Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Кітаптар
Қанат Тілеухан. Қараштың әңгімелері
Рейтинг: 5.000
ISBN:
Беттер саны:
98 бет
Қанат Тілеухан. Қараштың әңгімелері
Ұсыну

Қанат Тілеухан әңгімелері  өмірімізде көп кездесетін бір-ақ елең қыла қоймайтын жағдайларды  қозғайды.  «Қайтқан қыз» әңгімесі  шынайлылығы жөнінен қазақта Бейімбет Майлин, орыста  Василий Шукшиннен  кем соға қоймайды.  Өмірді көру мен  қайшылықты жеткізу  жөнінен замана табы анық  сезіледі.  Шынайылық  деген кейде өмірлік  факторлардың  күтпеген шешімі арқылы көрініс табатынының белгісі осы қаламгер қолтаңбасынан  анық аңғарылады.  Жалпы  жұртшылыққа  қатты әсер еткен  осы автордың екі әңгімесінің орындалуы мен  көркемдік  жетілуінің  куәсі болғандықтан ба, шығарма жазу қиындығын автор да, оған редакторлық  жасаған адам да ащы сезінді.  Шығармашылық үдерістің осынау  азабын шегу мен  жан рахатына бөленудің екі  арасы едәуір.  Әйтсе де  қуанышы мен абыройына көз жеткізу ләззатынан автор біраз айыға алмай жүргендей.

 Қанат классиканы тереңдей оқып, өнер эстетикасына  қаныға  бастағанын  әңгіме арасында айтуға әуес.  Бұл жауапкершіліктің  алғышарты.  Енді еңбек етудің  мехнатты кезегі тұр. Несі бар, адам баласының  қолынан аңдасақ не келмейді. Шеберлікке жету әйтсе де бұйыра ма,  жоқ қарабайыр ой ағысынан  арылу қиын ба, бәрін уақыт патша көрсетеді. Қанат жаратылысы жөнінен жазушыға тән төзімді.  Эпикалық  тынысы да сезіледі.  Шығармашылық лабораторияны  Мұхтар Мағауин сияқты  тану арқылы  өмірлік мақсатқа  пайдалана алса – біраз іс тындыратыны сөзсіз.  Шығармашылық қысымнан  бүлінбей аман-есен өтудің  мәнақасы  да жетерлік.  Ізденістің азабын тәрк қып жеңілдікке ұмтылса  –көптің бірінен еш айырмасы болмай қалады. Қанат бұл жағынан есейген  қалыпқа түскендей.  Соңғы жазған хикаятындағы  желілік тұтастыққа селкеу түссе де, әлгі шынайлығы  табиғи сақталған.  Көрдіңіздер ме,  автор тұтастыққа еңбек сіңіре алмаған соң ой  қожырауы басталады.  Жастармен аралассам да шығармашылық  бірлікте болмаған соң  лабораториясына  жеткілікті үңіле алмайды екем.  Дүниеге жаңа дүниенің сәтті келуі үшін  ағалық пікірдің үстемдігінде жанашырлық,  інінің қабылдауында  еңбекке құлшыныс қасиеті айқын байқалуы керек.

Қанатта осы мінездер барына сенейік.

 

Жұмабай  ШАШТАЙҰЛЫ

Дәйексөз қосу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.

Рецензия қосу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.