Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Шынай Рахметұлы поэмалары – ұлт шежіресі

04.04.2017 1786

Шынай Рахметұлы поэмалары – ұлт шежіресі

Әлемдегі біртұтас қазақ әдебиетінің бір тармағы Моңғолиядағы қазақ әдебиеті. Тарихи қалыптасу жағдайына байланысты кейбір өзіндік сипаттары болмаса, аталған елдегі саяси-экономикалық ахуал, таптық ұстанымға негізделген қоғамдық құрылыс тұрғысында атажұрттағы үлкен әдебиеттен тым алшақ емес деп айта аламыз. Социализм мұраттары, оны жүзеге асыру жолында жанқиярлықпен өмірін арнаған пролетариаттық қаһармандардың асқақ бейнесі, қарапайым еңбек адамдары – осы елдегі қазақ қаламгерлерінің басты тақырыбы болды және бұл үрдіс өткен ғасырдың 90-жылдары басына дейін жалғасты.

1940 жылы аталған мемлекет аумағында қазақ халқы негізін құрайтын әкімшіліктік құрылым – Баян-Өлгий аймағы құрылуына байланысты, ұлттық әдебиет пен мәдениет дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылды. Бұл кезеңде ел арасында негізінен тарихи, діни тақырыптарды қаузайтын дәсүрлі эпикалық дастандар кең таралған болатын. Халық ауыз әдебиеті шығармаларымен қатар, Ақыт Үлімжіұлы, Дөңтай Қожамбетұлы, Нәжікеш Таңқайұлы т.б. ақындардың төлтума дастандары халықтың рухани қазынасы болды.

Баян-Өлгийдегі жаңаша сипаттағы жазба әдебиеттің негізін қалаушылардың бірі Ақтан Бабиұлының «Жасыл дөң», «Бүркіт» поэмалары аталған елдегі әдебиеттің үлкен табысы ретінде бағаланды. Арғынбай Жұмажанұлы, Имашхан Байбатырұлы, Кәкей Жаңжұңұлы қатарлы ақындар поэма жанрын сәтті игеріп, жаңа белеске шығарды. Солардың қатарында оқырман қауымның ықыласына бөленген белгілі ақын, жазушы, шежіреші Шынай Рахметұлының есімі өткен ғасырдың 70-жылдарынан бер қарай қалың оқырманға танылды. Ақын «Қарагер», «Ікей батыр», «Қарлығаш» сияқты әр түрлі тақырыптағы оншақты поэма жазды.

Ақын шығармаларынан өзі өмір сүрген дәуір тынысы, туған халқының басынан өткерген қилы тағдыры танылғандай. «Уақыт тынысын мейілінше толымды жеткізу. Қайткенде бүгінгі қаһарман тұлғасын жан-жақты сомдау. Қазіргі поэма авторын толғандыратын, қиялына қозғау салып, қолына қалам алдыратын түбірлі факторлар да осы», - деп сыншы Асқар Егеубаев атап көрсеткеніндей [2,16-бет], Шынай Рахметұлы поэмаларында көтерілген әралуан тақырыптарды көтеруге автордың үлкен дайындықпен келгені аңғарылып тұрады.

Шығармашылық ғұмырының бастауы Моңғолиядағы социалистік қоғам құру идеясының нағыз қызып тұрған шағына, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына тап келген ақын поэмаларының барлығынан бүгінгі күннің сұраныс-талаптарына, идеялық, идеалдық биігіне сай мазмұндық үйлесім табу мүмкін де болмаса керек. Өйткені әдебиет – әрқашан сол сәттегі қоғам өмірінің, өткен және бүгінгі тарихының айнасы. Әр дәуірдің өз ұраны мен мақсаты болатыны, сол дәуірде өмір сүрген ұрпақтың, дәуірдің бел баласының өз дәуірінің оқиғасын өзіндік ой елегінен сүзіп, көңіл таразысына тарта отырып, көбінесе қоғамның сұранысына сай шығарма толғайтыны шығармашылық ғұмырдың заңдылығы десек артық айтпағандық болар еді. Бұл – әсіресе өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің еншісіне жазылған құбылыс. «Әдебиет тарихына көз жүгіртсек, халық сүйіспеншілігіне бөленген еліміздің талай ардагер ұлдары мен қыздарының ұнамды бейнелері әр алуан жанрларда жасалғанын білеміз. Алайда көркем әдебиетте ұлы көсем бейнесінің жырлануымен тікелей байланысты ұнамды образдың биік тұлғасы туғаны сөзсіз» [2, 8-бет].

Қаншама тамаша талантты ақындар өз қаламының қарым-қуатын лениниананы жырлауға сарп етті. Коммунизм мұраттары, асқақ идеялары жолында шын беріле шығармалар жазды. Социалистік жүйенің белді мүшесі ретінде осы үрдістен Баян-Өлгийдегі қазақ әдебиеті өкілдері де шет қалмады дегенімізбен, Шынай Рахметұлы поэмаларынан біз шынайы бейнедегі, өз заманына сай қарапайым қазақ адамының бейнесін көреріміз анық. Осы бір қасиетін ақынның замана ауанымен кете бермеген өзіндік азаматтық ой-пікірі қалыптасқандығы, ұлттық мазмұнды құндылықтарға деген берік ұстанымдылығынан деп түсінсек те болғандай.

Шынай Рахметұлы поэмаларының қамтыған тақырыптық ауқымы да кең. «Адам – табиғаттың ажырамас тұтастықтағы бөлшегі» деген ойды ақынның қай шығармасынан да болсын, менмұндалап тұрады. Енді ақынның поэмаларына тоқталайық.

«Қарагер» дастаны қазақтың қадірлі жеті қазынасының біріне балаған қасиетті Қамбар ата түлігі жылқы жануардың мінез-құлқы арқылы, яғни заманында бәйгенің алдын бермеген Қарагер тұлпардың қартайған шағын суреттей отырып, бастағы бақ-дәуреннің өткінші екенін, уақыт шіркіннің өз дегенін істеп тынатынын көрсеткен туынды.

Нарын басы.

Ауыл маңы, суат жақ.

Кәрі тарлан, жатқан еді шуақтап.

Тұру мехнат, аяқтары сырқаулы,

Ұшқан бастан,

Абырой-даңқ, қуат бақ [1,60].

Ақын Қарагер тұлпардың қазіргі қаусаған күйіне оқиғаның әдетте басты назары міндетті түрде өзі болып, болатын думан мен жарқылға толы өткен өмірінің жарқын суреттерін қарама-қарсы қояды:

-Абақ! Абақ!

(Ырғып жатыр көзден жас)

Бәйге, бәйге,

Ұмтылсаңшы даяғаш!

Жетелеңдер, қан тұрады!

Көз түсер,

Кежім жауып,

Кең саяға ала қаш! [1,61].

Өлең жолдарындағы ұсақ штрихтар арқылы ақын бәйгеге ат қосқан, қосқан атты көмбеден тосқан, бәйге атына жас баладай күтім жасап, сырт көздің сұғынан қорғаштайтын қазақ психологиясының алуан күйін жақсы бере алған.

«Қамбар ата!» деді бұл да,

бабасына бас иіп,

Қара жердің сол ұранмен,

Қалып жатыр тасы ұйып [1,61].

Қамбар ата түлігі тау мен тауды, жазық пен жазықты біріне бірін қоса арқырай шапқанда тіктеп тиген тұяғы, көлденең жатқан көк тасты, саз балшықша илемеуші ме еді, Қобыландының Тайбурылы? Әсірелеудің осы бір сипатын Шынай ақын былай деп береді:

-«Қамбар ата!» деді бұл да,

бабасына бас иіп,

Қара жердің сол ұранмен,

Қалып жатыр тасы ұйып[1,62].

Бойдан күш пен қуат кетіп, «ат арыса тулақ болып», кешегі даңқы мен дақпырты, көрген сый-құрметі көзден бұл-бұл ұшқан Қарагердің қазіргі халі тым ауыр:

Өтер өмір осы деші,

Сағымдай-ақ құлпырып.

Тұрайын деп тұра алмады,

Намыстана ұмтылып.

Қашқан аңды, бұлтартпап ең сонда да,

Бұлғақтаған, ұстатпады-ау түлкі-үміт [1,63].

«Дидарын танытпаған сұм жалған», қуса да жеткізбеген «түлкі-үміт»! Сыртын берген жалған дүниенің шынайы символын ұтымды бейнелеген осынау метафоралық сурет – ақынның тақырыпты ашудағы басты жетістіктерінің бірі екені даусыз.

Құлагер тұлпар осылай кәріліктен титықтап жатқанда, құлағына баяғыдан таныс дүбір, жарысқа аттанған сәйгүліктер тұяғының дүбірін естиді. Осы дүбір кәрі арғымаққа аяғынан тұрар күш сыйлайды:

Өрен жүйрік екіленді қайтадан.

Өр арманы «Иә, сәт!» - деп айтады ән.

Бар тебінін жинап бойға ұмтылды,

Ауруға дес бермей,

Жерсоғарын шайқаған [1,63].

Бәйге аттарына ілесе шапқан Қарагер тұлпардың баяғы жастық шағындағыдай, қалың топтан суырыла шығып, екпіндей шабатын жерін ақын қимыл мен көңіл динамикасының қатар өрілуі арқылы береді:

Артқа қарай, қашып жатыр жол бұғып,

Есіл көңіл елеуреді, тоң жібіп.

Ақ тілек пен асыл арман арқалап,

Кең жазықта келеді ағып соңғы үміт [1,67].

Дастан сонымен бірге кәрілік мен жастықтың, әке мен баланың арасындағы конфликтіні көрсете алуымен құнды. Көненің өшіп, жаңаның өсетінін, тіршілік иесінің басты ұлы миссиясы – артында өзінің даңқты жолын жалғастыратындай ұрпақ қалып бара жатса, ұтылыстың өзі қорқынышты емес деген ой айтады.

Ақынның келесі поэмасы «Ікей батыр». Поэманың оқиғасы әйгілі Халхин гол шайқасында жапон самурайларымен ерлікпен айқасып қаза болған қазақ азаматы, МХР Батыры Ікей Мәзімұлының ерлігі туралы. «Барлық поэманың да идеялық мазмұндық арқауы – халықтың жаумен шайқастағы ерлігін мадақтап, айдай әлемге паш ету болатын», - деп осы кезең туралы сыншы – ғалым Ә. Нарымбетовтің айтқан пікір қорытындысын «Ікей батыр» поэмасына да айтуға болады.

Поэмада ел тыныштығын бұзған қатігез жауға деген өшпенділік сезім нанымды түрде беріледі. Ел шетіне жау тиген сол күнгі табиғат пен адамның кейпі қасіретпен қатар өріледі. Автор поэмада табиғаттың көріністерін оқиғамен байланыстыра суреттегендігін көреміз:

Тұтылып түнгі сылаң ай,

Тұншығып шықты нұрлы күн.

Ақ бөпе қойды жұбанбай,

Ашпады отау түндігін.

Әз ана шошып оянып,

Ақсақал басын көтерді.

Жартастар қанға боялып,

Жазықтар күрк-күрк жөтелді [1,69].

Ақын осынау сындарлы да қаһарлы кезеңнің шынайы суреттерін беруге барынша талпынған. Көзге елестер, көкейге қонымды суреттер арқылы соғыс уақытын кейіптеулер, меңзеулер арқылы бейнелеуге ақын үнемі талаптанатынын байқаймыз. Ақынның оқиғаны бастауы, өрбітуі шалт:

Сайрайды десе көкегі,

Оянды сарнап төңірек.

Халх гол таңы етегін,

Гүрсілмен түрді зеңбірек [1,80].

Тып-тыныш, мамыражай, көкектің сайрауымен оянатын Халх гол өзенінің етегін мезгілсіз түрген сұм жауларға деген ыза-кек ашулы қимылға ұласып, поэма оқиғасының аренасы әп сәтте қым-қуыт соғыс суреттерін толып кетеді:

Солдаттар алға уралап,

Бүйірден соға лап қойды...

Жалынға танктер маталып,

Самолет самсап көкте өрді.

Миномет ауыр қақалып,

Пулемет біткен от берді.

Хан-төбе жапқан басына-

Қас дұшпан жыртты – желекті.

Үгіліп бордай тасы да,

Үзіліп ерлер жер өпті...

Құтырып дүлей борасын,

Құйынға толды мөлдір көк.

Қан басып мауыт жағасын,

Халх гол ақты еңіреп [1,80]

Поэмада қазақ халқына тән батырлық, досқа адалдық, ажал аузында жатқан, он екіде бір гүлі ашылмаған жас жүректің өмірге деген қимас сезімі мейілінше шынайы бейнеленген әрі де осы поэмадағы Ікей батырдың ерлік өлімі арқылы мыңдаған қазақ жауынгерлерінің типтік бейнесін көреміз. Жалпы алғанда өз шығармаларында аз сөзбен көпті аңғартуды, шағын штрихпен келісімді кесек портрет, нанымды образ жасауға Шынай Рахметұлының үнемі ұмтылатынын байқаймыз. Ақын поэмаларында жиі кездесетін этнографиялық табиғи суреттер мен дәлме-дәл штрихтар - өзіндік қолтаңбасын танытатын қыры екені даусыз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Рахметұлы Ш. Қарагер. Өлгий-1982 ж.138 б
  2. Егеубаев А. Сыр мен сымбат.Алматы. Жазушы, 1981 ж. 224 бет
  3. Нарымбетов Ә. Қазіргі қазақ поэмасы Алматы.Жазушы. 1982 ж. 246 бет
  4. Алпысбаев Қ. Поэма және сюжет.

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Шынай#, Рахметұлы#, поэма#
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар