ХХ ғасыр басындағы білім мен мәдениетке ұмтылыс

Бөлісу:

27.11.2024 817

ХХ ғасырдың басында қазақ даласында жүрілген ауқымды жаппай іс-қимылдың бірі - елді жаңаша білімге, мәдениетке баулу, сауатсыздықты жою болды.

Қазақ даласы – Еуразияның кіндігі. Батыс пен Шығыстың арасын байланыстырып жатқан аса маңызды өлке. Ұлы Жібек жолының үлкен бір тармағы ұланғайыр қазақ даласымен өткен. Еділ, Шыңғыс, Әмір Темір т.б. жаһанды жаулаушылардың жорықтарына да, олар мен ұрпақтары құрған алып империялардың айбат-айбынына дем берген де осы Ұлы Даланың тұрғындары болғанына тарих куә. Керей мен Жәнібек сұлтандар негізін қалған Қазақ хандығының төрт ғасырлық дәуірлеуінен кейін «күш кеміп, айбынды туы құлаған», «өксігіңді ойласам – ұйқы беріп, қайғы алам» дейтін шерлі заманға тап келген Ұлы Даланың көшпелі байырғы тұрғындары ХХ ғасырдың басында күллі әлемде, оның ішінде Ресейде жүрілген қым-қуыт өзгерістерден: төңкерістер мен соғыстардан, жаңару-жаңғыртулардан тыс қала алмасы анық болатын.

«Тәуелсіздіктен де айырылуға болады, бірақ білім алу мүмкіндігінен ешқашан айырылуға болмайды» деген қытай даналығының мән-мағынасы тереңде. ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ әлеміне осы бір қағидаттың аса қатыстылығын көреміз.

Мыңжылдықтар, жүзжылдықтар жүзінде Еуразияның түкпір-түкпіріндегі отырықшы жұрттың жүрегін қорқынышқа толтырып, зәре-құтын алған ат тұяғының дүбірін ендігі жерде техника моторының гүрілі басты. «Ай, қап!» - деген мәтқапы қалыппен «ұйқы басқан қабағын, бастыра киген тымағын» елін сары масадай ызыңдап оятуды көздеген ұлт зиялылары заманымен үндесе отырып, білім-ғылым жолына бастады, үлгі-өнеге көрсетті. Әлемдік даму үрдісіне сәйкес ХХ ғасырдың басында Ресейде жүзеге асқан мәдени, рухани өзгеріс, жаңалықтардан қазақ даласы да игіліктеніп жатты. Қазақ даласының әр түкпірінде мектептер көптеп ашылып, оларда оқитын шәкірттердің саны арта түсті. Оларды бітіріп шыққан оқушылар Санкт-Петербург, Мәскеу, Омбы, Қазан, Томск т.б. қалаларындағы беделді жоғары оқу орындарына түсіп бітіріп шықты. Бұл шәкірттер қазақ даласына озық мәдениеттің шамын жақты. Мысалы: Томск технология институтының түлегі, ағылшын, француз, итальян және парсы тілдерін еркін меңгерген ұлт зиялысы Әлімхан Ермеков туған өлкесінде мектеп, техникум ашады. 1920 жылы В.И.Лениннің басқаруымен өткен Халық комиссарлары съезінде баяндама жастап, нақты дәлелдермен дәйектей отырып, қазақ жерінің тұтастығын қорғайды. Нәтижесінде 26 тамызы күні Қырғыз (Қазақ) Автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөніндегі Декрет жарияланғаны тарихқа аян. Бұл – бір ғана ұлт зиялысының халқына қызметі.

Ұлт зиялылары ХХ ғасырдың басындағы Патшалық Ресей тұсында да, Кеңес Одағы мемлекетінің алғашқы құрылу жылдарында да қазақ халқын білім мен ғылымға, мәдениетке ұмтылдыруға үлкен күш салды. Ол үшін мемлекет саясатының жағымды тұстарын мейлінше пайдалана білді.

1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Қазақстанда жаппай сауатсыздықты жою мен халық ағарту ісін дамыту – мәдени өзгерістердің басты бағыты болды. Халықтың басым көпшілігі оқи да, жаза да алмайтын еді, миллиондаған балалар мектепке бармады, оқу орындары мен педагогикалық кадрлардың аса тапшылығы байқалды. Сондықтан большевиктер халық ағарту саласында кешенді және батыл шараларға кіріскен кезде, қос мақсатқа бірдей жетуді: біріншіден, қарапайым адамдардың ықпалы мен сеніміне кіру; екіншіден, бұқара халықтың санасына маркстік-лениндік идеологияны сіңіруді ұйғарды» деп атап көрсетеді «Қазақстан тарихы» академиялық еңбегінде.

Осы мақсатта Қазақстанда көптеген мәдени-ағарту жұмыстары қолға алынған екен. РКФСР Халық ағарту комиссариатының 1918 жылғы 31 қазандағы «Ұлттық азшылық мектептері туралы қаулысы және В.И.Ленин 1919 жылы 26 желтоқсанда қол қойған «РКФСР халықтары арасындағы сауатсыздықты жою» декретінің халық өміріне игі әсер еткенін тарих жоққа шығармайды. Осы жылдары Қазақстанда сауатсыздықты жою кең етек алды және мұның өзі елдің жаңа заманға сай мәдениетін көтеруіне септігін тигізді.

1918 жылы көктем айында өткен Қазақстан Кеңестерінің съездері басқа да бірқатар маңызды мәселелермен бірге халыққа білім беру проблемаларын талқылады. Торғай облыстық Кеңестері съезінің қаулысында халыққа білім беру мәселесі бойынша былай делінді: «Мектеп бәріне бірдей тегін және тең болуғап тиіс.»

Сондай-ақ дәрігерлік қызмет көрсетудің кеңестік жүйесін ұйымдастыру: жаңа ауруханалар салу, ескілерін жағырту, оларды маман дәрігерлермен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету үшін Кеңестер тез арада шешуші шараларды қолдана бастады. 

Кеңестер емдеу мекемелеріне мүмкін болған көмектің бәрін жасады: мемлекет меншігіне алынған үйлердің есебінен ең жақсыларын берді, дәрі-дәрмек алу үшін оларды ең алғашқы кезекте қаржымен қамтамасыз етті, дәрігер кадрлар дайындаумен Кеңестік Ресейдің орталық аймақтарынан дәрігерлер мен басқа да мамандар жіберумен айналысты.

«1924-1925 жылдары оқу әдебиетінің – 16, 1925-1926 жылдары – 18, 1926-1927 жылдары – 44 атаулары жалпы таралымы 825 мың данамен басылып шыққан. Осылайша мемлекет тарапынан қолдау мен мәдениет жанашырларының жанкешті еңбегі арқылы байырғы Ұлы Дала халқы жаңаша өмірге қадам басты.

Керім Наурызбай

Қазақстан тарихы порталы

Бөлісу:

Көп оқылғандар