Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Түркі академиясы Низами Гәнжауи шығармаларының тан...

28.09.2021 4812

Түркі академиясы Низами Гәнжауи шығармаларының таныстырылымын өткізді 12+

Түркі академиясы Низами Гәнжауи шығармаларының таныстырылымын өткізді - adebiportal.kz

Қыркүйек айының 27-і күні Түркістан қаласында Халықаралық Түркі академиясы Низами Гәнжауидің туғанына 880 жыл толуына орай «Шығыстың шоқ жұлдызы» атты алқалы жиын ұйымдастырды.

«Фараб» кітапханасында өткен алқалы басқосуға Әзербайжан Милли Меджлисінің Спикері Сахиба Гафарова, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, көрнекті жазушы Мархабат Байғұт, белгілі ақын Нармахан Бегалыұлы, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Агалар Атамогланов, Әзербайжан Милли Меджлисінің депуттары, Қазақстан Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, бауырлас елдердің мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мәртебелі қонақты Академия басшысы Дархан Қыдырәлі күтіп алды. Басқосу Қарабақты азат ету соғысының басталуына 1 жыл толуына байланысты 44 күндік Отан соғысында қаһармандықпен шайқасып, елдің тұтастығы мен егемендігін қорғау жолында қайтыс болған жауынгерлерді құрметпен еске алып, бір минуттық үнсіз жариялаумен басталды.

Бұдан кейін Дархан Қыдырәлі Академияның жаңадан әзірлеп шығарған Низами Гянжауидің «Жеті ару. Лейлі-Мәжнүн» жинағын таныстыра келе, лентасын қию үшін ортаға Әзербайжан Парламенті Меджлисінің спикері Сахиба Гафарова мен жазушы Мархабат Байғұтты ортаға шақырды.

Жиында сөз алған Меджлис Спикері Сахиба Гафарова Низамидің тек түркі дүниесі мен ислам әлемінің ғана мақтанышы емес, күллі адамзат өркениетінде айрықша орын алатын тұғырлы тұлға екенін атап өтті. Өз кезегінде Академия басшысы Низами мен Абай шығармашылығындағы сабақтастыққа тоқталып, оның түркі әлемінен алатын орны туралы айтты.

«Халықаралық Түркі академиясы «Низами жылы» аясында бірқатар іс-шараларды ұйымның 2021 жылға арналған жоспарына енгізген болатын.

Низами Гәнжауи (1141-1209) – Әзербайжан халқының классик ақыны, түркі әлемінің ұлы ойшылы. Ол 1141 жылы қазіргі Әзербайжанның Гәнжа қаласында дүниеге келген. «Гәнжауи» – оның лақап аты, шын есімі Ілияс ибн Жүсіп Низами. Гәнжашәй өзенінің алқабында орналасқан көрікті Гәнжа шаһары орта ғасырда мәдениет пен білімнің, сауда мен қолөнердің гүлденген орталығына айналады. 4 Кавказ, Таяу Шығыс, Орта Азия елдерімен тығыз қатынаста болған Гәнжада сол заманда үздік өнерге ие болған атақты шайырлар мен ойшылдар, қылқалам, құснихат шеберлері, зергерлер мен сәулетшілер бас қосады. Ақынның әкесі әуелі Иранда, кейіннен Гәнжа шаһарында өмір сүреді. Низами жастайынан ғылым-білімге құштар зеректігімен көзге түсіп, математика, медицина, музыка, бейнелеу өнері, ислам философиясы, фикх, астрономия, жұлдызнама, алхимия, ботаника, теология, ислам, христиан, иудаизм, зороастризм, мани ілімі, мифология, үнді мен антикалық мәдениет мирастары және басқа да салаларды терең меңгеріп өседі.

Кітапқа түркі әлемінің ұлы ойшылы Низами Гәнжауидің қазақ тілінде жарық көрген екі шығармасы - «Лейлі мен Мәжнүн» мен «Жеті сұлу» енді. Шындығында, бұл шығармалар Кеңес үкіметінің алғашқы кезеңінде - 1940 жылдары қазақтың танымал жазушыларының аудармалары негізінде жарық көрді. Алайда, осы уақыт аралығында бұл кітаптар ескірген және қол жетімсіз болды. Осыны ескере отырып, Халықаралық Түрік академиясы шығармаларды толықтырып қайта басып шығаруға шешім қабылдады.

Низами мұрасы мен шығармашылығы бүкіл әлемде өзекті және маңызды. Оның мұрасы тек Әзербайжан мен түркі әлемінің ғана емес, бүкіл адамзаттың баға жетпес рухани қазынасына айналды. Ол бүкіл Шығыста жаңа әдеби мектептің негізін қалады. Низамиден кейін, Насими, Физули, Науаи, Абай және басқа да ақын-жазушылар оның шығармашылығының әсерінен үлкен туындылар жасап, оның идеяларын дамытты», ̶ деді Академия басшысы сөйлеген сөзінде.

Гәнжауидің әлеуметтік-утопиялық көзқарастары, асыл мұраттары көне түркі, орта ғасырлық түркі жазба әдеби мұрасы, халық қазынасымен тығыз астасып жатуы қайран қалдырады. Ол жырына арқау еткен тақырыптарды шығыс классиктерінің баршасы нәзира үлгісі бойынша қайтадан жаңғыртып жырлап, өнегелі мектеп қалыптастырған. Әлбетте, Низами поэзиясының дәстүрлі өрнегі қазақ поэзиясында Шортанбай, Дулат, Абай, Шәкәрім, Шәңгерей, Шәді, Мәшһүр Жүсіп, Ақан сері, Тұрмағамбет секілді сөз зергерлерінің шығармаларында айқын байқалып тұрады. 11 Ұлы Абай ұстазы Низами Гәнжауиден көп үлгі үйренгені оның өлеңдерінің ой құнары мен көркемдік кестесінен аңдалады. Ақын Абай нәзирашылдық дәстүрінде «Ескендір» поэмасын жырлағаны анық. Бірақ ол ұлы ұстазына құр ғана еліктемей оның мұрасын шығармашылықпен еркін меңгеріп, өзі өмір сүріп отырған дәуірінің шындығы тұрғысынан бағамдағаны байқалады. Низами «Хамсасында» кейіпкер болған барша патшаларды сынап-мінеп, тек қана Ескендірді мінсіз патша, әділетті билеуші, ерекше асылзада етіп бейнелейді. Науаи да осы сүрлеуді ұстанады. Абай болса керісінше Ескендірді жойқын шапқыншылық жасап ел жаулаған ашкөз жеміт патша ретінде әшкерелеп, «бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық» деп өз өлеңінде айтқанындай дана Аристотельді асқақтатады. Пенденің тойымсыз көзі бір шымшым топыраққа тояды деген ескі аңызды тәмсіл етіп, айналасындағы замандастарға, оқырмандарға сыншыл ой тастап, ғибрат беруді, дүниеқоңыздықтан сақтандыруды мақсұт тұтады

Оқырманға жол тартқан еңбекке Низамидың қос жырының Таир Жароков, Қасым Аманжолов, Тәкен Әлімқұлов, Ғали Орманов, Жақан Сыздықов және т.б. көрнекті қазақ ақындары аударған таңдаулы нұсқалары енген.

Жиын соңында мәртебелі қонаққа Дархан Қыдырәлі Академия басып шығарған бағалы еңбектерді тарту етті.

Айта кету керек, биыл Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев 2021 жылды «Низами Гәнжауи жылы» деп жариялаған болатын. Әзербайжан халқының классик ақыны, түркі әлемнің ойшылы Низами Гәнжауидің негізгі шығармалар іргелі шығармасы «Хамса» («Бес дастан топтамасы»), оған «Сырлар қазынасы», «Хұсрау-Шырын», «Лейлі-Мәжнүн», «Жеті ару» және «Ескендірнама» атты бес дастаны кірген. Ақынның жауһар туындылары Шығыс пен Батыс поэзиясының дамуына орасан зор ықпалын тигізді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар