Соңғы жылдары күн сайын таңертең ояна сала ақпарат тасқынының астында қалатын болдық: Фейсбук,TikTok, Instagram... онда не жоқ дейсіз... Әлеуметтік желілер уақыт ұрлап қана қоймай, жалпы жұртшылықты арзан қызық, жеңіл ойға да жетелеп бара жатқандай, бара-бара баяғыдай жата-жастанып кітап оқуға да уақыт қалмай барады. Осыдан келіп өзі аз тиражбен шығып, насихаты да бола бермейтіндіктен соңғы кезде шығып жатқан көркем туындылар еленбей қалып жатыр. Өйткені 2 минуттық рилс, видео, тез ұмытылатын ақпарат шамадан тыс тез өтеді де, ал кітап баяу процесс, оны оқу керек, сіңіру керек.
Әсіресе, жас авторлар қандай эксперимент жасап жатыр, не шықты, қай дүниесі оқуға тұрарлық немесе әлі шикі, бұны білген қызық. Бұл орайда «Әдебиет порталының» міндеті шыққан дүниені мақтау емес (бұл жерді мадақтау алаңына айналдырмау керек) болмаса жақсы ия жаман деп сызып тастау емес, ерекшелігін аңдау, мәтінге үңіле отырып байқағанды контекстпен көрсету, осылай оқырманға таныстыру.
Кейде біз идея таңдауы мен ойлары жайында білу үшін автордан сұхбат аламыз. Кейде рецензия жазуымыз мүмкін, бірақ, ол міндетті түрде әділ, нақты және мысалға негізделген болуы тиіс. Егер рецензияда авторды «керемет» десе, неге керемет екенін қисынды дәлелдеп, «түсініксіз» десе, қандай жері түсініксіз екенін, қай жолдарда автордың мақсаты ашылмай қалғанын көрсете алса, демек, ол дұрыс рецензия болмақ. Ал бүгінгіміз рецензия емес, шолу мақала. Демек, авторды «тамашалау» немесе сынау мақсатында емес, осы кітап арқылы автор ойды қалай жеткізеді, бұл идея қоғамға не әдебиетке не қосады деген бағытта болмақ.
«Біз, біз жылаудың сансыз себебін білеміз»
Мехриддин Өтегеновтің «Мен торғаймын» деген кітабы. «Samga press» баспаханасынан былтыр шыққан. Автордың кітабы да, өлеңдері де басқашалау екен. Мұқабасындағы сурет қолдан салғандай әсер береді, парағы сарғыш, әріп қарпі ескіше, баяғыда қолданған майда әріптер.
Кітаптың орта тұсынан асқанда «Қара мысық», «Тырысу», «Сұлулыққа қызмет» деп кете беретін 2-3 жолдан тұратын өлеңдер парақтың ең астыңғы жағына берілген де, үстіңгі жағы тұтасымен ашық қалған. Эстеттік талғамы бар ақын ба дедік. Егер осы бөлімнің алдына баяғы бір замандардың қауырсын қаламы мен балауыз шамының суретін қойса, тіпті қатып кетер еді, өйткені, бұл ақынның өлеңдерінде уақыт емес, атмосфераның өзі бар. 2-3 жолдан тұратын өлең дедік, бұндай үлгі бар не жоқ деп оған тоқталып жатпайық (бұның дистишье, терцет деген өз атаулары да бар), кім қалай қабылдаса өз еркі, біз үшін осынау тақ тармақтар сәтті ой оралымдары болып көрінеді. Бізге ой жақын. Мысалы:
«Біз, біз жылаудың сансыз себебін білеміз, сіз, сіз жыламаудың тым болмаса бір себебін айтыңызшы».
Бұл жерде үн қатқан халықтың даусы екенін ұғамыз. Жылаудың себебі көп, бірақ, оның өксігін басатын, жұбататын жалғыз себеп табылмайды. Осы себептен де сұрақ қарсы жаққа бағытталғанымен, жауапсыз қалуға тиісті көрінеді. Сол паузаның жауап болмаудың өзі өте ауыр. «Біз» бен «сіздің» екі рет қайталануы да бекер емес.
«Қолына ұстап қала берді анасы, түтін сіңген жейдесін».
Бұл енді естелікті иіс арқылы беру. Жейде адамнан қалған соңғы белгі есебінде. Автор егер проза жазса, біраз жетістікке жетер еді деп ойладым.
«Мәңгілік ел туралы ойтолғау жаза алмаған ол қаламын тістей берді, тістей берді, қаламы мүжіле берді, мүжіле берді».
Бұнда адамның ішкі арпалысы тұр. Адам қаламды бекер тістелемейді, ол – жазылмаған сөздің айғағы. Ойдың тоқтап, қолдың босқа әрекет етуі өзін айыпты санаудың да көрінісі бола алады.
«Көлеңкелердің соңғы нәтижесі – түнек».
Қарапайым бір сөйлем ғой, бірақ... көлеңке алғашқыда ешкімге зиянсыз бейкүнә сияқты, бірақ ол ұлғая келе жарықты түгел жұтып қоя алады. Кішкене күңгірт сезімнің түбі қараңғы.
«Бірнеше адам, он тоғыз мың көлеңке».
Сан мен бейненің қайшылығы. Шынайы адамдар санаулы, көлеңке көп. Ал көлеңке ешкім емес, адамның өзіндік бейнесіз нобайы ғана. Өзіндік үні, пікірі жоқ жерде адам тек көлеңке есебінде қалады.
«Көп ішінде қуанады бір адам, жалғыздығын тұтқындап».
Адамның қуанышы бар, бірақ ол шын еркін емес. Көптің ішінде бола тұра бәрібір жалғыз қалу, елмен бірге қуанғандай болғанымен ішкі түрменің тұтқынынан босамау... кім қалай түсінеді?
«Соғыс ойыны тізгіні әрдайым ажал періштесінде».
Сырттай қарағанда соғыс шынымен ойын сияқты, бірақ шын мәнінде ойынды басқарушы – өлім. Мұнда соғыстың мәні айыпталып тұр. Бұл ойын әрдайым қайғыға әкеледі.
«Еріндер көзге, көздер ерінге айналады».
Бейнелі тіркес. Шынына келгенде ерін сөздің, көз шындықтың белгісі ғой, бірақ, кейде олардың рөлі өзгереді, олардың орын алмасуы өтірік пен шындықтың шатасқанын білдіреді.
Көріп отырсыз, әр сөйлем қысқа, бірақ салмағы ауыр. Әрқайсысы бір бүтін ойға жетелейді, бірақ түбінде жауапты оқырманның өзіне қалдырады.

Зұлматтың қақпасы
Өлеңдерінде автор үшін тазалық асқақ, махаббат жұмбақ, достықты биікке көтереді, «Мүмін досқа» деген өлеңі, «Үзілмеу» деген өлеңде де досынан ештеңе аямайтыны көрінеді.
Одан бөлек, «Көзіңдегі жасыңды сүрте алмағам,
Күйдіріп алам ба деп саусағымды» («Түймедақ жұлынған сәт») деген жолдар бөлек әсер етеді. Айтпақшы, «Никтофилия», «Фрустрация», «Реинкарнация» деген әлемдік терминдермен танысасыз, өлеңдерінің аты сондай, оның мағынасын біліп алмай өлеңді қалай оқисыз?
Ақынды танытқан «Мен торғаймын» өлеңі, «Әдебиет порталында» Мехриддин поэзиясы жайында Ұмтыл Зарыққанның мақаласы шықты, сондықтан біз басқа өлеңі жайында айтайық.
«Сүйектен болған қақпа» деген өлеңі тұтас қарағанда халықтың тарихи азабы мен ұжымдық жадының көрінісі. Қақпа алдындағы іздер, аналардың жаулығы, боздақтардың бейнесі ешқашан жоғалмайтын таңбалар. Ақын өлеңге қосқан қақпаның әр тасы, әр сүйегі халықтың қорлығынан, құлдардың сүйегінен тұрғызылған. Қап-қара тот басқан құлыпты ашу үшін оған қан да құйылады, көз жасы да құйылады. Халық өз қаны мен көз жасы арқылы құлыпты жібіткісі келеді. Бірақ сол жолда жаны да қиылып жатыр. Осылайша қақпа алдында қаншама іздер жоғалады.
Сүйектен болған қақпаның көлеңкесінің өзі қараңғы, оны паналаған халықтың дірдектеп тоңатыны да түсінікті. Дегенмен сол көлеңкенің ішінде де көбелекше жарыққа ұмтылу бар. Бұл халықтың қандай қияметті бастан өткерсе де түбі өшпес еркі.
«шаңырақ астында көр қазудан қолы тимеген,
халықтың сүйегі...»
Құрбандықтың, үміт пен үмітсіздіктің араласқан сәтінде қос жанары құрғамай қойған халыққа ақын: «Не деп басу айтайын? Не жұбаныш қылайын?» деп сұрақ қояды. Ақынның сұрағы ҮЛКЕН сұрақ. Бұл сұрақтардың жауабы жоқ.
Адамға деген ең қаталдықтың шегі «Күн астындағы бояуы жоқ мекен, көк астындағы баяны жоқ мекен» – сүйектен тұрғызылған қақпа – өткен күннің ескерткіші. Ол өткенді еске салумен қатар, бүгінгі тіршіліктің жолын бөгейді.
Енді оқырман дәмін алсын деп кітаптан автордың бір өлеңін салайық.
Мехриддин Өтегенов. Мен торғаймын
Қанатын суға малған, отқа малған.
Ұясы қырық бөлініп, жатта қалған.
Сайрағаным өзімнің үнім емес,
Кешегі халық әні жаттап алған.
Жанымды аясаңшы дірдектеген,
–Дүние, – дейсің бе, – іштей кім кетпеген.
Құдайдың жаратқаны екеуміз де,
Бізге һәм қарасаңшы құрметпенен.
Үсті-үстінен қайтара қырсық ұрды
тасқа соғып сындырдым тұмсығымды,
уыстай жан иесі саған келді,
сенен өзге ұғады кім сырымды?
Шырылдап айнала ұштым төбеңізде,
Мейіріңді төкпейсің неге бізге?
Қалтыратты қаңтардың сары аязы,
Қар астына көміліп өлеміз бе?
Мен торғаймын,
Қанатын суға малған, отқа малған,
Ұясы қырық бөлінген, жатта қалған.
Сайрағаным өзімнің үнім емес,
Кешегі халық әні жаттап алған.
«Жазбағанда қайтемін осы өлеңді»
«Тығылмақ ойнамаймын» атты кітаптың авторы Дәулет Жадырасын. Кітап былтыр «Үш қиян» баспасынан шыққан. Көбіміз авторды алдымен «Кеншінің баласы» деген өлеңінен таныдық. Дәулеттің өлеңдерінде жас адамның жанының ашықтығы, сергектігі тұрады.
«Жазбағанда қайтемін осы өлеңді,
естіп тұрып дүниенің жанайқайын».
Рас, ақын жазбаса, ішіндегі ауыр ойдың салмағы жанши берер, егер шын ақын болса, дүниенің жанайқайы құлаққа жеткенде үнсіз қалу мүмкін емес. Түсінгенге өлең деген жай қалау ғана емес, аманат.
Бұл жігіт те Мехриддин сияқты әлемдік терминдерді жақсы көреді екен, «Метрофобия», «Симметрия», «split personality», «Диссоциация», «Еркіндік сублимациясы» деген өлеңдері бар. Өлеңнің атын халықаралық терминнен қою сән бе деген сұрақтың жауабын авторға қалдырайық та, осы «Еркіндік сублимациясындағын» асықпай оқисың.
Бақ деп ұққаным сорға айналған күні,
Сор деп ұққаным зорға айналған күні,
Қайсар ұлдар қайтпас жолға айдалған күні,
Тілім – тілім-тілім, қол байланған күні,
Құмар қара суға қанбай қалған күні,
Құмаршық та қолда қалмай қалған күні,
Шараналар туып шалға айналған күні,
Қара көздің жасы қанға айналған күні,
Жарық күнім ғаріп шамға айналған күні,
Шамның өзін көру зарға айналған күні,
Арман жолым ақыр жарға айналған күні,
Төңірегім тұтас торға айналған күні,
Бостандық,
Біз сенің атыңды атауға жасқандық.
Бұл өлең жоғалған, тыйым салынған бостандықтың, қиын кезеңнің шағын хаттамасы сияқты. Оқырманға өлеңнің тек бір бөлігін ұсынып отырмыз, алдымен үрей, одан кейінгі бөлігінде үміт бар. Ақын қорқыныш пен үміттің арасын және ең бастысы, бостандықтың атын атаудан тартыну арқылы бүкіл қоғамның үнсіздігі мен жарасын көрсетеді. Осылай бостандық сублимациясы арқылы ұлт өткерген азапты рухани күшке айналдырып, халықты жаңа биікке көтеруге талпынады.
Шын мәнінде соншама қасіреттен өткен біз сияқты халық еркіндікті ең жоғарғы құндылық ретінде тануы тиіс.
«Санақ» деген өлең бар Дәулетте. Екі-ақ шумақ өзі. Алғашқы шумақта өмірдің құндылығын, осы өмірді сүюге, қалуға лайық сәттерді, адамның көңілі толатын, қуантатын себептерді санайды. Бірақ оны санауға соншама көп саусақ та керек емес екен. Және саусақпен санауға болатын осы тіршілік айналып келгенде тиянақты да емес. Ал келесі шумақта өмірден кетудің себептерін санай бастағанда, ол себептер көп болып шығады, саусақ та жетпейді. Бұл енді жас ақынның өмір жайлы пәлсапасының бір түйіні.
Дәулет жас ақын, қазірдің өзінде жақсы өлеңдері бар. Кейінгісін уақыт көрсетер, несі артық, несі кем екенін оқырман өзі екшей жатар. Бір айтқымыз келетіні – жас таланттарды байқап, қолдау көрсету деген жақсы іс. Автор алғашқы кітабының бас жағында осы кітаптың шығуына қолдау білдірген Сайлаубек Есжанов деген азаматқа риза болып, алғысын білдірген екен. Несі бар, «талантты сақтауға септігіміз тисе» деген ниеті бар азаматтардың болғаны қай қоғамда да жақсы.

Дәулет Жадырасын. Мөлдірлігі таңдағы...
Мөлдірлігі таңдағы тұңғыш нұрдан,
Жауыздың да жанына жыр құштырған.
Қайдан менің аруым шығады екен,
Қара шашқа сап-сары гүл қыстырған.
Жақындады, білемін, білінеді,
Жүрегімді қытықтап жылы демі.
Суы да оны сылдырлап, Бұлақтардың,
Бақтардың да былдырлап тілі де оны,
жалықпастан айтады, шаршамастан,
құлағыма сыбырлап алшақ Аспан.
Қанша шайыр жырлады бұрын оны,
Бұрын оған жазылды қанша дастан?
Сол сәт туса бақытым еселенген,
Ақ жейдемді жолыңа төсер ем мен.
Неше жерден от шашу жарқыраса,
Бетховеннің сазы ойнап көшелерден!
Тәржімалап өңіме түс әлемін,
Меңгеремін содан соң құс өнерін.
Мұғжизамды оятып неше жылғы,
Қанатсыз-ақ қалықтап ұшар едім.
Адамзатта болмаған алабөтен,
Жанарыңа қадалып қарап өтем.
Қарашығың мөлдіреп қарағанда,
Қанша ісімнен ұялып қалады екем.
Болады екен содан соң жазам қанша,
Сен күте тұр түйсігім тазарғанша,
саған арнап бір өлең ең кіршіксіз,
ең бейкүнә жүрекпен жаза алғанша.
Құс жолында біреу жүр жоқ қараған
Алдымызда жатқан үшінші кітаптың авторы белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Әбубәкір Смайылов. «Керемет медиа» баспасынан былтыр шыққан «Құс жолында біреу жүр жоқ қараған» өлеңдер жинағы – «Өкпем жоқ өмірге өткен», «Көктейді көңіл көктем», «Ауылым – менің меккем» атты үш бөлімнен тұрады. «Бассыз салт атты» «Асауды бас білдіру», «Қазіргі қазақтың халі», «Екі басты ел», «Тазша туралы жаңа ертегі, «Тәуелсіздік коктейлі» «Орденқұмар отандасқа» деген өлеңдерді оқығанда бірден еркіндіктің рухы сезіліп, ақын ұстанымы көрінеді.

Екі басты ел сирек құбылыс, тіпті жоққа тән. Айдаһардың үш басы бар делінеді, бірақ ол да ертегіде. Ал шын өмірде елдің екі басты болуы – шынынмен трагедия. Мұнда ақын халықтың екіге жарылған қалпына күйінеді, «Үшінші бас шығып келе жатпасын» деген күдік пен қорқынышын жасырмайды. Бұлбұлдың сайрағаны әдемі болғанымен, түбінде ақиқатты күш пен сойыл басып кетеді (біздің елде). Яғни тіл туралы қаншама жиын өтеді, қаншама сөз айтылады, бірақ әдемі сөздің де, ресми ұранның да нәтижесі жоқ, өйткені бәрін шешетін шынайы күш пен билік. Мақтау мен жалаң сөз көп, бірақ, шын тірек жоқ. Автор «Мықтап ұстап ышқырды» деген ащы сарказм арқылы елдің дамуын емес, сыртқы жылтырағын ғана ойлауды айтып отыр.
Екі басты ел
Қазақ елі – ғажап ел,
Екі басты, үш тілді!
Мақтап-мақтап жаза бер,
Мықтап ұстап ышқырды.
Ұға алмайды бір-бірін
Үш түрлі әлем – үш тілің.
Сайра,
сарай бұлбұлы,
Сойылын соқ күштінің.
Құдай бізді жүр сақтап,
Екі басты ел қайда бар!?
Болмасаң да ұқсап бақ
Үш басты еді айдаһар.
Шүкір дейсің, нұр құйып
Шығыстан таң атқасын…
Үшінші бас қылтиып
Шығып келе жатпасын!!!
Немесе:
Үміт туралы жыр
Аты ауысқыш қала – бұл,
Досым айтқан қыршаңқы.
Қазақстан жаңа-дүр,
Қоспағанда бір шалды.
Қоғам –жаңа, ел –жаңа
Деп сендірмек,
бірақ та
Бітеу жара – сол жара,
Жауап жоқ көп сұраққа.
Қабағына мұз қатып,
Қаруын кім оқтаған?
Қаңтарда кім бізді атып,
Сосын…
бізді соттаған?
Жанып-өшті тағы үміт,
Бір шалдан соң бір шалдан
Көңіл қалып, қамығып
Өтіп жатыр сұм жалған.
Көзінде жас мөлтілдей,
Күтумен жүр кіл жалшы.
Үміт,
Бізді өлтірмей
Келіп-кетіп тұрсаңшы…
Ия, қаланың атын ауыстыра беру, «Жаңа Қазақстан» ұрандары, бір шалдың орнына келетін басқа шал – осының бәрі бір өзгеріс бар сияқты бетперде, бірақ мәнде ештеңе өзгермейді. «Қаңтарда кім бізді атып, сосын… бізді соттаған» жолдары ашық айыптау мен тарихи жарақатты меңзеп тұр. Бұл жара емделмеген. Өлең бір қарасаң қарапайым, бірақ кесек. Кейбір қайталаулар өлеңнің қуатын күшейтеді. Ақын осы өлеңімен жаңа мен ескі, үміт пен ауыртпалықтың арасындағы алшақтықты, өзгеріс пен тұрақсыздық арасын көрсетеді.
«Асауды бас білдіру» де жақсы өлең, тегінде сөз де, ақын да жуас бола алмайды. Оның жалына жармасып ұстап тұру еркіндікке деген ішкі серті барлардың ғана қолынан келер. Ақынның ішкі уайымын көресіз: артта шегінер жер жоқ, ал алдында арқан мен қазық бар. Еркіндікті шектеулі, тізгін бар. Сыртқы қысым да, ішкі тор да қатар келгенде не болады?
Бірақ бәрібір де сөзден танбау ұстанымындағы ақын сөздің түбінде тірі қалатынына сенеді.
Қазіргі қазақтың халі
Елегзимін, күтемін бір жаңалық
Бір жаңалық, бағасы – мың қаралық.
Асау жүрек, азат ой тұтқын сынды
Тұрақтылық ішінде тұр қамалып!
Қаңтар келді қылышын жалаңдатқан,
Көңілімді не нәрсе алаңдатқан?
Дүние де,
ішім де алай-дүлей
Армандары қазақтың арам қатқан!
Өзегім өрт, зауқым жоқ түкке мүлде
Нені аңсадым, білмедім күткенім не?
Өліараға тап болып өлшеулі күн,
Өмірзая күйінде біткенің бе?!
Қаладағы қалың ел, даладағы
Үміт үзбе, жақсы күн болады әлі.
Болады әлі халықтың қалағаны
…Қардың басын қашанда қар алады!!!
Екі қызға ортақ «Құмсағат»
Авторлар Ардақ Үсейінова мен Фариза Әбдікерімова бірігіп бір кітап шығарыпты. «Құмсағат» деп аталады. «Алқа» баспасының креатив үлгісі, мұқабасын безендіру, түс қолдану жағынан дизайны ұнады, кітап алдынан да, артына да «Құмсағат» болып ашылады.
Әуелі Ардақтың «Құмсағатын» қолға алдық, «Өң мен түс», «Аңсаған», «Бұлақ күзеткен боз жылан», «Қарғыс», «Үкім», «Сандуғаштың мұңы» атты әңгімелері бар. Оқырман қызықса басқа әңгімелерін оқи жатар, «Бұлақ күзеткен боз жылан» әңгімесі жайлы айтып өтейік. Бұнда шынайы өмір мен миф, күнделікті тіршілік пен тылсым дүниенің түйісуі бар. Автор ауыл өмірін, табиғат тынысын бейнелей отырып, адам жанының күйзелісі мен үрейін символдар арқылы жеткізген. Баяндауды баяу, табиғи ырғақпен жүргізіп, әуелі ауыл тіршілігін, Айгүлдің көңіл-күйін сипаттап, оқырманды тыныштыққа бөлеп алып, бірте-бірте күңгірт реңкті күшейте береді. Түс, үрей, жылан образы, бұның бәрі драматизмді тереңдететін тәсіл.
Халық арасындағы аңызды арқау қылған, Дәуімнің оқиғасы боз жыланның бейнесін мифтік деңгейге көтерген. Автор осылай жеке адамның психологиясы (Айгүлдің үрейі, жалғыздығы, түс пен шындықты ажырата алмауы) мен қасиетті бұлақ, оны күзететін боз жылан туралы халық аңызын қабыстырып, адам мен табиғат, адам мен кие арасындағы байланысты көрсеткісі келген. Ішкі желі, оқиға өрбуі тартымды, тек кульминациясын тағы ширықтыру керек пе дедік. Ардақтың өзге әңгімелерінен байқағанымыз – мәнді символикаға сүйеуге жақын, астарын оқырманның өзіне қалдырады.

Фаризаның «Құмсағатында» «Салкүрең», «Қыз махабаты», «Диірмен», «Алтынқазған», «Мөр», «Мінез» әңгімелері берілген. «Алтынқазған» әңгімесіндегі Құлқынбек ата-бабасынан естіген алтын жайлы әңгімеге ес-ақылымен беріліп, қазына табамын деп бар күшін салып, айнала жерді трактормен қаздырып, онымен алтын табылмай, ақыры өзі қайғыдан дертке ұшырап қайтыс болады. Бұл жерде тегін байлықтың опа бермейтіні көрсетілген. Ал, Мейірқұл көрген ақ киімді шал бейнесі халық аңызындағы киелі рух. Ол алтын бұл маңнан көшіп кеткенін айтып, адамға адал еңбектің ғана опалы болатынын ескертеді. Бірақ оны ешкім тыңдамайды. Соңында Алтынқазған халықтың думанды, мерекелі, рухани байлыққа толы ортасына айналады. Жазықта той-думан өтіп, ұрпақтар бақыт пен қуанышты сол жерден табады. Әңгіме халықтың шынайы байлығы – дәстүрі мен бірлігі, рухани құндылықтары екендігін меңзейді.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.