Қазіргі постмодернистік әдебиетте Патрик Зюскиндтің «Парфюмер» (1985), Умберто Эконың «Имя розы» (1970) романдары алабөтен, ерекше аталады. Постмодернизмнің мәдени дискурсы да осы шығармалар арқылы айқындалып отыр.
1985 жылы «Диоген» баспасында Зюскинд «Парфюмер» (төл атауы «Perfume» - «Хош иіс» - «Аромат») романын жариялатады. Бұл роман оған әлемдік даңқ әкеледі. Өзінің ең танымал шығармасы жөнінде Зюскинд: «Мұндай романды жазу сұмдық. Мұндай қадамға тағы да бір барам деп ойламаймын», - деген болатын.
«Парфюмер» латын тілін қоса есептегенде 46 тілге аударылған. Роман «Бір кісі өлтірушінің тарихы» деген қосымша атау иеленіп Жан Батист Гренуй туралы баяндайды. Романның жарық көруін әдеби сын «күреске шақыру» деп қабылдады. Рецензенттер «Зюскинд біздің бос кеңістікке барлық бактериялар, кітаптар, мыңдаған иістерден арылған кеңістікке өз шығармасын шиырып жіберді. «Парфюмер» - хош иіске толы тұңғыш роман», - деп жазды.
Кәдімгі базарда балық сатушыдан туған Жан Батист Гренуй әлемдік әдебиеттің кембағалдық таңбасы салынған Квазимодо, Ричард ІІІ, герцог Глостер сияқты персонаждар қатарына жатады. Сұлулықтан жұрдай кісі өлтіруші Гренуйдің әрбір қадамы мынау өмірге деген өшпенділікке толы.
Сонымен бірге өмірдің өзі Зюскинд романында кембағалдық пен құлдыраудың бой көрсетуі арқылы көрініс табады. Неміс сыншылары «Парфюмердің» авторы Ницще, Фуко, Грасса, Канеттилер әсерінде болғанын атап көрсетті, бірақ мұның өзі оған төлтума, сонымен бірге ХХ ғасырдың шүбәсіз ең қызғылықты шығармасын тудыруға кедергі келтірмеді. Сегіз жылдан артық роман бестселлерлер тізімінен түспей, 33 тілге аударылды. Бұл шығармадан Латын Америкасының магиялық реализіміне деген еуропалық жауапты таныды әдеби орта.
Зюскинд романы түгелдей алдын-ала ойластырылған ұғымдық қоспалардың жиынтығы ретінде оқылуы мүмкін және бұл қоспалар жеткілікті мөлшерде дәл болған фрагменттер көбіне табысты болып, тұжырымдамалық тұрғыда дәл және еркіндігін сақтап, қиялға орын қалдырады. Ол иістік – тілдік жақындасу үдерісін байқатып, сонымен қатар оқырманның иістік тәжірибесін жұмылдыра іске қосып, бұл тәжірибеге белгілі бір шек жүктейді.
«Парфюмердің» өн бойында иістік образдардың інжуі, өсімдіктер мен гүлдер, аңшылық, жануарлық сезім, адам денесі, оның иісі, естелік, көпшілік оргия және парфюмерия көрініс беріп, осының барлығы сезімдік қабылдаумен тікелей байланысты семантикалық өріс ретінде танылады. Егерде біз қарастырып отырған мәтінде қандайда бір ашық нәрсе құпияланса, онда ол міндетті түрде әралуан метафоралық моделдердің көмегімен нақтылы сипатталған иіс феномендерінен тұрады.
Ханс Риндсбахер өзінің «Иістен сөзге: Патрик Зюскиндтің «Парфюмер» романындағы жиірек көрінетін сәулеттік қалыптау (модель), пейзаждық және жаратушы қалыптауы (модель), музыкалық қалыптау (модель), парфюмерлік іс қалыптауын (модель) атайды.
Зюскинд баяндаушысының иіс туралы әңгіме үшін таңдап алған алғашқы қалыптарының бірі – сәулеттік.
Шындығында бұл екі басқышты қалып сипатын иеленіп, «нағыз» ғимараттың құрылысы баланың кубик ойыны ретінде көрінеді. «Бұлар – таңғажайып фантазия, ол (Гренуй) оларды өзі жасап және сол жерде кубик ойнаған бала сияқты ешбір шығармашылық ұстанымсыз іскерлікпен және деструктивті түрде талқандайды».
Плон дю Канталь жанартауының қойнауында жүрген уақытында Гренуй иістер жадының нағыз оргиясына беріледі. Мұнда баяндаушы иістерді беру үшін кітапхана және шарап коллекциясы қалпын (модель) қолданады.
Қысқаша айтқанда баяндаушы иістің пейзаждық қалпын «көктемнің көкорайының хош иіс лүпілін, мамырдың жылы самалын суреттей отырып» жасайды. Бірақ баяндаушы Гренуйдің ішкі әлемінде ешбір заттың болмағанын, тек хош иістердің болғанын жеткізіп, мұны әлемдік пейзаж ретінде атайды. Бұған қарамастан Гренуй бұл сахнада Жаратушы «теңдессіз Гренуй» ретінде сипатталады. Және ол жыртылып тастаған тың жерде әмірлі кейіппен, адымдай басып, әр түрлі хош иістерді себумен болды... Ұлы Гренуй мұның өте жақсы, тіпті де жақсы екенін көрді.
Романда иістерді беруде соынмен қатар музыкалық қалыптау да бар. Баяндаушы Гренуй – баланың оның жаратылыстан тыс, ерекше иіс сезу қабілетін ең жақсысы музыка әлемімен теңестіру қажет деген сөзін беретін сәтте қолданады.
Мацерация, жуу және анфлераж физика-химиялық үдерістерге жатса да романның сюжеттік құрылымын құрайды, ал оның метафоралық және метонимиялық тілдік корреляттары автордың нарративтік техникасында өзінің орнына берік орналасып, барлық иіс сезу сипаттары ашық парфюмерлік метафоралармен (кең мағынасында) көрініс табады.
Парфюмерлік іс бір жағынан сюжет құрайтын фактор болса, екіншіден қарама-қарсы образдардың бастауы болып, иістерді ұғымдар тілінде беруге мүмкіндік береді. Роман оқырмандарының иіс сезу әмбебаптығы парфюмерлік технологиялар арқылы тереңдейді. Сюжеттің макродеңгейінде назар метафоралықтан метонимиялық үдерістерге аударылады. Метафоралық фаза Гренуйдің Бальдиниден кеткен уақытымен бітеді де, Грасста суық анфлераж арқылы жас әсем қыздардың иісін жинайтын Гренуйдің ұлы жобасының метонимиялық фазасы басталады.
Алайда романның сезімдік әлемінің негізінде әлі де екі аналогия, екі терең құрылым, біріншіден, мерездік ұғымы (және оның антиподы – елігу), екіншіден – пәктік ұғымы. Алайда шынайы постмодернист ретінде Зюскинд үшін өткеннің көркемдік дәстүрін қолдану ғана емес, оны масқаралықпен өңін айналдыру тән болып келіп, бұл дәстүр диаметральды түрде қарама-қарсы мазмұнға толып, классиканы теріске шығару мәнін иеленеді. Сонымен «Парфюмер» - бұл кісі өлтірушіні «тәрбиелеуші» роман ретінде әуел бастан классикалық неміс матрицасын жояды. Шығармадағы жазушының барлық классикаға қатынасы «анти» бөлшектерді айқындайтын мәндік сапаға ие болады.
Мысалға олар: антитұлға, антиромантикалық қаһарман, анти-тәрбиелік роман жағдайындағы антитангейзер. Осылай бола тұрса да шығарма дидактикалылыққа толы. Қорыта келгенде Жан Батист Гренуй жас қыздарды өлтіріп, денесінен әлемде теңдессіз хош иіс алатын жыртқыш, зұлымдық иесі, екінші жағынан әлемде жоқ хош иістерді сезетін, әрі жасайтын данышпандық иесі. Басты кейіпкер бәрін жою қасиетіне ие бола тұра, одан бас тартады. Жас аруларды өлтіріп, олардың иісін пайдаланып жасаған махаббат суын өзіне төгіп, мәйіт тонап жүргендерге беттейді. Иістің әсерінен бұған деген көзсіз құмарлық билеген ессіз, есірік топ Гренуйді тірідей жұлып жейді. Зұлымдық пен данышпандықтың тоғысқан жері – Жан Батист Гренуй. Партик Зюскинд осы қарама-қайшылықты постмодернистік метафорамен жеткізуші. Роман интертекстуалдылығына келсек, Зюскинд Шамиссо, Новалис, Гофмандардың романтикалық құрылымын, Гюго, Золя, Гюйсманс, Г.Манндардың стильдік кодтарын пайдаланды.
Сәбит Жәмбек,
филология ғылымдарының кандидаты
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.