Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Жарық пен сызық...

14.01.2025 302

Жарық пен сызық 14+

Жарық пен сызық - adebiportal.kz

(Хан Каңның Нобель мінберінде оқыған лекциясы)

Жүрегіммен мейірімді, жылуды, суық пен азапты сезінемін. Жүрек соғу жилігіме, тә­німдегі азық пен суға қажетсінуді қада­ға­лай­мын. Өзімнің жүріп бара жатқаныма не­месе жүгіріп бара жатқаныма назарымды бө­лемін. Жел, жаңбыр, қардың теріме келіп тиге­нін тамашалаймын. Қол ұстасқан сәттегі сезімімді барлағым келеді. 

Биыл қаңтар айында болса керек, өзім­нің шағын қоймамды ретке келтіріп, кө­шуге дайындалып жатқан болатынмын, көзім аяқ киім салатын ескі жәшікке түсті. Әлгі жәшікті ашып едім, ішінен балалық ша­ғым­ның елесі іспеттеніп бір күнделік ұшы­расты. Арасында өзі алақандай шағын жұ­қал­таң дәптер бар екен. Мұқабасына қарын­даш­пен «Жыр жинақ» деп жазып қойыппын. Жұқа болғанда қандай дейсіз ғой? Бес парақ A5 қағазды бүктеп, оны түптегішпен түптеп дәп­тер жасаппын. Мұқабадағы тақырыптың ас­тына иректеп екі сызық сызыппын. Бірі үстіге қарай алты ирек жасап, енді бірі төмен қарай жеті ирек жасап созылыпты. Бұл тегі мұқабаға салған қыстырма суретім бе, ән­шейін шимайым ба, есіме анық түспеді. Әлгі дәптердің артқы парағында «1979 жыл» деген жазу, оған қоса аты-жөнім тұр. Ішінде тұп-тұй­нақтай етіп сегіз өлең жазыппын. Әр өлең­нің астында жазылған уақыты ай, күні­мен таңбаланыпты. Сегіз жасымда жазған сол өлең­дерден риясыздығым мен сәбилігім мен­мұндалап тұр. Солардың ішінде сәуір айын­да жазған мына өлеңім айырықша назарымды аударды::
«Махаббат қайда?
Ол менің лүпіл кернеген кеудемде.
Махаббат деген не нәрсе?
Ол – біздің жан әлемімізді жалғаған алтын зер». 
Өлеңді бірден осылай бастап жазған екенмін. 

Өзімді лезде қырық жылдың алдына қай­тып барғандай, түс ауа сол дәптерді түптеп отыр­ған шағыма оралғандай сезімге кенел­дім. Қолымда қаламның сабына сұғып ұзар­тып алған жуан қарындашым бар, алдымда өшір­гіш тұқылы берекетсіз шашылған үстел. Әкем­нің бөлмесінен жасырып алып шыққан үл­кен түптегіш тағы бар, осылардың бәрі көз ал­дымнан керуендей тізбектеліп өтті. Үйі­міздің жуық уақытта Сеулге көшетінін білген соң, бөлек парақтарға, күнделікке, тапсырма дәптердің шетіне жаза берген өлеңдерімді реттеп жинап, бір кітаптың пошымына кел­тіріп қоюды ойлаған кезім есіме ап-анық түс­ті. Ал парақтарды түптеп болған соң, қан­дай да бір түсіндіруге тіл жетпейтін күр­делі сезім билеп, алақандай осы шағын дәп­тер­ді жан баласына көрсетуден қашқақтаған сәтім де іле-шала жадымда жаңғырды. 

Дәптерді орнына қойып, жәшіктің бетін жа­будан бұрын әлгі өлеңді телефоныммен фотоға түсіріп алдым. Бұлай істеуіме сол кез­де жазылған кейбір сөздер мен дәл осы шақ­тағы менің арамызда қызықты байланыс бардай сезілгені себеп болған еді. Менің кеу­демді әлі лүпіл кернеп тұрған болатын, жан әлемдерімізді жалғаушы әлгі алтын зер әлі сәулесін шашып жарқырап тұр еді. 

Содан он төрт жылдан кейін менің өлеңім тұңғыш рет баспа бетін көрді. Көп өт­пей келесі жылында-ақ әңгімем де жария­ланып, жазушылар қауымының қатарына қосылдым. Арада бес жыл өткен соң тұңғыш романым жарияланды. Ол романды жазуға үш жыл уақыт жұмсадым. Өлең немесе әңгіме жазғанда мені әуестік қана тербетсе, роман жазу барысы өзіне құмар етті. Кітаптарым әдет­те ең қысқа болғанда бір жылда, ең ұзақ болғанда жеті жылда тәмамдалады. Бұл үшін, әри­не, өзімнің жеке өмірімнің көбірек бөлі­гін құрбандыққа шалуға тура келеді. Шығар­ма­шылық мені өзім өзекті деп сенетін мәсе­ле­лердің шүңетіне тартатындықтан, осы жол­да бодау беруді жөн деп білдім. Түптеп кел­генде, мен мұндай рухани қарым-қаты­насқа шын ықыласыммен риза ниетте болып келдім.

Әр шығармамды жазған сайын мен тура осын­дай мәселелермен бетпе-бет келемін. Сол ойлар мен мәселелер иірімнің ішінде жа­­­­саймын. Иірімнің түбіне жеткен болсам, ол менің мәселенің жауабына қолым жет­кенінен дерек бермейді, жазуымның ақыр­лас­қаны ғана болады. Дәл сол кездегі мен, әуелгі мен болмай шығушы едім. Сол өзгерген қалпымда жаңа шығармашылық процеске еніп кетемін. Іле, тағы бір мәселе, мысалы, шынжыр сияқты бір шеңбер немесе домино картасы секілді (біреуі бәріне әсер ететін) бірі­не-бірі жалғасып, сабақтасып, жаңа шы­ғармалар жазуға жетелеп әкете береді. 

Үшінші романым «Ет жеуден тыйылған әйел­ді» (The VEGETARIAN) жазуға 2003 жыл­дан 2005 жылға дейінгі екі жыл уақытымды жұм­садым. Осы аралықта «Адамның мінсіз кемел болуға мүмкіндігі жете ме, жоқ па? Зор­лық шегі қай деңгейге жеткенде қарсылық көр­сету керек? Кісілік қасиеттерді түбегейлі тәрк ету үшін адамның басынан қандай жағ­дай­лар өтеді?» деген сұрақтар төңірегінде жауап іздедім. 

Романның бас кейіпкері Ёнхе зорлыққа қар­сы күрес тәсілі ретінде еттен тыйылуды таң­дайды. Ең соңында судан өзге нәр тат­пай­тын күйге жетеді, өзін өсімдік ретінде сезі­не­ді. Күлкілісі, «Өзін азат ету» үшін ажалға ба­рын­ша асығады. Ёнхе мен әпкесі Инхе – шын­дығында, осы романның екі бас кейіп­кері – күйреткіш болмысқа ие үрейлі түс пен жаралану барысында үнсіз шыңғырудан бір тынбайды. Ең соңында тағы бірге қалады. Ақырғы эпизодты жедел жәрдем көлігінің ішіне әдейі құрдым, себебі Ёнхе роман кеңістігінде болса да, тірі қалса деп ойладым. Же­дел жәрдем көлігі жан-жағын жасыл ағаш­тар көмкерген тау жолымен зулап келеді. Есін жиып, қиялды серпіп тастаған әпкесі терезеден тысқа көз тігіп отыр. Әлденені күтіп отырған секілді, мүмкін, әлденеге қар­сы­лық білдіріп отырған да сияқты. Бұл роман бас­тан ақыр «Тігіліп қарау, қарсылық ниет, жауап күту» сезімдерімен шарпысып отыра­ды. 

Бесінші романым «Грек тілі сабағын» (Grek Lessons) жазған кезде мен нақты түйт­кілмен арпалысуды тіпті де тереңдете түс­кен­дей болдым. Егер біз бұл жалғанда сөз жоқ өмір сүруіміз керек болса, зады қандай сәттер мүмкіндікті арттырады? Тілден қалған бір әйел мен көзі көрмейтін бір еркек қараңғыда, үнсіздік құшағында құлазып, өзара жолығып қал­ғанша жүре беруге тиіс. Шығармада бей­нелеу процесіндегі нақтылыққа тұтасатын мезет­терді ұстауға тырыстым. Туынды өзінің баяу ритмін бұзбайды. Ең соңында әйел ты­ныш­тық пен қараңғылықтан өтіп, еркекке қа­рай алақанын созады, еркектің алақанына бірнеше әріп жазғанға дейін жалғасады. Осы бір сәт абсолютты ұзарып, мәңгілікке айнал­ған­дай сезіндім. Екі кейіпкер сол мезетте бір-біріне өздерінің ең мамық, ең нәзік пейіл­дерін ұсынады. Осы арада мен «Адамзаттың ең мамық, ең нәзік болмысына зейін салу ар­қылы жоққа шығаруға мүмкіндік бермей­тін жылулықты сезуге болар ма? Онсызда қа­тыгездікке толы осынау әлемде қамшының са­бындай келте ғұмырды сүруіміз керек пе?» деген сұраққа жан-жақты жауап іздеуге ты­рысып көрдім. 

Бұл мәселенің шүңетінен өткен соң, келесі кітабым турасында ойлануға отыр­дым. Бұл «Грек тілі сабағы» баспадан шық­қанына көп бола қоймаған шақ, шамасы, 2012 жылдың көктемі еді. Өзім іштей тереңге үңі­луді қаладым, жарық пен жылуға иек арт­қан шығарма жазуым керек деп ойладым. Бұл менің тұнық һәм тіршілік энергиясымен біте қай­насқан туындым болатын еді. Әрине, көп уақыт сарп қылмай, тез арада бір тақырып тауып алдым. Жиырма бет жазған соң тоқ­тау­ға мәжбүр болдым. Жүрегімнің түпкірін­дегі әлдеқандай бір түйін бұл романды жа­зуы­ма мүмкіндік бермейтінін түйсіндім. 

1980 жылдың қаңтар айында, менің то­ғыз жас кезім еді, біздің отбасымыз Кванд­жу­дан көшті. Әлденеше жылдан кейін кітап сө­ресінен байқаусызда «Кванджу альбомы» де­ген бір кітапты көріп қалғанымда мен жиыр­ма неше жаста болатынмын. Үйде үл­кендердің жоқтығын пайдаланып, әлгі кі­тап­ті парақтауға кірістім. Сол күннен бастап «Адам баласы өз зәузатына неліктен соншама зор­лық, қатыгездік қыла алады?» деген сұрақ­тың тұңғиығына шым баттым. Бұл сұрақ менің жүрегімді тынымсыз бунағанымен қоймай, ешқашан шешілмес түйін болып шықты. 

Сонымен, 2012 жылдың сол көктемінде, мөл­дір де өмір шуағына бай әлгі романды жа­зу­ға отырғанымда осы бір сұрақ ады­мым­ды аштырмады. Мен ол кезде адамзатқа сенуді түбегейлі доғарған болатынмын. Ен­деше, мен қайтып мына әлемді құшағыма баса алмақпын? Егер тағы да ілгерлеуге тура келетін болса, онда осы бір шешімі жоқ қиын сұраққа бетпе-бет келуім кәдіксіз еді. Ал шы­ғармашылықтың осынау проблемалардың барлығынан асып өтетін, осылардың бәрінің еңсесін баса алатын жалғыз амал екенін сол кезде толық түсіндім. 

Сол жылдың көп уақытын жазбақ болған романымның жоспарын жасаумен өткердім. Қарап тұрсам, 1980 жылғы мамыр айы роман­ның бір бөлімін құрайтын сияқты. Содан «бұл романым тек Кванджуды арқау етпейді, Кванджуға зейін салады» дедім өзіме. 

Романды қалай жазсам екен деп экспе­ри­менттермен үзеңгілесіп жүрген кезімде, ойы­ма екі іс жиі оралып отырды. Жиырмаға шық­қан кезімде жаңадан бастаған күнде­лі­гім­нің бірінші бетіне «Осы шақ өткен шаққа кө­мектесе ала ма? Тірі адам өлгендерді құт­қара ала ма?» деп жазып қойыппын. 

Бара-бара оқыған кітабым көбейіп, ой­ла­рым тереңдеген сайын бұл мәселеге жауап қай­тарудың мүмкін еместігіне көзім жете бас­тады. Адам баласының ең қараңғы қал­та­рыс әлемін тынымсыз кезіп, адамдық қасиет­ке сенімім түбінен қопарылып құлап түскен болатын. Бұл романды жазбай-ақ қоюды да ой­лаған едім. Бірақ түнгі мектепте дәріс бере­тін бір жас мұғалімнің күнделігін оқып қа­лып, ойым бірден өз жөнін тапты... Күнд­елі­гін­де ол: «Өзімнің кісілігімді неге аяусыз ша­­­бақтай беремін? Тірі жүруді қаншама армандаймын деші!», – депті. 

Осы сөздерді оқығанда денемді электр ток­пен ұрғандай сезімде болдым, солайша жаңа романның қай нысанға бағытталуы ке­рек екенін де түсіндім. Әлгі екі сұрақты кері­сінше қою қажет екенін де білдім. 
«Өткен шақ осы шаққа көмектесе ала ма?
Өлілер тірілерді құтқара ала ма?»

Кейіндеп «Осының бәрін адам істеді» (Human Acts) романын жазу  барысында кейбір сәт­терде өткеннің бүгінге көмектесетінін, өлі­лердің тірілерге көмектесіп жатқанын анық сезініп жүрдім. Жоғарыда аталған альбомның «Адамзат неге сонша қаныпезер?» деген сұрағы мені бәрібір азаптай берді. Адамзат қайт­се алапат күшке ие зорлықты жеңе ала­тын қуатты таба алады? Адамзат деп атала­тын жаратылыстың беретін мәні қандай? Адамзаттың қаныпезерлігі мен оның қадір-қасиеті сынды осынау қос абсолюттың ара­сы­нан болашаққа жалғанған сүрлеу табу үшін мен өлілердің көмегіне жүгінуге мұқтаж болдым. «Осының бәрін адам істеді» рома­нын­дағы бала Доңхоның (Dong Ho) анасы­ның қолынан жетелеп күн сәулесіне қарай бастағаны секілді. 

Әрине, өткен істерді өзгертуге шарасыз­бын. Өлілер мен тірілердің немесе олардың от­басындағыларға төлем жасауға да амалым кем еді. Менің жалғыздан жалғыз қолымнан келетіні – Тәнімдегі қозғалыс мүмкіндігіне ие түйсігімді, сезімімді, тіршілік қуатымды олар­ға бере тұру ғана болды. Осындай мұра­тым арқылы шығарманың басталар жеріне бір, аяқталар тұсына бір балауыз шамнан жа­рық тамызып қоя алдым. Шығарма бас­та­лар жерде қаладағы спорт сарайында он бес жасар Доңхоның мәйітке ақ мата жауып, бір тал балауыз шам тамызған эпизодын сурет­тедім. Доңхо болса, әр жанған балауыз шам­ның көкшіл алауына жым-жырт тесіліп қарай береді. 
Бұл шығарманың корей тіліндегі аты 

«소년이 온다». «온다» деген «오다» дегеннің осы ша­ғы. Ол екінші жақ «сен» боп аталған кезде буалдыр жарық ішінде көзін ашып, оянып, бо­ла­шақты іздейді. Оның әр қадамы біртін­деп жақындап, дәл осы шаққа айналу күшіне ие. 

«Кванджу» деген сөзді адамзаттың қаны­пезерлігі мен қадірі бірге өмір сүре ала­ты­ны­ның символы ретінде пайдаланғанымызда, атау өзгешелігін жоғалтып, қарапайым зат есімдер қатарына қосылады. Бұл кітапті жа­зып отырғанда ол («Кванджу») ұдайы уақыт пен кеңістікті артқа тастап, біздің қарсы ал­ды­мызға келе беретінін, мейлі қазір болса да солай болатынын түсіндім. Онымен бірге мәң­гі осы шақ күйін кешіруге болатындай се­зім кештім. 
Бұл кітап жазылып бола салып, 2014 жы­лы көктемде жарық көрді. Оқырмандарым бұл шығарманы оқыған кезде тартқан азаптары туралы маған айта бастады. Бұл мен үшін күтпеген жайт еді. «Жазу барысында өзім бастан өткеріп, жүрек көзі көрген аза­бым мен оқырмандарым меңзеген азаптың ортасында қандай байланыс бар? Мұндай азаптың астарында не жасырынып жатуы мүмкін? Адамгершілікке қатты сенім артқан кезде оған селкеу түссе, пенде үшін тәніміздің әлдебір тірегі күйреп кеткендей сезім кешеміз бе? Адамзатты бәріміздің сүйгіміз келеді. Ал мұндай сүйіспеншіліктің қирағанын көрген­де, біз жан төзгісіз қасіретке душар болуымыз мүмкін бе? Махаббат, сүйіспеншілік азаппен қо­сақталып жүретін болғаны ма? Кей азап пен қасірет шынымен де махаббат пен сүйіспеншіліктің бейнесі ме?» деген сұрақ­тар­мен қайтадан кездесуіме тура келді. 

Сол жылы маусымда бір түс көрдім. Түсімде шеті көрінбейтін қиыр дала­дан өтіп барады екенмін. Ұшқындап қар жауып тұрса керек. Сан жетпес кесілген ағаш түбірлеріне көзім түсіпті. Олар осынау далаға сән беріп тұрған секілді. Ал сол қаптаған қара түбірлердің әрбірінің тасасында бірден мола жасырынған екен. Тосыннан су кешіп кет­кен­дей болдым. Бұрылып қарасам, көкжиек деп ойлағаным осы жазыққа құйылып жат­қан теңіз суы екен деймін. Мұндай жерде не үшін мола болады деп таңданып жатырмын. «Теңіз жағалауындағы жазықта молаларда жатқан мәйіттерді теңіз шайып кете ме екен? Жоғары жақтағы сүйектерді жылдамырақ қи­мылдап көшіріп әкетсем қалай болар? Тіп­ті, қолымда күрек те жоқ екен ғой». Ояна ке­ліп терезе сыртындағы қараңғылыққа үңіл­дім. Осы түсімнің маған бірдеңені сезін­діргісі келетініне сенімді болдым. Түсімде көр­гендерімді естелікке алып жатып, осы түсімнің келесі романыма беташар болуы мүм­кін екенін ойлағаным жадым мөрленіп жатты. 
Сонда да қалай бастайтыным бұлдыр бо­ла­тын. Сонымен осы түске байланысты ту­ған әңгімелерді құрастыра бастадым. Көп өтпей құраған мәтіндерімнен шетінен бас тартып отырдым. Сөйтіп жүріп, 2017 жылы желтоқсанда Чеджу аралынан бір үйді жалға алдым. Онан кейінгі екі жыл бойында Сеул мен Чеджу аралының ортасында жолаушы болып көп жүрдім. Чеджудің орманында, теңіз жағасында, ауылдарының арасындағы жолдарда серуендеп, Чеджудің климатын, боранын, қары мен жаңбырын, күні мен түнін сезіне жүріп, ақырындап осы шығар­ма­ның нобайын құрастырып шыққандай бол­дым. «Осының бәрін адам істеді» романы сияқты тірілерді қырғындауға қатысты де­рек­ті хикаяларға молынан қанықтым. Жи­наған материалдарымды үздіксіз сараптадым. Ақырында, өзімді мейлінше сабырға шақыра отырып, шығармада адам нанғысыз аянышты да үрейлі деректерді еш әсіресіз баяндауға кірістім. «Қоштаспаймыз» (We Do Not Part) ат­ты туындым осылай өмірге келді. Бұл шы­ғар­мам қара түсті түбірлер мен теңіз суы шай­ған молаларды көргеннен кейін тура жеті жылдан соң тәмамдалды. 
Осы кітапты жазуға дайындаған есте­лі­гі­ме: «Жан атаулының өмір сүргісі келеді. Жан дегеннің өзі – жылу.
Ал өлім мұздай суық тартып тұрады, онда бет­ке тиген қар ұшқыны ерімейді. 
Өлтіру дегеніміз – жанды мұздай суыту.
Адамзат тарих ішінде, әлем аясында жа­сайды.
Жел мен теңіз ағысы секілді, бүкіл әлем­де­гі су мен ауа да тынымсыз айналыс, үздік­сіз қозғалыста болады. 
Барлығымыз тұтасып жатырмыз, тұ­та­сып жатсақ екен деп тілейміз», – деп жа­зыппын. 

Роман үш бөлікке бөлінді. Егер бірінші бө­лім көлденең саяхат деуге келеді: әңгімені баян­даушы Генхеге Сеулден шыққан соң, қар­лы даланы кесіп өтіп Чеджудағы досы Ин­­сонның үйіне барады. Оның күтімін қа­рау­­ды тапсырған құсын құтқарып алады. Екін­ші бөлім тігінен жасалған саяхат десек болады: ол Генхе мен Инсон үшеуі адамзаттың ең қараңғы түні, яғни, 1948 жылғы Чеджудағы ха­лықтың қырғынға ұшыраған қыс мезгілін­де  теңізге батады. Соңында, үшінші бөлікте ек­еуі теңіз түбінде балауыз шамға от тамы­зады. 

Романда екі достың балауыз шамды ке­зек­пен көтергені секілді, сол екеуінің итер­мелеуімен, жетелеуімен алға жылжитын шынайы кейіпкер бар. Ол кейін Генхе мен Инсонның байланыс дәнекері болған Ин­сон­ның анасы Чон Сим болатын. Ол Чеджу қырғынынан тірі қалды. Туысының мәйітін тауып алған соң, марқұмды жерлеу салтын салтанатты етіп өткізуге тырысады. Аза білдіру рәсімін аяқтауға қарсы болады. Ауыр азап екенін біле тұра марқұмды ұмытуға, онымен қоштасуға келіспейді. Ал ол әйелдің жеке өміріне назар салсаңыз, көзіңізге не көрінуі мүмкін? Ішектей созылған ұзақ уақыт бойы оған серік болған тек күреңіте лайлан­ған оттай ыстық азап пен махаббат күйігі. Менің­ше, дәл қазір өзіме «Қай деңгейге дейін сүйе аламын? Сірә, біздің шегіміз қай маңда? Өмір­дің шегіне дейін кісілік болмысты сақтау үшін біз тегі қай деңгейге дейін сүйе білуіміз ке­рек?» деген сұрақтарды қоюым керек се­кілді. 

«Қоштаспаймыз» романының басылым көр­геніне үш жыл болған екен. Десе де, келесі ро­манымды әлі аяқтай қоймадым. Асылында, «Қоштаспаймыздың» соңынан ілесе шығуға тиіс­ті әлгі кітабымның күтіп жатқанына да бір­ш­ама уақыт болды. Кітап формалық-сти­ль­дік жақтан «Ақ кітаппен» (The White Book) байланысты еді. «Ақ кітапты» мен дүниеге келе сала екі сағаттан кейін пәниден бақиға озған әпкеме арнауды мақсат еткенмін. Тәні­міз қандай бір өзгерістерді бастан кешсе де, бүл­діруге болмайтын нәрселеріміз болуға тиіс деген ойды індету ойымда болған. Қан­дай шығармамның қашан аяқталатынын біле ал­масам да, жазу жылдамдығым қанша жер­ден баяу болса да, жазуды тоқтатпаймын. Өзім­нің жазып болған кітаптарымды айна­лып өтіп, келесі бір бұрылыстардың бірінде сол кітаптардың сұлбасы көрінбей қалғанша алдыға ілгерлей бермекпін. Өмірімнің соңғы нүктесіне дейін жүрісімді доғармаймын. 

Олардан алыстағанымда, менің кітабым ме­нен бөлініп, өздерінің өмірін жалға­с­тыра­ды. Жазмыш тақтайшасына жазылғаны бойын­ша шалғайларға жорта береді. Әпкесі мен сіңлінің жедел жәрдем көлігінің ішінде мәң­гілікке отырғанындай, терезе сыртын­да­ғы жап-жасыл жалынмен араласып алға жүйт­кігендей. Әлгі әйелдің ауызын ашып қайтадан сөйлейтұғын кездегі сол бір тастай қараңғылық құшағында тұрып, саусағымен еркектің алақанына жазу жазғанындай. Немесе, бейне менің әпкемдей, мына дүниеде екі сағат қана аялдағанындай. Анамның өз нәрес­тесі қашанғы көз жұмғанша: «Өлмеші, өтінейін, өле көрмеші» деп жалынып отыр­ға­нындай. Сол бір рухтар, жандар  қаншалық­ты ұзаққа самғай алмақ? Көзімді жұмсам болғаны, қоңыр түсті сәуле шашқан жандар, тілмен жеткізуге болмас жылы жіппен орап қойған жандар елес береді. Балауыз шамдар қан­шалық алысқа сапар шеге алар екен? Әр­бір қиялдауға жігер жетпес қатыгез күштер ойран еткен уақыт пен кеңістік түйілісінде жара­сым тапқан балауыз шамдар, қоштасу туралы бір ауыз сөз айтпаймыз деген антпен бірге биікке көтерілген балауыз шамдарды айтып тұрмын... Осылардың барлығы алтын реңді жіпті бойлап, бір шырақтың өзегінен және бір шырақтың өзегіне дейін, бір жүрек­тен және бір жүрекке дейін қозғалмақ екені шын ба?

Аяқ киімнің ескі жәшігінен шыққан сол бір пышақтың қырындай ғана ескі дәптерде қат­талуынша, өткен шақтағы менің көкіре­гімде 1979 жылы сәуірде мынадай сұрақтар туындаған екен: 
«Махаббат қайда?
Махаббат деген не?».

2021 жылы күзде «Қоштаспаймыз» бас­падан шыққан кезде «Дүние неге соншалықты зорлық пен азапқа мелдектеп толып қалған? Сон­дай бола тұра, осы дүние неліктен сон­ша­ма әсем?» деген сұрақ тұла бойымен менің өзегім деп сезініп жүрдім. Әлдебір мезгілге дейін осы екі сөздің арасындағы тарту күші мен жүректің лүпілі менің шығармашылы­ғым­ның шабыт қайнары деп жүрдім. Тұңғыш романымнан тартып, ең жақын арада нүктесі қойылған шығармама дейін, маған серік бо­лып келе жатқан мәселелерім тынымсыз өзге­ріп, тереңдеп кетсе де, сонау екі ауыз сөз әйтеу өзгеріссіз қалды. Солай деп жүргенде, осы­дан екі әлде үш жылдың алдында менде күдік туа бастады. Мен шынымен де «Осының бәрін адам істеді» романын баспадан шы­ғар­ғанда ғана өзімнен махаббатқа қатысты, арамызды тұтастырып тұрған азап туралы сұрақ қоя бастап па едім? Ең ертеде жазылған әңгімемнен бастап, жақында ғана аяқтаған романыма дейін менің, сірә, айналсоқтап жүрген сұрағым махаббатқа қатысты емес пе еді осы? Махаббат менің өмірімдегі ең ескі, ең түпкі өзек-желі еді ғой?

1979 жылы сәуірде әлгі бала: «Махаббат менің жүрегім деп аталатын құпия жерде» (дүп-дүп деп соғып тұрған кеудемде) деп жазған еді. Ал махаббат деген не деген сауалға ол «Біздің жүрегіміздің арасын жалғайтын алтын зер» деп жауап беріп еді. 

Жазу барысында бүкіл денем іске кі­рі­сіп, өз функцияларын тізіп көрсе­те бастайды. Көзбен көремін, құлақпен ести­мін, мұрынмен иіскеймін, тіліммен дәм сезе­мін. Жүрегіммен мейірімді, жылуды, суық пен азапты сезінемін. Жүрек соғу жилігіме, тә­німдегі азық пен суға қажетсінуді қада­ға­лай­мын. Өзімнің жүріп бара жатқаныма не­месе жүгіріп бара жатқаныма назарымды бө­лемін. Жел, жаңбыр, қардың теріме келіп тиге­нін тамашалаймын. Қол ұстасқан сәттегі сезімімді барлағым келеді. Денемнің электро­магнитті толқын тарататыны секілді бойым­да ыстық қан шапшып жатқан қарапайым адам ретінде тәнімнің әр сезімін құнттап, сөй­лемдерімнің арасына сіңіруге талпына­мын. Дәл осы жүректің толассыз лебі оқыр­ман­дарыма жеткенін сезінген мезетте бойым­да дүрілдеген ыстық ағын жүгіреді. Бөлек­ше әсер аламын. Сондай сәттерде бізді өзара жалғап, тұтастырып тұрған жаны бар ал­тын сызықтың оқырмандарыма сигнал беріп, жүректеріне жол тапқанын қайталай сезінемін. Осынау сызық арқылы менімен руха­ни сұхбат жүргізген және бұл байланыс­ты алдағы болашақта жүргізетін барлық адам­ға шынайы ықыласпен зор алғыс білдір­гім келеді.

          “Түркістан”  газеті.

Қытай тілінен аударған – 
Арман ӘДІЛБЕК


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар