Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Татарстанда Мағжанның мерейтойы аталды...

19.10.2018 4328

Татарстанда Мағжанның мерейтойы аталды

Татарстанда Мағжанның мерейтойы аталды - adebiportal.kz

Татарстан астанасы Қазан қаласында Алаш ақыны Мағжан Жұмабайұлының 125 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Тағылымды шараны «ХХІ ғасырдағы филология және өнертану» атты жастардың ІІ ғылыми мектебі аясында Ғ.Ибрағимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институты ұйымдастырды. Татарстан Ғылым академиясының салтанат залында институт директоры Ким Миннулин кіріспе сөзінде Мағжанның жырлары татар халқына, күллі түркі қауымына қадірлі, ақын кітаптары Қазан қаласында жарық көрді, ол татар шайырларымен тығыз шығармашылық байланыста болды деді. Жиын басында Қазақстан Республикасының Қазандағы генералды консулы Е.Тукумов құттықтауын білдіріп, екі халықтың достығын нығайтатын осындай рухани шаралардың маңызы зор екенін айтты. Қазақ, татар, башқұрт, қарақалпақ, әзірбайжан ғалымдары Мағжанның шығармашылығын талдап, тағдыры мен тағылымды мұрасы жайлы баяндама жасады. Мағжанның кітабын татар тіліне аударып, жеке жинақ ретінде шығарған Татарстанның халық ақыны Радиф Гаташ, әзірбайжан тіліне тәржімалаған профессор, белгілі түркітанушы Рамиз Әскер тамаша әдеби салыстырулар жасап, қазақ шайырының поэзиясын биік бағалады.

Конфернцияда арнайы шығарылған «Татар-қазақ әдеби байланыстары және Мағжан Жұмабайұлы шығармашылығы» атты кітаптың тұсаукесері болды. Қазақ халқының үлкен досы, профессор Хатип Миннегулов екі әдебиет арасындағы байланыстың тереңде жатқаны жайлы ой бөлісті. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Орынай Жұбаева Мағжанның лингвистикалық және педагогикалық мұрасына, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Қайырбек Кемеңгер ақынның қазақ әдебиетіндегі орнына, татар әдебиетімен байланысына тоқталды. Өнер зерттеушісі, дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспан ақын лирикасы жайлы айтып, қазақ халқының ықыласын «Сүй, жан сәулем», «Жұлдызды жүзік, айды алқа ғып берейін» сынды Мағжан сөзіне жазылған әсем әндермен жеткізді. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының магистранты Әділет Ахмет көңілдегі сөзін өзінің жалынды жырымен білдірді. Мұқағали өлеңдерін тәржімалап, татар тілінде жеке кітап етіп шығарған Татарстанның халық ақыны Роберт Миннулин қазақ халқына арнап әсерлі жырларын оқыды. Шараға Қазан қаласында оқып жатқан қазақстандық студенттер мен магистранттар қатысты.

Алаш ақынын ардақтаған, аруағын қастерлеген, қазақ-татар әдеби байланысты, жалпы түркілік рухани ынтымақтасты дәріптеген татар бауырларға, әсіресе Ғ.Ибрағимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институтының директоры Ким Миннулинге, Қазан федералды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Лейла Мингазоваға т.б. тілектес әріптестерге алғыс білдіреміз.

Қайырбек Кемеңгер


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар