Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Тағы бір көктем көзімнен, сағыныш болып үзілді (ЖА...

16.05.2023 1579

Тағы бір көктем көзімнен, сағыныш болып үзілді (ЖАЛҒАСЫ) 14+

Тағы бір көктем көзімнен, сағыныш болып үзілді (ЖАЛҒАСЫ) - adebiportal.kz

Басы мына жерде

Қасымхан Бегмановтың шығармашылығы туралы қазақ қайраткерлерінің пікірі

Қасымхан Бегманов поэзиясынан қазақтың ірі тұлғаларына деген ілтипат құрметі және ондағы тұнып тұрған аллюзия – шығармашылығының бір биігі іспетті. Ол қазақтың заңғар ұлы тұлғаларын түгендеуге тырысады. Жақсыларды жырына қоса отырып жоқтайды. Олардың қатарында Махамбет батыр, Абай, Қаныш Сәтбаев, Нәзір Төреқұлов, Дінмұхаммед Қонаев, Саттар Ерубаев, Кенесары хан, Төлеген Айбергенов, Асқар Сүлейменов, Кеңшілік Мырзабеков т.б. сынды марғасқалар бар. Оларды өлең көгінде қалықтатады. “Тәуелсіздік немесе Нәзір Төреқұлов жайлы жыр”, “Академик Қаныш Сәтбаев жайлы жыр”, “Ақын зиратындағы ой”, “Асқар Сүлейменовті еске алу”, “Құбылыс” деген жырларында тұлғалардың сәулелі һәм қасіретті тағдырлары биік поэтикалық сарында баяндалады. Сол өлеңдерінің ішінде Қасым Аманжолов туралы толғанысы ерекше. Ол осылай деп жырлайды:

«...Дәуірлер жайлы толғай да толғай толғанған,

Заманалардан ұрпаққа жырын жолдаған.

Қасқа жол саған, басқа жол салған қашанда,

Қазақта біздің Қасымдар осал болмаған...

...Найзағайлы қара бұлттай құйып өткен жауыным,

Семсер тiлдi, от жүректi тынбай соққан дауылым.

Жалғыз қалып жабыққан бiр осы мұңлы жылдарда,

Аруағы мен жыры менi демеп келген бауырым.

Он бестегi таңғы шықтай мөлдiреген сезiмдей,

Қараша ауыл, қасқа жолда қалған балғын кезiмдей.

Қызыл заман құрсаулаған Түркiстанның қайғысын,

Жүрегiме жасырып ап жолға шыққам өзiңдей.

Тына қалған тамшы көрген, сан ғасырлық тастардан,

Мұрат iздеп «Мұңлық-Зарлық” секiлдi асыл дастаннан.

Атамекен Аққорада қасiретiң басталған.

Сағым көшкен Сарыарқадан алыс-алыс жақтарға,

Алдыңды орап ақ киiк боп бала кезден қашты арман,

Алашымның шоқ жұлдызы ағып түскен аспаннан», – деп толғанады ақын үш бөлімнен тұратын өлеңінде.

Назды толқын. Емеурінді жыр. Қасым Аманжоловтың есімі бірнеше өлеңінің өзегі болған. Өзің тағдыр жолы мен Қасымның өмірін салғастыра, салыстыра қарайтыны да бар. Ол ұлы ақын жайлы ойланып мұңға сүңгиді. Жанын сурады. Ағарып кеткен сағыныш алауы өзегін өртейді. Қасымхан Бегманов өзгеше сағыныштың ақыны. Шығармашылық шеңберінің бойымен жүріп өтер болсақ, ақын өлеңдеріндегі сағыныштың бір сипаты - ұлы тұлғаларды аңсау. Яғни, халқымыздың қабырғалы қайреткер ұлдарына деген шексіз әрі мәңгілік құрметі, ықылас-пейілі зор. Тізбектер болсақ Хан Кене, Махамбет, Абай, Нәзір Төреқұлов, Қаныш Сәтбаев, Асқар Сүлейменов, Төлеген Айбергенов т.б. сынды ұлт ұлыларына бағышталған өлеңдері – айғақ бола алады. Мысалы «Асқар Сүлейменовті ескер алу» жырын оқып көрейік:

Тағы да келдi, Сызғанның керiм көктемi,

Саураннан берi Шорнақта туған тектi едi.

Парықсыздыққа қарсылық едi-ау бiлгенге,

Асекеңдердiң жалғанға келiп кеткенi.

 

Ширалған ойлар шиыршық атқан бесiнде,

Шырмаған едi-ау Бабайқорғанның кешiнде.

Алматы жақта жанына ерiп жүрдiм мен,

Ешкiмге оның ұқсамайтыны есiмде.

Көңiлiм бүгiн қарашадағы мұңлы аспан,

Сол көктем жайлы жаза алмай жүрмiн бiр дастан.

Асығыс соққан дөңгелегiндей поездың,

Зырлады уақыт орнында бiр сәт тұрмастан.

 

Шорнақта туып, далада өскен ұлы адам,

Оңашаларда отырып жалғыз жылаған.

Жердiң бетiне елшiдей келiп, Алладан,

Қазақ пен Созақ тiлегi жалғыз сұраған.

 

Тағы да келдi, Баба ата жақтың көктемi,

Түркiстандағы Шорнақта туған тектi едi.

Парықсыздыққа қарсылық едi-ау бiлгенге,

Сүлейменовтiң өмiрге келiп кеткенi.

Осындай қадір аңқыған өлеңдерден Қасымхан Бегмановтың шығармашылық әлемінің кеңдігін аңғарамыз. Кеңдік дегеніміз ақындықтың негізі болса керек. Уақыт пен кеңістіктер арасына байланыстырушы әдеби сөз көпірдің көрінісін Қасымхан поэзиясынан, жалпы шығармашылығынан көре аламыз. Иә, әлбетте, өткенге құрмет болмай, келешектегі ғұмырдың көркеюі екіталай. «Өлі разы болмай, тірі байыз таппайды» деген қазақтың ұлы сөзі де осындай үрдістің бір ұшқынынан пайда болса керек. Аруақтарға өлеңмен тағзым ету, олардың ардақты ғұмырларын үлгі еткен ақынға қазақтың арқалы қаламгерлерінің, ғалымдарының титан тұлғалары, бір сөзбен айтқанда қайтаркерлеріміздің шығармашлығына қатысты айтқан пікір, лебіздері аз емес. Мысалы қазақтың данышпан ақыны Қадыр Мырза Әли Қасымхан Бегмановтың поэзиясы жөнінде, соның ішінде «Ташкентпен қоштасу» дастаны туралы тұшымды пікір жазған еді. «Ташкентпен қоштасу» - поэтикалық құбылыс» деп аталатын ақынға жоғары баға берген әдеби эссесін оқып көрелік:

 

«Әрбір әйгілі ақынның айрықша шығармашылық паспорты, көсем көңілдің ерекше куәлігі тәрізді бір өлеңі болады. Мысалы, Абайды алар болсақ, менің есіме, алдымен «Қайран елім, қазағым, қайран жұртым» түседі. Абай басқа өлеңдерінде де Абай, әрине. Сөйте тұра, дәл осы өлеңінде Абай Абайырақ. Біздің Қасымхан ініміз елуге енді-енді толып жатыр. Ол ел ортасы секілді елуіне «Ташкентпен қоштасу» деген өзінің дара өлең-куәлігімен келді. Бұл ақынның кемеріне келіп толысқандығын көрсетеді. Дарынды әріптесіміздің шығармашылық мінездемесі міне, осы жырда толығырақ қамтылған деп батыл айта аламын. Мен Қасымхан Бегмановпен көп сапарлас, сол сапарларда талай сырласқан ағаларының бірімін. Екі-үш жыл бұрын Қасымхан ақын екеумізді ұйымдастырушылар Шәмші Қалдаяқовтың Шымкенттегі ән фестиваліне шақырды. Шымкенттен басталған Шәмші тойы күндіз композитордың туған ауылында, кешке Шәуілдірдегі үлкен тойға ұласты. Айтайын дегенім осы сапарымда мен Қасымханды іздеп сондағы газеттерде істейтін ұмытпасам Клара, Жазира дейтін жас журналист қарындастарымыз келді. Себебі Қасымхан екеумізді күтуге бөлінген сондағы бір техникумның директоры Ермек дейтін келісті азамат екеуміз әлгі қыздарымызға ақын інімізді тауып бердік. Екі қыздың бірі Қасымханның «Бесіктен бейітке дейін» деген кітабын түгел жатқа біледі екен. Сол 4 жердегі бірге тұрған он шақты адамға Қасымханның он шақты өлеңін біз қолқалап сұраған соң, ол жатқа оқып берді. Неге екенін білмеймін Қасымхан ақынға қатысты осы бір оқиға менің есімде қалыпты. Әсіресе сондағы Қасымханның: – «Қадыр аға, қазақтар сізді ғана емес, інілеріңізді де жатқа оқитынына осы жолы көзіңіз жеткен болар» – деген әдемі әзілі де орынды айтылған сөздей естілді маған. Өлеңдерін өзінен басқа ешкім оқымайтын талай ақындарды да білемін. Жап-жас әдемі журналист қыз оқыған өлеңдердің ішінен әсіресе «Шүберек», «Көше ақындары», «Төрт қақпалы Түркістанға тағзым» тәрізді өлеңдері мен мөлдіреген моншақтардай махаббат жайлы тамаша ғазалдары әлі есімде. Бұл оқиға ел ішінде ақын Қасымхан Бегмановтың жырларын сүйіп оқитындардың аз еместігін білдіреді. Поэзия ғылым емес. Емес деудің өзі аз. Ол тіпті, ғылымға кереғар дүние. Кейде тіпті, логиканың өзін жоққа шығаратын әлем. Бұл, әрине, ұзақ дәлелдеуді керек ететін ұзақ әңгіме. Менің бұл пікіріммен келіссең де, келіспесең де болады. Бірақ одан ештеңе өзгермейді. Өйткені поэзия болмысынан субъективті дүние. «Ташкентпен қоштасуды» әр оқырман әртүрлі қабылдайды. Өзбектер үшін ол экспансия, қазақтар үшін – ностальгия. Солайы солай. Өкінішіне орай, солай. Бірақ қазағы да, өзбегі де, екеуі екі халық, екі ұлт болмаса бір тұтас түркі, көне түркілер болса, солар боп ойланса, көп нәрсе өз орнына түсер еді, әрине! Ия, көне түркілер. Олар тек тұтас халық қана 5 емес, ол – тарих, ақылға сыймайтын күрделі әлем еді ғой! Оның бір толқыны Атлант, бір толқыны Тынық мұхитын қосып жатқан ұлы құбылыс емес пе еді! Көне Шумер, көне Вавилион сол құдіреттің, сол құбылыстың ортасында жатқан шағын ғана ел емес пе еді!? Шумерлер, көне Шумерден қалған «Гелгемеш» дастаны бүкіл фонетика заңына жүгінер болсақ, қазақша «Күлкөмеш», яки күлге көміп пісірген нан емес пе?! Немесе сол көне жыр, ескі эпостың негізгі кейіпкері Нәнқұрсақты қайда қоясың?! Ол – эпостың негізгі арқауы, негізгі қазығы, Үлкен Ана. Осы есімде тоқайласқан екі сөз «нән» мен «Құрсақ» – екі сөздің екеуі де түркі сөздері, мына біздерге бүгіннің өзінде өте жақын сөздер. Жо-оқ! Қайда барсаң да, қалай қарай жүрсең де, көне түркіге соқпай өте алмайсың. Осы тақырыпта біраз жұмыс істеген Олжас Сүлейменов осы мәселеге арнаған салиқалы зерттеуін «Тарихтан бұрынғы түркілер» деп атаған. Орысшасын «Турки до истории» деп шегелеген. Бұл өзі айтса айтқандай мәселе. Сондайда бір ел болған, сондайда бір халық болған. Ол – түркілер. Одан кезінде бүгінгі таңда миллиардтан асып кеткен қытайлардың өзі қаймыққан. Қаймыққаны соншалық – Қытай қорғанын тұрғызған. Ол бір күнде, бір жылда бітіре салатын құрылыс емес, адамзат тарихындағы ұлы құрылыс. Біздер жайлы көп ертегі, көп аңыз, Оларды біз бар ғасырдан табамыз. Қытайлықтар салған Қытай қорғанын, Ал, салдырған соны біздің бабамыз. Бұл – жай кеуде, жай мақтаншақтық емес, тарихи шындық. Қытайлар осындай ұлы қорғанды тұрғызып қана қойған жоқ. Сол тас қамалдың ішінде қамалып қалды. Бір емес, бірнеше ғасыр бойы қамалып қалды. Өзгені кіргізбеймін деп, өздері шыға алмай, тұтқындық халге жетті. Қазақтың да кеудесі жоғары. Ол да өзін ешкімнен кем санамайды. Құшағы кең, көңілі көл. Бірақ оның да аяқасты тарылып қалатын сәттері болады. Сөйте тұра, ешкімді аға деп танымаған қазақ. «Өзбек – өз ағам» деген. Бір ғажабы, содан қазақтың кішірейген күні жоқ. Қайталап айтамын, бәрі де көңілден. Көңіл шіркінің толқыды-ай сол түн толқындарындай Шыршықтың, Қара көзімнен ыстық жасымды неліктен тағдыр ыршыттың! Тербеткен мынау әлдиіменен сағыныш аттың жырдың мен, Ислам бауыр, Сарыағаш жақтан Ташкентке қарап тұрдым мен. Шулы шаһардың самаладай боп шамдары жанды жарқырап, Көшелерінде даладай дарқан қазақтың көне салты қап. Алшаңдай басып алашордашыл осында жүрді-ау асылдар, Асылдарымды біздерден бөліп, түбіне тартты ғасырлар. Бала кезімнен баураған мені аспандай асқақ өлеңмен. Есімнен қалған ескі соқпақты қастерлеп, Қасымнан қалған қасқа жолменен келем мен. Осылай деп бір адам емес, мың адам, миллион 7 адам, осылай деп бір халық емес, бірнеше халық тебіренеді. Осыны күні кеше өткен Рысқұловтар түсінген. Ортақ өгізден оңаша бұзау артық деп ұққан белгілі бір жылдардың өзінде, күндердің бір күнінде осынау бір оңаша тірліктен таяқ жерімізді түсініп, Түркістан Республикасының тарауына қарсы болған-ды. Оның үстіне көршілес ауылдарды жеке-дара мақсаттарды ажырату оңай болғанмен, тұтас атамекенді, тамырлас ата-бабаны, ең бастысы, әруақтарды қалай бөлесің?! ...Қала жаққа қарасам, көзіме жас толасың, Қалай қиып кетермін Төлебидің моласын?! Елеусіздеу жүрген бір ақыны едім даланың Шерге толып өзегім кері аттанып барамын. Қош, Ташкент, аяулым, көшімді артқа бұрамын, Шайырлардан жайыңды хат арқылы сұрармын. Архивтерді ақтарып, оңашада жылармын.

Қайран Жиделібайсын – атамекенім баяғы, Байбөрі бабам жайлаған өлке саялы. Сол түні мені әруақтар түгіл, жұлдызды аспан аяды. Қалайша бұрын қайшылық барын сезбедім?! Алпамыстай түп атам менің атасы бопты өзгенің. Жайымды ұғар деймісің ұпайы түгел өзбегім... ...Шыназ түгіл, Бостандық, Қыбырай менен Сіргелі 8 Екі елге жалтақтап, не істерін білмеді... Бірінен бірі алары ғана емес, берері де көп осы екі елді екі бөліп тастағанда өзбек пен қазақ не табады?! Төрелеріміз бен қожаларымызды былай қойғанда Қоңыраттарымызды, Қыбырай менен Сіргеліні есептеп, тыс жатқан Алшындарымызды бөлгенде не табамыз?! Ең қиыны – арғы аталарымызды, тегімізді, Көкбөріні не істейміз?! Оларды да бөлеміз бе! Қазақтар ғана осылай ойламайтын шығар. Тарихымызды түп-тұқиянымызды жатқа білетін бүгінгі салиқалы өзбек, білімді де зиялы өзбек ағайындар да осылай ойлап, осылай қайғыратын шығар деп есептеймін. «Ташкентпен қоштасу» – қатардағы көп өлеңдердің бірі емес. Бұл өзі жеке-дара дүние, поэтикалық құбылыс. Оның жанрлық тамыры тым тереңде, тіптен әріде. Өткен ғасырларда өмір сүрген көне қазақ ақындарының жырларында, қопарыла айтылатын телегей толғауларында жатыр. Дәл осы арада, дәл осы бір тұста айта кететін бір ерекше пікір, айрықша ой-түйін: Қасымхан Бегманов поэзиясына үстірттік, асығыстық, фрагменттік, салғырттық мүлдем жат құбылыс. Ол, нені болса да, жаны өртеніп, егіліп, төгіліп жазады. Ең соңғы тамшысына шейін сарқып, таусылып жазады. Сынаптай быт-шыт болып, шашырап, өте ұсақ деңгейге шейін бөліне біледі. Содан кейін, бәрін айтып болғаннан кейін, сол сынап тәрізді қайта бас қосып, бірігіп, тұтасып түгелдене біледі. Бұл жалпы тіршілік жаратылысына тән, табиғи заңдылық. Поэзия үшін, әсіресе, шынайы да құдіретті үлкен поэзия үшін аса қажетті қасиет. Меніңше ол толқымай, тебіренбей қолына қалам алмайтын ақын. Қасымханның оқырманын әбден сағындырып жазатыны да содан болуы керек. Жалпы Қасымхан Бегмановтың осы кезеңдегі ұлттық бағыттағы үлкен ақын екендігін ашып айтатын кездің әлдеқашан келгендігін, оның осы бір өлеңі арқылы оқырмандарға айтқым келді». Дәл осы пікірдің аз сөз емес екені белгілі. Әдеби құбылыс болу, яғни сондай биік бағаны алу, дәлірек айтсақ, арқалап жүруге, артылған жауапкершілікті, Қадырдай ақынның сенімін, лебізін көтеріп жүру үшін жүрек қандай күш болу керек екенін ойлаңыз. «Abai» арнасынан көрсетілген жазушы Қанат Тілеухан тізгінін ұстаған «Зинһар» бағдарламасында Қасымхан ақын:

«Мен бұл пікірді оқығанда қайран қалдым. Соңына дейін оқуға демім жептеді. Сондай қатты толқыдым.Менің өмірімдегі ең үлкен баға екендігін сезіндім. Бұл Қадыр ағамның маған берген авансы, яғни үлкен үміт артып отырғаны деп түсіндім.», - деп зор тебірене сөйлегені бар. Қасымхан Бегмановтың өлеңіне жазылған, аңызға айналуға аз қалған «Ол көктем оралмайды» әнін білмейтін қазақ жоқтың қасы. Оған қоса талай-талай ән сөздерінің ауторы екені де бізге мәлім. Осы орайда әйгілі композитор Илья Жақновтың Қасымхан ақын жайлы жазған эссесінен үзінділер мен пікірлер келтірейік: «Қазақ әдебиеті» газетінің бір бетінде Қасымханның топтама өлеңдері басылыпты. Оған қомағайлана үңіліп, тез-тез оқып шыққандай болдым. Тиышқа: - Осы бетті осылай ашып тұршы,-дедім. Тиыш газетті айқара ашып, ұстап тұрды. Мен бір беттің үш жерінен үш шумақты қарындашпен дөңгеленте сызып, белгі салдым. Сөйттім де қайта оқыдым. О, ғажап, әр түрлі өлеңнен тұп-тұтас құйылған бір дүние шықты. Оған үнсіз қарап, қайта-қайта оқыдым. Жай ғана өлең емес. Романс сөзі! Машинамен келе жатып, неге екені белгісіз, көкейіме бірден қона кеткен әлгі үш шумақ, Шуберт симфониясы көз алдыма Асанәлі Әшімовтың сарыла шаршаған жадау жүзін елестетті.

Түн. Қап-қара түн. Жар төсегіне сүйеніп, жападан –жалғыз уһілеген Асанәлі:

Түн жарымы,

ел ұйқыда,

ояумын,

Егілуге, төгілуге таяумын.

«Махаббат жоқ», деген сөзді естісем,

Көз алдыма сен келесің, аяулым!-дейді, мұңды үнмен.

Сол қалжыраған күйі:

Ақша бұлттар іздеп бірге жыласын,

Мейлі көктен найзағайлар құласын.

Асылым-ау,

қайда барсам алдымда,

Елес боп кеп, күлімсіреп тұрасың, -деп қаңырығы түтеп, жан-жағына елегзи қарайды, Майрасы жоқ… Жүрегім Асанәлі айтып отырған осы сөздермен тілім-тілім боп, қансырады. Бірақ, заматта оған қайтадан ып-ыстық қан құйылып, қуатты романстың құштар лебімен күшейіп бара жатқанымды сездім. Бұл сезім - асқақ арман... ол тым алыстап кеткен. Бір ғажайып махаббат. О, тәңір, одан қалай көз жазып қалған? Мен осылайша Қасымханның өлеңін Асанәлінің аузына салып, күрсінте сөйлетіп отырмын. Бұл не, ән бе? Жай ғана сырлы сезімді ән емес, ол жан-жүректі толқытатын толғанысты романс.

Асанәлі енді бірде:

Үзілерде жанарымда жатар мұң,

Қамығармын,

қайғылы ойға батармын.

Ең соңғы сөз айта алатын хал болса,

Жаным, сенің есіміңді атармын, -деп Майраның жастығына басын сүйеп, қаусап отыр».

 

Сол 1999-жыл. Қараша айының он бірінші жұлдызы. Астананың «Конгресс-Холл» сарайында "Әнім саған, Астана!" атты концертімде «Арманым едің» романсын опера театрының әншісі Қияқбай Асанбаев Алдаберген Мырзабеков жазған партитурамен жан тебіренте орындады. Қасымхан қасымда "отырды. Бұл романсқа жұрттың қалай қол соққанын көрді. Мерейі тасыды. Сондай көңіл шалқуы үстінде ол: -Сіз, Ілаға, академик Евней Букетов айтқандай, он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген композитор екенсіз. Біржан сал, Ақан сері, Абай әндері толқын-толқын ұрпаққа етене боп, құлпыра түлеп, болашаққа кәусар қалпында кетіп барады. Сіз де сол кереметтер сияқты әр кезеңге үйлесе кететін «вечно молодой композиторсыз!» - деді, көтермелей шаттанып.

 

Ән дүниеге келеді. Жүректен шыққан ән жүрекке жетуі тиіс. Бір әндер бар, дыз етпе сезімнің сыңғыры ғана… сәлден соң ол бар ма, жоқ па, тіпті, оның қалай туып, қалай ғайып боп кеткенін білмей де қаласың. Ән емес, ол. Көңіл желпінісі ғана. Бір әндер болады, ә дегеннен жан тебірентеді, не келе-келе өз құдіретін мысқалдап қана танытып, өмір бақи ұмытылмай, жасай береді.

«Арманым едің»

Үзілерде жанарымда жатар мұң,

Қамығармын, қайғылы ойға батармын.

Ең соңғы сөз айта алатын хал болса,

Жаным сенің есіміңді атармын!- деп бітеді. Сүйген жүректің ешнәрсемен салыстыруға болмайтын осындай соңғы сөзін Қасымханнан бұрын қай ақын айтты екен? Көлгірсімей ойланыңдаршы… еш құдірет айта алған жоқ! Қасымханнан кейін мұндай арманды сөзді естимін бе, естімеймін бе, білмеймін… оның болжауы жоқ. Осы романстағы сөзімен-ақ Қасымхан бәрінен биік, бәрінен терең, бәрінен оқшау жаратылған жұмбақ құбылыс. Сол себепті болу керек, өзіне-өзі сұқтанған Абай «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла!» деген…

Кешегі халық қатты күйзелген жылдарда жазған

"Алашорда аманаты" атты поэмамда:

"... Кекілінен сипап қойып кекті ұлдың,

Қара қайғы алқымнан ап жеп тыңдың.

Қара желге қара жасты кептірдім,

"Оян қазақ"! оянасың қашан" деп,

Дулатұлы Міржақып боп кеп тұрмын", - деп жазып едім.

1987-жыл.

Сары күз… (қай газет екені есімде жоқ) ақын Қасымхан Бегмановтың бір топ өлеңдерін оқыдым. Газет мыжылып, жыртылып қапты. Сол өлеңдердің ішінде бір-екі шумақ мені ерекше елең еткізді. Әр жолына шүйіліп, қайта-қайта қадалдым.Қорғасындай құйылған ойлы сөз мені тұнжырата баурады. Сол күннен бастап Қасымхан Бегмановтың өлеңдерін іздей бастадым...Бір күні әдеттегіше Ұлттық кітапханаға келдім. Музыка бөлімінде ән жинақтарына үңіліп, ескі граммпластинкаларды тыңдадым. Әдеби шығармалар бөліміне барып, Қасымханның кітаптарын сұрастырдым. Ізетті, елгезек қыз “Бастау”, “Қарашық”, “Бесіктен бейітке дейін”, “Сағыныш” деп аталатын кітаптарын лып еткізіп әкеліп бере қойды. Әр кітапты беттеп отырып, әр өлеңіне ыждағатпен ден қойдым. Оқыған сайын сирек бітімді ақынның жан дүниесіне жайлап қана ене бердім. Үйге келген соң мені әлгі кітаптардың әсері қилы-қилы толғанысқа салды.

Қасымхан Бегманов! Лермонтовтай тұңғиық, зілді, терең, таккаббар; Есениндей есіле жөнеліп, аһ ұра беріліп, сүйгеніне, сүйіктісіне құлай түсетін және тез жерініп, тез опынатын ақындық ерекше жаратылыс, ақындық болмыс… алды-артын ойламайтын көзсіз сері;

Атақты Қасым Аманжоловқа арналған бір өлеңінде:

Қабырға сөккен, қазақтың мұңы тербеткен,

Қара бала едім, қараша ауылда ер жеткен.

Қаратау жақтың қара талының шыбығын,

Ат қылып мініп түскенмін жолға сен кеткен.

 

Көсіліп жатқан куә ғой қырат, сай мына,

Қырандар көкке қанатын бірден жайды ма?

Мәңгілік өмір іздедім мен де өзіңдей,

Қаршадайымнан айналып Асанқайғыға, – дейтіні бар.

Осы сөзді айтқанда ол, шынында Қасым ақындай тепсіне, бұлқынатын шу-асау. Ойда жоқта назарыма іліккен осы бір бейтаныс ақын мені таң-тамаша сезімге бөлеп, ойға қалдырды. Жүрегімде әлі де болса баса алмай жүрген пернем бар екен, Қасымханның ойлы-күйлі жырлары соны қозғайын деді. Адамды танып-білу үшін оның қалай сәлемдескені жетіп-ақ жатыр. Ақын да сондай. Өлеңінің бір, не екі жолы, я болмаса бір шумағы көкейге қонса, соның лебімен тербей жөнелсе, сонда беймәлім әлемнің сырлы сарайына ендім.

Мен Қасымханмен жүздесуді ойладым...

Күндер өте берді.

Қасымханның жоғарыда келтірілген шумағы маған неге екені белгісіз, қарауытқан жанарына айықпас мұң ұялаған Лермонтовтың кейісті жүзін жиі-жиі елестетті. Менің көз алдымда тұңғиық ойға шомған Лермонтов тұрды да қойды. Жалт-жұлт еткен қым-қиғаш ой енді бірде Лермонтовтың орнында маған Қасымханды көрсетеді… бір қызық құбылыс. Нағыз ақынның мінезі! Жүрегімнің пернесі діріл қақты. Лермонтов пен Қасымхан… екеуінің арасындағы уақыт кеңістігі Жер мен Көктей. Екеуі ұшы-қиыры жоқ мезгілдің екі кезеңі… бірақ, екеуінің жаратылысы бір, рухы бір. Екеуі де тәңір сыйы! Ал, бір күні… күздің қоңыр кеші қызылжалқынданып батып бара жатты. Дачада дем алып отырғам-ды. Қасымханның элегиясы тербей бастады. Ол толқын-толқын боп шалқитын “Еділ-Жайық”, не жібек самалдай лыпылдаған “Асылым” емес, иен далаға мамырлай жайылатын “Толағайға” да ұқсамайды. Тіпті, махаббат мұңы тұнған ең алғашқы романсым - “Ақ қайыңға” да жанаспайды… Қасымханның элегиясы мені Лермонтовтың Абай аударған “Жолға шықтым, бір жым - жырт түнде жалғыз” атты өлеңіне жазған романсымның сарынына жақындатты. Менің жүрегім Лермонтовтың, Қасымханның жүрегі боп соқты. Бір тылсым әуездің зілі шымырлатып, тереңге тартып барады. Сол түні кірпік ілгем жоқ». Атақты композитор Илья Жақанов осылай деп ақжарма тілек пен кәсібилік шыңынан Қасымхан Бегманов поэзиясы туралы үн қатады. Бұнымен қатар «Мұстафа Шоқай жолымен» деп аталатын үлкен экспедициялық еңбегінің де қазаққа тигізер пайдасы орасын зор. Бұл еңбек туралы да белгілі қаламгерлер жоғары баға берген. Солардың бірі көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділов былай дейді: «Мұстафа Шоқайдың әр ізі қасиетті. Сондықтан біз оның өмір жолын, қызметін жете білуге тиіспіз. Мен Қасымхан Бегмановты бұрыннан жақсы білемін. Бұл фильмді кәсіби режиссер емес, романтик ақынның түсіргені дұрыс болды. Еңбек табиғи көңілмен, еркін, кең пішіп суреттелген фильм болып шыққан».

Жазушы айтып отырған фильмді YouTube видеохостингінен тамашалауға болады. Дәл осы Мұстафатануға қосқан сүбелі еңбегіне Мәмбет Қойгелді алғысөз жазған болатын. Ол да бұл экспедициялық еңбекті биік бағалады. «...Тәуелсіздігімізге 20 жыл толғалы бері де талай соттасқан жандарды көріп жүрміз. Бірақ алаш азаматтары үшін, Мұстафа Шоқай сияқты еркіндік үшін күрескен азаматтар жағында соттасқан бір ғана адам бар. Ол – Қасымхан Бегманов». Ұлтжанды ақынның поэзиясының негізгі өзегі патриоттық, елдік, өрлік, түркі тұтастығын аңсау турасында екені мәлім. Бірақ та оның бәрі жүректегі махаббат туады. Жаныңды құлпыртқан махаббат лирикасынасының тұнығына шомылмаған ақын елін, жерін, ұлтын, тарихын шын сүйеді деп айту қисынсыз. Осы орайда қазақтың Тұманбайы Қасымхан ақынның лирикасы жөнінде жазғаны бар.

«Өзінің туған елін ту ғып ұстап, өтіп кеткен бала күнін, жастық шағы, махаббатын жақсы жырлап жүрген ақынымыздың бірі – Қасымхан Бегманов екенін бұрыннан білетінмін де, ақын інімнің ақындығына, үлкен ағалары Әбділдаға, Қасымға жақындығына іштей қатты сүйінетінмін. Мен дарынды ақын Қасымхан Бегмановтың жаңа кітабын қызыға оқыдым. Жасынан жүлделі тұлпардың шыққан биігін асықпай қызықтауға кірістім. Өзінің ерекше қолтаңбасы бар ақын ініге деген риза көңіл бір сәтте төмендеген жоқ. Кітабының әр бетін оқыған сайын ойландым, бірте-бірте мен оның шын жанашырына айналдым. Теледидар көрсетіп жатқан «Шельсимен» Ливержульдің ойынына қарамай, Қасымханды үзбей оқи бердім. Бойыма бір жасыл көктем өзінің рахат нұрын сепкендей сергідім де отырдым. Мен дүниеден өтіп кеткен ағаларымның жыр кітаптарына өз ойларымды ағымнан жарылып айтып жүрген кісімін. Қазақтың ұлы ақындары Әбділда, Әбу, Хамит, Қалижан, Жұбан, Сырбай, Ғафу ағалардың жыр кітаптары жайлы сезінгенімді, ұнатқанымды, ағымнан жарылып, ол ағалардың көздерінің бар кезінде айтқан екем-ау. Ол жазғандарым ұстаздарыма деген жанымның алғысы деп те ойлауға болатын қадам екен. Жылдар өтті. Бізден кейін де қазақ жырына небір мықты ақындар келді. Кешегі өткен Төлеген мен Сабырхан, бүгінгі Мұхтар әдебиет есігін бізден кейін ашқандар. Сол бауырларға аға болғанымызды өзімізге мақтаныш көреміз. Ал, Қасымхан Бегманов жаңағы мен атаған жігіттерге іні боп келетін ұрпақтан. Өлең көктемдей дүниені оятып, оны түрлендіріп тұратын көңіл емшісі. Жақсы өлең жаныңды жадыратып, қуантып, егде тартқан жылдарыңа да қанат бітіріп қияға ұшырып алып кететін құдырет. Қасымхан өз өнеріне, ақындығына өте сенімді. Жалтақтамайды. Ескіні оятуға шебер, жаңаға дос, серік. "Махаббат өлөңдері", "махаббат ақыны" деген осы кезде әдебиетшілердің аузынан әңгімелер естіп қалам. Меніңше осы "махаббат ақыны" деп мен Қасымхан Бегмановты батыл айтар едім. Бегмановтың бекзадалары аса сұлу да емес, жарқылдаған ойлы, мұңды, сыпайы қарындастарым туралы, қыздарым туралы Қасымхан терең сыр шертеді.

Оның сөздеріне жазылған атақты Ілия Жақановтан бастап, көптеген, кейінгі жас композиторларымыз жазған ән текстері төгіліп, мөлдіреп тұр. Ол әндерді мен арагідік қазақ радиосы мен телебағдарламалардан сүйсініп тыңдап жүремін.

"Он сегіздегі сезіммен,

Сүйдім мен қоңыр күзімді.

Тағы бір көктем көзімнен,

Сағыныш болып үзілді.

Көңілде сыр боп қалатын,

Сағыныш бойды тербейді.

От болып жүрек жанатын,

Жастық шақ қайтып келмейді" немесе:

"Кірпіктен шық боп суланған,

Байқалар саған енді нем.

Терезелерден буланған,

Елесіңді іздеп телмірем.

Адамның көзі бұлақ дүр,

Ағып бір жатқан елсізде.

Ағыл да тегіл жылап тұр,

Дүние мынау менсіз де.

Заманды тұрған сыр айтып,

Ойлы бір ұрпақ бағамдар.

Біріңді-бірің мұңайтып,

Жылатпаңдаршы, адамдар".

Мен мұндай өлең жолдарын қазақ жырының антологиясынан оқысам аса қуанған болар ем. Жалпы аса сезімтал ақын адам жанының тереңіне үңіліп, керемет кемеңгерлік танытады. Адамға бақыт әкелетін адамның өзі ғой. Демек бірін-бірі қолдап, қорғап, жетелеп жүрсе адам өмірі де ұзара түсетінін бәріміз де білеміз. Жақсылық та, жамандық та адамның өзінен келеді. Бірін-бірі құрметтеп, аялай білсе бақыт өзі келіп адам құшағына кіретінін елемейміз-ау кейде. Жаңа айттым ғой ғашықтық әуеніне тербелмеген жан бар ма? Сол адам жүрегіңдегі ғашық отын лапылдата жағып, жарқырататын ақындарын халық та жақсы көріп, жандарын үзеді.

Көз жасы моншақ секілді тізіле қалған,

Тамшыдай тамған тырсылдап жүзіме талдан.

Дүние-ай, сол сәт үн-түнсіз дәл мендей болып,

Ғашық боп тұрды өзіңе үзіле жалған.

Бір-бірін қияр қайғылы шешімге барған,

Осындай мұңды туған жер төсінде бар ма ән.

Жоғалтқам сонау аяулым мәңгіге сені,

Қос жұлдыз аққан күзгі түн есімде қалған.

Біздерді бөле алмайды ара қашықтар,

Сағынышымды қара жел, ала қашып бар.

Жұлдыздар аққан түндерде қыдырмаңдаршы,

Ырымға жаман екен ол бала ғашықтар.

Жарайды, ары қарай Қасымхан өлеңдерінен үзінді келтірмей-ақ қояйын. Кейде "жаман өлең" деген сөздер де айтылып қалады. Өлеңнің алдында тек жақсы, керемет деген сөздер тұруы керек. Өлеңнің жаманы болмайды. Жаман болса өлең емес. Қасымхан өлеңдерінің бәрі де жақсы, өте жақсы. Ол адам жанының ең нәзік сәулелерімен ойнайды. Адам жанына әдемі ән болып естіледі. Адам жанын аялайды, ардақтайды, асқақтатады. Перронда қалған қыздар да, басқа ауылға келін боп кеткен қарындастар да аса бір мөлдір, аса бір сұлу. Көкейден кетпейтін әсем жырдай, таңғы нұрдай бейне бір сағындырған туысыңдай жан сезіміңе тәтті мұңымен де жақсы әсер етеді.

Жалпы бұл кітаптың қадір-қасиетін білгіңіз келсе қайта-қайта оқыңыз! Оқу арқылы қанаттансаң сағынған көктеміңе де, өткеніңе де, от көгіне де ұшып жетесіз. Дүниенің керемет екенін, адамға өмірдің аса аз уақытқа ғана берілетінін Қасымхан інім әдемі, әрлі жыр жолдарымен өрнектей отырып, сол өмірді сүюге, біртүрлі үндегендей болады. Қасымханның өлеңмен жазғандарын қара сөзбен қайтып айта алмайтынымды әбден түсінем. Дегенмен, өмірдің ортасы елуге, жігіттіктің тұлпарына мінуге әзірленіп тұрған талантты інімнің ақындығына шын риза болғанымды, өлеңдегі ұлы Жамбыл атасындай ұзақ ғұмыр кешуіне тілектестігімді білдіремін. Сыпайы жігіттің өнердегі ұпайы түгел. Оның ақындығы қандай бәйгеге түссе де алдымен келеді. Шаң ішінде қалмайтынын асқақ ақындыкқа жаныммен сендім. Ұрпаққа серіктікке жарайтын сергек, сезімтал жырларың көбейе берсін, Қасымхан! Келген елуің жігіттіктің жасы болсын! Көрер жылдарың, жазар жырларың көп болсын!». Міне, Қасымхан Бегмановтың адамгершілік болмысы, шығармашылығы мен еңбектері туралы қазақтың мүйізі қарағайдай қаламгерлері мен қайраткерлері, композиторлары да тұшымды пікір айтып, жоғары баға бергендігінің дәлелі осылар. Ақынға берілген ең жоғарғы баға -- замандастарының бағасы деген тәмссіл осындай да еске түседі. Осы орайда өз замандасы Серік Ақсұңқарұлының Қасымхан поэзиясына берген бағасына, пікіріне де назар салғанымыз жөн.

«Ақынның «Күреңбел» атты кітабы сол күні қолыма түсіп, ақтарып, төңкеріп оқып шыққан соң, баяғы етжақын Қасымханыммен қайта табысқандай болып отырмын. «Пастернак – приствутвие Бога в нашей жизни» деп жазып еді Андрей Вознесенский. Біздің буынға Тұманбай, Қадыр, Өтежан, Сағи, Фаризалар да Тәңірінің жердегі елшісіндей көрінген-ді. Бізден кейінгі жас толқынға бұл сөзіміз біртүрлі күлкілі көрінуі мүмкін? Жүрген жүріс-тұрысына қарасаң, алдында пір тұтар әулиесі жоқ, қазақ жырын өздері қайта жасайтындай, қабақтары қатулы, көздері жұмулы, көкіректері көк тіреген өзімшіл бір топ өсіп келеді… Біздің буын алдындағы аға толқынды әулиедей пір тұтқан, «Табаны жерде тұрғанда, Тапжылмайтұғын Антейдей» (Кеңшілік Мырзабек), тұғыры мықты, тұнығы терең буын болды! Қасымханға қараңыз: оның жырының алтын арқауы Сәттар Ерубаев пен Төлеген Айбергеновте жатыр:

«Көңіл, шіркін, толқыды-ай, сол түн,

Толқындарындай Шыршықтың,

Қара көзімнен ыстық жасымды,

Неліктен, тағдыр, ыршыттың?!

Тербеткен мынау әлдиіменен,

Сағыныш атты жырдың мен,

Ислам бауыр, Сарыағаш жақтан,

Ташкентке қарап тұрдым мен.

Шулы шаһардың даладай дархан,

Шамдары жанды жарқырап,

Көшелерінде даладай дархан –

Қазақтың көне салты ғап;

Алшаңдай басып алашордашыл,

Осында жүрді-ау, асылдар.

Асылдарымды біздерден бөліп,

Түбіне тартты-ау, ғасырлар?!

Осыларды үнсіз іздеймін тынбай,

Тарихтай түпсіз тереңнен.

Шошайып тұрған ана бір қырат белеңнен;

Бейтаныс жан деп бұрылып қарап өтетін,

Жас арулардың жанарындағы аспандай асқақ өлеңнен:

Есімнен қалған ескі соқпақты қастерлеп,

Қасымнан қалған қасқа жолменен келем мен…».

Өлең жазуды үйрене алмайсың! Жыр ақынға жерден келе ме, соғып тұрған желден келе ме, көктен келе ме, Тәңіріден келе ме, арқаңа қонған атаңның аруағынан келе ме?! Мұны ешкім білмейді. Ақынды оқытып шығаратын оқу орны да жоқ. Мәскеудегі М. Горький атындағы институттың екі жылдық жоғары курсы бар, соны тәмамдап келіп, бұрынғы жорға жүрісінен жаңылып, миы ашып қайтқандарды да әдеби орта жақсы біледі… Қасымханға ақындық ата-бабасының топырағы мен әкесінің белі, анасының ақ сүтімен келген. Таяуда «Жас Алаш» Монғолияда бір қазақ қызының қырмызыдай құлпырып енді-енді бой жете бастағанда, айықпас ауыруға шалдығып, бар жоғы он бес-ақ жасында дүниеден қайтқанын, өлерінің алдында Қасымханның: «Он бесіңде шешек аттың, гүл аттың, Мына жерде қызғаныштан жылаттың. Сенің ойлы көздеріңе ғашық боп, Сенің аппақ көйлегіңді ұнаттым…» деген өлеңін тебірене оқығанын жазды. Өйткені, бұл өлең сол балауса қыздың өзінің тағдыр-таланы, өз өлеңі еді! Астанада бір кездесуде де үріп ауызға салғандай жап-жас арулардың Қасымханның махаббат лирикасын жарыса оқығанын көріп, аң-таң қалғаным бар еді. Жасыратын несі бар, біздің маңдайымызға мұндай бақ-дәулет жазылған жоқ әлі…».

Және де Қасымхан Бегмановтың «Этнографпен әңгіме» деген еңбегіне «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреатығ жазушы Айгүл Кемелбаева көлемді эссе жазған еді. Қасымхан Бегмановтың фейсбук парақшасында жарияланған сол эсседе былай дейді. «Тарихи отанына оралған соң ол кісі Жағда атынан айрылып қала жаздаған екен, орысша Женя деп жазып жібергісі келгенде тегеурін танытып, есімін сақтап қалыпты. Бұл да тегін ишара емес. Жаһандануды жек көріп айтатын, күллі болмысымен, қанымен, жанымен нағыз қазақ Жағда ағаның елдік тотем бөрі мен найман руының ұранына шыққан жабайы бураның атауы Қаптағай туралы айтқаны өте қызғылықты. Бұл деректер ұлттың мықтылығын паш ететін көне нанымдардан түзілген. Космогониялық, тарихи, археологиялық, топонимикалық, лингвистикалық деректер жиі кездеседі. Ғарыш, жердегі жүгірген аң, ұшқан құсқа қатысты мөлтек ұғымдар оқырман санасының баюы үшін таңғажайып мол үлес. Кейуана түйенің атауы екен.

Кітаптан бұрын-соңды қазақта кездесе бермейтін тың идеялар сәуле шашады. Соның бірегейі – дарындылар туралы құдіретті ой, дарынды балаларды іздеп тауып, қорғап, мемлекет үшін мәпелеп, баулып өсіруді жат жұрттар, көзі қарақтылар ертеден білген екен. Олар соның үшін ірі, соның үшін азуын айға білеген айбынды елге айналған. Өйткені, дарын иелері ғана ғылым тудырады. Америка дарындарды иеленудің арқасында тез дамыды. «Дарындыларға қажет деп табылған барлық мүмкіндіктерді туғызды», «Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дарын иелеріне ерекше көңіл аударуды іске қосқандар – орыстар, немістер, жапондар, қытайлар, ағылшындар, француздар, корейлер, үндістандықтар, пәкістандықтар, ирандықтар дарындар бағытындағы ойларын әлі күнге жүзеге асырып келеді»; «Тәңір дегеніміз – Жаратушы, Алла, Құдай деген сөз. Сол Тәңірдің жіберген, ұлтқа көсем бола алатын, халыққа қамқор бола алатын адамын тәңірқұты дейміз».

Бұл кітапта қазақ халқына қарсы жасалған зұлымдықтар мен зымияндық та айтылмай қалмайды. Шеттен келетін діни секталарға құйылар жатжерлік қаржы көздері, сұлу табиғатты құртып, экологияны, тек пен ділді бұзу үшін жасалып жатқан харекеттер ашылады. Қытайға қатысты деректер аз да болса айқын, әрі шындыққа негізделген, дүниежүзіне кең таралған бұл халықтың құпиясын ішіне бүккен, жаһандану амбициясы, араны күшті, өз елін сүйетін патриот, сонысымен де озық, білмейтіні жер астында көне жұрт екенін жариялайды. Жағда ақсақал Абайдың «Бүркіт сыны» атты абайтанушыларға да беймәлім өлеңін тауып, ұзақ талдайды, оның «Аттың сыны» атты өлеңінен бұрын жазылғанын дәлелдейді. Қытай түрмесінен шығып, денсаулығын жоғалтып, туған халқының дәрменсіз, бұлдыр болашағына жаны құлазып жүрген Таңжарық ақынмен кездескен сәтін баяндайды.Таңжарық Жолдыұлының «...Ел-жұртымнан айрылдым. / Біле алмадым Пайғамбар, / Қалайша саған жолықты? /Басымнан кетіп қадірім, / Қараңғы түнде аңырдым», – деп өлеңмен құдайға арыз айтатын жері шетте жүрген қазақтардың жан дауысы екені рас. Жан сарайы қазағы десе Атымтай жомарттай береген, әр сөзі мағыналы һәм құнды, елдің игілігі үшін жиған-тергені қисапсыз, өтерінде кедейшілік көрген падишах тәрізді Жағда Бабалықұлы даланың академигі болатын, көзі тірісінде оның қадірін білген игі жақсылардың басында Мұхтар Әуезов тұрғаны бекер емес. Асылды асыл таныса, төрт құбылаң түгел болғаны. Сол миссияны адал орындаған Қасымхан ағамыз екен. Мұстафа Шоқайды іздеген, рухын жаңғыртқан Қасымхан ақын ғой. Дүниені жарық қылып тұратын іс істеу екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Мұстафа Шоқайдың оныншы атасы туралы «Шашты» атты эпикалық әңгімемнің (2014) жазылуына ұйытқы болған Қасымхан ағаның Ер Төстікке тән ел қорыған бауылмал қасиеті болатын. «Этнографпен әңгіме» мазмұн байлығы жағынан алаштың ардағы Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» сияқты тұңғиық кітап, оны зерттеу, түгел тану үшін бір эссемен шектелу аз. Ақ батамен аяқталған бұл кітапты баспадан шыққанын Жағда қария көзімен көрмесе де жүрегі сезіп, ақын бауырына риза күйде кеткен. Кесек кітаптың алтын уақыты енді туады. Биыл күз, 2017 жылы 1 қарашада алаш абызы Жағда Бабалықұлының туғанына 100 жыл толады. Ол туған халқының өсер баласына, Қасымхан сияқты адал інісіне бата беріпті. Сол ақ бата қабыл болғай, қазақ елінің бағы арта беруге құдай жол бергей: «Қазақ елі өссін, өнсін, көгерсін, көктесін, өркендесін. Тәңірқұтылы, Күнкөсемді ел болсын!!!

 

«Этнографпен әңгіме» атты кітаптың алғашқы тарауы анық сездірді, айтулы ақын Қасымхан Бегманов жоғалған сегіз ағасын іздеп кеткен Ер Төстікпен тең екен! Ер Төстік феномені рух іздеу, абадандықты аңсау. Біз жоғалтуы көп халықпыз. Жоқ іздеген халықпыз. Ірілік пен тектілік басқа қонған елміз. Қыспақ замандарда қыл көпірден талай өткен бабалардан мирас қалған рухымыз биік елміз. Жоқшы болу Қасымхан ақынның өз өлеңімен айтқанда: «Көк тиындық жарнамаға бұл қоғамда жоқ тыйым» тек ұлтын сүйетіндерге аманат болып қалды. Қоғамда құндылықтар ауысты. Рухани құндылықты материалдық дүниемен ауыстырып, тұтас лақтырып тастауға тырысушылық көбейді. Арзандық пен азғындық ақшаның күшімен құзырлыға айналды. «– Аға, кей сөздерге анықтама беріп өтсеңіз. Ұңғыл-шыңғылына дейін терең зерттеген екенсіз, мұны шашау шығармай сіздің еңбегіңіз ретінде ертеңге жеткізу біздің азаматтық міндетіміз деп ойлап отырмын. – Рахмет, қарағым. Оған ше күмәнім жоқ. Жарыққа шығару оңай болса шығарар едім ғой өзім де. Жатыр ғой, міне, том-том болып шаң басып... кезінде көрерсің. Өмір бойы қазақ деп, ел, жер деп өткен жаман бір шалдың аманаты еді ғой деп осы айтқандарымды түгел елге жеткізе алсаң, ол да аз жұмыс емес...», Бұл кітаптың лейтмотиві, басты кейіпкер екеу – Жағда мен Қасымхан; ақын мен этнограф екеуара сұхбат құрады, шығарманың қамтуы жағынан эпопеялық мазмұнына қазақ халқы тұтас сыяды. Бір ұлттың жиған-терген асылын шашау шығармай, тұтас ұстанған мұндай дара кітаптың бағы өшпейді. Әуелде осы тектес қазыналы кітапты метафораны, құпияны түсінбей оқып, бір сиқыры бас алғызбай, есімде таңбаланып қалғасы жадыма оралып отыр. Бала кезімде суреті ерекше мұқабасына қызығып, «Кәлилә мен Димнә» атты кітапты бас алмай, бірақ астарын түсінбей оқыдым. Кәлилә мен Димнә – кісі есімі емес, өзара сөйлесе беретін екі қасқыр болып шыққанда балғын әсермен сұмдық қайран қалғаным есімде. Философиялық-мифтік әдебиетке тән жанрлық ерекшелікті қайдан білейін. Жарты әлемге даналық ғибратымен танылған үнді елінің классикалық асыл мұрасы «Панчатантра» атты аллегориялық кітапты кейін орыс тілінде оқыдым, оны қазақ тіліне Сәйділ Талжанов «Кәлилә мен Димнә» деп көркем аударған екен.

Алып жазушы Франсуа Рабленің романына лайық кеңістік сипат мұнда бар, көлемді сұхбат шегінде бір халықтың қазынасын ақтарып отыр. Бұл ретте эпостағы Алпамыс батырдың ұрпағы, атамекені Жиделібайсын Қасымхан Бегманов қазақтың бұрынғы өткен таңдаулы ұлдары Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов және Әлкей Марғұлан салған рухани асуды ұластырған анық мұрагер. Жазушы Зәкір Асабаев бұл кітапқа алғысөзінде «Жағда Бабалықұлымен сыр-сұхбат түрінде ұлтқа керек энциклопедиялық анықтамалық жазған Қасымхан Бегманов», – деп дәл жазды. Жағда Бабалықұлының қырандар туралы кітабын бала күнімнен білемін. «Этнографпен әңгіме» – қазақ әдебиетінде тың жанрдың басы емес, бірақ жаңғырған интеллектуальды сұхбат, дер кезінде алтынның қадірін бағалаған қасиетімен қымбат. Алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын інілер арасындағы мейлінше рухани үйлесім, әдемі әрі құнды диалог түріндегі ұлық сөз. Жағда Бабалықұлының ғұмырбаяны оның өз ауызымен айтылады, біртіндеп ұлы теңіздей толқыған тұңғиық мағлұмат көкжиектен аса береді, зорая береді – тұтас бір этностың этнологиялық деректері мен дүниетанымы, тарихы, лингвистикасы, табиғат әлемі, адам портреттері қара ормандай өсе береді, құс жолындай шалқиды, космостық қуаты кернейді. Флора, фауна, этнография, медицина, емшілік, философия, ас, киім, шаруашылық, құсбегілік пен аңшылық, өмір өлшемдері, текті ұғымдар градация болып ұласа кете береді, кете береді. Кәдімгі қазақ сөздігінің рөлін атқарған кітап. Сөз қоры Гималайдың басындағы таза су қоры сияқты, ұлтынан безген қас надандар мен асыл тілін сыйламас шала қазақтардың мұздауыт жүрегіне әзір жете қоймағанмен, түбі білімді аңсар ұрпаққа ашылатын құпия. Этимологиялық сөз қорын артқыға қалдыру үшін екі автор бір жылдан аса күнұзаққа сөйлесіп, алма-кезек аянбай іс қылады.

Қазіргі кезде шығармашылығының өзегіне айналған азаматтық-патриоттық, елдік, ұлттың болашағы мен халық тұтастығы туралы толғаныстарының бастауы балаң шағындағы жырларынан да байқалады. Талай ақындардың қасіретті жырына арқау болған, талай тарихшылардың еңбектерінің өзегі болған бұл тарихи оқиға бозбала Қасымханның да жанын толқытқан. Бұл ұлт басына төнген қасірет, қастерлі тарихтың кеудесін көмген қасірет мәңгі есте қалатындығын, бұндай ұлы қайғыны емдеуге уақыттың шамасы әзірге жете қоймайтындығын түйсініп, сол кезден-ақ азаматтық позициясын айқындаған тұлға екендігі айтылады. Шығармашылық жолына түскен әрбір жас ұлыларды рухани ұстаз тұтпай ештеңе де өндіре алмай, адасулар мен кешігулерге ұрынаты хақ. Осы ұстанымды берік ұстанған жас Қасымханның мына бір өлеңін қараңызшы, сағыныш ақынына айналған аймаңдайлы, ай мүйізді Айбергеновтың мөлдір әрі модерн жырларын еріксіз сағынтады. Өзінен бұрын жасаған титандарға сілтеме беру де ұлылықтың нышаны болмақ. Уақытқа, жолға құрмет деп осыны айтса керек.Қасымхан ақынның поэзиясы қазақы қалып аясындағы рух пен дәстүрге суарылыған. Ұлттық құндылықтар әр өлеңінде ұлықталады. Дәстүр мен дін, діл мен тіл, ел мен жер — Қасымхан Бегманов өлеңдерінің лейтмотиві. Сондай-ақ, ақын арды, адамдықты, адалдықты, аманатты жырлайды. Ол мұңайған кезде ғана, сағыныш дерті дендеген кездерде ғана қолына қалам алатын секілді.Өйткені, өлеңдерінің қай-қайсысынан да сағыныштың, сағынышпен астасқан мөлдір мұңның нышан-белгісі байқалмай тұрмайды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар