Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ұстаз мерейі...

05.10.2024 64

Ұстаз мерейі 6+

Ұстаз мерейі - adebiportal.kz

Ұстаз – қоғамның жүрегі, білімнің шамшырағы. Олар әрбір шәкірттің өміріне шамшырақ болып, жол сілтейді. Ұстаздықтың маңыздылығы мен қиындығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ұстаз білім ғана емес, адамгершілік пен мәдениеттің, ұлттық құндылықтардың асыл мұрагері. Олар болашаққа салынған көпір, ұлттың рухани болмысының қалыптасуына үлес қосып келе жатқан тұлғалар.

Ұстаздықтың жолы – мәңгілік жол. Бұл жолда әрбір ұстаз өз білімін шәкірттерімен бөлісіп қана қоймай, олардың жүрегіне ізгіліктің дәнін себеді. Ұстаз – адам тәрбиелеуші, саналы ұрпақтың қалыптасуына әсер етуші ұлы тұлға. Олардың арқасында еліміздің болашағы жарқын, ұрпақтар сабақтастығы мәңгілік болмақ.

Әдебиет порталы редакциясының атынан барлық ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтаймыз! Шығармашылық шабыт, мықты денсаулық, білім жолындағы еңбектеріңізге толағай табыстар тілейміз. Сіздердің еңбектеріңіздің жемісі – мәңгі жасайтын рухани байлық!

Ұстаздың ұлағаты 

Әр сабағы болып өтіп тағылым,
Әр шәкірттің оятатын танымын.
Мейлі, есейіп кетсе де сол ұл-қызы,
Санасында жүре берер әлі күн,
Ұстаз деген – мәртебелі бір есім.

Ұқтыратын сол біліммен күйді айқын,
Әр түлегі шәкірт күнін қимайтын.
Ізгі жаны бағытталған балаға,
Сондықтан да қоғамы оны сыйлайтын,
Ұстаз деген – ұлағатты ұлы есім.

Өмірінің мағыналы шақтары
Мектеп болып, содан бақты тапқаны.
Ұстаз деген – сол ұяның жүрегі,
Ұстаз деген – сол ұяның мақтаны.

Дейді ұл-қызға берілетін бағаң көп,
Білім жолдан қалма өзгеге алаң боп.
Осы жолдан болашақты іздесең,
Сендер үшін алынбайтын қамал жоқ.

Сол соқпақта тоқтатпайтын күресін,
Алып жүрген құрметпенен үлесін.
Ұстаз деген – әр шәкірттің мақтаны,
Ұстаз деген – осындай бір ұлы есім.

Ғабиден Қожахмет

 

Ұстаз мерейі (Социалистік Еңбек Ері - Р.Нұртазинаға)

Бірінші жыр


Болғаннан соң өр талабы, ақылы,
Барған болар ерлікке де батылы.
Майдан емес, қолға қару ұстаған,
Мынау тыныш, бейбіт күннің Батыры!
Мөлдіретіп шайқалмаған сезімін,
Шындай түсті, ширықтырып төзімін.
Үлкен жүрек керек шығар оған да,
Баласындай сүю үшін өзінің.
Өтті күндер, өтті жылдар жылыстап,
Асыл арман кеудесінде тыныстап.
Талай рет туған жерді қар қымтап,
Талай рет гүлге оранды күміс бақ...
Санамады ол өткен асыл уақытты,
Адам кейде сонысымен бақытты.
Нәзік жүрек тынбай қағып қанатын,
Талай белең, талай кезең асыпты...


Екінші жыр


Адам болып келгеннен соң өмірге,
Бар ғой қақың, ізденуге сенің де.
Қанша ма ұрпақ, ұқсамайтын мінездер —
Қара шашты ағартуың тегін бе?!.
Бәлкім, сенің жоқ та шығар бір қайғың
Қайда барсаң, қарсы алады сырнайлы үн.
Кешегі ұстаз, бүгін Батыр, ел сүйген,
Келе бермес кез келгенге мұндай күн!
Жалындады ойлы, сергек жүрегің,
Ұйқысыз сан түндер кештің білемін.
Сая болдың, жапырағың жайқалды,
Балауса едің, үлбіреген гүл едің.
Қанат қақты шәкірттерің қияға,
Қуанышың құшағыңа сыя ма.
Солар үшін қолыңменен от көсіп...
Ана, дана, Батыр дейді, балалар,
Ондай қамқор, мейірбан жан жоқ десіп.


Үшінші жыр


Ұқсап бір жайлап атқан қыр таңына,
Айналып, айта жүрер жыр сазына.
Жарасқан туған елге парасаты,
Ортада жүр ғой әне, Нұртазина.
Ашылған нәзік, көркем гүл өңіндей,
Ұстаздың бар ма жақсы жүрегіндей.
Озаттар саны да артты жылдан-жылға,
Сарылып көптен күткен тілегінде.
Шәкіртке жол көрсетер терең-сергек,
Қаншама ұстаздар бар, өмірге өрнек.
Мен бүгін қуаныштан жыр жазамын,
Көңілді сонша шексіз алғыс тербеп.
Ең биік өмір дейтін асып қырдан,
Арман, мақсат, ойлары асықтырған.
Білім — бастау, ұрпағын сусындатып,
Ұстаз ғой, ел мерейін тасыттырған.
Халық саған көңілдің төрін берген,
Шаршамай астың Реке, өзің де өрден.
Тұрады ол қаншама сенімдерден,
Махаббат, мейір, асқақ сезімдерден.
Бағалап, халық сүйіп Батыр деген,
Батырлықтың негізі жатыр терең!..
Шарықтап, шабыттанып, аяулы әпке,
Өсіре бер өзіңдей батыл өрен!

Марфуға Айтқожина


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар