Әйелі оны - Әпенді дейтін. Әрекідік еркелетіп. Әпендінің бойында, қалайда бірнәрсеге ұрынбаса жүре алмайтын ерекше бір қасиет бар. Осыдан талай таяқ жеп, зәрезап болса да әйтеуір, тағы бір ұсақ-түйек, кісі жанын ауыртатын кілтипандарға ұрынып жатқаны. Мына жағдай оның бір сапарының ұсқыны. Демалыс алды да жиырма жыл көріспеген, Оралдағы ағасына барып қайтуды ұйғарды.
- Жылпың балыққа ұқсайтын алдамшы жылтырағым қайда?! – деп
Әпенді кілет жақтан айғай салды.
- Е, мен қайдан білем?
- Түгелімен осында жатқан! – деп Әпенді таза көк аспандай түйме көздерін қатулана ойнатып, сұстанған сұр танытты.
- Бәрі осында, ал оны жер жұтқан ба.
- Битүрге ұқсайтын ба?
- Иә, шортанға арналған.
- Мен оны байқамай, қуырып қойған шығармын.
Әпенді сәл-пәл үнсіз қалды.
- Иә, сонда қалай?
- Қалайы несі?
- Дәмді ме екен? Ха-ха-ха!.. – Ол біреуді мұқатып сөйлеуге мүлдем шорқақ еді, бірақ: – Тістерің аман ба? Ол дүрәлумен емес пе!.. – деді тілінің ащылығына айызын қандырғысы келіп. ...Түн ортасына таман әрең жиналып болды. Таңертең елең-алаңда шабадан ұстаған Әпенді талтаңдап көшеде келе жатты. Қайда жол тарттың деп сұраған жұртқа: - Оралға тарттым! Оралға! – деп қояды. – Аз-маз сергіп қайтуға! – Оның тана көздері мен былшиыңқы, қалың бетінен ештеңеден сескенбейтін, алыс жолдан да қаймықпайтын асау ұмтылыс ұшқындайды. – Оралға тарттым! Десе де әлі Орал қайда, бұл қайда еді. Сонымен ол аудандағы билет алып, поезға отыратын қалашыққа ат көлігі аман жетті. Біршама бос уақыт бар еді. Әпенді жиендеріне кәмпит, прәндік сияқты тәттілерді сатып алуды ұйғарды. Азық-түлік дүкеніне кіріп, кезекке тұрды. Бұның алдында қалпақ киген ер адам, ал қалпақтының алдында ернін шимандай бояған толық әйел тұрды. Әйел қалпақтыға үстемелетіп сөйлеп жатыр:
- Ойлаңызшы, осыншалық дөрекі, көргенсіз болуға болама! Ол ұмытшақ, жарайды, оның ұмытшақ болғанына аттай жеті жыл болды ғой, бірақ ешкім оған зейнетке шық деп қолқа салған емес. Ал мынау ұжым басшылығына күні кеше ғана келіп, төр менікі дегендей: «Александр Семеныч, мүмкін сіздің зейнетке шыққаныңыз орынды болар?» дейді. Бет-сіз не-ме! Қалпақты оны қоштап қояды.
- Иә, иә... Олар қазір осындай. Ұмытшақтық та тұрған не бар.Сумбатович ше?.. Ол да соңғы кезде сөзден жаңыла бастады. Анау әлгі, кім еді?.. Әпенді қаланың адамдарын пір тұтатын. Әрине барлығын емес, сатушылары мен бұзықтарын суқаны сүймейтін. Олардан сескенетін. Оның кезегі жетті. Үш тал шоколад және кәмпит пен прәндік сатып алды. Шабаданына жайғастырмақшы болып, ысырылып шықты. Еденге қойып ашты да сала бастады. Сөрені жағалай кезекте тұрған қалың аяқ арасынан бір нәрсені көзі шалып қалды, елу сомдық қағаз. Өзімен-өзі, әлдеқандай боп жатқан көгерген немені ешкім байқар емес. Қуаныштан Әпендінің тұла-бойы қалшылдап, көздері отша жанды. Кезекте тұрғандарға осы көк қағазды қалай күлкілі етіп, аса тапқырлықпен жария ету жолын жедел ойластыра бастады.
- Азаматтар, тұрмыстарыңыз жаман емес екен! – деді ол көтеріңкі, көңілді дауыспен. Оған жаппай қарады.
- Мысалы, біз жақта бұндай сытырлақты аяққа таптай бермейді.
Тұрған жұрт алаңдай бастады. Бұл жай ғана үштік не бестік емес, бақандай елу сомдық, жарты ай бел жазбастан жұмыс жасау керек. Аяқ-асты иесі де табыла қалмады. «Неде болса, қалпақ кигендікі шығар» - деп шешті Әпенді іштей. Сөйтіп ақшаны сөренің үстіндегі көрнекті жерге қоюды ұйғарды.
- Қазір жоғын іздеп біреу жететін шығар, - деді сатушы.
Әпенді дүкеннен танауы көкті сүзіп шықты. Осылай қисынды да қызықты қиыстыра салғанын қайта-қайта сүйсіне есіне алды: «Мысалы, біз жақта бұндай сытырлақты аяққа таптай бермейді!» Кенет тұла-бойын жалын шарпып өткендей болды: жинақ кассасында оған жиырма бес сомдық пен жаңағыдай көк қағазды ұстатқаны ойына түсті. Жиырма бес сомдықты ол жаңа саудаға салды. Ал елу сомдық қалтасында болуы тиіс. Қалталарын ары ақтарды, бері ақтарды – жоқ.
- Әлгі менің көк қағазым екен-ау, қап! – деп Әпенді баж ете қалды. Енеңді ұрайын!.. Менің сытырлағым ғой - ол.
Бұл қасіреттен жүрек тұсы шымырлап кетті. Бастапқы ниеті қайта барып айту еді: «Азаматтар, бұл менің көк қағазым. Жинақ кассасынан екі сытырлақ алғанмын – біреуі жиырма бес сомдық, ал келесісі елулік еді. Бірінші, жиырма бес сомдығына жаңа сауда жасадым, ал екіншісіне тиіскем жоқ». Ол өзінің осындай мәлімдемесімен жұрттың берекесін кетіретінін көз алдына елестетіп және көпшілігі: «Әрине, иесі табылмаған соң, қалтасына басқысы келген ғой»–деп ойлар деді. Сол оңбаған көк қағазға созылған қолын тежеуге әлі жетпестей көрінді. Бермеуі де мүмкін-ау.
- Япырай, менің жаратылысым неғып осындай болды екен? – деп өзімен-өзі сөйлескен Әпендінің қабырғасы қайысты. – Енді қайттім?.. Үйіне қайта оралуға тура келді. Дүкенге таяп, көк қағазға анадайдан болса да бір көз тастағысы келіп, кіре берісте біраз тұрды... Кіре алмады. Жаны мүлдем күйзелетіндей көрінді. Мүмкін жүрегі де шыдамас. Автобус ішінде: әйелінің алдында ақталар сәтке күш-қайрат жинап, өзімен-өзі ұрсысып келе жатты.
Кінәжкесінен тағы елу сомдықты шегерді.
Бұның түкке тұрғысыз екендігін әйелі миына тағы құйып, (әйелі оның басынан ожаумен бір-екі рет салып та өтті) содан қайғы жұтқан Әпенді пойызда келе жатты. Бірте-бірте ол уайым да сейіле бастады. Терезеден орман, алаңқайлар мен ауылдардың сұлбалары қалықтап, өтіп жатыр... Бірі кіріп, бірі шығып жатқан ығы-жығы ел, шертіліп жатқан әрқилы әңгіме-дүкен. Тамбурда шылым шегіп тұрғанда бір зиялы көрінген жолдасқа Әпенді де бір оқиғасын айтып берді.
- Біздің көрші ауылдағы бір нақұрыс бар ғой... Оттың шаласын ұстап алып – шешесінің соңынан түсті. Мас. Шешесі қашып жүріп дауыстайды. «Ұлым қолыңды күйдіріп алма, қолыңды деп айғайлайды!» Оған жаны ашып жүр де... Ал тіреліп алған ана неме онан сайын өршеленеді. Анасына қарай. Осындай дөрекі және көргенсіз болу көңілге сия ма...
- Өзіңіз қиыстырдыңыз ба? – деп қатқыл сұрады зиялы жолдас, Әпендіге көзілдірігінің үстінен қарап.
- Неғып? – деп, ол ұқпады. - Өзеннің арғы бетінде Раменское деген ауыл бар... Зиялы жолдас терезеге теріс айналды да ары үнсіз қалды. Пойыздан соң, Әпенді жергілікті ұшақпен бір жарым сағат ұшуы тиіс-тін. Ертеректе бір қабат ұшқаны бар. Баяғыда. Ұшаққа жүрексіне отыратын-ды. «Шынымен бір жарым сағатта бірде-бір тетігі істен шықпауы мүмкін емес қой!» - деп ойлайтын. Біраздан соң еті үйреніп, өжетсінді. Қасындағы газет оқып отырған кісіні сөзге тартпақ болып еді, анау тірі адаммен сұбхаттасқанның орнына газетке шұқиғанды қалап, бұны тыңдағысы келмеді. Әпендінің білгісі келгені: естуінше ұшақта тамақ береді. Әлденеге әкелетін түрлері көрінбейді. Ұшақта тамақтанғанды таңсық көріп, сілекейі шұбырды.
«Өздері жымқырған ғой», - деп ұйғарды ол. Төменге көз салды. Астыда шуда-шуда бұлтар. Әпенді бұның әдемі яки әдемі еместігін ажырата алмады әлденеге. Төңірегіндегілердің барлығы: «Ах, қандай ғажап!» деп тамсанып жатты. Оның бойын оқыс бір ақымақтық қалау баурап, мына бұлттарға мақтаға секіргендей құлай кеткісі келді. Сосын тағы ойлады. «Мен неге осы таң қалмаймын? Менің астымда кемінде бес шақырым жатқан жоқ па». Осы жерге дейінгі бес шақырымды ойша көз алдына елестетіп, оны тігінен қойып көріп таңырқағысы келіп еді, таңырқай алмады.
- Әй адамдардар-ай!.. Ойлап тапты ғой, - деді ол көршісіне. Анау бұған мойнын бұрды да ләм-мим деместен газетімен қайта алысып кетті.
- Белдіктеріңізді тағыңыздар! – деді әдеміше келген жас келіншек.
–Қонуға бет алдық.
Әпенді айтқанды орындап, белдігін тақты. Ал көршісінің қаперіне кірер емес. Әпенді оны ақырын ғана түртті.
- Белдік тақсын деп жатыр.
- Ештеңе емес, - деп көршісі газетін былай тастады да орындығына шалқайып, әлденені есіне түсіргендей: - Бала – өмірдің гүлі, оларды салғанда бастарын теріс айналдырып қадау керек.
- Сонда қалай? – деп Әпенді түсінбеді. Оқымысты қарқылдап күлді де ары томаға тұйық қалды. Күрт төмен құлдилай бастады. Әне, жерге дейін қол созым ғана, апшысы қуырылып кері зырылдауда. Солқ етер түрі жоқ. Кейін, көзі ашық адамдар үшқыш «мүлт» кетті деп жатты. Ақырында солқ ете түсті де елді жан-жаққа шашты, тістер соғылып, шықырлағаны естілді. Бұл - әлгі газет ұстаған оқымысты еді, орнынан ұшып жалтыр баспен Әпендіні сүзіп, одан терезеге соғылып, аяғында еденнен бірақ шыққан. Ол осы аралықта қыңқ еткен дыбыс шығармады. Айналадағының бәрі де тым-тырыс – бұл Әпендіні қатты таңырқатты. Ол да үнсіз. Түрегеле бастады. Алғашқы естерін жинағандар терезеге қарап, ұшақтың картоп алаңында тұрғанын аңғарды. Өз кәбеңкесінен қабағы қарс түйілген ұшқыш шығып, сыртқа бет алды. Одан біреу жайлап сұрап жатты.
- Біз картоп алаңына қонған сияқтымыз ба?
- Не, көрмей тұрсыз ба, - деп жауап берді ұшқыш.
Қорқыныштары сейіліп, ішіндегі қуақылары қалжыңға ерік берді.
Жалтыр бас оқымысты жасанды жағын іздеп әлек. Әпенді де белдігін ағытып, іздесуге кірісті.
- Мынау ма?! – деп ол қуанып кетті. Анаған ұстатты. Оқымыстының жалтырына дейін басы қызара жөнелді.
- Қолмен ұстамаса болмас па еді? – деп анау сақаулана баж етті.
Әпенді сасып қалды.
- Енді немен?..
- Қайдан ыстық су тауып қайнатам енді?! Қайдан?!
Әпенді оны қайдан білсін.
- Менімен бірге жүріңіз? – деп ұсыныс жасады ол. – Осында менің
бауырым тұрады. Мен микроб жұқтырды деп қауіптенген шығарсыз? Менде ондай жоқ...
Оқымысты оған таңдана қарады да қақсауын тоқтатты.
Аэропортан әпенді әйеліне жеделхат жазды: «Жерге қондық. Жұпаргүлдің бұтағы кеудеме құлап тұр, айналайын Грушам мені ұмытпағын. Васяжаның».
Сырықтай арық, қатқыл мінезді телеграфшы әйел жеделхатты оқып шығып: - Сіз үлкен адамсыз ғой, бала бақша жасынан кеткен. Басқаша жазыңыз. – деді.
- Неге? – деді Әпенді. – Мен оған хат жазған сайын осылай жазам. Ол
менің әйелім ғой!.. Сіз басқаша ойлап қалған сияқтысыз...
- Хатқа не жазсаңыз оны жазыңыз, ал жеделхат – байланыс түрі. Бұл
ашық мәтін.
Әпенді қайта толтырды. «Жерге қондық. Бәрі ойдағыдай. Васяжаның». Телеграфшы әйел «Жерге қондық» пен «Васяжаның» деген екі сөзді өзі өзгертті. Енді: «Жеттім. Василий» болды.
- «Жерге қондық». Сіз не ғарышкерсіз бе?
- Жарайды. Солай-ақ болсын. – деді Әпенді.
... Әпенді Дмитрий деген ағасы мен үш жиенінің бар екенін біледі... Ал, жеңгесі бар екендігі туралы ойланбады да. Ол оны ешқашан да көрмеген еді. Осы жеңгесінің кесірінен бүткім демалысы зая кетті. Ол Әпендіні көрген сәттен кірпідей жиырылды.
Кешкісін ағасы екеуі сілтеп алды да Әпенді дауысын дірілдетіп: Тополя-я-я. – деп әнге басты.
Жеңгесі, Софья Ивановна басқа бөлмеден шығып, ашулана: - Аттандамаса болмай ма? Вокзалда отырған жоқсыңдар ғой, рас па? – деді де есігін тарс жапты.
Ағасы Дмитрий қатты ыңғасызданды.
- Анау... анда балалар ұйықтап жатыр. Тегі ол жақсы адам.
Тағы біраз ішті. Жастық шақтарын, әке-шешесін еске алды.
- Есіңдеме? – деп ағасы Дмитрий көңілдене сұрайды. – Қайдам, сенің
қайбір есіңде болсын! Емшекте едің ғой. Мені саған қарауға қалдырып кететін-ді, сені шопылдатып сүюші ем кеп. Бір жолы сен тұншыққандай көгеріп қалдың. Сол үшін таяқ та жедім. Сонон соң қалдырмайтын болды. Бәрібір, теріс қарап кетсе болды, сенің қасыңнан бір-ақ шығам да тағы сүюге кірісем. Сайтан білсін, бұның нендей қылық екенін. Өзімнің маңқам тіземе дейін салбырап жүр, бірақ...бар ғой... аузымды сүюге ала жүгірем...
- Есіңдеме?! – деп Әпенді де бірдеңені еске түсірді. – Мені қалай...
- Дабыраны қоясыңдар ма? – деді жүйкелеген Софья Ивановна мүлдем
ашуға булығып. – Кімге таңсық сендердің қайдағы маңқаларың мен сүюлерің? Сырласқан түрлерін.
- Жүр сыртқа шығайық, - деді Әпенді. Ауладағы орындыққа жайғасты.
- Есіңдеме? – деп қайта жалғастырды Әпенді. Бірақ ағасы Дмитрийдің
көңіл-күйі бұзылып, қос тізесін жұдырығымен төбелеп, жылап қоя берді.
- Осы менің өмірім! Көрдің ғой? Бойында осынша жауыздық!..
Осынша жауыздық!
Әпенді ағасын жұбатуға кірісті.
- Қойшы, ол үшін күйінбе. Қажет емес. Олар ешқандай жауыз емес, олар
– жүйкесі тозғандар. Менікі де тура осындай.
- Неге бұлай тырыса қалды?!! Не үшін? Шындығында ол сені
жақтырмады... Ал не үшін?
Ненің не екенін Әпенді енді ғана түсінді, жеңгесі оны жақтырмады. Расында не үшін?
- Сен ешқандай басшы, жауапты адам болмағаның үшін. Білем мен ол
ақымақты. Жауаптыларымен миы айналып кеткен. Өзі кім десеңші! Басқармадағы буфетші, тегіс жердің дөңайбаты. Күні бойы аналарды көреді де бұл да өзінше боп, бастайды...Жауапты еместігім үшін ол мені де иттің етінен жек көреді, ауылдан шыққан деп.
- Қай басқармада ?
- Әнебір.. таума... Айтуға тілімде келмейді қазір. Шығып қажеті қанша
еді? Ол немене білмеді дейсің бе?
Дәл осы арада Әпендінің де жанды жеріне тиіп кетті.
- Бұл, не жағдай осы? – деп дауыстап сұрады ол, ағасынан емес, басқа
біреумен сөйлескендей. – Иә егер білгісі келсе, атақты адамдардың талайы ауылдан шыққан. Қаралы жақтауға қарасаң – ауылдан шыққандар. Газет оқу керек. Қай тұлғаны алсаң да еңбекке ерте араласқан ауыл түлектері.
- Мен қанша рет дәлелдеп бақтым, ауылдағылардың танау шүйіруді
білмейтін, жақсы адамдар екенін.
- Степан Воробьев есіңдеме? Оны білуші едің ғой.
- Әрине, білем.
- Ауыл деп қайтіп айтасың! .. Әні – қарада ғой: Кеңес Одағының
Батыры. Тоғыз танкінің талқанын шығарды. Қошқарша сүзісті. Енді оның шешесіне өмірбақи алпыс сом зейнетақы төлеп тұрады. Оны хабарсыз кетті деген, тек таяуда ғана анық-қанығы анықталды.
- Максимов Илья ше!.. екеуміз бірге аттандық қой. Әнеки – Даңқ
орденінің үш дүркін иегері. Степан жайлы айтпаса да болады... Қажет емес.
- Мақұл. Ал анау ше!..
Талайға дейін ағайынды екеуі гүжілдесті. Әпенді қос қолын қайшылай сермеп, отыра алмай ауланы ойқастады.
- Қарашы –ей, ауыл дейді!.. Оның бір жұтым ауасы неге тұрады!
Таңертең терезені ашқан кезде – айтшы өзің, салқын самалға шомылғаныңды. Небір гүлдер мен шөптің аңқыған иісіне толы тап-таза, кәусар ауаны – сіміріп жұта бер...
Біраздан соң олар шаршады.
- Шатырыңды қайта жаптың ба? – деді ағасы жаймен.
- Қайта ашып-жаптым. – деп Әпенді ақырын ғана күрсінді. – Веранда
салдым – қарасаң көз тоймайды. Кешкісін верандаға шығып... қиялға ерік бересің: Шіркін, әке-шешеміз тірі болып, сен балалармен келіп жатсаң – сол веранда да таңқураймен шәй ішіп отырар ма едік. Биыл таңқурай өте бітік шықты. Дмитрий сен бар ғой онымен бет жыртыса берме, ол одан әрман жек көріп кетеді. Ал мен шамам келгенше сыпайы болуға тырысам, мүмкін жібитін де шығар.
- Оның өзі де ауылдан ғой! – деп Дмитрий ақырын ғана таңырқай
күрсінді. – Әнеки... Балалардың да есін шығарды, ақымақ неме біреуіне пианиномен күн көрсетпесе, екіншісін мәнерлеп сырғанауға апарып тықты. Жүрегім қарыс айырылады, ал аузыңды ашсаң, қолма-қол айғай.
- Хым!.. – деп қойып Әпенді қайта қозды. – Осы газеттерді түсінбеймін,
дүкенде пәленше деген дөрекі жұмыс жасайды деп жатады-мыс. Е дариғай... ол үйіне келген соң да сондай ғой. Сордың бәрі осында жатқан жоқ па! Мен де ештеңені ұғар емеспін! – деп Әпенді жұдырығымен тізесін бір соқты, - Ұғар емеспін: олар неге жауызданып кетті?
Әпенді ертеңгілік оянғанында пәтерде ешкім болмады; ағасы Дмитрий мен жеңгесі де жұмысқа кеткен, балалардың үлкендері аулада ойнап жүрсе, кішілерін балабақшаға апарып тастапты.
Әпенді төсек-орнын жинап, жуынып-шәйінді да жеңгесіне қандай жағымды бір іс жасап қойсам деп толғанды. Көзіне баланың арбасы түскенде Әпенді қуанып кетті. «Эхе! Осыны бояп, әшекейлеп қоймаймын ба». Ол өз үйіндегі пешті сондай әдемі етіп әшекейлеген еді, ішегін тартпаған ел кемде-кем.
Балалардың бояуларын тауып алып, қылқаламды ұстап шаруаға кірісті. Бір сағаттан соң бәр іс бітіп; арба адам танығысыз өзгерді. Арбаның үстіңгі жағына Әпенді үш бұрыштана ұшқан тырналар тізбегін салып, етегіне әрқилы гүлдер мен шөп-шалам, құрт-құмырсақаларды, бір-жар қораз бен балапандарды түсірді. Арбаны шыр айналып қарап шықты – көз тұндырар ғажап. Арба емес, құлпырған қуыршақ дерсің. Жеңгесінің қалай ішегін тартып таңырқайтынын көз алдына елестетіп, мардымси мырс етті.
- Ауыл – дейсің, өзіңше боп. Аусар неме. Балақай алтын бесікте
жатқандай болмай ма. – деп ол жеңгесімен татуласқысы-ақ келді.
Әпенді витриналарға көзін сата, күні бойы қаланы аралады. Жиеніне қайық сатып алды, шамы бар, әппақ, әдемі қайық екен. «Бұны да әшекейге малындырам», - деп ойлады.
Сағат алтыға таман ағасының үйіне келді. Енді кіре бергенде ағасы Дмитрий мен әйелі екеуінің ұрсысқанын естіді. Негізінде ұрсып жатқан әйелі еді, ал ағасы Дмитрий тек өз сөзін қайталай береді:
- Қойшы, сонша не болды!.. Жарайды... Сонь... Жарайды енді...
- Ертеңнен бастап бұл үйден мына нақұрыстың қарасы жоғалсын! – деп
Софья Ивановна айғайлап жатты. – Тура ертең қарасы батсын!
- Сонь... Жарайды енді!..
- Жарамайды! Жарамайды! Шабаданын итке сүйек тастағандай
лақтырғанымды тоспасын, бітті осымен!
Әпенді апыл-ғұпыл кері шегінді... Ары не жасарын білмей абдырады. Тағы да жаны күйзеліп кетті. Оны әлдекім жек көрген кезде қабырғасы қатты қайысатын. Және үрей билейтін. Байқағаны: енді бәрі бітті, ары қарай өмір сүріп те қажет емес- ау? Өзін келемеж етіп, суқаны сүймейтін адамдардан қашық, аулақ кеткісі келді.
- Неғып мен осындай боп жаратылғам? – деп ол сарай ішінде отырып,
күйіне күбірледі. - Алдын-ала аңғару керек еді: бұған оның жетесі жетпейді, халық шығармашылығын ұғуға жетесі жетпейді.
Қас қарайғанша ол сарайда отырды. Жүрегінің ауырғаны қояр емес. Сосын ағасы Дмитрий келді. Бауыры Василийдің осы сарайда талайдан бері отырғанын ол білген адам сияқты таң қалмады.
- Міне... – деді ол. – Әлгі... тағы айғайға басты. Арбаны... қажеті жоқ еді.
- Мен оған ұнайтын шығар деп қалдым. Ағасы, қайтайын мен.
Ағасы Дмитрий күрсінді... Бірақ ештеңе демеді.
Әпенді үйіне оралғанда жылы, қалың жаңбыр жауып тұрды. Автобустан түскен соң Әпенді жаңа аяқ киімін шешіп, жылы жаңбырды кешіп жүгіре жөнелді – бір қолында шабаданы, екіншісінде бәтеңкесі. Секеңдеп, бар дауысымен ән салды:
Тополя-а а, тополя а...
Аспанның бір жақ бөлегі көгеріп, түріле бастады, күннің көзі де таяу тұста. Жаңбыр да саябырсып, ірі тамшылардан көлшік беті көбіктеніп, бақ-бақ гүлдей ұшып жатты.
Бір жерде Әпендінің аяғы тайып кетіп, жығыла жаздады. Оның аты-жөні – Василий Егрович Князев еді. Ол жаралғалы отыз тоғыз жыл болды. Ауылда киномеханик болып жұмыс жасайды. Із кесушілер мен иттерді қатты ұнатады. Бала кезінде шпион болуды армандаған.