Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Тұрдыхан Айдарханұлы. Жапырақтың өлімі...

09.08.2024 1260

Тұрдыхан Айдарханұлы. Жапырақтың өлімі

Тұрдыхан Айдарханұлы. Жапырақтың өлімі - adebiportal.kz

Көгілдір таулар 

Көк зеңгір таулар көк белең, 

Сағынсам саған көп келем. 

Сағынышымды ешқашан, 

Шекара сызық шектемен!   

 

Жазира дала, жасыл маң, 

Қыранның даңқын асырған. 

Көк толқыныңдай күркіреп, 

Менің де қаным тасынған. 

 

Көңілдің қоздап күйі мың, 

Аңсатты асқар биігің. 

Мендегі жүрек емес пе? 

Алжасыл анау иірім. 

 

Айналдым аппақ құсыңнан, 

Бағыңа балап ұшырған. 

Мендегі ойлар емес пе, 

Ақ қайыңдарың шытырман. 

 

Шақырып шалғай арманым, 

Бал-бұлағыңа қанбадым. 

Төріңе шықпасамдағы, 

Өріңе шығар бар ма күн? 

 

Жас талың болып бүрлесем, 

Аспаныңменен тілдесем. 

Алты құрлықты айналсам, 

Табылмас маған бұл мекен!   

Табылмас маған бұл мекен!

Қызыл тілім 

Айтайын деп дәтімді сөз ұғарға, 

Көп оқталдым дәуірдің көзі барда. 

Болып шықты қайтемін құлқыны зор, 

Сенгенімнің қыран деп өзі қарға. 

 

Бар сырымды іркідім, үндемедім, 

Күн көңілім айналды түнге менің. 

Бір-ақ күнде болмысын әйгіледі, 

Төбе құрлы болмады-ау шың дегенім. 

 

Сан алапат сайысты қырғындарда, 

Тарихымыз кетпеген құрдымдарға. 

Қырандардың қанаты қырқылғанда, 

Аспан асты айналар құзғындарға. 

 

Мұзарт таулар мұнартқан бұла биік, 

Өр кеудесін қыранға тұрады иіп. 

Тіней емес жалғанда жалғыз ғана, 

Жер шарына керек қой бір ақиық. 

 

Адалмын деп ешкімді сендірмедім, 

Құпия ғой кеудемде мөлдір көлім. 

Сұңғыланың түбі бір сұғанақтық, 

Даңғой екен данышпан деп жүргенім. 

 

Арта аламын, білмеймін, кімге сенім, 

Өз-өзіммен оңаша тілдесемін. 

Қызыл тілім орынсыз от бастырып, 

Тиеме деп қорқамын бір кеселің.

Жұлдыздар

Жанарыма ұялап көмескі үміт,

Түнгі аспанға қарадым елес қуып.

Көк төсінде жұлдыздар күбірлейді,

Таң туралы жатқандай кеңес құрып.

 

Жұлдыздар-ай, сөнбеген үмітім ең,

Ойларымды оятқан түн ішінен.

Сәулеңе ерген жолаушы жаңылмайды,

Қараңғыда жапанда жүрісінен.

 

Қойлы ауылда өскен ем бала шақтан,

Жұлдыз жырға жүрегім аласатқан.

Көк аспанның жұлдыздар танасындай,

Мөлдірліктен жаралған, парасаттан.

 

Аспан жайлы елітіп ертектерге,

Мұңайғанға не жетсін, шер төккенге.

Ағып түскен жұлдыздар көз жасындай,

Хор қызының жанары мөлт еткенде.

Менің топырағым

Жүмекен Нәжімеденовке

 

Мәпелеген көңілімнің майсасын,

Ана – топырақ, әнім өзің айтатын.

Намысындай, ағысындай қанының,

Топырағын жырламаған қайсы ақын.

 

Қасиетті қара бұйра толқындар,

Қалам алсам басбармағым солқылдар.

Топырағын сүйген адал жүрекпен,

Сенен көктеп, сенен өнген сол шыңдар.

 

Ана – топырақ, алсындатқан ырыс-құт,

Арналатын жүрегім бар тым ыстық.

Бетегеңе кетер ме едім айналып,

Тәңірімнен тілеп ұлпа тыныштық.

 

Қара түнге  жыр қамшысын білеген,

Жұмбақ ақын жерім деумен жүдеген.

Жамандығын көрсе де көп тобырдың,

Амандығын топырағының тілеген.

 

Озбыр жандар ойын ұқпай шеттеткен,

Қоғамынан қақпайлауды көп кешкен.

Сеніміне сонда да ақау түсірмей,

Қайран ақын топырағым деп кеткен.

 

Көңілімнің көзін бітеп соқыр мұң,

Сауалдарға жауап таппай тосылдым.

Шарасыздан, топырағымның тілеуін,

үстелімде мен де тілеп отырмын.

Сарша тамыз келіпті 

Шілделіктің тілінен ән ағызған.

Думанды  өмір, еңбекпен дала қызған.

Сары теңіздей толқындап сары аңыздар

Сарша тамыз келіпті, қараңыздар,

 

Балын жұтып бақыттың бал тамыздан,

Шалғы сермеп тер ақты арқамыздан.

Хат келетін апталап пощталардан,

Хабар-ошар болмады-ау, қалқа қыздан.

 

Сарғыш рең бетіне жалатып ап,

Салқын көзбен қарайды сары атырап.

Торғайдайын қаптайды шөмелеге,

Топ баласы ауылдың қара шұнақ.

 

Жабырқатып жанымды кең дала тым,

Ермек іздеп әуремін ем болатын.

Сары жазықта сапырсам өмір әнін,

Қолымда айыр, ойымда сен ғанасың.

 

Қара өлеңін даланың кешіп жүріп,

Дара өлеңін жүректің есілдіріп.

Екінтіге еңкейіп күн құласа,

Бұлдырықтай бұл өмір бұлдыраса,

Тырналайды кеудемді бесін-күдік.

 

Сағыныштың жамылып сары халатын,

Тіршіліктің шегетін арбаға атын.

Сабырынан айырылып сандалатын,

Қол босаса қалаға қамданатын,

Қара жігіт халіңді қайдан ұқсын,

Қалалық қыз, ауылға бармағасын.

 

Айы батар сарғайып дала күздің,

Сабырындай сарғайған сара қыздың.

Сары теңіздей толқындап сары аңыздар,

Сарша тамыз келіпті, қараңыздар.

Жапырақтың өлімі

Кім қақты екен кеудемдегі қақпамды, 

Тағы... тағы... 

Сағыныш-мұң басталды. 

Қарашаның жемір ауыз желі үзген, 

Жапырақтар табандарда тапталды. 

 

Жапырақтар әрі сұлу әрі ізгі, 

Үнсіз ғана қалқып барып жан үзді. 

Қайшалысқан қалың қара табандар, 

Көркемдікті таптап жатқан тәрізді. 

 

Гүл көркінен айырылып тұр емен, 

Жүрегі жоқ аппақ тәні жүдеген. 

Тағдырына бас имеді ол қатыгез. 

Қайсарлықты емен болсаң білер ең?!   

 

Үнсіздікке көшіп бір сәт барша маң, 

Жауыр арқа дала жатыр, шаршаған. 

Тек сағыныш қалықтайды әуеде, 

Сап-сарыала жапырақтар самсаған. 

 

Түс көремін түнде мың, 

Ішіндемін сезім деген түрменің. 

Сағыныштан сарғайғанда құлаған, 

Жапырақ па, жүрегім бе, білмедім?

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар