«Антұрған аты құрсын Абай деген...»
Бөлісу:
«Қарамола» деген жәрмеңкеде «шербешнай» дейтін ұлықтардың төтенше бас қосуы болады①. Осы жиынға қатынасқан «Қара қылды қырыққа бөліп, әр нәрсеге өзіндей баға беретін ақылды» Абайдың әділетшілдігіне қарап тұрып жаулық ниеті қабындаған, турашылдығымен, өнерімен маңындағы елді түгел алып бара жатқан даңқынан қызғанған зорлықшыл, өкімшіл ру атқа мінерлерінің басы бір жерде қосыла кетеді де, өздері де елге ірткі салуды құлшына көздеп жүретін орыс ұлығына түрлі арыз-шағымды қаптатып жүріп, жандаралдың қолымен от көсеп, Абайды бір мұқатпақ болады. Тіпті «Абай айдалар деп те үміт қылғандар»② да шығады дейді Әуезов. Алдынан шыққан топпен жағалай танысып келе жатқан ұлық Абай алдына келгенде ұзақ аялдайды. Бұл сәт Мұхаңның романында да жан-жақтылы суреттелген. Бірақ «...құлшынып, жазалаймын деп келіп,.. мәдениетті түрде өзімен тең сөйлесетін Абайды көргенде, еріксіз құралынан айрылып қалады»③ – Абайдың десі басып кетеді. Абай тең сөйлескен. Ұлы жазушы өте маңызды дерек айтады. Тең сөйлесіп ғана қоймаған, Абай өзін сол жандаралдан үстем сезінгені кәдіксіз еді. Бұл күтпеген жеңіліс ел жуандарының кегіне кек жамағаны да сөзсіз.
Содан кейін, 1897 жылғы әйгілі «Мұқыр сайлауында» «Ел бұзылып, шайтан өрмек құрған, періште төменшіктеп қайғы жеген» бір қаралы күн болған – Оразбай, Жиренше, Күнту, Әбендер тобы үлкен ұятсыздыққа барады – Әбен ерткен жігіттер түскен үйінде «...қаперсіз отырған Абайға жабылып кетеді»④ де, Абайға қол тиеді (Шын мәнісінде, Абайға таяқ тимеген де сиақты, «...Сопының Уәйісі деген кісі аналар қамшы сілтей бергенде... таяқтан Абайды қорғап, қамшының астына өзі құлайды»⑤). Жарықтық Абай қатты түңіледі, былықтың кімдерден шыққанын білгеннен кейін, «кетем!» дейді. «Қасына бір ғана жігітті ала, күнбатысқа беттеп қашады»⑥, Ысқақ бастаған кісілер шылбырына оралып, жабысып жүріп әрең қайтарыпты. Арада 100 жылдан астам уақыт жатса да, біздің өзіміздің қанымызды басымызға шаптырып отырған осы қорлық сол кездегі Абайға тілектес елді қатты дүрліктіреді, «елдің Абай үшін күйзелген жігітінің бәрі тегіс атқа мінеді. Жарым жұрт жол тосып, Оразбайды ұстап алып, өлтірмек те болады»⑦. Алайда, Абай тиып тастайды. Өзі сол күні көрген елдің болашағына деген үміті тұманды болса да, әділеттің әманда жеңіп шығатынынан үміткер Абай, «Бір құдайдан басқаның бәрі өзгеретінін», айнығыш екенін ерте таныған Абай көз алдағы шолақ ашудың ұшығымен бітіспес кекке мұрындық болғысы келмейді. Жалған дүниені, «заманы илеген» адамды ол баяғыда кешірген. Тек аналар кешіре алмаған. Абайдың бойындағы салмағы кейінгі ғасырларды да ыңырантып тұрған ұлы сезімдер ондай қан тілеген мезеттік жеңістің алдамшы дәміне бой ұра қояр ма екен?
Екі көзі қарауытып, там сүзуге айналған елге ес болатын біреу жаратқанға да керек. Абайдың жеңісін осы тұрғыдан бағаласақ, оның барлық ұтысына үлкен кісінің өзі себеп болғаны анық еді. Қарамаққа сүйекке таңба түсірген жаңағы оқиғадан Абай жаулары ешқандай марқадам таппапты. Елдің алдында қарабет болып, бас көтере алмай қалған ұқсайды. Сірә, Абай адамзатқа, жүйеден қазақ әлеуметіне, Лушүн айтатындай, әуелде «Өте төмен бағада болмаған». Атамыз бұл оқиғадан кейін қатты түңілсе, «нәфсі шайтанды» осынша еркінсіткен, бостандығын аяққа таптап, жұртының құт-берекесіне, қасиетті кісілік тұрғысына түкірген отарлық қыспақтан, оның барған сайын қомақтанып келе жатқан қара бұлтынан түңілген, әулиелік тазалықпен жиіркенген, өлмей тұрып беті ары қарап кеткен.
Біздің елдің басындағы барлық игілік – Абайы бар елге Тәңірден келген игілік. Абайды түсіну, Абайдың ойы мен парасатты пайымына иілу – зиялылық.
«Оразбай, Жиренше екеуінің де жасы Абайдан үлкен еді. Екеуі де бері келіп, Абайдан кейін өледі... Абайдың бірде-бір өлеңін жадына алып ұққан, қадірлеген кісілер емес»⑧. Әуезов оларды өз көзімен көрген сияқты. Осы сөзінде кейіспен қатар таңдану да бар. бір заманда жасап тұрып, бір ауыз өлеңін білмеу – шынында, артық тасырлық. Сондықтан, бұларды жеңу өз кезінде Абайға қызық болмаған сыңайлы. Абайдан бұрын ашылған, Абайдан кейінгі инсанаттың ақиқатшыл ойшылдары таныған әлемдік масштабтағы ойларға ұлы ақын соңғы көшпенділер қоғамының етегінде, тұйық сахарада отырып жеткен. Өз жолымен жеткен. Нағыз ерлікті бағалау, биік өнерді сүю, ойлы кеңеске, сұхбатқа құлақ қою, шәкірттерінің адамдық келбетіне қатаң талаппен қарау, сәл бір әділетсіздіктен жиіркеніп және оған сол сәтінде тура шешім қабылдай алу – мұның бәрі Абайдың басында бар істер. Пенде баласы дегенмен, Абайдың өзге жұрттан артық жаңашылдығы болған. Барлық өзгеріс атаулыны бағалаған. Жаңа өмірге жетуді, жаңа талғамға көтерілуді аңсаған. Сондықтан, осы оқиға ауыл арасындағы төбелестей құнсыз көрінген де, одан ары кек қуудан бойын аулақ ұстаған. Жүрегі ақиқатқа берілген, мейірге шомған Абай, тіпті, соңғы кездерде бұрынғы - жас күніндегі қатал үкімшілдігіне мүлде керағар мінез де көрсетеді: Абай марқұм, өр Абай, «ақыл мен айлаға бірдей шырақ жаққан» пенде Абай Есіргеп деген кісіден түйе сұратса, бермей қойыпты, соған өзі: «Тәңірберді түйе сұратып жіберсе, түйем жоқ деп айта алмас еді. Бұл түйемді бермегеніме Абай ашуланбайды деп, менің мінезімнің жұмсақтығына сеніп бермеді»⑨ - деп мәз болыпты. Кішіпейілдік те, соған ұқсас басқа абзал қасиеттер де өнердің еншілі бөлігі, әрбір ұлық «меннің» өзіне лайық мінезі болады. Бізге ол өзге хакимдерден, ойшылдардан өзгеше, тіпті артық көрініп тұрады. Ұқсамайтыны рас, ұқсап жатса, ол хакиміңіз тәңірлік шындықтарға жақындаған шын хаким. Абай олармен түп иенің жанында ғана түйіседі.
Ел ішінде Оразбайдың да беделі зор болған. Әйтседе, Абайды көріп тұрып, Оразбайды сыйлау – бір ғана ақиқатты – мына дүниеде есті адамдардың аз болатынын білдірсе керек. Қазір де тура істің көпе-көрнеу бұрмаланатынын, дұрыстықтың уақытында өзін ақтай алмай қалатынын байқап жүрміз. Соның бәрі тар заманда, елдігі төмен жұртта, өркениеті тепкіге ұшыраған ортада әрқандай игіліктің өз сорымен өмірге келетінінен. Ондай ортада бойы жұрттан озған кез келген алғабасар ой жаулық шақырады. Енді алғабасар болған соң, ізгілікке «елжіреп ерімей» (Абай), надандыққа, қараулыққа, әділетсіздікке «әу» деп дауыс көтермей тұра алмайды. Барлық қолдан жасалып жатқан «ұлылық», қолдан қалыптанған «зиялылық» жаңағы қайнары қарапайымдылықтан басталатын, сырт көзге көп сән-салтанаты жоқ шын ұлылықтың дұшпаны болмай қалсын ба? Біреуі шыдамай дұшпан болады, біреуі өзі танымаса да, шыдамағандарға еріп дұшпан болады. Біреуге нан тауып беріп отырған арамзалыққа, зорлыққа, әділетсіздікке жағаласа берген сірәда кісіге пайда әкелмейді. Бірақ қарап отырып және шыдамайсың. Өтірік көлгірсіп, көңіл жықпастықпен кемді кемелден артық көрсету, «Алаштың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деу бізде салтқа айналса, осының бәріне үн-түнсіз қарап отыру әдетке енді. Бәлкім, шаршағымыз келмейтін шығар. Сізге қандықол қарақшы бол демейміз, Таласбек Әсемқұлов бір мақаласында Достоевский (ғой деймін) айтты дейтін сөз бар ғой – «Зұлымдыққа қарсы тұрмай-ақ қояйық, бірақ зұлымдықты зұлымдық деп өз атымен айтайықшы» деген тұрпатта.
Абайдың өз өлеңдерін мінеп айтқан сыншыл сөздерін көтере алмаған «Әріп қатты намыс қылып кектеніп, Абайдан есесін қайырмақ болып, «Біржан-Сара айтысын» шығарған... сонда Сара айтты қылып, Абайдағы кегін шынымен-ақ алғандай болады»⑩. Жалғыз Абайға емес, Құнанбайдың атына да ауыр сөздер кетеді. Ал, сондағы Абай туралы айтты дейтінінде мынадай тармақтар бар: «Антұрған аты құрсын Абай деген / жылатып мұсылманды талай жеген». Айтыс 1898 жылы қазанда басылып шыққаны туралы деректер кезігеді. Сонда, ақынның көзі тірісінде осы жалалы айтыстың кітап ретінде басылғаны ма? Әрине, жамандықтың аты – жамандық, бірақ қағаз бетінде жасалған жамандықтың «даңқы» әлдеқайда ұзаққа барады, осы тұрғыдан Әріптікі Оразбайдікінен ауырлау.
Ұлылыққа деген жаулық бұдан бұрын да болған, бұдан кейін де бола береді. Абайға істелген көрсоқыр қысастардың бірерін еске алып отырғанымыз – сондайлық қысастың әліге тамыр үзбегенінен. Дүние өзгерді, түске кірмеген технологиялық жаңарулар өмірге келді, Абай болжап, қамын жеген заманды («Көк тұман алдыңдағы келер заман») бастан кештік. Соның баршасын сезген көкірекке жаңағы айғай-аттанның құнсыз көрінетінінің бір сыры осында.
«Әркімнің өз Абайы бар» деген сөз айтылып жүр. Оны Абайды әр түрлі түсіну деп емес, әркім өресі жеткенше таныған өз Абайы деп қабылдаған жөн. Әйтпесе, Абай – біреу. Сол ұлы Абай. Кіндігінен тараған үрім-жұрағатынан 21-ғасырға бірнешеуі ғана әрең ілініпті. Біз оның көсем ойлары мәңгі жасайды деп, жаттанды лепеспен өзімізді өзіміз жұбатпай-ақ қояйық. Бірақ ең ұлы әрі қасиетті бір шындық – Абай қазақтың ең өскелең ұлдарының санасында, солардың жан әлемінде қалып қойды. Алғашқы қуатты қазақ интеллигенттері Семей маңына, тобықты айналасына ұйысқанын мойындамауға болмас. Бұдан кейін де біздің ең арлы ұлдарымыздың ішінде Абай жаққан шырақ жанып тұрары күмәнсіз. Оның бүкіл саналы өмірінде ұлт тарихы мен мәдениетінің бар қырынан хабар беретін сырлы да қастерлі жәйіттер жетерлік. Мейлі қалай десеңіз де, Абай ойсыздарға жұқпайды, қасиетті сөзінің шарапатын түсінген жанға ғана түсіріп тұрады. Ол ең арлы, ең өскелең тұлғалардың жан дүниесінде өмір сүреді. Абайдың өз басының шын жеңісі – осы. Қашанда терең пайымының артынан одан да терең тамыры көрініп тұрады. Кейбір ойлары бірнеше ғасырдың қортындысын бір жолда көктеп өте салады. Ал, бізде бәрін белден басып сөйлеуге бейім, танымы сәл-пәл өсе бастаса, мұндай рухани процесті өзінен бұрын ешкім бастан кешпегендей еліріп кететіндей. Жаңағы тамыр осындайда керек, ол барда, құйрығыңды басып отырасың. Ұзақты ойлайсың. Әлемнің шексіз екенін, әлі де басқа мүмкіндіктер бар екенін сезінесің.
P.S. (немесе бұрынғы қорлықтың қазіргі жалғасы)
Бұл әйелдің көшпенді дүниенің жаңа дәуірге өтер алдындағы ұлы толғағынан туған Абайдың ақиқат болмысына, өмірде болғанына күмән келтіретін қадамға қалай барғаны түсініксіз. Әулие ақын көтерілген биіктен хабардар (?) бүгінгі қазақтың ең қасиетті қара қайнарға сілекейлі ауыз малынғанда, қарап тұрғаны, осыншама «уайымсыз салғырттықтың» жұртында әлі отырғаны тіптен түсініксіз. Біз қасиетке қол сұқтырдық. Төріңе ардақтап ілген асылды Ай мен Күннің аманында аяққа таптататын заманға дөп келіптік. Абайдың мәңгілік мерейіне парапар мәңгілік соры оның өлімімен түгемеген екен. Жоғарыда айттық, пенденің бойында ұлылыққа деген жабайы өшпенділік болады. Олар сенің кісі екеніңді, «адамның баласы» екеніңді тұрысыңнан-ақ танып қояды. Осындай қатерлі, жалалы мақаланың үстінде «Абай сондай екен ғой» деп табан астында айни қалған тобырдың әжуалы кейіп-кеспірі біздің қандай да бір теңсіз қоғамға лайық, оңғақ халық екеніміздің, рухани кембағалдығымыздың көрінісі. Басқасын айтпағанда, Абайды қолдан жасауға болады деген ойдың өзі сорақы. Ол уақытта ең соңғы шаһиттық ажалының елесі де көрінбеген Әлиханның көкірегінде Абайдікіндей екі дүние қайғысы – фәни дүниеден баз кеше күңіренген қара жердей ауыр қайғы жоқ болатын. Абайды қолдан жасаған сол киелі аруақтар, әйтеу жасаған соң, тағы бірнешеуін артық жасай салуы керек еді.
Жарықтық Абай!.. «Қазақтың қатесі – Абайды сабатқанында»⑾.
Тізімбек Анашұлы,
2020-2021 ж. Алтай қаласы
Мәтіндегі дәйексөздер туралы:
«Мұхтар Әуезов шығармаларының 50 томдық толық жинағынан»:
30-том, 102-бет.
②③ 30-том, 103-бет.
④⑤ 8-том, 101-бет.
⑥ 30-том, 125-бет.
⑦ 30-том, 124-бет.
⑧ 30-том, 112-бет.
⑨ 8-том, 125-бет.
⑩ 8-том, 106-бет.
⑾ Сұраған Рахметұлының өлеңінен алынды.
Бөлісу: