Әйел теңдігі дәуірлер бедерінде

Бөлісу:

07.03.2025 1951

Адамзат қоғамында әйел затының ерлермен теңдігі – ежелден бері түрлі деңгейде көрініс тауып келе жатқан мәселе. Төрт-бес мың жылдар бұрынғы өткен вавилондықтар мен шумерліктер дәуірінен бастап, ХХІ ғасырда да белгілі деңгейде күн тәртібінен түскен емес. Біз мақаламызда осы әйел теңдігі мәселесінің қазақ топырағында әр кезеңде көрініс табуы туралы шолу жасамақпыз. 

Әйелдер құқығының заңнамалық негіздемесі

Қазіргі қоғам үшін «әйел теңдігі», «гендерлік саясат» деген саяси терминдер таңсық емес. Әйел теңдігі – кешегі коммунистер билеген дәуірдің басты ұранының бірі болды. «Гендерлік теңдік» – бүгінгі қоғамның ұстанымы. Бұдан қазақстандық қоғам да шет қалып отырған жоқ. Себебі қыз-келіншектер, жалпы әйел заты қоғамдық өміріміздің барлық саласына белсене араласып отыр. Басқару билігін, өнеркәсіпті, ауылшаруашылығын, білім беруді, ғылымды, спортты, армия, күштік құрылымдарды – барлығын да әйел затының қатысынсыз елестету мүмкін емес. Бұл – қазақстандық қоғам үшін әдепкі жағдай болғанымен, әлемнің көптеген елдерінде күні кешеге дейін, тіпті қазіргі күнге дейін сан түрлі кедергілер бар екен.

Дүниежүзілік банктің «Әйелдер, бизнес және заң 2022 жыл» атты талдау сараптамасы бойынша еңбекке жарамды жастағы шамамен 2,4 млрд. әйел экономикалық тұрғыда ерлермен тең мүмкіндікке қол жеткізе алмай отыр екен. Анығында әлемнің 178 елінде әйелдер үшін түрлі деңгейде заңнамалық кедергілер бар. Талдау көрсеткеніндей 86 елде әйелдерге жұмыс істеу бағытында әр түрлі шектеулер жасаса, 95 мемлекетте еңбек етуде ерлермен тепе-теңдікке кепілдік берілмеген.

Әлемдік көрсеткіш бойынша әйелдер өздеріне құқықтық тепе-теңдік бойынша берілетін заңнамалық мүмкіндіктердің төрттен үш бөлігін ғана иелене алады екен. Талдау нәтижесі 100 ұпайға шаққанда әлемдік меже 76,5-ті құрайды. Бұл көрсеткішті есептеп шығару үшін әйелдердің өзі тұратын мемлекеттегі жүріп-тұру бостандығы, жұмыс істеу мүмкіндігі, жалақы төлеу қалпы, некелік құқық деңгейі, ата-ана құқығы, кәсіпкерлік іс-әрекеттер, мүлікке иелік және зейнетақымен қамтамасыздықты алған.

Аталған көрсеткіштер индексі бойынша әйелдердің өз еліндегі құқықтық мүмкіндіктері көрсеткіштерін қорытындылағанда адам даму индексі жоғары Бельгия, Дания, Ирландия, Исландия, Испания, Канада, Латвия, Люксембург, Португалия, Франция және Швеция мемлекеттері 100 пайыздық шкаланы көрсеткен. Ал Еуропа мен Орталық Азия елдері 84,1 пайыз көрсеткішке ие болған. Қазақстан да осы меженің ішінде. Демек Қазақстан әйел құқығын сақтау және гендерлік теңдік бойынша әлем елдері ішінде біршама жоғары көрсеткішке ие елдердің қатарына жатады. Мұның өзі ең әуелі қазақ қоғамының әйел затына, отбасындағы орнына деген ежелден қалыптасқан құрметі мен сенімін, әрі мемлекетіміздің ұстанған зайырлы, демократиялық бағытын танытады. 

Талдау бойынша Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада, сондай-ақ Оңтүстік Азияда әйелдердің құқықтық индексі анағұрлым төмен екендігі көрсетілген. Бұлай болуының ділдік, діндік, экономикалық, өзге де қоғамдық-саяси факторларға қатысты өзіндік себептері бар. Әйел затын ардақтап, олардың құқығын шектемеген қоғам ғана алға басып, еркін даму жолына түсетініне дамыған жетекші елдердің жан-жақты жетістігі үлгі бола алады.

Қазақстан Республикасында әйелдердің құқықтық теңдігіне Конституция арқылы кепілдік берілген. ҚР Конституциясы 14-бабының 1-тармағында: «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» деп көрсетілсе, 2-тармағында: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды», - деп тиянақтай тұжырымдалған. Еліміздегі әйелдердің ерлермен тең құқығы «Қазақстан Республикасының Әйелдердің саяси құқықтары туралы конвенцияға қосылуы туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 желтоқсандағы N 18-ІІ Заңымен тиянақталған.

Ал біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1952 жылғы 20 желтоқсандағы 640 (ҮII) қарарымен қол қойып бекiтілген және 1954 жылы 7-шілдеде күшіне енген «Әйелдердiң саяси құқықтары туралы конвенцияның» 3-бабында: «Әйелдерге еркектермен тең жағдайларда қандай да болмасын кемсiтусiз қоғамдық-мемлекеттiк қызметте лауазым атқару және ұлттық заңмен белгiленген барлық қоғамдық-мемлекеттiк функцияларды орындау құқығы тиесiлi», - деп көрсетілген. Яғни қазақстандық қоғамда қазақ әйелдерінің ерлермен тең құқығы заңдармен толық кепілдендірілген.

Арғы дәуірлердегі қазақ әйелдері ерлермен тең құқылы болған

Ұлы Даланың байырғы тұрғындары қазақтар үшін әйел затының қадір-қасиеті әрдайым биік болған. Халық ертегілері мен аңыздарында, тұрмыс-салт жырларында, батырлық, ғашықтық эпостарында еркін де өр мінезді ару-қыздардың бейнесі бар. Ежелгі грек мифтеріне жауынгер амазонкалар ретінде енген мергендер, парсылардың басқыншы Кир патшасын өз қанына тұншықтырған сақтың Тұмар ханшайым, қолына найза алып жауға шапқан Гауһар, Назым, Айбике, Бопай батырлар, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында ерлігі таңбаланған Әлия, Мәншүк, Хиуаздар – Ұлы Дала аруларының бағзыдан бүгінге дейін жалғасқан ерлік дәстүрінің әр кезеңде көрініс табуы еді.

Әйгілі түркітанушы Лев Гумилев өзінің «Көне түіктер» еңбегінде түркілердің әйел затын қалай құрметтейтіндігі туралы былай деп жазады: «Түркілер әйелдерді сал-серілердей әдейі қатты құрметтейтін. Баласы үйге кіргесін әуелі шешесіне иіліп, тәжім еткен, содан кейін барып әкесіне сәлем берген. Орхон жазуында да ордада апа қарындастары қалып қойып, оларға ажал қаупі төнгенде, Күлтегіннің оларды жанқиярлықпен қорғап қалғаны зор шабытпен жырланады... Түркілерде анасының шыққан тегіне айырықша мән берілген».

Иә солай. Сондықтан да «анасына қарап қызын ал, аяғына қарап асын іш» деген. 

Арғы дәуірлердегі қазақ әйелі – еркектің көзсіз бағыныштысы емес, әрдайым жауынгер азаматтың сенімді серігі, әрі ақыл қосар парсат иесі ретінде көрініс тауып отырады.

Он екі құлаш кезеңнен,

Атылып Бурыл ойнайды.

Қыз Құртқаны көтеріп,

Бурыл көкке екі ұшты.

Салмағымен Қыз Құртқа

Алып жерге бұл түсті.

Жазығы әйел демесең,

Құртқа қыз да тым күшті…

«Қобыланды батыр» жырынан алынған бұл үзіндіден біз Қыз Құртқаның ат баптаудың білгірі, айлалы да ақылды, әрі күш-қайраты мол жан екенін аңдаймыз. Осы жырдағы Көбіктінің қызы Қарлыға да мақсаты, махаббаты жолында өз бетінше батыл әрекет жасай алатын ерікті де батыр тұлға ретінде бейнеленеді. 

«Қобыланды батыр» және өзге біршама эпостық жырлардағы батыл да парасатты арулардың іс-әрекетіне қарап, орта ғасырлардағы, Алтынорда дәуіріндегі әйел затының орнын іштей бағамдауға болады. Алтынорданың бастауы болушы ұлы Шыңғыс хан құрған мемлекетте де әйел-аналардың орны ерекше еді ғой. Әкесінің орнына таққа отырған Үгедей өлген соң қағанат билігін төрт жыл бойы оның әйелі Дөргененің қолында болады. Осы тұста өмір сүрген, Сорхогтани ханым, яғни Шыңғыс қағанның кенжесі Төле қағанның жары, жетім қалған төрт ұлын, болашақ әлем әміршілері Мөңке, Құбылай, Құлағу, Арықбұғыларды тәрбиелеп өсіріп, өз дәуірінде «әлемдегі ең ақылды әйел» атанған екен. Күйік хан өмірден өткенде тағына ие болып, қағанатты төрт жыл басқарған Оғулқаймыш ханымдардың тарихы-ақ Ұлы ұлыстағы әйелдердің орны мен биік беделінің айғағы болады.

Қазақ хандығының құрылып дәуірлеуі мен бытыраңқылыққа ұшырап, Патшалық Ресей мен Цинь империясының боданы болғанға дейінгі аралықта да қазақ қыздарының ел өміріндегі биік орны анық көрінеді. Осы кезеңде қазақ халқының рулық құрамы айқындалып, толықтай қалыптасты. Мұндағы рулық-тайпалық бірлестіктер мен кіші рулардың атауында әйел есімдерінің болуы немесе рудың ұранына айналуы – қазақ аналарының қоғамдағы рөлі мен оларға деген сый-құрметтің жоғары болғандығының белгісі. Абақ, Қызай, Домалақ ана, Мұрын, Айбике, Нұрбике, Тасбике, Енең, Қарқабат т.б. мысалдар көп.

Қазақ даласындағы билер институты өз күшінде тұрған заманда ақыл-парасатымен мойындалған ару-аналар екі адам немесе топ, тіпті руаралық деңгейдегі небір күрделі істердің шешімін сәтті тауып, ел ішіндегі, ағайын-арасындағы бірлік пен берекенің сақталуына игі ықпал еткені туралы мысалдар қаншама? Дәуірден жеткен аңыздарда жары Жиренше шешенді хан сынағынан құтқаратын Қарашаш сұлу, сұңғыла ақылымен қайын атасына сүйеу бола білген Төле би келіні Данагүлдер – қазақ әйелінің биік парасатының нышаны.

Бодандық дәуірде қазақ әйелдерінің құқығы да төмен болды

ХІХ ғасырдың өн бойында қазақтар Ресей мен Цинь патшалықтарының құрамына толық өтіп, елдегі басқару тәртібі бұдан былай Шыңғыс ханның «Ұлы жасасынан» Тәуке ханның «Жеті жарғысына» дейінгі заңнамалармен емес, бағындырушы биліктің заңдарымен жүргізілетін болды. Осы кезеңде қазақ даласындағы құқықтық, шаруашылық жүргізу негіздері туралы зерттеу жүргізген генерал-лейтенант әрі этнограф Александр Гейнс «Қырғыз (қазақ) очерктері» атты еңбегінде қазақ әйелдерінің рөлі жөнінде былай деп қорытынды жасайды: «Қазақ әйелі тек отбасының толықтай иесі ғана емес, сонымен бірге қоғамның да тең құқылы мүшесі ретінде үлкен рөлге ие. Жиналыстарда, әсіресе қоғамдық қажеттіліктерге қатысты мәселелерге келгенде қазақ әйелдері ерлермен тең дауыс береді. Кейде тіпті әйелдердің пікірі ерлерге қарағанда біршама артықшылықтарға ие болады».

Бұдан кейінгі кезеңде, яғни ХІХ ғасырдың екінші жартысы, ХХ ғасырдың басында қазақ әйелдерінің қоғамдағы рөлі біршама төмендей түскені, осыған орай әйел теңдігі мәселесі жаңа сатыға көтерілді. Бұл өзекті мәселе Абайдан бастап ХХ ғасыр басындағы барша дерлік қалам ұстаған зиялылар шығармашылығына арқау болды.

Бай қартайса, малына берер шылбыр,

Мал өмірді жаңғыртпас, құдай ұрғыр.

Біреудің қызын алып малға сатып,

Баяғыны іздеген қандай құрғыр? – 

деп Абай қазақ қызын кәрі адамға малға сататын оспадарлықты қатаң сынға алады. Мал беріп қалыңын төлеген әлдекімге ұзатылып кете баратын қыз баланың бишара халіне Арқаның ардагері Ақан сері де ғашықтық жолында өз басына түскен қасіретпен үндестіре, былай деп аужардайды:

Қорқамын шымылдықтың құруынан,

Бір жаман қолын сұғып тұруынан.

Дүниеде қыздан сорлы жан бар ма екен,

Айрылып кете барар руынан…

«Біржан мен Сараның арасында айтыс болған» немесе «Бұл айтыс Әріп Тәңірбергеновтің төл туындысы» деген таласқа екі ғасырдан бері тұздық болып келе жатқан әйгілі жырдың түйіні де әйел теңдігі мәселесі арқылы шешіледі. Ағаларына өзін Жиенқұлға еріксіз ұзатқаны үшін, әрі күйеуінің Біржаның шақырғанына келе алмағанынан болып айтыста ұтылыс тапқан Сара сонда былай дейді: 

Өздерің Жиенқұлды көріп едің,

Құдайдан қорықпай шыдап беріп едің.

Отырған «Найман шалдың» аруағына,

Бәріңе қыз да болсам серік едім.

Қалай десек те, сол кезден жеткен дерек рас болса, әйгілі Маман бай ұрпақтары Сара қызға бас бостандық алып береді. 

ХХ ғасыр басында әйел теңдігі – қоғамдағы өткір мәселелердің бірі болды

Тек Ресей патшалығында ғана емес, дүние жүзінде ХХ ғасырдың басында ұлы өзгерістерге апаратын дүмпулер, төңкерістер болып жатты. Әйел затының теңдігі мәселесі күн өткен сайын өткір қойылды. Бұл әсіресе баспасөзде, әдеби көркем туындыларда кеңінен көрініс тапты.

Әйел теңдігінің ХХ ғасыр басында ең «күйіп тұрған» маңызды мәселе болғанына сол Маман бай ұрпағы Есенқұл қажы жариялаған жүлдеге жолданған туындылар мысал бола алады. «Қазақ» газетінің 1914 жылғы №52 санында Есенқұл қажы мынадай хабарлама жариялатады: «1913 жылдың декабрь жұлдызында, бір жұманың ішінде бірі 5 жасар, бірі 2 жасар Әнуарбек пен Ниязбек есімді екі балам дүниеден қайтты. 

Мен сол сүйікті балаларымның көзіндей көрерлік бір кітаптың шығуын тілеймін. Соның үшін осы жылғы ноябрь басына дейін таза қазақ тілінде және таза қазақ тұрмысынан роман жазушылардың бәйгесіне 2000 сом ақша тігемін. Жазушылар бірнеше кісі болса, олардың жазғандарын өзім белгілеген 3-4 кісілік бір комиссияның сынына беремін. Бәйге сол комиссия жақсы деп ұнатқан роман иесіне беріледі.»

Міне осыдан кейін белгіленген мерзімде комиссияға келіп түскен қазақ қаламгерлерінің туындылары: М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлуы» мен Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелігі» романдары, сондай-ақ осыдан бір жыл бұрын Қазанда жарық көрген Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романы да әйел теңдігін көтерген туындылар еді.

Әйел теңдігін көтерген – тек ерлер ғана емес, қазақ әйелдерінің өздері еді. ХХ ғасыр басында алғашқы қазақ басылымдары туып қалыптаса бастады. Солардың бірі – 1911-15 жылдары «Уфа» қаласынан шығарылып тұрған «Айқап» еді. Бұл журнал – қазақ баспасөзі тарихындағы тұңғыш басылым. «Айқаптың» бетінде қазақ әдебиетінде есімі қалған ақын қыздардың өлең-жырлары жарияланып отырды. Әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдардың нақтылап көрсетуінше, алғаш рет өлеңі басылған қазақтың ақын қызы – Сақыпжамал Тілеубайқызы. «Айқаптың» белсенді тілшілерінің бірі болған Сақыпжамал Тілеубайқызының «Қыз батасы», «Айналып қара, жұрт ағасы сендер де» атты өлеңдеріне әйел теңдігі, жас қызды малға сату жайы арқау болды.

Ақын «Қыз батасы» атты өлеңінде қазақ қоғамының қызды малға сататын өрескел салтын сынайды:

Қыз алатын алпыстағы қызыл көз,

Қой мұныңды мұнан былай күдер үз.

Жетер енді солдырдың көп алманы.

Көз алартпақ ынсап етер келді кез.

Кедейлерім, сен де келші ынсапқа,

Алмаңызды қуарттырмай тың сақта.

Жарлы болсаң, міндеткер ме қыздарың,

Ұстап бердің қанша зарлап тұрсақ та.

Ақын қыз малға сататын сұмдықты сынай отырып, адам баласының өздеріне жасар жақсылығынан да үміттенеді:

Шапағатың тисін біздей сорлы кемдерге,

Бізде адам ғой мал сияқты көрмеңіз.

Лайық па екен әйел сатып жемдерге.

Құдіретің бар, қалай айтсаң теңерге.

Бұл дәуірде әйел теңдігі – Ресейдің алыс түкпіріндегі бодан ұлт қазақтардың ғана емес, алты құрлықты мекендеген өзге де көптеген халықтардың дәстүр-салтында әбден қордаланған мәселе еді.

Күн көрініп, бізге тұман ашылсын,

Білімсіздер білімдіге бас ұрсын.

Қалай жүрек жалмауыздар аузы ашық,

Таупиық беріп, ағарып көңілің басылсын.

Патша билігі құлғананнан кейін, 1917 жылы 15 сәуірде Уақытша үкімет басшысы А.Керенскийдің қаулысымен әйелдердің сайлау құқығын бекітілген болатын. Ал Большевиктік Ресейдің 1918 жылы қабылданған Конституциясында ерлер мен әйелдердің заңдық тұрғыда тең құқылы екендігі айқындалды.

ХХ ғасырда әйел теңдігі мәселесіне ашына үн қатып, осы тұрғыда қаламын қару етіп еңбектенген қаламгер Міржақып Дулатов болды. «Ақ жол» газетінің 1921 жылғы 19 қаңтарындағы санында ол былай деп жазады: «Қазақ әйелдері мал есебінде көрінуінде шәк жоқ. Мәселен, қызды қазақ бала демейді. Біреудің үш қызы, бір ұлы болса, пәленшенің баласы нешеу деп сұраған кісіге «біреу» деп жауап береді. Үш қызды айтпайды. Біреудің он қызы болып, бір ұлы да болмаса: «Пәленшенің баласы жоқ, қу бас» дейді. Он қыз – бала емес.

Біреудің қатыны босанса: «Не туды?» - деп сұрайды. Сонда білгісі келетіні: «Бала ма екен, мал ма екен?» Қыз тапқан болса, «қырық жеті» деген жауап алады.»

Осылай ескі дәуірдегі керітартпа әдеттерді қатаң сынай отырып, Міржақып Дулатов кеңес дәуірінде қазақ пен қырғыздың қыз-келіншектерін осылармен күресуге шақырады: «Қазақ-қырғыз әйелі! Мұнан былай біреу мал берген екен, ата-анам ренжиді екен деп, сүймеген адамға барудан тоқтал! Қызғылықты өміріңді қайғы-қасіретке айырбастама! Азаттығыңа өзің талпынсаң, сені ешкім енді зорлай алмайды, бұрынғыдай қара күш жеңе алмайды. Сенің енді қорғаушың бар. Қорғаушың – һүкімет. «Риза емеспін» деген бір ауыз сөзді айтуға жарасаң болғаны, сүйгеніңе барасың, өзің үндемесең, өзің күңдікке құмар болсаң, өз обалың өзіңе. Бірақ күңдікке, құлдыққа ешкім құмар болмаса керек. Үндемесең – надандығыңнан, жамандығыңнан, жасықтығыңнан үндемейсің.

Көзі ашық, оқымысты әйелдер! Қараңғы надан, малға сатылып жүрген бейшара апа-сіңлілеріңді қорғау, көзін ашу, ояту – өзгелерден де артығырақ сендерге міндет!»

Бір айта кетерлігі – әйелдердің сайлау құқығына ие болуының өзі әлем бойынша мұнда ғана екен. 1893-жылы алғаш Жаңа Зеландия әйелдері сайлауға қатысуға мүмкіндік алған болса, мұсылман елдері арасында 1918 жылы бұл құқыққа Әзербайжан әйелдері ие болған екен. Ал 2005 жылы Кувейт, 2006 жылы Біріккен Араб Әмірліктері, 2015 жылы Сауд Арабиясы әйелдерге сайлау құқығын беріпті.

Қазақ қоғамындағы мұндай мүмкіндікті әйелдер бірден толық пайдалана қойған жоқ. Алаш қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов әйел теңдігі, әйелдердің сайлау, сайлану құқығы мәселесін көтеріп, «Қазақ» газетінің 1917 жылғы №229 санында «Сайлау хұқы» деген мақаласын жазады. Бұл мақалада Ахмет Байтұрсынұлы әйелдерге ерлермен бірдей тең құқық беру керектігін алға тартады, Думаға да осы мәселені қояды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстарының бұл идеясы кейіннен «Алаш» партиясының платформасынан да көрініс тапты. 1917 жылдың 25 сәуірі мен 7 мамыры аралығында Орынборда өткен жалпықазақ съезінде «Алаш» партиясы қазақ әйелдерінің теңдігі туралы мәселені көтере отырып, мына пункттер бойынша қаулы қабылдайды:

1. Әйелдер мен ерлердің саяси құқығы тең болу керек.

2. Әйел өзінің күйеуге шығу мәселесін өзі шешеді.

3. Қалың малды жою.

4. Қыздарға 16 жасқа дейін, ер адамдарға 18 жасқа дейін үйленуге тыйым салу.

5. Үйлену үшін күйеу жігіттің ғана емес, қалыңдықтың да келісімі қажет.

6. Жесір әйел кімге күйеуге шығарын өзі шешеді.

7. Екі әйел алу тек бірінші әйелдің келісімімен ғана орындалады.

Кейіннен бұл аталған жағдайлар қазақ қоғамында толығымен орындалатын деңгейге қол жеткізілді. Мұның өзі де бірден қолға келген жоқ, әрине.

Жұмысқа әсіреқызыл әуес болып,

Өмірге қалып жүрме, қор боп наза.

Оқымай үлгі көрмей қалсаң жаста,

Сол үшін бой түзейсің, ойдан басқа, - 

деп ХХ ғасыр басындағы көрнекті педагог ақын Сәбит Дөнентаев жырлағанындай осы кезеңде қазақ даласында әйелдердің теңдікке ұмтылуы кеңінен өріс алып, үлкен алға басушылықтар болды. Мүмкін, кейде артық қыламын деп, тыртық қылған тұстар да болған шығар. Себебі әйел заты – нәзік жаралған ғой. 

Қазан төңкерісінен азаттық дәуірге дейін

Қазан төңкерісі әйел затының өміріне үлкен мүмкіндіктер сыйлады десек артық айтылмаған болар еді. Коммунистер ер мен әйел тең құқылы деп жариялап, әйелдердің оқып білім алуына, жұмыс, қызмет істеуіне, ғылыммен, спортпен шұғылдануына үлкен мүмкіндіктер жасады. Қазақ әйелдері арасынан Орта Азияда тұңғыш рет ғалымдар туып шықты. Әр салада еңбек еткен қаншама қазақ қыздары еселі еңбегімен, қажыр-қайратымен өз ісінен нәтиже шығарып, есімі әлемге әйгілі тұлғалар болып қалыптасты.

Дегенмен осы кезеңдерде ерлермен құқығы тең екен деп ересен күш-қайратты қажет ететін кейбір мамандықтар мен кәсіптерге әйелдерді насихатпен, науқаншылықпен жегіп жіберген жағдайлар да жоқ емес қой.

«Салтанатты өмір шеруіндегі қыздар мен аналар қатары қары мол қыстан кейінгі дала гүлдеріндей көз сүйсіндіреді. Еңбек пен ерліктің, азаматтық пен адамгершіліктің үлгісіндей олар — халқымыздың мақтанышы. Олар Атыраудың асау толқынымен алысқан балықшылар, алып комбайн штурвалында алтын астық мұхитын кешіп, дән тауларын қолдан жасау үшін бейнет кешкен механизаторлар, ерте көктемнің ызғарлы таңында сызды жерді жылы саусағымен сипап дән сепкен егіншілер, әр үйдің ерке сәбиін өз перзентіндей мәпелеп, күш-қайратын олардың тағдырына жұмсаудан жалықпаған бала бақша тәрбиешілері мен мұғалімдер, сәбидің саулығы үшін, үй ішінің жылылығы мен жайбарақат сәттерін құрбан етіп жүрген дәрігерлер, көпшіліктің мүддесі үшін сары ала таңнан тұратын аспаздар, өз тағдыры мен өнер тағдырын ұштастырған әдебиет пен өнер иелері, даланың ыстық-суық шақтарында ел дәулетін өсірген малшылар, Отанымыздың болашақ азаматтарын өрбіткен аналар. Иә, халық игілігін молайтып, Отан даңқын арттырған әйелдер, біздің даңқты замандастарымыз бұл күнде қазақ әйелінің даналығы мен дарынын, білімділігі мен талабын, өнері мен ерлігін кең әлемге танытуда. Олар көп. Олар әр үйде, әр ауылда, әр қалада...», - деген екен, қазақтың ақын әрі қайраткер қызы Фариза Оңғарсынова. Иә, қазақ қызы әзірге ғарышқа ұшқан жоқ. Одан өзге, жер бетіндегі мамандықтар мен кәсіптердің барлығын да игеріп, ұршықша үйіріп жүрген қазақ қыздарының қабілет-дарыны мен қажыр-қайратына қалай сүйсінбесің!

Мұның өзі арғы дәуірден кейінгі ғасырларға, одан бүгінгіге жалғасқан, халқымыздың ер мен әйел затын қоғам өмірінде тең дәрежеде көретін ізгі ұстанымының көрінісі, заңды жалғасы. Тіміскі көздердің сұғына айналып ашық-шашық киіну мен қаптай қап қара киініп тұмшалану да қазақтың зиятты да ұятты қыз-келіншектері үшін жат дүние. Әйел теңдігі, құқығы дегенді қазақ қызы мұндай бағыттармен өлшеуіне болмас. 

Әйел теңдігі мәселесі және оған қол жеткізудің тарихи динамикасы, қоғамдағы қазақ ару-аналарының орны туралы айтылар ойлардың бір парасы осы болды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар