Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Жақсының жақсылығын айт...

25.11.2022 3622

Жақсының жақсылығын айт 14+

Жақсының жақсылығын айт - adebiportal.kz

Айнұр Ұлықпанқызы Сыдықова қазақ журналистикасының қамқоршысы. "Шерханның шекпенінен шыққандар" дейміз. Айнұр да тәуелсіздіктен кейінгі жас толқын, дарынды журналисттердің қалыптасуына өзінің қолтаңбасын қалдырды. Сондай-ақ Айнұр Сыдықова ұлттық құндылықтарды қолдауда  тарихи маңызды роль атқарды. АҚШ Елшілігінде қызметте жүргенде талантты қазақ журналисттерінің Америкада тәжірибе алмасуын ұйымдастырды. Сірә, жүзден астам әріптестеріміз мұхиттың ар жағында айлап жатып, Американ ақшасына ел мен жер көріп қайтты. Айнұр елшіліктен кеткен соң бұл жоба жабылып қалды...

"Шеврон" компаниясында қызметте болғанда "Абай жолы" эпопеясының аудионұсқасының кең таралуына септігін тигізді. Шәмші Қалдаяқов бастаған композиторларымыздың қолтаңбасы бар ноталары мен партитураларды кітап етіп басып шығаруға мұрындық болды.

Рас, Айнұр Ұлықпанқызы өте талапшыл әрі принципшіл еді. "Бармақ басты, көз қысты" дегенді түсінбейтін де қабылдамайтын да! Оның спонсорлық қаржысының әр тиынын есептеп көрсетіп, жасаған жұмысымыздың нәтижесін нақты айқындайтынбыз. Айнұр нағыз американдық арманға сай, адалдық символындай Жаңа Қазақстан Азаматы еді... Міне жыл да өтіпті Айнұрдың арамыздан кеткеніне.  Ата-анасы, туған-жақындары, үш баласына ұзақ ғұмыр мен толайым жақсылықтар  болсын.

                                                                                                                             Махат Садық

Тұлпар өз иесінің құрметке, жомарт өз жұртының қошеметке бөленгенін көргісі келеді. Сүйек пен ниетке біткен жауанмәрттіліктің  үш анықтамасын Һакім Абай дәл сипаттаған. Атымтай жомарттың бойында болуы тиіс үш қасиет: шындық, кең пейіл, даналық екен-ді. Шындықтың шырақшысы  әділеттен аттамайтынын, пейілі кең кісінің жұртына шапхат-шапағаты тиетінін, бойына даналықтың дәні егілген жанның ақиқаттан алыстамайтынын кемеңгер көзсіз біліп айтқандай. 

Қара басын күйттеп өткен адам туған ұлтының мұңын мұңдамайды. Жоғын жоқтамайды. Ал ондай кісі нағыз бақыт пен қуанышты сезіне ала ма? Көзі тірісінде өзгелерді мейіріміне бөлеп, сүйікті Отаны үшін өмір сүрген, сол Отанының гүлденуіне септескен, өз ұлтының әрбір ұлы мен қызын шексіз жақсы көріп,  оларға хәдари-хәлінше қарлығаш көмегін көрсеткен жанның бірі – Айнұр Ұлықпанқызы еді. Оның ғұмыры тым қысқа болса да, артына қалдырған ісі –  мәңгілік үлгі. Өлмес ғибрат. Өшпес өнеге.

Ақиқатында, бес күн жалған өмір ұзақтығымен емес, мән-мазмұнымен өлшенсе керек. Айнұр Ұлықпанқызы көзі тірі болса, биыл елуге толар еді. Небәрі қырық тоғыз жасында дәріл бақиға аттана барған оның есімі тәуелсіз Қазақстанның тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. Ақ дидарынан ізгіліктің нұр-шұғыласы төгіліп тұратын Айнұрды жақын дос-әріптестері бұл күні елжірей есіне алады. Ерекше сағынады. Иә, оның аз ғана ғұмыры сәулелі сәттерге, шуақты шақтарға, мағыналы жылдарға толы болды. 

Генетика ғылымында әкенің қабілеті тікелей туған қызына берілетіні айтылады. Айнұрдың әкесі Ұлықпан Есілханұлы да есімі көпке танымал көрнекті ғалым. Асыл текті азамат. Сол Ұлықпан ағамыз Кеңес дәуірінің тұсында «Дос-Мұқасан» вокальді аспаптар ансамблін құруға ат салысқан кісі.  Әкесінің айтуына қарағанда, Айнұр бүлдіршін кезінен-ақ өте алғыр, зейінді, пысық қыз болғанға ұқсайды.  Әке-шешесі оны 2-3 жасында ауылдағы атасы Есілханның үйіне жіберіп тұрған екен. Ауылдан келген соң:  «Я Алла, ойдағымды ойда, қырдағымды қырда аман қыл» деп, тәтті тілі былдырлап, атасының сөзін айтып жүруші еді», - дейді әкесі. 

Мектеп қабырғасын қызыл аттестатпен тәмамдаған Айнұр Ұлықпанқызы 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әлеуметтану мамандығына оқуға қабылданады. Арада тура он жыл өткен соң саясаттану ғылымдарының кандидаты дәрежесін алып шығады. Саналы ғұмырын бұқаралық ақпарат құралдарының қоғаммен байланысына арнап, соның жолында бар күш-жігерін жұмсаған Айнұр Ұлықпанқызы журналистерді даярлап шығу бойынша жиырмаға жуық бағдарламаның бас құрылтайшысы, білім беру һәм қазақ әйелдерінің құқығын қорғау жобаларының идеялық дем берушісі бола білді. Ол әлемдегі, тіптен еліміздегі адам саудасына қарсылығын ашық білдірді. Арнайы өзі үкіметтік емес ұйымдарға, кәсіпкерлерге, БАҚ өкілдеріне ондаған тренингтер өткізді.

Айнұр алғашқы еңбек жолын «Қазақстан Каспий Шельф» компаниясынан бастады. Кейін он екі жылға жуық АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінде жұмыс істеді. Оның қайырқом, мейірбан болмысы жөнінде біраз жыл әріптес болған кәсіби журналист, бұл күндері «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті, Қазақстандағы Әйел журналистер клубының басшысы Нәзия Жоямергенқызы былай дейді:  «Айнұр жүрген ортасына, дос-жарандарына өте қамқор, мейірімді болатын. Оның осы қасиеттері жасаған әрбір әрекеттерінен байқалып тұрушы еді. Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы елшілігінде жұмыс істеп жүрген кезде Айнұрдың арқасында жүздеген қазақ журналистері Америкаға сапарлап, барып қайтты. Елге оралғаны  өз армандарын жүзеге асырды. Жоғары мемлекеттік қызметтерге тағайындалды. Қазір ағылшын тілін терең меңгеріп, жоғары оқу орындарында профессор атағын алып, жұмыс істеп жүргендері де бар. Осының бәрі Айнұрдың тек қазақ журналистеріне ғана емес, жалпы қазақ қоғамының дамуына қосып кеткен үлесі деп білемін. Айнұр досымыздың аты мәңгілік жасасын деген ниетпен 2021 жылдан бастап, Түркі тілдес журналистері қорының атынан «Еркін сөз» байқауында Айнұр Сыдықова атындағы арнайы қаржылай марапатты тағайындадық. Осы сыйлық жыл сайын табысталып, Айнұрдың атын өшірмей, жеңімпаз бір журналистке беріліп отыратын болады. Тәңірі алдынан жарылқасын. Жатқан жері жәннатта болғай!». 

Айнұр Ұлықпанқызы 2000 жылы өзі ұнатып қосылған жары Мұратпен шаңырақ көтереді. Көп ұзамай өмірге жанұясының тұңғышы Аида есімді қыз келеді. Ізінен Ахметжан, Әли-Мырза секілді шекесі торсықтай екі ұл туады.  Құдай сүйген құлын көп сынайды екен. Айнұр басына қара бұлт үйірілген сәттерде  мойымады. Сынбады.  Жолдасы Мұраттың дүниеден ерте озуы жүрегін қанша қан жылатса да, жасымады. Денсаулығы сыр берсе де, сездірмеді. Ұл-қыздарына ешкімнен кем қылмай жетілдірді. Өсірді. 

Оның ғылыми еңбектері мен тұжырымдамалары Америка мен Еуропа елдерінің біршама басылымдарында жарық көрді. Кейін ол жұмыс бабын «Шеврон» компаниясына ауыстырып, өмірінің соңына дейін осы мекемеде  абыройлы, адал қызмет атқарды. Айнұр Ұлықпанқызы дәл осы Америкалық «Шеврон» компаниясының атынан ұйымдастырылған әлеуметтік жобаларға ұйытқы болды. Оқу-ағарту, тарихи, мәдени жобалардың аясында тағайындалатын гранттарды  қазақ азаматтары жеңіп алса екен деді. Соның жолында бар көмегін аянып қалмады. 

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», - дейді халық даналығы. Белгілі саясаткер, тәуелсіз журналист Ермұрат Бәпи мырза жадында қалған Айнұрдың жарқын бейнесі жайлы біршама суыртпақтап сыр тарқатты.  Өткен естелігімен бөлісті: «Айнұр қарындасым АҚШ елшілігінде қызмет етіп жүрген кезде біздің «Дат» газетіне керемет көмегі тиді. АҚШ конгресі арқылы және Америкадағы әртүрлі қорлардан, қоғамдық, халықаралық ұйымдардан  беріліп жатқан гранттар, көмектер жөніндегі ақпаратты маған жеткізіп отырып: «Аға, тезірек жоба дайындап жіберіңіз. Осы конкурсқа сізді қатыстырайын, сіздің газетіңіз қоғамға қажет» - деп, менің өзімді тақымдап жүріп, сол гранттарды алып беруге көмектесетін. Сол екі мыңыншы жылдардағы баға бойынша  үш-төрт мың доллардың шамасындағы гранттар болатын. Біз де бір-екеуіне қатыстық. Батыс Қазақстанның, Маңғыстау өңірінің тарихын жазу жөніндегі шағын грантты жеңіп алдық. Жеңіп алдық емес-ау, Айнұр жеңіп берді. Соның өзі бізге үлкен септігін тигізуші еді. 

Содан кейін бір күні Айнұр телефоныма қоңырау шалып: «Аға біздің елшілік материалды грант бергелі жатыр. Соған қатысыңыз» - деп, өзі менің атымнан құжаттар дайындады. Бірнеше күннен соң, сол гранттардың қорытындысы бойынша мені елшілікке шақырды. Барсам, мен конкурстан бірінші орын алыппын. «Жұма-Таймстың» Дат газетіне жаңа шығып жатқан кезі еді. Түгелдей редакциялық техникаларды ауыстырып, жаңартып беруге грант берді. Процессорымен су жаңа он компьютер сыйлады. Осының бәріне Айнұрдың арқасында қол жеткіздік. Соңғы он жылдың көлемінде байқап жүрмін. Айнұр сияқты қоғамға, елге, халыққа жаны ашитын, жанашыр қазақтың қыз-жігіттері қазіргі елшіліктерде жоқ-ау деп ойлаймын. Әйтпегенде, біреулер шығып, тіпті біздің электрондық почтаға ақпарат жіберіп, осындай конкурсқа қатысыңыз деген ұсынысты құрғақ хабармен де айтар еді ғой. 

Батыс Еуропада, әсіресе Америкада оқу жобалары болды. Сол жобаларға Айнұр мына қазақтың балаларын тартуға күш салып жүретін.  Өзі қандай мейірімді, жүзі жарқын, әрдайым адамға ыстық ілтипатпен қарап жүретін жан болса, ұлтына да сондай жанашыр, азаматтық ықыласын селдей төгіп жүретін қыз еді, жарықтық. Шеврон компаниясының оқу программасы бойынша мен өзім де Балтимор қаласында оқып келдім. Американың «Батыр әйел» деген номинациялық сыйлығы бар еді. Бірде Айнұр қарындасым хабарласып:  «Сол сыйлыққа ұсынуға Қазақстаннан үміткер кім бар» деп сұрады. Содан біз, сол кезде елімізге танылып келе жатқан адвокат, қоғамшыл Айман Омарованы ұсындық. Қуанышымызға орай, Айман Омарова өтіп кетті. Кейіннен құжаттарының барлығын елшілік арқылы дайындап, Айман қарындасымыз «Батыр әйел» сыйлығын Америкадан алып келді. Кейінгі жылдары Қытайдан қашып келуге мәжбүр болған қызымыз Сайрагүл Сауытбайдың тағдырына байланысты маған ылғи қоңырау шалып, хабарласып, аға сол кісіні мынадай бір жобаларға кіргізейік деп өзінің ұсыныстарын айтып жүрді. Әйткенмен, саясатқа байланысты көбіне-көп «Шеврон» компаниясының қызмет ауқымы шектеулі ғой, Сайрагүлге қатысты жобамыз өтпей қалды. Айнұр қарындасым осы жағдайға қатты қапаланып еді. Айнұр секілді өзінің ұлтына сондай жанашыр, перзенттік парызы ақ-адал өтей білген, жанып тұрған қызымыздың өмірден ерте өтіп кеткені жанымызға қатты батады. Бірақ, осы Айнұрдың деңгейінде өзінің азаматтық мүдделілігімен, ықыласымен танылған адамды кезіктірмедім. Айнұр қайталанбас тұлға еді. Ойласам, көз алдыма ылғи Айнұрдың жадыраған жаз дидары келіп тұрады. Үлбіреген жүзі қандай аппақ болса, жүрегі де, ішкі дүниесі де сондай кіршіксіз таза қыз еді.  Сағынамыз. Жатқан жері жайлы топырағы торқа болсын. Айнұрдың мәңгілік мекені пейіштен бұйырғанына сенемін...», - деп шын көңілінен шыққан сөзін айтты. 

«Қазақ әдебиеті» басылымының басшысы Дәурен Қуат мырза Айнұрмен 1996-1997 жылдары танысыпты. Бұл Айнұр Ұлықпанқызының АҚШ-тың  «USAID» деген халықаралық ұйымында жұмыс істеп жүрген шағы екен. Дәурен Қуаттың айтуынша, Айнұр сол кездің өзінде қазақ баспасөзімен жұмыс істеу керек екенін түсініп, қазақ баспасөзін шетелдік дипломаттарға, бизнесмендерге, саяси тұлғаларға таныту жолында көп еңбектеніп жүрген көрінеді. Бір қызығы, Айнұр Ұлықпанқызының арқасында тәуелсіз қазақ басылымының тарихында болмаған оқиға орын алады. Ендеше, сол тарихи оқиғаның мән-жайын баяндап көрейік. 

«Жас Алаш» газетінің  жас тілшісі Дәурен ағамыз Айнұр Ұлықпанқызынан «Американың сол тұстағы елшісімен сұхбат құруға бола ма?» - деп сұрайды. Айнұр Ұлықпанқызы бір айға жеткізбей АҚШ елшісін «Жас Алаш» газетінің редакциясына алып келеді. Тәуелсіздік жылдарынан соң жаңа аяққа тұрған қазақ баспасөзі түгілі, мемлекеттік маңызы бар жиындардың өзіне көп бара бермейтін АҚШ елшісін Айнұр Ұлықпанқызы сұхбат беруге қалай көндірді? Осы оқиғаны естіп, қайран қаларыңыз хақ.  Бұл – «Жас Алаш» газеті тұрмақ, қазақ-орыс баспасөзінің тарихында болмаған нәрсе. Және Айнұр сол сұхбат барысында  қазақ журналистерінің сауалын қолма-қол һәм сөзбе-сөз ағылшын тіліне еркін аударып,  тамаша тәржімалық қызмет көрсетіпті. 

«Айнұр: «Мүмкіндік болса, тәжірибе-білім алмасып Америка барып келіңіздер. Біз соны ұйымдастырайық. Мұхит асып, тарихи басылымдарымен танысып келіңіздер» - деп ылғи айтатын. Айнұрдың арқасында бір топ журналистпен, атап айтар болсам Срайыл Сымайыл, Баян Қуандыққызы, тәуелсіз журналист Әсия Ақышова, және мен бармын, АҚШ-қа барып бір жарым ай тәжірибе алмасу курсынан өттік. Бірнеше қалаларында болдық. Әйгілі «New York Times» газетінің, «Fox News» ақпарат телеарнасының редакциясында болдық. Біраз дүниені көріп, көзіміз ашылды мысалы үшін. Алматыға оралған соң Айнұр бәрімізді қайтадан шақырып, жеке-жеке пікіріміз бен әсерімізді сұрады. Осындай бір қамқорлық көрсеткені есімізден кетпейді. Бізге ғана емес, қазақ журналистикасының бірнеше буынына, бізден кейінгі жастарға да әсер етіп отырды. Жыл сайын қазақ журналистерін топ-тобымен АҚШ-қа жіберіп, іс-тәжірибе алмасуына көмектесіп, кемелденуіне, көзін ашып келуіне үлкен көмегі тиіп отырды ғой ол қыздың. Жалпы осы қазақ қоғамының демократиялық құндылықтары қалай дамуы керек екені жайында өзі де бірнеше еңбектер жазды. 

Айнұр сондай іскер, жайсаң жан еді. Үнемі күліп тұратын. Адамдармен сондай бір шырайын беріп, жақсы ажармен сөйлесетін қыз еді. Өмірбақи өзін толықтырып, ізденіс үстінде жүретін. Зерттеулер жасады. Қазақ бақиға ерте көшкен адам туралы жақсы сөз айтады ғой. Айнұр да қазақтың маңдайына сыймай кеткен бір қызы. Шынын айтуымыз керек, Айнұр қазақтың бағына біткен қыз еді. Оның бойында ерен ұйымдастырушылық қабілеті, ұлтымды алға жетелесем деген арман-мақсаты болатын. Дүние салды дегенді естігенімде, денем түршігіп кетті. Ажал дегенге амал жоқ. Бірақ, Айнұрдың жарқын істері қалды. Біз сол қарындасымыздың арманына қарай ұмтылуымыз қажет деп ойлаймын», - дейді Дәурен ағамыз. 

Хош. Осыдан тура бір ғасыр бұрын өмір сүрген Қараш ұлы Ғұмар ақын:

«Алаш» атты орда құрып шалқығанын,

Бақ дәулеті туып өсіп балқығанын,

Әрбір істе қазақ исі аңқығанын,

Тірлікте көзімізбен көреміз бе?!»,- деген екен. Айнұрдың аңсаған арманы да осы еді. Оның бар ғұмыры осы бір жалғыз сұрақтың аясына сыяды. Адам ұрпағымен мың жасайды дейді дана қазақ. Мұрат пен Айнұрдың ізбасарлары барда, олар да бар. Ешқашан ұмытылмасы хақ. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар