Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қазақ жырының жезкиігі

31.01.2017 1472

Қазақ жырының жезкиігі

 

 Тереңнен тамыр тартқан қасиетті  Қызылжар өңірі  сайдың тасындай  небір  саңлақтар  мен сайыпқырандарды,  тарлан таланттарды  өмірге  әкелген қасиетті мекен. Солардың бірі, әрі бірегейі  ұлы перзенттерін  тұла бойына  құндақтаған  Қызылжардың, ерке Есілдің саф ауасын құмарлана жұтып, құнарлы топырағын басып,  қатардағы кеншіден көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері  дәрежесіне дейін  көтерілген қазақтың  арда ұлдарының бірі Кәкімбек Салықов екендігі талассыз шындық. Көзі тірісінде “қазақ жырының жампозы”, “қазақ поэзиясының жезкиігі”  атанған  ұлы тұлғаның тау алыстаған сайын биіктей түсетініндей  ақындық, қайраткерлік тұлғасы, тың көзқарасы мен биік ұстанымы  уақыт жылжып, жылдар зымыраған сайын жаңа қырынан ашылары сөзсіз. Кәкімбек Салықов  ірі лауазымдық қызметтер мен ақындық шабытты “қос қанат қағысындай, қос жүйрік жарысындай” тең ұстады,  қазақ  өлеңінің көшелі көшінде ойып тұрып орын алды,  поэзияның  жарық жұлдыздарының біріне айналды. Білімі мен  сан қырлы тәжірибесін, ұйымдастырушылық кемел қарым-қабілетін тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдени, рухани серпілуіне арнаумен қатар, қолынан қаламы түскенше  дала табиғаты мен адамның ішкі үндестігін  еш ақынға  ұқсамайтын өзгеше рухта жырлап өтті.  «Аққу жеткен», «Бір ауыз сөз», «Аңсау», «Адамдар, аққуларды атпаңдаршы», «Сарыарқа», «Дүниеде мені сүйген бір адам бар» секілді адамның сезімін қозғайтын, жүрек қылын шертетін  лирикалық жырлары,  оларға жазылған әндері күллі қазаққа ортақ дара тұлғаның  ғажап талант иесі екендігін айғақтайды.  Осылардың ішінде ең өзгешесі  оны өмірге ғашық еткен сұлулық символдарының бірі – жезкиік. Ендеше, осынша өлшеусіз еңбектердің иесіне деген туған өлкесі  Қызылжар жұртшылығының алғаусыз құрметі заңдылық емес пе? Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өткен “Ұлт үшін Ұлытаудай Ұлы қазақ” атты әдеби-сазды кеште асқақ ақынның  туған өлкеге деген сағынышын  жезкиігінен, аққуынан, ақ маралынан таныған өнер, өлеңсүйер жұртшылықтың  бастары бір арнаға  тоғысты. Осынау жиынға  Кәкімбек Салықовтың ұлы – Ерлан Салықов, немересі – Динара Салықова, туыстары – Төлеу Әділ мен Нұрғазы Барақаев, есімдері елімізге мәлім өнер қайраткерлері арнайы шақырылып,  өңіріміздегі руханият жанашырлары,  зиялы қауым өкілдері  қатысты. 

 

 Облыстық әкімдіктің тікелей қолдауымен  тілдерді дамыту жөніндегі, мәдениет, мұрағаттар  және құжаттама  басқармаларының мамандары  әдебиетке әуес жұртшылықтың  жан сусарын қандырған  жиынды өз дәрежесінде өткізе білді. Облысымыздың мәдени өмірінде  соны әрі бірегей жаңалық болып қалатын бұл шараның  алғашқы рәсімі өңір басшысы  Ерік Сұлтановтың республикалық алқалы басқосуға арнайы келген меймандарды қабылдаудан басталды.

 Содан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жиналғандарды  өңір  өміріндегі айтулы, мәдени оқиғамен құттықтап, үлкен өмір мектебінен өткен танымал тұлғаның, халық қамқоршысының ел жанашырының, бір сөзбен айтқанда, өлеңді мәңгілік мұрат еткен ірі талант иесінің  өнегеге толы өмір, қызмет жолын сабақтай келе:

 –  Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, біртуар тұлға, Кәкімбек Салықовтың солтүстікқазақстандықтар үшін орны ерекше. Ол барлық білімі мен тәжірибесін, қажыр-қайратын туған елі мен халқының игілігіне арнады. Ағамыз елі мен жерінің шын патриоты болды. Үлкен әріппен жазылатын адам, азамат, қайраткер, қоғамдық қызмет иесі Кәкімбек Салықовтың өмірі мен еңбегі – оның өлеңдерінде. Ол өз заманының ұлы сипаттарын сезіне білді. Нәзік те  сыршыл ақындық жүрегінен халқы сүйіп оқитын талай-талай жыр кітаптары мен өлең жолдары туды. Өлеңдері орыс, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылды. Ағамыз қазақ ортасына орыс халқының  А. Пушкин, В. Маяковский, Ю. Семенов сияқты басқа да  ұлы жазушыларының шығармаларын аударды. Кәкімбек Салықов ұлттық мәдениеттің, оның ішінде қазақ әдебиетінің зор мақтанышына айналды.  Облысымыздың, Көкшетау, Жезқазған, Сәтпаев қалаларының құрметті азаматы атанған  Кәкімбек ағамыздың Есіл өңірінің киелі топырағында дүниеге келуі біз үшін әрқашан да зор мақтаныш,  – деді.

Айдарбек Сейпілұлының құттықтау сөзінен кейін  әдеби кештің шымылдығы түрілді. Әсерлі әңгімелерге, сазды әуендерге, таңғы шықтай мөлдір жырларға ұласқан  кешті облыстық филормонияның  дәстүрлі  әншісі  Біржан Есжанов жүргізді.

 Мемлекет қызметімен қатар руханият саласының өрістеуіне, әдебиет әлемінің дамуына  толағай істер тындырған көрнекті қайраткердің есімі өскелең ұрпақтың жадында сақталады.

Айтыс өнерінің ақтаңгері, филология ғылымдарының доктары, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  профессоры Аманжол Әлтаевтың Кәкімбек Салықовқа арнауы жиналғандар жүрегін елжіретіп, әсем әуеннің  тұңғиығына  жетеледі.

 “Туған жер дейді ұлына тірегіңмін,

 Мерейін көтерейін дүр еліңнің.

 Солтүстіктің ел-жұрты,  жүздеріңнен,

 Лүпілін сезгендеймін жүрегіңнің.

 Жұмақтың да төрінен орын алсын,

 Төрінде жүрген қазақ Кремльдің.

 Болады әр ақынның өз биігі,

 Мен айтқан асқақ оймен сөз түйіні.

 Перзентін есіне алып елжіресін,

 Кең дала Сарыарқамның кермиығы.

 Халық барда ешқашан ұмытылмас,

 Қазақтың өлеңінің жезкиігі  немесе

 Ардақтап Кәкімбектей байрақты ерді,

 Жырлады ол туған жерді, аймақ, көлді.

 Сәкен мен Мағжан жүрген жыр жайлауға,

 Кәкімбек те күмбірлеп сайрап келді.

 Өлгенше өзегінен өлең өріп,

 Өмірге жыр қазаны қайнап келді.

 Қазағым күнде тумас Кәкімбектей,

Қаныштың ізін басқан қайраткерді, – деген отты шумақтары жырсүйер жұртшылықты  тамсантты, тебірентті.

 Қазақтың кең сахарасын жезгиік жыр болып шарлаған Кәкімбек Салықовтың өміршең өлеңдері қыран қанатты әнге айналып қана қоймай, ұлт руханиятына тыңнан қосылған мөлдір бұлақтай болды.  Ағамыздың ақ батасын алған әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қапаш Құлышева орындаған “Аңсау”, “Жезкиік”,  “Қалдырған” әндері көкірегі ояу көрермендердің көкейіне дөп құйылып жатты. 

  Кәкімбек Салықовтың әуезді  әндері  тыңдаушының ой сезімін ұштап, қиялға қанат бітіртеді.  Махаббат, сағыныш, парасат секілді адам бойындағы, әсілінде жәй адамның ғана емес-ау, нағыз тұлғаның  болмысына ғана лайықты  ұлы сезімдер құс болып қанат қағып, көңіл айдынына қонып жатады.  Әйгілі әнге айналған өлеңдерінде ақынның жан сыры, жүрек лүпілі сайрап тұр. Оны Кәкімбек ағаның алпыстан астам өлеңдеріне ән жазған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жағыпар Әлімханов орындаған “Сағындым мен сені” күйінен,  дәстүрлі әнші Ғалымжан Нұрпейісов нақышына келтіріп шырқаған “Аққу жеткен”, Әміре Қашаубаев атындағы республикалық байқаудың бас жүлдегері Сәкен Әлімханов толқыта айтқан “Аққулар арманы” әндерінен сезінгендей болдық. Көрермен қауым ерекше ынтамен, ықыласпен  тыңдады.

Жиын  барысында ақын жай­лы деректі фильм көрсетілді. С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкерлері “Қазақ поэзиясының жезкиігі” атты кітап  көрмесін  ұйымдастырды.

 Халықаралық “Шабыт” шығармашыл жастар фестивалінің “Әдебиет” аталымы бойынша жүлдегері Ерлан Жүністің

“Бір ақын бар көрмесең де көргендей,

 Бір ақын бар көрмегендей көрсең де.

 Бір ақын бар өлмесе де өлгендей,

 Бір ақын бар өлмегендей өлсе де.

 Кемел ой мен көркем сөздің кенішін,

 Қазған ақын, қазған ақын тұңғиық.

 Қазынасы – қара өлеңі ел үшін,

 Қазынасы – кісілігі бір биік.

 Сол бір сөзбен өмір мәнін ұқтырып,

 Сол бір сөзбен қаққан ойдың қанатын.

 Жезкиіктің жанарындай тұп-тұнық,

 Жүрегімен елін сүйген сол ақын,  – деген кестелі шумақтармен өрілген өлеңі  әдеби кештің ажарын одан сайын арттыра түсті.

Нұргүл Оқашева



Лебіздер

 Халқымыздың тарихында ел басқара жүріп қолына қалам ұстаған тұлғалар аз емес. Мәселен, әрісін айтпағанда, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз  бабаларымыз елді жаудың өтінен қорғай жүріп, руханияттан  да алшақтамаған. Жер қойнауындағы асыл байлықтармен қатар сөз құдіретінің кенішін қазған  Кәкімбек Салықов – барша  қазаққа ортақ тұлға. Қазақ  әдебиетінің биігінде тұрған классик жазушылардың  шығармашылық кештерін көп жүргіздім. Сондай бір алқалы жиынға Кәкімбек ағамыз кіріп келгенде бейнебір өнер, ән  әлемі жарқ еткендей  әсер қалдыратын. Жұртына сұлулықтың символы – жезкиік ретінде  танылған қайраткерге арналған жиын өте жоғары деңгейде өтті.  Кәкең  саяси әлеуметтік кеңістікте ғана емес өлең өлкесінде үлкен із қалдырған ғажап адам.

 Жанарбек ӘШІМЖАН, Қазақстан

Республикасы Жазушылар одағы

төрағасының орынбасары.


Менің  қазақтың біртуар ұлы Кәкімбек Салықовпен таныстығым 1976 жылдары басталды. Ол кезде жиырмаға толмаған жаз қызбын. Ән әлеміне құмартып жүргенімді байқаған Кәкең  талантымды, дарынымды үнемі қолдап,  үлкен сахналарда өнер көрсетуіме  жағдай жасады. Талабымды шыңдады, жолымды ашты. Ол жиырма бес жыл бойы  Жезқазған өңірінде қызмет етті. Одан өзге Қарағанды, Көкшетау қалаларында  жауапты қызметтер атқарды.  Осындай үлкен дәрежедегі кештің  ең алғаш рет  өзінің туған өлкесі – Қызылжар өңірінде өткізілуі ғанибет. Солтүстік Қазақстан облысының мәдени өміріне  шын жанашыр басшыларыңыз  Ерік Хамзаұлы Сұлтановқа, өзге де ұлт жанашырларына алғысым шексіз. “Елдің шетінде желдің өтінде” орналасса да сөз өнерін, әдебиет әлемін қастерлеген қызылжарлдықтар барда К.  Салдықтың есімі халық жадында мәңгілік сақталады.

 Қапаш ҚҰЛЫШЕВА,

 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.


  Елбасының «Кәкімбек Салықов аққушыл, гәккушіл ақын, оның «Жезкиігі» – өміріміздің поэзиялық көрінісі, кеңестік кезеңдегі тылсым тірлікті толғандыра білді», деп жоғары баға беруі талассыз шындық.  Кәкеңнің ақылы, абырой-беделі мен өмірлік тәжірибесі  маған, замандастарыма үлгі болды.  Оған енді кіршіксіз ақ пейілін, адами тазалығын, ақындық ұшқыр дарынын қосыңыз. Қысқасы, Кәкең маған ақылшы аға ғана емес, жанашыр дос болды. Оның алты жүзге жуық әні болса, тыңдарманның жүрегіне жетпеген туындылары қаншама?  Сондай әсем әуездерінің он шақтысын мен айтып жүрмін. Алдағы уақытта Кәкеңнің өміріндей болған әндерін жұртшылыққа таныстыру мақсатында Алматыда үлкен шығармашылық кеш беруді жоспарлап отырмыз. Бұл жиын  арқылы қазақ жырының жампозы атанған Кәкімбек ағамыздың шығармашылық қырын тағы да ашпақпыз.

 Серік ОСПАНОВ,

 дәстүрлі әнші, Қазақстан

 Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: әдебиет, жезкиік, жыр, Кәкімбек, Салықов, Қазақ
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар