Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Зылиха Жантасова. Қобыз сарыны...

01.09.2019 4864

Зылиха Жантасова. Қобыз сарыны 12+

 Зылиха Жантасова. Қобыз сарыны - adebiportal.kz

Ерінді кептірер ессіз ыстықтың екпіні басылған. Кенезесі кепкендей қалжыраған Айна қорғасындай ауыр ойлар еңсесін басып, өзін жайсыз сезінді. Ақшамда мұңлы қобыз сарыны естіліп, жүрегін жұлқылап, сай-сүйегін сырқыратқандай.

Гүл иісі аңқыған бақшада әлдекім мұңлы әуенді тарта жөнелгендей. Алдында бойын ептеп қорқыныш билеген. Жалғыздықтан жынданып кеткен жоқ па? Әлде елес пе екен? Күдігін батылдығы жеңіп, есік алдына шықты. Қобыз ішегін тартып тына қалды. Мүлгіген тыныштық. Жайқалған роза гүлдері де тербеліп барып байыз тапқандай. Сыпа ғана тербеген гүл жапырақтарын алақанымен аялап, шаңын сүртіп, ұзақ аялдады. Әсемдік әлемінен сыр шерткен сол гүлдермен анасынан қалған көздей іштей сырласатын.

Көңілін күдік тербетіп, үйге қайта енді. Перделерді жауып жүріп те, дастарқан жайып жатып та далаға елеңдеумен болды.

-Кім екен? Ақшамда күймен күңіренетін.

Өткен күннің естеліктерін парақтады. Әкесі марқұм бала кезінде қобыз үйірмесіне қатыстырған. Қобыз сарынынан сүйегі үгітілгендей беймаза күй кешетін. Қандай әлемет сезімді басынан кешіретінін әкесіне түсіндіре алмаған. Қаталдау кісінің қабағынан қаймықса да, ойын еркін айтатын еркелігіне жүгініп:

-Әкешім, мен қобызға қатысқым келмейді. Оны ешкім тыңдамайды. Пианиноға қатысайыншы...

Әкесі құптамаса да, қызының еркіне қарсылық танытпады.

Бірақ пианиноны да үйреніп кете алмайды. Уақыт керуені алға жылжып, әкесі де анасы да дүниеден өтті. Қара шаңырақтағы ағасы қызмет бабымен шетел асты. Қаладағы Айна ұлымен екеуі қарашаңыраққа келіп қоныстанды. Ұлы мектепті бітіріп, жоғары оқуда білім алуда.

– Анашым, жалғызсырап жүрсің бе, менің жаныма келсеңші, - деп хабарласады.

Жалғыздыққа көндігіп күй кешсе де, жаны жабырқап салатын кездері баршылық. Ескі күйсандықты ашып, классикалық музыка орындады. Бөлме әуенге толды. Жаны жаймашуақтанғанымен, әлдебір сезім үрей болып төндіргендей. Төзімнің де төрі тозатын шығар.

Есік алдына қайта шығып сүлесоқ тұрды да, есіне әлдене түскендей, көршінің үйіне асықты. Ақ апа... деп қайталады. Балалардың әлденеге таласқан дауыстары естілді.

- Апа, Айна апа келе жатыр, - деп томпаңдаған бір еркетай сүйкімді бүлдіршін қолын созып ұмсынды. Балаларға қалтасындағы кәмпиттерін үлестірді. Тәтті- пәттіні көршінің балалары үшін алып қоятын. Кейде осы тәмпіш қарасын үйіне жетелей кететін. Қылығын қызықтап мәз. Кәмпитке қойнын толтырған балақай үйіне қайтуға асығады. Бауырларымен бөліспек. Айнаға балалық шағы елестеді. Әлдебір сағыныш мазалайтындай, ішінен әлдене уілдейтіндей сезінеді.

Әппақ орамалы жарасып, әппақ жаймада отырған салиқалы кейуанаға сәлем берді.

- Апа, қалайсыз! Жағдайыңыз жақсы ма?

-Иә, айналайын, жақсымын. Кәрі кісінің не жағдайы болсын, бірде тәуір, бірде сырқау. Шүкір енді. Жаратқанға жалбарынып, жалбыздарымның жүректеріне жақсылық шуағын сұрап отырмын.

- Өзің қалайсың? Ұлыңды сағындың ба?. Жабықпа, қызым, ұлың да келер. Жалғыздық та қиын ғой, ботам.

Елуге жақындаған жанға ботам деген кейуанаға жанары жасқа тола қарады. Анасының дидарын сағынғандай құшақтай алып, алдына жүгінді.

-Апа, сізден бір нәрсе сұрайыншы. Ақшам кезінде үй алдына біреу күңірентіп қобыз тартады. Елес пе дейін десем, кешқұрым сол сарын тағы да қайталанады. Мұның бір себебі бар ма? ,айтыңызшы.

Иә. Киеңнен айналайын қобызым-ай. Тілеуіне ырымы қатарласқан елміз ғой. Қобыз Қорқыт бабамнан қалған ғой. Қорқыт бабаң аспаптардың бәрінде ойнаған екен. Алайда ол оған қанағаттанбай, адам мен жануардың үнін, табиғаттағы құбылыстар мен дыбыстарды жеткізетін жаңа бір аспап жасағысы келіпті. Қарағайды кесіп, одан бір нәрсенің жобасын жасапты. Бірақ әрі қарай не істерін білмей қиналған. Уақыт осылай өте береді. Бір күні шаршап, көзі ілініп кетіп, түс көреді. Түсіне періште енеді. Ол балаға: «Қорқыт, жасаған қобызың алты жасар нар атанның жілігіндей екен. Енді оған нар терісінен жасалған шанақ, ор текенің мүйізінен ойылған тиек, бесті айғырдың кұйрығынан тартылған қыл ішек жетпей тұр. Осылар болса, аспабыңа тіл біткелі тұр екен», - деп кеңес беріпті. Қорқыт ұйқысынан ояна салып, айтылғандардың бәрін жасайды.

- Апа. Қобыздың тарихын мен де білемін. Әкем марқұм қобыз үйренуімді қалап еді. Мен қызықпадым. Қобыз – қазақ рухының жебеушісі. қобыздың тағдыры – қазақтың тағдыры дейді ғой.

Ақ әже ойланып қалды. Иә. Айтайын, шырағым. Өсиетке өсек қосудан сақтанушы едім. Айтылар сәті келген шығар... Мұсылман баласы аруақпен алыспаған. Құранмен бірге қобыз да қудаланған. Сол кездерде сенің үйіңде сүйектен жасалған қобыз болатын. Соны күңірете тартқан атаң адамдарға дем де салатын. Жарықтық ел ішінде ләшқұр күйші атанған. Ләшқұр екі қолы болмаса екі аяғымен, екі аяғы болмаса тілімен күй тартатын күйшілерге берілген атақ.Атаңнан сол қобыз мұраға қалды. Қазақта дүкен деп қастерлеген ғой киелі дүниені.

Әкеңнің Баймахан деген ағасы бар. Сен оны көрдің бе, білмеймін. Реңді келген, қызба жігіт еді. Партияның адамы, өкімет еді шіркін. Бір күні үш досымен бірге тойлап, қызып қалған масаң жігіттер әлденеге бәстескен білем. Ақыры үшеуі атаңның көне қобызын сындырып, ауылдан жыраққа көмген екен.

- А, апырай, - деді Айна денесі түршігіп. Әкем сол үшін мені қобыз үйренсе екен деп тілеген екен , ойын түсіне алмаппын ғой. Өкінішті.

- Жә, өзіңді жазғырма. Қилы-қилы кезең өтті ғой. Қасиетімізді ұмыттырып баққан саясаттың құрбанымыз. Көп ұзамай әлгі үш жігіт те опат болды. Ақ апа Айнаның жүзіне барлай қарады. Одан кейін қанша адам сол қобыз көмілген жерді іздеді таппады. Қобыз сарыны - адамның қайғысын адамға, ғасырдың қайғысын ұрпаққа сездіріп, халықтың мұңын ішекпен шайқай шер төгеді екен. Қазақтың рухын қудалаған кездерді де бастан өткердік қой.

- Ақ апа, Түркістан маңына Қобызды ана атанған әулиені, естуіңіз бар ма?!

- Иә. Естігем, шырағым. Қобызды ананың шын аты – Аршагүл. Жаугершілікте елге төнген қауіпті қобызының күшімен қайтарған ана жұрт ықыласына бөленіп, Қобызды атанған. Қалың қалмақ елді шапқанда, Аршагүл ана қолына қобызымен қаралы бір күй тартыпты. Артынша қара түнек басып, дауылға ұласқан қар аралас қара жауын жауады. Қалмақтар жолдан адасып, «Бұл бір аруақты жер екен. Бізге аруақтар налып, киелі аруақтары жолымыздан адастырмақшы» деп, елді шаппай қайтып кеткен екен. Сол күй «Қалмақ қайтарған» атанса, ана Қобызды әулие атаныпты. Сол ананың қасиеті ел тыныштығына тілеулес екен. Адамдар арасындағы дау- жанжалдарға тоқтау салып,елді,адамдарды сабырға шақырады.

Айна әлденеге асыққандай ұзап барады. Көз алдында қара шаңырақ.

Ауыл сыртынан құмыққан қобыз сарыны естілетіндей.

Зылиха Жантасова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар