Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Қазіргі қазақ верлибрлеріндегі ырғақ феномені...

11.04.2024 1132

Қазіргі қазақ верлибрлеріндегі ырғақ феномені 12+

Қазіргі қазақ верлибрлеріндегі ырғақ феномені - adebiportal.kz

 

Әлем әдебиетіндегі үрдістерге орай қазіргі өлең формасы да барынша еркіндікке ұмтылды. Әсіресе, ХХІ ғасыр басында әдебиетке келген жас ақындар өлең өлшемінен, жүйелі түрдегі кідірістен, тіпті ұйқастан, шумақтан ада өлеңдерге көбіне қалам тербеп жүр. Мұндай өлең түрі верлибр (фр. vers libre – ерікті өлең)  деп аталады. Верлибр – өлшемсіз әрі ұйқассыз өлең жүйесі, ол прозадан белгілі бір өлең бөліктеріне (жазбаша мәтінде әдетте тармақтың графикалық орналасуымен, ауызша мәтінде сөз сазымен айқындалады) бөлшектеу арқылы ажыратылады. Қазіргі орыс әдебиеттану ғылымында ерікті өлеңдерді зерттеп жүрген Ю.Орлицкий: «Верлибр (ерікті өлең) – өлең жасаушы барлық қосымша белгілерден: ұйқастан, силлабо-тоникалық өлшемнен, изотониядан, изосиллабизмнен және жүйелі шумақтан бас тартып, тек қана өлең тармақтарының ырғағына немесе мәтіннің қос сегменттелуіне ғана (синтаксистік және ырғақтық) сүйенеді», – деген анықтама берген болатын.

Қазақ өлеңтануының білгірі, академик З.Ахметов  ХХ ғасыр басынан бергі қазақ поэзиясындағы ерікті өлеңнің үлгілеріне шолу жасай отырып,  бұлайша өлең жазу силлабикалық өлең жүйесін бұзбайтынын және буын санын тұрақты қалыпта сақтау принципін жоққа шығармайтынын айтқан болатын.  Ғалым қазақ поэзиясындағы ерікті өлең үлгілеріне талдау жасай келе былайша тұжырым жасайды: «...Қазақ поэзиясындағы ерікті өлеңнің анықтамасы қандай болмақ десек, оны белгілі бір өлшем берік сақталмайтын, алайда қалыптасқан ырғақтық өрнек-үлгілерді еркін, өзгеше қолдануға негізделетін, ұйқасы бар, сөйлемдердің синтаксистік, интонациялық құрылысы ауызша сөйлеу қалпына мейлінше жақын келетін өлең түрі деп айта аламыз»-дейді. Қазақ әдебиеттануында қалай десек те верлибр табиғаты  аз зерттелді, қазіргі қазақ верлибрінің өзіне тән сипаттары өлеңтанулық тұрғыда нақты анықтала қойған жоқ. Бұл тақырып төңірегінде дау туып жататыны да жасырын емес, сондықтан бүгінгі өлеңтанудағы өзекті мәселелердің алдыңғы қатарында аталады. Қазіргі поэзияда ерікті өлеңнің жас ақындар жасаған жаңа үлгілері үстей түсті. Қазіргі верлибрдің біздің поэзиямызға әлемдік модернист, постмодернист ақындар шығармашылығының әсері арқылы келгенінде шын мойындауға тиіспіз. Сондықтан да болар қазіргі верлибрлердің көпшілігі аударма өлең секілді әсер қалдырады. Қазақ өлеңінің топырағына әлі жерсініп, бозжусан болмысымен бітісіп кете қоймады десек те болады. Верлибрдің ырғағын тап басып тану қиын. Мұнда ырғақ тудырушы элементтер – сөйлемді өлең тармақтарына бөлшектеу және оларды ажыратушы тармақаралық кідірістер. Яғни, оның негізінде әр өлең тармағы – ерікті өлең фразасы болып айтылатын біртұтас синтаксистік бірлік жатады. Сондықтан интонация арқылы ғана өлеңнің өзіне тән ырғағын айқындап, жан-жүрегімізбен сезіне аламыз. Енді сөзіміз дәйекті болу үшін бүгінгі бірнеше ақынның өлеңдерінен мысалдар келтіріп көрейік.

Мен түсімде ажал құшыппын деймін,

Моламның үстінде жалғыз жауқазын өкситін көрінеді.

Жалғыз шыбықтан сыңсыған үнге балқимын бір сәт.

Зейнебін іздеген Көкектің даусы тыншымайды.

Мен жалғыз емеспін...

Менімен бірге жалғыз қоңыр көлеңке түнейді.

...Міне, қабірдің іші аппақ парақтарға толды.

Сенің жазған хаттарың секілді:

оқығым келмеген емес,

оқуға дәтім жетпеген хаттар... өртеніп жатты...

...Әне, атпен біреу келеді,

маза бермейді олар, ән салып өтеді.

«Бұл не, ата?», – дейді сәби былдырлап,

«Бұл  бақсының моласы...» дейді Жолаушы...

Бұл – ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың өлеңінен алынған үзінді. Бұл өлең де ұйқастан мүлде ада, қайталаулар да кездеспейді, тармақтардағы орын тәртібі де ауытқымаған. Сонысымен өлеңге прозалық сипат беріп тұр. «Сонда мұны өлең етіп тұрған не?» деген сұрақ туары сөзсіз. Әрине, қазіргі қазақ поэзиясындағы айнымалы өлшемге негізделген ерікті ырғақты өлеңдерді тосырқай қабылдап жүрген оқырман, оның үстіне осындай ұйқассыз өлең болса, тіптен қырын қарайтыны анық. Сондықтан да осы түрден азат мазмұн берген, өлшемнен тыс ой айтқан өлеңдердің  оқырман мен сыншылар сынына тап болатыны жасырын емес. Ақынның жоғарыда мысалға келтірген өлеңін бажайлай отырып байқағанымыз, өлең ырғағы дауыс толқынының еркін құбылуына негізделген. Яғни, өлең ырғағы интонация арқылы айқындалады. Дауыс толқыны шумақ ішінде кідіріс тудырады да, оған интонациялық нәр береді. Әрі кідіріс арқылы өлең ауызекі сөйлеу интонациясына жақын келеді. Біздің қазақ өлеңтану ілімінде интонация туралы құнды еңбек жазған С.Негимовтың пікіріне сүйенсек: «Интонациялық пауза, мелодия, интонациялық үдемелілік, үн жоғарылығы (диапазонная высота), интонациялық екпін, интонациялық темп, эмфазалық ұзақтық, интонациялық тембр тақылеттес құралдар тізбегі интонация құрайды» -дейді. Ендеше ақын өлеңінің көркемдік мәнерін арттыруда интонация эмоционалдық мазмұн арқалап, стилистикалық қызмет атқарып тұр. Жалпы алғанда, қазіргі қазақ поэзиясындағы ерікті өлеңдердің табиғатын айқындауда интонацияның рөлі зор екеніне көз жеткіземіз. Осы орайда орыс формализмінің белді өкілі Б.Эйхенбаумның: «Өлеңдегі техникалық құралдар мен ырғақтардың эффектілігіне сүйенбей-ақ, жетілген интонация жүйесі өлеңге мелодикалық сипат береді»  деген пікірін келтіре кеткен орынды. Өлеңде лирикалық кейіпкердің психологиясын таныту үшін қолданылған амал – түс көру. Психоаналитик Зигмунд Фрейд өзінің «Түс жору» атты еңбегінде: «Біз түстердегі айқын мазмұн мен зерттеулеріміздегі қорытындылар арасынан психикалық материалдың жаңа қабатын ұсындық. Дәлірегі: жасаған процедуралар арқылы алынған олардың латентті (жасырын) мазмұнын немесе «түс-ойларды» енгіздік. Мағынаны түстің айқын мазмұнын емес, аталмыш түс-ойлардан іздейміз, – деген тұжырым жасаған екен.  Өлеңдегі мағынаны ақын жеткізген түс-ойлардан таба аламыз. Бұл өлеңде де лирикалық кейіпкердің жалғыздық сарыны басым. Жалғыздықтан торыққан жан өзінің соңғы сапарға аттанған сәтін түс-оймен жеткізеді. Өлеңдегі қабір топырағына өскен жалғыз жауқазын, жалғыз шыбық та жалғыздық символы ретінде қызмет атқарып тұр. Өлеңдегі негізгі ойды арқалап тұрған – бақсының моласы. Бұл бізге таңсық ой емес. «Моласындай бақсының» деген Абай күрсінісінің талып жеткен жаңғырығы іспеттес.  Ақын бақсының моласы арқылы лирикалық кейіпкердің түнекте немесе «қоңыр көлеңке» тасасында қалған жанының жалғыздығын, құсасын бейнелеп көрсетеді.

Ендеше Тоқтарәлінің тағы бір «Ұйқассыздық» деп атаған өлеңінен үзінді келтірейік.

Мына ескі сарайды құстар мекендейді.

Бөренелер ежелгі сәнін еске салғанымен,

Өрмекшінің торы өткенін шимайлап тастаған.

Кептер мен қарлығаштың қауырсындары

Дөдегелердің қуысынан жерге түседі.

Оларды жел баяу қалқытып,

Белгісіз қиырларға ұзатып салуды шешкендей.

...Көзіңе жас алма, інім, кері қайталық.

Анамыз алыс сапарға шықсаңдар,

Арттарыңа бұрылмаңдар  дейтін.

Бұл ұғым өшпестей мөрленген.

Біз туған үйдің

Біз тұрған үйден әлдеқайда ыстық екенін сезбейді қазір ешкім,

және ешкім біздің әулет тарихын баяндап бере алмайды.

Ол –  тек біздің шежіре, көкірегімізге жерленген…

Өлеңді композициялық тұрғыдан екі бөлімге бөлуге болады. Біріншісінде ескі сарайдың аңғал-саңғал бейнесі ақын көзімен сипатталады. Екінші бөлім лирикалық кейіпкердің жүрегіне жерленген ескі сарай – қара шаңыраққа деген ыстық сезіммен түйінделеді. «Мына ескі сарайды құстар мекендейді» деп басталатын бірінші  бөлімде иесіз қалған үйдің сұрғылт тартқан бейнесі көз алдыңа келеді. Құлағыңа еден тақтайының сықырлағаны естілетіндей. Тіпті, жон арқаңды белгісіз бір үрей шымырлататын секілді. Саңғырыққа толы босаға  мен қираған пеш жаныңды қамырықтырады. Туған үйдің босағасы мен ошағын қадір тұтқан қазақ үшін бұл – ең мұңлы, шерлі көрініс. Майланбаған босаға мен оты сөнген ошақ арқылы ақын көптеген қара шаңырақтың тағдырын, қала берді тұтас ұлт шаңырағының халін астарлап жеткізген деген ой түйеміз. Өлеңде қайталанып келетін ырғақтық-интонациялық біркелкілік жоқ. Тармақтардың аяққы бунақтарындағы буын сандарының әртүрлілігі де, ұйқасының болмауы да прозалық сипатын одан сайын күшейтеді. Жүйелі ырғақ тезіне салынбаған синтаксистік құрылымдар логикалық екпінмен ғана тармақтарға жіктеліп отырады, ал тармақтардың ырғақтық қызметіне қарағанда кескіндік қызметі басым.  Сондықтан өлең ырғағы өте жұтаң, интонациялық әсері де әлсіз. Тек соңғы шумақтағы «мөрленген», «жерленген» деген сөздердің ұйқасуы ғана өлеңге ырғақтық сипат береді. Бүгінгі орыс поэзиясын зерттеуші ғалым Н. Азарова: «Верлибрді ырғағы жоқ өлеңдер деу дұрыс емес: ырғақсыз өлең болмайды. Верлибрдің ырғағы оқырман алдын ала біліп отыратын қандай да бір сызбаға негізделмейді, буын құрамына, екпіннің түсуіне, өлең тармағының басқа да дыбыстық қасиеттеріне және шумақтағы өлең жолдарымен байланысына қарай қалыптасады. Өлшемнен басқа, верлибрде тұрақты ұйқас жоқ — себебі ұйқас тек дыбыстық сәйкестік қана емес, өлшем элементі: өлеңде ол бар болса, барлық тармақтарда тұрақты бір «нәрсенің» болғаны», – деген пікір айтады. Осы пікірге сүйеніп, Тоқтарәлі Таңжарықтың жоғарыда келтірілген өлеңін ырғақсыз демедік, өлеңде синтаксистік жүйе сақтала отырып, тармақтардың мағыналық ерекшелігіне қарай интонация әлсіз болса да ырғақты сезіндіруге қызмет етеді. Енді тағы бір екінші ақынға қарай ойысайық. Төмендегі жас ақын Файзулла Төлтайдың өлеңінен келтірілген үзіндімізден байқағанымыз, шумақ поэтикалық тұтас ойды беріп тұрғанымен, өлеңнің алғашқы үш тармағы болмаса, қалған тармақтары бөлшектеуге түспей, тұтас берілген. Бұл тармақтардың әрбірін жеке интонациялық-синтаксистік бірлік деуге болады.

Кеңістік – көзім;

жер болса – көзімдегі тамшы; –

деп қазір он сефиротты қойнына жасырып ұйықтаған тәнім:

Сол тәннің ішінде шам ұстап отырғаныммен қараңғылыққа қарсы,

бәрібір ол үнді босатып жіберуге жетпейтін секілді шамам,

оның да қауқары жоқ сынды жарыққа қашар;

күн өткен сайын дәл осы күйіммен мен де бір терезе сұлбасына айналып барам,

... сен қашан қол ұшын созады екенсің, ажал?!

Өлеңнің ырғағын тудырушы негізгі элементтер – тармақішілік және тармақаралық кідірістер. Мұнда сөздерге жүктелген мағыналық салмақты белгілеп беруде кідіріс маңызды қызмет атқарып тұр. Он төрт буынды өлшемге құрылған бірнеше тармақ тірек етіп алынады да, тармақтар соңының екі буынды сөздермен аяқталуы және олардың өзара шалыс ұйқаспен үндесіп келуі тармақ соңындағы кідірісті айқындап, ырғақты сезіндіреді. Әсіресе, соңғы тармақтағы «ажал» деген қаратпа сөз бен оның тыныс белгісі терең кідіріс туғызып, эмоционалдық маңызы арта түседі. Өлеңді өлең етіп тұрған оның формасы немесе ұйқас та емес, ақын жанының үні, түйсігі десек болады. Өлеңнен діни-мистикалық ой ұшқыны аңғарылады. Каббалада айтылатын  Құдайлық танымның (он сефироттың)  жанның мекенін нұрландыра алмағандағы қапалы үнін сезінгендей боласың. Қапастағы ес құдаймен тілдесуге, шексіздікке, еркіндікке ұмтылуға қауқарсыз көрінеді. Үмітсіздік пен үрей жетегіндегі жан ажалды ғана араша көреді. «Қажыдым енді, күш бітті, мені де, өлім, әлдиле» деп тұрған Мағжанның үні талып жеткендей болады. Ақын Ұмтыл Зарыққанның өлеңдерінен де жаңа поэзияның еркіндікке деген ұмтылысын байқайсың. Ұмтыл өлеңдерінің көпшілігіне тән лейтмотив – ұлт жанындағы құса. Бірде сол құсаны жылқының жанарына тұндырса, бірде домбыраның шанағына құяды, енді бірде асқар Алтайының қойнауына жасырады. Етінен ет кескендей қиналған, ең бір қимасынан айырылғандай аһ ұрған жырлар ұлттың енді қайырылмас дәуренін жоқтағандай, сол дәуреннің таңдайда қалған дәмін аңсағандай әсер қалдырады.

Ақынның  «Құса» өлеңінен үзінді келтіріп көрейік:

Көзінің жасы көкірегінде сақардай қайнап

қара тұяғы қара жер бауырын тарпығаныменен

енді оны алыс сапарлар күтпес.

Қош енді, қайран азалы жануар

маңдайға симас,

тақымға бітпес.

Үрей мен өксікке толы шатқалдан

қиянға шаншылған дауыс, –

обалың кімге?!

Түп тамырынан қақ жүрегіне дейін қан толған көзбен

күдірейіп қарайды ол бізге.

Өлеңде белгілі бір өлшем жоқ болғанымен, мүлдем өлшемсіз дей алмаймыз. Айталық, тұтас синтаксистік бірлік логикалық кідіріске орай 1-2-3 тармақтарға бөлшектенеді. Алғашқы екі тармақ прозалық сипаты басым болып келгенімен, 3-тармақ 11 буынды өлшемге салынады да, өлең ырғағын тудырады. Одан кейінгі тармақтарда өлең ырғағына 11-10 буынды өлшемдер сабақтастығы негіз болады. Верлибрдегі өлең тармақтарының бөлінуі еркін сипатта болғанымен, ол дәстүрлі өлең өлшемдерімен тығыз байланысты екенін аңғарамыз. Сөйлеп айтылған сөздің ырқымен өлең ырғағының еркін құбылып отыруы өлеңнің интонациясын түрлендіре түседі. Сонымен қатар кезекті ұйқас пен синтаксистік параллелизмнің (маңдайға симас, тақымға бітпес) ырғақ тудырудағы қызметі айқын байқалады. Осы ретте өлеңтанушы ғалым А.Үсеннің мына бір пікірін келтіре кеткен орынды дейміз. «Верлибрде ақынға қажетті мүмкіндіктердің барлығы берілген – көпбуынды ұзын сөздер, күрделенген синтаксис, өте нәзік дауыс толқыны мен мәнері, жекелеген өлеңдердің кез-келген өлшемдік түзілісі, тропика, ұйқас, қайталаулардың барлық түрі мен параллелизмдер бар» дейді. Поэзияда өлеңдері жылы қабылданған жастардың бірі – Асылан Қуанышұлы. Жас ақынның «Мәңгілік ойын» өлеңінен бір үзім үзінді келтірейік. Поэзияны ақын танымының көрінісі дейтін болсақ, бұл өлеңнен ақынның автономды танымы аңғарылады.

Жер беті – шұрқ-тесік қағаздай,

сансыз құрт шынжырдан босаған сөздер боп

түнеріп келеді

бойтұмар қажаған жүрегім тұсын бетке алып.

Ал  мен өлімге қашамын

қаңғыр жел бойтұмар-азуды көмуі үшін.

Ал  мен өлімге қашамын

баламның мойнына ала жіп оралмауы үшін.

Бәрібір

Әзірейіл жанымды суырып оң қолыменен,

Сол қолыменен құрт түскен азуды іледі ұрпағым мойнына.

Қайтадан…

мені іздеп жүріп ол да жоғалтады өзін,

не өзін таппай, не мені…

Ұрпақ әке таққан бойтұмардан басын ала қашады. Бұл бойтұмар әкелер киген құлдық қамытындай елестейді. Тағы да өлімге қарай қашады. Құлдықтан құтылудың, сол құлдық қамытын өз ұрпағына кигізбеудің жолы өлім ғана болса, лирикалық кейіпкердің жаны оған да бекіген. Бір жағынан Қорқыттың өлімнен қашқан архайкалық уілі де қосамжар елес береді. Осы бір  кез келген жанның айтуға, тіпті ойлауға еркі жете бермейтін азат сананың сөзі өзіне сай формаға салынған.  Ақын Ардақ Нұрғазының «Ақын тіршіліктің мәнін қаншалық терең сезінген сайын, өзінің шын бейнесіне соншалық жақындайды, өз рухани дүниесін соншалық терең қазбалайды, соншалық тебіренеді. Мұндай тебіреніс қашан да күрделі рухани қозғалысты тұлғалайтын күрделі өнер үлгісінің – форманың болуын қажетсінеді. Мұндай тебіреніс әсте жаттанды ұйқас пен қалыптасқан ырғақтың шеңберіне сия бермейді. Қайта ол өзінің ритміне сай  тың ырғақ пен ұйқастың болуын қажет етеді», – деген пікірі осы ойымызды тіптен қуаттай түседі.  Тұрақты өлшемге негізделмеген өлеңнің тармақтары оқырманға ақынның тынысын сезіндіріп, ырғақ дүрсілін тыңдауға жетелейді. Өлеңнің өң-бойында тұрақты қайталанбалы ырғақ жоқ, өзгеріп отырады. Верлибрлердегі ырғақтың жүйесіздігін ырғақтық құрылымның әртүрлілігімен де түсіндіреміз. Ол құрылымдағы сөздердің күрделілігімен, олардың түрлі буыннан тұратындығымен және кідірістердің болуымен  ерекшеленеді. Әр тармақтың ырғақ құрылымынан туындайтын интонация өлеңді қабылдау мен оқу кезіндегі өзіндік ерекшелігін де айқындайды. Тармақтарға бөлу кезінде туындайтын ырғақ арқылы мәтін өлеңсөз ретінде қабылданып, ал тармақтар ырғақты түрде бөлінген, мағынаның маңызды элементі ретінде танылады. Тармақтардың ырғақты түрде бөлінуі интонация мен графиканың да көмегіне жүгінеді. Сондықтан өлеңнің интонациялық-синтаксистік тұрғыдан бөлінуі әрі графикалық қызмет атқарады. Осы ретте өлеңтанушы ғалым В.Е.Холшевниковтың верлибрге қатысты айтқан мына бір тұжырымын да сөз арасында сыналай кеткеніміз жөн секілді. «Бұл – өлшемсіз өлең, мұнда интонациялық тұрғыдан дараланған өлең жолдарын тармақтау белгілі бір ережелермен реттелмейді, сондықтан мәтінді графикалық түрде бөлудің маңызы зор» дейді.

Ал ғалым З.Ахметовтың анықтамасында ерікті өлшеммен, яғни  өлең өлшемі берік сақталмай жазылған өлеңдер верлибр аталғанын жоғарыда айттық. Сондай-ақ ғалым бұл өлеңдерге «ұйқасы бар» деген сипаттама берген болса, қазіргі ерікті өлеңдердің ұйқассыз да жазылары анық. Бүгінгі поэзияда дәстүрлі өлең өлшеміндегі өлеңдермен қатар, верлибрлер белсенді қолданысқа енді. Оларда ырғақтық бірліктерден гөрі, синтаксистік бірліктердің маңызы үлкен. Өлшемсіз еркін өлеңдер бунақтармен өлшенетін ырғақтық жүйе аясынан шығып,  синтаксистік құрылымдармен өлшенеді.  Бұл қазіргі қазақ верлибрлеріне өлең жүйесі ретінде анықтама беріп қоймай, өзіндік ерекшелігін айқындау мәселесін де алға қойып отыр.  Әйгілі ақын, Төлеужан Ысмайыловтың «Он бір буын омыртқаң кетсін сынып» дегені, кеудесіне құйылып келген алапат ойдың ұйқас пен буынға түсіп әбден берекеті кететінін,  қалаберді таптауырын тәсілден қашқан тәуелсіз түсінігі болар…

                                                                                                                                                                                                                                                                                                   (жалғасы бар...)

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар