Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Спецпроекты
Переводы
Ақын, публицист Қайрат Дүйсеновтың өлеңдері

22.04.2016 4284

Ақын, публицист Қайрат Дүйсеновтың өлеңдері

Язык оригинала: Ақын, публицист Қайрат Дүйсеновтың өлеңдері

Автор оригинала: Қайрат Дүйсенов

Автор перевода: Низами Зөхраби

Дата: 22.04.2016




şiir. өлең.jpg


МЕН – АБАЙМЫН

(“Мен – қазақпын” поэмасының ізімен)


Мен – Абаймын!

Абай боп тіл қатамын,

Қаласам, бәріңді де тыңдатамын.

Көңілім келсе, көлшікті көл етемін,

Ренжісем, даламды құрғатамын.


Мен – Абаймын!

Өлең боп оқыламын,

Күйіп-жанам қазақтың отына мың...

Тұп-тұнық поэзия тұнбасынан,

Сендерге бал емізіп отырамын.


Мен – Абаймын!

Абай боп аттан салам,

Күрес, халқым, көзіңнен аққанша қан.

Қапияда қорлықты көп көруде,

Полигонның дүмпуі атқан санам.


Мен – Абаймын!

Сүйемін жастарымды,

Сендерге көп арнаймын дастанымды.

Желтоқсанда намысты қорғадыңдар,

Үш жүзге бөлмей бейбіт аспаныңды.


Мен – Абаймын!

Бітпейтін поэмамын,

Мені ұққанды жанымдай аяладым.

Тәуелсіздік туына жетті халқым,

Мен де енді тәуелсіз боп оянамын.


Мен – Абаймын!

Балы бар жыр-әнімнің,

Әр сөзімнің мәні бар, сұрағымның.

Біле-білсең, халқым-ау, мен сендердің,

Ой-санаңда жатталған ұраныңмын.


Мен – Абаймын!

Ақынмын, ақылдымын,

Жер әлемді жаруда атым бүгін.

Бір айтарым:

– Сыйлаңдар ақындарды!

Ұран қылып оқыңдар, ақын жырын.


Мен – Абаймын!

Абай боп тіл қатамын,

Қаласам, бәріңді де тыңдатамын.

Сөз қадірін білетін, уа, ұрпағым,

Бөленсін жырға таңың, жырға таңың!


(Ұлы Абайдың 150 жылдығында Алматыдағы Абай ескерткішінің жанында оқылған өлең)




МҰҚАҒАЛИ ДАУЫСЫ


Өксік - күнім, өмірім - аттандаған,

Пендемін деп ойлаушы ем, бақ қонбаған.

Сөйсем, оның барлығы бекер екен,

Жүректерде мен екем – жаттаулы адам!


Жаттаулы адам мен екем - жүректерде,

Жемістісін егіппін – жыр еккенде.

Мені есіне алуда мынау ғалам,

Жасын жанып, қара аспан дір еткенде.


Жер сілкініп, жанартау атылғанда,

Сапар шегем, болашақ ғасырларға.

Кеудеме кеп жан бітіп, тіл қатамын:

“Жақсы жыр жазыңдар!” – деп ақындарға.


Жақсы жыр жазған жанды жанап өтем,

Жасынның жай оғына балап өтем.

Білмесеңдер қадірін, жақсы ақынды –

Өзімменен жұмаққа ала кетем,

Нағыз ақын жұмаққа барады екен.




СЕН ДЕ МЕНІ СҮЙЕСІҢ БЕ?


Басылмай саған деген сағынышым,

Шегі жоқ еркін алды қиялымның.

Күреспей басқа қонар бағым үшін,

Әлемге қалай ғана сыямын бұл?


Мен бүгін шын ғашықтың халін кештім,

Бұ дағы үлкен бақыт - сен сыйлаған.

Түсіне алмас сірә, жанымды ешкім,

Жалғанда сен болмасаң – ең сыйлы адам.


Бір ұшқын жалт етті де жанарыңнан,

Жалғады өшпес менің үмітімді.

Айналдым, айдай нұрлы қабағыңнан,

Ақтаған арманымды күні-түнгі…


Сүюге бал ерніңнен батпағанмен,

Құшақтап, талай сені еркелеттім.

Аймалап көкейіммен тапқан әнмен,

Көңліңді маған деген көркем еттім.


Жырымның ең әдемі кейіпкері -

Сенсің ғой, асылым-ау, білесің бе?

Сұрайын, сөге көрме кейіп мені,

Айтшы шын, сен де мені сүйесің бе?




КҮТКЕЙСІҢ


Сенделіп жүрмін, сенделіп,

Қу тірлік үшін не түрлі істі меңгеріп.

Осындай сәтте жанымда жоқсың, жан сәулем,

Жанымда болсаң, сергітер ме едің дем беріп!?


Мұңайып жүрмін, мұңайып,

Тіршілік үшін жасағандай-ақ мың айып.

Жөнделмей жатып, жөн көрмей жүрмін тап қазір,

Өзімді саған санағанымды лайық.


Жабырқап жүрмін, жабырқап,

Өзгерген мынау жалғанға қатты таңырқап.

Мендегі дүние өзгенікінен бөлек пе?

Өзгелер отыр, түк болмағандай сабыр сап.


Қиналып жүрмін, қиналып,

Сағыныш – сезім кеудеге мұң боп жиналып.

Сағынып жүріп, алдыңа бір күн барармын,

Жиналған барлық сап-сары мұңды сыйға алып.


Алыста жүрмін, алыста,

Іздене берсем, кенелермін бір табысқа.

Үздігіп барып, үзіле жаздап күткейсің,

Сағынышыңның сап-сары мұңы жабысса...