Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №14 шығарма...

28.04.2023 8406

«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №14 шығарма 14+

«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №14 шығарма - adebiportal.kz

Көз байланғанда

хикаят

Қадірлі оқырмандар, Janr Жетісу әдеби клубы республикалық «Жетісу көктемі» прозашылар байқауын жариялаған болатын. Байқауға келіп түскен шығармалар, автордың аты-жөні көрсетілмей реттік нөмері бойынша жарияланып, жүлдегерлер қазылардың шешіміміен анықталатын болып белгіленген. «Жетісу көктеміне» келіп түскен №14 шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Бүкіл өміріңді ақша табуға арнау-өліммен тең.»

Асанәлі Әшімов

«Телміріп алған теңгеден тер төгіп тапқан теңге жұғымды.»

Халық мақалы

«Байлық-қанағат пен еңбекте.»

Ыбырай Алтынсарин

- Мәссаған, мына бір әнші жиырма миллионның сағатын тағады екен. - Әділ телефонының экранына сілекейі шұбыра қарады.

- Оны айтасың, жарты денесіне шүберек жетпей қалған мына блогер әйел күніне сонша ақша табатынына иланасың ба? - Мақсат досына қарай жамбастай жылжып, оның сөзін қостай түсті.

- Өмір осылардікі деші. Біздікі әншейін тырбың ғой, - деп Әділдің көңілі әлденеге қоңылтақси қалды.

- Біздікі тіпті тырбың да емес, ит тірлік, - деп Береке жастығынан шынтақтай көтерілді. –Жалдамалы бір бөлменің ақысын сойталдай төрт жігіт бірігіп әрең төлейміз. Өйткені құрылыста, әркімге бір жәутеңдеп тиын табамыз. Күнде кешке қуырылған кеспе жегенімізге мәзбіз.

- Оның өзін Әділден басқа ешкім қуыра алмайды, - деп   әңгімеге әзілдей араласқан Байжан жігіттердің қатарына жерге төсегін сала бастады.

- Әнші, бишілерді қайтеміз. Ең бастысы- осы айда еңбегіміздің ақысын өткен жолғыдай жырымдамай берсе болғаны, - деп Мақсат ұйқы аулына аттанудың қамын жасай бастады.

- Сол жолы ана жылпос прораб жоқ жерден ши шығарып, «жұмыс сапасыз» деп сылтауратып, келіскен ақшадан әлдеқайда аз төлеген. Кешқұрым бір қалтарыста кездесе қалса, басына қап кигізіп қойып сабауға кәдімгідей құмартып едім өзін. - Береке мамығы қашып, мылжаланып қалған жастығынан жүзін ала беріп, кіжіне тіл қатты. Оның бұл зілді кейісін қалжыңға жорыған серіктері жеңіл күлді де қойды.

- Жігіттер, мына қызықты қараңдар. Белгілі әнші ұлының тойында қонақтарына гауһар тасты әшекейлер таратыпты, - деп өзеурей берген Әділдің сөзін бұл жолы ешкім қостамады.

- Бай-бағландардың өмірін қызықтаудан не пайда? Көңілің бұзылмай тұрғанда ұйықта, - деп қалжыңға жыға ақыл айтқан Байжан Әділді ұйқы патшалығына шақырды. Бәлкім, Әділ досы түсінде өзгенің қолындағы қазынаға көзін сатпай, өзі де олжалы болып қалар.

Басын бүркеп алған Берекенің осы сәт шынымен-ақ көңілі нілдей бұзылып үлгерген еді. Тапқан-таянғаны бір тамағынан артылмай жүрген, жас болса да, тағдырынан теперіш көрген жігіттің көіілі өзіне қайдан толсын?! Маскүнем әкеден мейірім көрмей, балалық шақтың қызығын ембей, көп шаттықтан кенде қалған көңілі қалай бақыттың шырағын жақсын?!Әлдеқашан үйлі-баранды болып кеткен аға-әпкелерінің жатбауыр қылықтарынан әбден көңілі қалып, содан да жалғыздық аулына жиі ат басын шапып, пұшайман халде жүрген Берекенің жанынан маза қашқалы қашан? Жұмыр жер бетінде алыс ауылда ұл-келінінің қолына қарап қалған жалғыз анасынан басқа жақыны жоғын мойындаған сайын жүрегінде суық дауыл көтерілетін. Сол суық дауыл жан әлемінің бұлтарыс-қалтарысын тегіс аралап, суытпай қоймайтын. Жүрегінде ойнаған ызғарлы жел саябырсыған бір сәтте марқұм әкесіне деген ашу-ызасы ояна берді. «Масқара болғанда аязда үсіп өлдің ғой. Арақта арғы атаңның кегі кеткендей ішіп едің, ақыры не таптың? Сүйегімізге таңба болпы, «әкелері ішіп жүріп, аязда үсіп өлген» деген ағайын-туыстьың табасына қалдырдың. Менің кішкентай күнімде санаңның бір сергек сәтінде «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп есіктің алдына төрт түп қарағаш егіп едің. Төрт балаң бары сол кезде есіңе түскен-ау, сірә. Ал сол талдан не пайда мына ұлыңа? Егер сен отырғызған төрт ағаштан ақша жауса, тасасында тапжылмай жатып күтер едім ғой. Сенен қалған ештеңе жоқ, әке. Балаларыңа тал қалдырғанша, қора-қора мал қалдырсаң етті. Онда, мүмкін, шалғайдағы ауылдан Алматыға тентіремес пе едім, кім білсін?! Иә, сенен қалған бір ғана белгіні ұмытыппын. Өзіңнің сүйкімді келбетіңді маған құйып бергенсің. Бірақ ол күн дидарыңнан пайда көрген кезім жоқ.» Әкесіне деген ашуы қайнап, ұйқысы шайдай ашылған Береке орнынан созалаңдай тұрды. Аядай бөлменің қапырық ауасын желдетпек болып, терезені күшке салып, әупірімдеп ашты. Сол-ақ екен, тыстан борсыған сасық судың жиіркенішті иісі ішке лап қойды.

- Құдайдың жазасы, - деп терезенің ілгегін қайта бекіткенше асыққан жігіт мұрнын тыржитты. Лас ауа бөлме ішіндегі тар ауамен қойындасып, тіптен тыныс алғысыз жағдайға жеткізді. Мұның қыбырынан оянған Байжан кейісті үнмен:

- Терезені неге аштың? Даладағы антұрған иіс кірмесін деп, әдейі бекітіп қойып едім, - деді.

- Ұмытып кетіппін, - деп күңк еткен Береке көрпесін басына тас қып жапты.

Жаздың қысқа түнінің етегі тез-ақ қымқырылды. Әйткенмен ұйқыларын қиып, ерте тұрған ешкім болмады. Өздері «жарты патша» атайтын бригадир Сейіттің «ертең жақсылап тынығыңдар» дегені бұларға «ұйқыда кеткен ақыларыңды қайтарыңдар» дегенмен бірдей естілген. Тұруға ыңғай білдірмей сұлап жатқандары да содан. Әрі «Ерте тұрғын еркектің ырысы артық» деп таңмен таласа тұрса да, төгіле қалар құт-береке көрінбейді. Түске таман жігіттер қыбырлай бастады. Онда да асқазандарында ысылдай бас көтерген аш жылан бұдан ары төсекте тыпыршытып қоймады. Өре түрегелген төртеу тірлік қамына кірісті. Әділ ас дайындайтын бұрышта, Мақсат төсек жинау қамымен күйбеңдеп жүр, Байжан тыстан шелекке толтырып шүпілдетіп ішер су әкелді. Береке ғана аулада арлы-берлі адымдап, әлденеге алаң.

- Бәке, қабағың кіртиіп тұр ғой. Прорабпен төбелескеннен саумысың түсіңде? -деп кекеткен Мақсатқа түксие бір қарады да тіс жармады.

- Әлде жиырма миллион тұратын алтын сағатты әншіден шешіп алып, енді білегіңе таға бергенде оянып кеттің бе? - деп Әділ де әжуа аралас әзілін тұздықтай түсті. Оған да жауап қатпаған Береке іштей арпалыс күйде шиыршық атып тұр еді.

- Бұл бос күлкі, мағынасыз уақыт өткізу мен үшін емес. Алматыға келгелі үш жылдың ішінде не береке таптым? Жоғары білімім болмаған соң қара жұмысқа жегілдім. Екі қолға ұстаған бір күрекпен күреп ақша таппадым. Жыртықты жамап киердей болып жүрген түрім болса мынау. Мен осы өмірге лайықпын ба? Бұл өзі өмір ме? - Тордағы арыстандай ерсілі-қарсылы адымдап, қолқаны қапқан лас ауадан шіміркеніп сәл тұрды да, лажы құрып кеудесін кере жұтты.

-Бәке, түсте жайылған таңғы дастарханға кел. «Таңғы нәсіп тәңірден» деп ішіп-жеп қояйық. - Есіктен басын қылтитып, бұны асқа шақырған Әділді көп күттірмей жер үстелдің бір шетіне дүмін басты. Қалаға келгелі үйренісе алмаған бір заты-осы жер үстелді алқа-қотан отырып, малдас құрып шай ішу. Өзгелері әдеттерінше орнығып, асқа қасық сілтеп отыр.

-Құрғақ қасық ауыз жыртпасын деп, жұмыртқа қуырып қойдым. - Әділ аспаздық өнеріне бір жылы сөз дәметкендей бодды.

-Жаратушымыздың әділдігінде шек жоқ, өңшең қазан ұстай білмес қазанбұзарлардың ортасына осы Әділді топ еткізгенін қайтерсің. Құданың құдіреті, - деп Мақсат жұмыртқадан аузын толтыра асап, әңгіме бастады.

-Иә, қазанның жайын білетін Әділ болмаса, біз үшеуміз аузымыздан қара су ағып өліп кетер едік қой, - деп Байжан ақ жарма күлкісіне басты. Берекенің осы жігітке таңы бар. Төрт құбыласы сай, көңілі жай адамдай үнемі сабырлы, шүкіршіл. Қуырылған жұмыртқаға бола Әділді сонша мақтағанының астарын түсіне алмаған Береке қасығын табадан сілкіп ала беріп:

-Майы тым көп, - деді.

-Не нәрсенің де көп болғаны жақсы. - Мақсат мұның қасығы ілмей қалған бір түйір жұмыртқаны қағып түсірді. 

Шай ішіле сала, әрқайсысы өз тірлігімен айналысып кетті. Бірі кірін жуып, енді бірі шаштаразға барып дегендей, абыр-сабыр бола қалысты. Мақсаттың сөзімен айтқанда, «адами болмыстарына қайтып оралу үрдісін бастан кешіріп жатыр.» Береке ауылда жүргенде кір жумайтын, анасы ұдының киімдерін мұнтаздай етіп жуып, үтіктеп қоятын. Қалада өзі үшін ең жеккөрінішті істі қолына алмай, қалта телефонынан жаңалықтар легін қосты. Әншілердің көзді арбайтын жұлдызды өмірлерінен сыр шертетін парақты төмен сырғыта беріп еді, «Алаяқ жігіт бес әйелді сан соқтырды» деген айғай ат таңылған ақпаратқа жетіп тоқтады. Мақаланы ашып еді, ішінде тұшымды ештеңе жазылмапты.  «Қалай алдағанын жазбаған ба? Еркек соншама әдемі, ақылды ма, яки бұрымдылардан біржолата ес кеткен бе?»-деп екіұшты ойға қалды. Табан астынан санасында жарқ еткен жасын ойдан есін жия алмай қалды. «Мүмкін, бұл менің жолым шығар. «Есектің артын жусаң да, мал тап» деген. Есектің артын жуып қайтейін, еркек десе естен танатын қалталы әйелді жағаламаймын ба?» Ішкі ойынан өзгелер сыр алып қалмасын деп, мысықша жылжып, жартыкеш айнаның алдына келді. «Сынған айнаға қарама, сағың сынады» деуші еді анасы. Сағын сындырмауға арын шынжырлауға тас түйін бекінген Береке айнадағы өз бейнесіне тесіле қарады. «Тауарым өте ме, өтпей қапы кетем бе?» деп қауіптенген бақалшыдай өне-бойына тінте көз жүгіртті. Сонда көріп көз қуантқаны-өзінің қара жұмыстан, тынымсыз ауыр еңбектен біржолата қажып кетпей, о бастағы көрікті келбетін сақтап қалғаны. Ақсары өңі күнге сәл тотыққан, ат жақты, ішкі сезімін дәлелдейтіндей күн туса, сыр алдырмас өткір көзі, кең маңдайына тарамдана түскен қап-қара шашы-осының бәрі бір әлпетте жарасым тауып, көз тартып-ақ тұр. «Қыз қуатын шама қалдырмаған қу тірліктен безінейін. Дүниенің қызығын көріп, олжаға кенелейін. Алақанымдағы күсімді кетірейін. Шама-шарқымша жасанып киінейін. Сосын «іс бітті, қу кетті» дегізетін табыс жолына түсейін.» Айнадан жартыкештене қараған өз бейнесіне өзі уәде бергендей нық шешімге келген Береке сол күннен бастап, жоспарлы әрекет етуге көшті. Құрылыста істеп жүрсе де, бұрынғыдай жанын салып ауыр көтермеді. Елдің көзін ала бере, тынығуды көбейтті. Алақаным күстенеді деп арнайы биялай киді қолына. Күннен қорғанып, дағарадай шляпа киіп басына, шаң жұқтырмады бойына. Мұнысын достары әзілге балады, арқа-жарқа болып күліп, Берекені қалжыңның діңгегіне айналдырды. Бірақ жігіттің көздегені күлкі шақыру емес еді. Ол танысу сайтына басқа атпен тіркеліп, өзінен жасы едәуір үлкен әйелдерге хат жаза бастады. Бірі «тым кішісің» деп бірден кеудесінен итерсе, енді бірі күлбілтеге салып, экранның ар жағындағы келбетті жігітті қимай, сөзбұйданы соза түсті. Сондай кәрі бикелердің бірі ақыры бұның торына түскендей еді: ол жігітпен кездесуге келісім берді. Кездесу күнін белгілемес бұрын Берекеге бірер жуас сұрақ қойды:

-Тым толықтығымнан еркекпен танысуға батылым бармайтын халге жеттім. Сен не дейсің?

-Ең маңыздысы қос жүректің бір ырғақта соғуы, - деп Береке жып етті.

-Ұлым бар бұрын тұрған ерімнен. 

-Балажанмын тым қатты. Ұлымыз болса тәп-тәтті. - деп жігіт тым биязы, әрі әндете жауап қатты. Әдемі лебізден әйелдің тілі байланды. «Бақ құсым ба басыма қонайын деп тұрған?» деген дәметпе ойға қалды. Телефонда күмбірлеген қоңыр үн құлағына майдай жақты. Дегбірі таусылып, уәделі жерге көлігімен ерте жетіп барды. Қонжығын ойнатқан аюдай ұлын ертіп саябақта біраз жүрді. Жігітпен тұңғыш рет жолығатындай тынысы тарылып, жүрегі қысылды. Күні бойғы ыстықтан қуат алған Алматы кешке тіптен жанып кететін. Қапырық кешкі ауа, әрі алаңды ойлар әйелді қара терге түсірді. «Мұным не?» деді өз-өзіне ұрсып. «Махаббаттың алғашқы белгісі ғашығын ойлаған кезде бір ысынып, бір суыну деуші еді,»-деп емекси жауап берді көңілі құрғыр. «Ғашығы дейсің бе? Ештеңеге қарамастан ғашық болатын нағыз жігіттер бар ма екен, сірә? Бірі түріңді мінейді, бірі сымбатыңды шенейді. Кейбірі «жасың келген» деп кекейді. Жақпай-ақ қойдым біріне де. Отыз сегізінші жазымды да қу тіземді құшақтап өткізем бе деп жүргенімде, Арыстанмен таныстым. Бір апта танысу сайтында сырластық, үш күн телефонда хат жазыстық. Құдды бір он сегіздегі томпақ кезім қайтып оралғандай.» Әйел өз-өзінн алқынып тұрғанда, ту сыртынан жұмсақ иіссудың бұрқ ете қалғаны. Еркектер иіссуының мұнша жақын жерден аңқығаны-ұзын бойлы, кең иықты жігіт тым таяу келіп тұр екен. Буынын билеген дірілін басып, желкесінен төнген әдемі иістің иесіне бұрылды. Арыстан екен төне қарап күлімдеп тұрған. Жымиысы мұнша жылы болар ма? Әйел көз ала алмай қалды. 

-Неткен сымбатты едің? Мені талақ тастарың онсыз да белгілі болды ғой, - деп күдерін үзе ойлады Нұрбике.

-Олақтың қолынан шыққан көйлектей неге сонша олпы-солпы, мүсінсіз едің? - деп ойлады Береке. Десе де өзінің сұлулық емес, басқа жоғын іздеп келгені есіне түсіп, бірден жоспарлы бейнесін сомдауға жанын сала кірісті. Титтей кемшілік болмау керек бұл ойнаған рөлде.

-Міне, енді өзіміз қалағандай өмірде кездестік. Танысқаныма қуаныштымын, - деп Нұрбикеге қолын ұсынды. Оның тершіген жуан саусақтарын нәзік қысты да, шеттеу тұрған орындыққа бастады. 

-Балам, алыс кетпе, - деп барылдады Нұрбике қарлығыңқы үнмен. «Құдай тым болмаса әуезді үн бермегені-ай,»-деп іштей күлкіге қарық болған Береке балажан жігіттің, болашақ әкенің бейнесіне ене қалды. Төртпақ қара баланы Нұрбикенің көшірмесі дерсің. 

-Ой, балақай, атың кім? - деп жылыұшырай балаға бар мейірімімен қарауға күш салды. Туған ағаларының балаларына да бұлай мейірлене қарап көрмеп еді. Асыр салып, үйді шу-шұрқан қылатын тентектерді суқаны сүймейтін. Енді мына құлпытас тәрізді қара шотпаққа күлмеңдеймін деп, езуі теріс айналып кете жаздады.

-Бұл кім? Тағы да жаңа аға ма? - деп быртиған саусағымен бұны нұқи көрсетті бала. 

-Балам, тентек болма. Не айтып тұрсың? - деп ақталған Нұрбикені тіптен тер қысты. - Атын айтпай тұрғанын қарашы өзінің. Серікбол деп өзім қойған едім есімін. Жалғыздығымды ұмыттырсын, жаныма серік болсын деген ырыммен сондай ныспы бергенмін.

-Жалғыздық құдайға ғана жарасқан. - Береке өзі бастаған мысық-тышқан ойынының ұзақ, әрі жемісті болуын тілеп, тапжылмай отыра берді.

-Жақын арада дәмхана бар, сонда сөйлесейік. - Нұрбике баласын жетектеп орнынан түрегелді. Ұзын, кең көйлегінің етегі терге малшынған жамбасына жабысып қалыпты. Май құйрығын етегімен бір желпіген Нұрбике қол сөмкесінен көліктің кілтін алып шықты.  «Жайынның өзі қармағымды қабайын деп тұр,»-деп ойлаған Береке әйелдің қатарына ілесе берді. Дәмханадағы шай кезінде Нұрбике сөз бастады:

-Менің бар қалыбым осы. Жігітпен танысқанда баламды әдейі ертіп аламын. Бар шындығымды білсін деймін. Мәймөңкелеп не қыламын? Танысу сайтында да айтып едім ғой. Мақсатым-балама қамқор әке табу, өзіме өмірлік жар жолықтыру. - Жуан дауысты әйелдің айғайға жақын етіп айтқан сырын Береке шын мәнінде оғаш көрсе де, шыбындаған аттай басын шұлғи берді. Бұған керегі осы емес пе? Отырып қалған, сұраныстан түсіп қалған, бота-тайлағын ерткен, беті семіздіктен бөрткен, мүсінсіз, ажарсыз, бірақ қалтасы қалың «нәзік жандылар». Оларды арбауға келгенде тіптен қиналмасы анық. Тек тершіген алақаны мен бырсиған бетіне төзе берсе болғаны.

-Неге менімен танысуға шешім қабылдадың?-деді оқыстан Нұрбике май басқан сығыр көзін оқша қадап. Береке бетпердесі сыпырылып қалардай зәре-қүты қалмай, көзін балаға аударып әкетті. Топасқа балап отырған мына еңгезердей ғашығы өзін тергей бастады. 

-Өзім қатарлы және кішірек қыздар отбасын құруды ойламайды. Бірер рет қымбат мейрамханадан ас ішкендеріне мәз. Маған өзің сияқты өмір көрген, жанұя құра алатын ақылды әйел керек.-Әр сөзін баптап айтқаны сонша, Нұрбикенің көзі жұмылуға аз қалды. Ұйқыдан емес, әрине, жанына жаққан, күдігін сейілткен бал сөзден. 

-Жақында отыз сегізге толамын,-деді тағы бір кемшілігін жайып салуға асыққандай сәл алқынған үнмен. Бұл жолы айғай дауысқа баспай, жасырғандай етіп, сыбырмен айтқанына қымсынғандай төменшіктеді.

-Маған өзімнен біршама үлкен қыздар ұнайды,-деді Береке әйелдің жанына біржолата береке таптырғысы келіп.Жігіттің аузынан шыққан «қыз» деген сөз Нұрбикеге «қызғалдақсың» дегеннен бетер естілді.Әдемі сөз, өзін қолпаштаған әсерлі әңгіменің әсерімен дәмханадағы кешкі астың есебін ақыры Нұрбике өзі төледі. Даяшы әкелген есепті табан астында төлеп тастаған Нұрбикеден Арыстан азамат жік-жапар болып кешірім сұрасын. Соманы әйелдің картасына жібермек болып, шыр-пыры шықты да қалды. «Ұяты бар екен. Нағыз жігіт!» деген ойға қалған Нұрбике карта нөмірін айтып ыздимады. Бес-он тиын жанын жадыратқан белгісіз қуанышының садағасы ғана. Бес жасар ұлы да «жаңа ағаға» үйренісе бастағандай. Қолындағы телефонын жігітке ұсынып, үнемі ойнайтын ойындары туралы әлденелерді айтып, төңіректеп шығар емес. «Жақындықты ит пен бала сезеді» деп ойлаған сәтте Нұрбике бақыттың теңізіне қайықсыз-ақ шығып кеткендей сезінді. Таңғажайып тамаша сәттің шырқын бұзбай, көзімен жер сүзіп отыра бергісі-ақ келіп еді, жалғызының «Апа, қайтайықшы, ұйқым келді» демесі бар ма?

-Ақылды балақай, сағат онға кеткенін сезіп отыр,-деп Арыстан-Береке Серікболды қостай жөнелді. Ұлының сөзін сөйлеген жігіт Нұрбикеге бұрынғыдан да сүйкімді көрініп кетті. Ұйқысы келіп маужыраған баласын көтерген Нұрбикені алдына салып, Береке де шыға берді. Өзінің көлігі жөндеуде екенін айтып ағынан жарылып, жөнімен кетпекке ыңғайланды. Бар ойы-қала сыртына қатынайтын соңғы автобусқа үлгеру. Бұл жоспарын Нұрбике бұзды.

-Көлікті сен жүргізші. Менің ерке тентегім иығымда ұйықтағанды ұнаатады,-деп көліктің кілтін бұған ұстатты.

-Менің жүргізуші куәлігім үйде,-деп азар да безер болған жігітпен орын алмастырған Нұрбике көлікті өзі тізгіндеп, қос қабатты зәулім сарайының алдына келіп бір-ақ тоқтады. Балшықтан жасалғандай бар салмағымен Берекенің алдына қисайған бала жол бойы ұйықтап келді. Көлік тоқтаған шақта бала бұның баурына кіре түсіп, ұйқысынан оянар қалпы көрінбеді. «Бір-ақ күнде әке болдың,»-деп өзін қыжыртты Береке. 

-Ұл бала ғой, мен қанша еркелетсем де, әке құшағын аңсайды,-деді Нұрбике баласын жігіттің құшағынан алып жатып.

-Бұдан былай әке құшағына зәру болмас деп ойлаймын,-деді Береке қоңыр үнін соза түсіп. Онысы өзіне сенімді райда екенін айғақтай түскендей болды. Ұлын төсегіне жатқызып келген Нұрбике көлік сыртында күтіп тұрған Берекенің жанына балпаң басып жетті.

-Ана болу- қиын іс. Оянып кетіп, әзер қайта ұйықтаттым,-деп мардымси сөйлеген Нұрбикеге Береке асығыс көрінді. 

-Сен мықты әйелсің. Өзің ғана балаңды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай әлпештеп өсіріп отырсың.-Жігіттің мына сөзінен соң әйел оның жүзіндегі алаңдаушылық райын аңғарудан қалды.

-Бәрі осы балапанымның қамы. Саудамен айналысқаныма он жылдың көлемі бодды. Шүкір, екі үйім бар. Өзім қалап сатып алған көлігім де бар. Тек қана...

-Ол жоғың да табылар күн таяу,-деп жігіт сыбыр етті. Оның сиқырлы сыбыры бүкпесіз сыр ақтарған әйелге жай оғындай әсер етті.

-Әйелдік қажыр-қайратыңа тәнті болып тұрмын,-деді жігіт одан сайын сиқырын асырып. Бұның есін алмаққа келген айлакер шайтан ба, әлде күніне қырық рет дұға-тілек жасағанда, Алласы бүгін қабыл етіп, Нұрбике пендесіне жіберген періште ме? Нұрбике сергек санамен ой таразылаудан қалып бара жатты. Бебеу қағып, аттан салған ақылын ию-қию сезім нөсерінде қалған жүрегі тұншықтырып тастады.

-Ертең тағы жолығайық, жақын таныс-біліс болайық,-деді Арыстаны салалы саусақтарымен мұның қолын қысып тұрып. Осы сәт сары түске боялған келте шашты, бұғағы салақтаған семіз әйел өзін қыпша бел, ұзын жібек шашты перизаттай сезінді. Жігіт қоштасу ишаратын жасап, бетінен өпкен кезде тіпті буынын бас алмастай дірілдеп, қос қанатын қомдаған періштеге айнала берді.

-Қап!-деді кенет сымбатты жігіт қалтасын сипап.-Әмияным үйде қалыпты ғой.Таксиге не төлеймін енді?

-Еш алаң болма,-деді құмырсқа бел, көмірдей қара шашты сұлу Нұрбике көлігінен ақша алып беріп тұрып.-Сенің жоғың-менің жоғым.

-Ертең қайтарып беремін. Бұл бір ыңғайсыз жағдай болды,-деген Береке белінен бүктелген ақшаны бетінен оты шығып, әрең алды. Жігіттің аяқ дыбысы ұзап кеткеннен кейін барып, Нұрбике табиғи қалпына, қысқа шашы будыраған, омырауы мен қарны бітіп кеткен семіз, сүйкімсіз кейпіне оралды. Сол сәтте-ақ мың сан күдікті ойдың қамауында қалды. Салқын санасы күйіп-жанған жүрегін жұлқылай берді.

-Шайтанның арбауына түсіп, есіңнен танатындай он сегізің бе еді?-деп ақыл жүректі жазғырды.

-Он сегізімде де бұлай өртенбеп едім. Тәтті сөз бен отты көзі діңкемді құртты,-деп ақталды шіркін жүрек.

-Перімен бірге пейішке барам деме. Ол сені тамұқтың қылкөпірінен төмен тастап жіберетін әзірейілдің дәл өзі!-Ақылдың зәрлене айтқан  сөзіне жүрек өз уәжін көлденең тартты.

-Бір сәтке болса да пернемді дөп басты менің. Иесіз қалған сезімімнің қылын шертті менің!-Мәз-мейрам  қалыпта тұрған жүректің өзіне бағынбасын білген ақыл амалы құрып, мекеніне құр сүлдері оралды.

Алматының жазғы түнінде таксиде келе жатқан Береке қансонарда қанжығасы майланған аңшыдан бетер қуанышты еді. «Нұрбикені торға түсіру үшін аса бір әртіс болудың да қажеті шамалы екен. Тек тұзақты өзіме қарай ақырындап тарта берсем жеткілікті,»-деп ойлады көңілі судай тасыған жігіт. Еңсесі төмен жадағай бөлмесіне кіріп келгенде, шат-шадыман серіктерін көріп, таңданып қалды. Күнде осы уақытта тырайып ұйықтап жатушы еді, бүгінгі шуларына не жорық?

-Жаңа «жарты патша» қоңырау шалды. Еңбекақымызды келіскендей етіп төлейтінін айтты. Соған көңіліміз өсіп отыр.-Әділ арсалаңдап, соңғы жаңалықтан Берекені хабардар етті. Алайда досы ол күткендей шаттана қоймады. Жай ғана бас бармағын көрсете салды. Тосылып қалған Әділ оған сұраулы көз тастады. Бірер күнде бұл Берекеге не көрінген? Тапты! Қызбен танысып, ғашық болып қалған ғой!

-Бәке, айтсаңшы, аруың қандай? Көзі мойылдай шығар. Төсі аққудың төсіндей деуші ме еді кітапта. –Әділдің бұл сөзіне өзгелері құлақ түре қойды.

-Берекедей өңді жігіттің сүйіктісі де сұлу болуы табиғат заңы емес пе?-деп Мақсат та әдетінше Әділдің сөзіінің құйрығын жалғай түсті. Берекенің мұндай жыны келмес. Нұрбикенің майдан салбыраған ұртынан сүйемін деп ернін сүрткілеп бітіп еді. 

-Иә, тым сұлу. Кербезіммен қыдырамын деп, түнге қалып қойдым.-Береке бөксесі төңкерілген Нұрбикені көз алдына қысқа бір елестетті де, жерге жантая кетті. «Өз теңіммен ойнап-күлмей, кәрі қатынға құрық салдым. Сондағы бар мақсатым-мына абақтыдан бетер болған апаннан, арып-ашып істейтін ауыр жұмысқа жегілеуден құтылу. Мақсатым айқын. Ендеше, неден тайсаламын?!» Өз-өзін оймен қамшылап, ояна бастаған ар үнін ішінде тұншықтырған жігіт жатқан жерінде керіле түсті.

-Қызбен серуендеп емес, тау қопарғандай шаршап қалыпсың ғой,-деп аңдампаз Мақсат Берекеге таңырқай көз жүгірттті.

-Сүйіктіңе небір әдемі сөздерді табан астында тауып айту миға салмақ түсіреді екен.-Берекенің сөзіне Байжаннан басқалары ду күлісті. 

-Айтар сөзің жүректен шықса, жаның неден қиналсын?!-деген оның сөзінен Береке айылын жиып қалды. «Осы  ұзынтұра бақсы емес пе, ішімдегіні оқып қоймасын» деп төсегін тездете салып, теріс қарап жатып қалды.

Біреулерге алдамшы үміт сыйлап, қайсыбіреулерді шынайы сенім айдынында жүздіріп алып шаһардың тағы бір таңы атты. «Таңға жеттік!» деп табиғат біткен алақайлай берді. «Ақ таң, ағараңдаған үмітімді алдамашы» дегендей бүкіл жаратылыс Күн-анасынан сауға сұрап жатты. «Бұл бейкүнә таңның түнерген түні болмасын!» деп, пенделер күнделікті қызу тірліктерін бастап та кетті. Төрт жігіт бригадир Сейіттен уәделі ақшаларын алды. Бұлар атқарған жұмыстың сапасына «үлкен патшаның»- прорабтың көңілі ақыры толған көрінеді. Ақшаны тулақтай тартпай толық бергендері де содан екен. Қолына тиген еңбекақысы Берекеге мүлде аз көрінді. Бұл теңге тәуір пәтер жалдауға, дәмді ас ішуге аздық етері анық. Қалған үшеуі дән ырза. Жалаақыларына жағдай түзейтіндей ырду-дырдумен күнді батырды. Байжан ақшасының көп бөлігін ауылдағы анасы мен қарындасына сол күні-ақ автобус жүргізушісінен беріп жіберді. Мақсат пен Әділ табыстарын бастарына жастап қойып, әлі шешімге келмей мәз-мейрам. «Уақытша тиген тиын-тебенге неге сонша даурығады бұл жазғандар? Тағы да арбаға жегілген есектей айлап ауыр жұмыс істеулері керек. Бел қайыстырған еңбектің салдары отызға жетер-жетпесте буын-буынның күтірлеп, бетке әжімнің тез үйірілуі. Бұлар жастық шақтарын құрылысқа сатып жүргендеорінен бейхабар ғой. Ал мен тездетіп жайлы ауылдың-майлы ауылдың қонағы болуға барымды салайын. Әкемнен қалған бір сарқыт-сымбатымның әжетке жарағанын көрейін,»-деп өз ойына беки түскен Береке Нұрбикемен хат жазыса бастады. Дәмханада кешкі астың ақысын қызға төлеткеніне әлі күнге ыңғайсызданып жүргенін, сол ақшаны апарып бермекке ниеті барын, таксиге пұл алып, азаматтық жасамағанын жіпке тізіп, әйелдің жүрегінде «Міне, азамат! Нағыз парасатты жігіт!» деген мінсіз пікір қалдырды. Осы бір ауыз асығыс қорытынды әйелге ақыл көзін тұмшалатып, соқыр сезімнен зікір салғызды. Ол тек жігіттің әдемілігін, езуіне жарасымды күлкі жия айтатын ертегісін  тыңдаудан басқаға шамасын келтірмеді. Отыздағы Береке мен қырыққа таяп қалған Нұрбике тағы жолықты. Бұл жолы Серікбол махаббат куәгері бола алмады. Ол үйде бала күтушісімен қалған еді. Ал Береке Серікболды іздеп, әлек-шәлегі шықсын. Аз уақытта «құртақандай сүйкімді» балаға бауыр басып қалғанын айтып, әйелді таң-тамаша қалдырды. 

-Махаббат жасқа да, басқаға да қарамайды деген рас-ау,- деп көңіл құсын шарықтатты Нұрбике.

-Балаң саған барар жолымды берік ететін бір көпір ғана, ақымақ!-деп  іштей тон пішті Береке. Сөйтіп отырып өз «ақиқатын» да ақтарып үлгерді.

-Сенімен бұлай тез жарасып кетемін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. О баста саған атым мен жасымды өтірік айтқаныма енді өкініп отырмын. Өзгесінің бәрі шын. Сені ұнататыным, Серікболға әке болғым келетіні...-Жігіттің кінәлі жандай төмен қарап, міңгірлеген сөзі Нұрбикеге тауда жаңғырыққан құдірет үніндей естілді. Ол жігіттің өтірігін емес, бұның жалғызына әке болмақ ниеті барын ғана құлағы шалып қалды. Сөйтті де, көл-көсір қуанышқа кенелді. Әйел жүрегі ақылына ырық бермей, сезім салтанатын атап жатты. Мұндай кездесулердің соңы Берекенің Нұрбикенің еңсесі биік сарайының тқрғыны болуымен бір-ақ тынды. Ләм-мим деместен, затттарын жинап, қара сөмкеге салып жатқан Берекені Байжан тоқтатпақ болды. Ойламаған жерден сырбаз сөйлеп, кербез жүруді сәнге айналдырған досынан ол жөн сұрамақ еді. Оның нақты немен айналысып жүргенін білмесе де, іштей топшылап үлгерген.

-Бауырым, қайда барасың? Бәріміз бірге екеніміз қайда? Біз жай бөлмелес серіктер емеспіз, керек десең сенің бауырың, досыңбыз,-деп әңгімені арыдан бастаған Байжанды Береке ашық жақтырмай қалды. Ақылдысын өзінің? Мұның үлкен ағасы іспетті кеңес құрмақ ойы барын қайтерсің?! Берекенің ең жаны сүймейтін ісі-өзгенің бұған ақыл айтып, жөнге салмақ болып, кеңес беруі. Жаны төзбейтін осы іске Береке нүкте қойғысы келді.

-Байжан, біз бауыр емеспіз. Әркім өз қотырын қасиды. Әрі мен Марғау асып бара жатқан жоқпын. Бар болғаны жұмысым мен пәтерімді ауыстырмақпын. Онда тұрған не бар?

-Міне, гәп сонда. Ол аяқасты жоғары төленетін нендей жұмыс? Кімнің пәтері? Баскесерлердің арасына кіріп кеткеннен саумысың өзің?-Қамқор аға кейпін киген Байжанға енді Береке ашық соқтығысты.

-Кірпіш тасымайтын жұмыс. Кқшедегі кәріс құдығы борсып, қолқаны қаппайтын пәтер. Менің білетінім осы. Басқасына басымды қатырмаймын.-Қара сөмкені иығына аса берген Берекенің Байжан жолына көлденең тұра ақалды.

-Байқаймын, ат құйрығын кесіп бара жатқан сияқтысың.

-Былай тұр. Маған әу баста мына пәтер де, анау құрылыс басындағы пысықайлар да еш ұнаған емес. Амалсыздың керімен біраз жылым құрылысқа кеттті. Енді онда қайтып бармасым анық.

-Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ,-деп мәтелдетті Байжан. Берекенің ауру тұсын тамыршыдай тап басқан бұл сөзге жігіттің зығырданы қайнап кеттті. Жайбарақат тұрған Байжанды кеудесінен итеріп қалғанын өзі де байқамай қалды. Аяғы шалынысып барып, құламай бойын тіктеген Байжан қанша ұстамды болса да, ашуына ерік бере жаздады.

-Сенің бізге айтатын сүйіктіңде де, оның сұлу келбетінде де бір шиікілік бар. Кілтипаның болмаса қашқандай болып түн ішінде бұлай зытасың ба? Бар, тайып тұр бөлмеден. Бірақ кейін дәл осы шалшықты сағынып, айналып келіп жүрме!

-Мен ғана қуыратын кеспніе аңсап жүрме,-деп дауыстады Әділ ашу қысқан үнмен. Мақсат дыбыс бермеді. Оң шырай танытпағанын алайып кеткен көзімен ғана аңдатып, қимылсыз тұр. Бір оңтайлы сәт туса, бас салатын ниеті бардай.

-Байжан, қара қызың қоңырау шалып жатыр. Ашуыңды тежеп, күндегідей күлімдеп сөйлесерсің,-деп Әділ Байжанның алақанда жұтылып кететін кішкентай, арзан қалта телефонын ұстата қойды. Телефон экранында расында да «қара қыз» деп қоңырау шалушының есімі шығып тұрды. Жүзіндегі атой ашуын сабыры жеңдірген Байжан телефон тұтқасын ала қойды. Берекеге арқасын беріп, қолын бұлғады. Бұнысы, әрине, қоштасқаны. Береке табалдырықтан аттай беріп, үш жылдан бері сыралғы болған достарын қимай кібіртіктеді. Әйтсе де, олардың жанында салулы төсек, құюлы шәрбат жоғы есіне түсіп, алға қарай адымдай жөнелді. Байжанның бауырмалдықтан, алаңдаушылықтан жөн білмекке шұқшиғанын Береке жай ғана кедергі деп түсінді. Майға жүздіріп пісіретін тамақтарын сағынатындай Берекеге не көрініпті? Дүлей ашуға беріліп, тас мүсіндей мелшиіп қатып қалатындай Мақсатқа не жамандығы өтіпті? Береке Мақсаттың несін ұрлапты? Шойыннан құйылғандай төртпақ, бұжыр бет сұрықсыз өз түрінен көрсін. Сәл сүйкімджі болса ол да байшыкеш кәрі қыздың бірін тұзақтап жүрер ме еді? Әй, қайдам, ол ынжық әйелге қарап жетістіріп сөз айта алушы ма еді? Бай-қуатты әйелді тоқ ішектей айналдыру үшін Береке сынды әртіс, алдап-арбаудың жоспарын құрып, өтірігін шыннан асырып жіберетін жантанушы болу керек. 

Осы түг тыныш өткендей көрінді Берекеге. Кең, жұмсақ төсекте ортаға Серікболды алып, Нұрбикеден сәл бой тасалап жатып, қалай ұйқыға шомғанын өзі де сезбей қалды. Хан сарайындай сәулетті үйде ұйқың да керемет болады екен. Мұрынды ашытып, жүрегін айнытатын көшедегі кәріс құдығының лағнет иісі бұл жақта еш мазасын алмады. Қорылдап, атша пырылдайтын Әділ жоқ жанында. Жолындағы әрнеге бір соғылып, түнделетіп далаға шығатын Мақсат та жоқ жанында. «Тұрыңдар, жігіттер, жұмысқа барамыз!» деп таң атпай тауықтай қақылдайтын Байжан, әрине, енді тыныштығын ұрлай алмайды. Ауасы кең бөлмеде, сәнді төсекте кірпігі тез айқасқан Береке жаңа орында тұяқ серіппей ұйықтады. Жау қашырған баһадүрдей мызғымастан бірқалыпты пысылдайды. Аламан бәйгедне жеңіп келген шабандоздай кеудесін кере жұтына тамсанады. Жеңісті сәтін түсінде көрген саңлақтай ара-тұра сандырақтап сөйлеп, бір қозғалды. Нұрбике оған төне қарап, «Шүкір, алтын балық менің сарайыма тұтылды. Қай күні менен кете алмастай болып өзің-ақ талақша жабысар екенсің?» деп ойға қалды. Сұңғыла әйел Берекенің бас айналдырар ыстық лебізінен соң салқын ақылмен таразылап, бірге тұру мәселесін тым тездеткен өзінен жас жігіттің ішкі ойының астарын түсінбей қалған жоқ. Өзінің білген ақиқаты қанша ащы болса да, жігітке «кет» дей алмады. Сегіз жас кіші Берекеге айтарлықтай бауыр басып қалғаны бар, әрі «шындығында ерлі-зайыпты болып кетерміз» деген өлексе үмітпен жүріп оның түпкі түнек ойын түсінбеген кейіп танытқан. Жігіттің мөлдіретіп тұрып айтатын «қарапайымсың, кішік мінезіңмен баурап алдың» деп басталатын жұмақ жырына елтіп қалған жайы да бар.

Құрылысшы Береке Нұрбикенің қымбат төсегінде сері ханзада болып оянды. Өзіне жабыса жантайған балақайды итеріп тастап, орнынан түрегелді. Кісі бойына жетер-жетпес үлкен терезенің алдына келіп, мысықша керілді. Терезенің ар жағындғыа әдемі табиғат көрінісі «көзіңді суар, жаныңды тазала» дегендей сұлулана тізбектеледі. Алыстан мұнартқан таудың басынан бір кетпейтін қар сілемдерін байқаған жігіт неге екені белгісіз мырс етті. «Сенен мәңгі қар кетпесе, менің жүрегімдегі қара дақ кетер деймісің? Періште болып аш жүргенше, шайтан болып тоқ жүргенім жақсы емес пе?» деп манаурады. Табиғатпен іштей тайталасып қанша тұрары белгісіз еді, жалғыз екенін біліп, жылап оянған Серікболды жұбатуына тура келді. Жорта еркелеткен болып, баланың желкесінен мытып-мытып алды. Бұл қылықты ойынға жорыған ерке бала сықылықтап күліп жіберді. Күлетін жөні де бар. Ол ешқашан ешкімнен таяқ жеп көрмеген болатын, содан да қаттылау тиген жігіттің саусағынан қытығы келіп күлкіге басқаны. Бұлар осылай бөлмені бастарына көтеріп, у-шу болып жатқанда оттай қызыл халат киген, бет-аузынан бояудың иісі аңқыған Нұрбике кірді. «Осы қанша боянып-сыланса да, жастық шағын қайтара алмайтынын неге түсінбейді екен?»-деп ойлаған Береке Серікболды көтерген күйі әйелмен аса жылы амандасты. Сөзінің соңына «жаным» деген Нұрбике тым ұнаттатын жылтыр сөзін де қосты. «Бір отбасы деген осындай болар» деп іштей қуанышқа берілген Нұрбике екі азаматты қонақ бөлмеге бастап әкелді. «Таң атпай қонақ келе ме?» деп күйіп-пісе қалған Берекенің көңілі сәлден соң біржолата орнықты. Нұрбике алғаш рет қонған Берекенің құрметіне қонақ бөлмеге дастархан жайыпты. Ұзын, әрі бай дастархан басында үшеуі ғана отыр. Береке ана мен балаға қатты елпілдеп, құрақ ұшып байыз табар емес. Алақандай әдемі жанары жалт-жұлт етіп, Нұрбикенің еркін алып барады. Ол аз болғандай тамақтан бір қасық алып, әйелдің аузына тосты. Мұндай ілтипатты күтпеген Нұрбике расында да абдырап қалды. Серікболдың әкесінің кеткеніне бес жылдың жүзі болған, әрі ол мұның аузына тамақ тоспақ түгілі, бір сыпайылық көрсеткен емес. Сол дөрекі, ұрдажық мінезіне төзе алмаған  Нұрбике оны қуып тынған. Қайта шақыруды ойлаған да емес. Онсыз да таңы атып, кеші бататынына әйел сенімді еді. Сөйтіп жүргенде жолыққан мына Береке киноларда көрсететін мырзалардай тым мәдениетті, тілінің майын тамызып сөйлегендле, Нұрбикенің буыны еріксіз босай жөнелетін. Бұрын анасына көп қияңқылық көрсететін Серікбол тәртіпті балақай болып, дастарзхан басында өз тамағын өзі ішіп отыр. Баланың бойындағы шұғыл өзгерісті байқаған әйелдің жүрегі елжіреп кетті. «Әке тәрбиесіне, әке мейрімііне зәруліктен тентек болған екен ғой, құлыным. Қайтейін, туған әкеңе сенің тірлігің көк тиынға да татымайды. Бәлкім, күндердің күні Берекені әке атарсың,»-деп іштей Құдайына ризашылық білдіріп, ұлына мейірлене қарады. Мас көңілмен отырып, таңғы ас ішілді. Үйдегі жалғыз бас көтерер ер-азамат емес пе, күннің жоспарын да Береке өзі құрды. 

-Табиғат аясына серуендеп шығайық отбасы болып. Сосын дәл осы күнді жыл сайын атап өтетін боламыз,-деді даусы ерекше саңқылдап. 

-Алақай! Алақай!-деп бір орнында шыр көбелек айналған Серікболдың қуанышында шек жоқ. Бала күтушісімен бірге үйде қалу ол үшін қияметтің қайымы болатын. Ол көк көз келіншек бұған ағылшынша әріп үйретіп, басын қатырып қоятын. Уақыт өтпей, әбден зеріккен соң, ойына келген тентектікті жасайтын. Ал, жаңа ағасы табиғатқа алып шықпақ. 

-Балам, қатты айғайлама. Шығамыз тауға.-Нұрбике баласын тыныштандырмақ болып, ескерту жасады. Оны елеген Серікбол көрінбеді.  «Қазірдің өзінде шешесін тыңдамайды, өскенде қайтер екен бұл бала?»-деп күле ойлаған Береке өз жоспарын жария етті. 

-Маусымның жиырма бесін тек өзіміз үшін отбасы күні деп атайық. Жлыда осы күні табиғат аясында тойлайтын боламыз. Солай ма, жаным?!-деп Нұрбикеге еміне қарады. 

-Отбасы кұні деп тамаша айттың. Тамаша!-деп шаттанған Нұрбике Берекенің қолынан ұстай алды. Тершіген алақаннан жиреніп қалса да, Береке қолын тартпады. Кескен томардай әйелді ұлының көзін ала бере құшақтап қойды. Тасыған көңілмен таудың етегінде орналасқан қымбат демалыс үйіне барып, бір қонып қайтты. Демалыс орнында Нұрбикенің көңіліне жақпаған бір ғана жайт-даяшы да, басқа қызметкерлер де Берекені мұның інісіне теңеп, шатасып қала беретіні. Сырт көзге Нұрбике келісті інісі мен кішкентай ұлын ертіп жүрген қамқор әпке болып қана көрінеді екен. «Дереу арықтауым керек!» деген нық шешімге бекіген Нұрбике қайтып келе сала, жаттықтырушы іздлей бастады. Бұдан хабардар болған Береке күлді де, Нұрбикені құшағына алды. Қапсыра құшақтамаса да, баяу ғана қысқандай болды.

-Қайтесің елдің сөзіне әуреленіп. Сен маған осы томпақ күйіңде ұнайсың. Жалпы, маған қушиған арық әйелдер әсте ұнамайды.-Берекенің осы сөзінен соң әйелдің арықтау туралы жоспары адыра қалды.  Ал көңілді балақай Серікбол жарты айға жетер-жетпес уақыттың ішінде Берекені әке деп атады. Солай айтуды шешесінің көзінен таса жерде құлағына құйған жігіттің өзі болатын. Мақтаулы әке, үлгілі жар болып, Нұрбикенің ешбр шаруасына араласпай, өзі әйелеге ептеп айтқан кеңседегі жұмысына барған болып, сыбай-салтаң өмір кешіп жатты. Азаматының жаяу жүргенін білген Нұрбике аң-таң болды.

-Көлігім жөндеуде демеп пе едің алғаш жолыққанда?

-Иә, тура солай айтқанмын. Кейін аңдаусызда біреуді қағып кетіп, жарақат алған кісі бірталай ақша сұраған соң шарасыздан сатып жіберген едім. Қазір де сол жалақордың талап еткен ақысын төлеу үшін екінші жұмыс іздеп жүрмін.-Жігіттің қинала баяндаған сырын Нұрбике қалт жібермей тыңдады.

-Қайтесің тиын-тебенге бола кісіге жалданып. Толық соманы айтшы одан да,-деп көмек қолын созбаққа ниеті кетті. Бір отбасы емес пе, ендеше Берекенің басына түскен қиын іс Нұрбикенің қабырғасын қалай қарымасын?!

-Жо-жоқ, сенен ақша алмаймын. Еркек басыма сын емес пе?!-деп Береке  шыр ете қалды. 

-Жоқ, сен менің өмірдегі байлығымсың. Ерінің басына іс түссе, жары да қайыспай көтеруі керек. Біздің арамызда алыс-беріс жүруі заңды құбылыс,-деп Нұрбике айтқанынан қайтпады. «Алаған қолым береген емес, соны сен білмейсің ғой,»-деп іштей өзін теңдессіз ақылдыға санаған Береке талапкердің сомасын қысылып-қымтырылып әзер айтты.

-Бір миллион екі жүз мыңы қалып еді. Сотқа шағымданбасын деп, қолхат жазып, әрең құтылғанмын.-Өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп бастан-аяқ тізбелеп, Нұрбикеден қолма-қол ақша алып тынды. Болмашы жарақат алған, бірақ мұның қанын теспей сорған сұмырайға ақшаны беріп, ұзағынан тыныштық таппақ болып, Нұрбикенің көлігімен ауладан шыға берді. Оның сыртынан қарап тұрған әйелге Береке «сүйдім» деген белгі ишара жасады. Езуі жайыла ыржиған Нұрбике осы сәт оған бақша шетіне іліп қойған қарақшыдан аумай қалғандай көрінді.

-Құдайға шүкір, мәшинесіне бақылау камерасын әлі орнатпапты. Әйтпесе саудамның біткен жері осы болар еді,-деп мәз болған жігіт ат басын банкке тіреді. Алдағы күндері қалай болары белгісіз, сол себептен тапқан табысын жинай беруге шешім қабылдады. 

Нұрбикені бақыттың теңізіне кемесіз-ақ жүздіріп, қырықтың табалдырығынан сығалап, қырқылжың тарта бастаған шағында қанын қыздырып, ара-тұра елдің өсегіне шыжғырып күндер күлмеңдеп өтіп жатты. Бұрынғы үш досын Береке тіпті ұмытып та кеткендей еді. Бүгін сап етіп түсіне кіргені. Жай кірмей, бұған ескерту жасап, өздерінің қарындары тоғайып, әл-ауқаттары жөнделгенін айтып ағынан жарылғандары. 

-Біз енді жай ғана жалдамалы жұмысшы емеспіз. Құрылыс компаниясының құқығы қорғалған білдей қызметкерлеріміз,-деді Әділ онсыз да майлы табасына тағы да май құйып тұрып.

-Иә, жағдайымыз жақсарды, қара сұр бетіме қан жүгірді. Қыздарға қырындай бастадым, киноға шақырып, саябақта серуендеп дегендей. Ақырындап айымыз оңынан туып келеді,-деп Мақсат та есе жөнелді.

-Қара қызыммен алдағы күзде ұйленейін деп жүрмін. Қарапайым қазақ қызы мені бақытқа бөледі. Алтын-кұүміс сұрап әурелемедеі. «Қымбат мейрамханаға апар» деп қолқаламады. Қоңторғай тірлігіміздің өзіне бақыттымыз,-деп Байжан теріс қарап тұрған бойы сыр ашты.

-Досым, алтын-кұүміс тас екен,-деп Әділ табасын қаңғыр еткізіп ұрып қалды.

-Арпа-бидай ас екен,-деп Мақсат ұртын толтыра нан асай бастады.Бір сәт ту сыртын беріп тұрған Байжан бұған бұрылып еді, ол да екі ұртына нан толтырып алыпты. «Алтын-күміс тас екен» деген айғай әуеге көтеріле берді де, құтырынған дүлей дауылға айналды. Тосыннан аспаннан алтын мен жақұт жауа бастады. Үш жігіттің ешқайсысы қымбат тастарды теріп алмаған соң, бұның тқбесінен қара бақайына дейін жауып тастады. Әлгі айғай зорайып, күннің күркіреуіне ұқсап бара жатты. Қашып құтылайын десе, аяғы алтынға кіріп кетіп, тұла бойы жер тартып, адым ашып жүре алмады. Аласапыран дауыс құлағын жарып, зәресін алғанда барып шошып оянды. 

-Антұрғандар, түсімде де тыныштық бермедіңдер ғой,-деді алқынып отырып. Нұрбике де оянып, бөлменің шамын жақты. Екеуінің ортасында алаңсыз пыс-пыс еткен Серікбол ғана тәтті ұйқысын бұзбады. 

-Жайсыз түс көрдің-ау деймін, даусың оқыс шықты,-деді Нұрбике бұның қолына су толы стақанды ұсынып жатып. Қамқор әйелдің бөлмесінде жанға керектінің бәрі бар.

-Көлігімнің астына түскен оңбаған түсімде алқымымнан алып жатыр, содан әрең ояндым,-деп Береке бір өтірігін жасыру үшін тағы да жалған сөйледі..

-Таң ата салысымен жеті шелпек пісіріп, құран оқытып, үйді аластаймын. Жағымсыз энергия сап тыйылатын болады,-деп бұны жас балаша жұбатқан Нұрбике  шөккен түйедей орнына гүрс етіп жата кетті. «Әйелге тән бір қылығы болсашы,»-леп іштей таусыла кіжінген Береке теріс қарай қалды. Бұрын «қалтам тесік» деп көңіл құсы шырқырай беруші еді, ендігісі не әуре? Қалтасы қалыңдап, байшыкеш әйелдің үйінде ішкені алдында, ішпегені артында шалқып отыр. Бұл көңіл шіркін қашан байыз табады?

Таңертең орнынан сұлесоқ көтерілген Береке Нұрбикеден жасырып, қалта телефонына баяғы танысу сайтының қосымшасын қайта жазып алды. Мистер деген атпен құпия тіркелді де, өз суретінің орнына картина қойды. «Өмірде ғана көрінемін, сұлулар, сурет сұрамаңдар» деген құпияға толы жазба қалдырды. Нұрбикесі қарнын тойдырса, өзгеше аш көңілін тоғайтатын «аңқау сұлу», мұмкін, кездесіп қалар. Жалпы, әйел атаулы құпияны тіміскілеуге, сиқырдың жұмбағын шешуге ынтығып тұрмай ма? Әйелдердің ең осал нүктесін нысанаға алып жазған бірер сөйлемі түс аумай жатып жемісін берді. Жасы бар, жасамысы бар бұған хат жаза бастады. 

-Суреті жоқ жігіт-алаяқ,-депті бір сүйкімді бойжеткен.

-Тура үстінен түстің, ақылдым,-деген Береке оның парақшасын бұғаттай салды.

-Мен сені жалаңаш күйде елестетіп отырмын,-деп жазды желөкпе бір әйел. Парақшасын ашып қарап еді, нағыз сылқымның өзі екен. Көздің жауын алатын әшекейге малынып, қымбат көліктің тізгінінде шалқып отыр.

-Бұның көңілінің құрты менің албастымнан да асып кетіпті,-деп мырс еткен жігіт оны бұғаттамай, бірақ жауап та бермей діңкесін әбден құртты.

-Сені ұзын бойлы, кең кеуделі, шымыр денелі етіп көз алдыма елестетіп отырмын,-деп және бір перизат хат жолдады. 

-Бақсы әйелден сақтану керек,-деген Береке оның парақшасын бірден бұғаттап тастады.

-Жолығайық, сенің жоғың  менен табылар, менің іздегенім сенде шығар,-деп айрықша сеніммен жеткен үшбу хат Берекеге кәдімгідей әсер етіп қалды. Тездетіп арумен телефон нөмірін алмасты да, тансыу сайтының қосымшасын телефонынан өшіре салды. Нұрбикесі көріп қалса, басына әңгір таяқ ойнатып жүрер. Әзірге мінсіз күйеудің рөлін ойнай тұруы керек-ақ.

Қиғылық салып қоймаған соң, Срікболды жақын жердегі саябаққа серуенге алып шықты. Өзі бұған шындап бауыр басыпты, әкелеп төңіректеп қояр емес. Нұрбике жұмысымен қарбалас кезде, Серікболды Берекеге сеніп тапсырып, өзі қамсыз шаруасымен айналыса беретін болған. Серікболды ойнатқан болып отырып, телефонмен де жазысып үлгерді. Бейтаныс ару өзін Ақару деп таныстырды. Бірден фотосын жіберіп, мұны қайран қалдырды. Мынадай сымбатымен танысу сайтына кіріп әуреленбей, жігіттер көп баратын бір дәмханаға кіріп, олай бір, бұлай бір жүріп өтсе жетер еді ғой. Аршын төсін сәл көрсетіп, сүттей ақ кофта киіпті. Қысқалау белдемшесінен бураның санындай саны жарқырап көрініп тқр. Маржандай тісін ақситып күлген суретін көргенде Берекенің делебесі қозып кетті. Неше айдан бері дөңбек құшақтап, әбден шөліркеп жүрген күйін іштей еркіксіз мойындады. Мына сұлумен бір кеш өткізу үшін бәрін тәрк етуге даяр еді.,

-Әке, әке, мен құлап қалдым,-деп быж етті Серікбол анадай жерден.

-Құлап қалсаң, өзің түрегел, жігіт емессің бе?-деп дауыстады Береке телефонына үңілген күйі.

-Әке, өзің тұрғызбасаң, осылай жата берем,-деген еркетотай балақай  көтере берген бауырын қайта көгалға жанастыра қойды. –Бұлай жата берсем салқын тиіп қалуы мүмкін ғой, әке, көмектес.

-Құдайдың жазасы,-деп күңкілдеген жігіт балаға: Бара жатырмын, құлыншақ,-деп дауыстады. Өзіне жақындай берген Берекеге бала қолын созды. Ол бұл күткендей айналып-толғанып жатпастан, созған қолынан қатты қысып, жатқан жерінен суырып алды.

-Келесі жолы өзің тұратын бол,-деп шегелеп тастады. Баланың аузы ашылды да қалды. Үлкендердің көп қылықтарын түсінбейді. Үйде осы әкесі тым балажан, асқан мейірбан. Саябаққа келіп еді, бір белгісіз қатал біреуге айналып сала берді. Әлде мына саябақтың әкелерге сондай кері әсәрі бар ма?

-Әке, жүр, үйге қайтайық,-деді  бала жыламсырап.

-Ойнай тұр, сәлден соң қайтамыз,-деген Береке телефондағы сұлумен тілдесіп  балаға мойын бұра алмады.

-Онда мен өзім қайтамын,-деп Серікбол беталды жүгіре жөнелді.

-Шешеіңнің мұндай қырсық мінезін көрмеп едім, сен кімге тартқансың?-деп тыржың еткен Береке амалы құрып, баланың осңынан жүгіре жөнелді.

Үйге жетіп тыныштық алмақ еді, ол ойы жүзеге аспай қалды. Ауылдан үш-төрт адам болып Нұрбикенің туыстары сау етіп кіріп келді. Нұрбикенің өзінен айнымай қалған бір әйел мұны көрген бойда жыланша ысқырсын.

-Сен кімсің? Нұриш менен ештеңе жасырмайтын. Қайдан жүрген қаңғыбассың?

-Қызыңнан сұра кім екенімді,-деп дөрекі жауап қатқан Береке бөлмесіне кіріп кетті. Нұрбикесі келсе, болған жайдың тонын тіптен теріс айналдырып, көз жасын қосып тұрып айтып берер. Мейірімді, аңғал әйел емес пе, шешесі мен ана бір топ туыстарын мұнда ұзақ ұстамас. Нұрбике жұмысынан асығыс жетсе де, жігіттің басынан көшкен қара бұлтты сейілте алмады. Анасына қарап, әлденені міңгірлеген күйін көріп, Береке таңқалғаннан ішегін үзіп ала жаздады. Қырыққа келсе де, жетпістен асқан шешесінің алдында есеп беріп, жер шұқып тұрғаны бұған ерсі әрі қызық көрініп кетті. Ортадан төмен бойы бар кебежедей мол денелі кемпір енді ашық айғайға басты:

-Нұриш-ау, сен қашан соқыр болып қалғансың? Баурыңда жылан ұстап отырсың. Мынауың таза алаяқ қой. Теледидарда жаңалықтардан күнде айтып жататын алаяқтар осындай болады. Өзі жас, өзі әдемі. 

-Апа, мұныңыз енді артық,-деді Нұрбике жасық үнмен.-Мен Берекеге сенемін. Ол Серікболға жақсы әке болып жүр.

-Әке дейді? Мына қыз расымен есінен танған екен. Туған әкесі керек қылмағанда қайдағы бір желіккен жігіт нағыз әке болады екен. Ондай ертегіңе мені иландыра алмайсың. Қазір көзін құртсын бұл үйден.-Долы кемпірдің осы сөзінен соң қабырғаны тасалап, сөз баққан Береке атып шықты.

-Менің кеткенім қажет пе сізге? Жақсы, қалауыңызды орындайын,-деп бөлмесіне атылды. Заттарын жинаған болып, артына қарайлады. Нұрбике соңынан жүгіріп кіруі керек еді ғой. 

-Отбасылық жанжалды осылай енелер тұтатады екен ғой, -деп мырс-мырс күліп сөмкесіне тағы бір киімін умаждап сала беріп еді, Нұрбикесі кіріп келсін ентігіп. Жан тапсырар халге жеткендей екі иығынан тыныстап, берекесі қашып, жігіттің қолынан бас салды.

-Кетпе, апамдар бірер күн болады да, туыстардың тойына қатысып, сосын ауылға қайтады. Сен кетсең, менің күнім қараң, Серікболдың да...-деп өксіп жіберді. 

-Мені өзі жас, өзі әдемі деп айтқан шешең бір нәрсені дұрыс атамады. Алаяқ деген қорлық сөзге төзіп тұра алмаймын. Кетемін,-деп бұлқынды жігіт. Нұрбике бұның қолын жіберер емес. 

-Мен саған ресми түрде сөз салайын деп ең қымбат мейрамхана іздеп, жүзік таңдап, әуреге түсіп жүрсем, сен мені алаяқ деген қорлыққа қалдырдың. Мен намысты жігітпін, Жолымнан былай тұр,-деген Береке әйелді аямай итеріп қалды. Ол бар денесімен төсекке құлай кетіп, бақырып жылай бастады. Жастықты ұрып жылайтынын қайтерсің? «Әйел болып сиқырсып жылауды да білмейсің. Өгіздей өкірген түрін қарашы,»-деп күлкіге блуыққан Береке есікті ашып қалып еді, тура алдында тапал кемпір тұр көзімен бұны ішіп-жеп. Күлкісін ішіне тұншықтырған Береке қабағын түйіп үлгерді. 

-Апа, апа, Береке маған сөз салмақ екен,-леп барылдап келіп шешесіне мән-жайды баяндаған Нұрбике көз жасын аямай ағызды. Шешесі үнсіз тыңдап тұрып, біраздан соң басын шайқажы.

-Бұл жылауың жылау емес, шын жылауың әлі алда,-деді де есікті тарс жауып, бірінші қабатқа түсіп кетті. Береке «бұл өзі бақсы кемпір ме, қолмен қойғандай анық айтып кетті ғой,» деп сескеніп, Нұрбикенің жанына қайта барды. Аршын төс аруды көруге құмартып, дегбірі және қашты. Жіпсіз байланып, Нұрбикенің күдігін тудырып алмайын деп, шешесіне азынай жеткен Серікболды құшақтап отырып қалды. 

-Ертең арзан болса да бір неке жүзігін сатып алуым керек,-деді жігіт іштей жоспар құрып.

-Көз жасымды көлдетіп едім, жанымнан шықпай отыр. Бұдан да көлдетіп жыласам, осы түнде-ақ некеміз қиылып қалар,-деп өзінше қуланды Нұрбике.Тек бестен енді асқан Серікбол ғана ештеңенің байыбына бармай, шешесі жасап берген әкесінің құшағында ұйқыға кетті.Бала құшақтап отырған сықпытына қарап, өзіне ашуы келген Берекенің бар ойы анау аршын тқсте болды. Шіркін, жанына бір жетсе, аш белінен қапсыра құшақтап, бал тілінен...Көзін жұмып, әсерленіп отырып, Серікболды құлатып ала жаздады. Көзі бұлаудай болған Нұрбике ұлын жатқызып, мұның жанына келді. Берекенің оны аялауға, аймалауға тіпті де құлқы жоқ еді.  «Көңіл-күйім жоқ» деп сылтауратып, теріс қарап жатып қалды. 

Ертеңіне кешке Берекенің құдайы жасады. Бәрі тойға кетіп, сарайда жалғыз өзі қалды. Аршын төсімен сұлу сырласып, кездесер жерді белгілеп қойды. Қымбат әтірін аямай себініп, қыры қатқан шалбары мен  көгілдір жейдесін киіп, Нұрбикенің екінші көлігін мініп, ауладан шыға берді. Айтылған қонақүйге тез-ақ жетті. Ләззатты сәтті көз алдына елестетіп, бөлмеге кіріп барғанда жауырыны қақпақтай жігітті көріп, сілейіп қалды. Жаңа ғана қызбен сөйлескені қайда? Қылымсыған қыздың үні құлағында әлі тұр. 

-Бұл тоқсан бесінші бөлме ме?-деді Береке жасқаншақ үнмен.

-Тап өзі,-деді орта бойды, тығыршықтай денесінде бұлшықеттері шиыршық атқан отты көзімен бұған ата қараған бейтаныс еркек.

-Кешіріңіз, мен шатасқан сияқтымын,-деп есікке ұмтылған Берекенің желкесінен нұқып тоқтата салды.

-Қателескен жоқсың. Ақару менмін,-дегенде Берекенің жүрегі су ете түсті. Ауру жігіттер туралы естуі бар-тын, көзімен көріп тұрғаны тұңғыш рет.Жан дәрмен есікке ұмтылды. Екі-үш айдан бері қара жұмыс істемей, денесі болбырап, қайраты кемігенін еріксіз аңғарды. Алпамсадай болған Ақару мұны тырп еткізер емес.

-Жақ жүнің үрпиіп кетіпті ғой. Жаурап қалдың ба? Кел, жылытайын,-деп құшағын жайды. 

-Жо-жоқ, мен ондай емеспін,-деген Береке оның құшағынан сытылып шығуға тырысты. Шойын денеден ырс-ырс еткен күлкі естілді.

-Сонда қандайсың? Қыздарды алдап-арбайтын қасиетің жоқ па? Маған жазған бүкіл хатыңды қайталап оқып шықтым. Сонда байқағаным-сен әккі алаяқсың. Сен үшін қыздар пайда табудың көзі ғана.-Мына сөзден соң құрыштан құйылғандай  еңгезердей жігіт кіжіне мысқылдады.

-Мен ондай да емеспін. Жай қызбен танысқым келіп...

-Қалай, суреттерім ұнады ма?-деген емендей жуан жігіт бүкіл денесі селкілдей күлді. Дыбыс шығармай, құр селкілдегені Берекеге қорқыныш әкелді. 

-Алаяғы несі? Сен тіпті де дұрыс түсінбегенсің,-деп безек қақты Береке мысы құрып. Мына албастыдан аман-есен құтылса, ақсарбас айтар қалпы бар.

-Үйімді, көлігімді сұрамадым деші. Айлығымды, қосымша табысыма қызықғушылық білдірмедің бе? 

-Мен қызбен сөйлескенмін. Сенен нәзік үн шықпасы белгілі ғой, Ақару қайда сонда?-деп кенет Береке батылданып кетті. Қонақүйде өлтіре алмасы анық, несіне сонша үрейі қашсын?!

-Ол менің бқлем ғой. Жанында аузына сөз салып өзім тұрдым. Ол мен айт деген әіңгмені ғана айтты. Бары сол,-деп жігіт бұған тесіле қарады. Өңменінен өткен ызғарлы көзқарастан Береке күзгеі жапырақтай бүрісті де қалды. 

-Сонда сен әйелдерді арбап ақша табудан басқа ісің жоқ па?-деді ол бұны көзімен ішіп-жеп.

-Мүлде олай емес. Мен адал жанмын. Бойдақ жігіт болған соң қызбен танысқым келді, оның не сөкеттігі бар?-деп шырылдаған Береке оның бүйір тұсынан өтіп кетіп, есікке жетпек еді, ол жалпақ жауырынымен есікке барар дәлізді қалқалай қойды.

-Өтірік. Жалған сөйлеп тұрғаның көпе-көрінеу көзге ұрып тұр. Әттең, қайсыбір әйелдерде ондай сұңғыла жанар жоқ,-деген жігіт шойын жұдырығын түйіп, бұған жақындай берді. Береке де қорғануға тырысып, аппақ саусақтарын жұмып, жұдырығын түйді.

-Сонда саған не керек?-деді Береке ашық әңгімеге көшіп.

-Алдау-арбаудан тыйыласың. Қыздарды табыс көзіне айналдыруды қоясың. Қыздың көз жасы ауыр болатынын білесің бе?

-Мен ешкімді жылатпадым. Бір кәрі әйелмен бірге тұрып жатырмын. Оның көз жасында қасиет бар деп ойламаймын,-деген Берекенің сөзіне жігіт жұдырықпен жауап берді. Құлақ шекесіне сарт еткен жұдырықтан  көзі қарауытып, жүрелеп отыра кетті. «Тым болмаса өзімді қорғайтын күшім болар еді, спортпен шүғылдануым керек еді,»-деген өкінішті ой сансында жарқ етті де басын қорғалай берді. Бірақ жұдырық қайталнбады. Зәрлі ысыл естілді.

-Мен сені аңдып жүремін. Танысу сайтындағы парақшаңды өшірсең, бәрібір жаңасын ашқаныңда тауып аламын. Сондықтан алаяқтықтан тыйыл. Әйел баласын жылатқан жәдігөйлерді кешіре аламаймын.

-Сен кімсің?-деді Береке басын ұстаған күйі орнынан көтерілместен.

-Адаммын. Алдауды, арбауды, жылатуды білмейтін адаммын,-деген жауап естілді.Бетін көлегейлеген алақанын ысырып еді, албасты неме кетіп қалыпты. Жұдырық құлақ шекеден тиген екен, басы зеңіп барады. Тезірек үйге қайтқысы келді.

-Қап, қайдағы бір ауруға оп-оңай тұтылғаным-ай,-деп тәлтіректеп дәлізге шықты. Баспалдақпен түсіп келе жатып, өз-өзіне қатты ашуланды. Нұрбикенің сабан толтырғаелай салбыраған анарын қанағат тұтып жүре берсе, белгісіз біреуден жазықсыз таяқ жемес еді ғой. 

-Бір жұдырықпен сабақ бердім дей ме, ақымақ,-деп көлігіне отырды да, зәулім сарайдың алдына жетіп тоқтады. Тойға кеткендер әлі келмепті. Бұл Нұрбикеге айтар өтірігін жұптап, шекесіне мұз басты да, Ақарудың нөмірін бұғаттап, төсегіне қисая кетті. Көлігіне жете бере қарақшылардың шабуылына қалған жігітті Нұрбике есіркеп-мүсіркеп жанынан шықпады. Сорпа пісіріп әкеліп, аузына өзі тосты. Серікболды да бұған көп жолатпай, шекесі ісіп, көзі долырып кеткен сүйіктісін айналып-толғанды. Үйінде тұратын қос немере інісіне аяқтарының ұшынан жүруді тапсырды.

-Енді жаяу жүремін,-деген жігіттің ыңырсыған сөзіне Нұрбике тіпті де келіспеді. Ер-азаматқа жаяу шаңдатып жүрген қол емес. 

-Менің екінші көлігімді сенің атыңа жазып берейін, басыбайлы сенікі болсын,-деді Нұрбике жігітке деген аяушылық сезіміне махаббаты қосылып, ақылдың айтқанына көнбей. Береке болар-болмас басын шайқады. Мақұлдамаған сыңайы ғой. 

-Сенің үйіңде тұрам, асыдң ішем. Енді көлігіңді алсам, еркектік намысымның құрығаны сол емес пе?-деп баяу тіл қатты. 

-Онсыз да некеге тұрамыз емес пе?

-Алдымен некемізді қидырайық. Туған-туысыңды жиып, мәселенің бетін ашып ал. Көлік сыйлау ісі кейінге қалса игі еді,-деп жақауратты жігіт әйелдің ең осал тұсынан сөзбен шымшып.

-Жоқ, о не дегенің. Кеше тойда да айттым бәріне, «жеке өміріме араласпаңдар» дедім. Бірінші неке қияр, сосын көлік сыйлар деп отырамын ба салғыласып. Шын жақсы көрген адам есептеспейді де. 

«Аңқау дударбасым-ау» деген жігіт Нұрбикені иығынан құшып, «Сен дана әйелсің!» деді оттай ыстық ернімен әйелдің дүрдиген ернін тұрткілеп. Екі езуі екі құлағына жеткен Нұрбике ертеңіне-ақ көлік мәселесін біржақты етіп қойды. Жігіт Ақарудың жұдырығы осылайша Берекеге несібесін молынан әкеліп, жігерін жани түсті. «Нұрбике бар болғаны алғашқы құрбандығым ғана. Өзгелері кезектерін күтсін,»-деп шойын қараға іштей кіжінді Береке. «Басым ауырдыны» сылтауратып, төсекте жата-жата әбден зерікті. Нұрбикенің шешесі өзге туыстарының үйіне кетіп тынды, қос қабатты сарайды жанға жайлы тыныштық билеп алған. Береке қалта телефонын қолына алып, жаңалықтарды бір шолды. Көз тоқтата қарағаны бір ақпарат болды: «Әкім қаралар мемлекеттің қомақты қаржысын жымқырып, істі болды.»

-Е-е-е,-деді Береке өзінен зор шыққанға  кәдімгідей көңілі толып,-«жымқырды» деп өте дұрыс жазған.  «Елдің қамын жеймін» деп билікке келіп, ақыры нанын жегендер-түйені түгімен жұтатын жемқорлар. Оның жанында әйелден бес-он тиын түсірген менің күнім періштенің тірлігімен пара-пар екен ғой.

  Өзінің барлық әрекеттрін мейлінше жуып-шайып, жаны жеңілдеп қалған жігіт әндете «е-е-еһ» деді. Созыла шыққан үнге Нұрбике елең етіп, бөлмеге жүгіре басып кірді. Мол денелі, орта бойлы әйелдің шапшаң жүргені Берекеге тым оғаш көрініп кетіп, ол жүзінде ойнаған күлкі көлеңкесін жалған ауруына жасырып, бет-аузын тыржита қойды.

-Басым, басым,-деді сосын көзін сығырайта ашып,-сынып барады.

-Қолың сынғыр қарақшы, көзіңді шығарып жібере жаздапты ғой. Қаласаң, тәртіп сақшыларына шағымданайық.-Жігітке аса қамқорлықпен қиыла қараған әйел Берекенің қиялынан пайда болған қарақшыларды жалғыз өзі-ақ жайратып салар ниеті бардай көрінді.

-Тәртіп сақшылары өзімді сүйрелемесіне кім кепіл? Одан да тезірек сауығуды ойлайын,-деп Береке көзінің көгерген тұсын шашымен жапқан болды.

-Жарайды, қалауың білсін. Айтшы, қандай тамақ ішкің келеді?-деп телмірді мейірбан жары.

-Сенің қолыңнан шыққан тамақтың бәрі дәмді ғой, жаным,-деп Береке езу тартқан болды. Осы әдемі жымияс Нұрбикені бақыт ауылына бастап апаруға жетіп жатыр еді. Ұзын көйлегінің етегіне сүріне, ас бөлмеге бет алған әйелдің соңынан күле қараған Береке басын шайқады.

Курортта жатқандай болып, Береке үш күн, үш түн тынықты. Жұдырық тақырыбы жабылғанға дейін өзін нағыз сырқат жандай көрсетті. Нұрбике оның үстінен құс ұшырмай, жазғы самалдың лебінен де қорғап бақты. Серікбол бала болса да, «ұшықтап берейін бе? Тез жазыласың, әке,» деп жаны қалмады. Өзіне деген осынша құрмет пен асып-тасқан мейірім, махаббаттың таусылар сәті болмайды деп білген Береке ендігі күндеріне жоспар құрды. Ал, Нұрбике ұстамдылық танытып, некеге отыру туралы мәселені әзірге қозғамады. Жігіттің барынша сауығып, басының қайтып айналмауын Алласынан тілей берді. «Азаматтың сөзі-ардың сөзі» деп Берекенің айтқан жібек сырына титтей де күмән келтірген жоқ.

Төсегінен тұрып, терезе алдына келген Береке күздің белгілерін көріп, таңданып қалды. «Нұрбикенің тұтқыны болып жүргеніме шынымен-ақ бір жаз өтті ме? Бір бекетте тым ұзақ аялдағаным жарамапты,»-деп күбірлеген жігіт сарғая бастаған қайың жапырақтарына қарады. Бала кезінен ақ қайыдң жаны сүйетін. Қазір өмірін өтірікпен өремін деп жүріп, сүйікті дағдыларынан да алыстап кеткенін бір сәт мойындады. «Өмір ғой, қайтеміз, қайыңды ұмыттым деп қапаланбайтын болармын» деп өз-өзін жігерлендірді де, ас бөлмеге шақырған Нұрбикенің қоңырауынан соң таңғы асын ішуге төменгі қабатқа түсті. Дастарханға денсаулыққа пайдалы дегеннің бәрін үйіп-төккен Нұрбике ерін күтіп, тамаққа қол созбапты. Серікбол да әкесінің келуін тағатсыздана тосып отырған сыңайлы. 

-Әке, қайырлы таң,-деді бала жанына отыра берген Берекеге еркелеген үнмен.

-Қаңырлы таң болсын, балапаным,-деп ұлдың шашынан иіскеген болған Береке дәмге сұғына кірісті. Әр дәмдіден бір қарбытқан оның жүзіне байыппен көз салған Нұрбике Берекенің алғаш кездескен кезбен салыстырғанда едәуір толысып, жүзі нұрланып, бұрынғыдан да өң-түсі келісіп түскенін анық байқады. Байқады да, осы сұлулықтың өмір бойы жанынан табылуын Жаратушысынан тілек етті. 

-Жаным, астан алсаңшы, неге нәр сызбай отырсың?-деп Береке Нұрбикеге алдындағы асын меңзеді. Әйел сонда барып Жаратушысымен тілдесу сәтін доғарып, тамағына қол созды.

-Қарақшылардың шабуылына дейін екеуміздің арамызда бір салмақты әңгіме болып еді, сол есіңде ме?-деді әйел қою шайдан сораптай ұрттап.

-Баланың көзінше тұрпайы сөз айтпаған жөн-ау. Қарақшылар деген сөзіңнің өзі естір құлаққа ерсі,-деп Береке әйелін тыйып тастады. Басқа жағдайда тыйым салса, бәлкім, Нұрбике ашуланар ма еді. Баласына қатысты қамқор тәрбие ретімен айтылған сөз болғандықтан, қабағын кірбің шалмады. Керісінше Берекенің әкелік, азаматтық тәрбиесі дұрыс екеніне барған сайын көзі жете түсті. Серікбол әкесімен ана-мына ойындарын баян етіп отырып, тыңқиып тойып алып аулаға жүгіріп кетті.

-Мен де тұрайын. Ауылдан әскери борышымызды бірге  атқарған, бір қара нанды бөліп жеген досым келе жатыр. Сол бауырымдай болған адамды қарсы алып, Алматыны қыдыртайын,-деді төбеден түскендей  дүңк еткізіп.

-Маған неге айтпадың кешелі бері?-деп Нұрбике аңтарылып қалды. Сонда да болашақ күйеуінің сөзіне шәк келтіру ойында болмады.

-Саған айтуым керек пе еді, әлде рұқсат сұрауым жөн бе еді?-деп Береке ойламаған жерден қаздия қалды. Нұрбике жігіттің зіл аралас сөзіне жауап бере алмай, бір жағы таңданыстан, бір жағы белгісіз ашудан жүзі қарауытып кетті.

-Рұқсат сұрағаны несі? Үйге шақырып қонақ етсек дегенім ғой,-деп сөзінің соңын майдалап жіберді. «Берекедей әдемі жігіт сөз таластырып, шаң-шұң дауыс көтергенімді кешірмес,»-деп ойлап, ашуын ақылына байлап берді.

-Жаным, менің дана патшайымым, үйге қонақ шақырып әуре болып қайтесің? Дәмханадан бір түстендіріп, Көктебе, Медеуге бір апарып, сосын кешке жалдамалы пәтеріне апарып салмаймын ба? Құп көрсең, сөйтейін, -деп Береке бұл жолы рұқсат сұрағандай жымия қарады. Нұрбикенің келіскен кейіп танытудан басқа амалы да қалмады.

Береке бұл күнді ессіз еркіндігінің елірме сәттеріне толы таңғажайып етіп өткізбек болды. Қаладағы шетелдік мейрамханаға бас сұғып, жан-жағын барлап біраз отырды. Сұлулардың бірлі-жарымы өзара шүйіркелесіп, енді біреулері бірге келген жігіттермен әмпей-жәмпез болып, маңайын елер түрлері жоқ. Қарғыс атқыр телефон адамша араласудың, сағат сұрап сылтауратып, қызбен танысудың құйрығын кесті. Ол заман келмеске кетті. Енді орныңнан тұрып, саныңды шапалақтап айғайласаң да, ешкім саған назар аудармайтын болыпты. Мына сұлуларға экранның ар жағындағы тірлік қызық болып көрінгені өкінішті. «Әйтпесе отырмыз ғой бәйгеден жеңіп келген тұлпардай, тұғырында түлеген сұңқардай болып. Қараса қайтер еді өңшең роботтар?!»-деп бір сәт күллі қоғамына іштей налыған Береке дәмнің ақысын төледі де, тысқа беттеді. Қайда бағыт аларын білмей, бірер көшені айналып аз-кем жүйткіді. Шетелдік көліктің буы бола ма, осы көлікті тізгіндесе болғаны, жылдамдыққа басып жіберетін әдет тауыпты. Зымырап келіп, көше шетінде қол көтеріп тұрған бір бойжеткеннің жанына келіп бір-ақ аялдады.

-Такси керек пе?-деді қоңыр үнін одан бетер әуездете сөйлеп.

-Такси де, оның тізгініндегі көрікті жігіт те қажет,-деп тақ ете қалды  бейтаныс қыз. Берекенің айнадан байқап қалғаны-қысқа көйлегі қыздың аппақ санын жабуға жетпей тұр, иығын, осырауының тұсын толық жалаңаштап, «мен мындамын, қайсың барсың? Келіңдер!» дегендей айпарадай болып тұр екен. «Бұның да тамырын басып байқайын,»-деген Береке өзі алғашқы болып сөз бастады.

-Қайда бет алдыңыз?

-Бағытым-жарқын болашақ,-деп сыңқ ете қалды сүйкімі шүберегінен аспай қалған қыз. Жасанды күлкісі сәтті шықпай, танауының астында қала берді.

-Жарқын болашаққа жалғыз аттанғаныңыз жарамады,-деп әзілдеген Береке әңгіме көрігін қыздыра түсті.

-Мүлде жалғыз емеспін, жанымда сылқым сері отырған жоқ па?-деп қыз тағы езуін ыржитты. «Ыржиғаны ерепейсіз екен, ауылдағы айғырлардың азу ақситқаны сияқты,»-деп қуыршақ қызды іштей келемеждеген Береке оның беталасын аңдамай қалмады.

-Жарқын болашақ қай жақта екен сонда?-деп қызға ашық сұрақ қойды. Десе де өзі қыздан батыл жауап күтпеп еді.

-Бай жігіттердің әмиянында, -деді қыз дөрекілеу үнмен. Сөзінің соңын көлгірсіген күлкімен көмкеріп те әуре болмады.

-Бағытың дұрыс екен, алайда байшыкештерді мына түйеден түскендей тік сөзіңмен үркітіп алып жүрме,-деген Береке өзін  саудалап отырған әйелге немқұрайды көз тастады. 

-Шындықты айтқанның несі айып,-деп кербездене кеудесін алға итіндірген қыз Берекеге таяй түсті.-Бәлкім, оңаша бір жерге барарамыз.

-Зауқым жрқ,-деген жігіт өзін ашық саудалаған әйелге қабақ астынан бір қарады да, ойға кетті. «Мен кім? Сен кім? Іздеген жоғымыз бір-ақша. Қалайда алтын-күміске жетуге тырбанып жүрміз. Жарқын болашақ тек сол ақшамен тұрғызылған мұнарада ғана секілді. Көзімізді шел басты, көкірегімзді мұнар тұмшалады. Сондағы бар зарымыз ақша деп басталып, байлық деп бітеді.  Бірақ сенен жиренген түріме қарағаеда, менде адамгершіліктің белгісі жанымның алыс түкпірінде сәл де болса қалған тәрізді.»

Құйындаған көлігін кілт тежеген жігіт оқыстан қызға бұрылып:

-Түс! Іздегенің мен емес!-деп суық әмір етті. Үнсіз қалған жігітті өзінің ұсынысына келістіге жорыған әйел бояудан бақырайып қалған көзін одан бетер бақшитып, түкке түсінбей дал.

-Сенімен ешқайда бармаймын. Шапшаң көліктен түс!-Жігіт тағы бір ақырғанд,а қыз ырғала басып, сылана қимылдауды мүлде ұмытып, көліктен ытырына түсті. Құр кетпей, балағат сөзін жаудыра жөнелді:

-Періште болған түрін! Сен де менен бір артық емессің. Бай-қуатты қатындардың қалтасын ағдитын тесік өкпе біреусің!

-Түу, қарап жүрмей, көңілімді түсіріп алғанымды-ай! Ақымақты қайдан ғана кездестіріп едім! Осы неге менің жолым болмайды?!-Жүйткіп барып, ашуын салқын сусынмен баспақ болып, көзіне түскен шағын дәмханаға кіріп барды.

Даяшы теп-тез әкеп бере қойған мұз қосқан жеміс шырынын сыздықтата ішіп отырып, өз-өзінен күлкісі келді. «Бр азғын бір азғынды көріп ұялыпты. Неткен тағдыр? Сұрқай тағдырым бүгін алдымнан шығып, мені сықақтап тұрғаннан  сау ма өзі? «Талтаңдасааң талтаңда, ақшаң болса қалтаңда» деп атам қазақтың өзі айтқан. Енді талтаңдайын десем, жолыма серіктес, сапарлас болар жөні түзу жан шықпа, аны қалай? Қасқыр тәрізді қашанғы жалғыз жортамын? Әлде осы жалғыз жортып, бар олжаға жеке-дара ие болғаным да сәттіліктің бір белгісі ме?» Сусын санасын сергітпесе де, көңілі біраз көтеріліп қалды. Телефоны без ете қалғанда, қаннен-қаперсіз отырған Береке орнынан ыршып түсе жаздады. Қоңырау шалған Нұрбике екен. Мұны аңдуға көшкен түрі болар.

-Алло, жаным,-деді Береке бірнеше айдан бері қанына сіңіп үлгерген жұмсақтық қалыбын сақтап.

-Достардың бас қосуы қалай өтіп жатыр?-деп қыр ете қалды қосыла алмай жүрген қосағы.

-Алло, не дейсің? Алло, ештеңе естілмейді. Алло...-Телефон тұтқасын ақырындап өзінен алыстатқан Береке оны өшіре салды. Ақылды патшайымы қайта телефон соғып мазасын алған жоқ. Береке танысу сайтына кіріп, қыз-қырқын аңдуға көшті. Небір талғампаз еркектің өзін де талдырып түсіретіндей алуан-алуан суреттер десеңші. Бірі бүркеніп алған, кейбірі шешініп тастаған, енді бірі бетін телефонымен көлегейлеп, абыройын ашып тастаған., дуадақтай ұзын сирағына мақтанып, бөксесін әзер жапқан белдемшемен мен мұндалап тұрғандар. Берекенің көзі өткен ғасырдың басындағы әйелдердей аса мұқият киінген отыздардың ішіндегі қызға түсті. Өзін жарнамаламай, табиғи болмысымен қарапайым ғана жымиып тұр. «Тұзағымды саған салып көрейін» деген Береке аңқау көрінген қызға қысқа хабарлама жіберді:

-Жымиысыңнан пәктікті байқадым. 

-Періште көкте ғана,-деген жауап келді.

-Пәлесін қара мына қара күйелештің. Майға күйіп піскен бауырсақ сияқты сұрықсыз кейпіне қарамай тілі ащы екен.- Әншейінде бұл жібек лебізін жібергенде, әйелдер жағы аһ ұрып қалатын. 

-Көктегі періште экранның ар жағында деген ойға қалдым,-деді Береке ашықауыз деп ойлаған қызға тағы жазып.

-Тілің тым майда екен. Байқауымша, сендей сөзбен қуырдақ қуыратындар не шектен асқан мәдениетті, я болмаса дәніккен алаяқ.

-Мәссаған,-деді Береке таңданғанынан ішегін тартып.-Мына бәлекейің бақсы болды ғой.-Бұдан ары сөз барымталауға ниеті болмаған Береке пысықай қара қызды бұғаттай салды. 

Күн еңкейе «көлік кептелісіне тап болдым» деп сүйіктісінің үйіне шаршап-шалдығып жеткен Береке ыстық моншаға кіріп жан шақырған. Телефонда ұзақ отырғаннан ба, пісу мезгілі жетіп, ағып кеткен қарақаттай болып сүмірейген де қалған.

-Бұрынғылар отызында орда бұзған деседі. Ал мен отызға толғаным кеше ғана, өз ордамды әлі тіге алмай жүрмін. Неге?-Жылы суды басынан төмен құйып тұрып, өз сұрағына жүрегінен жауап күтті. Жүрек шіркін селт етпеді. Ақылдың соңынан кеткен қайран денені енді басқара алмайтынын біліп, тасқа айналғанды дұрыс көрген тәрізді.

-Бұрын кісінеп тұратын арғымақ жүрегім де мені жалғыз қалдырды. Достарымнан өзім суындым. Жалғызсыраудың көкесі енді болатын сияқты. Бәке, жан күйзелісі деген шыңырауға түсіп кетіп жүрме,-деп өз-өзін кекетіп демін басып біраз отырды.

-Телефоным ескі, сол себептен де өше береді, деген өтірігіме имандай сенген Нұрбике ертең су жаңа тілипон алып бермесін.-Әйелден қулығын асырғанына мәз болып, ертеңгі күннің сыбағасы қалай боларын іштей күтті.

Күткеніндей-ақ болды, тауар жеткізушіні өзі қарсы алған Нұрбике бұған соңғы үлгідегі айфонды сыйға тартты.

-Енді кешегідей түсіпіспеушілік орын алмас,-деді жігіттің бетінен өбіп, құшақтап сыйлығын беріп тұрып.

-Ыңғайсыз жағдайға қалдырдың ғой мені, жаным. Тіптен не дерімді білмей сасқалақтап тұрмын,-деген Береке әйелдік түйенің ерніндей қалың ернінен шөп еткізіп сүйіп алды.Талдырмаш денелі болса, Нұрбикені құшақтап ұзақ тұрар ма еді?! Бірнеше адамның құшағы жетпес емендей болған еңгезердей әйелді зорға құшақтады да, сәлден соң уысын босатты.

-Білесің бе,-деді Нұрбике бұның көзіне көзін қадап,-сен дегенде жанымды үзіп беруге бармын.

-Қарғам-ау, маған жаныңның үзілгені емес, бақыттан жадырағаны керек қой,-деп Береке жік-жапар бола қалды. Жанарлары өзара түйіссе де, қанша сезімтал болса да, Нұрбике Берекенің жан түкпірінде өліп жатқан итті сезе алмады. Жігіттің жүзіндегі жылтыр махаббатты малданып, жалған сезімге алданып, күлім келешек деген киелі мекенге қол ұстасып аттануға қамданып, борсаң-борсаң қағып ас бөлмеге жөней берді. Қазақ әйелдерінің ерін жақсы көргенде жасайтын ең тәтті қылығы дастархан қамдау тәрізді. Нұрбике де бақыттан басы айналып, махаббаттан көзі қарауытып жүріп, Берекенің жақсы көреді+ау деген тағамдарын түрлендіріп пісіре бастады.

Түс ауа Нұрбике Серікболды мектептен алып қайтты. Үйге кіре әкесін іздеген бала оны көріп, қуанып кетті:

-Әке, бізге апай тапсырма берді. Көмектесесің ғой,-деді Берекенің қолынан ұстап.

-Саспасаңшы, әкең мектепті жақсы оқыған. Бір қателігі-университет оқуға аяғын аттап баспағаны,-деп бұрынғы күндерінің кертартпа кемшілігін ерін ұшынан күбірлеген Береке балақайды аспандаата көтеріп алды.

-Қандай тапсырма ол сонаш маңызды?

-Апай «жеті аталарыңды жазып келіңдер» деді. Мен кімді жазамын?-Сақылдаған күлкісіне басқан Серікбол нағыз қасіретті сауалдың бетін ашқанын сезген де жоқ.

-Сол да сөз болып па? Жетінші атам би болған, алтынщы атам болыс болған де. Бесінші атаңа да бір лауазым табылар. Ең соңында өз әкем Береке мырза, төре адам деп аяқтайсың.-Ұлының тел өскен құрдасындай ойнап кеткен Берекеге Нұрбике сүйсіне қарады. Ол болмағанда ұлының тапсырмасын осыншалықты ың-шыңсыз, оп-оңай кім орындап берер еді?!

Сүттей ұйыған отбасылық өмір күз соңына дейін жалғасты. Серікбол алғашқы оқу тоқсанын аяқтайтын кезде Нұрбике кенет есін жиды. Сонау көкте ақша бұлттарды төсеніш етіп, асқақ арманына қол соза бергеннен түк өнбесін сезімтал әйел жаны сезе бастады. Неке туралы сөз бастаса, Береке міндетті тұрде бір сылтау табатын. Есекдәмемен жүріп, бір жаз, бір күзін өлтіріп алыпты. Ұлын ұйықтатқан соң, Нұрбике Берекені ашық әңгімеге шақырды:

-Сен маған жүзік алдым, некеге тұрайық дегелі бері жарты жыл өтті.

-Уақыт неткен жылдам, жай оғынан да тез екен,-деп Береке самарқау ғана теледидар арналарын ауыстыра берді.

-Сөздің қысқасы-қашан некеге тұрамыз? Серікбол да саған қатты бауыр басты. Алдағы уақытта оның әкесіз қалғанын көргім келмейді.-Қанша байсалды болса да, әйелдің даусы шытынай шықты.

-Неге әкесіз қалсын? Мен үнемі жанындамын,-деп Береке аулаға шықпақ еді, Нұрбике көлденең тұра қалды.

-Мен сұрақ қойдым, сұрағыма тура қазір жауап алғым келеді.-Тұздай көзі ашуланғанда шатынап, мұздай болып кетеді екен.

-Сол ресмилікті неге сонша қалайсың? Қарашы, қазір арамыз қандай жақсы! Сенің мүлкіңе көщ алартпаймын. Заң алдында да мал-мүлкіңді бөліске салмаймын. Шынайы сыйласып...

-Сен айтып тұрған ресми құжат көп нәрсені айғақтайды. Сөзді басқа арнаға бұрма,-деп Еұпбике жігітінің қыр соңынан қалар емес.

-Желімдей жабысып алды ғой. Мегежіндей төңкерілген сені неке қиюға ертіп апарсам, ондағы қызметкерлер таңданғандарынан талып қалар,-деп іштей Нұрбикені кекеткен Береке аулаға қашқандай болып шықты да, таза ауада кең тыныстады. «Бір амалын табуым керек. Өгіз де өлмейтін, арба да сынебайтын бір жолды тездетіп табуым қажет.» Осы ойға бекіген Береке түні бойы небір айла-шарғыларын ойлап, басын қатырып, ақыры бейбіт шешім қабылдады.Таңертең ол шешімін Нұрбикеге жария еткенде, ол тас-талқан ашуланды.

-Біраз уақыт бөлек тұрайық дегенің не сұмдық? Бөлек тұрсақ біржолата суынып кетесің ғой.-Бар сабырынан айырылып, байбаламға басқан әйелдің даусынан үйдің ішінде шаң көтерілнендей болды.

-Жоқ, мүлде олай емес. Мен оңаша қалып, ойымды реттейін. Бір апта, әрі кетсе екі апта уақыт оңаша тұрып байқайық. Бір күнде сені сағынсам, сол сәтте жетіп келіп, некелесуге өтініш беруге жетектеп апаратын боламын.

-Қазір неге өйтпейсің? Неге кереметтің бәрі кейін болмақшы?-Әйел күдік торына шырмала бастады.

-Жаным-ау, өмірлік жар таңдау оңай емес. Сені шын сүйетініме толық көзі жеткізуім үшін бөлек тұру ауадай қажет.

-Жоқ! Жоқ! Жол бермеймін кетуіңе!-Бақырып-шақырып үйді азан-қазан қылған Нұрбикеге жігіт селт етпеді. Жайбарақат заттарын жинастырып жүре берді. Шешесінің зарлай шыққан даусынан шошып кеткен Серікбол бірінші қабаттан жүгіре жетті.

-Апа, неге жылап тұрсың?-деді келе анасының етегіне оралып.

-Апаңның көзіне кірпігі түсіп кетіпті, әйтпесе жылап қайтсін,-деп Береке шемоданын сүйретіп, шығуға ыңғайланды. Нұрбике барқ етіп оғаш дауыс шығарды да, шемоданның құлағына жармасты.

-Кетпе, кетпеші, сен кетсең мен қалай өмір сүремін?-Еңірегенде етегі жасқа толған әйелге не қайран қыларын білмеген Береке оны арқасынан қақты.

-Сен парасатты әйелсің. Бұл шешімімнің оң нәтиже берерін ойлап көрші. 

-Ішім сезеді. Сен осы кеткеннен қайтып келмейсің.-Өзін итеріп тастаған Берекенің соңынан жүгіруге әл-дәрмені қалмаған әйел шөкелеп жалаңаш еденге отыра кетті. Береке «пәледен машайық қашыпты» деп баспалдақтан түсе бергенде, желке тұсынан ащы айғай оны кілт тоқтаттты.

-Әке-е-е! Тастамашы мені! Апамды да! Енді тентек болмаймын! Сабағымды да өзім қараймын. Тек сен кетпеші, әкешім!

-Түу, сай-сүйегім сырқырап кетті ғой,-деп абыржып қалған жігіт өзіне жүгіре жеткен баланың басынан сипады.

-Мен бірер күннен соі келемін, құлыншағым. Сен апаңа жақсылап қара,-деді де жылдамдата басып, сыртқа шықты. Күзгі күн сәулесін сараң сығырайтып, шуағын шашуға қимай тұрғандай. «Менің қазіргі қалпым мына күннен аумайды. Шуағым бар, бірақ төгуге қимаймын. Жарқыраған сәулем бар, алайда шашуға ниетім жоқ.» Өз бойынан табиғаттан үндестік тапқанына қайран қалған Береке олжасына-көлігіне мінді де, із суытты. 

 «Іс бітті, қу кетті» деп сырғақтаумен араға апта салды. Нұрбикенің күдігі ұлғая келіп, екінші аптаны толтырды. Серікбол әкесі кеткелі сағыныштан сарғайып, балаң кейіптен ада болды. Тентек емес, есерге айналды, «әкемді шақыр» деп басталатын әр сөзі Нұрбикенің жүрегіне шемен болып байланды. «Әкем келсін,»-дейтін бала ышқынып. Анасы оны естімей тұрғандай жер тепкілеп тұрып айғайлайтын. Арпалысып жүріп айды аяқтады. Алматыға алғашқы қар қылаулағанда, Нұрбике Берекенің бет-жүзін көрсетпестен тайып тұрғанын іштей мойындады. Өзінің қиялдан құрған жалған бақыт қамалының қайтып тұрмастай күйрегенін әйел жаны бар болмысымен сезді. Ақ махаббатын арнаған ардақтысының алаяқ болып шыққаны шымбайына мықтап батты. Ойдан мүжілген әйел ақыры кімнен пана сұрарын білмей, анасына қоңырау шалды:

-Апа,- деді даусы қыстығып,-апа! Маған ұрысшы, жерден алып, жерге салшы!

-Серікболыңның жайын ойла. Ертең саған жолға шығамын,-деді анасы қызының қиял құсының қанаты қырқылып, көктен құлап түскенін айтпай-ақ біліп. 

«Олжаға баттым» деген Береке жалдамалы оңаша пәтерінде кезекті жоспарын құрып, келесі бекетінің аялдар тұсын шамалап жата берді.

***

«Нұрбике дәурені сәтімен тәмам бодды,»деп алақайлаған Береке екі бөлмелі пәтердің ішінде алас ұра жүгіріп жүр. «Заңға берем, сотқа шағымданам» деп қорқытқан Нұрбике ақыры ештеңе өндіре алмады. Қай қорғаушыға барса да, кәмелет жасына әлдеқашан толған әйелдің өз ісіне өзі жауап беретінін айтып, ешкім оны қорқытпағанын, үркітпегенін, көлігін өз еркімен жігіттің атына жазып бергенін, кейін мінездері жараспай ажырасып кеткендері қалыпты жағдай екенін алға тартып, жылы қоштасып шығарып салған.

-Біздегі заңның өзі алаяқтарды бүркемелеу үшін жазылған ба?-деп ашуы  қайнаған Нұрбике ақыры күрестен бас тартып, бұрынғы жалғызілікті өміріне амалсыз қайтып оралған. Қыңыр, қисық болып кеткен ұлын анасы екеуі әзер жөнге салып, әурірімдеп күн кешіп жүр. Жан азабын жырлаймын деп жүріп, саудасын да тұралатып ала жаздады. 

-Осынша ақымақ болармысың?Он бестегі оң-солыңды танымаған кезің емес, қырыққа жетіп бір сұмырайдан оңбай алдандың,-деп шешесі кейде қызын қуырып та алатын.

-Мен ғашық едім ғой, апа,-дейтін ондайда Нұрбике балпиған бетін жаспен жуып.

-Бүйткен махаббатың құрысын! Түріңе қарашы! Қу шырпыдай болып азып кеттің. Байқұс балапаным да жүдеп қалды. Обалдарың ана Береке деген итке болсын!

Осылай қарғыс жаудырып, «Алладан тап» дегеннен арыға аса алмаған Нұрбике мен шешесі өз қотырларын өздері қасып, жаңа өмірдің есігін ашуға жанталасты.

Алла көзі ақшаға байланған, құлқынын дүние тескен пендесін жазалауға асықпады. Ақару оқиғасынан аяқ тартқан Береке енді танысу сайтын былай қойып, таксиші болып жүріп, көлігіне мінген қыздардың аңысын аңдуға көшкен. Кісі қызығатын келбеті бар жігітке қайсыбір бикештер өздері ұрлана қарап, кейде тіпті сұқтана қарап қалатын. Бұл күндері Берекенің айдарынан жел есіп, сырт қарағанда бай-бағланмен теңесіп,, ажарын аймен бөлісіп жүрген түрі бар. «Қыз аңдимын» деп психолог болып алды. Әйелдің киім киісіне, жүріс-тұрысына, сөйлеу мәнеріне қарап оның әлеуметтік жағдайын дөп басып айтатын дәрежеге жетті. Егер әйел еркекке сөз бермей, ешкімді тыңдамай, даурығып өзі ғана сөйлесе, онда оның көңілінің желі бар. Ал егер де ару аңдап сөйлеп, бұйығы қалып танытса, онда оның іздеген «жоғы» бар. Береке мұндай өзі тәрізді жоқ іздегендермен тоқайласпауға тырысатын 

Бүгін де кештете келіп, салтанатты пәтеріне кіре берді. Алдынан жүгіріп шығар балаларын елестетіп еді, еріксіз шошынып қалды.

-Жо-жоқ, әлі ерте олай ошарлы отбасы болуға. Тым ерте! Қазіргі пері кезім әлдеқайда қызықтырақ қой,-деп өз-өзіне сөйлеп түпкі бөлмеге кірді. Жұмсақ төсекке шалқасынан жата кетіп, соңғы кездегі әрекеттеріне есеп бере бастады. Байқауынша, Нұрбикеден кеткелі бері бұның жүні жығылып қалғандай. Бұрынғыдай уысына түсе кететін көгершін арулар жоқтың қасы. Тоқтасқан жалғызбасты әйелдерді төңіректеуге көңілі соқпайды. Жас қыздардың уыстап берер ақшасы шамалы. Сонда Нұрбикеден мирасқа алғандай етіп қалап алған бірнеше миллионы қашанға жетпек? Сол ақша таусылған күні  баяғы шалшық жағасындағы құрқылтайдың ұясындай арзан пәтерден бір-ақ шықпасына кім кеплі.

-Осындайда кеңесетін дос та жоқ,-деп бір көңілсіздік  көлеңкесі пайда болған Береке жуынып, демін алмақ болды.Телефоны шыр ете қалғанда, елеңдеп барып тұтқасын асығыс көтерсе, ауылдағы шешесі екен.

-Балам,-деді қарт анасы қарлығыңқы үнмен.-Неге хабарсыз кеттің? Ат ізін салуды да қойдың. Қалада не тындырып жүрсің?

-Апа, қалада уақыт жылдам өтеді, тым жылдам. Телефонның құлағында сағаттап отыратын мұрша жоқ. –Береке жүре шешініп, жуынатын бөлмеге беттеді. Жылы суды ағызып қойып, шешесіне сөйлеуін доғармады.

-Ар жақтағы шу ненің даусы? Өшірші өзін. Даусың дұрыс естілмей барады,-деп анасы ұлының амандығын білмекке шұқшиды. Ал перзенті оның қамқорлығын бар болғаны тергеу деп қана түсінді де, әңгімені шорт үзді.

-Апа, мен бала емеспін. Отыздан астым. Мені бақылап, күнде қоңырау соғудың қажеті жоқ.-Судың шорылынан үзіліп жеткен ұлының даусынан беймәлім салқындықты аңдаған анасы бір сұмдықты іші сезгендей:

-Аман болшы, қарғам. Сені тергеп қайтейін? Бақылап нем бар? Тірлігіңнен бір хабар беріп тұрсаңшы,-деді қалтыраған дауыспен. Жетпіске келіп қартайғаннан ба, соңғы кездері тым көңілшек болып алыпты. Әрі ерекше жақсы көретін кенжесінің суық рай танытқаны көңілін аяздай қарыды.

-Тірімін, апа, тірімін. Әзірге өлу ойымда жоқ. Күнде хабарласып әуре болма. Ауылдағыларға сәлем де,.-Береке телефон тұтқасын іле салды. Ой желісін үзіп, кешкі жоспарларынан жаңылдырған шешесіне ашулы ма, әлде қолы жүрмей қойған өзіне кеюлі ме, аражігін өзі де ажырата алмастан, үсті-басын ретке келтірді.

-Патша өмірім соңына жетті ме шынымен? Бар болып өмір сүруім осыншама қысқа болады деп ойлаппын ба? Тездетіп қолымдағы ақшаны көбейтудің амалын табуым керек,-деп тағы да самбырлай сөйлеп, ас бөлмеге кірді. Сатып алған оны-мұнысын талғажау етіп отырып, ғаламтордағы табыс түрлерін қараумен болды. 

-Кәсіп түбі нәсіп деген. Ендігі нәсібім қай кәсіптен бұйырмақ?-деп өз-өзін жігерлендіріп, телефон экранына үңіле түсті. –Шығыс болмай кіріс келмейтіні тағы бар.Тәуекел етіп көрейін. 

«Тәуекел түбі- жел қайық, есерсің де өтерсің» деп өзін қайраттандырып жүріп, бір күнде криптовалюта әлеміне сүңгіп кетті. Салған салымы да әжептәуір. Ай соңында күтетін түсімі де тамаша. Сол алақаны жыбырлағанын криптовалютадан үйіп-төгіп алар табысына жорып жүріп айды өткізіп алды. Электронды поштасына келген жарнама мәтіндерінен басқа табыс мөлшерін құлағдар ететін хабарламалар мүлде көрінбеді. Тосып-тосып, шыдамының шеті сөгілген соң, жеке кабинетіне кіріп тексеріп көріп еді, салымы да құрып тыныпты. «Менде жазық жоқ» дегендей баланс деген тұста нөлдер іші қуыстанып, тізіліп тұр.

-Сайтан алғыр,-деді Береке телефонын әудем жерге лақтырып жіберіп,-бұл қай мазақтары.? Ай соңында қарық боласыің деп құттықтау хабарламаларды үйіп-төккендері бекер екен ғой. Жә, таусылмайын. Басқа табыс көздерін қарап көрейін. Бұл жолы өткендегі асығыстығымды көрсетпейін.

Жатын бөлмеде  жолбарыстай ойқастап жүріп, онлайн казино деген сайтты тауып алды. Салым түрлері арзаннан қымбат деңгейге қарай түрленіп тұр екен. 

-Өмірімде барып көрмеген казиноға тым болмаса онлайн кіріп көрейін. Бәлкім, ұтармын. Жолы болғыш жігіт емеспін бе?-деп сусынын сораптай отырып, пайдаланушы шарттарымен толық танысып шықты. «Құласам түйеден құлайын» деп қымбат салымға тәуекел етіп, ақшасын көрсетілген шотқа аударып-ақ жіберді. 

Сол түн таңғажайып түстер көріп шықты. Үш қабатты патша сарайында тұрып жатыр ма? Аспанда қалықтап жүрді ме? Жанына жан жуытпай, әлемнің дара ханзадасы болып самғады м? Қолына жиырма миллион тұратын алтын сағат өзі келіп тағылып, жаңалық атаулыдан тек Берекені көрсетіп ел ұлардай шулады ма? Әйтеуір, аппақ елестерің арасынан будақ-будақ ақшаны анық көрді. Бұл әуелеп қанат қаққан сайын, ақша біткен бұның денесіне жабысып, ақыры қозғала алмай, төмен қарай құлдилай берді. «Өлдім-ау» деген үрейлі ой денесін бүрістіріп, есінен тандырды.  «Жерге бар салмағыммен түссем, күл-паршам шығады-ау» деп зәресі зәр түбіне кеткен сәтте барып әрең оянды.  Өңі мен түсін ажырата алмай, біраз отырды да, қарманып жүріп шам жақты. Нұрбикенің үйәінде көрген жайсыз түсі есіне түсіп, аза бойы қаза бола түсті. Сондағы Нұрбикенің бұны жас башаша баурына басып, қорқынышын сейілткені бар емес пе? Қазіргі жұпыны, жүдеу күнінен сол кебеже қарын әйелдің төсегінде аунаған күндері артық па еді?

-Құрысын, көңіл соқпаса ғашық жанның рөлін ойнап, қылымси беруден де шаршап қалады екенмін. Қажеті жоқ ондай кқлгірсудің. Басы тәтті, аяғы қатты бұл не түс болды? «Түс түлкінің боғы» деуші еді анам мен түнгі елестерімнен шошып оянғанымды айтқанда. Бұл да сондай мән-мағынасыз елес қана.

Түн тыныштығы бұйырмаған Береке ертеңіне таң алакеуімнен тұрып, қала ішінде жолаушы тасуға шығып кетті. Жолаушыларға артық тіс жаомай, сүлессоқ отыр. Түнде көрген түсінің қорқынышты әсерінен неге екені белгісіз айыға алар емес. Өзіне бір тажал таяп қалғандай, бір тықырдан хабар келгендей жүрегі атқақтап, көңіл құсы құйқылжи алмай қор болды. Түс мезгілінде асқазанындағы жылан бас көтергенде барып, жолшыбай кездескен шағын дәмханадан тамақтанбақ болып тоқтады. Асқа тапсырыс беріп қойып, күтіп отырып телефонына үміттене қарады. Онлайн казинодан бума-бума ақша жауып кетердей өлексе дәмесі де жоқ емес. Үміттеніп отырып, онлайн казина сайтындағы өз парағын ашты. Сол-ақ екен, ашу, үмітінің қырқылғаны, өкініш, дәрменсіздік тәрізді небір сезімдердің арпалысында қалды. Тағы да нөлдер самсырап тұрды. 

-Неге тасым өрге домалауды қойған? Неге жолыма тек қана тікенек өсумен келеді?-деп іштей нали бастады. Кімге болса да, мұң шағып сыр ақтарғысы келді. Телефонның ар жағындағы әзірейілден қалай оңбай таяқ жегенін жыр етіп айтқысы келді. Бірақ кіммен кеңес құра алсын? Нұрбикемен бірге тұрып жүргенін біліп қоймасын деп қуыстанып, барлығымен байланысын үзген өзі. Жалған махаббаты туралы білсе ауылға жария етеді деп қауіптеніп, қаланың әр жерінде жұмыс істеп, ел қатарлы күндерін көріп жүрген жерлестерінен безінген де өзі. Берекенің жаңа телефон нөмірін көп ешкім білмейтіні де міне, содан.

-Әділ бар емес пе аңқылдақ? Сонымен сөйлесмем де жетіп жатыр,-деді жалғыздық жанына әбден батқан, таңы теңгені ғана ойлап бас қатырумен атқан, байлық деген ұғымға ар-намысын сатқан Береке. Әмиянын ақтарып, ескі телефон нөмірін тауып алды. Тездете қосып, қоңырау шалғанда естігені бір ауыз сөз болды:

-Жұмыстамын, шаршап қалмасам кешке өзім хабарласамын.

-Ықтиярың білсін,-деген Береке амалы құрып телефонын тастай берді. Көңілсіз отырып ішкен асы бойына тарамай, қаланы сенделіп жүрді де қойды. Көлігін бір аялдаманың тұсныа кідіртіп, өзі жақын тұрған дүкенге кіріп кетті. Қайтып шыққанда шаң-шұң дауысқа назары ауды. 

-Танысуға міндеттімін бе?-деп бір бойжеткен көжектей бүрісіп, ожар қарадан қащып жүр.

-Менімен таныспайтындай бетімнен ірің ағып тұр ма, әлде көзім қыли ма?-деп тапал қара өңмеңдеп қояр емес. 

-Танысқым келмейді дедім ғой. Сізбен де, басқамен де. Ары тұрыңыз,-деген қыздың үні ащы шықты. Оған аялдамаға жиналған жүргіншілердің ішінен селт еткені болмады. Араша түсу ойларында жоқ тәрізді, бейқам күйде сырттай тамашалап тұрысқан қалыптары бар.Береке адымдай жетіп, жігітті иығынан қағып өзіне қаратты.

-Бұл не шу?-деді ызбарланып, ақсары өңіне сес жиып.

-Жай, танысайық десем көкірегін керіп тұр. Соған бас терімнің құрыса қалғаны,-деп ұрдажық еркек Берекенің сүсынан қаймығып қалғандай.

-Бас терің құрысып қалса, полиция бөлімшесінде жазылар, бәлкім,-деп Береке қалта телефонын қолына ала беріп еді, анау қараның жан даусы шықты.

-Қызбен өмірде танысу қылмыс па?Кеттім, міне, кетіп барамын,-деп табанын жалтыратты.Оның соңынан күле қараған Береке енді қызға бұрылды. Орта бойлы, дөңгелек жүзді, бидай өңді қарапайым қыз екен. Киім киісі де көптің біріндей ғана екенін аңғартып тұр. Тізесіне дейін төгілнен қызыл көйлегін ұзын қара шашы жауып кеткен. Бет ажарында табиғат-шебердің салған суреті ғана аңғарылады. Бояудан ада өңінде бір балалық рай бар.

-Тапа тал түсте бір азаматтың жүрегін жаралап жіберген сияқтысың ғой,-деп Береке өзі де күтпеген жерден бейтаныс қызға әзілдей жымиды. Алдап-арбаудан өз жаны да шаршағандай кейпі барын жігіт іштей мойндағысы келмесе де, жүрегі бір бүлк етті. Көптен бері үнсіз қалған  ет жүрегінің бүлк етуі бүгін тұңғыш рет. Мүмкін, жүрегі бұрынғыдай ағыл-тегіл сыр ақтарып, шынайы күлкінің тиегін ағытуды сағынған болар. 

-Танысайық деп бас салғанда қорқып кеттім. Тірі жан көмекке келмеп еді, сізге көп рахмет,-деп қыз шашын жиыстыра бастады.Сөмкесінен түйреуішін алып, шашын желкесіне жинай қойып еді, аққу мойын арудың өзі бола қалды.

-Танысып көрмедің бе, бәлкім, жаны әдемі шығар,-деп Береке аялдамаға қарай бұрылған қызбен қатарласып, тағы да қалжыңның шетін шығарды. 

-Сырт бейнесі қандай кеспірсіз болса, мінезі де сондай қисық екен. Таныспайтынымды айтқанымда аузынан көбігі ағып, мені сыбай жөнелді,-деп қыз тітіркенген қалып танытып, иығын дір етккізді.

-Түлкінің қызылы өзіне сор деген.- Кезекті рет әзілдеген жігітке қыз езу тарта қарады.

-Ол жібі түзу жігітке ұқсамайды. Сол үшін таныспадым. Әйтпесе адамнан адам артық болып па? Мен оны елік атуға шыққан браконтерге ұқсаттым.-Қыздың мына теңеуінен Береке күлкіге көмілді де қалды. Күні бойғы түсінің жағымсыз әсері, өмірден түңілу, торығу тәрізді сүйкімсіз сезімдердің бәрі жылыстап, ғайып болды. 

-Сен көзі жәудіреген еліктің лағы. Ол-браконьер, сонда мен қорықшымын ба?-деп қызды аялдамаға жеткізбей тоқтатып, әдемі күлкісін ақтарды. Көптен бері жан дүниесін сілкінтіп сұлу да сырлы күлгені осы шығар. Қыз бұйығы тәрізді, езу тартқаннан арыға аспады.

-Еліктің лағы, атың кім?-деді Береке тосыннан күлкісін сап тыйып.-Кешір, ұмытып кетпіпін ғой, бағанағы браконьерге «сенімен де басқамен де таныспаймын» деп бетін қайтарғансың.

-Сіз басқа емес, елікті құтқарушы қорықшысыз ғой. Менің атым-Қарақат,-деген қыз жылы жымиып қолын ұсынды. 

-Береке боламын,-деді жігіт те әлденеге көңіл құсы көкке көтеріліп.

-Сіз жүрген жерде береке өзі келіп тұрақтайтын шығар,-деді қыз жігітің бір пәледен құтқарғанына ризашылығын жасырмай. Көңілі жаңа жауған қардай таза бойжеткен жігіттің жүрегіндегі қара тасты аңдай алмады.

-Қарақат, қайда бет түзеп едің? Жеткізіп салайын,-деп өтінді Береке.

-Жоқ, әуре болмаңыз,-деген қызды «жүр-жүрлеп» ақыры үйіне дейін әкеліп салды.

-Бұл өзі бір жағы қызық болды ғой,-деді қыз қоштасар алдында күлімдеп,-кинодағыдай таныстық.

-Өмірдің өзі кино ғой,- деді жігіт көңілі алаулап.

-Жақсы, мен үйге кірейн, Шаруаларым бар,-деп Қарақат кетуге  бет бұрғанда Береке қыздан телефон нөмірін сұрады. 

-Нөміріңді жазып бермесең, осы жерде табандап тұра беремін,-деп әзілмен ықтырып та қойды. Қыз көп қарсыласпай, жігіттің телефонына өз нөмірін сақтап та қойды.

«Құдай-ау, неге сонша көңілдімін? Белгісіз дауылдан етегі көтерілген көңіл шымылдығыма Қарақат күн шуағы болып құйылды ма? Өз теңіммен танысып, құлын-тайдай тебісіп, бір жасап қалдым-ау! Қаңырап қалған жан сарайым шапағат шуағын аңсағаннан болар, жылы сөйлеп, риясыз күлген Қарақат маған теңдесі жоқ ару болып көрінді. Махаббатқа бастайтын ұлы сезім бе бұл, я болмаса алдап соғуға, өтірік тантуға итермелейтін улы сезім бе?»Өз-өзімен іштей дауласып жүріп, жалдамалы пәтеріне де жетті. Тынығып, тамақтанып, енлі бел шешіп отыра бергенде, үй қожайыны келе қалды. Суыт жүрген түірнен оның текке келмегенін іші сезген Береке әйелді мұқият тыңдады. Оның айтқан сөзінен жақсылықтың нышанын көре алмады.

-Пәтерақыны көтеремін. Жалғыз өзің екі бөлмелі пәтерді арзанға жалдап тұрып жатырсың. Келіссең осы, келіспесең басқа пәтер жалдаушылар табылады,-деп жасанды көкпеңбек қасын керді кербез әйел. 

-Қабырғаммен кеңесейін,-деп сырғақтай беріп еді, Берекенің сөзін төтеден қиып тастады.

-Маған керегі сенің уақыт оздырып қабырғаңмен кеңесуің емес, айтылған соманы тура қазір қолыма санап бер, немесе кілтімді тапсыр!-Тұлан тұтқан әйелге Береке ақыры талап еткен ақшасын беріп  құтылды. Ондағысы кең, жайлы пәтерге бауыр басып қалған еді. Қала сыртындағы лашықтарға қайтып барғысы келмегендіктен де, қожайын әйелдің талабын орындауына тура келді. Бірақ енді үш-төрт ай осы пәтерде аялдаса, көк тиынсыз қалатын түрі бар. Ғаламторда бір емес, екі рет оңбай күйгені есіне түсіп, ішіндегі қыжылы жүзіне шықты. 

-Нем бар еді екі айдың пәтерақысын желге шашып?-дедді қожайынн кеткен соң диванға көсіле жатып.-Бекер жатпай, қожайынын сөге бастады.

-Тістеніп сөйлеп, жүзі ызғар шашып тұратын жасанды қуыршақ! Байыңның кетіп қалғаны да осы мінезіңнен шығар,-деп жеке өмірінде жолы болмаған әйелді келістіріп тұрып бір сыбады.Сөйтіп жатып қиялдап та үлгерді.-Қашан дәл осындай ақ боз үйім болар екен. Қашан жетемін өз ордама?

Жігіт жүрегінде бұлкілдеп ояна бастаған жылы сезімдерді ақша деген шайтан қайта қылғындыра бастады. Тым нәзік адами сезімдер нәпсі шайтанымен күресте төтеп бере алмай, жұлынған жауқазындай сола берді. Солып, үсік шалған әрбір игі сезімнің орнына құбыжық тікенектер өсіп шыға бастады. Ол тікенектер Берекенің көзін байлап, құлағында тек «Ақша! Ақша!» деген жалғыз айғай қалдырды. Жан әлемін еркін жайлап алған құбыжық ақырғанда, қайран жүрегі қайта тасқа айналды. «Табысқа кенеліп қалайын! Ескі айлама басайын. Қазына толы сандықты ашайын» деп Береке кәззаптың әніне басты.

Ағарып атқан ақ таңда қара ниетті жігіт жоспарын кімнен қалай бастарын білмей дағдарып ұзақ отырды. Дәл қазір шылауына жармасып, алдауына көне қоятын бай әйелді қайдан тапсын. Байдың қыздарын алдап-сулау ұшін уақыт керек. Ол шіркін Берекеде тым тар болып тұр. «Таптым!»-деді оқыстан оқжыландай атып тұрған Береке. «Таптым! Құрықты Қарақатқа салайын! Аңғал қызға жаным дейін, ойымдағыны орындатқан соң жанын жейін. Дегеніме қол жеткенд, е бір ебін тауып тайып тұрамын кейін.»

Жігітің жүзінде құбыжық күлкі ойнады, нәпсі шайтаны жеңіс тойын тойлады. Шынайы сезімге ғана төр берген жүрегі қақпасын тарс жапты. Жігітің санасында алуан шайтан сезімдер жын ойнақ салып жаттты. Қабырға бойымен орнатылған айна алдына келіп бойын тіктеген Береке өз көркіне өз сұқтанды. Мөлдіреген, аясы кең қара көзі, қарлығаштың қанатындай қиылған қасы, қалың жылтыр шашы, жастығын айғақтап уылжыған от еріні, қыр мұрны-бәрі-бәрі асқан үйлесімділікпен қараған жанның таңдайын қақтырардай келісе қалған. 

-Тал еккенше, неге мал бермедің деп ренжіп едім ғой өзіңе, әке! Ренішім бекер болыпты. Қазір мендегі атой салған мына әдемілік сенен дарыған. Менің болмысым сенікі, әке! Ал ақыл ойым өзімдікі. Сен бөтелке бөктеруді ғана білдің. Мен сұлулардың қалтасын қағу машығын меңгердім. Өмірдің өзі үйретті ұлыңа ол өнерді. –Айна алдында шыр айналған Береке өз сымбатына өз сүйсініп жүріп, дұшпанкөз киімдерін киіп, алтын әшекейлерін тағынды. 

-Уа, жаңа заманның Алдары! Сенің тура бір ай уақытың бар. Ашықауыз қызды алдап соғып, қалтаңды қамдауға отыз күн мұрсат беремін,-деп айнаға қарап сәл тұрды да, қарқылдап күліп жіберді. Нағыз сауық-сайран енді басталардай желігіп, алас ұрып, жыны қозды. Сөйтіп жүріп Қарақатты кешкі асқа шақырды. Гүлін алып, тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланатын қыздардың өзін жолда қалдырып, жұтынып уәделі жерге жетіп барды. Сүйкімділік көңіл қуантса, әдемілік көз арбайды. Қарақат гүл ұсынған келбеті асқан жігіттен расында да көз айыра алмай қалды. Бір шоқ қызыл гүлді ұсына беріп, Береке тәтті сөздерін де жаудырып үлгерді:

-Сенің сұлулығыңның жанында түкке де тұрмайтын осы шоқ гүлді өзіңе сыйлаймын,-деді үздіге сыбырлап. Сыбыр үн, сұлу сөз қанша салқынқанды болса да, Қарақаттың еркін ала бастады. Ертегілер елінен келген ханзадаға жолықты ма, апырау, көктен түскен, пейіштен шығып, жер бетіне серуендеуге келген хор жігітіне тап болды ма, ештеңенің байыбына бара аламй аң-таң, таң-тамаша күйде отыр. Береке аузын ашқан сайын бұлбұлдай сайрап, көмейінен жұмақ жыр төгеіледі.Әлде періштенің кейпіне енген әзәзілдің өзі ме? Осы ойдан үрейі ұшқан Қарақат кенет орнынан атып тұрды.

-Мен қайтайын, рұқсат ет,-деді өңі қуқылданып.

-Неге асықтың? Сен кетсең, мына жердің сәні де қалмайды ғой. Өзім жеткізіп саламын, алаңдама,-деген Береке тым тауып айтамын деп қауып айта жаздағанын түсіне қойды. Сөйтті де, қызды биге шақырды. Қарақат қарсыласа алмай, жігіттің құшағында би әуенімен ырғала жөнелді. Қарақат маңайына қарап еді, өзге үстелдегілер орындарынан жылжымапты. Тек екеуі ғана айдынды сызған қос аққудай ортада дөңгеленіп жүр.

-Бұл вальс әуені Қарақат есімді еліктің лағындай сұлуға арналады. Қошемет те сол аруға. Әуенге тапсырыс берген Қарақаттың сұлулығына табынушы Береке,-деген кеш жүргізушісінің даусы дәмхананы сілкінтіп жіберді. Даңғазаны жаны сүйетін көпшілік ысқырып, өздеріне беймәлім ғашық жандар үшін шапалақ соғып, мәре-сәре болып қалды. Қарақаттың көіілі қайта шарықтай бастады. Жігіттің құшағында вальс әуенімен тербеле берді. Берекенің ыстық демі қыздың маңдайына тиіп, оттай қарыды. «Көзім түскен жігіттен көіңілім үркіп, қашанғы жалғыз жүремін? Араласып көрейін, бәлкім, бағым шығар,»-деген ойлар Қарақатты осы кеш Берекенің қасында ұзағынан отырғызды. Береке қызды таңдандыра түсуін жалғастырғандай ғашықтық әнін салды. Жай сөйлегенде кеудесі күмбірлеп тұратын Береке ән айтқанда шырқатты-ай келіп. Сүйіспеншілік жырын айтып, Қарақаттың жанына келгенде, қыз орнынан қалай түрегелгенін өзі де аңғармай қалды. Әннің әр сөзі Берекенің бұған айтар махаббат лебізіндей естілді:

Сен маған ұнадың,

Тасыттың да бақытыңның бұлағын,

Сен маған ұнадың,

Сан қарасам қанар емес құмарым...

Әннің әр сөзін өз жүрегінен шыққандай етіп келістіріп орындаған Берекенің  көзіндегі отты сезген қыз енді күмән келтірудің ретін де таппады. Қарақат жүрегінде оянған көктем әнін бұзғысы келмей, күдік бұлтын серпіп жіберді. Әнін аяқтап, қасында өзімен бірге толықси ырғатылған Қарақаттың қолын сүйген жігітке өзге арулар ішіп-жеп қарады. Көрікті жігіттің жанында жүрген қыздың өзге бикештерге кейіп-кеспірден жұрдай көрінетін заңдылығы бойынша оларға да Қарақат сүйкімділіктен жұрдай жапалақ болып көрінді. Бірақ Қарақаттың басқаларды байқайтын шамасы жоқ еді, ол басына ғайыптан тайып қонған бақыт тәжін мығым, әрі мәңгі ұстап қалуға ант етті. Екеуі қолтықтасып, дәмханадан шыға бергенде Береке сыйлаған сиқырлы өлкенің тәтті күйі қыз жүрегін тербеп тұрды.

-Үнді фильмінің ішінде жүргендей болдым,-деді сәлден соң тілге келген қыз таңданысын жасыра алмай. 

-Басты кейіпкерлері-сен екеуміз,-деді Береке Қарақаттың қолыан ұстай беріп. 

-Кинодағыдай таныстық, кинодағылдай кеш жасадық. Болашақта тағы адам айтса нанғысыз не болар екен?-деп Қарақат тоқ көңілмец сылқылдай күлді.

-Махаббат фильміндегідей ұлан-асыр той жасап, бақыт жырын айтып жүріп қосылсақ, шіркін!-деп арманға толы аңсар үн қатты өнерлі жігіт.

-Оған ерте емес пе?-деп назданды өзін хас сұлу ғана емес, маңдайының бес елі бағы бар ерекше жанға балаған қыз.

-Игіліктің ерте-кеші жоқ. Әрі отбасын құру, сендей сұлумен ғұмыр кешу-менің танысудағы басты мақсатым,-деп Береке орайын тауып монтанси қалды. Ниеті ақ, сөзі түту көрінген жігітке Қарақат жүрегі енді қайтып шәк туғызбады. Қарақатты үйіне жеткізіп салған кезде де Береке о бастағы өзінің тәрбиелі, текті жігіт бейнесін титтей де кемшіліксіз ойнап шықты. Ол алғашқы кездесуде қыздың ерніне жабысатын қайсыбір жігіттердей емес, қайырлы түн тілеп, Қарақаттың маңдайынан сүйді. «Тәрбиесі оң екен! Бас салып сүйісуге тырыспады,»-деген сүйсініске толы пікір қалдырып, Қарақаттың жүрегіне өз атының алғашқы әрпін жазып желе жорта жөнелді.

Сезімге толы сырлы басқосулар жиілей берді. Береке  жарты сағат қоңырау соқпаса, қыз жүрегі бебеулей қалатынды шығарды. Қызметінен демалыс алса да, ауылына қайтпай, құрбыларымен бірге жалдаған пәтерінде тұра беруінің басты себебі де Береке болатын. Береке де ынтығып, құмартып тұратын күйін қыздан еш жасырған еме. Қайта әрбір орайлы сәтті ұтымды қолданып, сезімінен хабар беріп қалуға әзір тұратын.

-Сенсіз түн өтпейді, ал сенімен бірге басталған күн тез батады,-деп дегбірсізденген жігіт қарсы келе жатқан Қарақатты көріп құшағын жая ұмтылды. Бір түн көрмегенге ол да сағынысып қалғандай шұрқырай табысты. Күні бойы бірге жүріп, тек түнде ғана әркім өз пәтеріне жолдары екіге айырылатын қос ғашық ендігі  жерде ешқашан жұптары жазылмасқа іштей серт еткендей құшақтары айқасып тұрып қалды.

-Жүр, кешкі салқында саябақты аралайық,-деп Береке қызды бастай жөнелді. Кқлікпен сәл жүрген соң саябаққа келіп,көктемнен жазға ойымөан Алматы кешін қызықтауға көшті.

-Сені ойлап ұйқыға шомамын. Түсімде сені көремін. Оянсам, сен тағы да жүрегімде, санамда билік құрып тұрасың. Сенің қандай құдіретің бар?-деді Береке қатарласып келе жатқан қыздың иығынан құшақтап.

-Менің халіммен бірдей екенсің,-деп нәзік күлкісімен еркелей қарады Қарақат,-күндіз-түні ойымнан шықпайсың. Түн баласы түсімде тамаша табиғат аясында маған арнап ән саласың. Ояна сала телефонымды ақтарып, сен не жазды екен деп елеңдеймін. Бірге түскен суреттерімізді құрбыларыма күніне қырық рет көрсетемін. Олар мені жынды десе де ренжімеймін.

-Бұл-махаббат деген ұлы сзімнің қасиетті белгілері,-деп даусын құбылта сөйлеген Береке қыздың қарсы алдына келіп тоқтай қалды. –Жүрек бізге «үйлененітн кез келді» деп хабаршы жіберіп жатыр.

-Оған әлі ерте емес пе? Танысқанымызға бір ай да болған жоқ,-деген Қарақат жігіттің сөзін шаттана тыңдады. Сөйтті де сұрағын қылтитты.

-Мен сенің маңайыңнан ешкімді танымаймын. Достарыңды, туыстарыңды мүлде айтпайсың. 

-Ой, жаным-ау, сені көрсем, Қарақат деген сөзден басқаға менде тіл кекештеніп қалады. Қаласаң өзім жайлы толық айтайын. Әкем мен әскерден келген кезде ауыр науқастан қайтыс болған. Анам ауылда аға-жеңгеммен тұрады. Немерелерін қызықтап анашым аман-есен жүріп жатыр. Бір жаныма бататыны-қатал, тасбауыр ағам мені анаммен араластырмай отыр. Ал, достарым көп емес. 

-Әкеңнің қазасын есіңе салғаным үшін кешірші,-деп қиылды сезімтал қыз.-Ал достарың мүлде аз ба? «Жігітті досына қарап таны» деуші еді бұрынғылар.

-Қаласаң достарыммен таныстырайын. Әділ деген аузын ашса көмейі көрінетін асыл досым бар.-Қыз жігіттің сөзін құптай басын изеді. Әрине, Береке тәрізді сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің досы да саңлақ болуы түсінікті жайт қой. «Адам досымен мықты»» дегендей, ғашығын қолдап-қорғап жүрген достарын көруге Қарақаттың шынымен-ақ аңсары ауды. Көз алдына сүйіктісінің жүзіктің көзінен өткендей төре достары елес бергені де рас.

Ертеңіне кешке дәмханада Береке Қарақаттың құрбысымен өзінің қос досын-Мақсат пен Әділді таныстырды. Өзі бір кеш бойы жалынғандай болып, әзер келтірген екі жігітті сценарийге көндіре алмай, іштей өрекпіп отыр. Олардың аузына салған сөзін  Әділ қасақана, әлде білместікпен теріс айтып жібере ме деген қорқынышы басым. Сонда да өзін байсал қалыпта ұстап, қыздарға қонақжайлылық көрсетіп, жайылып жастық, иіліп төсек болып отыр.

-Берекемен қалай таныстыңдар?-деді Мақсат қою қоңыр даусымен қыздардың алдында күндегідей желпіне сөйлемей. Қарақаттың құрбысына ұнап қаламын ба деген үміті де жоқ емес.

-Тура кинодағылай.-Қарақат қалай таныс болғандарын ежіктеп айтып, Берекені хас батыр етіп жырға қосты.

-Үнді фильміндегідей айрықша жағдайда жолығыпсыңдар, неге бізге айтпадың?-деп Әділ Берекеге шұқшия қалды.

-Мақтанғанды білмейтін менің ханзадам өзі жайлы мадақ айтудан қымсынған болар,-деп ғашықтықтан көзі байланған Қарақат Берекенің орнына жауап қатып үлгерді. 

-Бұл таныстық хикаясын қырық рет естігенмін, құлағымның құрышы әбден қанған,-деп сөзге Қарақаттың құрбысы Асылай араласты. –Сендер достары бола тұра Берекенің махаббат оты қалай ұшқындағанынан хабарсызсыңдар. Неге?

Ашаң жүзді, бүйрек бет қыздың бұл сұрағын Береке жақтыра қоймай, өзі сөзге киліге бергенде ашықауыз Әділ маңдайдан қойғадай сарт еткізіп жауап берді:

-Біз құрылысшымыз. Ал Берекенің нақты қайда жұмыс істейтінін білмей...-Өзі жаттатқан «шындықтан» тысқары кеткен Әділдің мына сөзінен соң Беркке сусынға шашалып қалды. Ішін ұстап бүктетіліп, Әділдің сөзінің соңын елеусіз қалдыруға бар жанын салды.

-Жаным, саған не болды?-деп үйіріле қалған Қарақат Берекенің арқасынан қойғылай бастады.

-У-уһ, жаным, мұздай суға қақалғаннан ішегім түйіліп қала жаздады ғой,-деп бауырын әрең жазды. Көзінен жас шығып, бет-аузы қызарып кеткен жігітке өзгелері де қалбалақтап, шамаларынша көмектесіп жатыр.Береке жоспарлағандай Әділдің сөзінің соңы елеусіз қалды.

-Біз құрылыс компаниясының күзет бөлімінде істейміз. Үнемі спортпен шұғылданып, кез келген төтенше жағдайға сақадай сай тұрамыз,-деп Береке енді әңгіме тізгінін өз қолына алды.Тура мінезді Асылай күтпеген жерден сықылықтап күліп жіберді.

-Сонда Әділ спорттың қай түрімен айналысады? Шахматпен бе? Ал Мақсат ше?-деп қос жігіттің спорттық тұлғадан алыс бітімдерін меңзеді. «Түзу, ұзын кірпігің тура мінезіңнің бір дәлеліндей екен,»-деп Асылайды көрген бойда іштей ұнатып отырған Мақсат қызбен күлкі жарыстыра жөнелді. Өзін әжуаласа да,, еш шамырқанбай күлкі дөненнің басын еркін жіберген Мақсатқа қарап, таң-тамаша болған Әділ де арқырай жөнелді. Береке жұмсақ жымиып, Қарақаттың иығынан құшақтап, өзіне қарай тартты.

-Даяшы, шотты әкеліңіз,-деп ширатылды Береке кеш соңында. Онысы бес адамның ішіп-жегенін ауырсынбай төлейтін мырзалығын көрсетудің  орайы еді. Мырзалығы қыздарды үйіне шығарып салғаннан кейін жайына қалып, Мақсат пен Әділге шотты теңдей етіп бқліп берді.Олар екеуара күбір-сыбырдан кейін айтылған ақшаны Берекеге ұстата қойды.

-Жаз уақытында құрылысшылардың  құдайы жасайтын шақ емес пе?-дп мысқылдады Береке ақшаны төс қалатасына сүңгітіп жіберіп. Екі жігітті түн ішінде такси ұстауға жеткізбей, тағы да төрелігін аңдатып, бақасы тайдай тулаған шалшық бойындағы бөлмелеріне апарып салмақшы.

-Береке-ау, сен мына көлікке қалай ие болдың? Соны айтсаңшы,-деді Әділ бар ынтасымен Берекенің аузына үңіліп.

-Оған сенің миың жете қоймас.

-Неге? Сенің басың екеу екен де, біздікі жарты ма сонда?-Артқы орындағы Мақсат алдыға қарай итініп, шамдана қалды.

-Жоқ, ол үшін ғаламторда ұзақ отыру керек. Онлайн казинодан ұтқан қыруар ақшама сатып алғанмын,-деген Берекенің уәжіне екі дос қиылған шалғындай құлап түсті.

-Шын ба?

-Оны қалай ойнайды?

-Қымбат салым жасау керек,-деп маңғазданды Береке көпті көрген кемеңгерден бетер.

-Мен сондайларға сенбеймін. Одан да кірпіш қалап, тас тасып, көзіме көрінетін кәдімгі ақша тапқаным әлдеқайда артық,-деген Әділ тақырыпты тереңдетпей, бірден жаба салды.

-Екеуің ғаламтордан әншілердің өмірін қызықтауды жандарың сүюші еді ғой.-Береке тағы да оңтайын тауып, екеуін күлкіге айналдыра бастады.

-Қойдық қой Байжан «қой» деген соң. –Әділдің бұл сөзін Мақсат қостай күліп, көліктің ішін бастарына көтерді.

-Жә, әншілерді қайтеміз. Одан да, Береке, қыздарға неге сонша өтірік айтқаныңның себебін білсек бола ма?-Мақсаттың тұтқиылдан қойған найза сұрағынан көлікті басқарып отырған Береке селк ете қалды. Көлік оқыс шиқылда, бір бүйірлеп барып тоқтады.

-Екі бөлмелі пәтерім бар, күзет фирмасында жоғары лауазымдамын деп  бетің бүлк етпей-ақ естің ғой бағана. Соның мәнісін айтшы,-деп қадалды Мақсат. Әділ де мардымды жауап күтіп, үнсіз қалған.

-Ғашық жігіт қызына артықтау мақтанса,несі айып?-деп Береке жауаптан сытылып кетті.

-Байқа,- деді Мақсат домаланып көліктен түсіп жатып.-Кейін бір нәрсені бүлдіріп, бізді қоса шатып жүрме.

-Әдемі қыздардың алдында көздерін бақырайтып қойып, өтірікті ұрған қиынның қиыны екен,-деді Әділ де аяғын жерге әрең іліндіріп жатып.

-Пай-пай, періштелерім-ай! Жолдарың болсын!-деген Береке темір тұлпарын кілт бұрып, екі жігітті шаңға көміп өте шықты.

-Шалшықтың арына қылау түспеген қос аққуы,-деп кекетті былай шыға бере. Өмірі жалған сөйлеп көрмегендей сонша керілгнендеріне жол болсын. Одан да бұның көлігі мен жібек костюмін қызғанамыз деп ашық айтпай ма жігіт деген? 

Дәл осы кезде қос құрбының арасында от шыға жаздап еді.

-Мен білсем бұл Берекеңде бір кілтипан бар,-деді Асылай тік кетіп.

-Құмалақ ашып білдің бе?-деді Қарақат ұйқы алдында ұзын шашын саумалап тарайтын әдетімен.

-Көріпкел болудың қажеті жоқ. Қимылы тым ширақ. Жылдам сқйлемейді. Алдын-ала ойластырған сценарийімен ғана жақ ашатын тәрізді. Жұмысы, туыстары жайлы айтқандары тіпті күдікті. 

-Ең маңыздысы-мені сүйеді. Маған одан артық дәнеңе де керек емес. Тіпті үйі, қызметі болмаса да мен оны жақсы көруімді қоймаймын,-деп Қарақат қолындағы тарағын шкафқа серпи тастады.

-Сері жігітіңе шаң жұқтырмайсың-ау. Бірақ неге екенін қайдам, көңілім тыныш емес. Сенің бағыңды...

-Қойшы енді, Асылай! Қамқор құрбы екенмін деп, жеке өміріме тым қол сұға берме!-Қарақаттың көзі ашудан шатынағанын көрген Асылай тілден қалды. Ашу қысқан жанға ақыл айту сөзді өлтірумен пара-пара екенін ол жақсы білетін.

Араға айды толтырмай, Береке Қарақатқа жүзігін ұсынып, сөз салды. Тізерлеп, ғашықтық сөзін жаудырды келіп. Жай бір етекте емес, Медеудің заңғар биігінде тұрып, таудың саф ауасын сіміре жұтып, сүйгеніне өмірлік жар болуға қолқа салды.

-Менің күңгірт өмірімді нұрлы етші, жаным!Жалғыздықтан жаураған жүрегімді мәңгіге жылытшы, күнім!Сенен басқа сұлуды көрмейтін соқыр көзіме бақыт шуғаны төкші!-Аса қымбат емес жүзікті ұсынып, қыздан телміре жауап күтті.

Қыздың шаттыққа толы даусы таудың ұшар басына жетті, бірақ асқақтықтың мекені-тау жарықтық Қарақаттың «Иә! Иә!» деген жауабын құптамағандай  бақыт үнін қостап, жаңғырықтырып әкетпеді.Құлқынның құлына айналған, көзі дүниенің кіріне байланған жігіттің  шын бейнесін, сұм бейнесін көре алмаған қайран аруға қол ұшын бере алмағанына өкінгендей тау жарықтық ішін тарта бір күрсінді. Медеуден төмен құлдилап көлікпен түсіп келе жатқан Қарақат көңілінің шыңындағы бақыт мекенінде қалып қойды. Бөлмесіне сүйіншілей кіріп барып, өзі жақсылық деп атаған хабарды бөліскенде, Асылайдың көзі атыздай болды. Шарасынан шыға жаздап, басын шайқай берді.

-Құрбым-ау, сен үшін қуанар едім. Бірақ көңіл шіркінде бір тыным жоқ. Қызын ұзатар ауылдай жүрегім құлазып тұр. Тым асығыс шешім қабылдапсың. Танысқанадарыңа бір ай да болған жоқ.

Қарақат оның сабырға шақырған сөзін естіген де, тыңдаған да жоқ. Айна алдында шыр көбелек айналып, неке жүзігін таққан саусағын бетіне жақындатып, өзін-өзі суретке түсіріп мәз.

-Сен мені көре алмайсың. Соған көзім анық жетті,-деді Асылайға жартылай бұрылып тәкаппар үнмен.-Берекедей әдемі жігіттің болашақ жары атанғаным үшін де, оның үйлі-жайлы, отбасын қамтамасыз ете алатын қамқор азамат екеніне қызғаныш білдіресің. Турасын айтқанда, сен менің құрбым емессің!-Мына сөзден Асылай шалқасынан түсе жаздады. Студент кезінен бері бір қара нанды бөліп жеп келе жатқан жан құрбысы қайдағы бір қуаяқ үшін өзін осылай қатты жазғырады деп ешқашан ойламап еді. От басып алғандай орнынан атып тұрды.

-Демек, солай екен ғой. Мен жайлы төрт-бес жылда түйген ақиқатың осыншама теріс болады деп тіпті күдіктенбеппін де. Анау жылпылдап, о жақ, бұ жағыңа шығып жүрген Берекеңнің ісінде бір гәп бары бесенеден белгіді. Соқыр сезім көзіңді тұмшалаған сен оны қайдан көрейін деп едің?

-Жиырма беске келсең де, әлі шынайы махаббатты бастан кешірмедің. Содан да маған тырнағыңды көрсете бересің,-деп Қарақат сықылықтап күліп жіберді. Намыстан, ашудан өртенердей болған Асылай жол сөмкесіне жармасты. Жылдамдатып заттарын жинай бастады. Үн-түнсіз сазарып алған. Бес жылдан бергі достықтары осылай оп-оңай шытынап кетеді деп кім ойлаған?!

Шыр ете қалған қалта телефонын безілдетіп қойып, тұтқаны әрең көтерген Асылай жылдамдата сөйледі.

-Уақытым жоқ. Шұғыл кетіп барамын.

-Қайда екенін білсем бола ма?-деп Мақсат та құмартып қояр емес.

-Қаңғуға, яғни, пәтер іздеуге.

-Алматыны адақтап қайтесің. Әрі жалғыз қыз баланы әркім көзтүрткі қылып жүрер. Біздің жанымызда бір бөлме бос тұр. Қаласаң, пәтер иесімен сөйлесіп көрейін. Қаланың шеті демесең...

-Мекенжайды айт,-деп тақ етті Асылай. Ауыр сөмкесімен жер сызып кетіп бара жатып, Қарақатқа көз салды. Ол түк болмағаедай, телефонынан әлдебір суреттерді көріп, өз шаттығының шеңберінде отыр екен.

Асылайдың Қарақаттан аулаққа кеткенін жақсылыққа балаған Береке енді қызға салған тұзағын тарылта түсті. Сол мақсатпен екі жақты танысытру туралы ойын  бақыттың базарында шалқыған жандай алқына, жүзіне қуаныш шуағын үйіре  лепіре жеткізді. Қарақат та қарап қалмады, облыс аумағында тұратын әпке-жездесіне келулерін өтінді. Мәселенің мән-жайын мақтанышпен тәптіштеп, жігіттің төресінің жары болатынын қайталай айтты. Әпкесінде ес қалмай, айтылған күні жетіп келді. Ал, кенжесінің үйленетінін естігенде Зәрипаның көңілі көктен де биікке көтерілді. Ол тездетіп Алматыға жету қамын ойластырды. Пәтерінде анасын күтіп алған Береке өзі бастаған ойынның тым салмақты бағыт алғанынан іштей сескеніп қалды. Бұл жолы Нұрбикенің оқиғасындай тып-тыныш тына салса, жарар еді. Анасы араласып, бүйректен сирақ шығарып жүрмесе нетті. Осылай деп қауіп ойлаған Береке танысу рәсімінен соң анасын жылдамдатып ауылға аттандырды. Өзін отарбаға шығарып салған Береке мен Қарақатты кезек айналып-толғанған ана оларға ақ батасын берді.

-Балам, ақылдым, періштедей бір қызды жетектеген екенсің. Жылата көрме. Қызым, қызғалдағым, ұлымның жүрегін жаулаған екенсің. Оны бақыт шыңынан құлата көрме!-Ана ықыласына екеуі бірдей иіле құрмет білдірді. Әсіресе, Қарақат апалап жанынан шығар емес.

-Кәне, қызым, тілипон нөміріңді маған жазып бер. Өзім тікелей хабарласатын боламын сенімен,-деп Қарақатқа қолқа салғанда, Береке шар ете қалды.

-Апа, күн сайын қоңырау соғып, менің мазамды қашырушы едіңіз. Енді Қарақатқа да солай істейін дедіңіз бе? Қала адамдарының уақыты тығыз болады, көп сөйлесуге мұршалары келмейтінін содан.

-Жарайды, балам, айтқаның болсын. Сен арқылы қызыммен де хат алысып отырамын ғой. Енді тойдың қамына кірісуім керек. Сол кезде Қарақатпен ақылдаспаймын ба?-Жүруге ыңғвйланған отарба ышқына бір  дыбыстады. Қарақат Берекенің әрекетін түсінбей, оған таңдана қарады да, Зәрипа ананың жолда ішер сусынын, тамақтарын үстел үстіне шығарып, реттеп беріп, шығуға беттеді. 

-Менің ақ келінім,-деп еміренді шешей.

-Келініңіз қара торы сияқты ғой,-деп сыпайы әзілдеді купелес серігі.

-Менің көзіммен қарағанда аппақ келін ғой. Жаны ақ, пейілі ақ балапаным!-Үлкендер бір-бірін түсініп, өзара күлісіп алды.

-Апа,-деді Береке тыпыршып,-біз шығайық. Отарба жүрейін деп тұр. 

-Сау болыңыз, апа. Жолыңыз болсын,-деп және иілген Қарақат шегіншектеп купеден шыға берді.

-Апама не көрінген? Біреудің қызын сонша өбектегені несі? Құдды бір қызы жоқ адам құсап елжіреді де қалды ғой. Әлде қартаяйын деген бе?-Береке анасының Қарақатқа тым тез бауыр басқанын іштей құптамай, үнсіз келеді.

-Апамыз ауылға кеткеніне көңілің болмай тұр ма?-деп Қарақат Берекенің білегінен ұстай алды. Сүйіктісі басын изеді де, қызды үйіне жеткізіп салуға асықты. Жөн сұраған қызға «жұмысқа шақырып жатыр, күзет бастығы екенімді ұмыттың ба?» деп қысқа қайыра салды.Бөлмесіне келген Қарақат жалғыз өзі елегізіп, асы бойына тарамай, түні бойы дөңбекшіп шықты. Ұйқыдан мүлде айырылған соң Асылайға қоңырау шалды. 

-Алло, бұл кім?-деген салқын дауыс естілді тұтқаның ар жағынан. Қасақана танымаған болып отыр.

-Асылай, мен ғой,-деді Қарақат жігерсіз үнмен.-Халың қалай?Шынын айтсам, сені сағындым.

-Өте жақсы. Жаңа достарымның жанында тіпті зерігер емеспін.-Дәл осы кезде Асылайдың жанынан жігіттердің даусы естілді.

-Кім сонда достарың?-деп таңырқай құлақ түрді Қарақат.

-Мақсат пен Әділ. Олардың жанында көп ақиқатқа қанық боддым. Бірақ сенің оны естір құлағың жоқ қой.-Астарлай сөйлеген Асылайға Қарақат  атой салмады. Жай ғана сабырмен:

-Тағы да Берекені қараламақсың ба? Одан да екі кеменің құйрығын ұстағанның суға кететінін ескер,-деп тұтқаны қоя салды.

-Екі кеме деді ме? Әділ, сен шағын қайық шығарсың. Мен Титаник кемесімін,-деп Мақсат әзілден нөсер жаудырып жіберді.

-Бұралқы сөз күлуге жақсы,-деген Әжіл әзілді одан ары тұтандырмады.

-Кемені қоя тұрыңдаршы. Берекенің анасына барып, амандастық деп едіңдер. Қандай адам екен өзі?

-Қарақат қызым деп өліп-өішп отыр. Кенже ұлымнан немере көрсем не арман деп Алласынан тілеп отыр. Өзі бір жылы жүзді апа ғой.-Екі жігіт қосамжарлана ауылдан келген шешейді мақтай жөнелді.

-Е-, онда Қарақатқа ауылға барып, егіздетіп бала туудан басқа ештеңе қалған жоқ деші.-Асылай қара шайын тауысып ішіп, бірден дастарханды жинауға кірісті.

-Сен кейін келін болсаң, өзің тойып алып, ыдыс-аяқты бірден жиыстырып, енеңді шайдан қағатын шығарсың,-деп әзілдеген Мақсат  дастарханнан кері шегініп отырды.

-Білесіңдер ме, Берекенің ауылға қайтар ойы жоқ сияқты. Жалдамалы болса да  кең пәтері бар. Қайда жұмыс істейтінін ешкім білмейді.-Әділдің сөзінің соңын аяқтатпаған Асыла орнынан атып тұрды.

-Құдай-ау, Қарақат бір жамандыққа шатылмаса нетті. Ол Берекең біздің қызға «үй өзімдікі, күзет фирмасының бастығымын» деп құлағына құйып қойыпты. Бір амал қолдануым керек.

-Қазір Қарақатқа бұл білгендерімізді айтсақ, Берекені жамандады деп қана  түсініп, мүлде көңіл аудармайды. Одан да өздері шешсін,-деп Мақсат Асылайға тоқтау салды. Құрбысына деген өкпесі қара қазандай болса да, ұзақ жылғы достығы үшін оны еш жамандыққа қимаған Асылай алаңды оймен әрекетсіз отырып қалды.

       Алматыны нұрымен аялаған Күн-ана кезегін Айға беріп, өзі мекеніне қайтып кетті. Ай жарықтық Күннің аманатын орындай алмай, аппақ сәулесімен Алматыны бөктіре аламай, шарасыздан жасанды көше шамдарына түнгі қаланың тірлігін сеніп тапсырып, астан төрінен қиыстай жөнелді. Өз пәтеріне Қарақатты қонаққа шақырған Береке осы түнде ойға алған сұмдығын жүзеге асырмақ ниетте. Қыздың сеніміне ие болған жігіт енді оның сезіміне де үстемдік ете бастады. 

-Арманның ақ таңына көз ілместен бірге аттанайықшы,-деп үздікті ғашық жігіт. Қарақаттың ұзын шашынан сипап, белінен құшақтап, бауырына тарта түсті. Қыздың құлағына анасының «некеңді қимай, ермен жақындаспа» деген ақылы сап ете қалды. Анасының қызына оңашада айтар бар ақылы осы бір-екі ауыз кеңеспен тәмамдалатын.

-Некеміз қиылған жоқ қой,-деп сыбырлады қыз отты құшаққа әзер төзіп.

-Әне-міне некеміз қиылады, екі жақ бірін-бірін біледі. Енді нені күтеміз? Сенен аумайтын сұлу қызым болса, егіз ұлым оның артынан іңгәласа. Шіркін, сол күндер тиаяу ма екен?-Ентіге сыбырлап, еркін толық билеп алған жігітке Қарақат титтей де қарсылық танытпады...

Бөлек-бөлек үйде тұрып, бір төсекте жусаған екеу апта өтпей жатып, той дайындығы туралы әңгімені бастап кетті. Сөздің қоламтасын қыздырған-Береке.

-Алматыда болмаған той жасағым келеді. Жетім жігітпін деп сені ештеңеден шектер ойым жоқ. Сен ең сұлу қалыңдық боласың!-Қыздың жүзін ыстық демімен шарпи сөйлеп, бақытты болашақтың суреттерін көз алдына тізбелетті. 

Келесі күні, одан соң тағы тура осы әңгіме айтыла берді, айтыла берді. Қарақат өзін қымбат қалыңдық көйлегімен сән-салтанаттың ортасында тұрғанын көз алдына елестетіп, ақыры сол елеске біржолата сүңгіп кетті. Күн ұзақ ғаламтордан қалыңдық көйлектерін көріп, көз талдыратынды шығарды. Түс ауа асығып-аптығып, түсі қашып Береке кіріп келді. Қарақат бөлмесінде жалғыз отырған, жігіттің келгеніне қуанып, мойнына асыла беріп еді, оның жүдеп тұрған жүзінен сескеніп, қалшиып қалды.

-Не болды, жаным, амансың ба?-деді даусы құмығып.

-Көлігімді сатып той жасамақ едім. Енді көлігім де жоқ. Оны оңдырмай соғып алдым. Соқтығысқан кісі мені айыптап, оның мәшинесін қоса жөндеуімді талап етіп отыр. Неге менің жолымды қырсық шала береді?-Күйіне сыбырлаған сүйіктісін Қарақат айқара құшақтады. 

-Өзің аман болсаң, одан артық маған ештеңе керек емес.

-Жоқ, бүкіл ауыл мына  Зәрипаның жетім ұлы өз тойын өзі қалай жасамақ деп күтіп отыр. Қытымыр аға-жеңгем тышқақ лақ та бермесі белгілі. Анам олардан аса алмайды. Сонда маған жер шұқу ғана қала ма? Одан да намыстан өлгенім артық.-Атып тұрып бқлме ішін кезе жөнелген жігітті Қарақат тоқтаттты. «Маған Оскар сыйлығын беру керек. Мына ақымақ қызды осыншама тез иландыртынымды білгенде, кеше кеш бойы айна алдында жаттығып, қара терге түспес едім,»-деп іштей өз аярлығын өнерге балап, жеңісті сәтке тез жетуді қалап, аянышты түр танытқан ғашығын Қарақат құшақтай алды.

-Сен қиналсаң, мен жадырай алмаймын. Сенімен жаным бірге. Бір амалын табайық. Мен несие алып көрейін. Кейін бірге төлерміз.-Қыздың арқасынан құшақтаған қолын сілкіп тастап, Береке оған қарсы аттады.

-Жоқ, жоқ! Атама несие алуды. Мен өзім амалдармын.

-Мен дей бермеші. Біз де. Енді біз бармыз. Саған көмектесу-өзімнің бақытыма жол ашу. Ертеңнен қалмай банкке барып, несиеге өтініш беремін. Жасым болса жиырма бесте, тұрақты қызметім бар. Оң жауап береріне сенімдімін.-Қыз жанына келіп, мұның қобырап кеткен қалың шашын аялай сипады. Махаббақа достығын артық көрген ару мен дүниеге достығын артық деп білген жігіт осылай қол алысты.

«Заман дамыған. Рас, несиені бір сағатқа жеткізбей қолма-қол ақша етіп бере қойды. Айналайын банк, көсегең көгерсін,»-деп іштей технологияның жылдамдығына тәнті болған Берекенің уысында үш миллион бар еді. Ешқандай да соғылмаған көлігін қаңтарулы тұрған жерінен алды да, белгісіз бағытқа із суытты. Қарақатты күттіріп кеткені тіпті ойынан шығып та үлгерді. Лас ақшаға буланып, енді не тындырарын ойластырып, бір бөлмелі пәтер тауып, көшіп кетті.

Қарақат төзімін сарп етіп күтті. «Кейін хабарласамын, жұмыстамын» деген салқын хабарламаға қанағат етіп, көз жасы мөлдірей күтті. Жүзі жарқын жарын сағынып күтті. Оның махаббатына күмән келтірместен, адалдығына табынып күтті. Кеш батып, түнге ауып, қаланы қорқау қараңғылық еңсергенде барып іші бір сұмдықты сезді. Ақылы аттандап, жүрегі шырқырап жатты. Кімге не деп зар шегерін білмей, таңды атырды. Ал Берекеден сыбыс жоқ. Телефон тұтқасын көтермеді, зарыға жазған хабарламаларын жауапсыз қалдырды. Құла түзде жалғыз қалғандай жаны қысылған қыз «Асылай!» деді. Ескі досы ренжіп кетсе де, ат құйрығын кесе қоймаған.

-Асылай!-деді демікпесі бардай ентігіп.-Мен не істерімді білмей тұрмын.

-О не дегенің? Тойға дайындықпен шаршап қалдың ба?-дей берген Асылай тұншыға жылаған дауысты естіді. Заматта орнынан атып тұрып:

-Қайдасың? Қазір барамын,-деп саңқ етті. Жүгіріп жексенбіде тынығып жатқан жігіттердің бөлмесінің есігін қақты. 

-Берекені көрдіңдер ме?

-Не болды? Жоғалып кетті ме?-Олардың ештеңедеен бехзабар түрлерін кқріп, Асылай есікті жаба салды. Өзі Қарақатқа қарай құстай ұшты. Құрбысын қасіреттен сақтандыра алмаған дәрменсіздігіне күйінді. Мүмкін, бәрі оңалып кетер деп, белгісіз үмітке иек артты. Ал бөлмеге ентігіп кіріп барғанда, Қарақаттың орнын ғана көрді.

Қарақат Береке екеуі алғаш танысқан аялдамаға барды. Ғашығын осы жерден жолықтырған еді, қай кезде жоғалтып алды? Тұңғыш рет жүрегіндегі бейкүнә сезімін оятқан дәмханаға да кірді кемсеңдеп. Махаббат әнін шырқап, сезім қазығын нығайтып, сүйкімді жігіттің сүйіктісі болған сәтін көз алдында тірілтті. Екеуі кеңінен сырласқан саябаққа да барды ардақтысын көрсем деп. Берекенің ізі жатыр, өзі жоқ. Қол ұстасып бірге жүрген жолдармен қайта өтті, Берекесі күлімдеп алдынан шықпады. «Сағындым» деп ыстық құшағына ораған ждоқ, «сүйемін» деп тілінен бал тамған жоқ. «Жоқ! Жоқ! Неге жоқ?! Қай жерде жазықты болдым?» еп жан даусы шыққан қыз көше жаққа зер сала қарады. Құдай-ау, анау ұшыртып келе жатқан көлік Берекенің мәшинесінен аумайды ғой. Тура соның өзі. Қыз аяғы-аяғына жұқпай, көшеге жүгіре шықты да, сарт еткен дыбыстан соң түнерген жұмбақ әлемге қойып кетті.

Нұрбикенің үйінде жалған махаббаттың жын ойнағы басылып, қалыпты тыныштық орнаған. Серік бол алтыдан енді асса да, балалық кейіптен ада болып, біртүрлі есейіп кеткендей көрінетін. Таңғы мүлгіген тыныштықты үйінде тұрып эжатқан інісі Сәтжан бұзды:

-Әпке, мен кісі қағып кеттім,деді ол телефоннан үрейлене сыбырлап.

-Не дейсің? Менің көлігіммен кетіп едің ғой.

-Әпке, менің кінәм жоқ. Өзі  көшеге жүгіріп шығып...

-Қайдасың?

-Қалалық аурухана...-Нұрбике ауыр денсіне жараса қоймайтын шалт қимылмен үй киімін де ауыстырмастан, екінші көлігіне жармасты. Береекге ерегесіп, су жаңа тағы бір көлік сатып алған еді. Соған отырып, інісі айтқан ауруханаға апарар жолға түсті. Келген бойда інісін тергей жөнелді. Одан мән-жайды білген соң жарақат алған қыздың палатасына кірді.Басын дәкемен таңған қыз сұлқ жатыр. 

-Сіңлім, ау сіңлім,-деді Нұрбике жол бойғы қаупінен арылғанына сәл қуанып.-Жақсымысың?

Қыздан үн шықпаған соң, Нұрбике емдеуші дәрігерін тауып алып, сөйлесіп, көңіліндегі уайымынан арылды. Қыздың жарақаты жеңіл, тек жаны күйзелгендіктен бе,  ауыр жара алғандай  қимылсыз жатыр. «Жаны жаралы өзім ғана секілді көруші едім. Күпірлік екен ғой. Жап-жас қыз Алласына қай қылығынан жазықты болды екен?»-деп ойлаған Нұрбикеге  Сәтжан қалта телефон ұсынды.

-Әпке, бұл оның қолында болды. Кқлік қаққанда уысы жаылмай қалғанына таңым бар. Өзі делқұлы ма, әлде диуана ма? Шашы жайылып көліктің алдынан шыға келгенііне әлі күйіп тұрмын.

Өзіне шаң жуытпаған Сәтжанға алая бір қараған Нұрбике телефонды алып үңіліп беріп, шошып кетті. Телефонның экранында құшақтасқан Береке мен Қарақаттың суреті тұр еді.

-Арсыз! Жүгенсіз кеткен жетесіз! Әкеден тәрбие, шешеден өнеге алмаған тексіз!-Балағат сөздерді оқша жаудырған әпкесіне Сәтжан үрейлене қарады.

-Әпке, мен шындықты айттым.-Сөйтті де Нұрбикенің қолындағы телефонға қарап қарғап-сілеп тұрғанын байқады. Байқады да дереу бәрін түсінді. Үйлерінде жарты жылдай тұрып, ғайып болған Береке найсап тағы бір қызды уысына түсірген тәрізді.

-Әпке, расымен сол ма?-деді Сәтжан албастының атын атауға қорыққандай.

-Иә, тап өзі!-Нұрбике аяғын нығарлай басып, Қарақаттың палатасына беттеді.

-Береке үшін аза тұтып жатырсың ба? Мен де сендей жылағанмын. Бірақ өлген жоқпын. Оны заңға емес, Аллаға тапсырғанмын.-Барылдай сөйлеп кіріп келген әйелдің мына сөзі Қарақатты күңгірт әлемнен суырып алды.Төсектен басын жұлып алған қыз өксіп жылап жіберді.

-Менің кінәм не, әпке?Сұлу жанарында ойнаған ұшқынды шынайы деп от басқаным ба?-Еңіреп жылап, орнынан түрегелген қызға қараған Нұрбике оның көз жасынан өзін көргендей болды.

Қарақат пен Нұрбикені махаббат қасіреті табыстырды. Нұрбике Берекенің опасыз әрекетінен соң қайта тұрып бас көтеруді үйретті. 

-Өз меніңді жоғалпа! Сен кінәлі емессің!+деп Қарақаттың қайратын жани түсті. Бірақ бәрі оп-оңай орнына келген жоқ. Басындағы таңулы дәкесін шешіп, өз-өзіне келе бастаған Қарақатты ауылдан жеткен әке-шешесі қыспаққа алды. Әкесі шығып кеткен бір тұста анасы қызына оқыс сұрақ қойды:

-Өзің саумысың?-Қыз жауап орнына басын шайқады. Зәрлене ысылдаған шешесі қызын шапалақпен тартып жіберді.

-Ақ сүтімді кешпеймін,-деді тістене қалшылдап, кешірім сұрамаққа анасына қарай жорғалап келе жатқан қызын итеріп жіберді. 

-Апа, апатайым, ұр мені, аяма! Сенің таяғыңнан өлсем арманым жоқ. Ақ батаңды аттап кеткенім үшін, азғынға жүрегімнің төрінен орын бергенім үшін мені аяма!

Шешесі азан-қазан сезімдер арпалысында жүрелеп отырған қызын сілки берді. Әкесі даладан келгенде, қызы торғын  шашы жайылып, зар еңіреп отыр еді. Сүт кенжесін жамандыққа қимаған балажан әке оған еңкейе беріп еді, әйелі қолын қағып жіберді.

-Қызың жүзіқара! Ауылға қайтуға  бет қалмады. Ел-жұрт «қалада Қарақат масқара болып, байға өтпей қалыпты» десіп, табалап жатыр. Алматыда бізді ешкім танымайды, бір бөлме жалдап күн көрерміз.Бірақ мына қызды қайтеміз?

-Қоқысқа тастар қызым жоқ,-деп әкесі шоқ басқан перзентін қорғалай берді.

-Әке, мені ат құйрығына байлап өлтірші. Аяғыңды құшайын, мен жан тапсырмай тұрып кешірім етші!-Көңілі бордай үгілген әке бейшара халге түскен қызын бауырына басты. Ауылда жатып, қызына қорған бола алмағаны үшін, құзғынның шабуылынан сақтай алмағаны үшін өзін кінәлады. Анасы қызын жек көріп тұрып жақсы көрді, жүрегі елжіреп, көңілі босап, қарғасына мейірленіп тұрып, жек көрді.

Аула сыртынан дабыр-дұбыр дауыстар естілді де, жақындай берді. Жан әкесінің құшағында жұбана жылауды бақыт санаған Қарақат тыпыр етпей жүрелеп отыра берді.

-Қарақат, зар шеккенің жетпеді ме?-деп Асылай құрбысын ту сыртынан құшақтай алды. Өзі де көзінен жасы тамып тұр еді.

-Сен қайда жүрдің қызым тозаққа күйіп жатқанда?-деп Нағима енді Асылайға шүйлікті. Бұл қасіретке кінәлі біреуді таппайынша, ана жаны тыншыр емес.

-Апа, Асылайға тиме. Оны өзім бездіріп жібергенмін. Ол ештеңеге кінәлі емес.

-Қарақаттың да айыбы жоқ,-деді Нұрбике есіктен кіре отырар орын таппай тікиген күйі.- Мен де, Қарақат та махаббаттан көзіміз байланды. Көр сезімнен қор болдық.-Қарақаттың әкесі де, анасы да бейтаныс әйелдің мына сөзінен орындарынан тік көтерілді.

-Қойшы, сен біраз жасқа келген әйелсің. Не жоғалттың дейсің?-Нағима Нұрбикенің айтқанын жоққа шығарып, айыптыны анықтамақ ойынан қайтпай тұр.

-Мен қазынамды тонаттым. Жүрегімді жылатып, намысымды қорлаттым. Бұл аздық ете ме? Жасым келсе де, мен де әйелмін. Берекенің шайтан кейпіндегі періште екенін кеш білдім.-Нұрбикенің асықпай айтқан әр сөзінен қызын жылатқан жігіттің әншейін басбұзар емес, құныққан құлқын құлы екенін отырғандар біле түсті. Білген сайын Қарақаттың жан жарасы сыздай берді.

-Қарақатты жазғыра бермеңіздер, өтінемін. Оны дәл мендей түінетін ешкім жоқ шығар. Біз отқа түсерін білмеген жынды көбелектей ғашық болдық. Көкірек көзіміз байлаулы еді. Береке де ғашық еді, дүниеге, ақшаға, қымбат заттардың құлы еді. Сол құмарлығы оның да көзін байлады, көкірегін көр етті. Мен сезім зынданынан азат болдым. Қарақат сіңліме де солай бостандық алуына мұрша беріңіздерші.-Көз жасы тырс-тырс тама сөйлеген Нұрбике өзі берген оң тәрбиеден аттап, ағаттық жасаған қызын кешіре алмас күйде тұрған ананың бетін қайтарды. 

-Аға,-деді Асылаймен ере келген Мақсат күмілжіп,-мен Берекемен бұрыннна дос едім. Әйткенмен одан дәл мынадай аярлық шығады деп еш күтпегенбіз. Қазір таныстарды араға салып, Берекенің тұрып жатқан жерін анықтадық. 

-Барып бетіне түкіремін, қарғаймын, қарғысымды жаудырамын,-деп Нағима жыны ұстаған бақсыдай екі иығын жұлып жеп шыға келді.

-Берекенің анасы да ұшақпен келуі керек. Болған жайды хабарлап, келуін өтінгенбіз. Нұрбике әпке ұшаққа билеп алып берді.

-Мақсат, мені әулиедей көргенді қойыңдар. Менің мақсатым-Берекені қалай да тоқтату. Әйтпесе Қарақат сияқты егіліп жылап, көліктің астына жүгіретін қыздар әлі қанша болары белгісіз.-Нұрбикенің сөзіне Мақсат тосылды да қалды. Берекенің мына еркек пішіндес әйелмен батылы жетіп қалай тұрғанына іштей таңырқауын әлі қояр емес. 

Кеш бата Зәрипа ана жетті аһылап-уһілеп.Құйрық-бауыр жеп, құдандалы болу бұйырмаған  екі құдағи бір-біріне көз астынан қарасты да тынды. Зәрипа Қарақаттың бөлмесіне келе, қан-сөлден жұрдай қызды көріп жылап жіберді.

-Айналайын балапынм, кешір мені. Мен ұлымдлы олай тәрбиелемеп едім. «Қызды жылатпақ түгілі қызғалдақты да жұлма» деп өсіріп едім. Қайтейін мына жазмышты?!

-Апа, сіз де менің бір анамдайсыз. Береке үшін сізді жек көрмеймін,-деп Қарақат ауыр жол шеккен шешейдің көз жасын өзі сүртті.

«Береке үйінде екен» деген хабар алған жиылғанадар солай қарай ызғытты. Нұрбике бастап, Нағима қостап, шұбатылып Берекенің бір бөлмелі пәтеріне топырлап кіріп барды. Жігіт жатқан орнына атып тұрды. Шақырылмаған қонақтарға барлап қарап еді, Байжан мен қара қызын тани кетті. Олардың соңын ала Мақсат пен Әділ тұр ата жауын көргендей жұдырықтарын түйіп. Асылайдың демеуімен тұрған Қарақатты көрген Береке жалт бұрылып еді, топ ортасынан анасын көріп, неге екені белгісіз безгек буғандай қалшылдап кетті. Анау бейтаныс еркек пен әйел Қарақаттың ата-анасы болды-ау деп шамалап, беті ду ете қалды. Бұл ұялғаны ма, әлде жаны қысылғаннан ба?Есік сықырлап тағы біреу кіріп келе жатты. Елдің соңын ала жеткен Нұрбике еді.

Бөлме ішін ғасырға татитын бір минуттық үнсіщдік биледі. Бұл үнсіздіктен Берекенің құты қашты. 

-Сөйлеңдер! Мені жазғырыңдар! Сөгіңдер! Балағаттаңдар! Неғып мелшиіп тұрсыңдар!

Жиналғандар тіл қатпады. Үнсіздіктен зәресі қашқан жігіт бұрынға достарын жұлқылап, Нұрбикенің жанына жеткенде тоқтап қалды. Әйелдің мысық көзінен от шашып тұр еді. 

-Апа, мыналардың айтқанына сенесің бе?Мінезіміз жараспады. Сосын үйленуден айнып қалдым. Онда тұрған не бар?-Береке анасына таяй беріп еді, оның даусы қылғына шығып айтқан сөзі төбесінен мұздай су құйғанмен тең болды:

-Мен сенің анаң емеспін. Сендей азғын ұлым жоқ. Ақ сүтімді көкке сауамын! Тфу, шайтан, құры!-Зәрипа ұлының бетіне түкіріп жіберді де, тілсіз тайталасқан топтың алдында тұра берді.Береке тәлтіректеп кетті. Ана қарғысы алаяқ ұлына демде тигендей аяғын тік бастырмады. 

-Береке,-деді Қарақат зарлана үн қатып.-Сенің көзіңді шел басқан. Жуса кететін дүниеге құл болдың. Қарашы, мына өмірде өлсең қалатын дүниеден артық ғажап сезімдер бар ғой. Менің жүрегімдегі тамаша сезімдерді жермен-жексен еткен өзіңсің. 

-Жүр, қызым, -деп Нағима Қарақатты қолтығынан алды. 

-Кәне, балапаным,-деп Зәрипа Қарақатты ортаға алды. Жігітке аяй көз жүгірткен қыз әкесі Қарақатты жайылып кеткен жібек шашынан сипады. Тысқа жылжыған үннен қалған үлкендердің соңынан қол ұстасқан Байжан мен қара қыз ілесті. Мақсат пен Асылай қатарласып шыға берді. Әділ жерді бір тепті де, қолын сілтеп кете берді. Бәрі қатарласып кетіп барады. Тексізді тілсіз жазалап, сөзсіз-ақ жерлеп барады. 

-Апа!-деді Береке жан дәрмен есікке ұмтылып,-апа! Мен бәрін түзететмін!

Жауап естілмеген соң соңғы рет қарманып қалғысы келіп:

-Қарақат! Менің көзім байланғаны рас. Бірақ бүгін сендер маған тілсіз-ақ бәрін ұқтырдыңдар. Сен кешірім етсең, мен бәрін басынан бастаймын! Бір мұрсат бер!-деп жаныға айғай салды. Соңдарынан жүгіре шықпақ еді, аяғына қара тас байлап қойғандай тұрған орнынан қозғала алмады. Екі қолын ұшатын құстың қанатындай жайып жіберіп зыта жөнелмек болды, бірақ  денесі қимылға  көнбеді. Баяғы түсі есіне түсті. Құлпытасқа айналып кетпейін деп, қорқыныштан қалшылдаған Береке сыртқа ұмтылды. Далаға шығып та үлгерген еді, неге ешкім жоқ. Бұның азынаған даусын неге ешкім естімейді?    Мұрты бұзылмай сөреде ораулы жатқан үл миллионды белгісіз құйын көтеріп, үй ішіне будақтай көтерілген қызыл ақша көшеге жауа бастады. Ешкім теріп алмаған соң, бүкіл ақша келіп, Берекенің үстіне жауа жөнелді. Теңгенің нөсерінде қалған жігіт жан алқымға келіп, көмекке  шақырды.

-Апа, қайдасың? Қарақат, қайрылшы! Қа-ра-қат!

Арын сатып, күнәға батып тапқан ақшасы Берекенің жүзіндегі қиналысты өзге жұртқа көрсетпей, бүркемелей берді…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар