Қуаныш пен қайғы алмасқан адамзат баласының, соның ішінде қазақтың өмір салтында ас пен тойдың орны ерекше. Халық ауыз әдебиеті: «Отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, ырғап-жырғап мұрат-мақсатына жетіпті», - десе, Абай: «Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл, Қыз таныстыр, қылжаққа жұрт ыржаңшыл», - деп той-томалақтың сәні өлең-жыр екенін меңзейді. ХХ ғасырдың қазағы: «Тойың тойға ұлассын, салған әнің қыр ассын!» - немесе: «Той үстінде ой үстінде тәтті күндер, тәтті күндер, Жас жұбайлар шат күліңдер, шат күліңдер», - деп әр кезеңнің сұраныс-талабына сай тойлатып, думандатып, бүгінгі дәуірге жетті.
Бүгінгі дәуір – қазақ тойының шырқау шыңы десек болады. Арғы дәуірлерде жоғарыда айтылғандай «отыз күн ойын, қырық күн тойын» жасау – әсірелеу дегенімізбен, кейбір ас пен тойдың он күнге дейін созылғаны туралы деректер жеткен. «Той – қазақтың қазынасы» дейтін мән-мағынасы күмәнді айтылым асабалардың ұраны болғалы қашан! Расымен де «той – қазақтың қазынасы» болса, ол несімен қазына? Той қазақтың рухани, эстетикалық, этикалық деңгейін қаншалықы биіктете алды? «Той – қазына» екені рас болса, той жасау арқылы қазақтың бәрі қаржылық әлеуетін көтеріп жүр ме? Бұл сұрақтарға нақты жауап беру қиын. Бірақ анығы: қазір жұртшылықтың бір сарынды, жаттанды тойдан жалыққандығы. Бұл жалығу соңғы жылдары қоғамда айқын білінді. Себебі, қазақы тойлардың бірсарындылығы, даңғазалығы, асабалардың жаттандылығы т.б. әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі талқылана бастады. «Жығылғанға жұдырық» дегенді той-бизнес өкілдеріне қарата айтса да болады. Бұған дейін де сыни көзқарас біртіндеп қалыптасып келе жатқан болса, әлемдік пандемия басталғаннан бергі кезеңде халықтың той-томалақ өткізу форматына деген көзқарасы барынша өзгере түсті деуге болады.
Бұған қоса, әлемдік үрдістерден мол ақпаратқа ие қазіргі жас буынның ұлан-асыр қазақы той өткізуге деген сыни көзқарасы біртіндеп күш алып, әкелер мен балалар арасындағы дәуірлік таным-талғам қайшылығы жыл өткен сайын айқындалып келе жатыр. Қазақтардың урбандану үдерісі күш ала түсті. Той жасау дәстүрінде отырықшы халықтарға тән сипат жыл өткен сайын молынан көрініс табуда. Әрине, мұны қазақы салт-дәстүрдің ұтылуы, отырықшылық мәдениетке ұтылуы деп біржақты түсінуге болмайды. Бұл – өзге көптеген халықтар ертелі-кеш басып өткен есею жолы.
Есею дегеніміз не? Есею – салт-дәстүр, әдет-ғұрыпта ұшырасатын бос мақтан дарақылық, бекерден-бекер мал шашпақтық, яғни ысырапқорлықтан тыйыла отырып, мәнді-мазмұндылыққа, үнемшілдікке, қысқа-нұсқалыққа, қарапайымдыққа, уақытты қадірлеуге қол жеткізу. Қалаңыз, қаламаңыз, жаһандану дәуіріндегі қазақ қоғамы жақын жылдарда осы қадірлеуге, бағалауға тиіс қасиеттерге қол жеткізеді. Мұның нәтижесі мен салдары қандай болады дегенді тап тасып айту қиын болар. Анығы: қазақтың ертеңгі буыны атшаптырым тойханаға әлденеше жүз қонақ жинап, жаттанды асабаға той басқартып сабылып-шабылмайтын болады. Елдің ертеңі жаңа буын қазақтардың тойы барынша шынайы да мәнді болатыны сөзсіз.
Қазақ тойының жасалу уәжі қазіргі кезеңде көп жағдайда жаттанды үрдіс, бос мақтан, тыраш бәсекелестік, орынсыз ұялыстан туындап отырғаны анық. Қазақтың бос мақтанға әуес балаң мінезі туралы кезінде хакім Абай да ескертіп айтқан еді ғой. Жиырма алтыншы қара сөзінде, әлдекімнің аты бәйгеден келсе немесе әлдебір палуан күресіп жықса қазақтың есі кете қуанып, осыған бола ысыраптана тойлайтынын балаңдыққа, надандыққа жатқызады: «...Енді осылардан білсеңіз болады: надан ел қуанбас нәрсеге қуанады һәм және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі – надандық, ақымақтықтың әсері», - дейді. Расымен де осы сөздер бүгінгі күн үшін айтылып тұрғандай. Көп жағдайларда ұялмайтын нәрседен ұялып, ұялатын нәрседен ұялмай жүргеніміз рас қой. «Не жаманшылық болса да бір әдет етсе, қазақ ол әдетінен еріксіз қорыққанда я өлгенде тоқтайды, болмаса ақылына жеңгізіп, мұным теріс екен деп біліп, ойланып өздігінен тоқтаған адамды көрмессің», - дейді Абай. Шынымен де пандемия кезінде той тойлауды біздің халық қорыққанынан ғана азайтты ғой. Ғаламдық індет ауыздықталған соң халықтың жаттанды сүрлеуге түсіп, ескі әдетке қайта басып кетуі де мүмкін.
Той – қазақтың өзара туыстық береке-бірлігінің белгісі дегенге ешкімнің таласы жоқ. Одан өзге игі белгіні айту қиын. «Той-томалақ – уақытқа обал-ақ», - деп Қадыр Мырза-Әлі ақын айтпақшы, қазақ тойының қайран уақыттың қадіріне әлі күнге жете алмай келе жатқандығы да рас. Расымен де «той-томалақ» деп жатамыз, әдетте. Тіліміздегі көптеген бір сыңары мағынасыз қос сөздердің бірі. Тойы – түсінікті. Томалағы не сонда? Той мен томалақтың айырмашылығы қандай? Осы туралы не уәж айтуға болады? «Томалақ» сөзі жеке тұрғанда ешқандай мағына бере алмайды. Той туралы айта отырып, осы «томалақ» өзінің мағынасына көз жүгіртіп көрдік пе? Томалақ – домалақ – барша түркі тілдерінде әлдененің доп, шар формасында екендігін білдіреді екен. Бірақ тойға бұл зат формасының қандай қатысы болмақ? Якут тілінде «томалак» – өзіне жақын, жиі жасайтын іс-әрекет, жиі қолданатын зат деген мағынаны береді екен. Демек, «томалақ» сөзінің астарында жақын-жуықпен жасалатын қуанышты жиылыс деген мағына жатыр деп топшылауымызға әбден болады. Осы болжамымызға қазақ тілінің диалектілік қолданысындағы «тума», «тумалас» сөздерін негіз етуге де болатын сияқты. Яғни, «тумалық» – бұл туыс-туған, ет жақын, көрші-көлемнің ауқымында жасайтын кішігірім той-тілеу. «Той-тумалық» деген қос сөз біртіндеп «той-томалаққа» айналып, екінші сыңары біртіндеп мағынасы көмескіленуі әбден мүмкін.
Біздің ойымызша, томалақ – шағын топпен өткізілетін қуанышты дастарқандағы отырыс. Ал той – ауыл-аумақты, ел-жұртты молынан қамтып шақыра отырып жасайтын ауқымды да салтанатты ас беріп күту салты. «Той» деген сөздің өзінде «тою» мағынасы жатуы да мүмкін. «Тойға барсаң, тойып бар» дейді. қазақ. Ежелден ас пен тойға сауын айтылып, межелі күні шақырылған қонақтар айлап-апталап жүріп жететін болған. Қазақ сол себепті де «ас – аттыныкі, той – тондыныкі» деген. Ас пен тойдың былай қарағанда, айырмасы шамалы деуге де болады. Торқалы той мен топырақты өлімде басымыз қосылсын» дейтін қазақ өмірден өткен дән-дәулетті, әйгілі адамның жылдық науқанын белгілеп, төрт төңірек, сегіз тарапқа сауын айтып, молынан дайындалатын болған. Аруаққа арнап ас беру – Орта Азиядағы көшпелі жұрттардың ежелден қалыптсқан дәстүрі. Астың тойдан айырмашылығы – аруаққа арнап әкелетін сыбаға мен алғашқы күні жасалатын, жылдық азалы күйге нүкте қояр рәсімде ғана деуге болады.
Қазіргі кезде ас та той да көп. Пандемияға байланысты мемлекет тарапынан ауық-ауық шектеу қойып отырғаны болмаса, бүгінгі қазақтың ас пен тойдан бас тартатын қалпы онша-мұнша байқалмай тұр. Дегенмен, қыз ұзату, күйеу келтіру, келін түсіру тағы басқалары қазіргі күні артық малшашарлыққа салынбай, томалақ (тілеу) түрінде, азғана ағайын-туыстың ортасында әп-әдемі, мазмұнды өтіле бастады. Бұл – құптарлық үрдіс. Бұл мақаламыздың басында айтылған, бүгінгі дәуір жастарының басым естіле бастаған қалауы да болар, бәлкім. «Той қазақтың қазынасы емес», - дейтін халықтың қарасы күн өткен сайын артып келеді. Расымен де той қазақтың қазынасы емес-ау осы?
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.