Ясунари Кавабата. Аригато
Бөлісу:
Биыл тауда күз ғажап тұрды, құрма да молынан шықты.
Түбектің оңтүстік тірегіндегі шағын айлақ. Арзан тәттілер сататын дүкеншік жанында орналасқан автостанцияның екінші қабатынан, үстіне күлгін жағалы сары китель киген шофер төменге түсіп келеді. Сыртта радиаторы үстінде жалауша қадалған үлкен қызыл рейстік автобус тұр.
Станция жанында қолына жұқа пакет ұстаған, ішінде арзан карамель кәмпиттері болуы мүмкін, егде жастағы әйел тұр, жанында жас қыз.
Жүргізушінің мұқият бауы буылған аяқ киімінен көзін алмай, одан соң басын көтерген әйел:
- Сонымен, бүгін машинаны жүргізу сіздің кезегіңіз екен ғой, Аригато-сан? ( Әдепті жүргізуші қандай жағдай болмасын, әрдайым «Рахмет» айтатын, оны округте еркелетіп Аригато-сан, яғни «Рахмет Мырза» деп атап кеткен еді). Бұл жақсылықтың нышаны. Егер бізді сіз апаратын болсаңыз, менің қызымның да жолы болып қалар.
Жүргізуші қызға үнсіз қарады.
- Енді кейінге қалдыруға болмайды, - деп сөзін жалғастырды әйел. –Созыла беруі мүмкін. Оның үстіне қыста жақын. Ал суықта оны сонау алысқа апару маған да аянышты. Әйтеуір апаратын болғасын, ауа- райы әлі жақсы тұрғанда апарайын. Содан бүгін жолға шыққаным.
Жүргізуші үнсіз басын изеп, нық солдат жүрісімен автобусқа қарай бет алды.
- Апай, алдыңғы орынға отырыңыз. Мұнда сізді шайқалтпайды, жол болса алыс, – деді жүргізуші.
Әйел қызын осыдан алпыс шақырым жердегі басқа қалаларды теміржолмен жалғап жатқан қалашықтағы жезөкшелер үйіне сатуға алып бара жатты.
Тау жолы тегіс емес еді. Қыз бірден жүргізушінің артына отырды, бұрылыста біресе оңға, біресе солға шайқалтқан кезде күн сәулесімен шағылысқан жүргізушінің кең иықтарын көрді. Сары китель астындағы оның арқасы оған айдай әлем секілді көрінді. Қызға жүргізуші өзінің иықтарымен бұралаң жол бойында көрінген тауларды екі жаққа ысырып келе жатқандай көрінді.
Олар екі биік тау асуынан өтуі керек болатын. Автобус арбаға жете бергенде ат айдаушы арбасын жол жиегіне бұрды.
- Аригато! – деп сыңғырлаған дауысымен тоқылдақтай қайта қайта басын изеп, алғыс білдірді жүргізуші.
Кейін үлкен жүк арбасы көлікке жол берді.
- Аригато!
Артынан жолда бара жатқан рикша арбасы жиекке ысырылды.
Аригато!
Одан соң салт атты жолды бөгемеді.
-Аригато!
Егер ол он бес минуттық жол үстінде отыз арба кездессе де, жүргізуші отыз рет «рахмет» айтып қайталаған болар еді. Жүргізуші төрт жүз шақырым жер жүрсе де, ол осынау әдептілігінен айнымаған болар еді. Бұл оның мәңгі жасыл ағашының түзулігіндей табиғи болмысы еді.
Айлақтан шыққаннан бері үш сағаттан астам уақыт өтті. Жүргізуші түнде фараларын жақты. Арба немесе салт аттылар кездескен сайын бірден фараларды сөндіріп, басын изеп, алғыс білдіретін.
Алпыс шақырым жол бойындағы жүк тасушылар, арбакештер, салт аттылар оны ең кішіпейіл, әдепті жүргізуші дейтін.
Шешесі мен қызы түн батқанда станцияға жетті, автобустан түскен кезде, қыздың денесі қалшылдап, аяқтары дірілдеп, басы айналды.
– Бір минут күте тұршы, - деп қызына бұрыла сөйлеген шешесі жүргізушінің артынан жүгірді.
- Тыңдаңызшы, - деді шешесі жүргізушіге - Менің қызым сізге ғашық болып қалдым дейді. Таңырқайтын ештеңе жоқ! Кез-келген қала ханшайымы сізбен бірге отыз-қырық шақырым жүрсе, сөзсіз ғашық болар еді. Ал, бейшара шаруа қызынан не күтесіз, түсінікті емес пе!... Мен сізден өтінемін.... Аяғыңызға жығылайын.... Ертеңнен бастап менің қызым өмірінде бұрын-соңды көрмеген желбастылар мен нәпсіқұмарлардың ермегіне айналады....
Келесі күні жолаушылар қонатын тозығы жеткен, ескі үйден ерте шыққан жүргізуші нық солдат жүрісімен автобусына бара жатты. Оның артында шешесі мен қызы ілесіп келе жатты. Күлгін жалауы бар үлкен қызыл рейстік автобус бірінші пойыздан түсетін жолаушыларды күтті. Қыз автобусқа бірінші кірді, кеуіп қалған еріндерін тіл ұшымен жалап, жүргізушінің қара былғары орындығын сүйсіне сипады. Шешесі таңғы суықтан тоңып, бүрсіп тұрды.
- Не, қызды кері алып кетеміз бе? - деді ол жүргізушіге. – Ол бүгін таңертең еңіреп жылады, сізде маған ұрыстыңыз. Маған мұндай жұмсақ болмау керек еді. Иә, жарайды. Кері қайтсақ, қайтайық. Көктемге дейін шыдауға тура келеді. Қыста, мына суықта оны апару маған да аянышты. Мейлі жылы күндер түскенше үйде отырсын, кейін көре жатармыз, басқа амал жоқ.
Бірінші пойызбен келген үш жолаушы автобусқа отырды.
Жүргізуші орнындағы төсеніш жастықты жөндеді. Оның артында отырған қыз жүргізушінің иығына тағы көз салды, ол оған өте жақын, жылы көрінді. Таңғы күзгі жел қыздың балғын жүзін сипап тұрды.
Жолда автобус арбаға жеткенде арбакеш жиекке ысырылды.
-Аригато, - деді жүргізуші.
Кейін жүк арбасы жол берді.
- Аригато!
Артынша салт атты жанынан өтті.
- Аригато!
Автобус түбектің оңтүстік шетіндегі айлаққа қайтып оралды, алпыс шақырым жол бойында, жазық далада, тау аңғарларында:
- Аригато!
- Аригато!
- Аригато! – деп жүргізуші дауысының жаңғырығы тұрды.
Биыл тауда күз ғажап тұрды, құрма да молынан шықты.
Тәржімалаған Салауат Кәрім
Бөлісу: