Жемаль Сүрея: Махаббат пен өлең – «заңды» нәрсе бола алмайды...
Бөлісу:
Жемаль Сүрея – Түркияның Республика дәуірі әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі. Ол өлеңдерімен ғана емес, сонымен бірге эссе, сын, мақала, аударма және журнал басып шығару ісімен де ХХ ғасыр әдебиетінің бағытын айқындаған қайраткер. Әдебиетке өзі «балам» деп атаған «Папирус» журналы арқылы жаңа тыныс беріп, кейінгі буындағы ақындар мен жазушыларға жол ашты. Сүреяның (негізінен бастапқыда Сүрейя түрінде болған)тегіндегі атақты «Й» әрпінің хикаясы әдеби қауымды әлі күнге дейін қызықтырады. Көпшілік оның бұл әріптен айырылуын қаламгер Сезай Қаракочпен қыз үшін бәстескенімен байланыстырады. Алайда шындық басқа. Сол кездері өзінің есте сақтау қабілетіне сенген ақын телефон нөмірлерін жазбайтын, сақтамайтын әдетке ие болған екен. Бір күні дос-жаранымен телефон нөміріне байланысты бәстесіп, жеңіліп қалады да, аты-жөнінен бір әріпті түсіріп тастауға мәжбүр болады. Бұл нөмір ақынның өз жүрегінде «Үверджинка» деп атаған арудың нөмірі еді. «Үверджинка» сөзі гүверджин «көгершін» сөзінен алынған. 1956 жылы жазған «Алма» атты өлеңінде ол бұл жайтты ашық жариялап: «Атымнан бір әріпті алып тастаймын» дейді. Осылайша әдебиет тарихына Жемаль Сүрея болып енді.

Әдебиетшілер, қаламгерлер арасында ақынның қолтаңбасы да аңызға айналған. Салах Бирсел оны «мелон шляпаға» ұқсатса, Метин Алтыок «фетр шляпа» деп суреттеген. Сунай Ақынның айтуынша, қолтаңбаның соңындағы ілмек төмен қарай түсірілсе, ақынның өз бейнесі пайда болады: мұрны – шляпа секілді, астында шылым тартқан еріндері... Өзіне тән осы ерекшеліктер Сүреяның есіміндегі «Жемаль» сөзінің – «жүз сұлулығы, жамал» деген мағынасын да толықтыра түседі. Бүгінде ол Стамбұлдағы Құлақсыз зиратында мәңгілік тыныстап жатыр.
1953 жылы оның алғашқы өлеңі «Ақшыл ән» (Sarkısı Beyaz) «Мүлкие» журналында жарияланғанымен, кейін ешбір жинағына енгізілмеді. Дегенмен дәл осы туынды жас ақынның өзгеше үні бар екенін айқын көрсетіп берген. 1950 жылдары түрік әдебиетінде пайда болған «Екінші Жаңашылдар» ағымының ең талас тудырған өкілдерінің бірі де Жемаль Сүрея болды. Ол өлеңдегі «мағынасыздық» бағытын ешқашан қолдаған жоқ, қайта дәстүрдің тірі қазыналарын заманауи тұрғыда жаңғыртты. Сүрея поэзиясында махаббат пен эротизм айқын сезіледі, бірақ ол ешқашан қоғамдық құндылықтардан алшақтамады. Өлең «заңнан тыс, заңға қайшы жерден басталады» деген сенім оны тосын образдарға, жарқылдаған метафораларға жетеледі.
Ақынның әдебиеттегі атағын асырған шығармаларының қатарында «Үверджинка», «Гүл», «Толқын», «Үшбұрыштар», «Сұлулық жыры», «Темекіні теңізге тастадым», «Өзен бойы толған әйелдер» секілді өлеңдер бар. 1958 жылы жарық көрген «Үверджинка» жинағы бүгінде Сүреяның ең үздік еңбектерінің бірі саналады. Ол тек поэзияда ғана емес, сондай-ақ эссе, сын, балалар әдебиеті, күнделік, аударма және басқа да жанрларға қалам тартты.
Жемаль Сүрея – сөздерімен, ғашықтық хикаяларымен, әдебиет айналасындағы айтыс-тартыстарымен дауға ұшыраса да, өмірінің соңына дейін шынайы қалпын сақтаған адам. Оның поэзиясы мен өмір жолы түрік әдебиетінің ерекше болмысын қалыптастырды... Алдарыңызға ақынның көзі тірісінде берген ерекше, «біртүрлі» ойларға толы сұхбатын қазақ тілінде ұсынып отырмыз.
– Жемаль Сүреямен әңгімелесу – оңай іс емес. Қай жерден кірісу керек? Он жылдан астам уақыт кіріп-шығып, әңгімелесіп, шай ішіп, пікір алмасып, жазысып жүрген осы газет баспасы мекемесінде дүниенің ең ұяң, ең тұйық бір бейнесіндей көрінетін адамнан «Кедейміз, түндеріміз тым қысқа», «Өліп-талып сүйісу керек» деген өлеңдерінің мәнісін қалай сұрауға болады?
Егер проза жайлы, өлең жайлы, ақындар жайлы айтқан ой-тұжырымдарынан бастасам, оның жауабы онсыз да белгілі ғой. «Бұл жөнінде онсыз да көп жаздым. Қазір оны айтсам, тек өз-өзімді қайталаған боламын», - демей ме?
Сондықтан ең дұрысы – бәрін ең басынан бастау деп шештім. Сосын ол әңгімені әрі қарай өзі-ақ алып кетті.
– 1931 жылы Ерзинжанда дүниеге келген. Алты жасына дейін «балалықтың дәмін» татты Жемал Сүрея. – «Бүгінгі естеліктерде Ерзинжаннан қалғаны – үлкен бақшаның ішіндегі үлкен үй ғана... Бар болғаны сол. Содан соң кейде анамның көзілдірік тағатыны есіме түседі... (Әкесі – саудамен, анасы – үй шаруасымен айналысқан, ауқатты, патриархалдық тәртіптегі отбасында туды).
– Басқа ше? Балалықтың алғашқы естеліктерінен бөлек басқа бірдеңе есіңізде қалмаған ба? «Бәрі осы ғана» болуы мүмкін емес қой…
– Басқа… Біздің үйдің қарсы бетінде үлкен тағы бір үй бар еді. Ол үйде Перихан деген қыз тұратын... Сол себепті қарындасыма Перихан деген атты өзім қойдым. Иә, мен қойдым. Өйткені отбасында жалғыз ұл бала едім. Ханзада сияқты едім, ата-анам алақанына салып өсірді. Отбасындағы барлық сәбилердің аттарын мен қоятынмын. Периханнан бастадық, кейін бұл үрдіс дәстүрге айналды. Ал көрші Перихан ше? Әрине, өте сұлу болса керек. Қарындасым да соған ұқсасын деп тілеген секілдімін...
ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ САПАР
-Содан Жемаль Сүрея бір күні Ерзинжаннан шыққан пойыздың жүк вагонынан тапты өзін. Анасы, әкесі және екі кішкентай қарындасымен бірге Биледжикке қарай жол алған сайын, балалығы да алыстай берді, отбасының ынтымағы да, қуанышы да қол бұлғап артта қала берген… «Сірә, ғасырлық сапарға аттанғандай едім» дейді кейін Жемаль Сүрея. Бірақ оны кейін айтады. Әзірше ерте...
– 1938 жыл. Дерсим көтерілісінен кейінгі кезең. Әулетім Ерзинжанды тастап, Биледжикке қоныс аударуға мәжбүр болды. Биледжикке келдік, алты айдан кейін анам дүниеден өтті. Төртінші баласын босанған кезде. Жыламадым, өксіген де жоқпын, бірақ қасіреті ішіме шөккендей болды...Балаларға әжем бас-көз болды. Ал Жемаль Сүрея Бейоғлудағы номер 37 - бастауыш мектептен білім алуы үшін Ыстамбұлдағы көкелерінің қолына жіберілді... Кенеттен кедейлік жайлаған кез. Әкем шопыр болды. Айта кетейін, Түркияда ең жас шағында Сансариян ханына (түрме, қамақ) түскен жазушы – менмін. Ол кезде 9-10 жаста едім. Әкем Ыстамбұлға келген. Бірақ оған Биледжиктен шығуға тыйым салынған-ды. Бір түнде ұсталды. Алдымен қамауға алынып, сосын қайта Биледжикке айдалдық...
Әкем алты жыл үйленбей жүрді. Ақыры үйленуге мәжбүр болды. Әже қартайып, қуаттан түсіп, бізге қарай алмайтын жасқа жеткен еді. Ыстамбұлға хат жазып, қыз сұратты. Ағайындары Рефика ханымды ұсынды. Әкем: «Ол тым толық, кір жуа алмайды. Есманы алсам ше…?» деді. Шамасы көзі соған түскен болса керек. Ағайындардан: «Ол сіздерге лайық емес» деген жауап келді. Сонда да бір күні Есма жеңгені үйге әкелді. Есма алғашқы күні кір жуды, екінші күні әкеммен ұрысты, үшінші күні үйге толығымен қоныстанды. Мен үнемі әкем үйленсе екен дейтінмін. Үйде бір әйел жүрсін, біз оны «ана» деп атайық деп армандайтынмын. Бірақ мұны әкеме айта алмайтынмын. Әкеме ештеңе айта алмайтынмын, бес тиын ақша да сұрай алмайтынмын… Ақырында әкем екі рет үйленді: әуелі Есмаға, сосын Рефикаға. Есма мінезі шайпау әйел болып шықты. Қарындастарымныңбала көңілін көп жаралады. Мәселен, шаштарынан ұстап, құдыққа салбыратып қоятын оларды. Сол себепті қарындастарымның шаштары ешқашан қалыңдап өспеді...
– Ал сіз ше? Сіз не істедіңіз?
– Мен бе? Мен үйден қашу үшін жасырын түрде тегін интернат-мектепке емтихан тапсырдым. Биледжик орта мектебіне. Жасырын түрде, өйткені әкем кедей еді, бірақ оны бізге білдірткісі келмейтін. Емтиханнан табысты түрде өттім. Негізінен өмір бойы тегін интернатта тұрып оқыдым. Азапты жерден, туған үйден солайша қашып құтылдым. Бірақ қарындастарымның қасіреті әрдайым ішімде жүрді. Бір күні лицейде, Хайдарпаша гимназиясында жүрген кезімде Биледжикке барып, қарындастарымды көруге бекіндім. Түнде әзер жеттім. Үйге кіруге имендім. Қалтамда бір-ақ лира бар еді. Бір қонақүйге түнедім. Жамылғының үстіне қар жауып тұрды. Таңды күттім… Таңертең үйге барғанымда, қарындастарым терезенің теміріне жабысып, іште жылап тұр екен, ал мен сыртта жыладым. Олар мені ішке кіргізе алмады. Өйткені оларға: «Үйге ешкімді кіргізбейсіңдер, ағаларыңды да » деп қатаң тыйым салған екен... Сондай бір қысымға ұшырап өмір сүріп жүрді олар. Мен болсам, үйге кіре алмадым, кері қайттым.
Есма жындылау әйел еді. Бір наубайшымен ұрсысып, оны ұрып жіберіп, жігіт қозғала алмай жатып қалғанда, өлді деп ойлап, Биледжиктен қашып кеткен екен. Есма қашқан соң, әкем Рефиканы алды. Ол жақсы әйел болды. Қарындастарым оны анадай көріп, жақын қабылдады.
МЕКТЕП – ПАНА
-Осының бәрін Жемаль Сүрея әдеттегі жұмсақ үнмен, асықпай, әр сөзін салмақтап, ең қарапайым нәрсені айтып тұрғандай қылып баяндайды. Мен «Қалайша төздіңіз, қарсы шықпадыңыз ба?» деп дауыстай бергенде, ол жай ғана: – «Ақысыз интернатқа емтихан тапсырдым» дейді. Мен «Қайғыдан қирамадыңыз ба, жынданбадыңыз ба?» деп сұрай бергенімде: – «Азабын ішімде сақтадым» дейді. Балалық пен алғашқы жастықтағы сол алапат дауылдарды тоқтатар, теңгерер бір нәрсе болуы тиіс еді. Бар екен: ол – мектеп өмірі.
– «Бастауыш мектепке бір жыл кеш бардым, Ыстамбұлда. Бірақ көкем(әкемнің інісі) үйде бәрін үйретіп қойған еді. Мұның негізі екі ықпалы болды өміріме: біріншіден, сол қарқынмен үнемі сыныпта алдыңғы қатарда жүрдім; екіншіден, жалқау болдым. Ешқашан үй тапсырмасын орындамадым. Бірақ сол уақытты түгел кітап оқуға арнадым. Әрі әрқашан үлгілі оқушы ретінде көрсетілетінмін. Көп оқыдым. Бірақ жақсы кітаптармен сусындадым. Қолыма не түссе, соны оқитынмын. Ол ортада дін кітаптары, Хазреті Әли жайлы кітаптар басым еді, оларды да оқыдым. Балаларға арналған журналдарды да оқыдым. Бір нәрсені жүз қайтара оқи беретінмін. Қажетін де, қажетсізін де бірдей оқитынмын. Биледжик Орта мектебінде кітапхана өз қолымда болды. Қомағайланып кейде жүйесіз оқыдым...
– Ал жазу құштарлығы қайдан келді?
– Жазуға деген құштарлық бастауышта басталған. Бірақ соны енді ғана толық сезініп отырмын. Ағамның ұлымен бірге дәптер сатып алып, еш тапсырмасыз-ақ үздіксіз бірдеңелер жазғанымыз есімде. Жемаль Сүрея бастауышта сол дәптерге не жазғанын қазір еске түсіре алмайды... Бірақ жазу үстінде сезінген шаттықты ешқашан ұмытқан емес.
Жазу мен оқуды мақсұт қылған – іште қалған қасірет еді. Бұрын ауқатты әулеттің алақанына салып өсірген баласы болсам, кейін жүк таситын вагонға мініп, ғасырлық сапарға аттандым. Содан соң анадан айырылу... Негізгі өкпем де осыдан келіп шығады. Дегенмен Биледжик орта мектебінде Жемаль Сүрея бақытты болған еді...
– Қалай ғана бақытсыз болсын? Өлең жаза бастаған еді. Халық поэзиясы үлгісінде, қалыпты буын өлшемімен жазды. Мұғалімдер оны «ақын» деп көрсететін. Бірақ ол әлі өлеңнің өз дәмін толық сезінбеген шығар..?
– Иә, Өлеңді білмейтінмін. 1947 жылы орта мектепті аяқтадым. Бірақ соңғы сынып әдебиет оқулығына жаңа ақындар – Жахит Күлеби, Ахмет Мухип Дыранас, Фазыл Хүснү, Неджати Жумалы кірген еді.
– Өлеңді білмесе де, жазатын Жемаль Сүрея... Міне, алғашқы өлең дәптері: аты – «Қызыл тармақтар». Қызыл – өйткені қызыл сиямен жазған. Қызыл сия – өйткені ғашық болған қызының шашы қызыл еді... Алғашқы жолдары былай басталатын:
«Сені сүйген сәтімде
Бар әлем қызыл түске боялған көрінді,
Көгілдір дәптеріме
Қызыл шумақтар төгілді...»
Дәптер қолдан-қолға тарап жүргенде, жоғарғы сыныптағы біреу: «Сен не істеп қойдың! Мұның не?! Саған «коммунист» деп айып тағады ғой енді!» - деп ескерткенде, Жемаль Сүрея дереу «Қызыл тармақтарды» «Жасыл тармақтарға» ауыстыруға мәжбүр болған...
«Сені сүйген сәтімде
Бар әлем жасыл түске боялған көрінді,
Көгілдір дәптеріме
Жасыл шумақтар төгілді...»
Сөйтіп дәптерді қайтадан бастауға тура келді. Әрине, бұл жолы жасыл сиямен…
Лицейде ол өлеңді аруз өлшемімен жазды. Арузды жақсы меңгерген. Ескі жазуды өзі үйреніп, көне мәтіндерді оқи алатын. Диван әдебиетінің тақырыптарын да жазды.
– Ол кезде «жаңашыл» өлеңнің сезімталдығымен таныспаған кезім. Көңілдің қылын жаңашыл стильде ұйқас пен аруздан тыс, ештеңеге тәуелді болмай-ақ беруге болатынын кеш білдім. Лицейдің соңында ғана Орхан Велиді, жаңа поэзияны тани бастадым...
1950 жылы Хайдарпаша Лицейін бітірген соң, «Мүлкияға (Мемлекеттік қызметкер) барайын ба, әлде саясатқа ма?» деп ұзақ ойланды Жемаль Сүрея. Ақыры саясатты таңдады. Анкараға барды. Екеуінің бір оқу орнында екенін білгенде, қатты таңданды.
ӘДЕБИЕТКЕ ҚҰМАРЛЫҚ
– Неге Анкара?
– Бір себебі бар-тұғын оның да негізі... Ортада бір қыз бар еді. Оның Анкараға медицина саласына түскенін естіген едім. Бәлкім, көріп қалармын деп... Жоқ, бұл алғашқы емес, жүрек сырлары менде бастауыштың бірінші сыныбынан бері бар ғой. Бірақ саяси ғылымдарда оқып жүргенде қыздармен достасуға (қыз жігіт болып жүруге) мұрша болған жоқ. Күн сайын, сәт сайын ойым қыздарда, сұлулықта, поэзияда, болашақ қиялдарымда болды. Сондықтан қыздарға уақыт бөлмедім. Өлең жазудан басқа ештеңеге уақыт бөлген жоқпын... би билеуді де үйрене алмадым.
Сол жылдар – өмірімнің ең бақытты жылдары еді.
– «Ең әдемі шағым сол кез. Еркін едік. Әрі біртүрлілеу едік... Өнер ортасында шыңдалып жүрдік. Поэзия күндері өтетін. Мен өз өлеңімді ешкімге көрсетпейтінмін. Оқылғанын да ұнатпайтынмын. Французшаны өз бетімше үйрендім. Аудармалар жасайтынбыз. Қалтамыздан өлең кітаптары түспейтін... Таңертең Жебешіден шығып, қолымдағы кітапты оқи-оқи Сыһһыйеге, одан Ұлысқа, сосын Саманпазарына барып, шеңбер жасап қайта Жебешіге оралатынмын. Жүріп бара жатқанда, оқымасам, дауыстап сөйлейтінмін. Әуелде есалаң екенмін деп ойладым. Сөйтсем, олай емес екен...
– 1953 жылы алғашқы өлеңі Мүлкия журналында шыққанда Жемаль Сүреяның қуанышы қойнына сыймады. Сол – «Ақшыл әнің» алғашқы жолдары мынандай еді:
Аңшылар өмір сүріп кеткен,
жеңілген адамдар қол бұлғап өткен,
Қалалар тасжүрек болатын...
Әндері ақшыл...
Бұл өлеңімен-ақ ерекше екені байқалды. Кейін шағын бір әңгіме жазды – «Әншейін бір хикая» деп атады оны. Бірақ тез бас тартты әңгіме жазудан. Бүркеншік атпен әдеби сындар да жазды ғой сол кездегі Жемаль Сүрея...
– Сол кезеңде өміріміз тек әдебиетпен өтті. Гүлтен Ақын, Орхан Дуру, Музаффар Ердөст, Тауфик Ақдаг, Еже Айхан, Үлкер Көксал, Йылмаз Груда... Анкарадағы өнерпаздар біз ғанамыз деп ойлайтынбыз... Өлеңдеріміз «Жетітеpe», «XX ғасыр» журналдарында жарық көре бастады...
– Әдебиетпен ғұмыр кешіп жүріп, қызыл шаштыға – баяғы «қызыл тармақтардың» кейіпкеріне хат жазуды ұмытпаған шығарсыз..?
– Сол кезде сән еді, бәрі құда түсіп, атастырылып жататын. Мен бір қадам ілгері кеттім. Үйге білдіртпей, ешкімге айтпай үйленіп алдым...
– Жемаль Сүрея 1954 жылы саяси ғылымдар факультетін тәмамдап, шығыны аздау бір қала іздей бастады өмір сүру үшін... Сөйтіп Ескішехирге салық қызметкері болып тағайындалды. Жарты жылдан соң инспекторлық емтиханнан өтіп, Стамбулға көшті. Енді ол жас ақын ретінде танылған еді ол кезде... Айтыңызшы, салық қызметкері, өлең, отбасылық өмір... мұның жарасымы болды ма?
– Мен үшін өлең әрқашан бірінші орында тұрды. Мамандығымды қадірлейтінмін, уақытымды үнемдей білетінмін. Ал отбасылық өмір сәтсіз болды. Ажырастық...
– Жемаль Сүреяның алғашқы некесін артынша басқалары да жалғады ғой. Үшеу десем бе, әлде бесеу ме?
– Бес рет отбасын құрып, некелестім...
– Қойыңыз, тым көп емес пе?
– Иә, өте көп. Бес көп, тіпті екеуі де көп! Адам бір-ақ рет үйленуі керек. Бірақ неке сәтсіз шықса...
– Сәтсіз? Оған сәттіліктің не қатысы бар? Қойыңызшы...
– Неке деген – қарым-қатынасты мекемеге тасу ғой. Ал Түркияда бұл мекеме дұрыс жұмыс жасамайды. Бір адам досыңыз болып жүргенде, арадағы қарым-қатынас таза да табиғи болмақ. Үйленгеннен кейін, тіпті үйленетіндей болғанда да, мінез-құлық өзгереді: қоғамдағы еркектердің жиынтық образы еркекке, әйелдердің қылығы әйелге өтеді. Яғни үйленгеннен соң адамдар әлеуметтік тұрмыстың қамытын кию арқылы қоғамның қарапайым бір рөлін сомдай бастайды...
– Бұған дейін бұл мәселе жайлы талай сөз айтылған, бірақ мынадай дәл тұжырымға сирек ұшырасасың. Аттап өтпей, атап айтуға тұрарлық.
– Бұл қоғамнан берілетін қылық. Адам өз жарына өтірік айтуға мәжбүр болады. Егер алғашқы кезеңнен сүрінбей өтсе, одан бауырластық, достық сияқты басқа құндылықтар пайда болуы мүмкін... Әр жолы соңына дейін барсын деп үйленесің. Менің некелерімнің бәрі де ғашықтықтан туған. Үнемі сүйіп қосылғанмын...
– «Сәтсіздік» сөзінен кейін некеге жаңа анықтама қосылды: неке және ғашықтық...
– Меніңше, неке – ғашықтықты, яғни махаббатты өлтіреді... Өз тәжірибем бойынша айтайын: ғашықтық «заңды» нәрсе бола алмайды. Ол да өлең сияқты... Заңдастырылса, өледі. Ғашықтық та, өлең де «ымыраға» түскенде өледі. Жалпы өнердің табиғаты сондай... Ертегілер де қойшы жігіт ханшайымға үйленген сәтте аяқталмай ма?
– Ал махаббат ше? Некесіз. Заңсыз, ымырасыз...?
– Махаббат – әйел мен ердің... жоқ, жоқ... екі адамның бірін-бірі немесе адамның бір адамды тынымсыз қалауында. Және бұл – сүйілу қажеттілігімен астасқанда ғана толық болады.
– Бастапқы түзетуіңіз назар аудартты.
– Жоқ, мен ғашықтықты, махаббатты міндетті түрде екі жыныстың арасында деп қабылдамаймын. Қоғам солай көреді, бірақ мен емес.
– Егер сіз Жемаль Сүреяның өлеңдерін оқыған болсаңыз, ондағы еркін, кейде жасырын, кейде ашық сезілетін эротизмнен қашып құтыла алмайсыз дегім келіп отыр осы тұста...
– Өмірімде де, жазғандарымда да нәпсілік сезім, эротизм басым. Бұл мен қалағаннан емес. Ол өзінен өзі солай туады. Адамзат тарихында мыңдаған жылдар бойы екі басты күш болған: аштық пен ғашықтық. Ғашықтық та, құмарлық та шеттен алынған тақырып емес... Және кездейсоқтықтар бар. Білесіз бе, «Эммануэлла» фильмі Түркияда көрсетілсін деген шешімнің қабылдануында менің де үлесім болды. Ішкі істер министрлігі тыйым салғанда, іс Жоғарғы әкімшілік сотқа келіп түсті. Мен сонда сарапшы болдым. Мен болмасам, ол фильм ешқашан көрсетілмес еді... Кездейсоқтықтар... Әрине, мен – соларға бейім адаммын.
– Кездейсоқтықтарға ашық көзқарас танытатын адамның ұялшақ болмауы керек қой?
– Ұяңдық... Иә, жеке өмірімде бар. Кей жерлерде ұяңмын, кей жерлерде тіпті батыл саналамын. Міне, өлеңім – менің ең батыл тұсым...
– Енді өлеңге қайта оралып, өнімділік жайына тоқталсақ?
– Жоқ, мен өнімді ақын емеспін... Өнімсіздігім – «өлеңді» көп жазбағанымнан емес, көп нәрсе жазбағанымнан. Көп қырлы тәрбиелендім, бірақ неге роман жазбадым? Тағы да айтам, өнімді емеспін: адам он мың бет өлең жаза алмайды. Жазса, әшкереленеді. Көп жазғандарда бұл бірден білініп тұрады... Дегенмен көбірек жазғым келетін... Және бір нәрсе айтайын.Өмірімде ешқашан абсолютті табыс үшін жазған емеспін. Басқаға ұнау үшін айналысқан емеспін өлеңмен. Өлеңдерім басқаларға ұнасын деп ешқашан тыраштанған емеспін... Қоршаған орта мені қалай көретіні маңызды емес. Өйткені онсыз да оны ешкім анық біле алмайды ғой…
БАҚЫТ
–Жемаль Сүрейя бүгін елу екі жаста. Өзін әрдайым елу екі жастағыдай сезінеді. Басқа жасында да дәл солай. Елу екі жылдық ғұмырында кей сәттерде түпсіз қайғыға батқан болса да, бәрібір өзін бақытты адам санайды. Университеттен кейінгі жылдарының қысқаша баяны: он жыл қаржы инспекторы, сосын отставка. Алты жыл Бабыалиде...
– Бір шытырман өміргеаяқ басайын дедім, қаламыммен күн көрейін деп шешкен едім сол кездерде. Журналдарда, газеттер қызмет ете бастадым. Папирюстың 47 санын шығардым... 12 наурызда баспасөз тоқтағанда аш қалдым, қайтадан бұрынғы қызметке оралдым. Төрт жыл тексеру алқасында болдым. Бір жарым жыл Монета сарайының директоры. Тағы төрт жарым жыл қаржы инспекторы. Өткен жылы зейнетке шықтым.
Өлеңдер, сүйіспеншіліктер, қайғылар, қорқыныштар, үрейлі сәттер – бәрі де мидай қайнап араласты.
– 1957 жыл еді. Жемаль Сүреяның әкесі жол апатында қаза тапты.
– Әкемнің миын қағазға орап, қабірге қойды... Басы жаншылып кеткендіктен... Бұл сұмдықты ешқашан ұмытпаймын...
– Осындай қайғы-қасіретке берілмеу үшін өмірдегі өз жолын тапты ғой Жемаль Сүрея?
– Мұндайда бір бұрышқа отырып, ештеңе ойламай ішіме түйіліп аламын. Кейін өзімді жұбатам: үш жылдан, бес жылдан соң бұл да естелікке айналады. Мен қайғыға, қуаныштан да төзімдірек сияқтымын… Менде бір сенім бар... бақытқа сену сияқты бір сенім... Егер маған біреу келіп «қатерлі ісікке шалдықтың» десе де, бәрібір бір күні жазылып кететіндей көремін өзімді…
– Қайғы мен қуаныш төңірегінде сөз жалғасады
– Менің өмірімдегі басты сезімнің не екенін білесіз бе? Қателіктің түзетілген кезіндегі сезім… Кинода сондай сәттерді көрсем жылаймын. Мәселен, жігіт пен қыз кездеседі, арада бір түсінбеушілік болады. Содан айырылысады, ақыры қателік екенін көріп, екеуі бір-біріне ұмтылады, бір-біріне қарай жүгіреді... Міне, мен сондай сахналарды көрсем, жылаймын. Қателік түзелген сәтте жылаймын. Әр қарым-қатынаста, айналамдағы барлық байланыста қателіктің жойылуы – мен үшін ең маңыздысы болды... Махаббатта да, достықта да… Достықтар… Бақыттың ішінде олардың да орны үлкен. Талай рет көңілім қалған, бірақ әрқашан біреуге, біреулерге сүйендім, сендім. Мүмкін, көп нәрсе күтпеген шығармын… Достықта, сүйіспеншілікте, әр қарым-қатынаста менің іздейтінім, қалай түсіндірсем екен… «мәрттік» дер едім, бірақ ол сөз де ойымды аша алмай, жеткіліксіз болып тұр… Жарайды, мәрттік дейікші. Яғни өзгелер үшін өзіңді тәуекелге тіге білу… Бұл жерде мен «құрбандық» туралы айтып тұрған жоқпын. Құрбандық – әдемі нәрсе емес меніңше. Өйткені өмірде құрбандық қажет болатын орта, жағдай болмауы, туындамауы керек қой...
– Жемаль Сүрея бірде өлеңінде былай деген еді ғой:
«Мен барлық мұңды өзімде сынап көрдім,
Бір-бірден сынадым барлық сөздерді».
(«Арыстан мүсіндері» өлеңінен).
Бұл жолдар қазір қайдан ғана қылаң берді ойымда? Бәлкім, сұхбатымыздың соңына таяп қалғандықтан шығар. Мен бұл жолдарды санамнан ысырып тастамақ болғанымда, ол:
– «Өмірімді басқа бір өмірмен айырбастағым келмейтініне қарағанда, демек, мен бақытсыз емеспін...» - деді...
Сұхбат 1983 жылы жарық көрген «Санат» (Өнер) журналынан тәржімаланды
Бөлісу: