Асылбек Жаңбырбай: «Өлеңге ақынның адалдығы керек...»

Бөлісу:

24.08.2015 3331

 


«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға  ақын Әлімжан Әлішердің  өлеңдеріне ақын Асылбек Жаңбырбайдың жазған пікірін ұсынамыз. 



www.adebiportal.kz





1925048_350724931790770_8104042072633920148_n.jpg




Кітап ұрлау операциясы

 

 

Абыздарды,

Ақындарды,

Шешенді,

Танып алдым кітаптардан әсерлі.

Кітапхана жазбалардың жүрегі,

Мешіттен соң киелі орын осы енді.

 

Сөмке-сөмке болмаса да бір-бірден,

Бала едім ғой...

Кітап ұрлап жүрдім мен.

Ізденбесем өз-өзімді табар ма ем,

Ашық сұхбат жасар ма едім бұл күнмен?

 

Оқырманға, оқу залға қарамай,

Жымқырған да дұрыс емес көп олай.

Жасақталған сарбаздары жоғалған,

Босап қалған сөрелерден обал-ай.

 

Балалық-ай шыға келген күлгін боп,

Армандадым атқарсам деп бір міндет.

Көшіргім кеп кітаптарды үйіме,

Өз үйімді кітапхана қылғым кеп.

 

Төлегеннен, Жұмекеннен  құр қалмай,

Иелендім өз-өзімді күнде арбай.

Мұқағали не дейді екен ішінен,

Абай маған қабақ түйіп тұрғандай.

 

Хафиз, Науай өзгертпеген еш өңін,

Жоғалтпаған әлі күнге әсерін.

Есенғали шақырады өзіне,

Шетте тұрып қол бұлғайды Есенин.

 

...Қызық көріп жүрдім түрлі жолменен,

Қылмысымды жасырып та келмегем.

Кітап зат боп көрінетін шығар,ә?

Адамдарға кітап ұрлап көрмеген.

 

 

 

 

 

Сүйген адам

 

 

Күні билеп, ал, түнде айы күлген,

Сүйген жанның белгілі жайы бірден.

Сүю,ойлау,сағыну не бар тағы?

Кеудесінен жүрегін жоғалтады.

Сосын оның өзгеше ойы мүлдем,

Жәндікке де қарайды ол мейіріммен.

 

Бірден сөйлеп кетеді гүл тілінде,

Мөлдірейді шық үміт кірпігінде.

Сосын діні басқаша ғашық жанның,

Ғашық жанның басқаша ұлты мүлде.

 

Бұрынғыдан әдемі өмір өңі,

Өзгеше боп кетеді төңірегі.

Шыға келер гүл болып шөптің бәрі.

Барлық маусым көктем боп көрінеді.

 

Күйде жүрер ештеңе жасырмаған,

Жанарынан байқалар расында мəн.

Кеудесі оның зертхана əлемде жоқ,

Жүрегі оның ғаламшар ашылмаған.

 

Ешбір зерттей алмайды ғылым сіздік,

Сезім оны қояды тынымысыз қып.

Жыласа егер әлемді су алады,

Мұңайса егер басталар ұлы үнсіздік.

 

Асатын жан болмайды асылы одан,

Жүрегінен керемет шашылады ән.

...Тағы сүю керек пе осы маған?!

Нағыз ақын шынында - ғашық адам!

 

 

 

Ақын қыз

 

 

Саған ғана жетуді тек көздеп ем,

Сол арманның қаламадым өшкенін.

Естелігін қалдыратын сөзбенен,

Есепке жоқ есті едім.

 

Көбелектей құмар едің гүлдерге,

Өзгертпеген атар таң мен батар күн.

Мен атаман шен атанып жүргенде,

Сен ақын қыз атандың.

 

Көңілім ғой, содан бері жаралы ол,

Көлеңкедей күйге айналды бір өктем.

Алақанмен қол соғатын саған ел

Ал, мен болсам жүрекпен...

 

Ойға батып қалатынмын кештерде,

Сезім көрдім жеңіп тұрып, жеңілген.

Содан кейін әкім емес өскенде,

"Ақын болам" дедім мен.

 

Сәл ұйқасқан ұяң қиял жолды ашты,

Сенім тауып өз-өзімнен озған күн.

Мен "шедевр" тақпағымды алғашқы,

Саған арнап жазғанмын.

 

Сол, қайтейін, жалған дерсің мұны да,

Бар ойымды жұлып алған тартып түн.

Қарағанда сенің ақындығыңа,

Сұлулығың артық-тын.

 

Белгі қалды ұмытылмас сол күннен,

Мені сүймей бір ағаттық қылдың,ә?

Сенен кейін ғашық болып қалдым мен

Өлең дейтін құрбыңа...

 

Бәрі өзгерді біз қоштастық ауылмен,

Үнсіз кеттің ештеңені аңсамай.

...Сен жарыңды сүйесің ғой жаныңмен,

Мен де өлеңді дәл солай...

 

 

 

"Бұйра басым шерленген жер бұл ауыл,

Жиырма жасым жерленген жер бұл ауыл"

Б.Алдияр

 

***

 

Әркім мұны ертегі етіп айта алар,

Сені мұнда жыртқыш емес, ой талар.

Бұл өлкеде өлең дейтін өзен бар,

Бұл өлкеде ақын дейтін тайпа бар.

 

Болмысының өзгермейтін қалыбы,

Қасиет көп ,ал,оларға тән ұлы.

Қорғанатын қағаз ғана - қалқаны,

Қалам ғана - қаруы.

 

Қалам - қару емес қой ол қахарлы,

Әсте мұнда кім келуге бата алды?

Ешкім соғыс аша алмайды бұл елге,

Бірақ, олар жаулап алмақ жақанды.

 

Симайтындай көрінсе де ақылға,

Ойлайды олар түгел ғарыш хақында.

Бір дерегі бөлінбейді ешқандай,

Күн көреді барлығы бір шатырда.

 

Ізін көрген інілік бар асылдың,

Жүзін көрген жылылық бар ғасырдың.

Сосын биік мұнда Абайдың шыңы бар,

Бұлағы бар Мағжан менен, Қасымның.

 

Досым, сенің білмейтінің көп әлі,

Жүректер көп жаралы hәм жоғары.

Адасып қап мұнда келген екенсің,

Саған енді қайту қиын болады .

 


***

 


Ғаламдағы сұлулардың бəрі сен.

Барлығымен таныспағам...таныс ем.

Сенің ғана дауысың бар əлемде

Сенің ғана иісің бар əлемде

Сенің ғана жанарың бар əлемде

Саған ғана ғашық болған бар ақын,

Саған ғана арналған бар өлең де !

Сыймайтындай көрінсе де ақылға,

Сөйлеп тұрдың ақ гүлдердің атында.

Бəрі күліп қарауыңнан басталды,

Ең алғашқы өлең жазған ақынға.

Сол күлгенің ең керемет сый жанға,

Қолды создым саған сосын мизамға.

Сені қалай атауыма болады,

Тоғжан ?

Қорлан ?

Лəйлə ?

Лаура ?

Иззольда ?

Басқа ешкімде болмаған бұл ауырлық,

Бірақ, бізге бақыт берер шағын қып.

Сонау күннен өзімізді іздедік,

Сағынуды сағындық.

Сезімде де бірдеңе бар өте сұм,

Ол өртесе бірден жанып кетесің.

Түземеші өткен күннің қатесін,

Сағыныш ол түсініксіз зат есім.

Əлем сайрап кеткендей ме құс тілде ?

Сені іздедім түрлі күйге түстім де !

Жолықтық біз тағы жаңбыр астында,

Кездестік біз тағы жүрек үстінде.

 


 

* * *



Апа-а-а,

Сіз кеткелі өзгеріп кетті бәрі,

 

Жанартаулар миымда атқылады,

Сейілмеді жанымның көк тұманы.

Жанырмнан әлдене көп құлады,

Жүрегімнен бәзбіреу соққылады.

 

Сіз кеткелі өзгеріп кетті бәрі,

Есіріппін сотқар боп,ерке болып,

Кеткендей ме күндерім келтеленіп.

Басқа адамға желінін ұстатпай тұр,

Өрісінен ақ сиыр ерте келіп.

 

Сіз кеткелі өзгеріп кетті бәрі,

Сығырайған шам сөнді ақыры әлгі,

Жанарымда ошақтың оты қалды.

Суын ішпей ақтабан итаяқтан,

Сүмірейіп үйшікте жатып алды.

 

Сіз кеткелі өзгеріп кетті бәрі,

Жүрегімді жауратты ымырт әні,

Ауа райын біздің үй құбылтады.

Сабанына салмады бұзау көзін,

Сабағына бармады інім тағы.

 

Сіз кеткелі өзгеріп кетті бәрі,

Емен сынды тағдырым өзектенді,

Өмір жайлы ұғуға кезек келді.

Жағуға да қимадым отқа салып,

Жар жағалап сіз терген тезектерді.

 

Сіз кеткелі өзгеріп кетті бәрі,

Жазылғаны осы ма пешенемде?

Тағдырымды сыйғыздым бес өлеңге.

Жалғыз өзім сенделіп қайттым тағы,

Сіз арқалап жүретін көшелерде.

 

Сіз кеткелі өзгеріп кетті бәрі,

Бақыт іздеп тірлікке кірістік қай?

Берекені бұзылмас ырыс тұтпай.

Сіз кеткелі біздің үй көңілсіздеу,

Көк дауылдан кейінгі тыныштықтай.

 

Сіз кеткелі өзгеріп кетті бәрі,

Жанартаулар миымда атқылады.

Сейілмеді жанымның көк тұманы.

Жүрегімнен бәзбіреу соққылады.

Түн ішінде шошынып "апа" деймін,

...Апа десем жылағым кеп тұрады.


744645_748323007_______.jpg

 




 

«Өлеңге ақынның адалдығы керек...»






Асылы, поэзияны бір сөзбен түсіндіру мүмкін емес. Адамның жаны қандай жұмбақ болса, ол да сондай тылсым дүние. Бұлар –Алланың сыйы, яғни  жан – аманат, ақындық – борыш. Меніңше, өлең дегенің – сөз бен саздың, сезім мен ойдың үйлесімі. Басқасын білмедім...


Біздің сынымыз шын болатын болса, авторға емес, шығармаға айтылуы тиіс. Негізі нағыз сыншы қалам иесінің өз ішінде отыруы керек. Олай болмаған жағдайда өзгенің əрекетінен ештеңе өзгермесі анық. Өлең ақылмен өлшенбейді. Сол себепті ақын қиялына шектеу қоюға хақымыз да жоқ. Жоғарыдағы өлеңдерді оқып отырып, Есенғали көкемнің ақындық туралы баяғыда бір айтқан сөзі есіме түскені. «Алғашқыда өлеңге ғашық боласың. Ол сүйікті ару қызың болып жүрегіңді жаулайды. Кейін жар қылып аласың. Сосын мойныңа шығады. Ақыр соңында қашсаң да құтыла алмайтын бәйбішеңе айналады» дегенге саяды сондағысы. Рас қой. «Поэзия махаббаттан басталады...» Сондықтан ең бірінші өлеңге ақынның адалдығы керек. Жә, енді өлеңге кезек берелік.


Бірден айта кетейін, бұл өзі жас ақын, жас жігіт. Неге екенін білмеймін, тыныс белгілерімен «жұмыс жасауы» қиындау екен. Әйтсе де өлеңнің техникасын, сыртқы формасын сөз етпеймін. Сонымен... «Кітап ұрлау операциясы» атты өлең ақынның әдебиетке деген құмарлығын әйгілеп тұр. Мұндай «мәдениетті ұрлықты» өзім де жасағандықтан, көп нәрсені еске түсірді. Мына бір шумағын оқитын болсақ:


«Төлегеннен, Жұмекеннен  құр қалмай,

Иелендім өз-өзімді күнде арбай.

Мұқағали не дейді екен ішінен,

Абай маған қабақ түйіп тұрғандай».  Екінші жолдағы «өз-өзін арбауы» сәтсіз. Тіпті, қисынсыз. Мысалы, «Иелендім жан құмарым бір қанбай» деп жазса жарасатын еді.


Ақынның әдебиетке ғашықтығы келесі өлеңінен де байқалады. Мұндағы сөз өлең өлкесі – поэзия патшалығы туралы. Түйіні былай:

«Досым, сенің білмейтінің көп әлі,

Жүректер көп жаралы hәм жоғары.

Адасып қап мұнда келген екенсің,

Саған енді қайту қиын болады». Тағы да екінші жолға тоқталсақ, жүректің жаралы болатынын білемін, ал жоғары болатынын естімеппін. Қарыннан жоғары, бастан төмен орналасқаны болмаса. «Жоғары» сөзін ұйқас үшін қолданса, «Ақындар бар әулиеден жоғары» десе бір жөн.


Иә, «Ақындар бар әулиеден жоғары» демекші, үшінші өлең – «Ақын қыз». Бұл да әдебиетті сүю жайлы. Мәселен:

«Алақанмен қол соғатын саған ел,

Ал, мен болсам жүрекпен...» – дейді. Мұнда Тыныштықбекті аздап қайталау бар. «Жүзіңді көрген сайын, жүректі алақан ғып қол соғамын» дегеніне ұқсап тұр. Жалпы алғанда, ақын ұқсастығымен емес, ерекшелігімен қызық болса жақсы. «Ең қиыны – шедевр жасау емес, өз өміріңді шедеврге айналдыру» деп айтқан екен Асқар Сүлейменов.


Енді ақынның қызға деген махаббат лирикасына назар аударсақ. «Сүйген адамдағы»:

« Сосын діні басқаша ғашық жанның,

Ғашық жанның басқаша ұлты мүлде» – деген қос жолды «сосынсыз» «Діні мүлде басқаша...» деп жазса да болар еді.


Аты жоқ келесі өлең «Сүйген адамның» жалғасы іспетті. Сонда:


«Басқа ешкімде болмаған бұл ауырлық,

Бірақ, бізге бақыт берер шағын қып» – дейді. Осындағы «ауырлық» – артық сөз. Нені немесе кімді меңзеп тұрғаны да түсініксіз мен үшін. Оның орнына 

«хәлімді ұқ» дей салса, әлдеғайда түсінікті болар еді.


Мен талдайтын соңғы өлеңді ақын марқұм анасына арнаған екен. Мінсіз жазылған десем де болады. Бұл қайғы – маған таныс күй. Сондықтан қозғамай-ақ қояйын...


Оқырман ретінде білдірген пікірімнен кейін ақын өлеңдерін өзгеріске ұшыратар-ұшыратпас – оның өз еркінде. Болашаққа жақсы өлең қалсын деген ниет қой менікі тек. Қателікті кешіруге болады. Ең жаманы – қателікті қайталау. Көзге ұрынып тұрған жерлердің тігісін жатқызуға тырыстым. Мақтауға тұрарлық тұстары да жоқ емес. Оларға әдейі тоқтамадым. Өйткені сыпыра мақтаудан жалығатын кез жетті бізге. «Сын түзелмей, мін түзелмес» қағидасын ғана ұстандым.


Жақында интернеттен «Поэзия – шұғылданатын зат емес» дегендей бір пікір оқып қалдым. Неге шұғылданбасқа? «Ардың ісі» деп аты айтып тұрған жоқ па? Поэзия өнер емес пе? Өнер еңбек емес пе? Қанша жерден талантты болғанымызбен, шұғылданусыз даму бола ма? Ақиқаттың алдында адамдық құрып кетпеуі үшін ақын өлеңмен шұғылдануы керек. Сонда ғана жауапкершілікті сезінбек. Барды тану, жоқты табу ізденістен басталады. Ендеше, ақынға ізденіс тілеймін! 


Асылбек Жаңбырбай





 



 

                                                                                

 



Бөлісу:

Көп оқылғандар