Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жас жүрек жайып саусағын
Разия Акбар. Мен көрген Нибиру...

01.02.2023 2459

Разия Акбар. Мен көрген Нибиру 14+

Разия Акбар. Мен көрген Нибиру - adebiportal.kz

Разия Акпар – Елорданың жас қаламгері. Бірнеше әдеби байқаулардың иегері. 2021 жылы «Ертегі әлеміндегі ханшайым», Ақшақар арман» атты жинағы жарық көрген. Он үш жасар жас талап қаламгердің шығармалары «Ұлан» газетінде, «Әдебиет порталында», «Алаш.кз» сайтында т.б. жарық көрген. Ұлттық арналар, радио, порталдарда авторға арналған бағдарламалар бар.

 (фантастикалық хикая)

- Білге, тұр деймін, түс болды! Тұршы - деп тәтті ұйқыдағы мені Айбарыс жұлқылап, көрпемді тартқыштады.

- Кетші, мазамды алмашы - дедім де, көрпеммен басымды қымтап алып, ары қарай аунай түстім.

- Тұр деймін, кешегі жерге барайық та, қазір шықпасақ күн одан сайын ысып кетеді.

Мынау ызыңдап қояр емес, тұрмасыма болмайды-ау.

- Қазір, қазір, бес минут берші, тұрам.

Көзімді зорға аштым да, басымды қасып, біраз ұйқысырап отырып тұрып кеттім.

«Кешегі жер» дегені – Байқоңыр ғарыш айлағына  барып, зымырандардың макеттерін көзбен көреміз деген уәдеміз болатын.

Менің атым – Білге. Әкем қойған. Көне түркі кезеңінде Білге деген қаған болған. Ежелгі түркі ата-бабамыз туралы жазбаларды, тарихты оқыған әкем студент кезінде: «Ұлым болса Білге деп қоям», - деген екен. Міне, сол ұл мына менмін.

Мен нағыз, таза қала баласымын. Астанада тудым, ес білгелі сол тас ғимараттардың ортасынан басқа жерде тұрмадым.  Нағашыларым сыр бойындағы ауылда болғанмен жазғы демалыстарда да бармаппын. Анам мені көзінен таса қылғысы келмейтін. Бірақ осы жазда бәрі басқаша болды.

Жазғы каникулға шықтым. Ата-анам жұмыста. Ал мен болсам қосымша сабақтан да, спорттық жаттығулардан да бас тартып демалмақшы болдым. Содан үйде жалғыз қалып, нағыз жатып ішерге айналдым. Таңнан кешке дейін компьютерлік ойын ойнап, одан қалса орысша кинолар, мултфильмдер көремін. Мінезім ашуланшақ болып кетті. Соңғы кездері көзім бұлдырап, теледидарды дұрыс көре алмайтын болдым. Мендегі теріс өзгерістерді көріп анам көз дәрігеріне апарды. Көзім алысты көрмей қалыпты. Одан балалар психологі жүйкемнің әлсіз екенін айтты. Барлығы менің интернетпен дос болғанымнан деген шешім шығарды. Ата-анамның соңғы айтқаны: «Бұл бала құтырды, болмайды ауылға апарып тастау керек. Туыстардың тұрмыс-тіршілігін көрсін, еңбекке аралассын, телефон бермеу керек». Байқап отырғандарыңыздай бұл мен үшін үлкен жаза еді. Ауылға мүлде келгім келмеді.

Менің жыныма тиген осы үйдегі нағашымның өзіммен қатар ұлы, мені жаңа жұлмалап оятып жатқан Айбарыс болатын. Бір тыным таппайды. «Анда барайық, мынаны көрейік, бірдеңені жасайық», - деп мазаны алып біткені. Келгелі соңынан еремін, сосын бірдеңе бүлдіреді, көке-жеңгемнен мен де ұрыс естимін. Нағыз ауылдың баласы. Ақсаусақ маған Айбарыстың соңынан салпаңдап жүру оңайға соқпады. Кеше осы ауылға жақын атақты Байқоңыр зымырандарының макеттері тұрған алаңды көзбен көрсетемін дегені бар еді. Қазір ешкімге айтпай сол бағытта жаяулатып жол жүріп келеміз.

Айбарыс Байқоңыр туралы аңызды рахаттана баяндады. Обалы не керек өзі көп нәрсе біледі.

- Білге, Байқоңыр «жердің кіндігі» деген аңыз бар. Сол, анау-мынау емес, тарихи жерді көрсетейін деп тұрмын ғой саған. Тоғызыншы ғасырдың өзінде-ақ Қорқыт ата осылай деген. Қалай білген дейсің ғой. Қазір зымырандар ұшып жүрген жерден аспанға бірдеңе лақтырса алысқа кетіп қалады екен, қызығы дәл солай жерге айналып түседі. Мұның қасиетін ғылым да жиырмасынша ғасырда зорға түсіндірген ғой. Бұл жер экватор жазықтығына жақын болғасын, 1950 жылы ғарышқа ұшуға таңдаған.

- Сен кәдімгідей зерттепсің ғой?!

- Мен деген ғарышкер болғым келеді ғой. Өскенде осы ғарыш айлағының бастығы боламын. Бірақ, қайдам-ау.

- Не қайдам, болғың келсе боласың!

Кең далаға көз жіберіп анықтай қарадым. Ақшаңдақ дала. Не ағып жатқан су, не көлеңкесін беріп тұрған тал, не көгал шөп көрінбейді. Ыстық леп ұрып тұр. Ауаның өзі құрғап, зорға демалып тұрған сияқты. 

Сарыарқада Есіл жағасын айнала өскен жасыл ағаштарды, қаладан Бурабайға шыға орманды көріп өскен соң, мына дала аянышты еді. Адамдар қалай тұрады мұнда?!

Осы ойымды Айбарысқа айттым. Ол күрсініп жібергендей болды.

- Экология қиын ғой біздің жақта. Арал теңізі тартылып қалды, Сырдария да құрғады. Сосын ғой.

- А, неге тартылып қалды?

- Тарихтан беретін Аманжан ағай айтып берген бұл туралы. Аралға құятын Әмудария мен Сырдарияның бастауы Өзбекстан мен Қарақалпақстанда. Екі өзеннің бойына қоныстанған халық күріш пен мақтаға суды көп қолдана бастаған. Нәтижесінде Аралға су жетпей қалады. Теңіз құрғап түбіндегі екі миллионға тарта тұз желмен ұшып ауаны ластайды. Адамдар түрлі ауруларға ұшырайды. Мыңдаған балық түрлері жойылып, айналасындағы адамдар жұмыссыз қалады. Солай, Білге, негізі бізге қазақ әдебиетін, тарихын, географиясын  көп оқу керек! «Тарихты оқу – ертең болашақта қателікті қайталамауларыңа көмектеседі», - дегені бар әкемнің.

Айбарыстың әңгімесімен Байқоңыр зымырандарының көшірмелері тұрған алаңқайға да жетіп қалыппыз.

 

***

 

Алаңқай кең болып шықты. Байқоңырдың мақтаныштары «Восток»«Союз»«Прогресс» кемесі дейсің бе, бәрінің көшірмелері тұр. Ал, мынау Тоқтар Әубәкіров ұшқан «Союз-Т-13». Әрқайсысын жіті қарап, Айбарыстың да әңгімесін тыңдап, суретке де түсіріп үлгеріп жатырмын. Серігімнің аузы жабылмайды, күн де шақырайып таңдай кеуіп кетті. Қоржынымнан бөтелкедегі суды алып, сіміре бере көзім беймәлім кемеге түсті. Жаңа үлгідегі сияқты ма?! Кеңес заманы кезіндегі емес, жаңа технологиямен жасалған дүние екені айдан анық.

- Айбарыс, қарашы, мынау қандай кеме?

Айбарыс бұрылып:

- Көлемі шағын, өзі дөңгелек, жұрт «ұшқыш тарелка» деп жүретін аңыз әңгімедегіге ұқсайды екен. Алдында келгенімде бұл болмаған, жаңа да жоқ сияқты еді ғой. Әлде байқамай қалғанбыз ба?

Айбарыс басын қасып, біраз ойланып тұрып қалды. Ескі макеттерге қарағанда мынау кеме маған қызығырақ. Жанына жүгіріп жетіп бардым, суымды қоя салып, суретке түсіре бастадым. Айбарыс болса әрірек тұрып, кемені айнала  қарап жүр. Бір қызығыесігі бар, әрі ашық тұр. Ішіне кіруге болатын сияқты. Алаңда бізден басқа жан жоқ, неге кіріп көрмеске? Шалт басып, ішке жылдам ендім.

Сол-ақ екен, шағын кабинаны қаптап тұрған сан түсті шамдар жанып-сөніп, бақырған-шақырған түсініксіз дыбыстар құлақ тұндырып, есік сарт жабылып, кеме жерден тік көтеріліп, көзді-ашып жұмғанша адам сенгісіз бірнәрсе болды да қалды. Мен есім шығып, құлағымды қолмен тас жауып, көзімді жұмып  отыра кеттім.

Осы сәтте естіп-білмеген құпия ғаламшарға аттанып бара жатқанымды білсемші.

-Ай, Айбарыс-ай, саған еріп нем бар еді?! - дей беріппін ішімнен.

 

***

 

Көзімді ашып-жұмдым. Қас қағым сәт. Кеме тоқтағанын сездім. Кабина іші жап-жарық болып кетті. Тыныштық.

Есім шығайын деп отырған менің алдымнан бір құбыжықтың сұлбасы көрінді. Маған жақындай түскенде жан даусым шығып шыңғырдым. Аядай кабинаның ішінде қашатын да жер жоқ еді.

- Қорықпа, тиіспеймін - деді құбыжық жай ғана қоңыр дауыспен.

Бойымды жинап, бар батырлығымды жұдырығыма қысып, құбыжыққа қасқая қарадым. «Білге қағанның атын иемденген ер түріктің батыр ұрпағысың!» - демеп пе еді әкем. Қалтырасам да, қорыққанымды білдірмей тістендім.

Құбыжық ергейжейлі, денесі жылтыр түксіз, екі көзі жарты бетін алып тұрған үлкен, мұрнының орнында екі тесік, аузы кішкентай дөңгелек, қолы тізесіне дейін түскен жіңішке, аяғы да екі таяқ секілді, денесі дөңгеленген жуанша, ақшыл бірнәрсе.

- Қазақсың ғой, иә? - деді.

- Иә – деген даусым саңқ етті.

- Біз жерде қанша тіл болса, сонша тілде сөйлей береміз. Қазақ деген жақсы халық. Сондықтан сені жақын тартып, жамандыққа қимай тұрмын. Не істесем екен, а? Ай, балалар-ай, неге тыныш жүрмейсіңдер осы? - деп басын шайқады.

Жүрегім кішкене орнына түсті.

- Мен қайдамын?

- Қарап жүрмей, Нибиру деген ғаламшарға кеп қалдың бала. Бұл – сендердің ғалымдарың зерттеуге қанша талпынса да, аша алмай жүрген ғаламшар.

Нибиру, нибиру… Бір жерден естіген сияқтымын. Иә, астрономияға қызығатын көрші досы  Жәңгір айтып еді ғой. Есіме түсті.

- Нибиру дейсіз бе? Ежелгі шумерліктер аңыз еткен нибиру ғой. Олар құдайлары осы ғаламшарда тұрады, адам өлген соң осында келеді деп сенген. Расымен кейінгі кезде ғалымдар да бұл ғаламшарда тіршілік бар екенін дәлелдеуге тырысып келеді емес пе? Мен бұл жерді толық аралағым  келеді!

Бұл кезде есік ашылған еді. Жаңа танысым екеуміз сыртқа беттедік. Жаңа ғаламшарға табаным тиісімен, айналаға қарай бастадым. Мен күткен ерекше ештеңе көре алмадым. Айнала тегіс төбе-төбе қиыршық ақ құм. Ғимараттар да, жалпы ештеңе де жоқ.

- Жерде адамдар тұрса, бізде «аннунакилар» тұрады. Бұл менің әлемім, балақай!

Аннунаки құм далаға шексіз махаббатпен қарап тұр екен. Осы кезде жанымызға тағы біреуі жетіп келді. Нәзіктігі мен даусынан қыз екенін шамаладым. Олар өз тілдерінде былайша күбірлесті:

- Нума ағай, сіздің де басыңызға тимейді екен. Бұл бала жетпей тұр еді бізге. Неге әкелдіңіз, не істейсіз енді? Бір Джеки жетпеді ма сізге? Мынаның көзін құртайық! Жерге апарсаңыз біз туралы айтып қояды-ау, мұнда да қалдыра алмаймыз!

Мен мұны естіп шошып кеттім. Ол маған бұрылып:

- Әй, бала, шошаңдап нең бар еді? Отырмайсың ба үйіңде. Бәрімізге уайым тауып бердің  ғой!

Енді есіме түсті. Айбарыс не істеді екен, үйіне барып не айтады? Көкем естіген соң, ата-анама қалай естіртеді? Олардың күйі не болады? Жалғыз баласымын ғой үміт еткен? Қалайда үйіме қайтуым керек.

- Кешіріңіздерші, бұлай боларын білмедім. Мен үйге қайтуым керек, өтінемін! Ешкімге ештеңе айтпаймын, тек жеріме жеткізіңіздерші!

Олар бір-біріне қарады, аяп кеткендерін түсіндім.

- Бері кел, саған бір әңгіме айтып берейін - деді мені әкелген аннунаки.

- Менің атым – Нума. Нума ағай десең болады. Ал бұл менің шәкіртім – Айриса. Біз жерден шалғайда орналасқан ғаламшарда тұрамыз. Ешкімге зиянымыз жоқ, тыныш жатқан елміз. Бірақ сендерге қарағанда технологиямыз ерте дамып кеткен. Біз ежелден Жерге барып-келіп жүреміз. Зерттеп, кейде салыстырамыз. Бірақ адамдарға өзіміз туралы жасырып келеміз. Себебі, адамдар өте қызық. Жаңа жерді көрсе жаулап алғысы, тартып алғысы кеп тұрады.

Осыдан он бес жыл бұрын бір күні жерге әдеттегідей түскенмін. Ешкім көрмесін деп кештетіп қондым. Қараңғы түсе қоймаған. Біздің жақта өсімдік өспейтіндіктен зерттеу үшін неше түрлі шөптерді жинап, екі қап қылып кемеме алып кірдім. Ойымда түк жоқ қайта оралдым. Енді түсейін деп жатсам, бір кішкентай бала отыр кабинада. Шамамен бес-алты жаста. Балалармен тығылмақ ойнап жүріп алысқа ұзап кеткен. Сөйтіп кемеге мініп алған.

Ал енді не істеймін деп мазам қашты. Сөйтіп аннунакилермен ақылдаса отырып осында қалдырдық. Аясақ та, сырымыз ашылып қалмау үшін осындай шешімге келдік. Баланың аты Джеки екен.

Джеки өте ақылды бала болды. Айтқан тілді алды, біздің мектепте білім оқыды. Технологиямызды толық меңгерді. Сөйтіп жүргенде есейе келе, зерттеу үшін Жерге барғысы келетінін айтты. Біз оны жақсы көрдік. Сенген соң ешқандай қауіп күтпей жібере салдық.

Ол Жерге барып-келіп жүрді. Бірер жылдан кейін өзгерді. Біздермен сөйлеспей өз бетімен жүретін болды. Жерге қанша рет барып-келіп жүргенінен есеп бермеді.

Сөйтсек, масқара болыппыз. Джеки әр барған сайын екі-үш адамнан әкеледі екен. Оларды жасырып ұстайды. Кейін білдік. жүз адам бопты. Бір күні Джекиіміз бізге қарсы шықты.

- Аннунакилер, біз Адамбыз! Ерекше жаратылыспыз! Мына Нибиру енді біздікі. Маған бағынасыңдар, болмаса жоқ қыламын!

Міне, біз үлкен өзгеріс алдында тұрмыз. Екі-үш күнде Джекиге жауабымызды айту керек. Соған шешім іздеп Жерге түскенмін, енді сен басыма пәле болдың-ау.

Не істесем екен?!

Әңгімені естіп, адамзат үшін ұялып кеттім. Расымен, қай кезде де жер үшін тарихта соғыстар болған. Әлі күнге дейін сол. Жер бетінде ғана емес, енді басқа ғаламшарда соғыс шығарып отырмыз. Адам өзгермейді-ау.

Үнсіз біраз отырдым да:

- Нума ағай, Айриса, сіздерден бүкіл адамзат атынан кешірім өтінемін. Маған бір мүмкіндік беріңіздер. Қалай екенін білмеймін. Ойыма да түк келіп тұрған жоқ. Алайда мен сіздің ғаламшарды Джекиден, яғни, адамдардан құтқарамын! Уәде беремін! Тек маған сіз айтқан екі-үш күн уақыт беріңіздер! Мен қалай да адамдарды жерге қайтарамын. Екі ғалам да бейбіт өмір сүретін болады!

Шынайы шыққан тілегімді қабыл алғандай екеуі де басын үнсіз изеді.

 

***

 

Айриса – ашық, мейірлі, адамға жақын сүйкімді қыз болып шықты. Менің қиналғанымды сезетін сияқты. Ешкімім жоқ мен үшін біреудің жылы сөзі маңызды еді.

- Білге, мен саған сеніп тұрмын. Джекиді ақылға келтіру сенің ғана қолыңнан келеді. Бәрі жақсы болады!

Маған бұл сенім күш бергендей сезілді. Нума ағай кемесінің жанында қалды да, Айриса маған ғашамшарды көрсетуге алып шықты. Осылайша мен өзім үшін Нибируды алғаш аштым.

Бұл ғаламшарда түн қараңғылығы жоқ. Тәуліктің қай сағатында болмасын орташа жарық болып тұрады. Біздің кешқұрымымыз сияқты. Айналада тау, тас, өзен, көл, жасыл желек, егін, мал, аң жоқ. Бір сөзбен айтқанда біздің жердің байлығы мұнан табылмайды. Қиыршық ақ құмдардың астында үйлері мен ғимараттары бар. Құмды аяқпен сәл түртіп қалсаң есік ашылып, қажетті мекенге кіруге болады. Аннунакилер кең сарайларды қаламайды, әркімнің өз кабинасы бар сол жетеді.

Айрисаның да үй-кабинасына аяқ бастық. Жарық бөлме, басқа артық ештеңе жоқ. Қабырғада тек қана самсаған кнопкалар. Қалаған нәрсең осы кнопканы бассаң бола қалады. Аннунакилер қол еңбегіне уақыт пен күш жұмсағысы келмейді. Одан да білімдерін көтеріп, технологияларын дамытуды қалайды. Бұл кнопкаларды көргенде олардың жұмысын мүлде түсінбедім. Тек санамда: «Адам әлі көп оқуы керек екен ғой» деген ой ғана бекітілді.

Кабинадағы еденге отырдым да ойға баттым. Ойымды Джекиді қалай соғыспауға көндірем деген қобалжу емес, ата-анама деген сағыныш басты. Басқа ештеңе ойлай алар емеспін. Маған басқа ғаламшарды зерттеу де, тұрмыс-тіршіліктерін қарау да, жаңа технология үйрену де қызық емес. Тек анашымның құшағын аңсадым.

Жанында жүргенде ата-анамның жанашыр ақылын неге тыңдамадым? Айтқан сөздерін жақтырмай неге ғана «уф», «туф» дедім? Жылы құшақтарының қадірін білмедім? Бұл дүниеде отбасынан артық не бар?

Көзімнен тамшылап жас ақты. Мен өзімнің жағдайыма емес, анамның көз жасы үшін жыладым. Мені таба алмай анам аңырап қалды-ау. Анамның бір тамшы жасына себепкер болғым келмейді. Мен ғана емес әр адам анасының көз жасы төгілмеу үшін тау қопарып, су кешуден тайынбайды.

Миыма сарт етіп бір идея келді. Жоғарыдағы сөздерді қайталай бердім. «Иә, иә, әр адам! Әр адам! Яғни Джеки де адам!». Қуанып кеттім:

- Айриса, мен Джекиге не айтатынымды білемін! Кеттік, жылдам Нума ағайға баруымыз керек!

Жүгіре басып Нума ағайға жеттік.

- Нума ағай! - дедік ентелеп.

- Не болды? - деді ол кеме есігінен басын шығарып.

- Мен Джекиге не айту керек екенін білемін. Ол үшін маған бір зат керек! Сол үшін сіз Жерге барып келіңіз.

- Айта бер, не үшін?

- Мен сізге түсіндіре алмаймын, бірақ бұл маңызды. Бұл зат ғаламшарлар арасындағы соғысты тоқтатып, адамдар мен аннунакилердің бейбіт өмірін сақтап қалады!

- Рас па, ол қандай зат?

- Ананың көз жасының тамшысы. Сіз жерге барыңыз менің анамды табыңыз. Ол қазір жылап отыр. Баласын жер-көктен іздеп, аласұрып жүр. Өз қасиеттеріңіздің бәрін қолдана отырып, қалай да білдіртпей бір құтыға ең құрығанда бір тамшы жасын құйып әкеліңіз. Қалғанын маған қалдырыңыз.

- Жақсы, Білге. Тапсырмаңды орындауға тырысамын. Қазір жөнелемін.

Осылайша Нума ағайды Жерге аттандырып, Айриса екеуміз тілеуін тілеп қала бердік.

Джеки қазір өзі әкелген адамдармен бірге қару өндіріп жатыр екен. Айрисаның айтуынша аннунакилер қанша технологияда дамығанмен қару-жарақты ешқашан өндірмепті. Сан ғасыр тарихта соғыс болмағандықтан, өздеріне адам қауіп төндіреді, қуатты қару шығаруға тура келеді деп ойламаса керек. Егер Джеки қоймаса бұлар да қару шығарып, ғаламшарлар бір-бірін жойып жіберуі мүмкін.

Барлық үміт менде.

 

***

 

Біраз уақыттан соң Нума ағай оралды. Құтыда бір тамшы су. Қалай алғанын сұрамадым. Кішкене бөтелкені алақаныма салғанда сырты ып-ыстық екен. Бір тамшы судың ыстығы алақанымды күйдіріп, қысқан кезде жүрегімді жібітіп жіберді. Жібіген жүректің лебі көзімнің ыстық жасы болып ыршып түсті.

- Рахмет, Нума ағай! Енді маған Джекимен танысу ғана қалды.  Мені апарсаңыздар жақсы болар еді.

Осылайша үшеу болып Джекиге қарай келдік. Құмның астындағы керек мекен-жайды қолдарындағы компас сынды құралмен жылдам табады екен. Джеки үй-кабинасын ашты.

Бойы кішкентай, арықша сары, көзі өткір, шашы қою, қыр мұрынды жігіт. Мені көріп таңданды. Нума ағаймен самбырласып сөйлесті де, маған қазақша сөйледі.

- Е, қазақсың ба? Ай, Нума ағай-ай, маған адам әкелдің дейсіздер да, өзіңіз де адам тасуды қоймайсыз!

Аннунакилердің арасында тәрбиеленген соң, Джеки де бүкіл тілді білетін болып тұр ғой.

Сәлеметсіз бе, Джеки ағатай! - дедім қолын алып.

Сәлеметсің бе, кір! Маған айтатының бар дейді ғой!

- Иә, оңаша сөйлессем деймін. Нума ағай, Айриса бізді оңаша қалдырыңыздаршы!

Джекидің үй-кабинасына кірдім. Айрисаныкінен еш айырмасы жоқ. Тек бір бұрышта мылтық сүйеліп тұрғанын көрдім. Қорықпай, еденге жайғасып отырдым.

 

***

 

- Әй, жарайсың, бала! Не дегенмен миллиардтан бір таңдаулы баласың ғой. Әйтпесе екінің бірі басқа ғаламшарға келе бермес пе еді?!

Жақындап келіп арқамнан қақты.

- Сен бала бізге керексің. Мен осы ғаламшарды өзіме бағындырайын деп жатырмын. Аз қалды. Жанымда бол! Ертең жер жүзіне атымыз шығады, адамдарды осында көшіреміз, атақ та, даңқ та, ақша да біздікі! Ах, шіркін!

Көзі ұшқынданып, алдағы бар өмірін елестетіп, барынша рахаттанып тұр.

- Джеки, анаң есіңде ме?

Ол күтпеген сұрақтан, таңданып есін жиып алды.

- Жоқ, оны неге сұрадың?

- Жоқ, сенің есіңде. Кішкене ойланшы, ыстық құшағына қысқан, ақ сүт берген адамды ұмыту мүмкін емес. «Балам», - деген жұмсақ дауыс құлағыңа келмей ме? Мүмкін түсіңде көріп жүрген боларсың?

Джеки тұңғиық ойға батып кетті. Сосын:

- Білесің бе, мен түнде ұйықтағанда үнемі бір ғана түс көремін. Жерде жүрмін деймін. Айнала жап-жасыл, артымда таулар. Көбелек қуып ойнап жүремін. Ол ұстатпайды. Сықылықтап күлемін. Осы кезде екі адам маған махаббатпен қарап тұрады. Әйел және ер кісі. Сосын қуалайды. Қытығым келіп, күле беремін. Осы кезде мені бір күш аспанға қарай тік көтеріп алып кетеді. Төменде “балааам” деген дауыс қалады. Сол дауыстан шошып оянамын.

- Ол дауыс әке мен ана дауысы. Олар сені күтіп отыр. Дүниенің бар байлығы, тіпті, тұтас ғаламшар ата-ананың жанындағы алаңсыз бір минутқа жетпейді.

- Рас айтасың ба?

- Иә, менің қолымда не бар екенін білесің бе?

- Жоқ.

- Бұл құтыда ананың көз жасы тұр. Бұл жер бетіндегі баласын іздеген барлық ананың бір тамшы көз жасы. Алақаныңа қысшы қандай ыстық еді.

Джеки құтыны қолына алды, ып-ыстық екен. Қысып еді, құты шытынап сынып кетті. Ішіндегі ыстық тамшы алақанына төгілді. Төгілді де теріге сіңді. Теріден жүрекке жетті. Жүрек езіліп, көзінен моншақтап жас болып ақты.

- Джеки, бізге анамыздың жанына бару керек. Ана - өмір бастауы. Жер бетіне, одан қалды Нибиру ғаламшарына қару алып соғыс ашпайық. Соғыста баласынан, отбасынан, үйінен айрылып аналар жыламасын. Менің де, сенің де анаң қазір аласұрып бізді іздеп жүр.

Джеки сылқ етіп, күшінен айрылып, еденге отыра кетті.

- Білге, мені оңаша қалдыр. Ойлануым керек!

Мен жылыстап, есіктен шығып кеттім. Бойымнан бір салмақ түскендей, Нибирудың ауасын кере жұттым. Анадайда мені тосып тұрған Айрисаға жақындап, екеуміз Нума ағайға қарай бет алдық.

 

***

 

Нума ағайдың жанына шүпірлеген кішкентай бала аннунакилер жиналып қапты. Өз тілдерінде самбыр-самбыр айқайлап сөйлейді, бір-бірін қуалайды, сосын құлайды, тұрып жылайды. Бір сөзбен айтқанда біздің жердегі балалардың тірлігі.

Мені көріп бәрі таңырқай қарады. Бір кезде әке-шешелері келді. Қазақ тілінде жөн сұрады. Жер туралы бірнеше сұрақтар қойды.  Осы кезде бізге қарай мылтығын асынып келе жатқан Джеки көрінді. Асықпай басып келеді.

Ортаға шықты да, сөзін бастады. Даусы дірілдеп тұр:

- Аннунакилер, сіздер мені кішкентайымнан асырап, бағып, білім үйретіп келдіңіздер. Мені өз балаларыңыздан кем көрмедіңіздер. Ал мен болсам, жақсылықты қайтарудың орнына жамандық жасаппын. Мына қаруды өз қолыммен сіздердің алдарыңызда сындырамын!

Мылтықты бар күшімен қақ бөліп, сындырып тастады.

- Мен Жеріме кетемін! Анама барамын. Сіздер тыныш өмір сүру үшін ешқашан Нибиру туралы ешкімге айтпаймын. Бейбітшіліктен асқан ештеңе жоқ. Өзіммен әкелген жүз шақты адамды да, мына Білгені де алып кетемін. Бұл бала көзімді ашпағанда өте қиын жағдай болатын еді. Тағы бір айтарым мен сіздерге ешқашан келмеймін, сіздер де жерге енді келмеуге уәде беріңіздер! Екі ғаламшардың амандығы үшін осы дұрыс!

Аннунакилер көздері мұңданып, Джекиді қимай тұрды. Бірақ бас изей берді.

Жер тұрғындары түгел үлкен кемеге отырдық. Дөңгелек терезеден Айрисаға қимай қарадым. Ол да қол бұлғады. Қайтеміз, кең әлемде сыйыса алмай, болашақта ешқашан кездеспейтінімізді біліп, қиналып тұрмыз. Мәңгі сағыныш қана қалды.

 

***

 

Жерге оралдық. Кеменің ізін жасыру үшін орман ішіндегі топырақты қазып көміп тастадық. Құпияны мәңгі сақтауға уағдаластық. Мені алаңқайға әкелген Айбарыстың жайы жақсы емесі есіме түсіп, нағашымның үйіне қарай құстай ұштым. Ананың алақанын, әкемнің қарағанын аңсадым.

Бұл оқиғаны қалай ойлап тапты деп отырған шығарсыз? Не болса да әңгіме ретінде жазуды жөн көрдім. Оқырман досым, өзің білесің, мүмкін бұл ойдан құраған емес, шынайы басымнан өткен дүние шығар?!

Нибиру – менің мәңгілік сағыныш мекенім.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар