(хикаят)
Оның азан шақырып қойған есімі Пернебай еді. Қалада жоғары білім алып, лайықты қызмет таппаған соң, елге оралды. Ауданның ескі поштасына жұмысқа орналасқалы ел арасындағы ныспысы Поштабай болып кетті. Алатын жалақысы қарақан басынан артылмайды. Әу баста арманы көп, мақсаты бөлек жігіт еді. Табысы жақсы бір қызметтен дәметіп, айналасына қолғабыс етсем дейтін. Поштаның айлығы қайдан жетсін?!
Жұмысқа алғаш орналасқанда алған кәстөм-шалбарын тастамай киіп жүргеніне де үш жыл өтіпті. Жуа-жуа оңып кеткен, шалбарының қыры түгіл, ізі де қалмаған.
Бүгін қызметінен гөрі, киімі мен әшекейіне көп мән беретін әйел бастығы жұмысқа әдеттегіден ерте келіпті. Пошта қызметшілерінің барлығын жинап:
– Бүгін қандай күн, білесіздер ме? – деді.
– 9 қазан, дүйсенбі... – деді дәл алдында отырған Айжан әбжіл жауап қатып.
– Иә, бүгін 9 қазан. Дүниежүзілік пошта күні, әріптестер! – деді жүзі бал-бұл жанып!
Барлығы аң-таң. «Біздің де еленетін күніміз бар екен ау» десті бір-біріне.
– Иә-иә, бүгін жұмыс соңынан дастархан жайып, өзіміз атап өтейік. Барлығыңызға жарты айлық көлемінде сыйақы беріледі! – деп бір қуантты. Поштабай жұмысқа келгелі бастығынан естіп отырған ең алғашқы жағымды сөз. Іштей «бұрынғы басшылар бұл мерекені неге атап өтпеген?» деп ойлады. Бастығының келгеніне әлі бір жыл өткен жоқ. Аудандағы бір дөкейдің әйелі. Бұған дейін аудандағы білдей бір мектептің директоры болған, кейін жала жауып қызметінен айрылыпты. Жұмыссыз жүрсе де дүниесі түгел, күйеуі ірі кәсіпкер деп еститін. Жақында күйеуі таза бриллиант сағат сыйлапты деп жұмыстағы қыздар ауыз құрғатпай таңғалысып жүрген. Бастық болғанды жақсы көреді деседі. Айналасына пәрмен беріп, қол астындағы жұмысшыларын қолбала қылып жұмсағанды да ұнатады екен.
Жұмыс уақыты да аяқталды. Дүниежүзі пошташылары атап өтеді деген соң, ортадан аз-маз ақша шығарып, дем арада дастарханды жайнатып жіберіпті. Әуелі бастық сөйледі, сосын орынбасарына сөз берді. Отырыс көпке ұзады. Қазан айында күн ерте батады. Үйіне баратын автобус сағат жетіден кейін тоқтайды. Енді тым кеш. Жаяу барғанға алыс, таксимен қайтуға қалтасы көтермейді. Сыйақысы қолына ертеңіне тиеді. Әйелі, бала-шағасы жоқ, таңертең қайта айналып осы жұмысқа келетіндіктен қона саламын деп шешті. Оған қоса жұмысқа киетін жейдесі де, кәстөм-сымы да өзгермейді. Үйде жалғыз қалған шешесіне қоңырау шалып, бүгін жұмыста қонатынын жеткізді.
...Шошып оянды. Бұрын жұмысына қонып көрмеген еді. Айнала тас қараңғы. Тым-тырыс. Ілініп-салынып жүріп, жарықты қосты. Поштаның ішінде қонғаны сонда барып есіне түсті. Карел Чапектің ертегісіндегідей поштада жалғыз өзі. Далаға шығып таза ауа жұтқысы келіп еді, есіктің сыртынан қара құлып салып, жауып кеткені есіне түсті. Шөл қысып, су іздеді. Мерекеге жайылған дастарханды сиыр жалағандай етіп жиыстырып кетіпті. Мемлекеттік мекеме деген аты болған соң, артық дүние болмауы тиіс.
Поштабай оянып алса, қайта ұйықтай алмайтын әдеті бар еді. «Не істесем екен?» деп арлы-берлі пошта ішін адақтап шықты. Әдетте көп нәрсеге зер салып, мән бере бермейді екен, пошта іші қыздың жасауындай жинақы, әдемі. Әне жерде Алматыға жіберілетін сәлемдемелер, әне бір жерде Астанаға жіберілетін сәлем-сауқат буып түйілген. Айналадан артық зат таппайсыз. Қабылдау бөлімінде отыратын қыздардың да үстелдері тап-таза. Оның көзіне ілінген ең шеттегі үстелдің үстіндегі үшбу хат еді. Ойланбастан хатты қолына алды. Хаттың иесі, мекен-жай көрсетілмепті. Түнді жалғыз қалай өткізерін білмей жүрген Поштабайға бұл жақсы ермек болды. Бас салып хатты ашпақ болды да, әдептен озбайын деп сәл кідірді. Орнына қойып, қайта алды. Оңашада кім көрсін, оның үстіне хаттың иесі де, басқасы да көрсетілмеген екен деп ішін ашып қарады. «Менің еш қамқоршым жоқ, жақыным да жоқ...» деп басталыпты әлгі хат. Поштабай қылп ете қалды. Алғашқы сөйлем дәл былай басталарын күтпеген Поштабай аяғына дейін оқып шығуға батылы жетпей ұзақ тұрды. Неде болса оқу керек. Таңға дейін әлі кем дегенде екі-үш сағат бар. Оған дейін мына хатты бірнеше қайталап, тіпті жаттап алуына болады. Жазуы күрделі емес, әлі қалыпқа түспеген жас баланың қолтаңбасы. Поштабай бір жөткірініп алып, хатты оқуға кірісіп кетті.
«Менің еш қамқоршым жоқ, жақыным да жоқ. Осыдан екі жыл бұрын ата-анам жол апатына ұшырап, қаза тапты. Содан бері ағам мен жеңгемнің қолындамын. Қарындасымды нағашыларым қолына алды. Мені ағам мен жеңгем бағып-қағамыз деп қамқорлық танытып еді, мейірімдері жарты жолда үзіліп тынды. Бұл бастаманы көтерген жеңгем екен, қазір мені жер бетінде сол жеңгемнен артық жек көретін жан жоқ. Нағашыларым алып кетеміз дегенде де шыр-пыр болып ортаға түскен жаннан көп үміт күтіп едім. Жеме-жемге келгенде олай болмай шықты. Менің хатымды оқып отырған жандардан көмек сұраймын. Он бес күн түзде, он бес күн үйде болатын ағамнан да қайыр жоқ. Жеңгемнің маған көрсеткен қиянатын ол білмесе де, сезеді. Бірақ, араша түсіп, менің сөзімді сөйлеуге батылы жетпейді. Араларына от салып, ұйып отырған шаңырағын бұзбас үшін дегеніне көніп, айтқанын істедім. Қазір төртінші сыныпта оқимын. Ағам мен жеңгеме масыл болмайын деп киімімді, тамағымды өзім тауып жүрмін...». Поштабай дәл осы жеріне келгенде көзіне домаланып жас келгенін сезді. Хаттан бір уақ көзін тайдырып әкеткені де содан. Күндіз жұмыс барысында хатты оқыса дәл бұлай мұңаймас еді. Жетімдікті басынан өткермесе де, өрімдей жас баланың мұнша шарасыздығына кімді кінәларын білмей дал болды. Ары қарай жалғастырып оқыды...
«...Әкем екеуміз сауысқанның ұясын аңдумен болатынбыз. Сол әдетім әлі де бар. Бірде көшенің арғы бетіндегі мәуелі ағаштың басынан сауысқанның ұясын іздеп таптым. Сауысқан ұясын адамнан жасырып қиын жерге салады. Күнде соңынан түспесең көз жазып қаласың. Сауысқанның ұясынан әшекейдің барлығын табуға болады. Бір мәрте күміс білезік пен алтын сақина тауып, жеңгеме апарып бергенімде мәз болған еді. Жаңа көрпе мен жастық беріп, қарымтасын қайтарғандай болды. Араға көп салмай сол ұядан қымбат сағат тауып алдым. Анам тірі болғанда ойланбастан соған сыйлар едім. Амал жоқ, жеңгеме апарып бердім. Жеңгем көрпе, жастық тыстарымды ауыстырып, бөлмеме жаңадан перде құрып берді. Мені қаншалықты жек көрсе де, жеңгем әшекей, сый дегеннің құлы еді. Мен сыйлаған сағат таза бриллиант болып шығып, оны елге күйеуім әперді деп мақтаныпты. Сағаттың размері де жеңгемнің қолына арналып соғылғандай шап-шақ. Бір қызығы, сол әшекейлердің барлығын қайдан алып жатқанымда шаруасы болмайтын. «Сенен көрмеген жақсылықты қайнымнан көріп жатырмын» деп шәй үстінде тағып отырып ағамның қытығына бір тиіп алатын. Ағам да қайдан алғанымды сұрамады. Әшекейге құмар жеңгемнің шат-шадыман көңілін жыққысы келмегендей жылы жауып қоя салатын...». Поштабай хат иесінің зеректігіне, бұған дейін сауысқанның әшекейге құмар болатынын, іліп әкетіп ұясына таситынына таңғалып, аянышы басылғандай бір күліп алды. Бұрын дәл былай сұқтанып кітап та оқып көрмеген еді, ал мына хаттың қызығы таусылар емес!
«...Жеңгеммен арамыздағы татулық көпке ұзаған жоқ. Әлгі бриллиант сағат осы аудандағы бір дөкейдің келіншегінікі екен. Жеңгемнің бриллиант сағатын жер-жаһанға жария етіп, елден сүйінші сұрағаны шағын ауданның ішінде тез таралса керек, үйге әлгі сағат иесі бір топ миллициямен келіп, сағат пен қоса ағамды салып әкетіпті. Оны сабақтан соң үйге келгенде бір-ақ білдім. Бөлмемнің астаң-кестеңі шығып, заттарымның бәрін далаға лақтырып тастапты. Әрине, бұл жеңгемнің ісі. Бір жағдайдың болғанын сезіп, үндеместен басым ауған жаққа кеткелі жатыр едім, долы жеңгемнің даусынан аздап алаңдадым. «Ұры! Ұры неме! Сені осы үйге алып келгенде ұры болсын деп тәрбие бердік пе? Оңбаған! Тасжетім! Тексіз!» деді ағыл-тегіл жылап. «Тексіз» деген сөздің мағынасын түсіне де бермеймін, әйтсе де жақсы сөз еместігін сеземін. Одан гөрі «тасжетім» дегені жаныма қатты батты. Бәленің бәрі сағатта екенін ішім сезді, бірақ түсіндіріп әуре болғым келмеді. Бәрібір оған сенейін деп тұрған адам жоқ. Бір сөмке киімім мен кітаптарымды қолтықтап жүргелі тұрғанымда артымнан жеңгем тежеп «Қайда бармақсың а, қайда? Сенің кесіріңнен ана ағаң жауап беруге кетті. Жәй ғана кете салмақсың ба, а? Қазір мен милиция шақырамын, отыр қане!» деп сілкілеп, ұстап қалды. Бұл жолы жеңгемді тыңдамадым. Сөзін аяқ-асты еттім. Елдің барлығы алыстағы жақындарына хат жазып, сәлем-сауқатын осы поштаға салып жататынын күнде көремін. Мен үшін пошта тілегіңді орындайтын, сөзіңді жерге қалдырмайтын киелі мекен сияқты. Күндердің күнінде бұл хатты оқиды деп сенемін. Оқысаңыздар, маған көмек беріңіздерші! Ағам мен жеңгемнің еш кінәсі жоқ, менің де еш кінәм жоқ. Мұның барлығына кінәлі сауысқан. Мен атымды жазғым келмейді, себебі менің хатымды сыныптастарыма оқытып, мектепте абыройымнан айрылуым мүмкін. Сыныптастарым да менің жетім екендігімді білмейді. Ағам мен жеңгемді әке-шешем деп есептейді. Сабақ үстінде мұғалімдер жеті атамды сұрағанда да ұятқа қалмас үшін ойдан құрап айтып беремін. Оны біліп жатқан ешкім де жоқ. Ағам мен жеңгем әл-Фараби көшесіндегі 15 үйде тұрады. Олардың еш кінәсі жоқ екенін ана милицияларға айтыңыздаршы! Басқа тілегім жоқ!» деп аяқтапты хатын. Поштабай елегізіп сала берді. Оңашада көзінен ыршып-ыршып шыққан жасын жеңімен сүртіп, ешкім көріп қоймады ма дегендей айналасына жалтақ-жалтақ қарады. Әлгі мекен-жайға қазір аттанғысы келді. Әттең жіпсіз байланып, тар құрсауда қамалған жаралы арыстандай сезінді. «Дәл қазір хат иесі қайда екен? Ол хатты бүгін жазды, демек ол үйінен бүгін қашып кетті» деді күбірлеп. Поштабай бала үшін алаңдады. Студент кезінде ақшасыз қалып, бір күн бойы аш жүретін сәттері мына баланың тағдырының жанында түк те болмай қалды. Осыдан бір жыл бұрын дүние салған әкесін ойлады. Анасының тірі жүргеніне шүкіршілік етті. Әншейінде желаяқтай зымыраған уақыт аяғына қорғасын байлап алғандай аяңдап сала бергенін қарашы, осыдан таң атса!.. «Бүгін 10 қазан. Оңстүстікте күн жылы, сонда да түн салқын. Тоңып қалмаса жарар еді!» деп шын уайымға салынды. Поштабай бұрын дәл былай біреуге жақсылық жасауға асыққан емес. Мына мақпал түн, мүлгіген тыныштықта оқыған хаты әсер етпей қоймады. Әкесі дүниеден өткенде шыққан бұла жас бүгін тағы да еріксіз жанарынан төгіліп отыр.
Таң рауандап атты, бәрінен бұрын әдеттегідей Қарауыл ағай келді. Қыста отынын жағып, айналасын тазалап отырады. Бұрын үлкен қызметте істеген кісі деп естігені бар. Поштабай ол кісімен күнде көрісіп жүрсе де, шын атын білмейді. Жұртты бәрі «Қарауыл ағай» дейді.
– Түнің тыныш өтті ме, Поштабай? – деді сәлемдесіп болып.
– Иә, аға, бірақ... Мына бір хатты оқыңызшы! – деді Поштабай жұтынып.
– Қане бер! – деп Қарауыл ағайы қалтасынан көзілдірігін шығарып, хатқа үңілді. Арасында басын шайқап қойғанын да Поштабай көріп отыр.
– Бұл қашан келген хат? – деді Қарауыл ағай.
– Бүгін түнде оқыдым, қазір Айжан келген соң сұрау керек, соның үстелінің үстінен тауып алдым, – деді Поштабай мұңайып.
– Иә, сұрап біл, байғұс балаға көмектеспесе болмас! Осы жерге үміт артып, хат жазып отыр ғой, – деп Қарауыл ағай ақылын айтты.
– Иә, мен бұл баланы тауып аламын. Араша түсемін! – деді Поштабай өзіне және Қарауыл ағайға уәде бергендей.
– Өзі ересек адамдар құсап жазады екен, қу жетімдік-ай, баланы да ерте есейтіп жіберетінін қараш! – деп Қарауыл ағай күрсініп қалды.
Поштабай әкесінің басына белгі қоймадым деп өзін іштей жеп жүрген еді, енді оның бәрін де ұмытты. Көп ұзамай Айжан да келді.
«Бұл хатты кеше бір оқушы үн-түнсіз тастап кетті. Хатта мекен-жайы да көрсетілмегендіктен үстелдің бір шетіне қоя салдым», – деп хаттың поштаға түсу тарихын баяндап берді. Поштабай Айжанға мән-жайды түсіндіріп, жұмыстан іздеп жатса түстен кейін болатынын білдірді.
Алып-ұшып, әл-Фараби көшесіндегі 15-ші үйді тауып алды. Таңның атқанына екі сағат өтсе де есік алдында жыбыр еткен жан жоқ. Еш ойланбастан есікті қақты. Оң қолында әлгі баланың хаты. Есікті дүрсілдетіп ұзақ тұрды, сонда барып ұйқыдан жаңа тұрған отағасы дембелшең күйінде көзін қолымен уқалап тұрып есікті ашты. Ар жағынан шашы ұйпа-тұйпа болып келіншегі де шықты. «Бұл кім ей?» деген даусынан долылығы анық сезіледі.
– Менің есімім Пернебай, мен мына хат бойынша келіп отырмын, – деп мән-жайды түсіндірді. Поштабай бір жағынан әлгі еңгезердей келген отағасының қамаудан босап, үйінде жүргеніне іштей қуанды. Үйге кіріп, дастарханнан дәм ауыз тиюін өтінді. Жеңгесі болмаса, ағасы жаман кісі емес сияқты.
– Мен бәрібір де сенбеймін, ол сағатты жұдырықтай сауысқан қалай ұясына апарады, айтыңдаршы? Сауысқан үшін ауыр емес пе ол? – деді келіншегі ашуланып, бір жағы ұйқысын бұзған бейтаныс жігітке өкпелегендей кейіппен. Оның бар уайымы айналасындағы адамдардың өсегі еді. «Кеше ғана байым әперді деп жүр еді, сондағысы ұрланған сағат па? Бәсе, оның байы қай ақшасына алып берді деп ем!» деп көршінің әйелі құлағына күбірлеп жатқандай.
– Болды енді, сол сағатты мақтанышпен тақтың ғой неше күн, енді келіп шағымдануын... Қысқасы, ол сағаттың иесі осы көшенің ең аяғындағы үш қабатты қызыл кірпіштен салынған үйде тұрады екен. Менің жазықсыз екеніме көзі жетті, бірақ.... Бірақ, Сағиді соттамамын деп отыр. Күйеуі де, өзі де қолы ұзын адамдар екен, – деді ағасы мұңайып. Әлгі хат иесінің ныспысы Сағи екенін білді. Поштабайды алаңдатқан дүние әлгі үш қабатты қызыл кірпішпен салынған үй еді. Ол үйде Сағидің жеңгесінен де асып түсетін долы әйел бастығы тұрады. Ал, ендеше!
Сағидің ағасымен далаға шығып, оңаша сөйлесті.
– Қазір Сағидің өзі қайда? – деді Поштабай.
– Кеше үйге қонбады, жеңгесіне ренжіп заттарын жинап кетіп қапты, өзім түнде кеш келгендіктен іздеу салмадым, – деді Сағидің ағасы.
– Қайда болуы мүмкін? – деп Поштабай әлі де Сағи үшін алаңдаулы.
– Ол жағын білмедім, осыдан бір жыл бұрын жеңгесі батырып сөйлеген соң үйді тастап, вокзалдан тауып алған едік. Әке-шешесінен айрылған соң аздап сөз көтере алмайтыны бар. Жеңгесі ұрсады, қояды. Оған бола ренжімеу керек қой, – деді әйелін қорғаштап.
– Рахмет ағасы, тағы бір айналып соғармын ендеше, – деп Поштабай вокзал жақты бетке алды. Қолына кітаптары мен киімдерін арқалаған баланы көрсе еріксіз құшағына қысып, мейірімін білдірсем деп ойлады. «Сенің қамқоршың да, жақының да бүгіннен бастап мен!» деп құлағына қайта-қайта сыбырлағысы бар. Әттең, вокзалдың айналасын түгелдей тінтігенмен, таба алмай, тауы шағылып жұмысына барды. Айжан мен Қарауыл ағайға мән-жайды түсіндіріп, көмек сұрады. Бастықтан бәрі де тайсалатын. Тек қарауыл ағай ғана «Үшеуміз бірге бастықтың алдына кіріп, болған нәрсені болған күйінде түсіндіреміз. Сөзіміз бір жерден шықсын! Кекештеніп, сөзден мұқалып масқарамды шығармаңдар. Әрі кетсе, мені жұмыстан қуар, ал сендердің болашақтарың алда!» деді Қарауыл ағай жылылық танытып. Поштабай іркілместен келісімін берді, тек Айжан ғана «осы пәлеге менің не қатысым бар еді?» дегендей екіұдай күйде қалды.
– Тонымызды шешіп алмас, көп болса ұрыс естиміз, – деді Қарауыл ағай.
– Иә, ол да адам баласы ғой, түсінер, – деп Поштабай Айжанның сенімсіздігін жойғысы келді.
Бастық орнында екен. Көңіл-күйі жаман емес. Сірә, бриллиант сағатының табылғанына қуанып отырғандай. Үшеуі кіріп келгені сол еді:
– Әй, Поштабай, қайда жүрсің? Мен саған бір оклад көлемінде премия қойдым, сенің осы жерге еңбегің сіңді, бірақ мақтады екен деп түске дейін жұмысқа келмей тайраңдауыңды қой! – деді салған жерден. Үшеуі не үшін кіргенін білсе де, іркіліп қалды. Поштабайдың бастығына деген мейірімі оянып, не айтарын білместен қарауыл ағайына жалтақ-жалтақ қарай берді. Қарауыл ағай бір жөткірініп алып:
– Кеше Поштабай осы жерден хат тауып алыпты, – деді.
– Иә, ол хатты маған кеше бір оқушы тастап кеткен, – деді Айжан қорқынышын жеңгісі келгендей.
– Ол не хат тағы да? – деді бастығы бұрын арыз-шағымнан біраз зардап шеккені қылаң беріп.
– Мына хат қой! – деді Поштабай қалтасынан шығарып.
– Әкел бері! – деді бастығы сөзді созбай. Айжан қол жалғап, хатты бастығына жеткізді. Бастығы хатты ішінен оқыса да, Поштабайға жаңғырып шығып тұрды. Ол хатты бір-ақ мәрте оқыса да үтір-нүктесіне дейін жаттап алған еді.
– Бұл бала қайда өзі? – деді бастығы сәл аптығын басып. Мән-жайды енді түсінгендей бір күліп, бір мұңайды. – Мен сағатымды балконға шешкенімді білемін, сосын қалай қолды болғанына миым жетпей қойып еді. Қас-қағым сәтте жымқырған қандай жылдам ұры деп ойлағаным да рас. Сөйтсем, ұры сауысқан екен ғой, – деп күліп алды. Күлкісінің ар жағынан аяныш лебі ескенін дуылдаған жүзінен байқалады.
– Оның есімі Сағи екен. Түске дейін іздеп, таппай келдім, – деді Поштабай.
– Нууу, Поштабай, сен азаматтық жасадың! Заслуженно получил премию! – деді жымиып. Қара аспанды төндіріп, сонша уайыммен келгендегісі бір сәтте-ақ шешімін тапқаны Поштабайды желпіндіріп тастады. Өркөкірек, менменшіл бастығының да адам тағдырына келгенде мейіріммен қарайтынына көзі жетті.
Поштабай жұмыстан ерте шығып, вокзалдың айналасын тағы да шарлап шықты. Қуыс-қуыстарды тінтіп, қарамаған жері жоқ. Сол маңдағы саудагерлерден сұрастырғанмен, қажетті жауабын ала алмады. Жол-жөнекей Сағидің ағасы мен жеңгесінің үйіне тағы соқты. Сағи келмепті, олар іздемепті. Отағасы немере інісінің өзіне емес, қайдағы бір пошташыға керек болғанын енді түсінгендей:
– Жарайды, мен өзім тағы да іздермін. Сіз үйіңізге барып демала беріңіз, кешелі бері шаршаған боларсыз, – деді. Келіншегі де өзін кінәлі сезініп, терезенің ар жағынан әңгімелерін ұрланып тыңдап тұр.
Поштабай бүгін түскен сыйақысының белгісі ретінде жолдан тәтті-мәтті және анасына гүл алды. Бұрын анасына жылы сөйлеуге, сый-құрмет жасауға ұялатын. Бүгін ұяттың бәрін жиып-теріп, өзінің «қамқоршысы да, жақын адамы» да бар екенін білді. 9 қазан – Дүниежүзілік пошта күніне рахметін айтты. Сол мереке болмаса жұмысқа қонбас та еді, сыйақы болмас та еді...
...Арада бір аптадай уақыт өтті. Сағиді ойлап, көңілі байыз таппай жүрген еді. Бастығы да Поштабайды бөлмесіне шақырып «Әлгі баладан жаңалық бар ма?» деп күнде сұрайды. Бүгін таң атпастан тағы да сұрады. Поштабай жұмыстан соң әл-Фараби көшесіндегі 15 үйге тағы да соғып, Сағидің бар-жоғын білмекші болып жоспарлаған. Сол сәтте Айжан «Поштабай, саған хат келді!» деді сүйінші сұрап. Поштабай «Таң атпай келген ол не хат болды екен?» деп жанталаса хатты ашып, тағы да бірінші сөйлеміне көзі түсті. Өзі бар жоғы төрт-бес сөйлем ғана екен.
«Мен қазір нағашы жұртымдамын. Сіздің мен үшін қалай безек қаққаныңызды сырттай біліп жүрдім. Барлығына сауысқан кінәлі! Рахмет сізге, Поштабай!» депті хатында. Поштабай жауды жеңген батырдай әруақтана айқайлап, шын қуанғысы келді. Жоғары оқуға өз білімімен түскеннен кейінгі ең үлкен қуанышы осы болатын. Сол сәтте Поштабайдың кеудесін әлдебір мақтаныш кернеп тұрды!
– Ертең сенбі, су жаңа кәстөм-шалбар алмасам осыдан! – деді тоқмейілсіп...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.