Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

30.09.2024 463

Пандора сандығы 6+

Пандора сандығы - adebiportal.kz

Ерте заманда Жер бетінде көп құдайлар билік құрып тұрған кезде болыпты-мыс дейтін бұл ертегінің мән-мағынасына үңілсеңіз, шынымен де терең мағына жатқанына көз жеткізер едіңіз. Сонымен…

 

Ерте-ерте, ертеде Прометей, Эпитемей атты ағайынды екі титан (кіші құдай) болыпты. Бұл екі ағайынды титандар адамдарға әрдайым жақсылық ойлап, жәрдемдескісі келіп тұрады екен. Әсіресе Прометей титан әсіресе немере ағасы, құдайлардың құдайы Зевстің адамдарға деген қатал, мейірімсіз іс-әрекеттеріне қарсы болады. Сөйтіп ол Зевстің ұлы, от құдайы Гефестің ұстаханасынан отты ұрлап алып шығып, адамзатқа әкеліп сыйлайды. Прометей адамзат баласын отты пайдалануға үйретіп, түрлі қолөнершілікке баулиды. Бұған дейін мұңлы, көңілсіз болып Адамзат баласының өмірі енді қуаныш пен шаттыққа толып, олардың бір-біріне мейірімділігі артып, көңілді, шат-шадыман, бақуатты өмір сүреді. Отты игерген адамдар бұған дейін құдайлардың ғана қолынан келетін іс-әрекеттерді өздері бұдан былай өздері-ақ істей алатын болды. 

Әрине адамзат қоғамындағы бұл жағымды өзгеріс әр қимылынан найзағай ойнаған қаһарлы Зевске ұнамайтыны сөзсіз еді. Сөйтіп ол Прометейді ұстап алып, ауыр да азапты жаза жүктеп, Қап тауының заңғар жартасына апарып шынжырлап тастады. 

Айлалы да арам ойлы Зевс енді адамдарды қайтадан зор сынаққа салу үшін жер бетіне Зұлымдықты әйел арқылы жібермекке бекінді. Сөйтіп ол ойын іске асыру үшін ұлы Гефеске топырақты суға илеп, әйел затын жасауға бұйырды. Дайын болған балшық денеге даналық құдайы Афина жан бітірді. Сұлулық пен махаббат құдайы Афродита оған ғажайып түр-сымбат сыйлады. Айлакер сауда-саттық құдайы Гермес нәзіктік, сүйкімділікпен қатар айлакер-аярлықты берді. Зевс әзір болған бұл сұлуға Пандора деген ат қойды. Бұл – «барлық құдайлар бірлесе жасаған» деген мағына беретін еді. 

Құдайлар Пандораны толықтай дайындап болған соң Зевс өзінің ұлы Гефеске қызды Эпитемейдің үйіне жеткізуді бұйырады. 

Прометей ешкімге жамандық ойламайтын ақкөңіл інісіне әрдайым айлакер Зевс жіберген сыйлық, тартулардың ешқайсысын алуға болмайтынын ескертуші еді. Өйткені ол Зевстің жіберген кез келген тарту-таралғысының адамдарға қиыншылық пен қасіреттен басқа ештеңе әкелмейтінін жақсы білетін.

Бірақ бұл жолы Эпитемей ағасының өзіне үнемі айтатын даналық ақылын ескермеді. Өйткені Гефес ертіп әкелген қыз соншалықты сұлу еді. Зевстің тартуын қуана қабылдап, Пандораға үйленіп алды.

Кешікпей Эпитемей ақылман ағасының өзіне айтқан ескертуі бекер емесіне көз жеткізе бастады. Эпитемейдің үйіне Пандорамен бірге келінген үлкен сандық бар еді. Сандық елеусіз қараңғы бұрышта тұратын, оны ешкім, ешқашан ашқан да емес еді. Себебі бұл сандықтың кімнен екенін, оны ашса жер жүзіндегі барша адамзат баласы зор бақытсыздыққа тап болатынын барлығы да білетін еді. Сондықтан да сандық оңашада тұра берді, оған жолап барып ашпақ түгілі ешкімнің жақындауға да батылы бармайтын.

Ақыры қырсық шалғанда әрбір құпияның сырын ашқанша көңілі көншімейтін түртіншек де, айлакер Пандораның бір күн шыдамы әбден таусылды. Сөйтіп ол сандықты ашып көрмек болып, жанында жақындап келді.

- Ашсам ба, ашпасам ба, - деп ойлайды іштей, - жарайды, тек қақпағын аздап қана ашып, ішінде не барын сығалап көрсем де жетер.

Сөйтіп Пандора сандықтың қақпағын сәл-сәл ғана ашты. Алайда сандықтың ішін кернеп тұрған ар-ұятсыздық, ауру-сырқау, бақытсыздық, жауыздық қатарлы күллі жаманшылық бәрі лап етіп сыртқа шығуы үшін осы саңылаулап ашудың өзі-ақ әбден жеткілікті болатын. Гу ете түскенде зәресі ұша қорыққан Пандора қақпақты жылдам жаба қойды. Бірақ бәрі де кеш еді. 

Пандораның өксіп жылаған дауысын естіп мейірбан Эпитемей жетіп келеді. Сол кезде сандықтың ішінен бір дауысты естиді. «Неде болса ашайық», - деп қақпақты көтеріп қалғанда жәшіктің ішінен пыр етіп Үміт ұшып шығады. Сөйтсе адамға қас болатын жаманшылықтың бәрі ұшып шығып үлгеріп, жәшіктің түбінде тек Үміт қана қалған екен. 

Пандора өз әрекетімен осылайша барша қайғы-қасірет, жаманшылыққа қоса, Үмітті де бостандыққа жібереді. Осыдан кейін адам баласы қайғы-қасірет, зұлмат-зобалаңның соңында түптің түбінде әйтеуір жақсылық боларына Үміт етумен өмір сүретін болыпты.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар