Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Сауытбек Абдрахманов. Құран және Пушкин...

26.11.2024 7897

Сауытбек Абдрахманов. Құран және Пушкин

Сауытбек Абдрахманов. Құран және Пушкин - adebiportal.kz

Пушкинтану парақтары

Пушкин мұрасының зерттелу ауқымы кiм-кiмдi де таң қалдырмай қоймайды. Қазiр Пушкинтану бөлек ғылым деңгейiне жақындап қалды десе де артық айтқандық емес. Ақынның бiр өлеңi туралы жазылған тұтас кiтап, жалғыз жырын талдаған диссертациялық жұмыс дегендерiңiз толып жатыр. Мысалы, академик М.П.Алексеевтiң «Стихотворение Пушкина «Я памятник себе воздвиг нерукотворный» (Л., «Наука», 1967 г.) атты кiтабы көпке мәлiм. Сол зерттеушiнiң «Ремарка Пушкина «Народ безмолвствует» деген көлемдi мақаласы («Пушкин. Сравнительно-исторические исследования», Л. «Наука»,1984 г.) «Борис Годуновта» тiптi сахнадан естiлмейтiн бiр ауыз түсiндiрменiң сыр-сипатын жерiне жеткiзе айтып, жiлiктей шағып тұрып талдап бередi. Ақын мұрасының соншалықты мұқият зерттелгенi сондай, егер қазiр Пушкиннiң академиялық басылымдарындағы бiр сөздi түзетiп жазудың қажеттiгiн дәлелдеген бiр мақала жариялана қалса, ол әдебиеттану әлемiнде ашық күнгi найзағайдай оқиға болар едi.

Демек, Пушкиннiң шығармашылығын сөз еткен адамның дәл қазiр қаншама талпынып, талмай-танбай тырбанса да соныдан соқпақ салып, тыңнан түрен түсiрiп кете қоюы неғайбыл. Тiптi, ақын шығармаларын оқи-оқи келiп, «Ақыры бiр тосын ой түйдiм-ау» дегеннiң өзiнде ол ойдың бұған дейiн еш жерде, еш елде, еш тiлде айтылмағанына кепiлдiк ету қиын. Ақын жайында жарияланған мыңдаған мақалалардың арасында дәл сол тақырыпты қозғаған, онымен қоймай дәл сол қырынан қозғаған, тiптi дәл сол ойды айтқан автор табылуы әбден мүмкiн. Өйткенi, бүгiнгi таңда Пушкинге қатысты дүниенi түгел оқып шығу дегенiңiз ешкiмнiң де қолынан келмейтiн нәрсе. Ақын жайында жазылған кiтаптардың, мақалалардың көптiгiнен басыңыз айналып, көзiңiз тұнады. Бiр мысал айталық. «Библиография произведений А.С.Пушкина и литературы о нем. 1937-1948 г.г.» деген жинақта (Издательство Академии наук СССР. М-Л., 1963 г.) ұзын саны 7012 кiтаптың, зерттеудiң, рецензияның, мақаланың аты тiркелген, жарияланған басылымы көрсетiлген. 747 беттiк бұл кiтап небәрi он жылды, оның өзiнде елде баспа да көбейе қоймаған, газет-журнал да аз шығатын отызыншы, қырқыншы жылдардағы он жылды қамтығанын, оған облыстық, аудандық газеттердегi жарияланымдар енбегенiн, ең бастысы – шет тiлдердегi, Кеңес Одағының ұлт тiлдерiндегi дүниелердiң атымен сырт қалғанын ескерсеңiз, пушкиниананың алапат ауқымын өзiңiз де аңғара аласыз. Қалайда қыжыртып сөйлемесе қыбы қанбай қалатын Иосиф Бродскийдiң уақытында: «Кеңес дәуiрiндегi әдеби тыныс-тiршiлiкте Пушкинтанудың үлес салмағы орасан үлкен-тiн. Ол кезде әдебиеттанудың жолы болып тұрған жалғыз саласы осы Пушкинтану едi», деп күңкiлдеп жүргенi де содан шығар.

Бұл арада бiз дәтке қуат ететiн бiр ғана жай бар. Ол – Әуезовтiң «Ойдың» өзi бұрын айтылған ой болуы әбден мүмкiн, ал сол ойды өзiңше айта бiлудiң өзi шеберлiк», деген ұлағатты пiкiрi. Қазiргi кезде Пушкин сынды әлемдiк ауқымдағы тұлғаларға тек өз тұрғымыздан қарап, төл мәдениетiмiзге тiкелей қатысты қырын әңгiме етсек ғана соны сөз айта алуымыз мүмкiн.

Мәдениеттанушылық тұрғысынан Пушкиннiң эстетикалық көзқарастарын өзара құрамдас үш бөлiкте талдап, үш жолмен сөз етуге болар едi.

Бiрiншi жол – Пушкиндi мәдениеттiң қайталанбас құбылысы ретiнде қарастыру жолы. Өзiнiң тұсындағы әдеби стильдердiң бәрiнен де оқшау шыға бiлген ақын ешқандай дәстүрлi қалыпқа сыймайтын өзгеше өнер жасай алды. Пушкиннiң өлмес, өшпес өлеңi арқылы бүкiл халықтың көркем сөзге деген ынтызарлығы оянды. Он тоғызыншы ғасырдың орыс әдебиетiнiң алтын ғасыры болып жүргенiнiң басты сыры Пушкиннiң ұлы шығармашылығында жатыр. Бұл жолмен жүрiп өту әрi оңай, әрi қиын. Оңай болатыны – тау-тау әдебиеттi ақтарып, арасынан қажетiңiздi терiп ала бересiз. Қиын болатыны, жоғарыда айтқанымыздай, олжаға iлiгу, қазынаға жолығу мүмкiндiгi әбден шектелген.

Екiншi жол – Пушкиннiң тағдырын сөз ету арқылы ақын өнерiнiң эстетикалық болмыс-бiтiмiн ашу жолы. Пушкиннiң тағдыры деген ұғым оның ғұмырбаянының ауқымынан анағұрлым асып түсiп жатады. Данышпандық пен көркемдiкке көмкерiлген кемел туындыларын былай қойғанда, оның бүкiл өмiрiнiң өзi өнер туындысы деңгейiне көтерiлген деуге болады. Бұл жолмен жүрсеңiз де тұяқкештi сүрлеуге түсiп кете бересiз. Қазiргi таңда ақынның өмiрi күн-күнiмен баяндалып бiттi деуге келедi.

Үшiншi жол – Пушкиндi ақылман-мәдениеттанушы ретiнде қарастыру, ақынның эстетикалық көзқарастарын оның өзiнiң әдебиет пен өнердiң туындыларына, тарихтың, философияның сан қилы салаларына орай айтқан ой-пiкiрлерi арқылы танып-бiлуге тырысу жолы. Бұл жол да әбден шиырланған. Сондықтан кейiнгi кезде ұлы ақын мұрасын зерттеушiлер оның эстетикалық көзқарастарын поэзиялық, прозалық, драмалық туындылары арқылы тануға, танытуға тырысып жүр.

1997 жылы жарық көрген «Культурология. ХХ век» деген сөздiкте былай деп жазылыпты : «Культурологическая же мысль может свободно принимать или включать в себя литературно-художественные, религиозные и обыденные формы, не утрачивая своей органичной причастности к культурологии, существующей в различных вариантах саморефлексии культуры. Культурологическая мысль никогда не может до конца избавиться от «рудиментов» культурного синкретизма и отлиться в законченные формы чистой научности». Жаңағы кiтапта мұнан әрi адамзаттың көркемдiк ойын тереңдете түскен «Фауст», «Евгений Онегин», «Ағайынды Карамазовтар», «Крейцер сонатасы», «Доктор Фаустус», «Доктор Живаго» сияқты дүниелер де Шопенгауэр мен Кьеркегордың, Фейербах пен Ницшенiң, Шпенглер мен Бердяевтiң, Шестов пен Камюдiң, Хайдеггер мен Фуконың философиялық еңбектерi сынды мәдениеттанушылық ойдың жәдiгерлiктерi деген ой айтылады. Орынды сөз. Эстет болу үшiн эссе жазу шарт емес. Әсiресе, «бүкiл ақындық болмысы күмiс қоңыраудың үнiндей күй-әуезден, көздiң жауын алатындай сиқыр сұлулық пен өңкей жарасымнан тұратын» (Ә.Кекiлбаев) Пушкиннiң эстетикалық көзқарастарын оның сыни мақалалары мен эпистолярлық мұрасынан ғана iздеуге әсте болмайды. Осылай дегенде әдебиеттанушы атаулының әдетте алдымен ауызға алатыны – атақты «Пайғамбар» өлеңi.

«Пайғамбарды» Пушкин 1826 жылы, 8 қыркүйек күнi жазған. Соның алдында ғана айдаудан құтылып, Мәскеуге, достарының арасына жеткен, барысымен салтанатты қабылдауда болып, жұрттың қошеметiне бөленген, өзiнiң қадыр-қасиетiн жаңаша таныған ақынның шабыт буып, нағыз экстазжағдайында жүрген ғажайып бiр шағы едi. «Пайғамбар»– бүгiнгi тiлмен айтсақ, Пушкиннiң бағдарламалық жыры. Бұл өлеңде ол әзелден хақ тағаланың бұйрығымен ақындық қонған адамның өзге жұрттан алабөтен қасиетi болатынын, сол илһам қуатын майда-шүйдеге шашып-төкпеу, арындап жүрiп арзандап қалмау керектiгiн айтады, өмiр бойы жалпақ жұрттың жүрегiн жалын жырымен жандырып өтуге тиiстiгiн жеткiзедi деймiз әдетте. Солай. Оған дау жоқ. Мұны дәлелдеудiң өзi артық.

Осы тақырыпқа жазған жырларында ақын көбiне-көп антика дәуiрiнiң мифологиясына арқа сүйеп, музалар, Парнас, Аполлон сияқты бейнелердi арқау етсе, бұл жолы ол дiни мифологияға бет бұрады. Жұртшылыққа кеңiнен танымал «Ақын» өлеңiндегi ақынның орнында мұнда – пайғамбар, Аполлонның орнында – құдай, музаның орнында – алты қанатты перiште Исрафiл-Cерафим. Қу медиен құла дүзде жан аңсарына сусап келе жатқан адамға Жаратқан Ие жiберген әлгi перiште жолығады. Алты қанатты ақ құс жеп-жеңiл, жұп-жұмсақ сақинасымен жайлап қана маңдайдан сипап қалғанда, адамның бар жан әлемiн жаңғыртып, дүн-дүниенi өзгертiп жiбередi. «Шошып қалған бүркiттей бiр, (Алғыр көзден жарқ еттi нұр». Сол-ақ екен: «Естiдiм мен : көк тiтiреп, (Перiштелер гулеп ұшып, (Әбжыландар суда гүрлеп,/ Самсай қалды жерден шыбық» (Қалижан Бекхожин аудармасы). Онымен де қоймайды: «Қарысқан сол қу жағыма, (Дана жылан тiлiн салды». Түпнұсқада: «И вырвал грешный мой язык,/ И празднославный и лукавый». Мынандай ғажайып жер-жаһанды кәдуiлгi пенденiң күнәһар, даңғазаға бейiм, аярға даяр тiлiмен жырлай алмайсың дегендi айтады ақын. Перiште онымен де қоймайды : «Содан кейiн көкiрегiмдi, / Қылышпенен тiлiп жарды./ Дiрiлдеген жүрегiмдi /Суырды да жұлып алды». Тiлдiң ерекше болуы аздық етедi екен, бәрiнен бұрын дiлдiң ерекше болуы шарт екен. Бақсақ, шын ақын болуға бұл да жеткiлiксiз көрiнедi. Сонда барып: «Салды қызыл шоқты жанған,/Бос кеудеме қуыс қалған;/ Өлiктей бiр жаттым жонда, Құдiрет үнi жеттi сонда :/»Тұр, пайғамбар, баста, тыңда,/ Өмiрiме ер де менiң,/Жердi, суды кезiп, зырла,/Жандыр сөзбен ел жүрегiн!».

Пушкиннiң қанатты сөзге айналып кеткен «Глаголом жги сердца людей!» дейтiнi осы. Оның ақын атаулыға қалдырып кеткен асыл аманатына айналған бұл сөз – құдай сөзi. Қазақшасында «құдiрет сөзi» деп жалпыламалау болып кеткен, әйтпесе түпнұсқада: «И бога глас ко мне воззвал», деп ап-анық айтылған. Құдай ақынның сөзi хақтың үнiндей шығуы керектiгiн еске салады, сондықтан оған пайғамбарға артатын сенiмiн де артады, сондықтан оған пайғамбарға айтатын сөзiн де айтады.

Әрине, Пушкиннiң бұл атақты жырының алтын арқауы шығармашылықтың мақсат-мұраты, суреткердiң жауапкершiлiгi екендiгi талас тудырмайды. Ол жайында жүздеген мақала, кiтаптар жазылған. Мұны қайталай бергеннен келер пайда шамалы. Бiздiң айтпағымыз басқа. Айтпағымыз – Пушкин сынды ұлы таланттардың жырына әрдайым бiр ғана қырынан қарап, туындыдан ап-айқын, түпкiлiктi, түбiрлi ой түюге болмайтындығы. Шын классика әр қилы дәуiрде, әртүрлi қоғамдық ортада алуан қырлы ақ алмастай құлпырып, жаңаша жайнап жатса керек. Бiздiңше, бұл пiкiрiмiзге дәл осы «Пайғамбар» өлеңi дәлел.

Бұрын арғы-бергiде өткен жақсы адамның бәрiн қалайда құдайға қарсы етiп қоятын әдетiмiз бар едi ғой. «Жил-был поп. Толоконный лоб» дегенiнiң өзi-ақ Пушкиндi ақырып тұрған атеист атандыруға жетiп жататын. Тiлдiң тұсауы шешiлiп, ойдың кiсенi ағытылғалы бергi он-он бес жылда бұл мәселеге көзқарас өзгердi деуге болады. Ресейде қазiр Пушкиннiң шығармашылығындағы дiннiң орны жан-жақты сөз етiле бастады. Дұрысында, бұл тақырып 1917 жылға дейiнгi пушкинтануда, одан кейiнгi кезеңде шетелдегi орыс әдебиеттануында ешқашан назардан тыс қалып көрмеген екен. «Пушкин в русской философской критике» атты қазiр қолға көп түсе бермейтiн кiтапта (оны бiз астаналық пушкинтанушы В.М.Кирилловадан алдық) он тоғызыншы ғасырдың екiншi жартысы мен жиырмасыншы ғасырдың басындағы орыс философтарының ұлы ақын туралы еңбектерi топтастырылыпты. Сол жинақтағы бiр дүниеге ғана тоқталайық. Кiтапта орыстың көрнектi дiндар философы Владимир Соловьевтiң «Значение поэзии в стихотворениях Пушкина» деген көлемдi мақаласы жарияланған екен. Елу беттiк мақаланың басынан аяғына дейiн тартылып жатқан бiр желi – Пушкин шығармашылығында Мұхаммед пайғамбарға орын жоқ, болуы да мүмкiн емес едi деген ой. Кезiнде атағы жер жарған философ мақаласында жаңағы «Пайғамбар» өлеңiн талдайды. «Кейбiр сыншылардың айтуынша, бұл өлеңде поэзияның, ақынның уәзипасы туралы дәнеңе де сөз етiлмеген: олар Пушкиннiң «Пайғамбарын» кәдiмгi, нақты пайғамбар деп ұғады, солай түйсiнедi, кейбiреулерi оны Тәураттағы пайғамбар десе, басқалары бұл жырды Құранға қатысты дүние санап, пайғамбардың бейнесiнен Мұхаммедтiң өзiн көрiп, танып жатады», деп бастайды. Мұнан кейiн сөз саптауын сәл өзгертiп, «Значит, даже в том предположении, что пушкинский «Пророк» должен быть принят в собственном смысле, еще нужно решить вопрос, на кого он больше похож: на библейского пророка или на Мухаммеда. Но быть более похожим на последнего он не может уже потому, что между ним и Мухаммедом вовсе нет никакого сходства» (астын сызған бiз – С.А), деп кесiп тұрып айтады.

Қош. Қазiрдiң өзiнде бiр мәселенiң басы ашық. «Пайғамбардың» түп-төркiнi дiнге қатысты екендiгi талас тудырмайды. В.Соловьев ендi мәселенi жырда қай пайғамбар жайында айтылған дегенге ғана тiреп тұр. Сондықтан бұл арада кешегi кеңес кезеңiндегiдей «Пушкин ақынды пайғамбарға теңеп отыр ғой, бұл – поэзия туындысы ғой, онда ақын бейнелеп айтады ғой», деген сияқты ой қисынына қатып қалудың қажетi жоқ.

Осы тақырыпта пiкiр бiлдiру үшiн алдымен жалпы Құран және Пушкин, мұсылман дiнi және Пушкин поэзиясы деген жайларға толығырақ тоқталу жөн. Жақында «Қазақ әдебиетi» көрнектi ақынымыз Қуандық Шаңғытбаевтың аударуында Пушкиннiң «Құранға елiктеуiн» жариялады. Бiзге қолға қалам алдыртып отырған да сол аударма. Мұнан бiраз бұрын, 1995 жылы ақынның «Махаббат пен ғадауат» жинағында басылған бұл цикл зиялы қауым назарын шындап ендi ғана аударып отырған сияқты.

Қ.Шаңғытбаев Пушкиннiң бiзде бұрын көңiлдегiдей аударылмай келген бұл циклын барынша көркем етiп, әуен-сазын сақтап жеткiзген. «Ант етем дақ сан, жұп санмен, /Ант етем Шолпан, қылышпен,/ Ант етем кешкi құптанмен,/ Ант етем жиһад ұрыспен». Құран сөзi деген, мiне, осылай келсе керек.

Пушкин Құранның эстетикалық құндылығын ерекше бағалаған болатын. Ең әуелi Михайловскiде, қиналып жүрген шағында оқып : «В пещере тайной, в день гоненья,/ Читал я сладостный Коран», деп жазғаны көп жайды аңғартады. «Балшырын» деген сияқты сөздi Пушкин оңай жерге қимаған. Және ол мұны барынша сезiнiп, барынша түйсiнiп барып айтқан. Пушкиннiң Құранды соншалықты жетiк бiлгенi қайран қалдырады. Мамандардың айтуынша, Пушкиннiң осы тақырыптағы жырларында қасиеттi кiтаптағы 114 сүренiң кем дегенде 33-iнiң сарындары қамтылған екен ! «Не iстеймiн десе де бiр Алланың құдiретi жетедi» (Бақара сүресi, 20 аят), «ол барлық нәрсенi түгел бiлетiн құдiрет» (Бақара сүресi, 29 аят), «оның қаһары қатты» ( Бақара сүресi, 196 аят), «кiмнiң не iстегенiн көрiп тұрады» (Ғимран сүресi, 156 аят), «... көк пен жердi алты күнде жаратты. Одан соң ғарышқа (таққа) отырып, әмiр жүргiздi. Күндiздi кешпен жапты, кештi күндiзбен алмастырды. Өзiнiң бұйрығына бой ұсындырып, күн, ай, жұлдыздарды жаратты (Ағраф сүресi, 54 аят), «Ол мәңгi тiрi, бар нәрсенi басқарып тұр. Ол қалғымайды да ұйықтамайды. Оның басқаруына көктегi, жердегiнiң барлығы кiредi». (Бақара сүресi, 255 аят). Осы сарындардың қай-қайсысы да «Құранға елiктеуде» бар.

Белгiлi әдебиетшi С.Фомичев 1824 жылдың қазан айына қарай Пушкиннiң қолында Құранның французша нұсқасы да (М.Савари аудармасы) болған деп санайды. Сол басылымға алғысөз ретiнде Мұхаммед пайғамбардың егжей-тегжейлi ғұмырбаяны берiлген көрiнедi. «Құранға елiктеудi» мұқият оқыған, оның үстiне пайғамбарымыздың өмiрiмен аз-кем таныс адам бұған күмән келтiрмейдi. Расында да, Пушкин жырында Мұхаммед пайғамбардың ғұмырындағы белестi кезеңдердiң бәрi дерлiк қамтылған. Қараңызшы: бiрiншi жыр («Ант етем дақ сан, жұп санмен») Мұхаммедтiң Меккеден Мединеге қоныс аударуын (Григорий күнтiзбесiмен алғанда 622 жыл – Хиджра, мұсылман күнтiзбесiнiң бiрiншi жылы), екiншi жыр ( «Нәбидiң ару жарлары») пайғамбардың Зейнепке үйленген тұсын (627 жыл), үшiншi жыр («Тiксiндi кенет пайғамбар») Меккеден қуылған кезiн (622 жылға дейiн), алтыншы жыр («Түсiмнен кеттiм оянып») Меккеге қайта оралған тұсын (630 жыл), жетiншi жыр («Қорқағым, бойды жи») таудағы үңгiрде алғаш рет Құдай аян берген кездi (609 жылдан кейiн) өлеңмен өрнектейдi.Тағы бiр мысал. Зерттеушi К.С.Кашталева Пушкин Құранды М.И.Веревкиннiң прозалық аудармасынан оқығанын кезiнде дәлелдеген. Ақын Құранның сол мәтiнiндегi : «Создал горы, удерживая землю от движения... покрыл их небом, поддерживая оное, да не падет на них...», деп келетiн жолдарды жыр тiлiне былайша түсiрген:

Қозғалтпай аспан, дүздердi,

Көтерiп тұрсың, тәңiрiм.

Қалмайды ол басып бiздердi,

Мықты ғой сенiң әмiрiң.

 

Жандырдың күндi, о Алла,

Аспан мен жердi жарық қып;

Түсiрдiң сәуле ғаламға,

Жұпарға жұртты қарық қып.

Мiне, ұлы ақын Жаратқан Иенiң құдiретiн осылай жырға қосқан. «Құранға елiктеуде» қасиеттi кiтаптың орталық образы – Алла бейнесi мүмкiн болғанынша жан-жақты ашылған. Әрине, мүмкiн болғанынша. Адам деген Алла бейнесiн ешқашан толық аша алмайды.

Құранның түп нұсқа мәтiнi бастан аяқ, тұп-тұтас iшкi ырғаққа құрылғаны мәлiм. Түптеп келгенде оның ақ өлеңмен жаралған поэзия туындысы екенi ешқандай талас тудырмайды. Мақамына келтiрiп оқығанды тыңдаған сайын қай-қайсымыздың да құлағымыздың құрышы қанып, бiр ауыз мағынасын ұқпасақ та, сөздiң сиқыр сазына елтiп, әлдеқайдан құйылып келiп жатқан үндiк үйлесiмiне ұйып қалатынымыз да сондықтан. Мұсылман әлемiндегi дiн ғұламаларының қай заманда да Құранның тек арабша нұсқасы ғана дауыстап оқылуын қатты құнттайтынында, тiптi қадағалайтынында үлкен мән бар : түпнұсқаның бiр құдiретi оның эмоциялық-интуитивтiк бастауы басым болып келетiнiнде: киелi кiтаптың адамның жанын баурап алып кететiн керемет қасиетi ғажайып сөз сазында жатыр. Мұхаммед пайғамбардың көзi тiрiсiнде Құран сүрелерiнiң негiзiнен жатқа айтылып таралғаны оның мәтiнiнiң әуездiлiгiн, үндiлiгiн барынша ұштай түскен деп шамалауға болады. Пушкин мұны бiлген, бiлмесе – сезген. Мұхаммед пайғамбардың жаңа дiндi дүниеге әкелуi қандай азапқа түскенiн анық түсiнген. Оның үстiне Пушкин осы жырды жазған тұста өзi де қуғын-сүргiн көрiп, жақын жандарының тарапынан да түсiнiстiк таппай, торығып жүрген болатын. 1824 жылы П.А.Вяземскийге жазған хатында: «Между тем принужден был бежать из Мекки в Медину, мой Коран пошел по рукам – и доныне правоверные ожидают его», деп әзiлдейтiнi бар. Ұлы ақын «Құранға елiктеуiнiң» соңғы шумағында қасиеттi кiтаптың құдiретiн шарықтатып әкеткен:

Тал бойына толып қайрат, үмiт, бақ,

Жолаушыға қайта оралды жiгiт шақ;

Қуанышы төгiлiп те шашылып,

Жолға шықты Жасағанға бас ұрып.

 

Дәл сондай кезеңде Құранға жолыққан ақын:

 

Мықты ғой Алла тағала:

Мұхаммед алса Құранды,

Бiзге де түсер самала,

Сыпырып көзден тұманды, –

 

деп бiр мезет қасиеттi кiтаптан медет күткендей де сыңай танытады. Пушкиннiң «Бiзге де түсер самала» деп отырғаны Құрандағы: «Кәпiрлер кейде неге мұсылман болмадық екенбiз, – деп армандайды.

Ей, Мұхаммед ! Оларды еркiне жiбер. Жеп-iшiп, ойнап-күлiп жүре берсiн. Өздерiнiң армандарын қусын. Жағдайларын кейiн бiледi»(һижiр сүресiнiң 2,3 аяттары) деген сөздердi еске салады. Кешегi кеңес әдебиетшiлерiнiң, бүгiнгi орыс пушкинистерiнiң ақын шығармашылығындағы Құран сарындарын онша ауызға ала бермейтiнiнiң, кейде көпе-көрiнеу көзге ұрып тұрған дүниенiң өзiне бет бақтырмай қоятынының бiр себебi осында ма деп те ойлайсың…

Ендi негiзгi түйiндi тұсқа келейiк. Шынында да, В.Соловьев айтқандай, Пушкин өлеңiндегi пайғамбар мен Мұхаммед пайғамбардың арасында «ешқандай ұқсастық жоқ» па екен ?

Бар ! Бар болғанда қандай.

«Духовной жаждою томим,/В пустыне мрачной я влачился», деп басталады «Пайғамбар» жыры. Мұның орысшасын алып отырғанымыз – аудармада осы екi жол «Жан аңсары сусағанда,/Талықтым мен меңiреу жонда» деп келтiрiлген. Бiзге бұл арада «пустыня» өте керек болып тұр. Мұхаммед пайғамбар әуел баста өзiнiң жақын адамдарынан әбден көңiлi қалып, Меккенiң маңындағы Хира шөлiне жападан жалғыз кете беретiн болған. Пушкин осыны мегзеп отыр. Ал мына шумаққа не айтасыз? Өзiн тағы бiр оқиықшы.

Содан кейiн көкiрегiмдi ,

Қылышпенен тiлiп жарды.

Дiрiлдеген жүрегiмдi

Суырды да жұлып алды.

Тәуратта (Библияда) бұл сарын жоқ. Онда мұның алдындағы сарын («Қарысқан сол қу жағыма, (Дана жылан тiлiн салды»/ ғана бар. «Тогда прилетел ко мне один из серафимов, и в руке у него горящий уголь, который он взял клещами с жертвенника и коснулся уст моих , и сказал: вот, это коснулось уст твоих, и беззаконие твое удалено от тебя, и грех твой очищен», делiнген Исайя пайғамбар кiтабындағы алтыншы тарауда. Ал мына сарын жоқ. Оны нық сенiммен айта аламыз. Болса пушкинистер баяғыда табар едi. Ендi Құранды оқиық. Шарх сүресi былай басталады :

(Ей, Мұхаммед!) Сенiң кеудеңдi ашпадық па? (1 аят ).

Алла тағала дәл осылай деген. Оның ар жағында күнәдан арылу сарыны былай жалғасады : «Сенiң арқаңдағы ауыр жүктi де алып тастадық. Сенiң даңқыңды асырдық» (Шарх сүресi, 2,3,4 аяттар). Мұхаммедтiң пайғамбарлық жолы әуелде осылай басталған деп түсiндiредi қасиеттi кiтап.

Пушкин бұл сарынды тек Құраннан оқып қана алып отыр ма? Осы арасына тоқталайық. Бұл үшiн хадистерге арқа сүйемеске болмайды.Бiр өкiнiштiсi, бiзде хадистерге әлi де аз көңiл бөлiнiп келедi. Оларға «Мұхаммедтiң сөзi мен iстерiн дәрiптейтiн аңыз-әңгiмелер» деп ауыз әдебиетiнiң бiр саласындай қарайтын әдет бар. Ал дұрысында хадистер исi мұсылман баласы үшiн Құраннан кейiнгi екiншi құқықтық құжат саналады. Әсiресе, исламды жаңа жағдайға бейiмдеуде хадистердiң алған орны, арқалаған жүгi ерекше. Хадис жинау орта ғасырларда мұсылман мәдениетiнiң ең негiзгi саласының бiрi саналғаны да, олардың ислам дамуының бар кезеңiн қамтитын құнды жәдiгерлiк болып табылатыны да сондықтан. Ал ендi сол хадистер не айтады? Олардың арасындағы аса беделдi нұсқалардың бiрi – Мұхаммед әл-Бұқари құрастырған «Әл-Жәми әс-Сахих» («Ақиқат жинағы») атты кiтап дейдi бiлетiн мамандар. Сонда баяндалған жайды В.Панова мен Ю.Вахтин сөзбе-сөз дерлiк пайдаланып, төмендегiше келтiредi: «...Оқиға былай болғанға ұқсайды. Аспанда күн күлiм қаққан, ашық-жарық, нағыз сиыр сәске тал түс кезi. Халима (Мұхаммедтi емiзiп жүрген бәдәуи әйел – С.А.) күйеуiмен қостың iшiнде ұсақ-түйек шаруа iстеп шүңкiлдесiп отырды. Мұхаммед пен оның емшектес ағасы қозыларды қарап, үй iргесiнен сәл-пәл аулақта ойнап отырған. Бiр кезде олардың жанына малынып ақ киген екi адам келдi (Балалар олардың перiштелер екенiн қайдан бiлсiн). Бiреуiнiң қолында iшi ақ шекердей аппақ қарға толы алтын шылапшыны бар.

Олар Мұхаммедтi шалқасынан жатқызып, кеуде сүйегiн iреп ашып, жүрегiн шығарып алған. Жүрегiнде қара дақ бар екен, соны алып, былай тастап, баланың жүрегi мен iшкi сарайын аппақ қармен жуып тазартып, жүректi орнына салған да, бұрылып кете берiптi. Емшектес ағасы ойбайды салып үйге жүгiрiп, көрген-бiлгенiн әке-шешесiне баян еткен. Зәресi жаһаннамға кеткен Халима мен күйеуi далаға шықса, Мұхаммед аппақ болған бетiнде қан-сөл жоқ демесең, қалған денесi дiн аман, анадай жерде состиып тұр. Өкiл әке-шешесiнiң сауалына емшектесiнiң сөзiн құптап, көрген-бiлгенiн баян еттi. Бұл оқиғадан Халиманың жүрегi ұшқаны соншалық, Мұхаммедтi тiрiсiнде анасының қолына тапсырып, пәле-жаладан аулақ болуды ойлады. Мұхаммедке бiр тосын оқиғаның жабысқанын iшi сездi».

Замандастары бұл әңгiменi Мұхаммедтiң өз ауызынан бiр емес, бiрнеше қайтара естiген. Құдайдың әмiрiмен перiштелер менi күн дертiнен тазартып, аққұла айықтырып кеттi деп отырады екен» («Мұхаммед пайғамбардың өмiрi», 39-40 беттер). Бұл Мұхаммедтiң төртке қараған кезi едi дейдi. Ал пайғамбардың серiктестерiнiң бiрi – Әбу Хұрайра ол оқиға Мұхаммедтiң қырыққа толған шағында болған деп санайды. Қалай дегенде де, хадистердiң қай нұсқасында да Жебiрейiл перiштенiң Мұхаммедтiң кеудесiн жарып, жүрегiн тазартып шыққаны айна-қатесiз айтылады. Түрiк авторы Махмұд Бақы (1526-1600) хадистi Мұхаммед пайғамбардың тiкелей өз атынан баян етедi: «Құдайдың үмбетi бiр жолы туысқандарының арасында отырғанда әлдеқайдан үш ер кiсi келгенiн әңгiме етiп шертетiн. Бiреуiнiң қолында алтын шылапшын бар екен, iшiне қар толтырып қойыпты. Әлгiлер жаныма жақындай түсiп, менi шап берiп ұстай алды, сол сәтте-ақ туысқандарым менi тастап кете барды. Кiсiлердiң бiреуi дереу шалқамнан жатқызып, кеуде тұсымды жарып кеп жiбердi. Мен болсам осының бәрiне салқын сабырмен қарап тұрмын, еш жерiм ауыратын емес. Тағы бiреуi iшек-қарнымды алып шықты да, мұз салынған шылапшынға тастап, жуды, сөйттi де қайтадан орнына қойды. Ендi бiреуi жүрегiмдi суырып шығарып, тiлшелiп тiлдi де, ұйысып қалған қара қанды алып, анадай жерге лақтырып жiбердi. Мұнан кейiн әлгi кiсi бiрдеңе iздегендей кеудемнiң оң жақ, сол жағына қолын жүгiрте бастады. Кенет қолындағы сақинаға көзiм түсiп кеттi, жалт-жұлт ететiнi сондай көрген адамды естен тандырардай көз қарықтырады. Әлгi кiсi жаңағы сақинасымен менiң жүрегiме ен салды, сол-ақ екен жүрегiме пайғамбар нұры төгiлiп, ақыл-ой кернеп ала жөнелдi. Жүрегiмдi кеудеме қайта салып бердi. Ендi әлгi сақинаның қай жерде қалғанын сезiп жаттым.

Бiр кезде барып үшiншi кiсi қарын тұсымдағы жараны сипап өттi. Сол-ақ екен, Алла тағаланың құдiретiмен жаңағы жарам жазыла қалды. Әлгi адам қолымнан жайлап қана тартып едi, мен орнымнан тұрып кеттiм».

Пушкиннiң тұсында хадистер орыс тiлiне аударыла қоймаған едi деседi. Онысын бiлмедiк. Тегi, ақын мұны французшадан оқыған сияқты. Бұл арасын әлi анықтай түсу қажет болады. Дәл қазiр мәселе онда емес. Мәселе ақын жырындағы негiзгi сарын Құранға да, хадиске де сайма-сай келiп тұрғанында, мұның тiптi де тегiн еместiгiнде. Ал ақын жырында еврейлердiң Исайя пайғамбары мен арабтардың Мұхаммед пайғамбарының аңыздары (ауызға жыланның тiлiн салу мен кеуденi жарып, жүректi жуу) қатар-қабат өрiлетiнiне келсек, оған таңданудың жөнi жоқ. Түп-тұқиянынан тартсаңыз, арабтар да, еврейлер де бiр кiсiнiң – Ыбырайымның (Авраам) балалары. Еврейлер Ыбырайымның Сарасынан туған Ысқақтың (Исаак), ал арабтар Ажардан туған Ысмайылдың ұрпағы. Құран мен Тәуратқа ортақ пайғамбарлар да көп екенiн жұрттың бәрi бiледi. Бiр кiндiктен тарамақ тұрмақ, тарихтың бел ортасында барып араласып-құраласа бастаған халықтардың мифологиясында да ортақ сарындар бола беретiнiн бәрiмiз бiлемiз.

Сонымен, бiздiңше, Пушкин өлеңiн құдiрет етiп тұрған басты сарын Құраннан алынған деп сенiммен айтуға негiз бар.

Ал ендi, өлеңнiң кейiпкерi кiм дегенге келейiк. Бұл үшiн «Пайғамбардың» түйiнiн қайта оқимыз. Құдай үнiне құлақ түрелiк:

 

Тұр, пайғамбар, баста, тыңда,

Әмiрiме ер де менiң,

Жердi, суды кезiп, зырла,

Жандыр сөзбен ел жүрегiн !

 

Әдебиетшi Х.Г.Короглы бұл сауалдың жауабын бiрер ауыз сөзбен-ақ берген: «Мұндай сөз дүниеге жаңа дiн, әлемдiк дiн алып келген адамның, яғни Мұхаммед пайғамбардың ғана бойына сыяды. Теңiз асып, шөл басып жүрiп жұрт жүрегiн жалын сөзбен жандыру Мұхаммед пайғамбардың ғана қолынан келдi». Бұл ой қисынына ден қоймауға, дес бермеуге болмайды.

А.С.Пушкиннiң «Пайғамбар» атты жыры ақынның эстетикалық көзқарастарының өзiндiк бiр жиынтығы iспеттi деп айтуға келедi. Бұл өлеңде ұлы ақын өнер құдiретiн, ел сөзiн ұстаған адамның жауапкершiлiгiн жерiне жеткiзе жырлаған. Ал ендi осы айтқанымыз өзiмiздiң жоғарыда дәлелдеп отырған ойымызға – «Пайғамбардың» сарыны Тәураттан емес, тiкелей Құраннан алынған, ол жырда пайғамбарымыз Мұхаммед ғалайiссаламға құдiрет күштiң қалай қонғаны, оның Алла тағаладан қандай аманат алғаны айтылады деген тұжырымымызға қайшы келмей ме?

Жоқ. Қайшы келмейдi. Өйткенi, бастан аяқ өлеңге бергiсiз қара сөзбен өрiлген Құранның өзi де өнердiң өлмес, өшпес туындысы. Жер жаралып, су аққалы бергi ең ұлы жыр. Солай болғандықтан да «ұлы Петрдiң арабы» Ыбырайымның (Ибрагимнiң) ұрпағы – данышпан Пушкин өзiнiң өлеңдер циклының болмыс-бiтiмiн «елiктеу» деп сыпайы ғана сипаттау арқылы да Құранды қандайлық құрмет тұтатынын көрсетiп, Алланың алдында тағзым ететiнiн танытып отыр.

Бiлген жанға бұл да үлгi.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

филология ғылымдарының докторы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар