Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Серіктің жыр сапары...

12.08.2022 5252

Серіктің жыр сапары 12+

Серіктің жыр сапары - adebiportal.kz

Оқырманына мәнді де мағыналы, шырайлы дүниелерімен танылып жүрген қаламгер Серік Жетпісқалиевті әдебиет төңірегінде жүргендердің білмейтіндері кемде-кем. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Жетпісқалиев оқырманына «Бейуақ естілген ән», «Таразы тағдыр» сияқты жыр жинақтарымен, «Жетпісқалиевтың жетпіс жеті әңгімесі», «Жанат Қасым жайлы сөз», «Көкшелік қаламгерлер құпиялары», «Сейтен тағылымы», «Балық аулай барғанда», «Жабал шешен» сияқты прозалық кітаптарымен танымал.

Он томдық «Жыр маржаны» атты Қазақ поэзия антологиясының жетінші томына өлең-жырлары енген. Мұның бәрі былайша айтқанда Серік Жетпісқалиевтың өзіндік «бекграунды» (өмір тәжірибесі, сүбелі еңбектер) іспеттес.

Серік қазақтың нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіті. Оның шығармашылық өрісін бір саламен тұйықтай алмаймыз. Серік – ақын. Серік – драматург. Серік әдебиет зерттеушісі, сыншы, публицист, эссеист, кәсіби журналист.

Осы салалардың барлығында өзінің салмақты дүниелерімен, айтар ойымен көрінген. Өнер айдынында мақсаты биік, бағдары айқын, жалына қол тигізбейді, биік, өр, тәккапар.

Міне, осы Серіктің біз айтып кеткен барлық өнерлік қырларының басын бір жерге жинақтаған пұшымды дүниесі жарық көріпті. Жинақтың аты «Көзімдей көр...» деп аталыпты. «Көзімдей көр...» поэтикалық тамаша атау. Автор өз мақсатын оқырмандарына былай білдіреді:

Көзімдей көр...

Осы бір жинағымды,

Ойлай-ойлай әрнені ми да ариды.

Мені іздеген дос-жолдас, жанашырға,

Сыр тұнған жыр ұсыну ұйғарылды...

Жинаққа автордың өлеңдері, драмалары, аудармалары, эсселері, хикаят-әңгімелері топтастырылған. Олардың әрқайсысы жайында үлкен-үлкен тұрлаулы тұжырымдар айтуға болады.

Серіктің ақындық жолы туралы кезінде қаламдас ағасы, ақын Төлеген Қажыбай былай деген екен: «Серік Жетпісқалиев есімін үш-төрт жыл әлетінде аңдағандаймын. Содан бері қаламдас ініміздің аяқ алысы, көз алдымда келеді. Уақыт ұзаған сайын шын жүйріктің жүгірісі түзеліп, бауыр жазып көсіле түсетіні тәрізді Серіктің қаламы да жорға желісін жетілендіріп, ширата түсумен келеді. Бұл – оң құбылыс!»

Серік Жетпісқалиевтың шығармашылығы жөнінде, оның тағы бір қаламгер ағасы Жабал Ерғалиев: «Серік Сапарұлы Жетпісқалиевтің есімі Көкше асып, қалың қазақтың арасына кеңінен жайылды. Әдебиет майданындағы оның қол жеткізген биіктерінің өзі бір төбе. Серіктің «Бейуақ естілген ән», «Алашқа хат» жыр жинақтары, «Сейтен тағылымы», «БАҚ және саясат» ғылыми-зерттеу еңбектері, «Жетпісқалиевтың жетпіс жеті әңгімесі», «Бақтияр бұзық бала емес» сияқты прозалық шығармалары жалғыз оның ғана емес, барша оқырманның олжалы дүниесіне айналғандығын айтқан ләзім» - деп жылы лебізін білдіреді.

Жинақтың композициясы шымыр, бас-аяғы жинақы. Жинақтың өн бойында тұтас бір лиризм сезіледі. Ақын Серіктің дүние, қоғам, заман, адамдар, өзі жайындағы ағыл-тегіл сырлары, жан толғанысы, жан дірілі, қамырықты да мұңлы ой-сезімдері, толқыныс күйі ерекше бір лирикалық леппен, сыршыл да кестелі өрнекпен өріліп отырады.

Мұндай нәзік лиризмге арналған жырлардың қатарында жинақтағы «Күзгі сезім», «Мен берген сары жапырақ», «Тал бойында бір нәзіктік нұр ойнап», «Жырым-ау, тағы оралдым саған», «Кеудемде жыр қайнағанда», «Ауылыма талай барам», «Сұлулық» өлеңдерін ерекше атауға болады. Әсіресе:

Жолықтың да жүректі дір еткіздің,

Жапырағын жүргенмен күреп күздің,

Тұмшалаған қап-қара бұлтты жарған,

Найзағайдай жарқ етті жүрек біздің, -

(«Сұлулық») дегені қай-қай сезімтал жүректі болмасын бей-жай қалдырмасы анық.

Ақынның қамырықты көңіл-күй сезімдері «Тәуба», «Сен де оқы...», «Бұлдыр-бұлдыр бұлаңдаған ғұмыр бұл», «Тағы да өткел», «Арпалысып келеміз өмірменен», «Бір сызат түсерме екен төзімге ауыр», «Қайран көңіл қалайша жайланады?», «Өңменімнен өтеді өмір сызы», «Өкініш», «Әкеммен қоштасу жыры», «Жолда», «Жүрегімді күн күйдіріп жүр менің», «Мұң туралы жыр», «Жарқырап жүріп жүріп тас бастым» өлеңдерінде айқын байқалады. Мынау бір өлең жолдарында ақынның алау-далау, көңіл-күй сезімдері өріліп жатқандай:

Өңменімнен өтеді өмір сызы,

Күндердің көп жайсызы, көңілсізі.

Не істеріңді білмейсің, төнгенде кеп,

Жазықсыздан-жазықсыз тәңір сыны.

Серіктің көп өлеңдерінде тағдырға деген налалы көңілдің кейісі мен мұңы бар. «Бейуақ естілген ән», «Тәубә» өлеңдерінде мезгілсіз қаза болған Айболат есімді ұлының қазасына жаны күйген азалы мұң, өксік, күйініш бар. Амалсыз күрсінесің, күйзеліп, жүрегің толқиды. «Мұң туралы жырда»:

Алдарқанып, өтірікті шын көріп,

Жүрсем дағы бәріне де үлгеріп.

Шарасыз ой иттей ұлып, зарлайды,

Айболатпен қалмаған соң бірге өліп, -

деп мұңданады. Бірақ ақын өмір салған тауқыметке, азапқа көнбейтін қайсарлық, беріктік танытады. Ақылды, сабырды жолдас қылады. Өмір өз ырғағымен жүріп жатыр. Өмір жалғасын тауып жатыр. Өмірдің өз логикасын, диалектикасын таныған, тіршілік заңдылығын, зерделі, сұңғыла көңілмен түйсінген ақын көңілі Абайша «сап,сап көңілім, сап көңілім» деп айнала өмірден, жарық дүниеден, тіршілік ырғағынан жаңаша мән, мағына тауып, таусылып бітпес дүние көшінің тізгінін, өмір бұйдасын қолға алғандай болады. Мұңлы жанына жылу, қамсау болар таянышты да тапқандай. Осынау өмір ағынына тартар түйінді ақын сезімі былайша өреді:

Сүрініп талай түрегелермін,

Сүйсініп өмір сүре беремін.

Жалғанда мынау кім кімге қарар,

Жырымды жазып жүре берермін!

Ақын көңілі өзін осылайша бекітіп, өмір айдынына қанат қаққандай болады. Алдағы күндерден үміт, сенім күткендей болады. Ақын жырларының өмірсүйгіштік рухы бәсеңдемейді. Жалпы Серік поэзиясының болмысы туралы оның ақын досы Ерболат Баятұлы былай дейді: «Ақынның өлең-жырларында туған табиғаттың, қарт Каспийдің, арналы Жайықтың қаталдау болмысы мен тербелісі һәм ағысы бар. Тепсініп тұрған Махамбеттей өршіл рухтың жарық сәулесі бар. Бір сәт апшыны қуыратын адуын мінез де бар». Ақын да өмірдегі өз позициясын нықтап, алдағы күндерге жігерлі түрде үн қататыны бар:

Мың құлап, тұрып, теңдестім,

Азғырма босқа, көнбеспін.

Талып та жеткен жолымнан,

Тайдыра алмас енді ешкім.

Ақынның мұндай өршіл сеніміне бізде ортақтасамыз. Сан алуан тақырыптағы өлең-жырлар ақынның поэтикалық арсеналында жетіп артылатынын байқағандаймыз. «Сертімдей болсын қоятын шартың, Қарсы алшы тағы жыр-мекен!» - деп алып ақын сан алуан тақырыптағы жыр көгенін ағытқандай болады.

Ақын жырларындағы ерекше тақырыптардың бірі – туған жер тақырыбы. Қалай айтсақ та ақын – туған жер перзенті. Туған жермен қуанады. Туған жермен асқақ армандарға қол жалғайды. Ақ Жайықтың перзенті «Жаздым жыр қаза еңсені езген кезде, Ақ Жайық толқынында тербегенде», - дей келіп, «Жайықтан қайтып келемін...» деген өлеңінде туған Жайығының қасиеттерін, жеті шумақта: «Намысты қолдан бермеген, Жайықтан қайтып келемін!», «Сарайдай киіз үй тіккен, Жайықтан қайтып келемін!», «Тереңнен мұнай аттырған, Жайықтан қайтып келемін!», «Алдыңа бекіресін тосқан, жолыңа ниетін қосқан, Жайықтан қайтып келемін!» деп мақтанышпен санамалайды. Жыр соңында: «Төсіңде аунап тағы бір, Мерейім тасып келемін. Жайықтан қайтып келемін!» деп мерейленеді. Жеті шумақта қайталанатын «Жайықтан қайтып келемін!» деген хабарлы сөйлем жыр экспрессиясын үстемелеп тұр!

Туған жерін шалқы жырлай отырып, кейде көңіліне кірбің де оралады. Ақын көңіліне перзенттік алау да арнайды.

Туған жерге деген сезім жоғары,

Балғын шақты ұмытқаным жоқ әлі,

Сұлулығы әлемге аян болса да,

Ақ Жайыққа аққу сирек қонады.

Сұлулықтың символындай Ақ Жайыққа аққу неге сирек қонады деп бізде ойланамыз. Торығамыз, жабығамыз.

Соңғы жылдар бедерінде өріс алған ғаламдық катаклизм әсерінен туындаған табиғат кінәраты, экологиялық зарар оқырмандарын бей-жай қалдырмаса керек.

Ақын – шығармашылық тұлға. Ол кез келген құбылысқа селт етіп, сергек үн қатады. Табиғаттың долы бораны да, аязды қысы да, аптап шіліңгір ыстығы да, қоңырқай сары күзі де ақын сезіміне әсер етеді. Көңілін баурайды. Шабытты шақтарының көрігін қыздырады. Әр ақынның өз маусымы, жыл мезгілдері бар шабыт отын шақыратын. Біреулер долы боранды, кейбіреулер маужыраған жазды, кейбіреулер қоңырқай, сары күзді жанына жақын тартады. Мысалға орыстың ұлы ақыны Пушкин күз маусымын ерекше жақсы көріп, осы ойларды ұзақ қыдырыстап жүреді екен. Талай шығрмалары да осы күз айларында туса керек. Пушкиннің атақты «Болдин күздерін» еске алсақ та жетеді. Қазақ ақыны Мағжан күзді де, қысты да, жазды да жырлаған. Серік Сапарұлы да Пушкин сияқты қоңыр күздің қоңырқай тіршілігінен жаны сая тауып, оны сырласына, мұңдасына, ақылшы кеңесшісіне айналдырғанын бағамдаймыз. Ақын сары күзге деген сағынышын:

Сары күз сені сағындым,

Көңілімнің көшірмесі едің.

Ағымнан саған жарылдым,

Сен қалай кешірмес едің?! –

деп ақтарылады. «Жүрекке салмақ көп мүлде, Көп менің татқан кермегім. Тарығып жапа шектім де, Күз болып қалды ермегім» деген ақын сырына біз де сенеміз.

Серік өлеңдерінің көркемділігіне келсек, ол кейбір ақындардай әдемі тіркес, әсіресе айшықтысы теңеу, орынсыз суреттеулерге бармайды. Көркемдігінің өзі табиғи. Өмірге бейнелі, образды көзбен қарайтын ақынды осының барлығы биязы бір қалыппен өз орнын тауып жатады. Тыңдап көрелік!

Миым – ақ дән аршыған элеватор,

Адам пиғыл мысқылдап жеңеді ақыр.

Жау қамалын жайратқан жайсаң батыр,

Ақ сенімім –

Жәй басып келе жатыр!

Бейнелі де, ойлы жолдар! Образда қапы жоқ. Жинақта мұндай мысалдар жеткілікті. Сөз соңында Серік бауырымызға айтарымыз тарлан өнердің биігінде ақсұңқар құстай шүйгіп, жасындай жарқылдап, өнер сүрлеуінде желмаядай желіп, тарлан боздай шаба бер демекпіз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар