КІТАПХАНА
Повесть — эпикалық проза жанрының бір түрі. Повесть туралы түсінік әдебиет тарихында жиі өзгеріп, оны романның құрамдас бөлігі ретінде тану біраз уақыт орын алды. Еуропа әдебиетте Повестьті новелла деп те атай береді. В.Г. Белинский Повестьті “романның шашыраңқы бөліктері” немесе “романның бір тарауы” деп атаса, бір кездерде оған романмен байланыстыра түсінік беру дағдыға айналды. Кейін жанр ретінде толық қалыптаса қоймаса да, очерк сипатындағы әңгімелер негізінде (19 ғасырда) “әдет-ғұрыптың жеңіл очеркін қамтитын”, “адам мен қоғамды әжуа-сықақ ететін пішін” деген тұжырым белең алды. Қазір проза жанрының жан-жақты дамыған тұсында Повесть туралы біршама тұрақталған ұғым қалыптасты. Повесть әңгіме мен романның аралығындағы прозалық жанрға жатады. Көлемі мен мазмұны тұрғысынан осылай бағаланғанымен, кейде көлемі романнан ауқымды Повестьтер дa кездеседі. Мысалы, көп романдардан көлемді “Клим Сам¬гиннің өмірін” А.М. Горький Повесть деп атаған. Повестьтің көлемі емес, көтерген жүгі мен арқау еткен мәселесінің aуқымы шағын келіп, романнан кіші жанр екендігін, ал эпизодтары мен өмір иірімдеріне бойлай енуі тарапынан әңгімеден күрделірек жанр екенін дәлелдейді. Оқиғаны жан-жақты суреттеу, философия түйін жасау, қат-қабат тартыстар сияқты романда кездесетін кең тынысты тәсілдер Повестьте бола бермейді. Повестьке оқиға тізбегін баяндау, хроник. әңгімелеу тәсілі тән. А.Байтұрсынов эпикалық текті әуезе деп алып, оның түрлерін ұлы әңгіме (роман), ұзақ әңгіме (повесть), ұсақ әңгіме деп береді. Повесть туралы “ұлы әңгімеден өресі қысқа, өрісі тарлау түрі ұзақ әңгіме деп аталады” дейді. Байтұрсынов осы негізде М.Дулатовтың “Бақытсыз Жамалын” романға емес, ұзақ әңгімеге, сондай-ақ М.Әуезовтің “Оқыған азамат” әңгімесін Повесть үлгісіне жақын келеді деп қорытады. Ж.Аймауытовтың “Күнекейдің жазығы”, Әуезовтің “Қараш-қараш оқиғасы”, “Қилы заман”, Ғ.Мүсіреповтің “Кездеспей кеткен бір бейне”, “Ұлпан”, Ш.Айтматовтың “Жәмилә”, “Құс жолы”, т.б. Повестьтері үздік көркем туындылар.