Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Совет-Хан Ғаббасов: Сақ патшасы қайыра жерленді...

06.11.2015 3695

Совет-Хан Ғаббасов: Сақ патшасы қайыра жерленді

Совет-Хан  Ғаббасов: Сақ  патшасы қайыра  жерленді - adebiportal.kz

                                            

 Сыр ашу


Алаш жұртының бүгінгі ұрпағы, терең тұшынып толғана білсек, Қазақ халқының тарихы, Күлтегіннің «Тас кітабында» жазылғандай: ‑ «Биікте ‑ көк Тәңірі, төменде – Қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған...» ‑ дейтін өсиетінен, біздің көне мәдениетіміз бүкіл адамзат өркениетімен астасып жатқанын аңғару қиын емес. Осынау Тәуелсіздігімізді алған 22 жылдың ішінде, Ұлы Даламыздың төрт құбыласынан табылып жатқан «алтын адамдар» мен «көне қалалардың» орындары, өткен дәуірлеріміздің сыры мен шынын айпарадай етіп ашуда?! Осыншама мол, археологиялық бай мұраларды қолға ұстай отырып, бүгінгі айтып жүрген «көшпенділер өркениеті» дейтін атаудың өзі қате сияқты. Сірә, бұл бізді үнемі кемсіте сөйлейтін «Европацентризмнің» жапқан, жалған жаласы болса керек. Олай болса, оны – «Түркі әлемінің өркениеті» немесе «Тұран өркениеті» ‑ деу, әлдеқайда тарихи да, ғылыми да, дұрыс болар еді. Өйткені, күллі адамзат қауымы алғашқы кездерде барлығы да «көшпелі» болғандары белгілі. Ендеше, сол ‑ «көшпелі ұғымның» ‑ бізге ғана жабысып қалғаны, тіпті де әділдік болмаса керек... Біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтардағы, сақ пен ғұн тайпалары өркениеттерінің даму кезеңдері жайындағы мағлұматтар; ‑ әсіресе Түркі әлемінің қара шаңырағы болып табылатын, Алтай аймағында сақталған – Берел, Шілікті, Майемер, Ақсуат; Жетісудағы – Жалаулы, Теңдік, Берікқара, Қарғалы, Быжы, мен Ұлжан; Батыс Қазақстандағы – Аралтөбе, Сынтас, Бесоба, Тасастау, Қырықоба; Торғай даласындағы – Бестамақ пен Кеніш ; Арқадағы – Байқара, Талды‑2; Арал маңындағы – Баланды мен Түгіскен, Шірікрабат пен Ұйқарақ; ‑ тәрізді ескерткіштерді зерттеу нәтижесіндегі нақты деректерден алынады... Ендігі бір арнайы сөз етуді талап ететін мәселе – «Сақ» пен «Ғұн» атаулары жайындағы түсініктердің «сыры» мен «шынына» назар аударған жөн сияқты. Себебі, осы атауларды әркім әртүрлі түсініктерде жазып жүргені де мәлім. Мәселен, жас тарихшы Ербол Бекболатов : ‑ «...Қазіргі Қазақстан териториясына келген «Ғұндар» тұрғылықты «Сақтарды» (скиф) қуып шықты. Жеңілген сақтар Иран, Үндістан халықтарының ішіне сіңіп кетті. Аз бөлегі ғұндарға сіңуі мүмкін. Сақтар жалпы Иран тілдес европоидтық нәсілден болған. Ал ғұндар моңғолоидтық нәсілді, әрі ежелгі түркі тілінде сөйлеген («Алатау» газеті, 4.07.2013ж.), ‑ деп, біз ата‑бабамызға балап жүрген Сақтарды, мүлдем Иран нәсіліне жатқызыпты. Дәл мұндай тұжырым, осы күнге дейін айтылып та жазылып жүрген ұғымдарда жоқ. Ал мынау Ерболдың айтуынша, кеше ғана ата‑бабамызға балап, Шіліктіге апарып сүйегін қайыра жерлеген «Сақ патшасы» Түркі емес, иран нәсілі дегеніне сену қиын. Тарихи деректегі бұрынғы түсінік бойынша, Түркілермен үнемі жауласып жүрген Парсылар – түркілерді «Сақ» (ит) десе, қытайлар өз тілдерінде «ғұн»‑«кун» (тентек құл) деп атайтынын білуші едік. Ендеше, жас тарихшының жоғарыдағы сөзі, аласапыран ақ көбік тәрізді. Жалпы тарихты бұрмалап, терең зерттеп анықтамай пікір айтудың зардабы аса ауыр. Оның үстіне Түркі өркениетінің көне тарихтары, Қытайдың, Парсының, саудагер‑Саяхатшылардың жазбаларында болғандықтан, олар өздеріне жау санайтын Түркілерді дұрыстап, ақиқатпен анық етіп жазбайтыны да түсінікті. Тіпті, кешегі Ресейдің билеп‑төстеген уақытында да, шала сауатты офицерлер мен чиновниктердің біз туралы жазған жазбалары мен бұйрықтарын да, таптырмайтын тарихи деректерге балайтынымыз рас. Міне, осылардың барлығында терең анализден өткізіп қабылдаған жөн. Әйтпесе, қайбіреулердің бәленше архив материалдарынан дегенді алға тартып, дуылдатып көзсіз қабылдауды тоқтатудың уақыты жеткен сияқты... Ал мынау сөз еткелі отырған, кеше ғана 2013 жылдың 25‑30 маусым аралығында болған деректі әңгіме, сонау шығыстағы Зайсан өңірін көмкерген, Сауыр тауының қойнауындағы Шілікті жазығынан табылған «алтын адам» жәй ғана табыт емес, біздің эрамызға дейінгі УІІ‑УІІІ ғасырда жерленген «Сақ патшасының» мұрағаты болып шықты. Осыншама, адамзатты таңқалдырған құндылықты, белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаев ‑ 2003 жылы ашып жариялаған еді. Оның алтынмен апталған «сақ патшасы» екендігін, Италья ғалымдары мен Москвадағы Герасимов атындағы ғылыми‑зерттеу институты дәлелдеп берген. Кеше «Сақ патшасының» сүйегін қайыра жерлегенде, сол итальия ғалымы да бірге болды.


Уақиға желісі


Бұл оқиға жайында, 2003 жылдары жазылған басылым беттерінен оқығанмын. Содан кейін, екінші кездескенім, 2009 жылы Шығыс Қазақстанның облыс орталығы Өскеменде өткен, Зайсан ауданының күніне арнайы шақырылып қатысқанда, археолог‑тарихшы Әбдешті және «сақ патшасының» суреті қойылған, киіз үйдегі экспонаттарменде танысқан едім. Бірақ ол кезде Әбдеш мырза, ол мұрағаттың қазылған күйі ашық‑шашық қалғанын айтқан жоқ. Тек, алтын бұйымды заттардың мол болғанын жан‑жақты әңгімелеген еді. Бұдан соң, бұл мәселе жайында еш хабарым болған емес. Ал мынау соңғы уақиға, ойда жоқта кезіккендіктен, қысқа болса да қағаз бетіне түсіруді жөн санадым... Кешегі өткен маусым айының орта кезінде, «қалта телефоныма» қоңырау шалған жігіт:

‑ Ассалаумағаликум аға, мен Зайсанның баласымын. Сізбен кездессем бе деп едім...

- Ағаликум уссалам, айта бер, не жайында?

- Аға, кешіріңіз, айтатыным телефонның әңгімесі емес еді...

- Ә‑ә, солай ма, жарайды, келістік. Мен қазір жұмыс істеп отырмын. Сағат 16-да демалуға шығамын, анау «Ромстордың» жанындағы шағын бақта тұрған Нұрғисаның (Тілендиев) ескерткішінің жанында жолығайық...

Міне осылай, Айдын Егеубаев дейтін азаматпен жолығып, біраз әңгімелестік:

Айдын ізетпенен үн қатып: ‑ Аға, өзіңіз жақсы білесіз, Шілікті жазығындағы «Бәйге төбеден» табылған «Сақ патшасының» сүйегін және 2277-ден аса алтын бұйымдарды алып, қазба іздеушілер ойран‑топырын шығарған күйі кетіп қалған еді. Содан бері қарай бұл аймақта табиғат апаттары жиілеп, тұрғылықты жұрттың көрмеген азаптары жоқ, ‑ деді.

- Жә, Айдын қарағым асықпай айтшы. Бұл қопарып тасталған зират па, әлде мұрағат па?

- Аға, оның қайсы екенін білмеймін. Бірақ, төбенің үстіңгі топырағын алған соң, жуан‑жуан қарағайларды қиыстырып тұрғызылған ағаш үй шығады. Үйдің ұзындығы – 7,5 метр, ені – 4,5 метр, биіктігі – 3,0 метр екені анықталады. Археологиялық топты басқарушы проф. Төлеубаев Әбдеш бірден мемлекет басшыларымен хабарласып, сол кездегі мәдениет минстрі Құл‑Мұхамбетов Мұхтар тік ұшақпен жетеді. Бірақ минстр дұрыс нұсқау бермеген болу керек, қазба іздегендер алатындарын алып, сол қорыс‑қопасы шыққан күйі, ашық‑шашық тастап кетіп қалады. Анау ағаш үйдің қабырғалары бұзылғаны ‑ бұзылған бойы шашылып жатады. Кейін қыс келгенде ағаштары отқа жағылады. Міне, осыдан кейін‑ақ, қысы-жазы малдары жайылыммен шығатын Шіліктінің ауа райы қатты өзгерістерге ұшырап, өмірі болмаған 2010 жылы көктемде екі ауылды түгелімен су шайып кетеді. Адамдар арасында ауру көбейіп, балалар жарымжан болып туа бастайды. Содан, бүкіл Шілікті жазығын мекендейтін барлық халық жиі‑жиі жиналыс жасап, үкіметтен «сақ патшасының» сүйегін қайыра жерлеуді талап етеді. Міне, осынау туған жеріміздің мәселесімен, бірнеше жылдар бойы Сақан Акелеев ағамыз екеуміз шұғылданып, әрең дегенде «сақ патшасының» сүйегін алдық, ‑ деп Айдын бір тоқтады.

- Әйтеуір, заңды түрде шешілді ғой.

- Иә‑ә, аға, бұл шаруаның азабы аз болмады. Үкімет бір тиын да қаражат берген жоқ. Барлық қаражатты өз қалтамыздан шығардық. Әйтеуір, сүйекті алдық. Енді міне 10 жыл өткенде қайыра жерлемекпіз. Жақында, маусым айының 25 күні «баспасөз конференциясы» болады. Осы жиынды, өзіңіз басқарып беруді сұрап отырмын...

- Бә‑ре‑келді, азаматым! Ердің ері ғана бітіретін шаруа жасапсыңдар, Алла жарылқасын, рахмет, ‑ деп келісімімді бердім.

Белгіленген күнінде баспасөз жиыны да өтті. Қызу талқылаумен, сұрақ‑жауап көптігімен пікір алмасылды. Келесі күні Айдын, Сақан, Орал, Ерболат, Оралжан... тағы бірнеше азаматтар маған келіп, сонау 1500 шақырымдағы Шілікті сапарына бірге жүруімді өтінді.

Біраз ойланып : - Өтініштерің жөн. Әйтсе де, менің жасым келіп қалған адаммын ғой, ‑ дегеніме, олар көне қоймады. Жарқын‑жарқын сөйлейтін Сақан‑мырза : - Аға, жайлы машина болады. Өтінеміз.., ‑ деді. Сөйтіп, 27 маусым күні, сағат 15-те сүйекті арнайы жабдықталған машинаға жайғастырып жолға шықтық. Жүрер алдында, машинаға салып жатқан сүйекті түсіріп, менен сұхбат алған «Ұлттық арна» мен «КТК» және «24» телеканалдары жазып алды. Осылайша ұзақ сапарымыз басталып та кетті. Сүйекті жерлеуге баратын адамдар да көбейіп, төрт машинамен жолға шықтық. Қапшағайдың су қоймасынан өтісімен‑ақ, себезгілеген жауынымен салқын самал соқты да тұрды. Кеш жастана Талдықорған қаласына жетіп тамақтандық та, жүрісімізді ары қарай жалғастырдық. Жолай Ақсу, Сарқан, Үшаралдарды көктей өтіп, таңғы сағат 5-те Аякөзге жетіп, аудан әкімшілігінің әзірлеп қойған қонақ үйінде дамылдадық. Келген бойда жатып қалсақ, сағат 10-да шайға оятқанда, ұйқымыз қанып сергіп тұрдық. Көп айналмай, бірден сапарымызды жалғастырып кеттік. Жолай Жарма мен Көкпектіні басып, Шорғадағы қаракерей Қабанбай батырдың ат үстіндегі ескерткішіне тоқтап, Ұлы Қолбасшының аруағына Құран бағыштадық. Жолда ешбір қиыншылық болған жоқ. Кешкі сағат 18-ден кете Зайсан қаласына жеттік. Қала іші орманға оралып, көше бойларын гүлзармен күлтелендіріп қойыпты. Онжылдықты бітірген жастық шағым, алдымнан жайраңдай түсіп, жамырап шыққандай күй кештім. Менің Зайсанға соңғы рет келгенімнің өзіне, тіпті 22-жылдан асып барады екен. Біздерді аудан әкімінің орынбасары Долдан бауырымыз бен ішкі саясат бөлімінің бастығы Зумұрат қарындасымыз қарсы алды. Дайындап қойған бөлмелерге кіріп шықтық та тез жиналып, бірден 12 шақырымдай қашықтықтағы Бақасу жерінде жатқан, анашым Әсия Құсайын қызының зиратына келіп құран бағыштадық. Өскен жерімді көргендіктен бе, бойыма кереметтей күш құйылып, аз‑кем шаршағандықтың өзі сейіліп кетті. Салқын ауа самал желмен батып бара жатқан күннің шапағынан ерекше бір мейірім құйылып тұрды... Бірер сағаттан кейін қайыра Зайсанға келіп, кешкі қонақасымызға отырдық. Астан кейін жаныма келген Зумұрат өздерінің жасап қойған ертеңгі жиынның бағдарламасымен таныстырды. Бағдарламаны негізінен той ретінде өткізбек болған кемшілігін көрдім де, мұны маған қалдырып кетуін сұрадым. Ел аяғы басылған соң, Сақан екеуміз түн жарымына дейін отырып, бағдарламаны түбегейлі өзгерттік. Ертеңінде ертелетіп жеткен Зумұратқа түсіндіріп, оның ризашылығымен Сақан екеуі қайыра басып шығаруға әкімшілікке кетті.Таңертеңгі шайдан кейін, кеше ғана облыс әкімі Сапарбаев Бердібек тағайындап кеткен, Зайсан ауданының жаңа әкімі Алмас Оңдақанов қасындағы адамдарымен сәлем беруге келді. Қасында орынбасары Долдан мен маслихат хатшысы Дәулеттер де інілік ізеттерін көрсетіп жатты. Осылайша көп ұзамай 70-80 шақырымдай қашықтықтағы, Шіліктінің жазығына бет түзедік. Аспан шайдай ашық, көгілдір түске малынып, салқын самалымен мөлдіреп тұр. Алматыдан бірге келген барлық азаматтар кеше сүйекті алып, кешкі астан кейін Шіліктіге жүріп кеткен болатын. Олар сол жақтағы дайындықтармен шұғылданып жатқандарын үнемі хабарлап тұрды. Біздер аудан әкімі Алмастың машинасында әңгіме‑дүкен құрып, тау арасынан салынған тастақ жолмен жортып келеміз. Кідірместен жүргеннің өзінде екі сағаттай жолда жүріп, «Бәйге төбенің» бауырына келіп тоқтадық. Жиналған халықтың қарасы мол көрінеді. Келіп амандасып қарсы алушылардың ортасында қалдық. Мен сонау балалық шағымыздағы замандастарымның көбін тани алмай қалдым. Жас келген кездегі, өзгерістерді ысырып тастау мүмкін емес екен ғой...


Сақ патшасын қайыра жерлеген сәттегі суреттер

жолда 4 адам.jpg












зират басында.jpg

мурде касында.jpg

портрет касында.jpg


Шілікті ауылының «мәдениет үйінің» алдын да өткен жиналысты Сақан жүргізіп, алғашқы сөзді маған ұсынды. Осыдан 29 ғасыр бұрынғы ата‑баба тарихынан қысқаша сөз қозғап, қазіргі археологиялық зерттеу тәсілін өзгерту қажеттігін айттым. Бұрынғыдай материалдық байлықты алуға ұмтылатын, қалай болса солай қопарып тастайтын «қарақшылық тәсілді», үзілді‑кесілді тоқтату керектігін сөз еттім. Аздап «адам тәрбиесінің жаңа ілімінен» сыр шертіп, халқымыздың дәстүр‑салты мен тәрбиесінде қабағат ауыр кемшіліктер бар екеніне тоқталдым. Мынау 10 жылдан кейін, кезінде жіберген қателікті қайыра түзетіп жатқанымызда, сол тәрбиедегі ауыр кемшіліктердің көрінісі екенін айттым. Тән тәрбиесінен басқа, Жан мен Рух тәрбиесін қысқаша айта келіп, мынау ата‑баба аруағына беріліп жатқан Асқа және Сіздерге арнап әкелген «жаңа ілімнің» 100‑кітабын тегін таратып бермекпін. Қиыр шетте жатқан жерлестеріме әкелген сәлемдемем осы. Ауыл‑аймақтарыңыз аман болып, ел‑жұртымызға береке бірлік пен бақыт келсін. Қаптаған халық, айтылған сөзді қыбыр етпей тыңдады. Жұртшылыққа жаңадан әкім болып келген Алмас мырзаны таныстырып, оның алғашқы күні басталған жұмысына бата берілді. Сөз алып пікірлерін білдірушілер көп болды. Оларда өздерінің жол‑жоралғыларын жасап жатты. Жиналыс соңында аудан әкімі Алмас екеуміз «сақ патшасының» 2,5 метрлік ескерткішінің лентасын кесіп, алтындай жарқыраған ажарлы тұлғасын аштық. Халықтың қуанышында шек жоқ. Көп адамдар мені жібермей қаумалап, кезек‑кезек суретке түсудің өзі ұзаққа созылып кетті. Әлден уақыт өткенде ғана, ас берілетін дастарханға босатты. Астың жалғасы үлкен концерт пен бәйге жарысына ұласпақ. Біздердің оған қарауға уақытымыз болмады. Жаңа келген әкімнің де шаруалары шаш етектен екен. Бірден Зайсанға жүріп кеттік. Кешке жақын аудан әкәмі Алмас мырза өзі басқарып, Алматыдан келген азаматтарға қонақасы берді. Сақан екеуімізден басқалары, тамақтан кейін‑ақ қайтар жолға аттанып кетті. Әрқилы әңгімелермен кеш марқайтып, біздер де қонақ үйге келдік. Бұйырса ертең таңғы 4‑те тұрып жолға шықпақпыз...


Сапар соңындағы – ғайыптық құбылыстар


Бүгін, яғни маусым айының 30‑күні, жайлы төсектің үстінде жайбарақат жатып‑ақ ұйықтай алмадым. Түнгі сағат 3-тен оянып, әртүрлі ойлармен шырмалып біраз жаттым. Бірақ жанымда жатқан жігіттерді оятқаным жоқ. Өйткені, алдағы ұзақ жолда машина жүргізетін Ерболдың әлі де, біраз демалғаны жөн сияқты. Әйтсе де, уақыт шіркінде тоқтау жоқ қой. Таңғы сағат 4-ке қоңырауын қойған Сақанның сағаты қатты шырылдап, жігіттерді оятып жіберді. Өздерінше туған жердің адамдары, жаны қалмай сыйлаған болып жатыр. Оларына ‑ рахмет! Дереу төмендегі аспасшының әзірлеп қойған шайын іштік те, кідірместен таң қараңғылығымен сапарымызға аттанып та кеттік. Дәл келген күнгі ауа райындай, мезгіл‑мезгіл себезгілеген жауын, қоңыр‑салқын самалымен жайдары қалып танытып тұр. Осылайша, Зайсан қаласынан 3-4 шақырымдай шығып та кеттік. Жазғы таңның шапағы тез жайылып, жолда бізден басқа ешбір машина жоқ екенін анық көрсетіп тұр... Кенет алдымыздан маң‑маң басқан «жолбарыс түстес ит», ақ сызықтан аттап өтті де, қайта бұрылып ‑ екі аяғына басын қойып, бізге қараған күйі жата қалды. Мұндайды күтпеген біздер, аң‑таң күймен аңырып қалыппыз. Машина ішінде отырған бізге, етпеттеп жатқан Иттің мейірімге толы жанары, ап‑анық көрініп тұрды. Осынау бір оқыс көріністен ес жыйалмай қалдық. Ол ит сол жатқан бойы, біздерді шығарып сап қала берді. Алғашында не дерімізді білмей, біздер тоқтамастан жүре бердік. Тек, біраз уақыттан кейін ғана тілге келіп, таңырқасқан сезімдерімізді айта бастадық. Қайта‑қайта жаңағы көрініс көз алдымыздан кетпей қойды. Осындай әсермен, тіпті «Қарабұлақ» ауылынан өтіп кеткенімізді де аңғармаппыз. Манағыдай емес, енді сатырлата жауған өткінші жаңбыр, құйып‑құйып жіберді де тоқтай қалды. Бұл кезде біздер «Сарбұлақтың» жазығында келе жатқанбыз. Мөлшермен 40-50 шақырымдай жол жүріліп қойдық...

Әлден уақытта, біз келе жатқан жолдың шетінде құбылаға бетін беріп тұрған «аппақ Тайлақ», мойнын бұрып бізге қараған күйі, тапжылмастан қалып бара жатты. Оның бет әлпеті мен көз жанары, бізге бұл жолы да ап‑анық көрініп тұрды. Артқы орындықта өзі ғана отырған Сақан: ‑ Бұл жақта түйе болмаушы еді ғой, ‑ деп таңырқаған пейіл танытты.

Мынау екінші көрініске қатты әсерленген мен де :

- Сірә, бізге Алла да, Аруақ та риза сияқты. Мынау жай көрініс емес. Бұл ғайыптық құбылыс, ‑ деген өз тұжырымымды айттым.

Мұны Сақан да, машина жүргізіп келе жатқан Ерболат та қоштады. Біразға дейін осы екі құбылысты әңгімелеумен болдық. Жүріс жайлы, күн салқын. Тағы да бір 20-30 шақырымдай жүріп қойдық. Оң жағымыздан жарқырай түсіп «Зайсан көлі» көрініп жатыр. Сол жағымыздағы «Маңырақ тауы» сілемдене түсіп, онан бөлектене көрінген аңыздағы «Толағай жотасы» ажарланып тұр. Міне, жолдың дәл осы кезеңінде, тағы да алдымыздан ұшып өткен жалғыз «Аққу» аса зор денесімен көрінді де жоғалып кетті. Бұл бізге көрінген үшінші «құбылыс» еді. Мұның әсері біздерге, тіпті ерекше болды. Осының барлығы да істеген ісімізге деген ризашылықтың нышанына балап, тағыда аруақтарға құран бағыштап бетімізді сипадық. Машинаны бүгін ерекше жігермен жүргізіп отырған Ерболат: - Ата, әнеки Шорғағада келіп қалдық. Қабанбай бабамыздың ескерткішіде көріне бастады, ‑ деп жарқын‑жарқын сөйлеп, өзінің көңілділігін байқатты.

Оған жайдары жүзбен бұрылып :

- Иә‑ә, ботам, Алла жарылқап, аруақтың ризашылығына бөленген деген осы. Енді аман‑есен Алматымызға жетелік. Барынша сергек те сенімді бол, ‑ деп, өзімнің де жақсы сезім күйде отырғанымды аңғарттым. Осылайша Қалба тауын көктей өтіп, Жармадан асып, Аякөзді басып зымырап‑ақ келеміз. Бүкіл сонау Зайсаннан бергі жердің бәрін көріп, Аршатау мен Алакөлді сыртынан қызықтап, күн бата Талдықорғанды айналып өттік те, тоқтамастан жүріп Қапшағайдың үстінде келеміз. Сәтті сапардың салтанатымен, кешкі 9,30-да Алматыдағы үйгеде жеттік. Бірге келгендер риза көңілмен хоштасып тарастық...

Алматы‑ Зайсан‑Алматы, 7.07.2013ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар