Фариза Оңғарсынова: "Тыңдаңдар, тірі адамдар!"
Бөлісу:
Тыңдаңдар, тірі адамдар!
Мезгілдің тас тасқыны,
Өлімнің қақпас түні.
Бізді мәңгі тастады тұншықтырып.
Кете алмаймыз орыннан ұршып тұрып.
Бұдан қанша жыл еді...
Көп-көп жыл бұрынғыдай.
Ойлап па едік өтерін ғұмыр бұлай.
Жеті қат жер түбінде,
Бір ғажап елтіп үнге...
Өмір бақтың қақпасын жаңа ашқанда.
Таңдай қағып күн, шуақ, ағаштарға.
Гүлдерге, сандуғашқа...
Балауса балғын жаста бәрі сұлу,
Бәрі таң, бәрі ғажап...
Майдан, атыс, қантөгіс, жалын, азап.
Керзі етік пен сұр шенел мәлеңдеген.
Көтерген әрең денең...
Сәби найза ұшында, досың жанып,
Мұның бәрі басталды сосын барып.
Басында басқаша еді...
Өмір, уақыт доп қылып қақса сені.
Мүжіледі тәкаппар тағы басың,
Небірден-ақ бомба боп жарыласың.
Тірі айырып сәбиді анасынан,
Жоқ ондайға кешірім, жазасы – қан.
Біз тегі көп сөйлеп барамыз ба?
Әлі майдан, әлі кек санамызда.
Қатал біздің сөзіміз, сынымыз да.
Ұрпақ қалай қарайды мұнымызға?!
Заман ғой басқа бүгін,
Бәрі киім, би мен ән, жастар, ұғым...
Бірақ, сіздер ұғасыздар ма жоқ қыздарды?!
Жоқпыз мәңгі, жоқпыз мәңгі...
Тірі адамдар, тыңдаңдар, жер үстінде.
Сендердікі бақыт та, жемісті үн де.
Қолдарыңда жұмыр жер тізгіні де..
Фариза Оңғарсынова
Бөлісу: