Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

27.03.2018 3387

Таксист

Таксист - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Қала «бұрқ-сарқ» қайнап жатыр. Әшімнің бүгін такси болып жұмыс бастаған алғашқы күні. Қайшалысқан көліктердің бір шетінде қалқаңдап келе жатқанымен, көшелерді білмейтін. Әйтеуір, «атың барда жер таны, желіп жүріп...» деген далалық даңғайыр кеудемен тартып келеді. Сәлден кейін, аялдаманың қасында қол көтеріп тұрған қыз көрінді. «Жолды білмесем, отырғандар өздері нұсқап жіберер» деген сенімі бар-тын. Бірақ, мына қызды аларға келгенде тартыншақтап қалды. Алғашқы жолаушының үлкенірек кісі болғанын қалап, тосырқап келе жатыр еді. Дәл сол кезде жанынан бір қара «нексия» «зу» етіп өте шықты. Өте шықты да бұның алдын орай қиыстап, тұп-тура қыздың санын сүйкей барып тоқтады. Мынадай әбжілдікке аңырып қалған Әшім, көзін бір ашып-жұмғанда, әлгі бойжеткен інге кірген түлкідей бұлаң қағып «нексияға» отырып үлгеріпті.

Иегінің астындағы несібеден қағылғанына қарадай ызасы келген ол, жаңағы машина тап бір айттырып қойған қалыңдығын алып қашып кеткендей қызынып қалған. Сосын, бұрынғыдай емес, көлігін ширақ айдап, бойын жинай бастады. Сонысына жарай, келесі бағдаршамнан өте бере тағы бір адамның сұлбасы көрінген. Оның қол көтеріп тұрғанын байқай сала, газды ышқынта басқан еді. «Жаңағыдай сумаңдағанның тағы бірі келіп қалмасын» деген қауіппен, сол жағына алақтай қарап еді, ентелеп келе жатқан ешкім жоқ екен. Әлгі адам өзі күткендей «үлкенірек кісі» екен. Мұздай болып, костюм-шалбар киіп, салауатты бейне танытқан жігіт ағасы. Екпіндей келіп тоқтаған бұның терезесінен тасырая қарап, «Керуен» деді. Әшім екі сөзге келмей отырғызып алды.

Адамы арт жаққа жайғасқан соң, Әшімнің қызуы басылып, тебіні қайта берді. Бағанағы «қыз алып кеткеннің» қысасымен отырғызып алса да, мына адамның баратын жерін шамалап болса да білмейтінін ойлап, қысылды. Көлігін орнынан ауыр қозғаған ол, айтпасқа лаж қалмаған соң, «оған қалай барушы еді, ағасы» деді елеусіздеу ғана сұрай салғансып. «Не дейсің ей, жолды менен сұрап тұрсың ба сен?» деді әлгі салауатты «дүңк» етіп. «Айып етпеңіз ағасы, бүгін такси болып бірінші рет шығып едім, қаланы толық білмеген соң...» деп кібіртіктей беріп еді, ананың аса таяғы тіпті аса тиді. «Ей, тоқта, осы жерден! Қаланы білмесең атаңның басына такси боласың ба? Мен саған тірі картамын ба не, давай, тоқта!» деді бұны жеп қоярдай жыртқыштана қарап.

Маңдайынан тер саулап кеткен Әшім, өзі күткен қауіпке бірден душар болғанына қайран қалды. Есік «тарс» еткенде, ол бұққан басын көтеруден де қорқып, құнысып қалған. «Апырай, – деді аздан кейін өзіне-өзі сөйлеп, – апырай, айта салса аузы қисайып қала ма екен, ә! Ауылда жол сұраған адамға, жай ғана айта салу былай тұрсын, іздеген үйіне дейін ертіп апарып, онымен бірге шай ішіп, әңгімелесіп, жайы келсе ет жеп, қонақ болып кетпеуші ме едік. Әлгінің сонша бүлінгені несі, сырты жылтырап сыпайысығанымен, сөзі түйеден түскендей, мінезі құтырған иттен де жаман ғой».

Көңілі жасып, меселі қайтқан оның, такси болуға да құлқы шаппай қалғандай. Бірақ, жұмысты бастамай жатып, «жалт» бұрылуға және келмейді...

Жүрегіне май тиген ашқарақтай болған ол енді, екі шоқып, бір қарап, қол көтеріп тұрғандардың сыртқы түр-түсіне үңіліп, өңі жылы дегендерге ғана тоқтауды ойлады. Алайда, «иман жүзді» клиент іздеу дегеніңіз, теңіздің түбінен жақұт сүзгенмей бірдей машақатты шаура екен. Қол көтергендердің көбі суық жүзін сыртына салған, шеке-басы тыртысып, сіркесі су көтермей тұрған жандардай елестеді оның көзіне. «Жолды білмеуші едім» десе болды, жонынан таспа тіліп, «бүгін ғана такси болып шығып едім» десе, төбесіне су қайнатардай сезінді. Ақыры, ұзын күн бойы қорқа-қорқа салып алған үш-төрт клиенті ғана оған жақсы мәміле жасап, жағдайын түсінгендей бейне танытты. Сонда да, оның қаланы білмейтін «аңқаулығын» пайдаланып қалуды ұмытпаған бір-екеуі үй-үйді аралатып, машинасының тұмсығын тура подьездерінің алдына дейін тіретіп, тіпті сөмке-пакеттеріне дейін лифтіге жеткіздіріп алды. Өкініштісі, машина пәтердің ішіне кіре алмады, әйтпегенде олар «жатын бөлмедегі төсегімнің алдынан бір-ақ түсірші» дер ме еді, қайтер еді?..

Сонымен, таңертең толтыра құйған жанармайды түбіне жеткізіп, түнге қарай үйін тауып алған Әшім, нан-сүтке жететін тиын-тебен тапқанына да шүкірлік етті. «Есесіне қаланың біраз жолын біліп алдым» деп өзін жұбатқан. Бірақ, күйеуінің бүгінгі халін аңдаған әйелінің уайымға толы жүзі оны үрейлендіріп жіберді. Қуанышты, үмітті көңілі пәс тартып, еңсесі түсіп кетті. Ауылда өз шаруасын күйіттеп жүргенде, әлдебір ағайынының «ойбай, Астанада ақша дегенің ағып жатыр, байлар көп, такси болып пайданы күреп жатқандар жетеді» деген дүңкілдек хабары, оның делебесін қоздырып болмады. Ақыры, сол желіктіргіш сөздер Әшеңді желпілдетіп әкеліп, банктегі жылпылдақ менеджердің алдынан бір-ақ шығарған. Елге онсыз да «исініп» тұрған банктерге әңгіме бар ма, Әшімнің алғашқы төлем үшін жинап-теріп әкелген ақшасын қағып алды да, қалғанын арқасына қарыз қып арқалатып, «орыстың тазигінің» біреуіне отырғызып жіберген. Жаңа көліктің буы жаман болады екен, еліріп алған Әшең әйелі мен екі баласын салып алып, Астанаға қарай тартып кеткен. Астанаға жеткенше шарықтаған арман-қиял дегеніңіз тілмен айтып түсіндіруге, хатпен жазып ұғындыруға келмейтін ғажайып еді...

Бір қуанарлығы, Әшім айналасы бес-алты күннің ішінде, қалаға тәп-тәуір төселіп қалды. Өйтетіні, атағы дабырайғанымен, Астанаңыз соншалықты алып шаһар емес екен. Адамдарына да бой үйретті. Сазарып-түнеріп отыратындары да, быржиып-тыржиып тұратындары да айтқан жеріне айнытпай жеткізген соң, ақшасын төлеп, жайына кетеді. Алайда, бір байқағаны, өзі секілді саусылдаған таксистер көп көрінді. Алғашқы күнгі қара нексиядан кейін сақтана жүретін ол, алдына ұсақ-түсек машина түсірмеуге тырысатын болды. «Бәсекелестерін» бірден танитын дәрежеге жеткен Әшім, жолдың оң жағына жамбастай жабысып, жалбызбалап бара жатқан өзінің «тазигі» тақылеттес машиналарды көре қалса, озып алуға ұмтылады. Кейде «мынау такси емес шығар» деп келе жатқан көп-көрім машиналар қол көтергендерге бұрылып, әуелі оның артынан тағы бір-екеуі тіркесе қалып, мысты құртатыны бар. Ол, ол ма, «әй, ана адамды мен алмағанда кім алсын» деп, құлшынып келе жатқанда, дәл алдындағы дәу джиптің, әлгі клиентке дөңкиіп тоқтай қалатынын қайтерсің. Ондайда күйіп кеткен Әшім, «ой, бейбақ-ай, бензинін тауып бере алмайтының бар, қаңғырлатып джип мінген қай теңің!» деп тепкіленеді.

Әшім өзі «тай-тайынша» деп ат қойып, айдар тағып алған ескі иномаркалар да көп. Ондайлар тізбектеліп, кейде клиент қалдырмай сыпырып кеткенде шыдамай қалатын Әшең, «мына жыртықтарға не жорық, түріне қарамай такси болып» деп өзінше кекетіп, көзге ілмейді. Бірақ, «Әшімнің жаңа көлігі ғана жүрсін» деп олар қарап жата ма, жан бағу керек болған соң жалбаң қағып, жанталасады келіп. Қайта, төлеп жатқан несиесі жоқ, солардың өмірі өмір секілді. Бірер күннің алдында жаңа көлігімен таксишілеп жүрген бір-екі жігіттен сыр тартып көріп еді, олар да өзі секілді банкке байланған «басыбайлылар» екен. Сосын, жаңа машина мінгендердің көбіне ол мүсіркей қарайтын болды. Жаңа көлік айдап жүрсе де, жарқылдап қуана алмайтын тағдырластарына жаны ашиды.

Не керек, Әшең он күннің ішінде қаланың қу тақым таксисіне айналды. Таксишіліктің өзіне тән қыр-сырларына да қанығып келеді. Бұрын қол көтеріп тұғандарды аңғармай өтіп кететін еді, қазір адамдар жолдың шетіне шыға бере, қолын қозғалтуға да үлгертпей жанына тіреле тоқтайды. Әуелі, алыстан келе жатқандарын қарауылдап, алдын кес-кестеп, көлігін көлденеңдетіп күтіп алады. Жаяулар жолынан өтіп бара жатқан жүргіншілердің бірін қалдырмай өткізіп, ала сызыққа әлі аяқ баспаған алыстағыларына дейін ілтиапт танытады. Ондағысы, қағидаға қайшы келмей, заң-тәртіпті сақтайын дегеннен гөрі, жолдың қарсы бетіне өтіп, такси ұстайтындар болса іле жөнелу еді. Осындай тәсілдерді игергенімен ол, машинасын тоқтатып қойып, адам көп жерлерде «такси, такси, такси ма?» деп қолына кілтін айналдырып, әркімге бір телмеңдеп жүруге арланатын. Көбіне, көлігінен шықпай, өзі келгендерді ғана алып кетеді.

Астанада таксистердің көп торуылдап, тәттіге үймелеген шыбындай топырлап жататын жері вокзал мен базар маңы сосын «Хан шатыр», «Мега», «Керуен» секілді сауда, ойын-сауық орталықтары. Демалыс күндері адам құжынап жататын сол сауда орталықтарын Әшім аралап көрмепті. Әйтеуір, қажетін өтеу үшін әжетханасына кіріп шығады. Тегін екенін біліп алған. «Оған да рахмет» дейді ішінен. Кейде өзінің жұпыны киімінен ұялып өтіп бара жатып, айналасына ұрлана қарайтыны бар. Сән-салтанатты, қызық-думанды, көңілді, бардам, қамсыз, уайымсыз адамдар секілді бәрі. Әне, бір келіншек мама қазша майпаңдай барып, банкоматтан бір буда көгала ақшаны ала салды. Мына жақта ерлі-зайыптылар «супер маркеттен» шарбақ арбаны азық-түлікке тырсита толтырып шықты. Жайраңдай күлген қыз-жігіттер үстілерінен әтір иісі бұрқырап, «попкорндерін» көтеріп, кинозалға кіріп барады. Енді біреулер киім таңдап, тағы біреулер тамақтанып отыр. Неше түрлі ойын аппараттарын тарсылдатып, жарқылдатып жатқан мұнтаздай таза бүлдіршіндер мәз-мейрам. Әшім де балаларын ертіп, отбасымен бірге қыдырғысы, дәмді тамақ жеп, әйеліне әдемі көйлек әперіп қуантқысы келеді. Бірақ оған... Әзірге тек әжетханадан ғана қайтып жүр.

Әшім өзіне «үлкен қалада табыс табу үшін өлермен болу керек» деген жасанды қалып жасап алғанымен, клиенттеріне қымбат баға айтып саудаласуды қаламайды екен. Біреулердің ұсақ ақшасы болмай қалса, оны майдалау үшін жүгірген емес. Берген тиын-тебенін қанағат тұтып, рахмет айтса соған марқайып қалады. Бірде «айтқан бағаға шапқылай жөнелмей, мен де ел құсап қымбат сұрап, шіреніп көрейінші, «көңілшек жігіттің атының соры...» деген деп, өзінше «бұзылды». Қол көтерген адамдардың айтқанын арзансынып, алмай қойды. Бір ғажабы, сол күні көп ешкім кезікпей, қаланы құр шарлап жүріп қалды. Сонда тәубесіне келген ол қайта ойланып, «ойпырай, мен неге пендешілік нәпсіні болмысыма би қылып қойдым, қаланың іші демесеңіз олар да жолаушы ғой, жолаушының ризалығын алып, ықыласына бөленгеннің өзі табыс емес пе..» деп райынан қайтқан. Қызығы, содан кейін-ақ, арт-артынан адам кезігіп, бірін түсірген жерден екіншісін алып, жұмысына жан кірді. Күні бойы құр жүрген уақытының есесін қайтарып алды.

Дегенмен, Әшім іш жимасам дейтін тиын-тебенге бола ұрыс шығаратын адамдар да кезікті. Адам болғанда да «әй, мына кісі ештеңеге мұқтаж емес шығар» дейтіндей-ақ, бардам кісілердің ұсақ ақша қайтарғанда он-жиырма теңге жетпей қалса қабағынан қар жауып, көгеректеп жатқанын көргенде түңіліп кететін. Жасыратыны жоқ, орыстардың қолы ашық екенін бірнеше рет байқады. Олардың «жақын жер ғой, не болды сонша» деп төмен баға айтып, саудаласып, тіпті салғыласып жататындары жоқтың қасы. Бір-екі кварталдың өзіне бөліп-жармай мандымды теңге ұстатып, рахметін, оған қоса «жолыңыз болсынын» қоса айтып түсіп қалады.

«Қалаға келген адамның пейілі тарылып кете ме, әлде тас үйге қамалған, тар жерде маталған адамдар «кеңдік» деген қасиетті ұғымның бар екенін білмей ме» деп ойлайды ол кейде, таксиін «Рамстордың» алдына қаңтарып қойып, клиент күтіп отырғанда, өзінше шолақ миымен шолу жасап. Өйткені, көп жағдайлар оның адамгершілік ниет-пиғылға деген ойын сілкінте берді. Кеше түстен кейін, екі сөмке көтерген жігіт бұған апыл-ғұпыл отырып, вокзалға тез жеткізуін, пойыздан кешігіп бара жатқанын айтқан. Әшең тап бір өзі жолдан қалатындай жанығып, құйын-перен басты-ай келіп. «Қайыршыға жел қарсы» демекші, «Самалға» жеткенде сірескен кептеліске кірсін де кетсін. Сығылысқан көліктер, бірінің үстіне бірі мінердей кимелегенімен, анда-санда бір жылжиды. Ұшып кетпесең, басқа мүмкіндік жоқ. Жолаушы жігіт қазанға қуырылған тарыдай тыпырлайды. Ол тыпырлаған сайын, Әшім қара терге малынады. Сөйтсе, алда екі машина соғылысыпты да, жолдың бұлар жүретін бағытын жартылай жауып тастапты. Соғылыпты дегенде, қирап жатқан түк те жоқ екен. Әшім кептеліс бір жылжығанда тура солардың қасына барып тоқтады. Екеуі де қымбат маркалы шетелдік көліктер. Иелері де шырттай киінген, салихалы-ақ жігіттер секілді. Бұл машиналардың қай жері опырылып қалғанына миы да, көзі де жетпей тұрған Әшім, қызыл кеңірдек болып жатқан жігіттердің тоңқаңдап, бірнеше рет сипалақтап өткен жеріне қарап еді, болар-болмас сүрілген, әуелі сыртындағы шаңын ғана жанап кетті дейтіндей бірдеңе екен. Ал кеп таңқалсын. Басқа дүниені ұмытқан ол, бірін-бірі жағадан алып жатқан екі мырзаға көз алмай қарап қалыпты. Бейне басқа ғаламшардан келген өзгеше жан иелерін көргендей қадалып тұра берер ме еді, бағдаршамның жасылы жанып, амалсыз жүріп кетті. Бірақ, солардың кесірінен әлгі жігіт пойыздан қалды. Әшім әдейі кешіктіргендей жынданған жайбасар немені үйіне қайтадан тегін апарып тастап, әрең құтылған.

Әшімнің бірінші айда такси болып тапқан табысы көліктің кредитін төлеуге жетті. Базардың артындағы жер үйден жалдаған бір бөлменің ақысын беру үшін, қарыз ала тұруға тура келген. Екінші айда соның бәріне жеткізер еді, алайда мына оқиғадан кейін тиыннан құрап жүрген ақшасына апат келгендей болды.

Бір күні, үлкен көшемен солға қарай, келесі даңғылға бұрылып қалған еді, алдынан иттің тіліндей жалаңдаған қызыл таяғын «тікірең» еткізіп, жол полициясы шыға келгені. Не болғанын айтпастан құжаттарын сұрап алды да:

– Неге жол белгісіне қарап жүрмейсің? – деді бұған сыздана сөйлеп.

– Не болып қалды?

Әшім түк түсінбей, айналасына жалтақтай қараған.

– Не болғанын айтайын, бұл жерден солға бұрылуға болмайды, тек тура өтіп кету керек, жол ережесін бұзғаның үшін хаттама толтырылады.

– Ұйбай-ау, кеше ғана бұрылатын белгі тұр еді ғой. Бір түннің ішінде қайтып, не үшін өзгере қалды? – деді быжалақ қаққан Әшім.

Оны тыңдайтын жол сақшысы жоқ, әй-шайға қарамай қағазын толтыра бастады. Бақандай он мың теңге қалтадан сусып кеткелі тұр.

– Ағасы, бір жолға толтырмай-ақ, түсіндіріп, ескертсеңдер болады ғой, біз оны қайдан білейік, – деп жұмсақтап көріп еді, оған да болмады.

– Көзіңді ашып, жан-жағыңа қарамайсың ба, далада емес, қалада жүрсің ғой, – дейді зәрленіп.

Мына сөзге қаны қайнап кеткен Әшім, дүрсе қоя бергенін байқамай қалды.

– Ей, сен адаммен адамша сөйлес әуелі. Белгіні қалағандарыңша өзгерте бермей, алдымен ескерту керек қой. «Артемның» жанындағы белгіні тіпті, еріккен ГАИ-дың бәрі өзгертіп ойнайды. Сосын, тұра қалып, штраф дейсіңдер шытынап. Біз де ойнағаннан, жетіскеннен жүргеміз жоқ, сендердің еріккендеріңді көтеретін жай жоқ, – деді түтігіп.

Өткенде бір рет «Артем» сауда базарының қасында ұсталып, онда тоқтатқан капитанның өзіне «айыппұл» төлеген. Енді міне, тағы да алжастырған белгінің тұзағына түсіп тұр. Әшімнің мына сөзіне едірейе қалған жол сақшысы:

– Сызықпен жүру керек, сызықпен. Белгі не үшін керек, жол қағидасын білмейсің бе, онда машина жүргізбей-ақ қой, – деді.

Терісіне симай тұрған Әшім:

– Өзің құдайдың сызығын сызып қойғандай құдіретсисің ғой, жолдың белгісін сағат сайын өзгерт деген кім саған! Сендер жолдың қағидасын түзеуді емес, қарапайым шопырлардың қалтасын қаққаннан басқа түк бітірмейсіңдер, – деді өршеленіп.

Оның уытты сөздері шабына шоқ түсіргендей шыжғырған полицей де кәріне мінді. Дегірейген қалпақтың астындағы былшиған бет сұрланып, жыртиған көз безеріп сала берген.

– Мына жолдың құдайы деген біз, ұқтың ба! Қаласаң да, қаламасаң да, біз не өзгертеміз, сонымен жүресің. Жүрмейсің бе, онда машина айдап, тыраштанбай-ақ қой, қазір мүлде жаяу қаласың, – деді қолындағы қаламсаппен Әшімді көзіне шұқып тұрып.

Онымен тоқтаса жақсы еді ғой, рациямен хабарласып, базадан тексертіп еді, Әшімнің жылдамдықты алпыстан асырып, екі жерде фотоаппаратқа түсіп қалғаны бар екен. Алғаш қаланы білмей қаңғалақтап жүргенде «аусай басып» алса керек. Бітті, осыдан кейін Әшеңнің жүні бірден жығылды. Отыз мыңға таяу айыппұл жазылған мойны бір-ақ салбырап, жауырыны қушиды да қалды. Әуелі, «жол инспекторына қарсы шыққаның үшін әкімшілік қамақ жазасын беріп, көлігіңді айып тұрағына қоямыз» деп қоқаңдаған балшық бет сақшыны жалынып жүріп, әрең иліктірді.

«Меганың» есігіне көз сүзіп, клиент күткен Әшім отыр. Жаңа ғана жауып өткен жаңбырдан асфальт беті жарқырап жатыр. Түнгі қаланың түрлі шырақтары айнадай асфальттің бетінде мың құбылып, көзді арбайды, бірақ көңілге берер жылуы жоқ. Ол шаршағанын сезді. Такси болғалы бір күн үйде жайланып отырмапты. Таң бозынан кетеді, екі саны талып, белі сырқырап, жотасы ашып, басы шыңылдап түннің бір уағында зорға жетеді. Көбіне ыстық тамақ ішуге де уақыты жоқ. Жол бойына көз сатып жүргені жүрген. Таксисті құлындай көріп зіркілдейтіндер мен сәл ағат кетсең айқайлап шығатын адамдар, сарылтқан көлік кептелісі бәрі оның жүйкесін жұқартып-ақ тастапты. Оның үстіне, көлігінің де бір-екі жері тақылдап, шиқылдап белгі бере бастаған.

Түн ортасында үйіне оралған ол, ертеңінде түске дейін орнынан тұрған жоқ. Көк исі мүңкіген бір ауызды бөлмеде иленіп жатқан әкесіне, балалары жаутаңдай қарайды. «Астанаға барамыз, қалада оқимыз, қыдырамыз» деп қуанып еді. Жүдеп кеткен әйелі де іштен тынып отыр. Ол да анда-санда еден жуып, тіршілік қылған болады. Бірақ, екі балаға қарайлап үйден шыға алмайды.

Көкірегін өксік кернеген Әшім алғаш рет жылағысы келді. Кімге екені белгісіз нала айтқысы, ашуланғысы, әлденені қиратқысы, қопарып тастағысы келді. Сонда ғана жолы ашылып, шері тарқайтындай...

Мұрат Алмасбек

2015 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар