Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Толымбек Әбдірайым. Мұса...

14.11.2024 707

Толымбек Әбдірайым. Мұса

Толымбек Әбдірайым. Мұса - adebiportal.kz

Әңгіме                                                                                                                       

«Мадақ - бүкіл әлемнің жаратушысы Аллаға лайық...»

(Құран-Кәрім, «Фатиха» сүресі, 1 аят)

 Ұшы-қиырсыз маң дала...

Құм суырған сахара...

Аспан айналып жерге түсер ыстықтан көлеңкенің өзі жанып тұр. Айнала төңірек қара қошқыл түтін. Отқа оранған үйлерден жүгіре шыққан адамдар бас сауғалай безіп барады. Ызу-қиқы, айқай шу.  Баитл Мухаддас шаһары (1) жақтан басталған өрт Мысырға жетіп, жолдағының бәрін күйдіріп, күлге айналдыруға жақын. Үрейлі Бәни Исраил әулеті (2) дін аман! 

- Жаратушы Жаббар ием! Құтқара гөр!..

Зілқара тастай әлде не кеудесін жаншыған Перғауын (3) сам-соз күйде отыр оянған күйде. Неге жалғыз?! Қайда күзетшілер?! Ащы түтін көзін удай ашытып, миын осып өткен. Тілсіз жау жермен жексен еткен бе бәрін?! Бұл не өзі?!

Шүкір!.. Тірі екенмін!.. Тәуба!..

Өзіне-өзі келген соң, елдегі бақсы, балгер, сиқыршы, жұлдызшы атаулыны шақыртып, түсін жорытқан.

- Бәни Исраил әулетінен бір нәресте келеді дүниеге! Сізді мекеніңізден қуып, дініңізді өзгертер! Тұқымыңызды тұздай құртар сол бала, - деген жауап естіді патша ағзам.

- Қай кезді болжайсыңдар? 

  Қаһарлана қалшылдаған Перғауын зәр төксін.

- Көп ұзамай көресіз.

- Сырғақтамай турасын айт? -  Жын буғандай қылғына, айқайлады патша ағзам.

Қалың қасы көзін жапқан, ақсары өңді бақсы асып-сасар емес.

- Ызғар сезген бойым бар...  Таяуда болар сойы бар... Қамданбаса уақыт тар... 

- Өз обалдары өздеріне?.. Көрсетейін Перғауынның құдіретін!.. Шыбын жаны шырқырап, көмекке кімді шақырар?! Айтқанымнан айныман!.. Кералаңды танытам!.. 

Ашулы Перғауын исраилден туған ұлдарды өлтіруге пәрмен берді!..  Жалаң қақты жан алғыш жендеттер!.. Қан қасап басталды!.. Аяғы ауыр әйелдердің ішін жарып, түсік тастатты табанда! Мұндай зұлматты кім көрген бұл заманда?!

Ай артынан ай өтті... 

Жыл соңынан жыл өтті...       

Ажалы жеткен үлкендер дүниеден озып, жастар үйленуден бас тартты. Еркек кіндік азайды. Көл боп ақты көз жасы! Күңіренді аналар! 

Зұлым патшаның айызы қанып, арманы орындалғандай.  Уайым шекті қара халық! Қандай амал-айла бар?! Патшаға жолығып, мәмілеге шақырған.

- О, құдыреті күшті патша ағзам! Құрдымға кеттік жұтылып!.. Әулет құрып барады! Мехнаты қат-қабат, ауыр жұмыс иығына түсті қарттардың!  Бел бүгіліп, шау тартты жасымыз! Алсаң ал, міне басымыз! Бұйымтайымыз бар айтар... 

Қаһарлы патша қынабынан алмас селебе суырды:

- Дарға асам бәріңді, көздеріңді жоям шетінен!

- Дат! - деді бақсы-балгерлер арасындағы жасы үлкен бір қарт.

- Сөйле! 

Перғауын селебесін түсірді.

- Ер балаларды жыл аралатып өлтіруге жарлық беріңіз, - деді   ақ сақалды қарт тайсалмай, тіке қарап.

- Осы жол ма тығырықтан шығарар?

- Біз де ұзақ кеңестік!.. Айтыстық - тартыстық!.. Басқа амал-айла таппадық!..

- Халық айтса – қалып айтпас!.. Келістім айтқандарыңызбен!..

Сөнген шырақ тұтанып, үміт оты жанды! Ер балаларды жыл аралатып құрбан шалуға пәрмен берді патша ағзам.

Тура сол жылы Айараха есімді әйел босанып, ер бала дүние есігін ашқан. Қуанған байғұс ана сәбиін ақ матаға орады.  Ағаш сандыққа салып, мықтап шегеледі де, Ніл дариясына ағызып қоя берген.

- Өлуден өзге амал жоқ!.. Жер басып жүру не сәнім?! - Тас-түйін байлау жасаған Айараха көз жасын көлдетсін!..

Айараханың он–он бір жастағы қызы дария бетінде қайықша жүзген сандық соңынан еріп Нілді жағалай жүгіре берді – жүгіре берді.

Бұны жасатқан, он сегіз мың ғаламның иесі мейірімді Алла болатын...

Әйелдер Перғауын сарайының тұсынан сандық көріп таң-тосын.

- Қараңдар деймін?! Әне-е, жүзіп барады...                

- Апыр-ай, неткен әдемі! 

- Ол не?!                      

- Ағаш сандық! - деп шулады күң қатындар. 

Сандықты жағаға алып шыққан әйелдер Перғауынның жан жары Әсияға келді.

Сандық ішінен ақ сазандай сәби шықты! Сәби болғандай қандай! Балпанақтай, сүйкімді ер бала!.. 

Әсия құрсақ көтермеген əйел едi. Баланы көрген шақта аналық мейірімі оянып, жүрегі елжiреп қоя берді. Мына бейкүнә сәбидің ажал құшарын ойлап көкірегі қарс айрылды.  Қалай құтқарар?! Күйеуінің аяғына жығылса, жібір ме екен жүрегі?! Қайдам?.. Дегенмен сөйлесейін өзімен... 

- Көз қуанышымыз болсын, асырап алайық, - дедi Әсия көп ойланған соң.

- Ол – маған емес?! Саған ғана көз қуаныш!  - деп жауап қайтарды күйеуі.

Қызғаншақ, тәкаппар Перғауын бұл сәби исраилдік екенін білді. «Тоқта-тоқта, деді бір ойы ашу-дұшпанға тежеу жасай. Кім баласын тірідей өзенге ағызсын?! Бір құйтырқы іс бар, шамасы?! Кісі қызығар сүйкімді екен өзі де!.. Бір жолы өтінішін орйындайын Әсияның... Көңіл бұзар бірдеңе сезсем, өлтіре салу қиын емес...» 

Жарының жасқа толы жанарын көрген патша қатты толқыды. Қанша жерден қатыгез болғанмен, ет пен жүректен жаралған жан емес пе?! 

Әсия баланы бауырына басты. Олар сәбиге Мұса (4) деп ат қойды. (Мағынасы көне мысыр тiлiнде “судағы сандықтан табылған бала”. Т. Ә).

Айараханың қызы алтын тапқандай қуанып, көрген білгенін анасына жеткізді. Мұсаның анасы Алланың: «Балаңды өзiңе қайтарамын» деген уəдесiн есіне алып, жаны жай тапты.

Ұйқыдан оянған бала емшек iздеп жылай бастады. Ол күтушi əйелдердiң бірде-біреуіне көнбей қойды. Сарайдағылар сәбиді жұбата алмай пұшайман. Тап сол кезде Мұсаның əпкесi базарда жүрген болатын. Ол бала емiзетiн əйел iздеген патша қызметкерлерiне кезігіп қалды. 

- Сендерге бiр адам тауып берейiн бе? - дедi ол.   

Кім ол? Оны қайдан бiлесiң? - деп патша қызметкерлерi қызды қыспаққа алды.

Ол әйел патшаға жағу үшін, қорыққаннан дұрыс қарайды ғой, - дедi қыз жыламсырап. 

Олай болса ертіп кел, - дедi қызметшілер.

Қыз үкідей ұшып барып анасын ертiп әкелдi. Ұлының тiрi екенін естіген Айараха Жаратушыға жалбарынып, сәбиіне амандық тiледi. Анасы сәбиге емшек беріп едi, бала жылауын қойып еме бастады.  Құдіретті Алла ана мен баланы табыстырды. Айараха патша сарайына келіп, нәрестені емiзiп тұратын болды.

 Мұса таршылық көрмей ер жетті. Ол бойшаң, денелі, тұлғасына күші сай алғыр, ақылды жiгiт болатын. Көп оқып, көп ізденіп, жақсы бiлiм алды.  Перғауынның перзенті деп жұрт оны төбесіне көтерді.

Мұса есейе келе өзінің Бəни исраил ұрпағы екенiн білді. Бұл кезде Бəни исраилдықтар əлi де мысырлықтардың езгiсiнде болатын. Қандастарының ауыр жағдайы жүрегін сыздатқан Мұса терең ойға шоматын.

***

Күн шыжып тұр. Қалаға шыққан Мұса екi адамның жанжалдасып жатқанын көрді. Олардың бiрi өз туысы, екіншісі мысырлық болатын. Туысы Мұсаға жалынып, көмек сұрады. Мұса сотқар жігітті жұдырықпен бiр қойып, аңдаусызда өлтiрiп алды. 

- Əй, əзəзiл! Жүрмейтін жерің жоқ-ау?!  – деп өкiндi ол. - Тəңiрiм, кешір!

Мұса қорқып, тығылып қалды. Көрген адам болса Перғауынға жеткізеді-ау деп үрейі ұшты. Ол ертеңiне таңертең қорқып, жалтақтап көшеде келе жатқан. Кешегi туысы тағы бiреумен керілдесіп жатыр екен. Ол Мұсадан тағы көмектесуін сұрады.

Нағыз кеще екенсiң! - дедi Мұса кейіп. 

Қол көтере бергенде ана кісі:

- Мұса, сен кеше адам өлтiрiп күнəға батқансың. Маған да солай істейсің бе? Кісілігің жоқ екен? Патшаның ұлымын деп дандайсып тұрсың-ау?! - деді тайсалмай.

Мұса тұра қалды. Адам өлтiргенi елге мəлiм екен. Тура осы кезде бiр кісі жүгiрiп келдi де: 

Мұса, сені сарай қарттары өлтiремiз деп кеңесіп жатыр. Бой тасала! – дедi тұтыға сөйлеп. 

Мұса қаладан қашып шығып: 

- Уа, Тəңiрiм! Зұлым елден құтқар мені! - деді тізерлей отыра қалып, көкке қолдарын жая.

Мұса Палестинаға бет түзеді. Жаяу-жалпы Синаны басып өтті. Қарыны ашқан кезде ағаш жапырақтарын жеуге тура келді. Ақыры Мәдиянға келіп жетті. 

“Раббым менi тура жолға салған екен?!”, - деп ойлады ол. 

Алдан бiр топ адам көрiндi. Бұл кезде ол бiр бұлақ басына жеткен еді. Малшылар малын суғарып жатыр, анадай жерде қойларын иіріп екi қыз тұр. 

Сендер неге тұрсыңдар? - дедi Мұса оларға тақау келіп.

Кезегіміз келмей жатыр, - дедi олар.

Күшi жеткендер малдарын суғарып, əлсiздерге кезек тимейді екен. Мұса қыздардың қойларын суғарып бердi де, өзі ағаш көлеңкесіне барып отырды. “Тәңірім! Қандай ырыздық берсең де, саған мұқтажбын”, – дедi күбірлеп. 

Қалжыраған Мұса Аллаға мiнəжат етiп отырғанда аяқ тықырын естiдi. Бағана көрген екі қыздың бiреуі имене басып Мұсаға тақады. 

- Сізді әкем шақырып жатыр, - дедi ол.                             

Мұса шақырған үйге келді.

Бұл жақта неғып жүрсің? - деп сұрады қарт. Мұса басынан өткен хикаяны баян еттi.

Қорықпа, қаскүнем елден құтылдың, - деді иман жүзді қарт жымиып.

Бұл адам Шұғайып (5) пайғамбар болатын. Нар тұлғалы, ажарлы Мұса қартқа да, қыздарға да ұнады. Шұғайып жас жiгiттiң адамгершілігіне риза болды.

- Әке! – дедi қыздардың бiрi. – Сіз бұл жігітті жұмысқа алыңыз.  Қайратты және сенiмдi жанға ұқсайды.

Шұғайып қызының уәжіне тоқтады.

- Сегiз жыл маған малай бол, екi қызымның бiреуiн саған ұзатам, – дедi қарт. - Және менi тани түсесің.

Уәделі мерзімді өтеген Мұса Шұғайып қарттың рұқсатымен анасы мен жан жары Әсияны, балаларын ертіп Мысырға бет алды.   

Олар Тур тауына таяғанда түн еді. Қай бағытта келе жатқандарын ажырата алмай, адасқандарын білді. Мұсаның көзiне анадайдан от жарығы көрiндi. 

- Жол нұсқайтын бiреу жолығар, барып келейін, – дедi Мұса.

Аяңдап жарыққа тақады. Бұл Алланың нұры болатын. Тәңірі сол түнi Мұсаға пайғамбарлық пен мұғжиза сыйлады. Ол от қасына келгенде:

Мұса! - деген дауыс естiдi. 

Мұса тұра қалды.

– Мен Тəңiрмiн! Кебiсiңдi шеш! Қасиеттi Тур ойпатына келдің. Сенi пайғамбарлыққа таңдадым. Намаз оқы! Қиямет болатыны хақ! Нәпсі соңынан ергендер, түбі қор болады. Фәни жалған – көзі ашып-жұмғандай, шолақ! Соны біле жүр!

Мұсаның үрейі ұшты.

– Ей, Мұса! Оң қолыңдағы не? Неге ұстап жүрсің?

– Бұл - аса таяқ! Оған сүйенем, әрі малға жапырақ қағып берем!  Өзге қажеттерiме де жаратам.

– Оны жерге таста! – дедi Алла.

Мұса таяғын жерге тастаған кезде, таяқ жорғалаған шұбарала жыланға айналды. Мұсаның зəре-құты қалмады. Аздан соң жыланды ұстай алғанда, ол таяққа айналды. Ілкіде тілдескен Алла екеніне көзі жетіп, жүрегі ұйып тағы тыңдағысы келді. 

Алла оған бүйдеді:

– Қолыңды қолтық астына тық. Аппақ нұр көресің. Бұл – екiншi мұғжизам! Саған кереметтің кейбіреуін көрсеттiм. Ендi Перғауынға бар, ол шектен шығып, дандайсып кетті.       

– Тəңiрiм!  Жан дүниемдi кеңейт!  Тiлiмнің тұтықпасын жой! Олар менiң сөзiмдi анық түсiнсін. Жекжатым Һарунды жəрдемшi етіп бер! 

– Мұса! Сенiң өтінішің орындалды, – дедi Алла. – Саған бұдан өзге де жақсылық жасағанмын. Кезiнде анаңа аян арқылы біраз нəрсе бергенмін.

Мұсаның бойына күш-қуат кiрді. Өзiн жеңіл сезiнді. 

– Бауырың екеуің менен пайғамбарлық алдыңдар. Енді сергек болыңдар. Перғауынға барып сыпайы сөйлесiңдер. Ол сендер айтқан уәжге құлақ асар.

– Уа, Раббым! Ол бізді жазалай ма деп қорқамыз, – деді Мұса күдiгiн бүкпей.

Мен бəрiн көрiп тұрамын. Бiз – Алланың елшiсіміз, – деп айтыңдар.

Алла Мұсаға сол түні пайғамбарлық пен мұғжиза сыйлап, тiлегiн қабыл еттi. Маңайда тыныштық орнады. Жан-жағына қараған Мұса ештеңе көрген жоқ. Кенет, бойында бір дiрiл пайда болды.  Жүрегi тулады. Ол əйелiне асықты. Келе сала көрген-бiлгенiн айта бастады. Күйеуiнiң тiлiндегi тұтықпалықтың жоғалғанын көргенде, таң-тамаша қалды.  

– Бұл жаңалықты Мысырдағы туысым Һарунға айтайық, содан соң екеумiз Перғауынға барамыз, – дедi Мұса.

Олар бiрнеше күннен соң Мысырға келді. Туысының үйiн іздеп, тез тапты. Ғажап оқиғаны бастан-аяқ баяндап бердi. 

– Алла Тағаладан аян келді. Жаратқан Ием өзi сақтайды! Енді екеуміз Перғауынға барайық, – дедi Һарун.

Ағайынды пайғамбарлар Перғауынға келдi. 

– Ей, Перғауын! Мен Алланың елшісімін. Алла атынан ақиқатты айтуға келдім. Жаратушы тарапынан мұғжиза алдым. Исраил əулетi менің соңымнан ілессін.

 Кішкентайынан өз қолында өскен баланың Бəни исраил қауымына бостандық бер деп талап етуi Перғауынды таң қалдырды. Ол бұның алдына кiшiрейiп келуi керек едi. Төбеден түскендей мына сөзі не?!

– Біз сені сәби кезіңнен бақтық?  Бiздiң үйде қаншама жылың өтті. Өзің не айтып тұрсың? Мұның сыртында сен, жақында ғана жазықсыз адамды өлтiрiп, күнəһар болдың. Кісі өлтіру – күнәнің үлкені!

– Байқамай өлтiргенiм рас. Оған өкінем. Сол үшін Мысырдан кетіп қалдым, – деп Мұса шынын айтты. Оған Перғауын көнер емес.

– Мен қателестім, сендерден көңiлiм қалды. Араларыңнан кетіп қалғаным шын. Тəңiрiм мені пайғамбар еттi. Сен болсаң, ойыңа келгенін істеп, исрайл əулетiн құл еттiң. Соны мiндет қыласың ба? 

Ешкім қарсы келмейтін Перғауынға Мұсаның бұлайша батыл сөйлеуі ерсі көрiндi. 

– Кезiнде өлiмнен құтқарғаныңды ұмытпаймын.  Менiң қауымыма жасаған зұлымдығың шектен шықты! Сол жақсылығыңды қатыгездігің жуып кетті. 

Мұсадан мұндай уәж күтпеген Перғауын, енді онымен Алла туралы таласқа түсті.  

– Күллi əлемнiң әмiршiсi дегенiң кiм? – дедi Перғауын.

– Ол жер мен көктің, оның екi арасындағылардың Иесi – Жаратушы Алла.

– Пайғамбардың түрі мынау болса, мұрнымды кесіп берейін... Бұл – есалаң адамның сөзі! - деп кекетті Перғауын. 

Маңайындағылар Перғауынды қолпаштап, екі Пайғамбарды мазақтады.                                                                                                                                                                      

–Алла Тағала Перғауын тумай тұрып, бар болатын.  Бəрiмiз, əлемдi алты күнде жаратқан Алланың құлымыз. Перғауын Құдай емес, өзiмiз сияқты пенде, - деді Мұса.

Перғауын сөзден тосылды.    

– Сен асып-таспа?! Құдай жолына түс. Ақыретте Аллаға жауап бересiң. Сол үшін күнəмдi кеш деп жалбарын! Құлшылық ет! - деді Мұса.

– Ей, Мұса! Сенiң Тəңiрiңнiң түр-түсі қандай? – дедi Перғауын.

- Бiздiң Тəңiрiмiзге – барлық нəрсеге ылайық сипат берілген.

– Бұрынғы адамдар оған неге серiк қосты?

– Бұл жағдайдың бəрi Забурда (5) баян етiлген. Тəңiрiм ештеңенi ұмытпайды. Ол сендерге бесiк етiп жердi жаратқан, сендер үшiн жағдайлар жасаған. Бұлттан жаңбыр жаудырып, түрлi өсiмдiктер өсiрiп, ризық берген. Парасат иелерi үшiн бұл - үлкен өнеге!..

Өзiн Құдай деп сендірген Перғауын ағайынды пайғамбардың насихатын тыңдағысы келмедi. Елдi билеп-төстеген ол ешкiмнiң жарылқауын қажет еткен жоқ. Ол өзiнiң дұшпандарына күш-құдiретiн көрсету үшiн зəулiм сарай салдыруды ойлады. 

– Ей, Һаман, – дедi уəзiрiне. – Маған салтанатты, өте биік үй тұрғыз. Мен сол арқылы көк қақпасына жетуiм бек мүмкiн. Мұсаның Құдайын көрейiн.  Мұның айтқаны жалған! 

Перғауын қулыққа баруға мəжбүр болды. Һаман зəулiм сарай тұрғызды. Үй дайын болғанда Перғауын сарайдың төбесiне шығып, садағын толғап аспанға тартып жiбердi. Жебе жерге қан-қан боп қайта түстi. 

– Мiне, – дедi Перғауын, – Мен Мұсаның Құдайын өлтiрдiм.

Перғауын қауымы оның бұған сендi. Ол садақ оғын бiлдiрмей қанға бояп қойған едi. Мұса пайғамбар мен Перғауын арасындағы талас одан әрі өршіді.

– Кереметің болса, бiзге көрсет, – дедi Перғауын Мұсаға.

Мұса қолындағы таяғын ортаға тастап едi, таяқ сол сәтте айдаһар болды. Қалтасынан қолын шығарып еді, жарқыраған нұр шашты. 

– Бұл – көзбояушы! Сиқыршы! Бұларды Мысыр аумағынан қуып жiберген жөн, – дедi Перғауын жандайшаптарына.

– Ғажап сиқыршы! – дедi Перғауын қауымының атақты адамдары.

- Бұлар сендердi қуып жібермек, қандай уәж айтасыңдар? – дедi Перғауын өз жұртындағы ақсақалдарға.

Перғауын қасындағы атақты адамдардың біреуі:

– Бұлар осында тұра тұрсын. Жан-жаққа кісі жөнелтіңдер.  Сиқыршылардың бәрі осында келсін.

Шабармандар Перғауын бұйрығын жалпақ елге таратты.“Кiмде-кiм Мұсадан артық сиқыр көрсетсе, ол адам Перғауынның ілтипатына бөленеді. Мысырдан салтанатты сарай, көл-көсiр сыйлық алады”, – деп жар салды.

Көп ұзамай сиқыршылар келе бастады. Іс-шара өтетін алаң безендiрiлiп, төңірек мерекедегідей салтанатты түрге енді. Жұрт көп жиналды. Күш сынға түсер сəт те келiп жеттi. Сиқыршылар уəденi Перғауынның өз аузынан естiгiсi келдi: 

– Жеңсек, сыйлық алатынымыз рас па? – дедi олар.

- Уәдем – уәде! – дедi Перғауын.

Сиқыршылар Мұсаға тақады Олардың сиқыр көрсететiн заттары жiп, таяқ екен.  Кереметтерiн кезегiмен көрсетпек.           

–Таяғыңды сен бұрын тастайсың ба, əлде бiз бұрын тастайық па? – дедi сиқыршылар Мұсаға.

– Сендер бастаңдар, – дедi Мұса.

Сиқыршылар жiптерi мен таяқтарын ортаға тастағанда, алаң ирелеңдеген жылан мен айдаһарға толып кеттi. Үрейi ұшқан жұрт Мұсаға қарады. Перғауын мен ұлықтар өз сиқыршыларына сенді. 

Алла Тағала Мұсаға: 

– Таяғыңды таста! - деді.

Мұса тастаған таяқ сол сәтте зор айдаһарға айналып, сиқыршылардың құбыжықтарын жұтып қойды. Перғауын мен атақты ұлықтардың ауыздары ашылып, таң-тосын. Жұрт көзінше масқаралары шықты. Сиқыршылар Мұса пайғамбарды тыңдады. Олар табан астында сəждеге бас қойды. 

–  Жаратушыға бой ұсындық! Мұса мен Һарунның Тəңiрiне табындық! – деді олар.                   

Бұл iстi мойындағысы келмеген Перғауын сиқыршыларға: 

– Мұса асқан сиқыршы екен, сендердi сиқырға үйреткен осы, сол үшін басым түстi.

Перғауын Мұсаның мұғжизасын ел-жұртқа сиқыр деп түсіндірді. Өзiнiң жеңiлгенiн мойындаған жоқ. Қатты ашу шақырып, сиқыршыларға айқайлап сөйледi. 

– Сендер Мұсаға бой ұсындыңдар! Бiздi қаладан қуып шығу туралы сөз байласқандарың белгілі болды. Сол үшін сендердің қол-аяқтарыңды бірдей кесем. Одан соң біріңді қалдырмай дарға асам.

 Перғауын сиқыршыларға қаһаран төгіп бақты. Перғауынның ашу-ызадан туған қоқан-лоқы екенiн жұрт сезбей қалған жоқ. 

-Бiз Алланың ырқына көндiк. Сен бiздi Аллаға иман келтiргенiмiз үшiн кiнəлəп жатырсың, – дедi сиқыршылар Перғауынның озбырлығын бетiне басып. Содан соң: 

– Ей, Тəңiрi! Сабырлық бер! Бiздiң жанымызды мұсылман қалпымызда ал! – деп жалбарынды сиқыршылар.

Мұсаны мұқатам деп масқара болған Перғауын дағдарды. Адамдар Мұсаға иланып, Аллаға құлшылық жасады. 

Мұны көрген Перғауын қауымы қобалжыды. 

– Олардың балаларын өлтiремiз, əйелдерiн қорлаймыз, – дедi Перғауын. Содан соң мүминдерге: – Маған бой ұсыныңдар, әйтпесе азап шегесiңдер, – дедi айқайлап.

Мұны естiген Бəни исраил қауымы: 

– Бiздiң болашағымыз не болады? – деп зар иледі.

– Анығында, жер жүзi бір Алланың қолында.  Шуақты күндер тақуаларға тəн, – дедi Мұса естірте.

Перғауын жарылып өле жаздады

– Мұсаны өлтiрем! Айтпады демеңдер, Мұса дiндерiңдi өзгертедi немесе, ел iшiнде бүлiк туғызады.

Перғауын Мұса мен Һарунды және оның соңынан ерушілерді де өлтірмек болды. Қауым арасындағы iрiткiнi тоқтатпақ. Алла кереметіне сенген, Мұса сөзіне тоқтаған мүминдер ақ жолдан, Хақ жолынан бас тартқан жоқ. 

Перғауын əулетiне жатқанымен дiнiн жасырып, айтпай жүрген бiр мүмин:  

– Сендер “Иемiз Алла” деген адамдарды өлтіресіңдер ме? Ол Алла тарапынан дəлелдер әкелдi ғой. Анығында, Алла шектен шыққан өтірікшіні тура жолға салмайды.

– Ей, жұртым! Сəн-салтанат бүгiн сендердiң қолдарыңда. Мысырда сендер үстемсiңдер. Бiзге Құдайдың қаһары келсе, одан құтылуға кiм жəрдем етедіі?

– Сендердi тура жолға мен ғана бастаймын, – дедi Перғауын. – Кешегі Нұх, Ад, Самуд қауымдары ұшыраған апатқа ұшырамасаңдар болғаны. Құдайдың қаһарынан құтылу қиын. Бұрын сендерге Жүсiп те айқын дəлелмен келген. Оны да тыңдамадыңдар. Ол өлгенде ешбiр еш шімірікпей: “Алла енді пайғамбар жiбермейдi” – дедiңдер.

Перғауын өз қауымын, Мұса соңынан ерiп кете ме деп қорықты.  Қайтсе де амалын тауып, мерейiн үстем еткiсi келдi. 

– Басшы болатындай беделі де, дәулеті де жоқ, қайдағы бiр қаймана біреу қалың елді қалай бақытқа жеткізбек? Ақылға сия ма? – дедi Перғауын күйіп-пысып.

Жұрт мақұлдаған сыңай танытты. Сөзi нысанаға дөп тие бастағанын сезген Перғауын одан сайын өңештеді.

– Ей, жұртым! Мысыр патшалығы мен ана ағып жатқан өзендердi менiкi емес деп кiм айтады? Ұлылығымды көрмейсіңдер ме?! Оған аспаннан алтын бiлезiктер неге түспедi? Оның пайғамбарлығына айғақ - перiштелер неге еріп келмедi?

Жұрт Перғауын сөзiне үн қатқан жоқ. Шынында қолында ағаш таяқтан басқа түк жоқ адам қанша жерден керемет көрсеткенмен, қалың елдi ұшпаққа шығара ала ма?!

Ел Перғауынға бой ұсынды. Ал Мұса мен Һарун айтқан уағыз, адасқан қауымға әсер еткен жоқ. 

*** 

Түн.  Алапат гүріл ұйқыда жатқан Перғауын қауымын тік тұрғызған. Тау құлағандай   жойқын сел елді-мекендерді шайып келеді. 

- Қашыңдар!.. Ойбай!.. Қашыңдар!.. 

Естері шыққан ел қолдарына түскен киімдерін асығыс-үсігіс жүре киіп, құйын-перен жүгіріп барады. Зор тасқыннан құтылу мүмкін емес. Тілсіз жау жанды-жансызды таптап, жанқа құрлы көрмей ағыза жөнелген. Адамдар суға тұншығып, батып, жоқ болуда. 

Перғауын сасып-салбырағаннан: 

- Мен сені мойындадым!.. Иман келтірдім!.. - деді Алаға жалбарынып. Қауымның тасқын астында қалғанын көрген Алланың мейірімі оянып, су ағысын тоқтатты. Перғауын арада ай өтпей жатып, Аллаға берген уәдені ұмытып, зұлымдық істерін жалғастыра бастады.                                                                                 

Тау-тастың тас-талқаны шығып, адамдар мен хайуанаттар түрлi кеселге ұшыраса да, кекшiл қауым райынан қайтар емес. Амалдары таусылғанда ғана: 

– Ей, Мұса! Тəңiрiңдi шақыр. Мына тауқыметен құтқарсаң, Аллаға иман келтiремiз және исраил əулетiн саған ілестіреміз, – дестi.

Мұса Алладан жеңiлдiк тiледi...

Арада апта өтпей тайқып шықты тағы кекшіл қауым...

Жағдайлары түзелген Перғауын əулетi Бəни исраил қауымын қудалауға көштi. Мысыр жерiнде қалу мүмкiн болмады.                                               

– Түнде қаладан шығыңдар. Жолдарыңды ашып қоямыз.  Ал Перғауын қауымы суға кетеді, – дедi Алла Тағала.

Мұса көп аялдамай қауымын ертіп түн ішінде қаладан шығып кеттi. Бұл хабар Перғауынға кешігіп жеттi. Ол Бəни исраил қауымының асыл тастар, алтын-жүзiктермен қоса Мысыр қазынасының бiр бөлiгiн алып кеткенін бiлдi. 

– Олардың саны аз, әрі біз күштіміз, – дедi олар мақтанып.

Перғауын, Мұса пайғамбар қауымының Палестинаға кеткенін білді де, соңынан қуды.  Қуғыншылар тақап қалғанда қасындағылар Мұсаға: 

– Қолға түсетiн болдық-ау!   Алда – теңiз. Не істейміз? – деп қолды-аяққа тұрмады.

– Алаңдамаңдар! Алла бізді қолдайды! – деді Мұса.

Қуғыншылар жақын қалғанда Тәңірі: 

– Таяғыңмен cуды ұр! – деді Мұсаға.

Мұса таяғын сілтеп қалғанда, теңіз суы қақ бөлiнiп, қос қапталы таудай-таудай болып тұра қалды. Бəни исраил қауымы алға ұмтылды. Биік толқындар лықсып соққанда, арттағы Перғауын əскерінің быт-шыты шықты. Олар өздерiнiң апатқа ұшырағанын сезбей қалды. Суға батып бара жатқан Перғауын: 

– Алладан басқа Тəңiрі жоқ, мен мұсылман болдым, – дедi жан ұшыра.

– Кейiнгiлерге ғибрат болу үшiн сенiң денеңдi құтқарайын, – дедi Алла.

Перғауын қауымы суға кетті. Олар иеленген бау-бақшалар мен, көкорай шалқын жер бос қалды. Бани исраил әулеті құнарлы Шамның шығысы мен батысына мұрагерлік етті.                                 

***

Бəни исраил қауымын Тәңірі жолына шақырып, пұтқа табынушылар мен көпқұдайшылдарға қарсы күрескен Мұса пайғамбар мен Һарун өз қауымының қарсылығына тап болды. Алла оларға айқын дəлелдермен пайғамбарлар жiберсе де, надан қауым әлі пұттарға табынатын. Алла Мұсаны қолдап, бəни Исрайыл қауымындағы пұт қалдықтарын тазартуға жұмылдырды. Теңiзден өткен Исрайыл əулетi пұтқа табынып жатқан бiр қауым елді көргенде: 

– Ей, Мұса! Бiзге де бiр пұт жасап бер, – дедi.

– Сендер екіжүзді екенсiңдер, – дедi Мұса күйiнiп. 

– Ата-бабамыз өмiр бойы пұтқа табынды емес пе? Бiз неге бас тартамыз?

– Перғауын қауымынан бізді құтқарған Алла емес пе?  Мен он сегіз мың ғаламның иесi - бір Аллаға құлшылық етемін.

Алла Мұсаға иман келтiрген қауымды он екi топқа бөл деді. Олар Мұсаға ерiп шығыс жағалауға жеткен кезде, шөлден қаталап сеңдей соғылысты.  

Алла Мұсаға:

– Таяғыңмен тасты ұр! – деді.

Тас арасынан он екi бұлақ атқылап шықты.  Суға қанып, жан шақырған қауым сапарын жалғастырды. Олар Сина жарты аралының ойпатына жеткен кезде, күн ысып, жұрт қиналып қатты ашықты.

– Раббым! Қауымға ризық бер, – деп тілек тіледі Мұса.

Жаратушы әуеге бұлт қаптатып көлеңке түсiрдi. Әлману және əс-сəлба (12-13) деген тағамдар келтiрдi.

Жаратушы Мұсаға: “Кiтап иесi боласың” деген. Мұса Перғауын өлген соң   қасиеттi кiтап түсіруін сұрады Алладан.

– Сен Тур тауына барып, Раббыңа құлшылық жаса, отыз күн ораза ұста, – деп бұйырды Тəңiрi. 

Мұса пайғамбар Һарунға: 

– Мен «Тəуратты» қабылдауға Тур тауына бара жатырмын. Бір айдан соң оралам. Мен келгенше қауым басшысы боласың, – дедi.

«Тəурат» – Бəни Исрайыл қауымы күткен қасиетті кiтап еді. Онда үгiт-насихат, дiни тағылымдар жазылған. Тауға келген соң Мұса:

– Тəңiрiм! Сенi көрейінші – деді жалбарынып.

– Менi көре алмайсың, - деді Жаратушы.

-  Көңілім орнықсын...

- Олай болса тауға қара! Тау қозғалмаса, менi көрiп те қаларсың, – дедi Алла. 

Сол сәтте таудың күл-талқаны шықты. Мұса пайғамбар есінен танып, құлап түсті. Тұра сала: 

– Сен – пəксiң! Саған тəуба келтiрдiм, – деді қателескенін мойындап...

Алла Тағала Мұсаға тағы он күн қосып бердi.  “Мұсаның келетiн уақыты өтіп барады, ол бiздi алдады” - дедi қауымы.

Елдiң қобалжыған сəтiн Самри деген қу шебер пайдаланды. Ол жұрттан алтын жинап, əдемi етіп бұзау мүсінін жасады да:

– Сендердiң де, Мұсаның да Тəңiрi осы, – дедi дауыстап.

Оған сенген қауым Алладан бас тартты. 

– Уа, жұртым! – дедi Һарун пайғамбар. – Сендер бұзауға сенбеңдер! Тəңiрi – жалғыз Алла! 

– Бiз осы бұзауға табынамыз, – дестi аңқау жұрт.

Он күн кешiккен Мұса қауымын көргенде ашу шақырды:

– Уа, Һарун! Қауымға не болған? Өзiң опасыздық жасадың ба?

– Аға-еке!  Бәрі емес, кейбiреуі хақ жолынан бас тартып, Самриға iлестi. Мен Бəни Исрайыл қауымы бөлiнiп кетпесiн деп, сен келгенше шыдадым.

– Самри, мұның не? – дедi Мұса.

– Сенiң Тəңiрiңнен бас тарттым. Бұзауды керемет қылып жасадым, - деді Самри. 

– Көзіңді жоғалт! – дедi Мұса. 

Сөйттi де оның сиынған «құдайын» быт-шытын шығарып талқандап, теңiзге лақтырды. 

Мұса қауымның көзiн жеткiзу үшін жетпiс адам таңдап алып, Тур тауына бет түзеді. Белгiленген жерге келгенде, олардың денелері қалтырай бастады. Төбеден жəй түсiп, бiразы жан-тəсiлiм еттi, кейбiреуінің жүректерi жарылып өлдi.

– Уа, Тəңiрiм! Арамыздағы ақымақтардың қателiктерi үшiн бəрiмiздi қырасың ба? Кешір, рақым қыл, - деп жалбарынды Мұса пайғамбар…

***

Алла «махаббатпен жаратқан адам баласы, бүгінге шейін біріне-бірі қиянат жасаумен» келе жатыр?! (7) «Бергеніме шүкір етсеңдер, оны тағы молайтамын, күпірлік жасасаңдар – тартқызар жазам төтенше қатаң болады» (8), «кейде бір қорқыныш-үрей төндіру, таршылық жасау, малдарыңа-жандарыңа кемшілік келтіру, өнімдеріңді азайту арқылы біз сендерді сынға аламыз» (9) десе де, Жаратушыны тыңдап жатқан адамзат неге аз?! Алланың рахымы мен ықыласына лайықты жандар –  тура жолдан аумайтындар солар емес пе?!

 «...Сендерге әлдеқандай тауқымет келсе, бәрі өздерің жасаған күнәләріңнің сазайы. Тегінде Тәңірі сендердің көп күнәләріңді кешіреді, өйтпеген күнде пәле-жаладан құтыла алмас едіңдер» дейді, тағы Раббымыз (10)

«...Теңізде де, құрлықта да жамандықты қасақана жасай беретін болды. Апат көбейді. Істегендеріңе орай олардың кейбіреулеріне жазаның дәмін тартқызамыз. Мүмкін сонда олар теріс бағыттарынан бұрылар» - деді Тәңірі тағы қайталап (11).

Мұса пайғамбар заманынан бері қанша ғасыр өтті?!

Мейірімді Алла, Адам ұрпағынан әлі үміт күтулі...                                                                                                                   

                    ***

1. Баитл Мухаддас – қазіргі Иерусалим қаласы.

2. Бани исраил – Жүсіп Пайғамбар ғалейһисаламның он екі баласынан тараған ұрпақ. Жүсіптің (Яқуб) лақап есімі – Исраил.

3. Перғауын – Мысыр патшаларының ортақ атауы. Мұса хиссасында айтылатын Перғауынның аты – Уәлид ибну Мусхап. Ағасы Қабус өлген соң соның тағына отырған. Перғауын 400 жылдан артық өмір сүрген дейді. Исраил ұрпақтарын қатты қинаған, ең ауыр, ең ылас жұмыстарды істеткен. Тура жолға шақырған Мұса пайғамбарды мойындамаған. Мысырдың «Құдайы менмін» - деп жариялаған.

Перғауын Құранда 74 рет аталады.   

4. Мұса – Ғимранның ұлы. Жақып пайғамбардың немересі – Лауиден тарайды. Мысыр Перғауыны (патшасы) Уалид ибну Мусхап заманында дүниеге келген. Кейін Алладан пайғамбарлық алған.

Мұса пайғамбар жүз жастан асып, Синада қайтыс болады. Оның ардақты есімі Құранда 136 жерде кездеседі

5. Шұғайып – Шұғайып ғалейһи саламның ұлы бабасы Ыбырайым пайғамбар, шешесі Лут ғалейһи саламынң қызы. Шұғайыпқа пайғамбарлық Луттан кейін келген. Тағылым таратқан қауымы – Медиян халқы. Мекені – Хижаз. Табари руаятында Мысыр мен Медиянның арасы сегіз күндік жол делінеді. Халық әуелде сауда жасап, егін егіп тоқ тұрмыс кешірген. Бірте-бірте ел ішіне бұзықтық, жаманшылық жайыла бастаған. Шұғайып (ғ.с.) жұртты осы жаман істерден тыюға, бір Аллаға иландыруға, жақсы әрекетпен шұғылдандыруға күш салған. Бірақ, қауымы қасарысып, оны тыңдамаған. «Пайғамбар екеніңді білейік, төбемізден қара аспаныңды төндіре қойшы», - деп мазақтаған. Түзелмес надандарға Тәңірдің қаһары келіп, әуелі бір апта шақырайған күнмен шыжғырып, ауыз суларын құрғатып, ескерту жасаған. Одан соң аспанға қап-қара бұлт көтерген. Күнаһарлар ыстықтан қашып, бұлт астына тығылған. Сонда да тәубеге келмеген. Қарғыс атқандар бұлт астына жиналып болғанда, ақырған бір ащы дауыс шығып, жер сілкініп, аяқ астынан нажағай ойнап, жай оты барлығын жайратып тастаған.

Шұғайып пайғамбар бұдан соң да біраз ғұмыр кешкен. Пайғамбардың есімі Құран Кәрімде 11 жерде аталады.

6. Забур – Дәуіт пайғамбарға түскен кітап. Біз Забурден, ерте заманнан бізге жеткен жырлар мен дұғаларды оқимыз.

 Алла тарапынан Жәбірейіл періште арқылы Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа ғалейһи саламға Құран-Кәрім түскен соң, Забур, Тәурат, Інжіл, өз үкімін жойған.

Мұсылман баласы жоғарыдағы төрт кітапқа да иман келтіреді.                                                           

7. Құран-Кәрім, «Жүніс» сүресі, 44 аят.

8. Құран-Кәрім, «Ибраһим» сүресі, 7 аят.                                                                 

9. Құран-Кәрім, «Бақара» сүресі, 155-156-157 аяттар.

10. Құран-Кәрім, «Шура» сүресі», 30аят.                                                                        

11. Құран-Кәрім, «Рум» сүресі, 41 аят.

12. Əлману – Ағаш жапырағына қонатын шық секiлдi зат, дəмi балдай  тəттi. 

13. Сəлба – Құс, бөдене.

2021 жыл, қараша


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар