Төрт кітаптың тұсауы кесілді
Бөлісу:
Кеше, наурыздың бесінде Астанада жазушы, ақын, диктор әрі сазгер Серік Әбілұлының «Шуақты өнер», «Шұғылалы өмір», «Күміс тиек» және «Құла құлын» атты төрт кітабының тұсаукесері өтті. Тұсаукесер рәсіміне Астана қаласындағы әдебиет және өнер саласының танымал тұлғалары қатысты. Іс-шара барысында Серік Әбілұлының шығармашылық жолы мен қазақ әдебиетіне қосқан өзіндік үлесі кеңінен талқыланып, көптеген пікірлер айтылды.

Кештің тізгінін ұстаған журналист Қуаныш Ілияс: «Серік он бес жасынан жалындап, жиырма жасында жырларымен танылды. Отыз жасын Шымкентте, қырық жасын көптеген еңбектерімен Алматыда қарсы алды, енді елуден асқанда тағы бір қомақты туындыларымен Астана қаласында қалың оқырманын қуантып отыр», – деп, ақынның шығармашылық өмірбаянын таныстырып өтті. Қ.Ілияс өз сөзінде: «Секең қырық-елу жасқа дейін поэзиялық, прозалық туындыларын және аудио форматындағы күй өнеріне арналған он жеті кітапты ұсынып үлгерді. Енді, міне, бүгін тағы да төрт бірдей кітаптың тұсауы кесілгелі тұр!» – деп, сазгер-қаламгердің еңбекқорлығын жан жақты таныстырды.

Ақын, ҚР Жазушылар одағы Астана филиалының басшысы Бауыржан Бабажанұлы:
«Серік Әбілұлымен осы кітаптарды баспадан шығарар алдында Астанадан Алматыға бірге сапар шегіп, көп сыр шертіскен едік. Сол сапарда Секең: «Құдай қаласа, бірнеше күнде кітаптарым жарық көріп, Астанада таныстырылымы өтеді», – деген еді. Енді міне, енді сол ойға алған мақсаты шындыққа айналып отыр. Біз сіздің қадіріңізді біліп жатырмыз ба, білмей жатырмыз ба, білмеймін. Сіздің сирек қоңыр даусыңызды біз барынша пайдаланып қалуымыз керек еді. Қазақ классиктерінің көптеген шығармалары сіздің даусыңызбен аудиожазбалары жасалуы керек деп ойлаймын», – деп тілектестігін білдірді.

Қазақтың аңыз күйшісі Секен Тұрысбеков Серік Әбілұлының шығармашылығы жайлы сырлы күйдей сөз айтты: «Серік Әбілұлының жиырма бес күйге жиырма бес поэма жазуы – бұрын-соңды болмаған жағдай. Қанша жерден күй туралы поэма жазам десең де, күйді түсініп, оның иіріміне түсе алмаса, оны қайтып жазады? Ақын менен күйшіден осы күнге дейін күйге байланысты үлкен поэма жазған - жарықтық Жәркен Бөдеш еді. “Күйді мың адам естиді, бір адам ұғады” дегендей, мұны ұғынған ұлылыққа дауа жоқ. Саған өнер дарыған! Он сегіз-он тоғыз жасыңда-ақ шығандап шыққан өнеріңнің сарқылмағанына мына жазған еңбектерің куә!» – деп, кеш иесінің «Күміс тиек» атты еңбегіне арнайы тоқталып, ризашылығын білдірді.

Ақын, ҚР Мемлекеттің сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай сазгер-ақынның шығармашылығын өлеңмен өрнектеп былай деді: «Серік Әбілұлы – әйгілі диктор Әнуарбек Байжанбаев атындағы байқаудың Гран-При жеңімпазы атанды. Сол кезде мен оның даусына тәнті болып: «Бұл жігіттің талантын радионың алтын толқынына айналдыру керек», – деп өз пікірімді айтқан едім. Сондай-ақ 2014 жылы Алматыда «Әжемнің иісі» деген Серік Әбілұлының керемет кеші өткен болатын. Сол кешті ұйымдастыруға біз де қатысқан едік. Келген халық «Қазақ концертінің» залына сыймай қалған болатын. Серіктің әншілігі, жыршылығы, даусы қандай! Халық сондай бір аяулы, әдемі кешке куә болып, рухани сусындап кетіп еді». Ақын ағасы өзі куә болған Серік Әбілұлының сол кездегі шығармашылық кешін тебірене еске алды.

Белгілі ақын, “Алаш” әдеби сыйлығының иегері Сұраған Рахметұлы Серік Әбілұлы шығармашылығы туралы тоқтала келіп: «Серік – қазақ поэзиясының ерекше көрінісі, оның қоңыр даусы – қоңыр даладан жұтқан ғажайып бояу, таудан құлаған мөлдір сылдыр іспетті», – деп, шығармашыл тұлғаның сан қырлы өнерін, әсіресе дикторлығын асқақ әуендей жоғары бағалады: «Серіктің радиодан оқыған романдарын шетел қазақтарын, соның ішінде Монғолия қазақтары радиодан жылап тыңдады. Оның оқыған қаншама прозалық туындылары әлі күнге құлағымызда жаңғырып тұрады», – деп, Серік Әбілұлының шығармашылығына, дикторлығына кеңінен тоқталып өтті.

Композитор Халық Ризабек те ақын шығармашылығына жоғары баға бере келіп: «Серік – небір керемет әндердің мәтінін жазған ақын. Өзі де досы Қайрат Жұмаханмен бірге қаншама керемет әндер шығарды», – дей келе, тағы да: «Ақын көп, бірақ әннің сөзін тауып жазатын ақын сирек, тұма жырмен елін әлдилеген Тұманбай Молдағалиевті айтпағанда, кейінгі айтулы ақын Несіпбек Айтұлы, лирик ақын Қалқаман Сариндердің қатарына Серік Әбілұлын еш қысылмай қосуға болады», – деп, ақынның ән мәтіндерін жазудағы шеберлігін атап өтті. Халық Ризабек өз сөзін: «Серіктің «Алматы», «Әжемнің иісі», «Сұлубай», «Шын жақсы көрген» әндері халықтың жүрегінде әлдеқашан орын алып, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленіп үлгірді», – деп аяқтады.

Белгілі күйші Ардаби Мәулет Серік Әбілұлының күйтануға деген үлесін бағалай келіп, былай деп пікір білдірді: «Біздің өнертану саласына, күйтану, музыкатану саласына осы төрт кітаптың ішінде «Күміс тиек» атты еңбегін Шығыс Түркістан жеріндегі күй тарихына қосылған үлкен үлес деп есептеймін. Күні кешегі Дәулет Халықұлы, Камал Мақай ақсақалға дейінгі күйшілердің өмірі мен шығармашылығына арналған бұл кітапқа шын риза болдым. Қазақ ұлттық өнер университетіндегі студенттер, магистранттар, докторанттар маған: «Арғы беттің күйшілері, өнер адамдары туралы материалдар бар ма?» – деп көп хабарласады. Бұл еңбек біздің өнертану, күйтану саласына қосылған сүбелі еңбек, сол олқылықты толтырады деп есептеймін», – деп ойын қорытындылады.

Кештің соңы ұлттық дәстүрдің өзгеше биік құрметімен қорытындыланды. Серік Әбілұлының иығына шапан жабылып, астына ат мінгізілді. Бұл – шығармашыл тұлғаның қазақ әдебиеті мен өнеріне сіңірген ерен еңбегі мен ұлт руханиятына қосқан үлесіне көрсетілген шынайы ризашылық еді. Осылайша, бұл кеш руханияттың үлгілі де ұлағатты мерекесіне айналды.
Бөлісу: