Тамылжыған жаздың бір күні еді. Сондай тыныштық. Дуал түбіндегі талдардың жанында жүрген тауықтардың ауыздарын ашып, тыныс алғанын да алыстан естуге болатындай. Мысықтардың қайда кеткенін білмеймін, зым-зия жоғалған. Ағаштардың көлеңкесінде иттер ұйықтаған кейіпте қимылсыз жатыр. Ал Вейсел екеуміз ертеден қара кешке дейін тұт ағашының көлеңкесінде үш тас ойнаудан әбден жалыққан едік.
Самал жел соқты. Денемізді жалап өткен самал жел күннің ауыр ыстығын бір желпіп өтті. Вейсел «Биіктен секіріп ойнаймыз ба»деді. Мен қорыққан адамдай болмайын деп: «Жарайды» дедім. Содан екеуміз ағаш сатымен үйдің төбесіне шығып, төменге көз салдық. Не де болса төбеден секіру керек. Бұл ойынды бастаған Вейселдің өзі. Алғашқы кезек те Вейселдікі. Ол көп ойланбастан төмен қарай «оппа» деп секіріп кетті. Оның соңынан мен де секірдім. Осылайша таласа-тармаса сатымен өрмелеп, төбеге шығып, төменге жарыса секірумен болдық. Бұл ойынымыз өзімізге ұнағаны соншалықты, өзімізді бейне ұшатын құс сияқты сезіне бастадық. Қандай рахат! Биіктен секіру. Сондай биіктіктен секіру! Секіре-секіре бұл ойыннан да жалықтық. Вейселге ғажап ой келді-ау деймін, маған қарап күлімдеп: «Жаңа ойын таптым»деді. Енді төбеден басымызбен секірсек не болады? «Жарайды» дедім, қорқасоқтап тұрсамда. Екеуміз тағы үйдің төбесіне шықтық. Төмен қарап тұрмыз. Секіріп жерге баспен түсу. Бұл қорқынышты ойын сияқты. Екеуміз де іштей қорқып тұрғанымызбен, қайтеміз енді, ойынның аты ойын, секіруіміз керек. Вейсел қалай секіретінін, баспен жерге түсу үшін денесін қалай ұстау керек екенін ойланып сәл тұрды да, секіріп кетті төмен қарай. Жиналған шөптің үстіне ең алдымен басы тиді. Денесі сәл дірілдеп, бір жағына қарай бар денесімен құлай берді. Мен оған төбеден төніп қарап тұрмын. Жүзінде қандай өзгерістер болар екен деп. Өңі қызарып, ол зорлана жымиды да,орнынан тұрды.
-Ауырды ма, -деп дауыстадым.
«Жоқ» деді. Мен оның бұл сөзіне сенбедім. Оның қиналып жатқанын, қиналса да білдірмей зорлана езу тартқанын сезіндім. Денемді қорқыныш биледі. Енді менің кезегім. Бас тарту мүмкіндігім болар ма екен деген тілегім жүзеге аспайтын секілді. Вейсел менің де секіргенімді күтіп жатыр ғой. Енді шегінетін шама жоқ. Мен де көзімді жұмып секірдім. Жерге баспен түстім. Алғашында не болғанын білмедім. Түрегелдім. Вейселдің жанары үрейге толып: «Қалайсың» деді. Денем түгел ауырып жатыр. Өзімді барынша сабырлы ұстап: «сәл ауырды» деп ауырған белімді ұстадым. Вейсел: «Менің де барлық жерім ауырып тұр» деді ыңырсып. Екеуміздің де көзімізден жас ыршып кетті.Бір-бірімізді құшақтап, «енді бұлай ойнамайықшы» деп еңкілдеп жылай бастадық...
Біз сонда баспен ойнау емес, баспен ойлау керек екенін түсінген ек...