсы ырым. Қасиетті көк аса қолымызда барда, Атаның да қасиеті бір ұланына айналып соғар. Асаға шегенделіп түскен құпияның да сыры ашылар. Сол арқылы қазақы дүниетанымыз өркендеп, дүр жарар. Сол күндерді жаратқанымыз жақындата түссін! Әзірге, Асаға түскен таңбалардың құпиясы анықталған жоқ. Дегенмен, оқымысты молдалардың айтуынша, бұл таңбаларда халықтың болашағы хақында, елді нендей жағдайлар күтіп тұрғандығы жайында сыр бар.  

Қазақы дәстүрімізден өшіп бара жатқан жолының үлкені  – бата алу. Бұл күндері  батасы қабыл аузы дуалылар азайды ма, әлде өзгенің жақсы лепесіне мұқтаж емес, өткеннің жолын керексінбейтіндер көбейді ма басын ашып айта алмаймыз. «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас» деген  сөз біздің елдің баласының басында бары анық. Бірақ Бекет Ата заманында басқаша болатын. Ол жас күнінде ұлы нағашысының ауылына барады. Бұл тама Есет Көкұлының қартайған шағы екен (1667-1766). 

 «Үстіңнен дүбір кетпесін, 

Құлағыңнан сыбыр кетпесін,

Ақ-қараны айыратын боларсың,

Жауды қайыратын боларсың.

Атыңның өзі айтып тұр,

Дүр боларсың,

Еліңе шуақ шашар нұр боларсың, 

Үш жүзге атың шығар Пір боларсың! 

Әттең... екі арада қыр бар-ау» 

деп қайырған кәрі нағашысының ақ батасы қабыл болып, Бекет атаның шапағат-шуағы күні бүгінге дейін басына іздеп келгендердің жүректеріне нұр болып құйылып жатыр. Алдағы уақытта да оған деген халықтың махаббаты үдей түсетініне осы жерге зиярат етуге келіп жатқан адамдардың жыл сайын көбейіп бара жатқан нөпірінен  аңғарғандаймыз. Бұл өлкеде тұратын ел-жұрттың қуанған кезінде де, құлазыған шақтарында да Бекеттің атын ауызға алуы қалыпты жағдай. Осы түбектің тумасы классик жазушы  Әбіш ағамыз мұндай құпияның сыры қарапайым  ғана екенін тамыршыдай тап басып, қалай дәл айтқан десеңізші: «Бекет Ата жаудан елді арашалаған Батыр, дауда әділетті арашалаған Қази, озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған Пірадар, Әлсізге Медет, Күштіге Айбар, Зарыққанға Жебеу, Тарыққанға Демеу, Асқанға Тосқан, Сасқанға Сая, Ұрпаққа Ұстаз, Ұлысқа Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі!»  Біз де заңғар жазушының сөзіне қосыла отырып, рухы асқақ жұртының ақар-шақар шың басындай тәкаппар жүрегінен мәңгілік жәннат тапқан, жақсы заманда да, жаман заманда да Оған деген ел сүйіспеншілігіне  қылау түсіп көрмеген Пірімізге қанша тағзым қылсаң да артық емес деп білеміз. 

Жаратушыдан кие қонған атамыз өз заманында тастан қашап, тауды үңгіп бірнеше мешіт салдырған. Ол туралы ХІХ ғасырда өңірді аралаған шетел зерттеушілерінің алғашқы  жазбаларында кездеседі. Өлкені аралап келген саяхатшы –зерттеуші Э.Эверсман 1821 жылы мынадай жазба қалдырыпты: «Үстіртте таудан қашап жасаған мешіттер, араб, парсы, татар жазуларымен безендірілген. Мұндай ескерткіш зиратты  Бекет Ата төрт жерден қашаған... Оның бірінде қыста, екіншісінде  күзде, үшіншісінде жазда болады екен». 

Бертінде қазақ халқынан шыққан тұңғыш архитектура профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Малбағар Меңдіқұлов осы өңірдің ескерткіш-зираттарын түгендеп, орындарын белгілеп кітап етіп шығарады. Онда: «Бекет ата жер асты мешіті құз-жартас сілемінің мүйіс бұрышынан кеулеп жасалған. Таяу жылдары  мешіт алдынан, мөлшерлеп айтқанда, күн батыс бетіне Бекет-Атаға алтыншы буыннан қосылатын туысы, жергілікті тұрғын Мыңжасар Бектілеуов құдық қазып шығарған. Шеңбер іспеттес мазардың бас ғимаратын көлемі 4,5 метр шамасында алғанда, мешіттің ішкі көрінісі қазақтың киіз үй бітімін елестетеді. Құбыла жақ қабырғасындағы михраб қуысы ғибадат етушілердің дұға оқитын бөлмесі екендігін аңғартады. Бұған шектес батысындағы жарты шеңбер  тәрізді бөлме еденін табалдырық деңгейлестіре төсеген. Зады, бұл мінәжат етушілердің тынығатын орнына арналған. Кең дәліз арқылы көлемі жағынан алдыңғыдан қалыптастпайтын  теріскейіндегі үшінші жайға жалғасады... Есік орнындағы тар ауыз шығысындағы  төртінші құжырамен байланыстырады. Қабырғалары мен төбесі опырылған құжыра еденінен қабыр ескерткіштерінің сынған қалдықтары табылды. Шырақ үшін қалдырылған қуыс қана болмаса, ғимарат қабырғаларынан көркемдік безендірудің нышаны да байқалмайды, әйтсе де өте әдемі, теп-тегіс қашалған...» деп суреттеп жазған. 

«Ақмешіт» деп аталатын, қасиетті жанның ата-анасының мәңгілік тұрағы. Мұнда әкесі – Мырзағұл, шешесі – Жәния, Торғай атты ұлы да, осында. Мырзағұлдың әкесі де осы қорымда деп анықталыпты. Әруақтарға құран бағыштап, дұға оқыдық. 

Бекет Атаның нәубет жылдары құлатылған мешіті 1997 жылы қалпына келтіріп, бір жылдың кезінде жөндеу жұмыстарын аяқтап, зиярат етушілерге түнек үйін салып, айналасын абаттандырады. Бұдан басқа Бекет ата тағы бірнеше жерде мешіт салдыртқан. Бір деректерде оның саны жетеу десе, әзірге төртеуінің орны белгілі. Соның бірі Құлсары қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 66 шақырым қашықтықта, Жем өзенінің оңтүстік бетіндегі өзен жағасына таяу орналасқан. Ақбор төбеде орналасқан Ақмешіт, екіншісі Ескі Бейнеудегі, Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауданынының орталығы Бейнеу кентінен 20 шақырымдай жерде айналасы қоршалған үлкен қорымның ішінде. Мешіттің шығыс жағынан 2 шақырымдай жерде Ақтау-Атырау тас жолы мен темір жолы өтеді. Қарақия ауданына қарасты Оғыландыдағы мешіт, Тобықты ойындағы және Байшағардағы мешіті. Бұл мешіттердің орны табылып анықталған екен. Игіліктің ізінде жүрген ат төбеліндей ғана жанашыр азаматтардың мешіттерді қалпына келіп халық игілігіне айналуына ат салысып жүргені қуантады. Дегенмен, әулиелі жерлерді анықтап қана қоймай кешенді түрде зерттеп, ғылыми бағасын беру қажеттігі бар. 

«Мешіттің төбесіне қарағанда, Темірқазық жұлдызы төбенің дәл үстінде тұрады. Мұны Бекет атаның об­серваториясы болған сияқты деуге болады. Картадан қарап отырып, Ақмешіт, Оғыланды, Байшағыр мешіттерінің арасын түзу сызықтармен қосса, тік бұрышты үшбұрыш шығады, ал Бейнеу мешіті мен Байшағыр мешіттерінің арасын қосса, сол үшбұрыштың биссектрисасы сияқты. Сонда бұл мешіттерді Ата белгілі бір математикалық есептеулермен салдырған жоқ па екен деген ойда қаласыз. Пір Бекет аруағы адамдарға жылан, арқар, аққу болып көрінеді. Бекет мешіттеріне адамдар шын ниетімен келмесе, я болмаса, күнәлі адамдар келсе, жыландар ысылдап шығып, алдарын кес-кестеп жолатпайды. Атаның аспандағы аруағының иесі – аққулар. Оғыланды мешітінің маңындағы тау-тастарда арқарлар мекен етеді.  Зияратшылар жыландарға да, аққуларға да, арқарларға да тимейді, оларға зақым жасамайды, атпайды, ауламайды. Егер зұлымдық жасалса, оларды Атаның аруағы тегін жібермейді» деп жазады филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп.

Мұндағы қасиетті орындар дінімізбен байланысты болған соң, мешіт аталып жүр. Егер әріден ізденсек, оның тек бала оқыту үшін емес, басқа мағынасы да менмұндалап тұрғандай. Белгілі бір уақыт кезеңінде салтанат құрған исламның бір арнасының, сол кезеңдерде өмір сүрген адамдардың дүниетанымын өзі атауымен айтуға да тартыншақтап жүргеніміз өкінішті-ақ.  

Бұл ойымызды тарқатпас бұрын, осы сапарда олжалы болған жайыма тоқталып, Ақмешіттің шырақшысы, Бекет атаның ұрпағы Ислам қажы Мырзабекұлымен кездескенімізді айта кетейін. Асылдың сынығы Исекең көп нәрсені әріден ойлайтын, дүние сырынан жан-жақты хабардар, мінезі байсалды көшелі кісі екен.   Піріміздің осы жерден мәңгілік мекенін тапқан  әкесі мен шешесі, Торғай атты ұлының басына құран оқығаннан кейін шырақшының үйінен дәм татып, әңгіме-дүкен құрдық. Мені бұл кісінің жанкештілігі таң қалдырды. Материалдарды тірнектеп жинап жүріп құрастырған, қалыңдығы кірпіштен де үлкен, көлемі мың бетке жуық «Бекет Ата» атты имандылық-тағылым кітабын қолтаңбасымен сыйлап тұрып Ислам қажы бізге біраз сыр шертті. Бекет Атаның тарихын зерттеу ісімен қажы  ұзақ жылдан бері айналысып келеді екен. 1993 жылы жазған алғашқы кітабы оқырмандар қолына тие салысымен көптеген хаттар алыпты. Әрине, қай кезде де біткен іске сыншы көп. Біреулер мақтаса, екіншілері даттаған. 

Қомақты қалың кітапта еліміздегі барлық басылымдарда жариялағанған, Ата туралы жазылған аңыз-әпсана, ғылыми деректермен бірге ғалымдардың зерттеулері жинақталыпты.  Ислам қажының қырық жылғы еңбегінің жемісі. 

- Қамсүт емген пендеміз ғой, қоспаны қанша шайқап електен өткізіп тазарттым дегенмен жүз пайыз тазармайтындығы белгілі. Сол себепті бұл кітапты қате-кемшіліктен ада деп толық сеніммен айта алмаймын. Әдейі емес (ондайдан Құдай сақтасын) білместіктен қате кетсе әуелі Алла Тағала, содан соң Ата рухы, одан соң қалың оқырман, кейде шабыттың жетегімен артық кеткен тұстар болса, өздеріңнен кешірім өтінемін. Алғашқы кезде Бекет Атаның ғұмырнамасын кәдімгі тарауларға бөлінген роман сияқты етіп жазсам ба деп ойлап едім. Қолда бар деректер шектеулі болғандықтан тағы да ол ойымнан арылып, ойша кезеңдерге бөліп, шағын-шағын тақырыпшалар етіп сомдап шығарғанды жөн көрдім, - деді Ислам қажы далада басталған әңгімені үйдегі дастарханда жалғастырып. 

Бекет Ата туралы деректердің бәрі ықтиятпен жинақталған көлемді еңбекті қолыма ұстап, қуаныштан жүрегім алып-ұшқан көңілмен нән кітаптың беттерін парақтап, білетін мағлұматыма қарағанда білмейтін  мәліметімнің әлдеқайда көп екенін түсіндім. 

1750 жылы туып 1813 жылы дүниеден өткен Бекет ата – Маңғыстауды жайлаған Адай ұлысының аруақты перзенті. Алайда ол тарихта Қосқұлаққа ие Адайға ғана емес, мұсылмандықты ту етіп Қазақстанның батысын мекен еткен ағайындармен қатар алты Алашқа Пір болып өткен. Көршілес түрікмен, өзбек, қарақалпақ бауырларымыз да Бекет Атаны Пір тұтып, аруағына сиынған. Атаның «Кім бұрын сыйынса соны жарылқаймын» деуі де бүкіл мұсылман қауымын ұлтына, не ұлысына қарай бөлмеген әділдігінен болар. Оның осы қасиеті мен ұлан-ғайыр ағартушылығы, батырлығы, емшілігі, көрегендігі, астрологтығы, сәулетшілігі және әулиелігі оны даңққа бөледі. Тағы бір жаңалық: Атаның ғалымдық қасиетке ие екендігі анықталды. 

«Адамды жалғыз сатыда қарап зерттеу обал, оны әр деңгейде, әр мазмұнда қарастыру қажет», - деген екен Қожа Ахмет Яссауи бабамыз. Сол ғұлама-абыз айтқандай: ..Бекет атаны тек діни қайраткер ретінде біржақты бағаламай, оның жоғарыда санамалап өткен әралуан қасиеттерін аша түсіп, ұзақ жылғы зерттеу жұмыстарының қорытындылары – деректер мен дәйектерге, сондай-ақ имандылық, адамгершілікті уағыздайтын шындыққа бергісіз тарихи аңыз-әңгімелерге негізделіп отырып, бүгінгі өскелең ұрпаққа Атаның жан-жақты ғылым және зайырлық қасиет иесі болғандығын баса айтуымыз керек. 

Еңбекті парақтай отырып, құлпытастағы жазулардың аудармасына   көзім түсті. Мұнда Ақмешіт, Ескі Бейнеу және Оғыланды қауымында  жерленгендердің дерегі келтірілген. Солардың  ішінде «Адай руы. Жаналы. Қосқұлақ Бекет софы тайпасы. Жағай баласы Молбай. Жаздырды баласы-інде оп,  Мамай. Тағы бірінде «Бекет софы жиені.1861-де опат.  Санада» деп жазылған, Бекет сұпы баласы Алдоңғар баласы Нурмухаммед молда, 1851.» деген жазулар. Сонымен бірге мақаланың  авторы Мұрат Ақмырзаев «Осы жерде: сырты сегіз тісті іштей сызылған қос шеңбер, тасбих, айбалта түрінде салынған софылық қауым (орден) белгілері кездесті дейді. 

Демек, 1813 жылдары дүниеден өткенінен жарты ғасыр шенінде де Бекет атаның сопылығы дәуірлеп тұрғанының нақты дәлелі. Бертін келе ұрпақтар ауысып, алдыңғы толқын бабаларды зор құрметпен Ата аталуы заңды нәрсе. Алайда арада өткен жылдар, яғни сол замандарда орыс отаршылдарымен бірге келген «татарлану» кезеңі, одан кейінгі құдайсыздар кезеңі Бекеттің сопы атын өшіруге әсер етуі мүмкін. 

Тағы ескеретін нәрсе, Ата өмір сүрген кезең ХVІІІ ғасырдың 1750-1813 жылдар аралығы. Осы ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында патша өкіметінің қолдауымен татар муллалары қазақ даласында исламды әкімшілік жағынан бекітуге арналған саясатты жүргізушілер болды. Орынбор шекаралық комиссиясының мәліметі бойынша, 1851жылы Кіші жүз аумағында, Бөкей ордасында әр рудың басында  113 тен 130 дейін молдалар болған. (Ю.А. Лысенко «Татарский вопрос» в конфессиональной политике Российской империи в Казахстане  (конец XVIII – начало ХХ в.) 

Лысенконың еңбегінде  Оралда 13 873 татар өмір сүріп, 116 мешіт салып, оның 22-сі тікелей Орынбор мұсылмандық діни жиынына қарағаны айтылады. Мұны ауызға алып отырған себебіміз патша әмірімен елге келсе де татар молдаларының да басында сәлдесі, аузында Алласы, қолында таспихы болды. Яғни,  өздері жаулап келген өңірде  атағы жер жарып тұрған, медресе  Бекет сопының артында қалған жазбалары болса Ресейге жөнелтілуі әбден мүмкін ғой. Өздерінің саясатын жүргізгелі келгендерге, жергілікті елдің діни қорғаны болған Бекет Ата мұрасы тәп-тәуір қарсылас. Оның атын өшіріп жібере алмаса да, құбылысты саралауы тиіс.  Ендігі жерде Бекет Атаның бір белгісін Уфа, Қазан архивтерінен іздеген жөн-ау. Әрине, бұл менің көбіміз үшін әлі жұмбақ мәселені зерттеу барысында топшылаған өз пайымым. Төрелігін мүйізі қарағайдай ғалымдарымыз айта жатар. 

Тарихына сырттай қызыққаным болмаса мен дінтанушы емеспін. Бекет Атаның сопылығы туралы ойлағанда, бертінге дейін зікір салып, сопылық жолынан жаңылмаған Ясауи кесенесін ханака етіп сопылар жиналған жерге айналғанын білеміз. Бекет Атаның өзі орта ғасырда жасаған Ясауимен салыстырғанда бертінде өткен. Бірақ аумалы-төкпелі замандарда Бекет сопының ізбасарларының жолы үзіліп қалды деп ойлаймын. Осы арада Ясауи тарихатын ұстаған қожа-сопылар, хазірет-ишандар қысымға түсіп, Қазан төңкерісінен кейін мүлдем жойып жіберді. Осындай теке-тіресте аты ғана жеткен Бекет Атамыздың да тарихы ашылмай қалар ма екен?! 

Айта кету керек, бәріміз де жақсы мұсылман болғымыз келеді. Бірақ ол дегеніміз жеріміздегі дін исламның арғы тарихына топырақ шашу емес қой. Сол ислам мәдениетінің бірі сопылық сөзі соңғы кездері ғана тілдік қорымызға енсе де, әлі де оны түсіне алмай жүрген жайымыз бар. Әсіресе соңғы кездері «сопылар» қуғындалып, одан қалды салафит-вахабисшілердің «ілімі» көкірегімізді кеулегені соншама әулие деп айтудан үркітіп, еркімізден айырып тастады емес пе? Мұның астарында әрине, дін мәселесіне келгенде оң-солымызды ажырата алмайтындай білімсіздігіміз, қауқарсыздығымыз жатыр. Міне, білместің өзі дұрыс таңдау жасауға кесірін тигізіп, жанымызға жақпайтын нәрселердің алдында қауқарсыз етті. Бұл бізге үлкен сабақ болуы тиіс. 

Енді осы жазбалардағы сопы деген кімдер деген сұрақтың жауабын әркім хәл-қадерінше ізденіп табуына мүмкіндік бар. Бұл тек біздің елімізде пайда болған жоқ, бастауы «Тасаввуф» исламдағы діни-мистикалық ағым ретінде зерттеген шетелдік те отандық та ғалымдардың еңбектері бар.  Сопылық тақырыбына кеулеп кетпей, кідіргеніміз сондықтан. Түрік-ислам мәдениетінің бір ұштығын түсіну үшін айтарлықтай ізденіс, дайындық қажет. Айтпағымыз, ел аузында мешіт деп жүрген жерасты орындар «қылует» немесе мүридтер жиналып Аллаға зікір айтатын ханака-жай болуы әбден ықтимал.  

Маңғыстау түбегіндегі жер асты мешіттері осындай сопылық рәсімдерді атқару үшін, бір жаратушы Алламызды үнемі «Лә иләһә иллә Алла» деп зікірмен еске алу, қылуетке түсіп ғибадат жасау, нәпсімен күресіп, жүрегін тазалау сияқты амалдарды орындайтын құпия орыны деуге хақымыз бар. Әдебиеттен шолғанда, Ақтан Керейұлы айтқандай:

«Жамағат жиған алқалап,
Салауат айтқан Аллалап.
Зікірмен зарлап түн қатып,
Нәпсісін шапқан балталап.
Шайтанды сеспен қашырған,
Көкірек көзі ашылған!..»  дейтіндей қасиет тұнған жер. 

Бекет ата Ясауидің шәкірті Шопан атадан аян алса, Қожа Ахмет Ясауи осы ағымның түркітілдес тармағының негізін қалаушы. «Мәдинада Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда Пір Бекет» деп айтылуы да соның белгісі. Бір қызығы, қазақтың барша  діни ұстанымының негізі байланған қазығы іспеттес осы жолдар алғаш рет қай заманда, қай жерде, алғаш рет қай шешеннің аузынан шықты екен деген сұрақ әдебиетші ретінде мені де қызықтырады. Дінтанушылар мен сөз өнерінің ізіне түскендердің құлағына алтын сырға. 

Әулие Бекеттің жас күнінде Хиуада «заманының ұлы сейиді» атанған  Бақыржан хазіреттен білім алған кездерінен көп аңыз жеткен. 

Бірге оқып жүрген шәкірттер Бекетті сынамақ болып, бірін шалқасынан жатқызып, үстіне шүберек жауып, жаназасын оқып бер дейді. Ондағысы тірі адамға оқыған жаназасын мазақтамақ болғаны екен. Бекет сыр білдірмей жатқанның жаназасын оқып береді. Артынан құрбылары орнынан тұрғызып жібермек болып жатқанды жұлқыласа, қозғалмайды. Сонда Бекет: 

- Оны (жатқан мәйітті меңзеп) қозғап әуре болмаңдар, бәрібір ол енді тұрмайды,-депті. Ойнап едік деген шәкірттерге тылсым иесі:

- Мен ойынды қойғалы қашан, деп жауап берген екен. 

Енді бірінде елдің шетіне жау жақындап қалған екен. Сонда Бекет:

- Мен қол бастап бармаймын, бірақ сендерден де қалмаймын. Жау келер тұстағы үлкен сайлардың біріне күні бұрын барып жайылыңқырап тұрыңдар. Жау жақындағанда аққу болып жауға қарай  қаңқылдап ұшамын. Сол сәтте сіздер де қиқулап жауға қарай  атой сала шауып,  төбе басына шыға келіңдер де ат басын тежеңдер, оқ атпаңдар.  Осы сәтте күшті жел соғып тозаң тұрар, аспанға алдын көрсетпес шаң көтерілер. Нәтижеде, сіздердің 50 атты жасағыңыз дұшпанға жердің шаңын аспанға атқан жер қайсықан қол болып көрінер. Олардың ойлануға да мұршасы келмей, құты қашып қаша жөнелер. Қашқан жауды қумас болар. Тағы да қайталап айтамын, өзі бас сауғалап қашқан жауға оқ атып құдай алдында күнәкар болып жүрмеңдер» деп түрікменнің 500 қолын елу адаммен қайтарған екен. 

Осындай кереметтің үлгісін қол бастаған Абылай ханның тарихынан да оқып едім. Демек, жауға қарсы аттанар алдында абызынан ақыл алу да дәстүр екен ғой. 

Әулие Бекет Пір Атаның өмірден өтер алдында халқына айтқан соңғы өсиеті: «Басыма ит сарытып басындырма. Жаттың (жаудың) табаны таптамасын». Әулиенің өсиеті бұлжытпай орындалыпты. Қазір атаның басына баратын жалғыз аяқ соқпақ қана бар. Ол соқпақтан басқа еш жерден пенде баласы маңайлап бара алмайды дейді. Жолдың жеңіл емес екеніне өзімнің де көзім жетті. Бекет Ата пәниден бақиға көшер алдында баласы Бәйтеліге:

- Мен өлген соң сақал-мұртымды  қырық жылға дейін алып тұрарсың. Содан соң ешкім келіп үстімді тапаламау үшін екі араны үлкен таспен жауып қоярсың,-деген екен. Содан бері тасты күні бүгінге дейін ешкім қозғамаған. Күні-түні толас таппай кіргенде, төргі бөлмедегі сол тастың бергі жағынан кері қайтады. Бұл әпсана менің есіме Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының өлерінде еліне айтқан өсиетін еске салды. Жарықтықтың бертінге дейін кебінін жаңалап ауыстырып отырған ғой. 

Пір Бекеттің әруағы сеп болып, қиындықтан құтылып, тығырықтан жол тапқандар туралы көп айтылады екен. Бұл да неше жылдар бойына әулиенің ел аузында аса құрметпен айтылып жүргеніне қарап, оның әруағының шапағаты әлі де біздей пенделерін тастап кетпегенінің белгісіндей көрінді. 

Пір Бекетті бертінде жырлағандардан кім бар екен дегенде, Ғафу Қайырбековтың әңгімеміздің басында айтқан аңызды түрлендіріп жазған мына бір өлең жолдары жадымда жаңғырды.  

«Осы аңыз естігенде есімді алған,
Сондай бір ел жадында есім қалған.
Адайлар: «Иә, Бекет!» деп сыйынғанда,
Кеңейіп сала берген есіл жалған.

Біз-дағы пендеміз ғой бұлт кешкен,
Сауында қауіп-қатер шығыпты естен:
Құлдилап сондай құздан құларымда
Арман не, «Иә, Бекет!», – деп тұрып кетсем?!» дейді таң қалған ақын. 

Ата 63 жасында дүниеден озыпты. Өлер алдындағы өсиетінде  өзін Оғландыға жерлеуді тапсырыпты: -Қарқараға жандарың келіп, қашан қиын жағдайда қалғанша атымды атамаңдар. Ондай ауыр халде ауыздарыңа алсаңдар, аруағым жар болып жүрер,- деген екен. Тағы бір аңызда: Ақырғы демім таусылған жер – Оғыланды. Ата мекенім – Ақмешітім, ұзын аққан ұлы Жем кешер, пайғамбардан  асуға болмайды» делінген. 

Атаның қасиеті өзімен бірге кетпеген екен, шарапаты атадан-балаға жалғасқан. Бекет атаның ағасы Мырзағұлұлы  Меңдіғұл батыр болған екен. Батырдың сүйегі  қазіргі Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы аумағында, ескі Бейнеу елді мекеніндегі Бекет Ата мешіті орналасқан  биік тастақ төбенің оңтүстік жоғары басына жерленген. Батырдың құлпытасында батыр сөзіне «хафиз» екенін қоса жазған. Бекет атаның немересі Байниязұлы Тақ та әулиелігі болған. Асар сұпы, Бекет ата шөбересі Самалықтың да артында аңыз-әпсаналары қалған екен.

Мына бір аңыз таң қалдырды. Бір жолы Самекең қасына ерген бір топ жолдастарымен жолаушылап келе жатып, ұлы сәскеде Үстірт жазықтығының  

Оғыланды тауы тұсынан Маңғыстаудың ойына құлайды. Сүрлеу жол Оғыланды тұсына  таяп қалғанда, жолаушылар Бекет Ата мешітіне соғып, тәу етерміз дегенде, топ басшысының  ат басын бұруға ниеті болмай, мешітке соқпай өте шығады. Сонымен ертесіне Самекең ұйқысынан оянса, екі көзінің соқыр болып қалғанын көреді. Әруақыт аттап өткен астмашылығынан аһ ұрған ұрпағының түсіне аян беріп: 

- Күнделікті ризық-несібең кем болмас. Көзің көрмейді. Сонда да өле-өлгенше аяқ жолыңды болжап жүретін боласың,-деп кескен екен. 

Мен халыққа шарапаты тиген, Қосқұлақтан тараған ақын, сұпылардың артында қалған аңыздарын термелеп отырмын. Қасиеттілердің көздерін көргендер мен шарапаты тигендердің де әңгімелері жетерліктей. Оны Ислам қажының жинақтаған еңбегінен оқып алуға  болады. Мына бір  жайт, біздің заманымыздан. 

Атаның тағы бір ұрпағы Мұқан сопы қайтыс болғанына жыл өткен асынан кейін  ат бәйгесі өтеді. Ең үлкен  айналым – он жеті айналымда Жұмағали Қантұрлыұлының жүйрігі мәреден бірінші болып өтеді. Бәйгеге байланған түйені Жұмекең Ата құрметіне деп ошақ басына қалдырып кетеді. Кейіннен Жұмекең осы  шашасына шаң жұқпаған жүйрігімен 23 түйе,  32 қой байраққа алған екен. Ал Мұқан сопы қайтыс боларын үш ай бұрын айтып, елін жинап араздасқан екен. Бұл 1959 жыл. Ендігі әңгіме Мұқанұлының Садықтың хикаясы. 

Бірде  Мұқанұлы Садықтың  түсіне Бекет Ата  аян беріп: «Ертең таңертең батыс жаққа  қарай жолға шық. Алдыңнан құдық басында бір кісі кездеседі.  Сонда ертеректе  арнаған мал бар. Соны алып қайт» дейді. Ата сілтеген жолмен  түстік жол жүріп, жолдағы құдық басында мал суарып тұрған бір түрікпенге жолығады. Сөзден сөз шығып, ата ұрпағы екенін естігенде қуанып, басына іс түсіп, осыдан он шақты жыл бұрын  мал атағанын ол өсіп-өніп, бүгінде  жеті басқа жеткенін айтып, алып кетуін өтінеді. Сәкең де аянмен келе жатқанын айтып, көп түйенің ішінен  атаға арнағандарын  «мынау ғой» деп жаңылмай танып кезекпен көрсетіпті. 

Сәкеңнің дәл тапқанына риза болған қария  Атаның түйелеріне қосқаным деп  өзі тағы бір түйе байлап, сегізін бірдей алдына салған екен.   

Оқырмандарым неге алған-бергендерін жазып отыр деп ойлауы мүмкін-ау. Қарап отырсам, кісілік, ірілік, мәрттік, сөзге беріктік, аманатқа адалдық, кішіпейілдік, ізет пен құрмет айта берсеңіз, екі аяқты пенденің бағына беріліп,  оның биік рухын сақтап, абыройын асыратын жалпыадамзаттық құнды қасиеттер Бекет атадан қалған мұрадай көрінді. Тура жолынан танып, асыл қасиетінен айырылмасын дегендей елдің іргесінде жатып, жұртының есіне салып отырғандай. 

Бекет Атаның бұл кереметі осы елдің «қосқұлақ» деп атайтын тармағынан көшіп кетпеген сияқты. Неше жылдар бойында, небір аумалы-төкпелі замандарда осы әулет айналасындағы адамдардың бойындағы адами келбетін сақтауға ғұмырын арнағандай. Шынымен де оларды қазақты осы қасиеттерден айырмасын деп Аллам жіберді ма екен? 

Дәл өздеріңіздей кейде мен де «адаймыз» деп, жағымды тұрғысында айтқанда, көкірек қаққан батыстың жігіттерге қарап таң қаламын. Бір қазақтың баласымын деп жүрген менің бойыма мұндай мінез бітпегені анық.  Бірақ  «адай» деп аталатын топтамаға кіретін: ақкөңілдік, өзім десе өзегін жұлып беретін бауырмалдығы, көзсіз батырлығына сай албырт даңғойлығы жарасқан бауырларымның бір қалыптан шыққандай ұқсас мінезіне таң қаламын. Барлығына ортақ мінез, ұқсастық қайдан біткен?! Шынымен де Бекет Ата мен  оның ұрпақтарынан қалған аңыз-әпсаналардың өнегесі бұл өмірде өмір сүрудің,  қарым-қатынасты қалыбына айналған ба. Астам көңілді басып, ізгілік пен әділдікке жанын беру, жақсылықтың көзін ашу, қиналғанның қолтығынан демеу сияқты Атадан қалған тәбәрікті бойтұмарлап бойларына таққан ба дерсің. 

Қарапайым жұртының рухын көтеретін көп белгіні, өзім де іштей мойындайтын тұлғалардың қасиетін осы Бекет Ата өнегесінің үлгісімен байланыстырамын. 

Бекет Ата мешіті егемен еліміздің тәуелсіз жылдарын қоспағанда бір ғасырға жуық уақытта иесіз, даланың құмы суырып, аптабы күйдіріп, уақыты жеген кезеңді өткерген. Өткен ғасырдың 70 жылдары ұрпақтары мешітті күші жеткенше жамап-жасқауға талпынған екен. Тек 1996 жылдары бұл іске мемлекет араласып, қалпына келтіру жұмыстары басталған. Ол жұмыстардың басында болған Нұрнияз Мұқанұлы былайша еске алады. «Мың болғыр, Имекеңнің өзі араласты бұл іске. Ата басына аяқтай келіп көріп, зиярат етті. Артынша Ата мешітін қалпына келтіруге 41 млн теңге қаржы бөлді. Сол жылы бүкіл Қазақстан бойынша реставрация жұмыстарына 100-ақ млн бөлініп, 30 млн Абылай хан, 30-ы Жошы хан  мавзолейін қалпына келтіруге бөлінді» дейді. Ол кезде Иманғали ағамыз премьер-министрдің орынбасары лауазымын атқарған. 

2000 жылдары Бекет Атаның 250 жылдығы аталып, 35 мыңдай адам жиналған ас өтеді. Осы істі «әуп» деп көтеріп әкеткен, бабаларының атын аспандатқан адайлардың өр мінезі өзгеге де үлгі боларлықтай. 

Атаның басына келіп кетіп жатқан адамдардың нөпірі аз емес көрінеді. Өзіме келсем, бүкіл әлемнің өкпесін қысқан ковидтің жылымық кезінде жолым түсті.  Осыған дейін оқығандарымнан, осы сапарда сұхбаттас болған жолсеріктерімнің айтуынша, бейтаныс жерге алғаш рет аяқ басып келгеннің өзгеріп сала беретіні бар екен. Атаның дастарханы ешқашан жиылмаған. Зияратшылардың жасы кішісі дереу аяқ-табаққа жүгіріп, бірі от жағып бірі қазан асып, әрқайсысы Атаның құрметті қонағын күткендей, аяғының ұшымен жүріп қызмет ету қалыптасқан. Ақырын сөйлеп, биязылықпен ізет көрсетіп, жібектей есіліп тұрған көркем мінез келгендердің келбетін аша түскендей болады дейді. 

Әншейінде, бейтаныс болған соң ба, бүгінгінің адамдары бір-бірінен ығып, суық жүреді, Қарап жүрмей бірін бірі қағып жүретіне таң қалмайтын болмайтын кез туды.  Тіпті, бір туыс, ағайындар бір себеппен бір жиынның басында жолыққанда бір біріне сөз бермей, өзім білдімге салып даурығып жататын кездері болады. 

Атаның басында келгендердің ынтымағы жарасқан момын бейнелердің момақан тірлігінен, бейтаныс болса да бірге туған туыстай елжіреп, жүрегіңді жібітіп тұратындай құдіреттің барын түсіндім. Мақтауын жеткізгендердің сөзіне қарап, ізетпен иілетін Атаның қонақтарына қарап, «апырай,  өз ортасында да осындай кейіпте жүре ме екен?» деген ой келді. Мүмкін, тұрмыстың талқысынан желбегей жамылған иығымыздан түсіп қалған шапандай, осындай бір келбетті  осы жерден тауып алып, шақтап киіп  алып кете ме екен?! 

Шынымен де, аңызда айтқандай, көңілі қара, ниеті бұзықтардың алдынан  бабаның аруағы жылан болып ысылдап шығып жолатпайды ма екен. Білмеймін. Басқаны қайдам, өзіме келсем, мына әлем жүрегіме сыйып кеткендей күй кештім. Осындағы атаның шарапатына ділгір болып келгендердің бәрінің арқасынан қағып, қолың қысқың келіп тұрады. Өзіңді ұмытып осылардың қам көңілін көтеріп, мұқтажын тауып бергің келеді. Ондай құдірет қайдан? Өзім де Бекет Атаның шапағатынан дәмелімін, берекесінен үміттімін. Күнделікті намазымда айтып жүрген, жаратушыдан сұраған дұғаларымды тағы қайталап қоямын. Аттай қалап атадан сұрап аларым да аузыма түспеді. Құдайға  шүкір, атамыздың өзі айтқандай жан қысылып келмегенімді ол да білген болар. Бірақ өзімен тілдескім келді, сұрағым келді, білгім келді... «Бейнетіне сабырлық қылсын, ал рахатына шүкірлік қылсын», «Жақсыны өзің үшін, жаманды мен үшін сыйла», «Ниетің жолдасың болсын!» Атадан қалған мына сөздерді саралап, өз сұрағымды қойдым... 

Алайда, екі көзі көзі байлаулы, қолы күрмеулі,  аяғы тұсаулы, көңілі қаяу, мінезі жасық, арқасын ауыр жүк жаншыған мендей пенде Пір Бекеттің назары түсетін жан ба еді?! Тек, талпынсаңшы,жан-жағыңнан шырмалған құрсауды үзетін өзің ғой дегенін алыстан естігендеймін. Иә, пірім Ер Бекет деп, тәуекел етсем, ар жағында мына тар дүние жалпағынан жайылып, кеңейіп сала беретінін түсінгендеймін...

Бабаның басына арқалаған жүгімнің жартысын қалдырып, қайтар жолымда тоқ көңілмен масаттанып бара жатқанымда ақын Есмағамбет Мекеұлының  (1894 – 1937) мына жолдары ойыма оралды. 

«Кешегі өткен ғасырда
Патшалы жұртпен ұрысып
Көпке дейін көнбедік.
Көнсек-дағы қасарып
Мал мен басты бермедік.
Жер-жерден мешіт салдырып
Ғұлама, ишан, ахунға
Жақсыларым тұрған пірленіп.
Мүршид пен мүрид жыйылып,
Алланың нұры құйылып
Медресе мешіт ішінде
Зікір қылып еңіредік.
Адай деген халық едік,
Бір Аллаға сыйынып,
Әулие шайхы-пірлерден
Үлгі алған жұрт ек үлгеріп.
Сасқан күні ұран шақырып
Ішімізге Бекет пір келіп,
Дәулеті артқан ел едік».


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар