Ұлт руханиятына еңбегі сіңген қаламгер

Бөлісу:

28.07.2025 1021

Қаратөбеден түлеп ұшқан жазушы, аудармашы Жаулыбай Қосыбаевты қаратөбеліктердің көбісі біле бермеуі мүмкін. Оның да өзіндік себептері бар.

Жазушы Жаулыбаев Қосыбаев 1948 жылдың 20 тамызында өз қолымен мәшеңкеде терген 3 беттік «Менің өмірбаяным» атты жазбасын: «Мен 1895 жылдың 15 (28) маусымында Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында орташа мал шаруасының отбасында дүниеге келдім» бастайды. 

«Өз өмірбаянымды жазуға кірісе отырып, мен менің тәрбием мен білім алуыма көп көңіл бөлген, менің өмірімде үлкен маңызы бар адам атам туралы айтпай кетуіме болмайды.

Менің атам Қосыбай Үйсімбаев 5 жасына дейін байларда батрақ болып, өз өмірінде көп нәрсені көрген түйген, өзінің қабілеті мен ерік-жігерінің арқасында өз өмірін құрастырған өте қуатты және ақылды адам болған. 

Ол сөзге шешен болған, бұл қасиеті сол кездегі қазақ қоғамында ерекше бағаланған, қазақ тарихи аңыз-әңгімелерінің және өзге де фольклор жанры туындыларының білгірі болған, сондай-ақ қазақ руларының хронологиясының энциклопедиясы іспеттес еді. 

Ол Батыс Қазақстандағы 1869 жылғы қазақтар көтерілісінің бастаушысы батыр Есет Торғаевтың көмекшісі және ат ұстаушысы ретінде осы көтеріліске белсенді қатысқан, ал ол өз кезегінде көтерілістің әскери көсемі Сейіл Түркебаевпен бірге әрекет ете отырып,  көтерілістің әскери жетекшісі ретінде болды. 

Өкінішке орай, тарихта Есет туралы мәліметтер кездеспейді. Көтерілісті басқаннан кейін Орал облысының әскери губернаторы Веревкин 84 жастағы Есет Торғаевты қамауға алады, Торғаев Орал әскери түрмесінде дүние салады. Менің атам өзінің жетекшілері Есет Торғаев және Сейіл Түркебаевпен бірге қамауға алынады, алайда генерал Веревкин оның кішкентай бойы мен түріне қарап, түрмеден босатқан. 

Атамның мені мектепке берген кездегі сөздері әлі есімде: «Жаңа уақытта сол уақыттың білімін, орыс тілін білу керек». 

1907 жылы Қарасу Шалқар 2 сыныптық училищесіне түстім, бірақ мені біліміме қарамастан қайтадан ІІІ сыныпқа жазды. Бұл мектепті (оқу ұзақтығы 6 жыл) мен 4 жыл оқып, 1911 жылы аяқтадым. 

Сол 1911 жыл менің есімде өте жақсы сақталыпты. Ең алдымен, ол жылы егіс шықпады, патша билігі аштықтағы халыққа азық-түлік несиесін беруге мәжбүр болды. Екіншіден, училищедегі оқу өте қымбат еді. 10-11 адамнан тұратын әкемнің шаруашылығында 1911 жылы келесілер болды: 2 түйе, 7-10 ірі мүйізді қара, қозы-лағымен 40-50 қой, құлындарымен 10-12 жылқы. Жер өңдеумен айналыспады. Сиыр 15-20 рубль, жақсы семіз жылқы 25-30 рубль тұрды. Демек мені бір жыл училищеде оқыту үшін 10 жақсы жылқыны сату керек болды, бұл әкемнің шаруашылығын жоюмен тең еді.

Екі жыл – 1915/16 және 1916/17 жылдары қазіргі Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының аумағындағы Ишантөбе бастауыш училищесінде оқытушы қызметін атқардым. 

1917 жылы өз еркіммен оқытушылық міндеттерімді аяқтап, осы жылдың күзінде Ілбішін уездік ревокомының халықтық білім бөліміне іс жүргізуші ретінде орналастым. 

1918 жылы уездік ревком уездік земдік басқарма болып қайта құрылғаннан кейін осы жерде іс жүргізуші, кейін хатшының көмекшісі ретінде жұмысымды жалғастырдым. 

1919 жылдың қаңтар айының басында Қызыл әскердің Орал қаласына жақындауына байланысты уездік земдік басқарма Алаш орда үкіметінің батыс бөлімімен бірге облыстың оңтүстігіне Қызылқоға ауылына эвакуацияға дайындалды, Қызылқоғаға басқармамен бірге барғым келмегендіктен мен өз бетімше өз ауылыма қайттым. Алайда басқарма эвакуацияланбады. Өз бетіммен кеткеніме байланысты жұмыстан босатылдым. Төрт айдан кейін мен қайтадан жұмысқа орналасуға сұрана бастадым, нәтижесінде Қаратөбе ауылында учаскелік земдік милицияның бастығының бір реттік базар алымдарын жинау бойынша көмекшісі ретінде орналастым. Мұнда Қызыл әскердің келуіне байланысты земдік биліктің өзінен өзі жойылған 1919 жылдың қыркүйегіне дейін жұмыс істедім. 

1920 жылдың 8 ақпанында Кеңес үкіметі орнады. Мен Орал губерниясы Жымпиты уезі Қаратөбе аудандық милициясының басқармасына жұмысқа қабылдандым. 

1920 жылдың маусым айында ІІІ кеңес милициясының аудандық басқармасы бастығының хатшысы лауазымына (уездік басқармадағы 2 ай жұмыстан кейін), одан кейін IV аудандық милиция басқармасының бастығы, бір жылдан кейін бастығы болып тағайындалдым.

1922 жылдың 3 маусымында науқастануыма байланысты жұмыстан босатылдым, 1923 жылдың соңына дейін ауылда тұрдым. 1924 жылдың басында Орал қаласына көшіп келдім, Орал губерниялық атқарушылық комитетінің Іс басқарушысы ретінде жұмысқа орналастым. Мұнда 1930 жылдың қыркүйегіне дейін істерді басқарушы, нұсқаушы лауазымдарын атқардым, округ жойылғаннан кейін аймақтық атқару комитетінің жауапты хатшысының міндетін атқарушы болдым. 

1930 жылдық қыркүйегінен бастап 1932 жылдың мамырына дейін Тайпақ ауданының жоспарлаушы экономисті және төраға орынбасары болдым. Осы жылдың мамыр айында жаңадан құрылған Батыс Қазақстан облысының атқарушы комитетіне істерді басқарушы болып тағайындалдым. Мұнда 1934 жылдың қараша айына дейін жұмыс істеп, одан кейін Алматыға көшіп, ҚазКСР Кеңестік халықтық комитетінің істер басқармасына әлеуметтік мәдени сұрақтар бойынша кеңесші болып жұмысқа орналастым. Мұнда 1940 жылдың 15 тамызына дейін жұмыс істедім. Одан кейін ҚазКСР Кеңестік халық комитеті жанында қазақ әліпбиін енгізу бойынша үкіметтік комиссияның ғылыми хатшысы болып жұмыс істедім. 

Бұл комиссия жойылғаннан кейін 1941 жылдың 25 желтоқсанында ҚазКСР Жоғарғы кеңесі Президиумының аппаратына Президиум төрағасының референті лауазымына ауыстырылдым. 

1945 жылдың ақпан айының басында ҚазКСР Кеңестік халық комитетінің аппаратына хатшылық меңгерушісінің көмекшісі және мәдениет және өнер тобының бастығы лауазымына, бір жылдан кейін Кеңестік халық комитеті Төрағасы Нұртас Оңдасыновтың ұсынысымен ҚазКСР Министрлер кеңесінің төрағасының консультант-көмекшісі лауазымына орналастым» деп жазады өмірбаянында. 

«Қаратөбе ауданының тарихи-танымдық анықтамалығы» кітабында Жаулыбай Қосыбаевтың есімін екі жерден кездестіруге болады. Бірі – «аудан құрылғанға дейінгі Қаратөбе өңірінің оқыған зиялы азаматтары» бөлігі болса, енді бірі – «жазушылар» бөлігінде есімі ғана аталады. Есімінің өзі бір жерде Жауынбай болып аталса, енді бір жерде Жауылбай болып жазылған. 

Белгілі қаламгер, өлкетанушы Қайыржан Хасанов «Әнші Мұхит» кітабында: «Қаратөбелік жазушы Жаулыбай Қосыбаев 1955 жылы «Мұхит» деген повесін жазды. Кітап етіп шығарды. Әнші Мұхит Мерәліұлының 150 жылдық мерейтойында осы кітапта әншіні суреттеген жолдар бойынша Мұхиттың суреті тұңғыш рет салынды. Мүсінші Ю.Баймұқашев мүсінін жасады. Ескерткіш құйды. Мұхит ауылындағы паркте тұр...» деп жазылған.

Бүгінде сал Мұхит ескерткіші БҚО Қаратөбе ауданы Саралжын ауылдық округі орталығындағы Қарақамыс ауылында орын тепкен.

Жазушы Жаулыбай Қосыбаевтың «Әнші Мұхит» атты кітабы қолымызға Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергеннің қолдауымен тигендігін айта кеткен жөн. Жалпы оқырман қауымның бұл кітаппен толыққанды «KAZNEB» қазақстандық ұлттық электронды кітапханасынан оқып танысуға мүмкіндігі туып отыр.

Белгілі музыка зерттеушісі Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» кітабында жазушы Ж.Қосыбаевтың еңбектерінен мәлімет келтіреді.

Айта кету керек, А.Жұбановтың кітабы Ж.Қосыбаевтың кітабынан кейін жарық көрген. 

Жоғарыдағы Жаулыбай Қосыбаевтың өмірбаянына сүйенсек, оның Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын оқу орнының түлегі екендігіне көз жеткіземіз. 

«Әнші Мұхит» кітабындағы автормен әңгімелесуші жолдас жігітінің есімі – Ахметжан. Кітаптағы деректерге сүйене отырып, оны біз Орынборда семинарияда оқыған жерлесі Ахметжан Актюшев деп шамалаймыз. Оған өлкетанушы Тілек Сағынов ұсынған деректер бар біздің қолымызда.

«Қудалауға ұшырап жүрген жылдары Ұлт ұстазы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы жазушы, аудармашы Жаулыбай Қосыбаевтың көмегіне жүгінеді. Атам Ахаңның еңбектерін аударуға көмектеседі» дейді бізбен әңгімесінде жазушының немересі Есетжан Қосыбаев. 

Бұл шамамен Ахаңның Алматыға келген 1936 жылдардың кезі болса керек-ті. 

Жазушы Жаулыбай Қосыбаевтың аударма саласына қосқан үлесі де зор. Атап айтар болсақ, Максим Горькийдің «Балалық шақ» романын, Вадим Короленконың «Соқыр музыкант», Михаил Шолоховтың «Солдат достығы», араб ертегілерін т.б. шығармаларды аударған. 

Соның ішінде М.Шолоховтың «Даурия» кітабын Ж.Қосыбаев аударған. Жуырда қайтыс болған Сейіт Қасқабасов «Разрешаю в печать – Гимн Казахской ССР, М.Төлебаев» деген рұқсатнаманы өз көзімен көргені бар.

«Атам дүниеден озар алдында Есет батыр жөнінде өз қолымен жазған қолжазбасын баспасөзге тапсырмай кетті. Бірақ оны белгілі қаламгер Қалтай Мүхамеджанов ағамыз алып, сонымен талай рет мен іздеп сұрап, оны таба алмай кеттім, өкінемін. Калекең өмірден озды. Қолжазбаның қайда қалғаны белгісіз...» дейді немересі Есетжан Мұратұлы.

Ұрпағының айтуынша, танымал жазушы Берқайыр Аманшин жазушы Жаулыбай Қосыбаевқа жиен болып келеді екен. 

Айта кетерлігі, Жаулыбай Қосыбаевтың «Әнші Мұхит» кітабы мен жазушы Берқайыр Аманшиннің «Көкжар» кітабындағы кездесетін жекелеген эпизодтардан ұқсастық байқалады. Бұл да қос қаламгердің бір-біріне етене жақын, туыс екендігін көрсетсе керек.

Сонымен қатар бұл сөзімізге студенттік шақтарында қаратөбелік Жүсіп Матжановтың Алматыда жүргенде екі әулетке де барып тұрғаны дәлел.

Мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері, жазушы Әбіш Кекілбаев бірде Үкімет үйінен ҚР Мәдениет, спорт және туризм министрі болған Есетжан Қосыбаевті көрген сәттерінің бірінде: «Есетжан, сенің атаң жазушы Жаулыбай Қосыбаев – қазақ интеллегенциясының көрнекті өкілі» дегені ұрпағының жадында жатталып қалған.

Ж.Қосыбаев 1940 жылы Ұлы Абайдың 100 жылдық мерейтойы жұмыстарын ұйымдастырудың басы-қасында жүрген. Оған жазушы Гүлсім Оразалының «Нұртас Оңдасынов» атты кітабында келтірілген хаттамалар дәлел.

Жазушының атасы Қосыбай Үйсімбаев Сейіл Түркебайұлы бастаған көтеріліске қатысқанын өмірбаяннан аңғарамыз.

Жазушының ұлы Қосыбаев Мұрат Жаулыбайұлы (1925-1990) – елімізге танымал режиссер. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында, Қарағанды облыстық драма театрында бас режиссер қызметін атқарды. 

Ал келіні Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Тамара Қосыбаева өзінің естелігінде: «Біз Бәйтен Омаров, Тұрар Дүйсебаев, Мұрат Қосыбаев, Айдархан Ибрагимов сынды жастар театр актері және режиссура мамандығы бойынша білім алдық. Осы жігіттердің ішінде Мұрат Қосыбаев режисссерлік дарынымен, тағылым-танымымен ерекше көзге түсті. Ол режиссурамен қатар актерлік шеберліктен де тыңғылықты білім алды. Ол менің өмірлік жарым, сырлас-серіктес әріптесім де бола білді. Екеуміз бас қостық. Екі қыз, бір ұлды өмірге әкелдік. Тәрбиеледік. Тұңғышымыз Маржан әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің биология факультетін бітірген. Биология ғылымдарының докторы еді. Өкініштісі, өмірден ерте кетті. Құдайға шүкір, Арман, Жәнібек, Азамат пен қызы Айнұры – немерелерім бар. Екінші қызымыз – Жанетта. Жоғары білімді, бүгінде өзі де әже болып отыр. Қазақтың дарынды жазушысы Сейітжан Омаровтың үлкен ұлы Керей екеуі Данияр, Санжар атты ұлдарын тәрбиелеп өсірді. Кенжеміз – Есет еліміздің мәдениетін басқарды, білімді, зиялы азамат болып өсті. Қазір жеке кәсіппен айналысады» дейді. 

Бізге мәліметтер мен құжаттарды, фотоларды жолдаған Жаулыбай Қосыбаевтың немересі – мемлекет және қоғам қайраткері Есетжан Қосыбаев.

Жазушы, аудармашы Жаулыбай Қосыбаевтың әдеби мұрасын жинақтау мақсатында қазақтың көрнекті қаламгерлері Төлен Әбдік пен Бексұлтан Нұржекеевтен де сұрау салдық. Өкіншке орай қос қаламгер де Ж.Қосыбаевты бұрын-соңды көрмеген, білмеген болып шықты. Алайда жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің «Әнші Мұхит» деген жұқалтақ келген сары кітапты оқығаным бар» дегені көңілімізге жылылық ұялатты.

Жаулыбай Қосыбаевтың әдеби мұрасын зерттеу жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Ертай БИМҰХАНОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

ҚР Ақпарат саласының үздігі, Орал қаласы

Бөлісу:

Көп оқылғандар