Қызылжар қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен, 17 қыркүйек күні, Қызылжар қаласы, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында «Күй – қазақтың рухы, ән – алаштың аманаты» атты музыкалық-поэтикалық кеш өтті. Әнші, күйші, жыршы және ақындардан құрам тапқан шағын шығармашылық топ, осы уақытқа дейін еліміздің бірнеше қаласында кеш беріп үлгірген. Ал бұл жолғы Қызылжар қаласында өткен кештің орыны бөлек екен. Оны кеш тізгіншісі, ақын Ұмтыл Зарыққан жоба жетекшісіне сөз бергенде аңғардық.

Жоба жетекшісі, Мемлекет және қоғам қайраткері, ICTMD Дәстүрлі музыка және би бойынша халықаралық кеңестің елшісі Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов мырза: «Талай әнші мен күйшіні туған, көптеген мемлекет және өнер қайраткерлері шыққан солтүстік өңірге келуімізге күйші Қайрат Айтбаевтың бір мақаласы себеп болды. Мақалада домбыра жасаудың хас шебері Айтбай мен осы өңірдегі айтулы күйші Нұрақайдың тағдырын тілге тиек еткен. Бір домбыраның тарихы арқылы бір ұлттың өнерінің талайлы тағдырын меңзегендей ойға қалдырады.
Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория ректоры болып тұрған кезімде еліміздің түкпір-түкпірінен дала профессорларын, дәулескер күйшілерді шақыртып айлап дәріс өткізуге жағдай жасаған едім. Олардың ішінде Мағауия Хамзин, Генерал Асқаров, Төлеген Момбеков, Сержан Шәкіратов сынды нағыз күй майталмандары болды. Ондағы бар мақсатымыз домбыраның байырғы үнін сақтау, ғасырлардан бері келе жатқан дәстүрді жалғастыру еді. Біздің қазіргі концерттік жобамыздың да басты мақсаты осы. Ойлы күйді қоңыр үнді өз аспабында насихаттау», - деп кеңінен таныстырып өтті. Осы сөзден-ақ бұл жобаның мәні мен маңызы, мазмұны мен көздеген нысанасы қандай екенін толық аңғаруға болатындай.
Сонымен, концерт шымылдығы Абылай ханның жорық жыршысы, күй бабасы – Байжігіттің «Ерке атан» күйімен ашылды. Сахнаға ҚР Мәдениет саласының үздігі, Мемлекеттік Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының солисті, шертпе күйдің шебері Қайрат Айтбаев көтерілді. Одан соң, Тәттімбет Қазанғапұлының тәтті күйлерінің бірі «Сылқылдақ» орындалды. Ізін суытпай Сүгір Әліұлы мен домбырашы Махпуза қыздың күй сайысынан туды дейтін Сүгірдің «Шалқымасы» тартылды. Қайрат Айтбаевтың орындауындағы үш күй де тыңдарманның көңілінен шыққаны сондай, жұрт қыбыр етпей тыңдап, ұзақ қол соқты.

Музыкалық-поэтикалық кештің келесі кезегінде, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Халқаралық «Мен қазақпын» мега жобасының «Терме» номинациясы бойынша гран-при иегері Күнсұлу Түрікпен жырдан шашу шашты. Күнсұлу Түрікпен әуелі Омар Шораяқұлының «Сөз сөйлейін термеден» жырын, содан соң, Шал ақын Тілеуке Құлекеұлының «Терме-насихат» жырын орындады. Шал ақынның жерлестері бабаларының бұл жырын тың әуен, жаңа сарынмен тыңдағанда таң-тамаша болып, жыршыға деген ықыластарын аямады.

Кеш тізгіншісі, ақын Ұмтыл Зарыққан ХХ ғасыр басындағы Арқа күйшілеріне жасалған қызыл империяның «Қызыл қырғыны», Аққыз күйші және оның тағдыры туралы айта келіп, көрерменге «Аққыз» атты өлеңін оқып берді. Осы өлеңнен кейін, сахнаға көтерілген күйші Қайрат Айтбаев Нұрақай күйші және оның тағдыры, жалпы солтүстік өңірдегі күйшілік мектептің жай-жапсары туралы тереңдей айта келе, көрерменге қолындағы Айтбай шебер жасаған, күйші Нұрақайдың домбырасын көрсетіп, сол домбырамен әуелі Тәттімбет Қазанғапұлының «Көкейкесті», «Сарыжайлау» күйлерін қатарынан шертіп берді.

Одан соң қазақ күй өнерінде орыны айрықша биік тұлға, репрессия құрбаны Сембек Айдосұлының «Наз қосбасарын», Сембекпен тағдырлас, Тәттімбет күйлерін жеткізуші, күйші Әбікен Хасеновтың «Қоңыр» күйін орындады. Арт-артынан шертілген төрт күй де ішкі қуаты күшті, ирім-қайрымы шұңғыл, қалтарыс-бұлтарысы көп, терең де, ойшыл күйлер. Орындалған күйлердің ауырлығына қарамастан Қызылжар жұрты демін ішіне тартып, күйді бар ынтасымен тыңдады. Күйшіні айрықша қолпаштап, сахнадан қошеметтеп шығарып салды.

Келесі кезек асқақ әнге келді. Баяғы сал-серілердің сарқыты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлі Ербол Айтбаев Зілқараның «Жиырма бесін» шырқағанда тыңдаушының мейірі қанып, аңсары ашыла түсті.

Сосын Иманжүсіптің «Сарымойын» әнін әуелете орындап тыңдарманын тәнті етті. Осыдан соң кеш жүргізушісі «ауылдың алты аузы» деп қызылжарлық жас өнерпаздарды сахнаға шақырды. Е.Серкебаев атындағы Өнер колледжының 2 курс студенті Серікқазы Исламия Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін, ҚР мәдениет саласының үздігі, талантты әнші Біржан Есжан Балуан Шолақтың «Ғалиясын» әнін шырқады.

Кештің сірге жияр соңғы бөлімінде күйші Қайрат Айтбаев қазіргі заман қазақ күйші-композиторларының бірі, биыл сексеннің сеңгіріне шығып отырған Мұхаметжан Тілеухановтың «Тағдыр-ай» күйін орындады.

Ал кешті Сәкен Сейфулинның «Көкшетау» әні негізінде шыққан, «Көксерек» фильмінде композитор Нұрғиса Тілендиев құлпырта орындаған күй ұнсқамен, жүрекке жылы, көңілге нұр құятын сазды нотамаен тәмамдады.
Осылайша тыңдаушысы келіскен, өнерпазы бабын тапқан, күй мен көрермені жолыққан, ән мен алқалы жұрты қауышқан керемет кестелі кеш өз шымылдығын жапты. Сахнаны қаумалаған жұрт, шоқ-шоқ гүл, ақтарылған ақ тілек, ыстық ықылас көмкеріп тұрды. Шын өнерден шөлін басқан Қызылжар жұрты өнерпаздарымен қимай қоштасып, ұзақ тұрды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.