Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Әңгіме
Әңгіме — оқиғаны қарасөзбен баяндайтын шағын көркем шығарма жанры. Әңгіменің жанрлық ерекшеліктері оқиғаны баяндау тәсілі, композициялық, сюжеттік құрылысы, көркемдік жүйесі арқылы айқындалады. Әңгіменің көлемі шағын, кейіпкерлер саны аз, сюжет ұйытқысын құрайтын оқиғаның басталуы, шарықтау шегі мен шешімі болады. Онда адам, оның өмірі мен тағдыры, аса маңызды деген оқиға жинақы беріледі. Мұнда бір айтылған жайларға қайта оралуға, тәтпіштеп баяндауға, ұзақ суреттеуге орын жоқ. Әңгіме жанры аз сурет арқылы көп жайды аңғарта білетін айрықша көркемдік шеберлікті талап етеді. Оқиға көбіне бірінші жақтан баяндалып, әңгімешінің оқиғаға тікелей қатыстылығын көрсетеді. Б. Майлин, Ж. Аймауытов, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов тағы басқа. Әңгімелері — қазақ әдебиетіндегі осы жанрда жазылған үздік шығармалар. Қазіргі әңгіменің бастаулары халық ауыз әдебиетінде жатыр. Сонау көне заманнан-ақ халық өзінің тұрмыс-салты, күнделікті тіршілігі жайлы ауызша әңгімелер туғызып отырған. Мұндай әңгімелер бір рет қана айтылып қоймай, әр жерде, жиын болған кезде айтылған да, ондағы оқиға бірте-бірте тұрақты сюжетке айналған. Сөйтіп, ауыз әдебиетіндегі дәстүрлі жанрға айналған. Жеке адамның басынан өткен оқиға ретінде айтылатын мұндай әңгімелерді халықаралық фольклортануда меморат деп атайды.

Көп оқылғандар