Олжас Қасым: "Қайтсем екен қаңғыбастау ойыңды..."

Бөлісу:

21.08.2015 3430

 


«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға  ақын, "Ақзер" жыр жинағының авторы Ақерке Асанның өлеңдеріне ақын, Халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты  Олжас Қасымның жазған пікірін ұсынамыз. 



www.adebiportal.kz






10898191_396629030500049_3008808376437685742_n.jpg








Бір тылсым сезімді күттім мен,
Айлы аспан бөлеген көлді нұр,
Самал жел сипайды бетімнен –
Тұп-тұнық әлемнің демі бұл.

Жұлдыздар – аспанда аппақ от,
Жел болып жапанда шерім жүр,
Таңнан да арайлы шапақ боп,
Келеді құбылып керім-жыр. 

Жер-ана сияқты киелі,
Жер-ана сияқты тым ауыр,
Мен Жырды жүрекпен сүйгелі,
Арманым асқардан құлап жүр...

Салқын жел...
Самала жұтып бал татқан,
Жаңбырдың жасындай мөлдір нұр!
Сағыныш, сергелдең, сартаптан
Қалжырап қартайған өңір тұр.

Бұл мекен туған жер емес-тін,
Бағытым адасқан сертінен,
Бекеті – жоғалған елестің,
Қалайша , қай жолмен келдім мен?!

Бір Тәңір біздерді сынады,
Мың сұрақ ! Кім табар айғағын ?!
Адамзат алыстап барады,
Ей, өмір, қайдасың, қайдамын?!

 


***


Ақ түнде өрiлген ақ өлең, 
Таңым да әппақ сен едiң!
Алдайтын жиi сағыммен, 
Өзiңдi iздеп келемiн...

Ақ түндер - жұлдызсыз жорамал,
қараумен жүрсiң бе жолымды?!
Йыққа төгiлер орамал, 
Аппақ боп қалды қолымда.

Өзiңдi iздеп келемiн,
Өзiмнен бiрақ алыстап.
Теңiзде жалғыз кемемiн,
Сен тұрсың жағада гүл ұстап.

Ақ түндер...
Ақ өлең жалғасқан, 
Ақ желкен көрсең - елесiм.
Жағада айналар жар - тасқа,
Келмесе қайтып кемесi... 

Сол күнi сен де жартас боп
Тұрарсың жасыма жуынып.
Ақыры адамды тас қылар - 
Ақырын үзiлген қу үмiт...

Ақ түн боп қалшы сөнбейтiн, 
Аспаннан төгiлген өлеңiм! 
Жағаға қайтып келмейтiн
Мен ендi кемемiн, кемемiн...



***

 

 

Куә боп тұр міне жұлдыздар

Бағытты белгісіз бұлдайды...

Таңдайда қалғанмен уыз-бал,

Маңдайға жазбаса болмайды.

 

Өртеніп өрліктен кетерміз,

Сезімді солдырар күз келіп...

Біз бәлкім өткінші нөсерміз,

Көктембіз сондықтан өзгелік...

 

Кездерден алыстап, нұр сіңген,

Жүремін жылдан соң жыл күтіп.

Жүректі жұқартқан дүрсілмен,

Күрсінген кештерге жыр оқып...

 

Аспанға жанымыз ұмтылған,

Бақыт па биіктен жарқылдау?!

Алыптық ұсынған алтыннан,

Бір уыс топырақ ауырлау...

 

Көлеңке қалдырып асқарлық,

Ақ қардай еріген сертіңмен,

Төзімнен аздаған бас тартып,

Көзімнен сүйіп кеттің сен...

 

 

***


"...Жерде мен ғой күн төгетін күлкімнен..."


Жұлдыз Ілебаева



Жанарынан жұлдыз тамған Түн-ару,
Жалғыз Тәңір кесім айтар күнә бұл.
Тым болмаса бір әдемі сәт үшін,
Жұлдыз сынды керек шығар жоғалу?!

Жайып тастап қара шашын Түн-ару,
Ағып түсті қара жерге мың лағыл.
Тым болмаса жалғыз тәтті сәт үшін,
Жел сияқты болмау керек тұрағың.

Қара түнде – қара өзен, қара көл...
Жасырам деп қара көзін барады Ол.
Ымырт басса арман қуған пендеге,
Мысқыл күлкі, мүсіркеген тұрады Ол.

Дәл өзімдей, сеніп кейде, сенбейсіз,
Қара түнде қауыз жарған гүлдейсіз.
Аспан жақтан естіледі үнсіздік,
Жерге жауған Жұлдыз енді не дейсіз?!




Арамыздағы танго




Жылаған скрипканың дауысы -
Жүрегім дәл солай егілді.
Тағдырдың қолында қауырсын,
Нотамен жазылған әуені.

Жалғанның жанды сахнасы,
(Онсыз да жүрміз ғой күнде ойнап).
Жылаған жүректің жалғасы –
Тангоға шақырдың бір тойда.

Жол бермей жүріп ек сәл күдікке,
Сезімнің алды жалын, арты – ызғар.
Екі жолға бөлінген мәңгілікке,
Бір билеуге біздің де қақымыз бар.

Әр қадам от үсті өртеніп,
Деміңмен еріттің ернімді.
Бұрала билеп, мың өлдік
Қолыңмен ұстап белімді.

Жүректер дүрсілі ырғақ боп,
Ал скрипка – жанымның жылауы.
Танго мен үйретті тағдырым -
Тәнменен сезімді жырлауды.

Түйіскен көздер – өкініш,
Сүйіскен кездер – өткен шақ.
Бозарып кеткен боз өңді,
Жарыңыз неткен қызғаншақ!

Тангоның есімі – сұлулық,
Суынып әуен, тоқтадық...
Сен кеттің, жарыңа бұрылып,
Мен кеттім көзімнен жас тамып.

Жалғыздық жолдасым сүйеумен,
Сол кештен қайтсам да бағытсыз.
Билемей кеткен күйеуімен –
Жарыңыз неткен бақытсыз!


***


Өліарасын жасырғанда түн мен таң,
Отырамын мұңға шомып өлеңмен...
Менің өмір сүріп жүрген планетам –
Сенің ғана көлеңкең...

Келбетіме бояп алам бақытты,
Тоңдырса да көлеңкенің ызғары.
Мені жалғыз өлтіретін уақыт бар -
Байқамасаң болғаны...

Қайтсем екен қаңғыбастау ойымды?!
Әр деміңнен күрсініс боп үзілдім.
Тағдырымның нүктесі боп қойылды -
Қолыңдағы жүзігің...

Өліарада жолығады түн мен таң.
Көретінім жарығы жоқ күн екен...
Менің өмір сүріп жүрген планетам –
Сенің ғана көлеңкең...



Шәкәрім қажының түсі 



Зеңгір көкте әпсәтте күн тұтылып,
Қара дауыл ұйтқыды, жел құтырып.
Зіл қара тас басқандай кеудесінен,
Тұра алмады орнынан, үш ұмтылып...

Жер қыртысы қақырап сөгілгендей,
Айдаһардан запыран төгілгендей.
Қу бесікті құшақтап байғұс Ана,
Әлденеге зарланып егілгендей.

Абыралы, Қайнарды мұнар басып,
Кеткендей ме күн менен түн алмасып.
Көз алдында дүние шыр айналды,
Сайтан қуып жүргендей Түлен қашып.

Айналасы жын-шайтан, долы қауым,
Кәпір біткен қағып тұр қоңырауын.
Бұрымы жоқ қыз-қырқын билеп жатыр,
Ашып тастап кіндік пен омырауын.

Қариялар төменге түсіп отыр.
Шыны күбі әжелер пісіп отыр.
Ағайыны есінен алжасқандай,
Саптаяқтан сарысу ішіп отыр.

Мешіт қалып шіркеудің қалқасында,
Шайтан отыр молданың арқасында.
Жалғыз бөрі ұлып тұр көкке қарап,
Қанден иттің қап қойған ортасында.

Екі тілді адамдар, жүрегі жоқ,
Әлденеге мәз болып күледі тек.
Әзәзілді әлпештеп қалың тобр,
Соңында жүр бірдеңе біледі деп.


*** 



Өң бе түс пе, жетпеді ұштығына,
Шыдамады тозақтың ыстығына.
Серпіп тастап шекпенін үстіндегі,
Қажы оянды аузында: - БІССІМІЛӘ!





10697152_735587016533855_4131157870168530384_o.jpg









"Қайтсем екен қаңғыбастау ойыңды..."




Сынай қалсаң сойылын ала жүгіретіндердің заманында біреу туралы пікір білдірудің өзі қиын. Бәріміз бір әдебиет деп азды-көпті еңбектеніп жүргеннен кейін белгілі дәрежеде олжалы болғың келеді. Әрине шығармашылық жағынан. Менің қолыма түскен белгісіз өлеңдердің белгісіз авторының да әдебиет әлемінен өз орнын тапқысы келетіні аңғарылады. Алайда «адамның кейбір кездерін» жырлаған өлеңдерді оқи келе қуанудың орнына қиналғанымызды несіне жасырайық.

Ақын бірінші өлеңінің алғашқы шумағында-ақ сөзден сүрінген.

«Бір тылсым сезімді күттім мен,
Айлы аспан бөлеген көлді нұр...» дейді. 
Осындағы екінші тармақтан не ұқтыңыз?! Дұрысы «Айлы аспан көлді нұрға бөлеуі керек шығар...» Жақсы өлеңнің бір сипаты ұйқас болса, жас қаламгер ол жағына да салғырт қараған.

Оған «Жер-ана сияқты киелі, 
Жер-ана сияқты тым ауыр, 
Мен Жырды жүрекпен сүйгелі, 
Арманым асқардан құлап жүр...» деген жыр жолдары дәлел.

«Киелі» мен «сүйгелі», «тым ауыр» мен «құлап жүр» сөздерін де мәжбүрлеп, амалдың жоқтығынан ұйқастыруға тырысқан.     

Бұдан кейінгі шумақтардағы «Бағытым адасқан сертінен...» деген адасқан қатарлар да шығарманың бағасын арттырып тұрған жоқ. Төрт аяғын тең басқан өлең оқуға әлі ерте...

Абай: «Өлең деген – әр сөздің ұнасымы...» дейді. «Тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімге» жолыққымыз келген! Өкінішке қарай бір бірін толықтырып, жарасым тапқан келісті ойларға кезіге алмадық.  Үшінші өлеңде де ешқандай мақсатсыз жазылған жолдар  бар екен. Назар аударып көрсек...


«Куә боп тұр міне жұлдыздар

Бағытты белгісіз бұлдайды...

Таңдайда қалғанмен уыз-бал,

Маңдайға жазбаса болмайды». Осы шумақтағы бір-бірінен ажырап қалған ойларды қалай үйлестіреріңді білмей дал боласың! Орнымен қолданылмаған сөздер реті санаңды сан саққа жүгіртіп, мезі етеді. 

Ақынның көңілін қозғап, жүрегін тербейтін тақырыптың бірі – түн! Ол түнмен сырласады, түнге мұң шағады. Лирикалық кейіпкері арқылы образ жасамаққа бел буады. Қара түнде қаламына ерік берген жас талап осы мезгілді қыз кейпінде сөйлетуге талпынған.


Өлең былай басталады.


«Жанарынан жұлдыз тамған Түн-ару,
Жалғыз Тәңір кесім айтар күнә бұл. 
Тым болмаса бір әдемі сәт үшін, 
Жұлдыз сынды керек шығар жоғалу?!». 

Әдемі сәттің рахатын сезіну үшін жұлдыз сынды жоғалудың қажеті жоқ. Түнгі аспан жұлдызымен көрікті. Сәруәр сәттер жұлдызбен бірге жоғалса оның несі әдемі?! Сондықтан осы өлеңді тағы бір електен өткізіп, ой безбеніне тартып көрсе деген тілек бар.   
 

 

Ал мына «Аспанға жанымыз ұмтылған,

Бақыт па биіктен жарқылдау?!

Алыптық ұсынған алтыннан,

Бір уыс топырақ ауырлау...» деген шумақта ұйқас былай тұрсын, «алыптық ұсынған алтыны» несі деп әрі сәрі күйге түсеріңіз анық. Өлеңнің өн бойынан осындай кедір бұдыр жерлерді көптеп кездестіруге болады. Ақын бұл жазбаларға тақырып қоймағандықтан мұны бір мезгілде жазылған дүниелер ретінде қабылдадық. Мазмұн жағынан, көңіл күй жағынан өте ұқсас өлеңдер.  


Белгісіз автордың  Шәкәрімге арналған шығармасын да үлкен үмітпен  қыдыра шолып шықтық.  Ақынның түсін арқау еткен туындыда мұқият қарап, қырнап жонатын жолдар аз емес.


Мәселен,  


«Жер қыртысы қақырап сөгілгендей, 
Айдаһардан запыран төгілгендей. 
Қу бесікті құшақтап байғұс Ана, 
Әлденеге зарланып егілгендей» деген шумақтағы «Айдаһардан запыран төгілгендей» деп келетін тармақ тіпті қисынға келмейді. Запыран төгілуші ме еді? Айдаһардан запыран төгілгенін қайдан көрдіңіз? Жүре берсең көре бересің деген осы шығар бәлкім?! Әйтеуір жазылу керек болған соң оңай ұйқасқа құрылып шыға келген жолдар көп.

«Қариялар төменге түсіп отыр. 
Шыны күбі әжелер пісіп отыр. 
Ағайыны есінен алжасқандай, 
Саптаяқтан сарысу ішіп отыр».

Туынды иесі дәстүрдің озығы кетіп тозығы қалды деген ойды айтпақ болған. Осылайша күбіні шыныдан жасап алады. Солай десек те бұл шумақтың жыр мерейін асырар тұсын байқай алдыңыз ба? Егер сызып тастаған жағдайда орыны ойсырап қалады деп ойламаймыз. Көлемге жұмыс істеген  Автор баба болмысын беруде діттеген мақсатына жете алмаған. 

«Теңіздің дәмі – тамшыдан».   Бір сөзбен айтқанда замандасымыз әлі де еңбектену керек. Бұл пікірім ақын шығармашылығына берілген толымды баға емес. Қарапайым  оқырман ретінде көзқарасымды білдірдім. Ақында өзгеше бір әлем бар. Сол әлемдегі керемет көріністер қағазға түскенде бояуын жоғалтып алатындай көрінді маған. Мен алдағы уақытта белгісіз автордың өлеңмен салынған әдемі өрнегін көргім келеді. Ақын қазір шарқ ұрып өзін өзі іздеуде жүрген сияқты. Қалыпқа сиғысы келмейтіні байқалады. «Қайтсем екен қаңғыбастау ойымды, Әр деміңнен күрсініс боп үзілдім» деп жазуынан оның мазасыз маусымдарын сезінгендей боламыз. Ежелгі грек танымында ақын өзінің қамалын  алу үшін келеді дейтін әдемі сөз бар.  Қаламгер достың өмірден өз қамалын алуына тілектеспін. Сәттілік тілеймін!


Олжас Қасым

 


Бөлісу:

Көп оқылғандар