Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ренат Елубаев: Суретшілер болмысты бояумен суреттесе, ақындар сөзбен суреттейді.

14.06.2018 748

Ренат Елубаев: Суретшілер болмысты бояумен суреттесе, ақындар сөзбен суреттейді.

Бейнелеу өнері жайлы әңгіме қозғала қалса, ауызға алғашқылардың бірі болып ілінетіні – Испан суретшісі Пабло Пикассо екені анық. Сол Пикассоның: «Кейбір суретшілер күнді сары түске бояп бейнелейді, ал тағы біреулері сары домалақты күнге айналдырады. Біреулер ненің бар екенін және неліктен солай екенін сұраса, мен ненің болуы мүмкін болғаны мен оның неліктен жоқ екенін сұраймын» - деген екен. Еліміздегі танымал суретшілердің қатарына жататын Ренат Елубаевпен әңгіме барысында да біз Пикассоның осы бір сөзіне жүгініп, суретшілік өнердің қалтарысы мен қиындығы жайлы ой өрбіттік. Ендеше, оқыңыз.

Ренат аға, сұрағымды Астанадағы Тұңғыш президент мұражайында өткен «Мәңгілік елес» атты жеке көрмеңізден бастасақ. Неге көрмені «Мәңгілік елес» деп атадыңыз?

Астанадағы Тұңғыш Президент мұражайында осымен екінші рет көрмем өтуде. Мен әр көрмемді өткізген сайын, оның атауына қатты мән беремін. Өйткені әр картина – менің өмірге әкелген балам іспетті. Сондықтан, өз туындым өміршең болу үшін жақсы ат қоя алу да маңызды. «Адам – ұрпағымен мың жасайды» дейтін халық даналығы барын ескерер болсақ, біздің «ұрпағымыз» - жазған картиналарымыз екені анық. Ал өмір - мәңгілік, шексіз, ұшы-қиыры жоқ елес. Адам өмірде сол шексіз елесті ғана қууда. Өйткені, зат та, адам да елестен тұрады. Ал сурет сол бейнелермен қатар өмір сүруде. Адаммен бірге сурет өнері де пайда болды. Содан бері қаншама суреттер, елестер бейнеленді. Ал мәңгілік елес – ол шынайы өмір дегенді білдіреді.

Сізді көрмесі ел ішінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де көп өтетін, бүгінгінің бақытты суретшісі деуге болар. Осы жолғы көрмеңіз несімен ерекше?

Бақытты суретші дейсіз бе? (күлді) Менің 2011 жылы Арменияның Ереван қаласында көрмем болды. Бұл көрменің өтуінің өзі маған Алланың берген тосын сыйы дер едім. Мен суреттерімді «в контакте» әлеуметтік желісіне үнемі жариялап отыратын едім. Бір күні маған Арменияның «Экспо Ереван» атты халқаралық көрме ұйымдастырушылары хабарласып: «Картиналарыңыз керемет екен! Сізді көрмеге шақырсақ деген едік» - деп өтініш айтты. Ол кезде мен де ол елге баратын мүмкіндігім болмады. Содан Астана Опера театрының солисі, досым Барсак Туманяға барып өтініш айттым. Ол Армения елінің азаматы еді. Картиналарымды сол көрмеге жеткізіп берші дедім, ол кісі бірден келісті. Барсак өзі коллекционер екен. Ол әлемдік деңгейде картиналар жинайды. Мен көрме біткен соң картинамды Барсакқа сыйға тарттым. Ал 2015 жылы Беларуссияның Гонсович қаласында «Қазақ суретшісінің көзіндегі Беларуссия» деген атпен көрмем өтті. Беларуссиядағы халықаралық байқауға біздің Мәдениет министрлігінен хабарлама келді. Қазақстан атынан қатысуға мен қуана келістім. Ол жақтағы байқаудан бас жүлде алдым. Сол елдің ұйымдастырушылары маған «Бір айға қалып табиғат аясында сурет салыңыз, көрмеңізді өткізіп берейік» - деген ұсыныс айтты. Мұндай ұсыныстар күнде түсе бермейтіні белгілі. Сондықтан бірден өз келісімімді бердім. Беларуссияның табиғаты керемет екен! Тоғайдың ішінде бір ай сурет салдым. Бұл менің өмірімдегі ең керемет сәттердің бірі деп білемін. Жалпы славян халқы төменгі қызметшіден жоғарғы лауазымды тұлғаларға дейін суретшілерді төбесіне көтереді деуге болады. Олардың түсінігі бойынша суретші – Құдайға бір табан жақын адам. Себебі бағзы заманнан суретшілер Иконаны және Құдай бейнесін салып, қоғам алдында өте сыйлы болған. Сондықтан, олар суретті жан тәндерімен сүйеді деп ойлаймын. Әрине, бұл менің ойым. Әйтпесе, неге олар суретшіні сонша бағалайды, құрметтейді? Олардағы тағы бір біз үйренер дүние – еңбекті бағалай білу. Егер бізде құндылыққа солай қарай алсақ, талай таланттың жолы ашылған болар еді. Сол Беларусияда жүрген кезімде АҚШ-тағы халықаралық байқауға картиналарымды жіберген едім. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында болған «New York Realism Fine Art» атты халықаралық байқауынан «Қыран» атты алтын медаль иегері болғанымды Американың сайтынан көріп, сенер-сенбесімді білмей қуаныштан көкке ұшардай күй кештім. Шетелде көрмемнің өтуі, Беларуссиядан бас жүлде, АҚШ-тан алтын медаль алуым менің өміріме үлкен қуаныш әкелді. Еңбегіңнің бағалануы – суретші үшін ең үлкен жетістік екені анық. Бұлардың бәрі менің осы саладағы үлкен жолымның бастамасы ғана екен...

Ал 2014 жылы Астанадағы Тұңғыш президент мұражайында «Буырқанған түстер» атты көрмем, 2017 жылы Омбы қаласында «Табиғат әуені» атты жеке көрмем өтті. Жыл өткен сайын адамның ойы тереңдеп, қоғамға, адамға деген көзқарасы өзгереді. Жан-дүниең пісіп жетіледі. Бұндай ішкі өзгерістермен қатар, өнерің де өзіңмен бірге жетіліп, тереңдей түседі екен. Сондықтан да өтіп жатқан көрменің, бұрынғы көрмеден айырмашылығы – түйсіну, сезіну, ойлау, әлемге басқаша көзбен қарау сияқты бояулармен көркемделгенімен ерекше деп ойлаймын. Қалай дегенмен, өтіп жатқан жылдардың берері де, алары да бар. Соны ескерсек, көрмелердің бір-бірінен айырмашылығы міндетті түрде болады.

Сіздің сіздің картиналарыңыздан ерекше бір ішкі қуатты, арпалысты байқауға болатын сияқты. Бұл табиғат құбылысын суретші көзімен көруден туған туынды ма, әлде қоғам өзгерісіне деген ішкі наразылық па?

Мен табиғатқа ғана емес, қоғамға да суреттің көзімен қараймын. Айналам салулы тұрған дайын картина. Тек оның бояуын тауып, кенеп бетіне түсіру үшін ішкі сезіміме бағынам. Суреттерімді ешқашан ақылмен ойланып салған емеспін. Ол менің еркімнен тыс қиялға өткен сәттегі, ішкі түйсігімнен туған туындыларым. Сондықтан да, ішімдегі сол қиялшыл Ренатты көп күтемін... Кейде соның қырсықтығынан ұзақ уақытқа сурет сала алмай жүремін. Бұл енді қоғамның кері әсер еткен сәттеріндегі қиялдың сандалуы. Ал ішімдегі қандай сезім екенін білмеймін, мүмкін космоспен байланыс па, әлде жын ба, ол бір ішкі күш сияқты. Содан да болар суреттеріме, бір қарағанда адамның жан дүниесіндегі арпалыспен үндестік табатыны. Бірақ өзім салған суреттер мен ішкі сезімім салған суреттердің арасы жермен көктей.

Анталаған қасқырдың ортасында, жалаңаш қол, арпалысқан адам бейнесі салынған суретті сіз «өзім» депсіз. Бұл суреттің салынуында өзіндік тарих жатқандай...

Бұл ең нашар картинам. Кәсіби деңгейі жоқ... Өйткені мен біраз уақыт сурет өнерін тастап кеттім. Өзімді басқа саладан іздедім. сол кездегі ішкі күйзелістен туған сәтсіз туынды еді. Бір қарасаңыз, өмір – соқпақтардан құралған сынақ алаңы сияқты. Ал бұл картинада менің өмірімнің алғашқы сынақты сәті бейнеленген. Бүгінгі қазақ қоғамында кешегі бабаларымыздай көкжалдықтан гөрі, қызылкөздіктен шыққан қорқаулық басым. Егер сенің ішкі діңің әлсіз болса, қоғамға жем боласың. Сондай бір әлсіреп, торуылдың ортасына түсіп, шарасыз күй кешкен сәтте Құдайды іздеп, менің де бір таңым атар деген үміттен туған дүние еді...

Ал Ресейдің Петр патшасына арналған «Петр» атты қартинаңызды да ерекше туынды деуге бола ма?

Бұл енді өзгешелеу қиялымнан туған туындым. Қиял шіркін, шексіз ғой. Оған ешкім тыйым салмайды. Сондықтан қорықпай қиялдай беру керек. Петр негізі жақсы туынды. Ол сурет қазір Санкт-Петербургта тұр. Бірақ кенепке ауыр бас шығару техникалық жақтан дұрыс емес екен. Кенеп созылып, жыртылып қалуы мүмкін. Бұндай тәсілмен сурет салудың болашағы жоқ екенін түсіндім. Әзірге «Петр» бүлінген жоқ. Бірақ, сонша еңбекпен келген дүнием, мәңгілік болып қалмайтын сияқты. Ал суретшінің мақсаты – артына өлмейтін өнер туындысын қалдыру емес пе?!

Сіздің картиналарыңыздағы импрессионизм көрінісі – XIX ғасырда Францияда соңғы ұлы өнер қозғалысына айналды. Моне, Ренуар, Камиль Писсарро сияқты Францияның ұлы суретшілері сол өнерімен әлемді таңғалдырды. Сіз сол жаңашылдықты бүгінгі қазақтың сурет өнеріне әкелдім деп айта аласыз ба?

Франция қоғамына сілкініс әкелген бұл ағым бұған дейін қазақ өнеріне Ә.Қастеев, Қ.Телжанов, Ж.Шарденов, Н.Нұрмұхамедов сынды көрнекті суретші ағаларымыз әкелді. Ал біз, жас суретшілер, сол ізді жалғастырушымыз. Суретшінің әр картиналары жаңалық. Сондықтан әр суретші әлемдік өнерге жаңалық алып келдім дей алады.

Сонда сіз кімге еліктейсіз?

Алғашқы туындыларымды шетелдік суретшілермен байланыстырғандар болды. Ол бастапқы кезең еді. Ал менің қазіргі қолтаңбам тек өзімдікі. Себебі мен өз жүрегіме, ішкі жан дүниеме жүгінемін. Тек соған ғана тәуелдімін. Ішімде ешкімге ұқсамайтын бөлек әлемім бар. Мен сол әлемге ұмтылушымын. Менің басты қағидам өзгеге еліктеп жалаңаш суреттер салып, Еуропаның қаңсығымен ерекшеленуден гөрі өзіміздің ұлттық санамызға саятын, ұлт болмысын көрсететін өзгеше дүние салу. Осы орайда Пикассоның: «Жақсы суретші көшіреді, ал ұлы суретші ұрлайды», - деген сөзінің астарына үңілген дұрыс болар...

Көзіңізді байлап қойып сурет салуыңыз да сол ерекшеленуге деген ұмтылыс па?

Бұл жерде суретті мен емес, менің ішкі сезімім салады деген ойды нақтылаудан шыққан қадам ғой. Бұл екінші жағынан өзіңді тану жолындағы эксперимент. Соны дәлелдеу жолындағы ізденісім еді. Бүгінгі әлем танитын атақты Пикассо, Шагал, Сальвадор Далилер өмірінің соңына дейін ізденісте болған. Суретші әрқашан ізденісте болу керек, сонда ғана ұлы картиналар дүниеге келеді. Бірде бастықтардың алдында көзімді жауып сурет салып көрсеткім келді, бірақ сала алмадым. Басшылардың ауыр энергиясы сезімімді бөгеп тастады. Ал кейін қарапайым адамдармен қалған кезде, еркін сала бастадым. Сонда түсінгенім: талант деген - іштегі көмулі жатқан көз. Сондықтан шығармашылықпен айналысатын адамның ішкі сезімінде еркіндік болуы керек екен.

Жоғарыда бір әңгімеңізде «Сурет өнерін тастап, өзімді басқа саладан іздеген кезім болды...» - деп қалдыңыз. Сіздің екі жасыңыздан бастап сурет салғаныңызды білеміз. Бұлай суретшіліктен алыстап кету – өзіңізді мойындамау ма, әлде тегінде қоғамда елеусіз болып қалудан қорқу ма?

Мені үнсіздік тұншықтыра түседі. Оның үстіне бізде материалдық қиындықтар да көп болады. « Аш бала тоқ баламен ойнамайды» дегенді халық өте дұрыс айтқан. Мені асырай алмайтын өнер маған не үшін керек деп ойладым. Содан қорқып тастап кеттім. Бірақ тағдыр мені суретке қайта алып келді. Ал бүгінгі суретшілік өмірім – бұрынғыдан өзгешелеу... Адамның бәрі атақты болуды армандайды. Жазушы да, суретші де тек соған жетуге ұмтылады. Бірақ әлемдік деңгейге көтерілу үшін менің қалтамда ең кем деген де 20 млн доллар болуы керек. Суретке жарнама жасалмаса, көрме ұйымдастырылмаса, әлемдік деңгейге алып шығу мүмкін емес. Бәрі ақшаға тіреледі. Өйткені сурет өнері материалдық жағдайды талап етеді. Бояу, кенеп, бояу езгіш, рамкалар өте қымбат. Сосын сурет салатын жер де керек. Қаңғырып жүрген, баспанасыз адамға сурет салу өте қиын. Ал біз суретшілер қазақ деген ұлттың атынан осы бір бекзада өнерді насихаттап жүрген шығармашылық адамбыз. Бірақ суретшілер мемлекет тарапынан қолдау көріп жатқан жоқ... Әлеуметтік жағдайдың қиындығы суертішіні жеп қоятыны жасырын емес.

Дегенмен, өзіңіз де мемлекеттік қызметте болдыңыз. Осы салада жүргенде не үйрендіңіз, неден жирендіңіз?

Әкімдіктегі қызмет маған салқынқандылықты үйретті. Ұйымдастыру жұмыстарын да сол жақтан үйрендім. Жалпы, өзіме қағазбастылық ұнайды. Сенсеңіз, қағазға көміліп, қолым тимей жатқанды жақсы көрем. Ал қазір сурет саламын. Бұл ретте бәрі басқа. Сол баяғы салқынқандылық пен ұйымдастырушылық атымен жоқ. Бұл өмірмен тіпті шаруам жоқ адамдай жүремін. Кейде қиял мен шындықты шатастырып аламын. Сондықтан да суретші болмаймын деп шештім. Бірақ бұның бәрі де тағдыр. Тағдыр қалай жазылды сіз сол сценариді толық ойнап шығуыңыз керек. Сол сияқты мен осының бәрін көруім керек еді. Көреріміз әлі алда. Бұл өмірде ең бастысы мойымау керек. Қиындыққа қуана қарап, Алладан жақсылық сұрау керек.

Негізі «Өнер егіз келеді» - деген ұғым бар. Ол рас та сияқты. Өйткені, сіз суретші ғана емес, өлеңге де жақын екенсіз. «Суретші мұңы» деген өлеңізде:

Не деймін саған, не деймін,

Сіңірі шыққан кедеймін.

Ван Гок та өткен жарымай

Өзімді соған теңеймін!

деген жолдар бар. Демек, әдебиеттен алыс емессіз ғой?

Жас кезімде өлеңмен ауратын едім. Мұқағалидың кітабын сатып алып, өлеңдерін жатқа оқитынмын. Т.Ахтановты жақсы көремін. Кейде сол ақындарға еліктеп өлең де жазамын. Бірақ менің өлеңдерім өте нашар. Суретшілердің ішінде де мықты ақындар бар. Кезіндегі атақты суретшілер Модильян, Шагал, Сальвадор Далилер өлең жазған ғой.

Жалпы, суретші мен ақын-жазушыда шығармашылық ортақтық басым. Суретші жай адамға қарағанда түстің 19 түрін ажырата алады. Ал ақын-жазушыларда бұл қасиет суретшімен тең. Сонымен бірге, болмысты суретші түсті бояумен суреттесе, ақындар болмысты сұлу сөзбен суреттейді. Түбіне келгенде бір образды түрлі әдіспен шығару жағынан да ортақ. Сіз салынған картинаға қарап тұрып өлеңді немесе бір әңгімені көре аласыз. Ал өлең мен прозаны оқып отырып та көз алдыңа картина келеді.

Не деймін саған, не деймін,

Сіңірі шыққан кедеймін.

Ван Гок-та өткен жарымай

Өзімді соған теңеймін!

«Ала ғой» - деп ақшаны,

Маған ұстатар қолға кім?

Құр суретпен баршаны

Қуанта алмаудан қорқамын.

Тағдырым сурет көріксіз,

Түсірер ем оған көп шағым.

Жанардан жүрек еріксіз,

Шашады жерге моншағын!

Менің Елубай атам да, Әбіжан Болыс атам да ақын жанды кісілер болған. Нағашы атам алты Алаш танитын атақты Байғабыл Жылқыбаев. Демек, бұл өзі қанда бар дүние...

Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Айжамал Көпеева

Cуреттер сөйлесін:


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар